Қазақстандықтар көптеп жүгіне бастаған ағзадан қан шығару - хиджама жөнінде не білеміз
Бүгінде дертіне шипа іздеген қазақстандықтар ағзадан қан шығару - хиджама әдісіне көптеп жүгініп келеді. Оны капиллярлы немесе банка қою арқылы қан алу әдісі деп те атайды. «ҚазАқпарат» тілшісі Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында дәстүрлі емес медицинаның осы ем-дом түрімен айналысатын Қыдырбеков Алмас Шарифоллаұлымен сұхбаттасып, кеңірек мағлұмат алған еді.
Хиджама қайдан шыққан? «Негізінде қан алдыру сүннет амалға жатады. Оны емдеудің исламдық әдісі деп те атайды. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) емдік мақсатта ағзасынан жиі қан алдырып, оны үмметтеріне өсиет етіп кеткен», - дейді ол. Бұл туралы жазылған хадистер де бар екен. Олардың бірінде үш нәрседен, яғни қан алдыруда, отпен күйдіруде және бал шарапатында ем бар деп жазылған екен. Тіпті, хиджама аузы берік адамға жасалса да, оның оразасы бұзылмайтын көрінеді. Керісінше, ашқұрсақ кезінде жасалған бұл ем-домнан кейін адамның миы жақсы жұмыс істеп, есте сақтау, жаттап алу қабілеттері жақсарады (Ибн Мәжә). «Хиджама» сөзі жалпы араб тілінен аударғанда «сору» дегенді білдіреді. Оны жасайтын адам «хиджам» деп аталады.
Бертін келе денеге жабысқан түрлі сырқатты ата-бабаларымыз да қан шығару әдісімен емдеген екен. «Осы өңірде тұратын, бүгінде жастары 70-75-ті шамалаған ақсақалдар өздері бала кезінде көрген қан шығару әдісімен емдеу жөнінде айтып берді. Сырқат адам ауыл ақсақалына баратын, ол бас мүжіп отырған бәкісін отқа қақтап-қақтап шекесінен шертіп жіберіп, қан шығара берген. Емдеудің бұл әдісін қазақта - шертпе, ал өткір пышақты қандәуір деп атаған. Негізінде денеден қан ағызу әдісімен емдеу көптеген елдің тәжірибесінде бар. Мысалға, өзбектер қанды тілдің астынан кесіп алған, қытайлар банка қойған. Бүгінгі күні капиллярлы қан шығару емін Ресей, Түркия, Қытай, тіпті АҚШ елдері кеңінен қолданып отыр, - дейді А.Қыдырбеков. Ал Қазақстанда хиджама дәстүрлі емес медицинаның ем-дом түрлерінің бірі ретінде 90-шы жылдардың аяғында пайдалана бастапты. Қазір оны үлкенді-кішілі емдеу орталықтарында, тіпті үй жағдайында да еліміздің барлық қалаларында жасайды. Хиджамамен онкологиялық ауруларды емдеуге болады екен Хиджамдар бүгінгі медицина дәрменсіз болып отырған кейбір сырқат түрлерін емдеуге батыл түрде кірісе беретін көрінеді. «Мысалға, гипертония - артық қанды алып тастамайынша жазылмайды. Бұл жерде дәстүрлі медицина әлсіз. Науқасқа дәрі беруден басқа амалы жоқ. Сондай-ақ қант диабеті ауруында қанға анализдерді тапсыра отырып, оның мөлшерін ретке келтіреміз. Алғашқы сатыдағы қатерлі ісіктердің бетін қайтара аламыз. Негізі онкологиялық сырқаттан адам өлмейді. Ол күш-жігерге байланысты. Сырқаты туралы естіген науқастар психологиялық тұрғыда жеңіледі, оны өлімге алып келетіні осы. Сонымен қатар, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды қабылдаймыз. Бірақ хиджамадан кейін олармен күніне 24 сағат бойы, жылына 12 ай қосымша жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, қаламызда ондай орталықтар жоқ. Біз баланың сырқатын жеңілдетіп қана береміз. Онымен бірге, ата-аналар бас миына мөлшерден тыс сұйықтықтың жиналуы, яғни гидроцефалия диагнозымен балаларын жиі әкеледі. Босану кезінде оттегі жетпей (гипоксия) туған шақалақтарды да 3 айлық кезінен бастап қабылдаймыз. Хиджаманың көмегімен бедеуліктен арылып, 7-8 баланы дүниеге әкелген аналарымыз да бар», - деп атап өтті хиджам.
