Ресей кетсе, «Байқоңырды» пайдалануға әлеуетіміз жете ме?
Айдархан ҚАЛТАЕВ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
– Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі, зымырандарды ұшыру, оны пайдалану. Екіншісі, ғарыштағы Жер серіктерін пайдалану. Бұл екеуі – екі түрлі нәрсе. Байқоңыр ғарыш айлағы ракеталық технологияларды пайдалана отырып, зымырандарды ғарышқа, Жер серігіне ұшырады. Одан кейінгі ғарышқа ұшырылған ракеталарды халықтың игілігіне асыру, яғни Жерді алыстан зерттеу, космостық картографияны, спутниктік байланыстарды дамыту Жер серігі технологияларына жатады. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Жер бетінде ракеталық технологиялармен бар-жоғы он шақты ғана ел: АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония, Еуроодақ т.б. айналысады. Қазір бұларға Үндістан, Бразилия, Пәкістан қосылды. Өйткені ракеталық технология деген өте қымбатқа түседі. Бұл саланы ең таңдаулы деген жүздеген мамандар ғана жүргізе алады. Сондықтан ракеталық технологиялармен өте үлкен елдер ғана айналыса алады. Ал одан әлдеқайда арзанға түсетін Жер серігін пайдалану технологиясымен әлемде 20-30 ел шұғылданады, бұл – әр елдің қолынан келетін шаруа. Осы тұрғыдан келгенде, «Байқоңырды» еліміз өз күшімен қалай пайдаланады? Бұған көзім жетпейді. Ресей «Байқоңырды» еш уақытта тастап кетпейді. Өйткені қырғыз елінде аэродромын, Тәжікстанда әскери базасын қимай тұрғанда, дап-дайын, бірегей «Байқоңырды» тастап кете қоя ма?
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылым докторы:
– Әрине, «біз егеменді, азат мемлекетпіз, Ресей «Байқоңырдан» кетсе, өз күшімізбен игеріп кете аламыз» деп жауап беруге болады. Бірақ ғарышты игеру үшін қаражат, жоғары дамыған технология, арнайы дайындалған мамандар қажет. Сондықтан интеллектуалдық, технологиялық ресурсты есепке алмай, өз күшімізбен игереміз дегеніміз шындыққа жуыспайды. Қазақтардан шыққан ғарышкерлер саны да ой салуы керек. Бүгінгі күні Ресей «Байқоңырдан» кетсе, өз күшімізбен игеріп кетуіміз екіталай. Мүмкіндік пен шындық бір-біріне сәйкес емес. Ал болашақта әбден мүмкін.
Әсем ҚАЙДАРОВА, саяси ғылым кандидаты:
– Әрине, игеріп кете аламыз, біздің оған ғылыми және техникалық әлеуетіміз жетеді. Назарбаев университетінің ашылуымен байланысты ғарыш саласындағы мамандарды даярлау қолға алынып жатыр. Қазақстан Үкіметі қазақстандық ғарыштық өнеркәсіпті дамыту үшін жаңашыл әдістерге сүйеніп, қажетті шешімдер қабылдай білу қабілеті мен даярлығын көрсетіп отыр. Қазақстанның ғарыш өнеркәсібі ұйымдары мен мемлекеттің мүддесіне жауап беретін жоғары стандарттар жасалды. Қолда бар ғылыми-техникалық әлеуеттің және мүмкіндіктердің де негізінде еліміз ғарыштық саласындағы стратегиясын жүзеге асыруы керек. Ғарыштық іс-әрекетке мемлекет бюджетінен қаржы бөлудің үлесін ұлғайту және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру арқылы мемлекет белсенді рөл атқара алады. Ғарыш Қазақстан үшін жаңа мыңжылдықта басым бағыт болып табылады. Ел экономикасының бұдан әрі өркендеуі оның ғылым мен жоғары технологияларға негізделген салаларын, әсіресе, соның ішіндегі келешекке бағытталған ғарышты игеру саласымен тікелей байланысты болғандықтан өз қолына жетекші рөлді алуы керек.