Ұлттық бренділерді дамытудың арнайы бағдарламасын жасайтын уақыт жетті ме?
Әнуар ҚАБДОЛДАҰЛЫ, «Хан дойбысы» ойынының жаңғыртушысы:
– Шыны керек, біз ұлттық ойындарымыз бен ұлттық тағамдарымыздың, ұлттық бұйымдарымыздың қадіріне жете алып отырғанымыз жоқ. Тіпті енжарлығымыз соншалық – ұлттық ойындарымызды түгелдеуге де тырыспаймыз. Мәселен, «Хан дойбысы» ойынын ұлттық спорт түрлерінің қатарына енгізу мәселесімен ұзақ уақыт шапқыладық. Әзер деп ұлттық ойындар қатарына қоса алғанымызбен, оның одан әрі халық арасына кең тарауына, дамуына ешқандай жағдай жасалып отырған жоқ. Неге екенін қайдам, басқаға еліктеп, жақсылы-жаманды дүниесін тез қағып алуға бейім болғанымызбен, өзіміздің ұлттық бояуы қанық дүниелерімізді дәріптеуге келгенде салақтық танытамыз. Кейінгі кездері ұлттық ойындарымыздың көбісі дәріптелмек түгіл, ұмытылып бара жатыр. Ал көптеген елдер ұлттық ойындарын кеңінен насихаттап, тіпті Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізуге тырысуда. Осылайша басқа жұрттар барын бағалап, тіпті ұлттық ойындарының Олимпиада аясында ойналуына мүдделілік танытып, дүбірлі додаларға қатыстыруға тырысса, біз тіпті ұлттық ойындарымызды өз елімізде кеңінен тарата алмай отырмыз. Сондықтан ұлттық бренділерді дамытуға арналған арнайы бағдарлама қабылдайтын кез жетті деп санаймын.
Ардақ БЕРКІМБАЕВ, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі қоғамдық қорының атқарушы директоры:
– Әрине, ұлттық бренділерімізді дамытудың арнайы бағдарламасын қабылдайтын кез әлдеқашан жеткен еді. Өйткені ұлттық тағамымыз түгіл, ұлттық музыкалық аспаптарымызға шейін өзгелер меншіктеп жатыр. Ұлт болғаннан кейін ұлт екендігін дәлелдейтіндей ұлттық тағамы, ұлттық ойыны, ұлттық бұйымы болуы керек-ақ. Ұлттың ұлт екенін дәлелдейтін – ұлттық бренді. Оларды кең көлемде дәріптеп, заманға сай жаңғыртып әлемге танытудан ұтпасақ ұтылмас едік. Тіпті ұлтымыздың айбыны асқақтай түсер еді. Күні кеше «Ильиннің жетістігінің сыры ұлттық тағамында екен» деп күллі әлем дүр сілкінді. Біле білсек, бұл мақтанатындай нәрсе еді. Сондықтан ендігі жерде ұлттық бренділік дүниелеріміздің қадіріне жетіп, дамытып, қорғап, жұртқа танытуды тез арада қолға алуымыз керек.
Бахаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Әдемі-ай» өнер үйінің директоры:
– Әр ел өздерінің ұлттық бренділерінің жоқтаушысы болуы керек. Өкінішке қарай, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өз дүниемізге тосырқай қарауға етіміз үйреніп барады. Мәселен, Алматыдан ұйғыр мен өзбектің асханасын оңай тапқанымызбен, қазақтың асханасын оңай табу мүмкін емес. Шын мәнінде, адам денсаулығына пайдасы мол, құнарлы тағамдарымыз жетерлік. Тек соларды дәріптеуге, халыққа қолжетімділігін арттыруға келгенде шорқақпыз. Мәселен, қазақтың баласы көшеде денсаулыққа зиянды чипсы орнына құрт сорып жүрсе қандай жарасымды болар еді?! Осы секілді ұлттық брендіге айналардай дүниелерімізді дамытуға жағдай жасайтын кез жетті.