Алмас Қыдырбеков алдына келген науқастарға диагностиканы қолмен сипап көру, көзбен қарау, анамнезін білу арқылы жасайды. Мысалға, жүрегі ауырып келген адамның тіліне, көзіне назар аударады және т.б. Оның айтуынша, хиджамада көріпкел болу міндетті емес. Бұл таза медицина. Бірақ кей жағдайда диагнозды нақтылау үшін УЗИ-ге, компьютерлік томографияға және тағы басқасына жіберіп тұрады. Ол дәстүрлі медицинамен бірлесіп жұмыс істеген дұрыс деп санайды. Оның үстіне, дәрігерлер де науқастарды хиджамдармен бірге емдеуге қарсы емес көрінеді. Сәтбаев қаласының ақ халаттылары псориаз, эпилепсия, сақина және тағы басқа созылмалы ауруы бар адамдарды Алмас Қыдырбековке жіберіп тұратын болып шықты. Онымен қоса, жандарына батқан дерттерін арқалап, өздері де емге жиі келеді екен. Қарсы көрсетілімдері: гемофилия және қан ауруларының басқа да ауыр түрлері, қан қысымы тұрақты төмен адамдар, онкологиялық сырқаттардың ІІІ, ІV сатысы. Адам денесі кәдімгі ұстараның жүзімен тілінеді Жоғарыда айтып өткеніміздей, хиджама банка қою арқылы ең ұсақ қан тамырларын кесу арқылы жасалады. Пластиктен немесе шыныдан жасалған банкалар адамның сырқатына байланысты бастың төбе, желке, маңдай тұсына, мойын қапталдарына, іш құрсағына және арқаға қойылады. Спиртпен тазартылған дене бөлігіне бір және бірнеше банка қойылады. Бұрын оның ішіндегі ауаны шығару үшін от қолданылса, қазір оттегі арнайы құрылғымен сорып алынады. Банканың астындағы тері қызарғаннан кейін (әлдебір ақауы бар тұста дене көпке дейін, не мүлдем қызармайды), оны алып тастап, кәдімгі ұстараның жүзімен ұсақ-ұсақ тіліктер жасалады. Банка қайта қойылып, ішіндегі ауасы сорылады. Сол кезде тіліктерден қан сыртқа шығып, банканың ішіне жинала бастайды. Хиджамның айтуынша, процедура тұрып қалған немесе арам қан сыртқа шығып біткенше жалғасады, ол әдетте 10-15 минутты құрайды. Кейін банкалар алынып, орны сутегі тотығымен сүртіледі.
«Қоюланып, қара түскен боялған қанның астынан ашық түсті қан көрінсе - бұл арам қанның толығымен ағып шыққанын білдіреді. Ол арам қан болғаннан кейін жоғарғы жағы қою, астыңғы жағы сұйықтанып тұрады. Ешбір гемотолог мұны сізге түсіндіріп бере алмайды. Қазақ оны «арам қан» деп тауып айтқан. Ағзаның қай жерінде ақау көбірек, сол жерінде қан ерекше қара болады», - дейді ол. Арам қан денені келесі күні де тілгізсек шығады екен. Бірақ оның мөлшері аз болады. Ал процедураны бір айдан кейін жасатса, бірінші жолғыдай болады. «Себебі үйіміз де бір ай жиналмаса ластанады ғой. Сол сияқты ағзамызға да қажетсіз қандар жиналып қалады», - деп түсіндірді маман. Хиджамдар денеге тіліктер жасау үшін пышақтар, басына инелер шаншылған кішігірім балғалар т.б. пайдаланады. Біздің сұхбаттасымыз бірреттік қолданысқа ыңғайлы болғандықтан ұстараның жүзін құп көреді екен. Ірі тамырлар кесіліп кетсе, адамның өліп кететіні рас па? Интернетте хиджаманы жасау кезінде үлкен тамырлар, соның ішінде аорта байқаусызда кесіліп кетсе науқас әп-сәтте өліп кететіндігі айтылған мақалалар мен ақпараттар бар. Бұл сұрақты хиджамның өзіне қойып көрдік. «Хиджамада капиллярлар кесіледі, тереңдігі - 1- 1,5 мм, ұзындығы 3-5 мм. Мұндай тереңдікте ешқандай ірі тамырлар, нервтар орналаспаған. Аортаның қабырғасының өзі қалың келеді. Сондықтан оны әдейілеп қана тілуге болады», - деп жауап берді ол.
