«Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңның жаңа редакциясы қандай баптармен толықтырылуы керек деп ойлайсыз?
Асхат БЕКЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Елбасы өз сөзінде дүниежүзіндегі түрлі жағдайларға байланысты «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңға толықтырулар енгізіп, комитеттің жұмыстары заманауи қатерлерге төтеп беруі керек дегенді айтты. Цунамиден кейінгі Жапонияның жағдайын білесіздер. АЭС-тен радиация бөлініп, халық зардап шегіп жатыр. Міне, осындай техногенді, табиғи апаттардың алдын алу жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік беретін баптар енгізілгені дұрыс шығар. Ұлттық қауіпсіздік дегеніміз – өте кең ұғым. Оған экономикалық, азық-түлік, ақпараттық қауіпсіздіктер кіреді. Елбасы осылардың барлығын меңзеді. Дағдарыстан кейінгі экономикамызды күшейту, азық-түлік қорын көбейту сияқты мәселелердің барлығы да ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету болып табылады. Еліміздің батыс өңірінде шетелдік компаниялар мұнай мен газды жер астынан алып, бос орынды сумен толтырып жатыр. Кейін оның техногендік апаттарға апармасына кім кепіл? Міне, осындай мәселелерді зерттей келіп, қоғамға қызмет ететін баптар қарастырылуы қажет деп ойлаймын.
Санжар БОҚАЕВ, саясаттанушы:
– Кез келген мемлекет алдымен өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырады. Әсіресе қазіргідей қауіпсіздік мәселесі ең өзекті болып тұрған кезде етек-жеңімізді жинап отыру ауадай қажет. Ұлттық қауіпсіздік уақыт өткен сайын өзінің қалыбын өзгертіп, арнасын кеңейтіп отырады. Қазіргі кезеңде тек қана әскери, экономикалық және экологиялық қатерлер ғана емес, сонымен қатар терроризм, кибертерроризм, яғни интернет арқылы жүргізілетін лаңкестік әрекеттер де ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Оны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Осындай түрлі қауіптерге жол бермеу, алдын алу шаралары аталған заңда нақты көрсетілуі тиіс. Президент «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңның жаңа редакциясын әзірлеуді дер кезінде тапсырды деп ойлаймын. Себебі қолданыстағы заң әлемдік жаңа қатерлерді еңсере алмайды. Сондықтан заман талабына сай заңды толықтырып отыру қажет.
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы:
– Меніңше, ең бірінші кезекте мемлекеттің қазіргідей даму кезеңінде ішкі тұрақтылықты сақтау аса маңызды. Бұны мен ғана емес, барлық сарапшылар да айтып жүр. Ішкі тұрақтылыққа зияны тиетін қауіп-қатерлерге жол бермеу жағы пысықталуы қажет. Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздіктің ең негізгі саласы – ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуіміз керек. Қолданыстағы заңда ақпараттық қауіпсіздікті сақтау туралы жазылған. Десе де, заман өзгерген сайын ақпараттық ресурстардың салмағы артып, үлкен күшке айналып келеді. Түрлі қатердің көбі ғаламтор арқылы төніп жатыр. Сондықтан заңның жаңа редакциясын әзірлегенде ақпараттық салаға жауапкершілікті күшейтсе деген ұсынысым бар.