12 жастағы Әлинұр Хамзин Славян базары-2022 Халықаралық балалар музыкалық байқауында лауреат атанып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Байқаудың бірінші күні Әлинұр Хамзин Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай» әнін орындады. Қазылар алқасы жерлесіміздің өнеріне ең жоғарғы – 70 ұпай берді. Ал, екінші күні ол Уильям «Смоки» Робинсонның «Who'sLovin'You» әнін шырқап, 68 ұпай еншіледі. Осылайша, жас әнші жалпы 138 ұпай жинап, лауреат атанды. Байқаудың бас жүлдесін Беларусь өнерпазы Елисей Касич жеңіп алды.
Әлинұр Хамзин 2010 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Бүгінде ол № 27 мектеп-лицейінің 6-сыныбында оқиды. Өнерлі бүлдіршін кейінгі 5 жылда республикалық және халықаралық конкурстарға, тележобаларға қатысқан. Атап айтқанда, Париждегі «Junior Eurovision» байқауында, Ташкенттегі «Роза востока» халықаралық конкурсында лайықты өнер көрсетті.
Өнерпаз «Бала дауысы» тележобасының лауреаты, «Алтын микрофон» халықаралық вокалдық конкурсының, «Boztorgai» Халықаралық балалар шығармашылығы конкурсының, «Baqytty bala» Халықаралық конкурсының дипломанты және Димаш Құдайбергеннің «Dears» арнайы сыйлығының иегері атанған.