Бүйрегін күйеуіне берген келіншек
Қамшының сабындай бес күндік жалғанда ауыр дертке душар болып, жаны қиналған жарына, бауырына, баласына, тіпті танымайтын бейтаныс бір қызға бүйрегін беріп, аман алып қалып жатқан ақ жүректі адамдар жүр арамызда. Ештеңеден тайынбай, батырлыққа балар қадамға барып, аурудың азабын тартқан адамның өмірге қайта оралуына себепші болған мұндай жандарға мойын бұрмау, елемей кету мүмкін бе?!
ҮМІТ ПЕН КҮДІК АРПАЛЫСҚАН АЙЛАР
Маржан Тараз қаласындағы технологиялық институтты бітірген соң, туған жері Аягөзге келіп еңбек жолын бастады. Жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып, ел қатарлы қоңыр тірлік кешіп жатқан ол болашақ жарын да осы қаладан тапты. Жүгірісі көп жұмысымен жүрген бір күні шағын шаһардағы «China Town» мейрамханасында шығыс асханасының аспазшысы болып қызмет етіп жүрген Оразбен танысып, шаңырақ көтерген.
Балалары дүниеге келіп, өмірлерінің, бала- шағасының думанды шағы енді басталған шақта, 2012 жылы ойда жоқта Ораз бүйрек ауруына шалдығып, оңайшылықпен айықпайтын кеселдің шеңгеліне ілінді. Іле-шала нефрологқа тіркеуге алынып, емхана, аурухана атаулыдан көз ашпай кеткен Ораздың денсаулығы бәрі-бір барған сайын нашарлап бара жатты.
Ауруды жеңіп шығудың жалғыз жолы - оған басқа бүйрек салу. Мұны естіп, еңсесі түскен жігіттің туғандарының қай-қайсы да тәуекел десіп, жанынан табылған. Ал дегенде Ораздың өзінің ата-анасы ұлдарына бүйректерін бермек болып бір шешімге келді. Алайда жасы ұлғайған, үлкен адамдар болғанымен қоса, әкесінің сары аурумен ауырғаны, анасының грыжасы, өзге ауруларының бары анықталып, денсаулықтары келмейтін болып шықты. Оразға одан соң Маржанның өзінен екі-үш жас үлкен туған апайы Айгүл өзінің бір бүйрегін беруге бел буған. Алайда оның да денсаулығынан кінәрат табылып, анемия екендігіне байланысты дәрігерлер тарапынан мұндай адамның бүйрегі донор болуға жарамсыз деген үзілді-кесілді жауап айтылады.
Аурумен күресіп баққан Ораз бен Маржан үміттің жетегіне еріп Қытайға, Үрімжіге барған. Ол жақтың жақсы дамыған медицинасынан Маржан жолдасына қойылған диагноздың анық-қанығын біліп, нақтылауға, емделудің орган ауыстырудан басқа жолдары мен мүмкіндіктерін іздестіре барған еді. Бірақ қытайлық дәрігерлер де Оразға өз еліміздегідей диагноз қойып, көп күттірмей бүйрек ауыстыру керектігін айтады.
Елге келген соң асқынып бара жатқан бүйрек ауруы дертін басу үшін, Оразға қанын арнайы аппаратпен сүзгілерден өткізіп тазартуға бағдарламалық гемодиализ емі тағайындалады. Аягөзде гемодиализ жасатуға мүмкіндіктің жоқтығынан отбасы гемодиализ емі үшін бас-аяғы бірнеше күннің ішінде буынып-түйініп, Семейге қоныс аударды.
Бүйрек дерті дегеннің, ауру дегеннің не екенін білмей келген жігіттің бір кездері 120 келі болған салмағы бірнеше айдың ішінде 75 келіге түседі. Ораздың күн өткен сайын семіп бара жатқан жүзін көрген Маржан одан әрі уақытты көп созбай жолдасымен бірге аяқ астынан Астанаға жиналған болатын. Бар ойы - өзінің бір бүйрегін беріп, Оразды азапты күндерден құтылтып, аман алып қалу.
