Студенттердің жатақхана мәселесін қалай шешуге болады?
Рахман АЛШАНОВ, ҚР ЖОО қауымдастығының президенті:
– Әрине, студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Оны шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау болмаса, ЖОО-лардың өздігімен жатақхана салуға шамасы жетіңкіремейді. Оған қаражат тапшылық етеді. Сондықтан Елбасы тапсырма беріп, Білім және ғылым министрлігі «Студенттік баспана» бағдарламасын қолға алып отыр. Осы жобаның аясында жаңа жатақханалар салынатын болады, сондай-ақ қолданыстағы жатақханаларға қайта жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Білім министрінің айтуынша, алдағы төрт жылда 32 жатақхана салынып, 54 жатақхана жөндеуден өткізіледі екен. Онымен қоса, Алматы мен Астана қалаларында үлкен студенттік қалашықтар салу жоспарланып отыр. Егер мемлекет пен ЖОО-лар осылайша бірігіп жұмыс атқаратын болса, онда бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табатын болады.
Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор:
– Әр жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы әртүрлі. Кейбір ЖОО-ларда студенттерге жатақхана жетіспейтіні шындық. Алайда осы мәселені шешу үшін елімізде үлкен мемлекеттік бағдарлама қолға алынып отыр. Мемлекеттік деңгейдегі ЖОО-ларға жаңа жылдан бастап жатақхана салу үшін қыруар қаражат бөлінуде. Мәселен, келесі жылдан бастап, біздің университетке үш жатақхана салынайын деп отыр. Онда 2 мыңға жуық студент қамтылатын болады. Қазақстанда мұндай жаппай студенттік баспана салу ешқашан болған емес. Оның үстіне студенттік баспаналардың басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында бой көтеретін болды. ЖОО-ларда жатақхана мәселесі өткір күйде тұрғанда, мұны шешуге мемлекеттің атсалысқаны – өте құптарлық-ақ дүние. Алдағы уақытта студенттер жатақхана мәселесіне алаңдамай, толық білім алуына мүмкіндік туып отыр.
Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Қазір елімізде не көп, ЖОО-лар көп. Санамалайтын болсақ, біздегі 168 ЖОО-ның 80 пайызы жекеменшіктің қолында. Әрине, жеке университеттердің басшыларына қосымша жатақханалар салу тиімсіз. Оларға тек студенттердің қаржысын алып, дипломын беріп отырса болды. Студенттердің алаңсыз білім алуына жеке оқу орындары жағдай жасай алмайды. Сол үшін мемлекет кадр дайындауды жекеге емес, өз қолына алуы тиіс. Онымен қоса, құзырлы министрлік жеке ЖОО-лардың жұмыс істеуіне лицензия, сертификат беретін кезде, алдымен оның материалдық-техникалық базасын толық тексеріп шығуы керек. Тіпті жекеменшік ЖОО-ларға студенттердің жағдайын жасауы үшін оларды толық жатақханамен қамтамасыз етуді талап етуіміз қажет. Көбіне осындай ЖОО-лар жатақхана мәселесін туындатып отыр. Ал мемлекеттің қарауындағы ЖОО-ларға келетін болсақ, оларда жатақхана жеткілікті-ақ, алайда кейбір ректорлар студенттік баспанаға университеттің оқытушыларын, тағы басқа тамыр-таныстарын кіргізіп, бұл мәселені ушықтырып отырған секілді. Сондықтан студенттік жатақханаларға ішкі бақылауды күшейтіп, тек студенттердің ғана орналасуын қадағалауымыз қажет. Егер жатақхана мәселесіне қатысты заңдық қолдау керек болатын болса, онда біз әрқашан көмектесуге әзірміз.