Семіздік онкологиялық ауруларға шалдықтырады
Елімізде семіздіктің дертінің артуы – сусамыр, онкологиялық, жүрек-қан тамыр, тыныс жолы ауруларына шалдыққан адамдар санының да көбейгендігін білдіреді. Бұл жайында бүгін семіздік дертін емдеудегі xалықаралық тәжірибе тақырыбында өткен ОКҚ брифингінде медицина ғылымының докторы, профессор Орал Оспанов айтты.
«Семіздіктің барлық жерде жиі кездесуінің артуына байланысты елімізде семіздікті едəуір экономикалық ауыртпалығы бар эпидемиялық ауру ретінде сипаттауда. Бүгінде семіздік дертін аурулардың ең қауіптісі ретінде қарастырамыз. Кез келген жаста пайда болатын семіздік ағзадағы зат алмасудың созылмалы дерті ретінде қарастырылады. Май тінінің шамадан тыс жиналуы салдарынан пайда болатын осы ауру халықтың жалпы сырқаттану деңгейін арттырып, өлім-жітімнің көбеюіне себеп болып отыр. Семіздік жүрек талмасы, миға қан шабу, қан қысымының көтерілуі, холецистит, артрит, панкреатит сияқты ауруларды қоздырады. Өзге мемлекеттерде көбіне семіздіктен емдеу емес, оның алдын алу шараларына көп көңіл бөледі. Бізде осы мәселе төңірегінде түрлі жобалар ұйымдастырып, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыруымыз қажет. Бүгінде әрбір үшінші адамның бойында артық салмағы бар. Елімізде өлімнің тең жартысы дұрыс тамақтанбаудан болады. Дұрыс тамақтану шараларын кішкентай жастан бастап қадағалау керек. Қазірде елімізде оқушылар мен жастардың арасында арзан әрі тез дайындалатын фаст-фуд тағамына сұраныс жылдан жылға көбейіп барады. Ал, мұндай тағамдар баланың ағзасын улап қана қоймай, семіздік дертін тудырады. Қазір әлем елдері осы кеселмен түрліше күресуде" деді ол өз сөзінде.
Маманның айтуынша, бүгінгі таңда салмақты төмендетіп, асқазанды кішірейтетін бариатрикалық хирургия бүгінде медициналық және экономикалық тұрғыда жақсы нәтиже беруде.
«Біз хирургтер ретінде семіздікке шалдыққандардың баршасына операция жасай алмайтындығымызды түсінеміз. Алайда, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті секілді дерттері пайда болатын науқастар бар. Салмақты төмендетіп, асқазанды кішірейтетін бариатрикалық хирургия бүгінде медициналық және экономикалы тұрғыда жақсы нәтижесін беруде. Мұндай операциядан кейін науқастар өздерін әлдеқайда жақсы сезінеді», - деді О.Оспанов.