Астанаға келе салып екеуі қажетті бар анализдерді тапсырды. Дәрігерлер Маржан Үгүшеваға өзінің бүйрегі жолдасына келетін-келмейтіні, денсаулығы жарайтын-жарамайтыны он күннен кейін белгілі болатынын айтты. Айтылған он күн Маржанға он жылдай болып көрінген. Күн санап, сағат санап он күн өткенде Астанадағы дәрігерлер Маржанның бүйрегі Ораздың ағзасына сәйкес келетінін жеткізді. Қуанышты хабар алған осы сәт сары уайымға салынған Маржанға түнеріп кеткен жер бетінен әлдебір аппақ әлемді жарқ еткізгендей болып сала берген. Өлім мен өмірдің арасында жүрген Ораздың бір емі табылатынына қуанып, көз жасына да ерік берді. Алайда не болатыны, қалай болатыны, бәрі алдағы уақыттың уысында еді. Бір үміт, бір күдік арпалысқан айлар басталды. Маржан енді жарын құтқарып қалар уақытты, бүйрегін алып, Оразға салар отаны асыға күтті...
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ ЕКІ ТУҒАН КҮНДЕРІ БАР
Ауыстырып салынатын орган өз туған-туысқанындікі болған жағдайда, квота кезектен тыс берілетінін білген олар Семейге келісімен тізімі бір бетті алатын анализдерді тапсыруға кіріскен. Қалған бір бөлігін Астанадағы клиникаларға барып тапсырды. Ақылы талдаулардың ақшасын Маржанның бауыры төлеп, ол да апа-жездесінің басына түскен ауыр жүкті жеңілдетуге тырысты.
Талдаулар бір ай дегенде дайын болып, ерлі- зайыптылар Астанаға аттанады. Сәйкестікті анықтайтын көпшілік анализдерді Маржанның өзі тапсырыпты.
Асыға күткен күн, қобалжи күткен сын сағат та келіп жетті. 2015 жылдың 22 ақпанында Ораз екеуі Астанадағы «Жедел жәрдем» ауруханасының трансплантология бөліміне бүйрек алмастыруға жатқызылды. Ауруханаға келген соң да анализдер тапсырып, 26 ақпан күні таңғы сағ 8-ден кете дәрігерлер алдымен Маржанды отаға алып кетті. Сағат 11-лер мөлшерінде Маржаннан алынған бүйректі хирургтер Оразға салып жатты...
- Сағат 9-да мені жансақтау бөліміне алып келген екен. Түскі 1-лер шамасында ояндым. Ояна салып Оразды сұрағаным есімде. Ораздың жаны қалды ма, ота дұрыс жасалды ма, жағдайы қалай? Есімді жиғанда есіктен кірген дәрігерлердің бәріне осы сұрақтарды қойып, қайта-қайта жалтақтаумен болдым. «Бәрі жақсы, күйеуіңіздің кіші дәреті жүріп кетті» дегенде қуанып кеткеніммен, әрі қарай қалай болар екен деп дегбірім қашып, алаңдай бастадым. Жансақтау бөлімінен кешкісін палатаға шықтым, –дейді Маржан артта қалған сол күндерді еске алып.
Маржан ояна салып Ораздың халін сұраса, Ораз да дәл солай көзін ашып, есін жинаған беті «Маржан қайда?» деп Маржанды іздеген екен. Екі күннен соң жағдайы оңалған Ораз да Маржанның палатасына әкелінеді. Есіктен енгізілген жарының өзіне сәл жымия қарап жатқан қуаң жүзін көргенде бұл өмір, беу дүние бәрі-бәрі жап-жарық, жап-жаңа күйге еніп, ерекше нұрға бөленген. Оны Маржан қазір де ауызбен айтып жеткізе алмайды.
Осылайша, үш жыл бұрын 26 ақпанда ерлі-зайыптылар екінші рет дүниеге келді. Маржан мен Ораздың бұл күнде екі туған күндері бар. Туған- туыс, дос-жаран содан бері дәл осы күні екеуіне алыс-жақыннан телефон шалып, үйге келіп, өмірге қайта келген күндерімен құттықтап жатады.
