"Массаж жасап береді": Кореяда босанған алматылық келіншек сол елдегі перзентханалардың ерекшелігін айтты
Оңтүстік Кореяда екі жылдан бері жұмыс істеп жүрген алматылық Бақыт Тасболат жақында ана атанды. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген жас ана өзге елде тұңғышын қалай босанғанын, кореялық перзентханалар несімен ерекше екенін айтып берді.
Қазақстандық жас отбасы Оңтүстік Кореяның алтыншы ірі қаласы Кванджуда тұрып жатыр. Тұңғыш рет ана атанып отырған келіншек сол қаладағы перзентханалардың бірінде босанған. Оның сөзінше, перзентханада жас босанған әйелдерге және нәрестеге бар жағдай жасалған. "Жүктілігім жақсы өтті, жүктіліктің сегізінші аптасында гинеколог қабылдауына барып, тіркелдім. Ешқандай қиындық болған жоқ. Ал презентханалары ерекше. Балама да, өзіме де барлық жағдай қарастырылған. Перзентханада қандай бөлмеде жататыныңызды алдын ала таңдайсыз. Онда жалпы палаталар да, жеке палаталар да бар. Қасыңызға міндетті түрде бір адам кіруі керек. Көбінесе бұл жақта күйеулері кіреді екен. Менің де күйеуім толғақ кезінде қасымда болды. Екеумізге бөлек палата алдық. Бала міне-міне туады деген кезде дәрігерлер күйеуімді палатадан шығарып жіберді. Баланы кеудеме қойғаннан кейін кіндігін кесуге әкесін шақырды. Сөйтіп әкесі кіндігін кесті.
Тағы бір ерекшелігі - бұл жақта жаңа туған нәрестені анасының кеудесіне қойып, кіндігін кескенін видеоға түсіріп береді. Сосын баланы бірден бөлек бөлмеге алып кетеді. Өздері жуындырып, баланы толық тексереді. Қандай ерекшелігі бар, бәрін қағазға жазады. Тек екі сағаттан соң анасына алып келіп көрсетеді. Бірақ перзентханадан шыққанша баланы қасымызға бермейді. Бірінші күні баланы бөтелкемен тамақтандырады. Бұл анасы толық демалып алсын дегені. Тынығасың, шаршағаның басылады. Сосын екінші күннен бастап әр үш сағат сайын "балаңызды емізіп кетіңіз деп" палатаға қоңырау соғады. Барып емізіп тұрдым", - дейді Бақыт.
Айтуынша, перзентханаға ештеңе апарудың қажеті жоқ. "Киім, гигиеналық заттар бәрі өздерінен болды. Тіпті тамақты да өздері береді, бірақ бізге ұнамаған соң достарымыздан алдыртып отырдық", - дейді ол. Бақыт перзентханада үш күн жатқан. "Палатада босанған әйелдерге система салады, денсаулығын тексереді, УЗД түсіреді. Сосын перзентханада әйелдерге арналған ортақ бөлме бар, онда келіншектерге басын жуып, массаж жасап береді, күтім жасайды", - дейді ол.
Алайда Бақыт Кореяда бала босанудың теріс тұсы да барын айтады. "Бір ұнамағаны - көбінесе мына жақта әйелдерді кесерь тілігін жасау арқылы босануға үгіттейді. Ал біз келіскен жоқпыз, соңына дейін күттік. Өзім босандым", - дейді Бақыт. Айта кету керек, шетелде босану тегін емес. Осы қызмет үшін қазақстандық жас отбасы қомақты ақша төлеген. "Бір қызығы, егер бала түнгі ауысымда туылса перзентхана қызметіне төлейтін ақша екі еселенеді. Мен таңғы бесте босандым. Сондықтан теңгеге шаққанда 890 мың теңге бердім. Ал күндізгі сағат 06:00-ден бастап бұл қызметке 300 мың теңге көлемінде ақша төлейтін едім", - дейді ол.