Оның сөзіне сенсек, тіпті, қан шығару әдісінен кейін тілінген теріні үйде зарарсыздандырудың да, танудың да қажеті жоқ екен. «Медицинада жарақаттың адам денесіне кіру тереңдігі бойынша деңгейлері бар. Кесілген жарақаттың тереңдігі 3-5 см болса, тері ашылып тұрады. Ондай кезде зарарсыздандыру жүргізіліп, танылады», - дейді. Процедура кезінде ешбір дәрі-дәрмек, тіпті ауырсынуды басатын препараттар қолданылмайтындықтан оның адам ағзасына беретін кері әсерлері жоқ, дейді маман. «Ем-дом аяқталғаннан кейін 2-24 сағат аралығында басы айналуы мүмкін. Біреулер процедурадан кейін бірден жұмыстарына кірісіп кетеді. Ол адамның жалпы денсаулық жағдайына байланысты. Әрине, аздаған уақыт жатып демалған дұрыс. Хиджамадан кейін болатын жалғыз симптом осы», - деді ол. Инфекциялық ауруларды, соның ішінде АИТВ-ні жұқтырып алу қаупі бар Хиджамада адам денесін сырттан сылап-сипап емес, нақты қанмен жұмыс істелетіндіктен, санитарлық нормалардың сақталуына қатысты сұрақтар туындайтыны сөзсіз. Денеге тілік жасайтын құрал-саймандар, банкалар және тағы басқалары қалай зарарсыздандырылады, жалпы зарарсыздандырылады ма? «Процедурадан кейін олар арнайы сұйықтыққа батырылып, алдын ала стерильдеуден өтеді. Кейін ол ультрафиолетпен жасалады. Бұл тек банкалар ғана. Денеге тілік жасалатын ұстараның жүздері - бірреттік, олар лақтырылады», - деп жеткізді. Ол сондай-ақ, құралдар зарарсыздандырылмаса, не ол дұрыс жасалмаса түрлі инфекциялардың жұғуы мүмкіндігін растады. Әрине, арнайы емдік кабинетте қабылдап отырғандықтан санитарлық ережелердің сақталуы міндетті де. Бірақ хиджама ауыр және күрделі медициналық құрал-жабдықтарды қажет етпейтіндіктен, ол үй жағдайында да жасала беретінін білдік. Ғаламторда процедура мешіттің ішінде де жасалып жатқан видеоны көзіміз шалғаны бар. Осындай жағдайларда қарапайым тазалық нормалары қалай қамтасыз етіледі? А.Қыдырбеков те өздігімен жүре алмайтын науқастарға хиджаманы үйлеріне барып жасайтын көрінеді. Анықтағанымыздай, ондай науқастар банкаларды өздеріне жеке сатып алады. «Инсульттен кейін төсекке танылған, омыртқаның жарық ауруынан (грыжа - ред.), не қимыл-тірек қозғалысы жүйесі зақымданып, жүре алмай қалған адамдар үйлеріне ара-тұра шақырып тұрады. Банкаларды өздері ғана қолданатындай дәріханалардан алады немесе мен сатып алып барамын. Ондай науқастарға процедураны 6-8 ай алу керек. Айына бірнеше рет барып тұрамын», - деп қосып өтті. Кез келген адам хиджам бола алады Хиджам болу үшін арнайы медициналық білімнің қажеті жоқ екен. Әрине, ем-домның осы түрін ұсынатын арнайы медициналық орталықтар, мекемелер жұмысқа дипломсыз қабылдамас. Бірақ ондай жерлерде баға да сәйкесінше, жоғары болғандықтан, өмір сүру деңгейі орташа статистикалық азамат әуесқой хиджамдарға жүгінетіні рас. Ал олар бұл бағыттағы білімді интернеттен алатын болып шықты. Процедура жасалып жатқан видеолар мен жазылған мақалаларды мұқият зерделеп алса болғаны. Құрал-сайманды дәріханадан сатып алып, алғашқы тәжірибені туыстары мен достарына жасай береді. Айта кетейік, Алмас Қыдырбековке жүгініп отырған Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының тұрғындары бір процедура үшін 3 мың теңге төлейді. Алматыда 5-18 мың теңге аралығында болса, Астанада одан жоғары. Алмас Қыдырбеков медициналық білімді Алматыдағы Республикалық медициналық колледжде «фельдшер» мамандығы бойынша алған. Оқып жүріп, әртүрлі медициналық мекемелерде жұмыс істеген. Солардың бірі хиджама емін ұсынатын Қытай медициналық орталығы болған. 