Балмұздақ қант диабетіне шалдықтырады – дәрігер
Балмұздақ, фастфуд пен газдалған сусын қант диабетіне шалдықтырады. Бұл жайлы «Қазақстандағы қант диабеті туралы» баспасөз мәжілісінде жоғары санатты эндокринолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Таубалдиева айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 300 мыңға жуық адам қант диабетіне шалдыққан. Олардың 290 мыңнан астамы ересектер болса, 2 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Жалпы бүкіл әлемде қант диабеті жоғары қарқынмен тарап жатыр. Бұл аурудан өлім-жітім көрсеткіші де жоғары. Өткен жылы әлемде осы аурудан көз жұмғандар саны 5 миллионға жеткен. Бұл АИТБ, сүт безі қатерлі ісігі мен безгектен қайтыс болғандардан көп», - дейді 32 жылдық тәжірибесі бар Жанат Таубалдиева.
Маман 2-ші типті қант диабетінің жасаруы мен кең тарауының себептерін де атады. Оның айтуынша, қазір адамдар аз қимылдап, көп тамақ жейтін болған.
«Бүгінгі күні адамдар жаяу жүрместің амалын тауып, 5 минуттық жерге көлікпен барады. Оның үстіне тойып тамақ жеп алады. Қазір өкінішке қарай барлық жерде фастфуд сатылады. Бұның барлығы диабетке шалдықтырады», - дейді дәрігер.
Таубалдиеваның айтуынша, 1-ші типті диабет генетикалық ауру болса, 2-ші типті диабеттің алдын алуға болады. Ол үшін адамдар көбірек қимылдап, жоғары колориялы, майлы әрі ұннан жасалған тағамды азырақ жеуі керек.
Ал жоғары санатты дәрігер, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы балалардың бас эндокринолог маманы Гүлмира Әбдуахасованың айтуынша, диабетке шалдықпас үшін газдалған сусындарды ішуге, балмұздақ, кәмпит, қант сияқты тәтті тағамдар мен бауырсақ сияқты майлы, қуырылған тамақтарды жеуге болмайды. Дәрігер көкөніс пен ақуызды көбірек жеуге кеңес берді.
Жанат Таубалдиева дұрыс тамақтанбағандықтан қазақстандық балалар семіріп бара жатыр дейді. Сол себептен маман ата-аналарға балаларының жеген тағамын бақылауға кеңес берді. Сондай-ақ, компьютер, планшет пен ұялы телефонға жолатпай, далада ойнатып, спортқа бағыттау керектігін айтты.
Айта кетейік, баспасөз мәжілісі барысында 50 қант диабетіне шалдыққан баланың Expo-Camp балалар лагері мен Expo-2017 көрмесіне баратыны белгілі болды. Олар Арнасай ауылында орналасқан лагерьге 17 шілдеде 5 күнге аттанбақ. Аталған іс-шараны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен ҚР Диабет ассоциациясы ұйымдастырып отыр.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