11 сәуір - Дүниежүзілік Паркинсон ауруына қарсы күрес күні
Паркинсон - жүйке жүйесінің ең қауіпті әрі жұмбақ ауруларының бірі. Бұл ауруға шалдыққанда мидағы нейрондар қызметі бұзылады. Әдетте, бұл дерт 55 пен 65 жас аралығындағы адамдарда және көбіне ерлер арасында жиі кездеседі. Бірақ 30-40 жасында, тіпті 20 жасында Паркинсонға шалдыққан науқастар да жоқ емес. Өкінішке орай, қазіргі медицина бұл аурудың неден пайда болатынын анықтай алмай отыр.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде әлемде шамамен 4 миллион адам аталған дерт тырнағына ілінген. Ал, Қазақстанда 25 мыңға жуық науқас Паркинсон диагнозымен өмір сүріп жатыр. Жыл сайын олардың қатары 2,5 мың адамға артып отырады. Жазылмайтын деп таңба басылғанымен, бұл ауруды коррекция жасауға болады. Екіншіден, қазақстандық дәрігерлер жоғары технологиялы нейрохирургиялық ота жасауды үйренді. Ота құны Еуропа, Израиль мен АҚШ-та 40-150 мың доллар аралығында болса, Қазақстанда - 17 мың доллардан жоғары. Әлбетте, бұл екінің бірінің қалтасы көтеретін сома емес. Ең бастысы, мұндай операцияларды квота бойынша, тегін жасатуға болады.
"Ұлттық Нейрохирургия орталығы" АҚ мәліметінше, бүгінгі медицинада Паркинсонды емдеудің үш түрлі тәсілі қолданылып жүр. Біріншісі - дәрі-дәрмекпен емдеу. Егер дәрі-дәрмек дұрыс таңдалып, ем дер кезінде тағайындалса аурудың бастапқы сатысында жақсы нәтиже береді. Ал, дәрі көмектеспейтін сырқаттарға нейрохирургиялық ем мен нейроңалту тәсілі қолданылады. Соңғылары науқас ішетін дәрі-дәрмек мөлшерін азайтып, қимыл-қозғалыстағы олқылықтарды азайтуға, өмір сапасын 50 пайызға дейін жақсартуға мүмкіндік береді. Нейрохирургтер науқастың бас сүйегіне екі кішкентай екі тесік жасап, жіңішке электрод өткізеді. Олар кеуде тұсына орнатылған пульсгенераторға жалғанады. Мұның бәрі терінің ішінен жасалғандықтан сырттай байқалмайды. Қуат қоры біткендіктен кеудедегі құрылғыны 4-5 жылдан кейін ауыстыруға тура келеді. Бірақ мидағы құрылғыларды қозғаудың қажеті жоқ. Бұл - Паркинсон ауруын емдеудің ең заманауи үлгісі. Оны қазақстандық нейрохиург мамандар да табысты қолданып жүр. Осы күнге дейін Ұлттық нейрохирургия орталығы мамандары 215 ота жасады. Орталықтың ауруды емдеудің нейрохирургиялық әдістерін қолданып жүргеніне көп болған жоқ.
Неврологтар Паркинсон ауруы қанша ерте анықталса, оны емдеу де жеңіл болатынын айтады. Сауатты жасалған диагностика мен дұрыс ағайындалған ем науқастарды мүгедектіктен сақтап қалуға, олардың белсенді өмір сүруіне мүмкіндік бермек.