2013 жылы оқуды аяқтағаннан кейін оны негізгі кәсібіне айналдырған. Ол хиджамамен медициналық білімсіз айналысуға қарсы, бірақ «әр адамның жауапкершілігі өзінде» деген ұстанымды ұстанады. «Жалпы, бұрын ата-бабаларымызда медициналық білім болған жоқ қой. Шертілген жерден қызыл қан аға бастағанда оны ыстық киіз басып тоқтатқан. Әрине, ол уақытта емнің бұл түріне екінің бірі жүгінбеген. Екіншіден, көріпкел, биотогы бар адам, сынықшы секілді мұнда да табиғи икем болуы қажет. Бірақ, бүгінгі күні медициналық білімнің болғаны дұрыс. Ол кезде аурулардың түрлері қазіргідей кең таралған жоқ еді. Мысалға, туберкулез, сары ауру, АИТВ және тағы басқалары бар. Өкпенің құрт ауруына шалдыққан адамдар арамызда емін-еркін тұрып жатыр, әсіресе осы қалада. Қанмен инфекция жұқтырып алудан гөрі, олардың жөтелгені 100 есе қауіптірек», - дейді ол. Хиджамдарға сертификат берумен «Сылап-сипау мамандарының кәсіби лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі айналысады. Алмас Шарифоллаұлы осы бірлестіктің Қарағанды облысы бойынша филиалына жетекшілік етеді. Бүгінде осы аймақ бойынша хиджам дәрежесіне ресми түрде екі-ақ адам ие екен. Оның бірі Қарағандыда жұмыс істеп жатса, екіншісі - өзі. Хиджаманың балаларға, әйелдерге, ерлерге арналған және тағы басқа да дәрежелері болғандықтан, ресми тіркелген хиджамдар ара-тұра біліктіліктерін арттырып тұрады. Адам ағзасында арам қан болады ма? Ресми медицина мамандары тұрып қалған, ескірген және арам қан деген ұғымдарды жоққа шығарады. Адам бойында қажет емес қан болмайды дейді. «Мен Республикалық медициналық колледжде білім алып жүрген кезімде осы мәселеге қатысты даулар көп туындады. Мысалға, стаканға қалыпты қан құйылды делік. Ол біркелкі болып ұйиды. Ұйып болған соң барып, бетіне плазма шығады. Ал хиджама кезінде вакуумды банкалар қанды денеден ұйыған күйінде алып шығады, арам қан толығымен шығып біткеннен кейін, астынан таза - алқызыл түсті қан шығады. Және арам мен таза қан бір-біріне араласып, жабыспайды. Себебі олардың құрамы бөлек. Егер ол қалыпты жағдайдағы қан болатын болса барлығы біркелкі ұйып қалушы еді», - деп атап өтті маман. Оның тұрып қалған қан екенін студент кезінде зертханалық жағдайда дәлелдеп көрген. Түсіп, орнына жаңасы шығатын шаш сияқты қанның құрамындағы элементтер де 3 күн -1 ай көлемінде жаңарып тұрады екен. Ескі қан - хиджама кезінде алынатын арам қан болып табылады. «Ол қанды тексерген кезде өлген адамның қаны болып шығады. Қалыпты жағдайда лейкоциттер мен эритроциттердің пішіні дөңгелек келеді. Ал онда қан клеткалары деформацияланған болады. Сол тәжірибемізден кейін дәрігерлер оның тұрып қалған қан екенін мойындады», - дейді ол. Оның айтуынша, тәжірибе былай өткен. Мамандардың бірі қанды сынаққа қатысқан адамның білегіндегі тамырынан жинаған, екінші маман қанды хиджама әдісімен банканың көмегімен алған. Барлығы бір мезгілде жасалған. Алдымен, центрифугаға білектен жиналған қан апарып салынады. Артынша, банкадағы қан жеткізіледі. Нәтижесінде, қалыпты қанмен салыстырғанда арам деп отырған қанымыздың құрамында «ескірген лейкоциттер мен эритроциттер» анықталған. Хиджамаға дәстүрлі медицинаның көзқарасы қандай? Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының басшысы, профессор Жақсылық Досқалиев хиджама туралы мүлдем естімегенін айтты. Сондай-ақ өзі ғылыми түрде дәлелденбеген ондай ем түрлерімен айналыспайтынын және өзгелерге де кеңес бермейтінін жеткізді. «Мен расталған базасы бар ем-дом түрлерінің қолданылғанын құптаймын. Кез келген дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың өзін дәлелденген базасы болса пайдаланамыз, жоқ болса - пайдаланбаймыз», - деп атап өтті Ж.Досқалиев. Астана қалалық ЖИТС-тың (СПИД) алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігер орынбасары Салтанат Мусина да денеден қан шығаратын бұл әдіс жөнінде бұған дейін естіп, көрмегенін атап өтті. Сондай-ақ «арам қан» ұғымы медицинада жоқтығын айтты. Ал денеге тілік жасалатын құрал-саймандар стерильделген арнайы медициналық болғаны абзал дейді. «Дүкеннен жана сатып алынған болса-дағы, стерильденбеген кез келген құралмен жасалған манипуляция кезінде АИТВ-ны ғана емес, өзге де инфекцияларды жұқтыру қаупі бар. Оның үстіне, үй жағдайында жасалған манипуляция бұл қауіп-қатерді еселей түседі. Менің ойымша, бұл мәселені ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті қаперге алуы тиіс», - деді ол. Әр адамның қанының түсі, иісі бөлек болады Шылымқорлар мен маскүнемдердің қанының иісі бөлек болатыны туралы естіп, оқығанымыз бар еді. Үш жыл бойы күнделікті түрде адамдардың қанымен жұмыс істеп келе жатқан Алмас Қыдырбеков бұл мағлұматтың шындыққа жанасатынын айтты. Сөйтсек, адам қаны оның ұлтына, тамақтануына, өмір сүру салтына, тұратын климатына, экологиялық жағдайына қарай әртүрлі болады екен. Мысалға, қазақстандықтардың қаны Арктика тұрғындарынан бөлек келеді. «Климатқа байланысты да адамдардың қанын зерттеп көрдік. Мен қазір Сәтбаев қаласының тұрғыны мен Алматыда тұрақты тұрып келе жатқан адамның қанын айырып бере аламын. Сәтбаев тұрғындарының қан құрамында йод болады, сол себепті, түсі де бөлек. Бірде қызық болды. Алдыма қазақ жігіті келді. Қанының иісі ерекше қоламса екен. «доңыз майын жейсің бе?», - деп сұрадым: «Жоқ!», - деді. Маман ретінде иісі неліктен бөлек екені қызықты болды. Әңгімеге тарта отырып анықтасам - екі айдан бері иттің майын ішіп жүр екен», - деп бөлісті ол. «Арам» қанды донорлық жолмен қан тапсыру арқылы шығаруға болады ма? «Болмайды. Біріншіде, қан орталықтары донорларға ақы төлесе, мұнда керісінше, донор бізге ақша төлейді (күлді). Екіншіде, тамырдан алынған қан бара-бара тәуелділікке алып келеді. Бұрын оны ешкім ескертпеген. Ақшасынан бөлек, шәй-кәмпитін, бірнеше күн демалысын беріп тұрған. Соған мәз болып, тапсыра берген, тапсыра берген. Қазір біз сол адамдарды тәуелділіктен шығарып жатырмыз. Алдымен хиджаманы айына бір рет жасаймыз, кейін екі айда, үш айда бір рет қан алып, арасын ұзарта береміз. Біз анастомоздың қанын тазалаймыз. Яғни күретамыр мен көктамырдың бір-біріне ауысу тұсында қан жиналып қалады», - деп түсіндіріп берді Қыдырбеков мырза. Қорыта айтқанда, әрине, «шықпа, жаным, шықпалап» жүргенде «әйтеуір бір көмегі болар» деп, кейде тамыр-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңның «ақыл-кеңесімен» түрлі дүдәмал ем-домға жүгінетініміз рас. Сондықтан, дауа іздеп, хиджамға барып жатсаңыз, ең алдымен, оның арнайы медициналық білімі мен бұл ем-дом түрін жасауға рұқсат беретін сертификаты бар-жоғына назар аударыңыз. Оның үстіне, бүгінгі күні үйден-үйге барып, хиджама жасайтындар көбейіп кеткендіктен, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуына мән беріңіз. Бұл бірінші кезекте, өзіңіздің мүддеңіз үшін. Тәніңізге шипа іздеп жүріп, қосымша жара байлап алу қаупі барын естен шығармаңыз!