-Бізге отаны Ғани Мұратұлы деген хирург жасады. Қазір қолы шипалы дәрігер Шымкентке жеке клиникаға ауысып кеткен көрінеді. Алдымен Аллаға, одан соң осы дәрігерге, ол жерде бізге көмектесіп, жанымыздан шықпаған барлық дәрігерлерге қарыздар екенімізді білеміз. Көпшілігі жастар. Қайран қалғаным, олар бізге әзіл-қалжыңдарымен, жылы сөздерімен де дем беріп, күш беріп, қуаттандырып отырды. Ішінде өзіміздің жақтан барған жас дәрігерлер де көп болды. «Жерлес аға, апайымыз» деп жатқан бауырмалдықтары да жанымызға қолдау болды. Астанада Маржанның Ержан деген кластасы тұрады. Әйелі Жанна екеуі біз кете-кеткенше қасымызда болып, күн сайын дерлік келіп, жағдайымызды біліп тұрды, – дейді Ораз келіншегі Маржанның кластастарының, екі жақтағы ағайын-жұрағаттарының ақ ниеті, тілегі сауығып, қатарға қосылуларына көп септігін тигізгенін айтып, ағынан жарылып.
Маржан Астанадан Семейге 7 наурыз қарсаңында келсе. Ораз ұшақпен 18 наурызда оралады. Дәрігерлердің талабы бойынша ол төрт-бес айдай ешқайда шықпай, көп ешкіммен сөйлеспей, тұмау сияқты жұқпалы аурулардан сақтанып, күтімде болады. Қазір де тағайындалған дәрілерін ішіп, дәрігер бақылауында жүр.
178 ЖАН ДОНОР КҮТІП ЖҮР
Ораз Қытайдан ата-жұртқа келген қандас бауырымыз. Ата-анасы бүгінде сол елде тұрып жатыр. Ағасы, бауырлары осы жақта. Туған еліне жеткен жігіт аяулы жарын ата-бабасының топырағынан тауып, аңсап келген тарихи отанында аман-есен жүр бүгін. Маржан мен Ораздың екі баласы Әлішер мен Аружан анасы мен әкесінің басынан өткен ауыр күндерді кішкентай кездерінен бастап түсініп, ұғынып өскен ұл-қыз. Әлішер оқып жатқан мамандығына сай тіс дәрігері болуды армандаса, төрт оқитын Аружан «Анашы мен әкешінің қамқоршысы, ақылды қызы». Маржан өз бүйрегін жолдасына берем деп шешкенде, күйеуі Ораз бастапқыда мүлде келісімін бермеген екен. «Ертең екеуіміз бірдей мүгедек болып қалсақ, екі баламыздың күні не болады? Сен осыны ойладың ба?! Мен олай-бұлай болып кетсем, балаларымыз үшін сен өзіңді сақта», - депті.
Маржан Үгүшева айтады: Бізбен бірге Астанадағы трансплантология бөліміне өзіміз сияқты ерлі-зайыпты адамдар түсті. Әйеліне күйеуінің бүйрегін салатын болған. Өзіме ота жасалғаннан кейін, сол кісілердің жағдайын сұрадым. Дәрігерлер де, ол кісілердің балалары да тіс жарып, ештеңе айта қоймады. Кейін білдім, ерінен әйеліне салған бүйректі екі жеті өткенде ағза жатырқап, кейін теуіп, қайтадан алуға тура келіпті. Туғандары да, дәрігерлер де бұл жағдайды бізге әсер етеді деп айтпай келіпті. Өкінішті.
2018 жылы облыстық мамандандырылған медициналық орталық (бұрынғы №1-ші қалалық ауруханада) базасында орналасқан трансплантация орталығында бүйрек ауыстыру бойынша облыста тұңғыш рет оталар жасалып, барлығы сәтті өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының айтқанындай, трансплантация орталығындағы жергілікті дәрігерлердің ота жасауға тәжірибесі мен білімі жетеді. Аймақта бүйрек, бауыр, өзге де ауруларды ерте бастан анықтау шаралары жедел дамытылып жатыр, қазіргі уақытта облыста 284 адам гемодиализ түрінде бүйрек терапиясын алуда. Жалпы, облыс аумағында бүйрек трансплантациясын жасауға (тек қана бүйрек) 178 науқас тізімге тіркеліп, өз кезектерін күтуде. Сонымен қатар бауыр алмастыруға оннан астам науқас кезекте тұр.
Күдікті сенімге жеңдірген Ораз бен Маржанның бір-іріне деген шексіз мейірімі, шүбәсіз сезімі, қамқорлығы бүгінде балаларды бақытқа бөлеп, шаңырақты шуаққа толтырған.
Жанаргүл Мұқатай