«Қазақстан – ұлттар достығының лабораториясы» деген ұғымды өзгертетін кез келген жоқ па?
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
– ХІХ ғасырдың басында Орталық Азиядағы түркітілді халықтар ішінде саны жағынан көбі қазақ болған. Бірақ ХХ ғасырдың 25-30 жылдары ұлтымыз еселеп күрт азайған. Бұл – ұжымдастыру, қолдан жасалған ашаршылық, репрессия секілді геноцидтің салдары. Сол себепті біз 90-жылдарға дейін азшылықта болып келдік. Саяси мақсатта түрлі этнос жерімізге қоныс тепті. Сондықтан осыған дейін «Қазақстан – ұлттар достығының лабораториясы» деп мақтанып келдік. Шүкір, Тәуелсіздіктің 20 жылы барысында титулдық ұлт санын 70 пайызға арттыруға мүмкіндік алдық. Осы жағынан алғанда, әлгі ұғымды ақырындап ұмыта бастауымыз керек. Бірақ бірден саяси реңкте емес. Әлі де демографияны жандандырып, білімдегі, ғылымдағы өз ұлтымыздың санын арттыру қажет. Еңбекте де, білімде де, ғылымда да озық қазақ болғанда, бұл ұғым өздігінен біржола жойылады. Шамамен 25-30 жыл көлемінде.
Әбдімәлік Нысанбаев, философия ғылымының докторы, профессор:
– Кеңес өкіметі кезінде «Қазақстан – ұлттар достығының лабораториясы» деген ұғым болды. Ол қазақтың тілін, ділін, дәстүрін білдірмей жоюдың формуласы еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Кеңестің ойлап тапқан осындай ұғымдарына қарсы жасалған қадам болып табылады. Демек, уақыт мұндай саясаттың утопия екенін дәлелдеді. Тіл жойылған жерде мемлекет те жойылады. Мағжан Жұмабаев бастаған Алаш қайраткерлері мұны терең түсіндіріп айтып кеткен. Тәуелсіздік алған кезде қазақтың 40 пайызы ғана ана тілінде сөйледі. 2020 жылы бұл деңгей 80 пайызға жетеді деп болжанып отыр. Оның орындалатындығына күмәнім жоқ. Бүгін қазақ шешуші рөл атқаратын ұлтқа, мемлекетті құрушы басты субъектіге айналды. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Заң алдында Қазақстан халқы бірдей, тең құқылы. Осы жағынан алғанда, ұлтты төмендетуші ұғымдар келмеске кетті. Ол үшін жұмыс істеліп те жатыр. Бастысы – барлық күшті қазақ ішіндегі бірлікті, ынтымақты нығайтуға жұмылдыру керек. Сонда біз ел дамуының «Қазақстан – 2050» стратегиясы бағдарламасын сәтті жүзеге асырып, Орталық Азияның азулы барысына айнала аламыз.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Елбасымыз таяудағы Қазақстан халқы Ассамблеясында болған жиында: «Біз өз алдына қалыптасқан мемлекетпіз. Сондықтан мұнда тұрып жатқан халық ұлтына, нәсіліне қарамастан, қазақ тілі, қазақ мәдениеті маңында топтасуы тиіс», – деп мәлімдеді. Осы жағынан алғанда, сөз етіп отырған ұғым өзіндік мән-мағынасынан айырыла бастады деп нық айтуға болады. Дегенмен Отанымыздағы тұрақтылық, тыныштық, ең алдымен, қазақ үшін маңызды. Сол себепті мұндай әңгімені бізге жиі қозғаудың қажеті жоқ. Білуімше, Тәуелсіздік алғалы бері «Қазақстан – ұлттар достығының лабораториясы» деген сөз де көп айтыла бермейді. Ол ұмытылып барады. Оған үлес қосқымыз келсе, оны мүлде еске алмағанымыз жөн. Қалай дегенмен де, унитарлы Қазақ мемлекетін құрдық деу үшін кемінде біздің санымыз 80-85 пайызды қамтуы тиіс. Оған дейін этнос пен ұлыстар арасындағы шиеленісті болдырмау, бізді жікке бөлді дегізбеу үшін этносаралық достықты, бірлікті, ынтымақты жиі айта беруіміз керек. Одан бір саяси астарды іздеудің қажеті жоқ. Басты мақсатымыз – мультимәдениеттен бас тарту. Осы мүддемізге жеткенде, Кеңестен қалған әлгіндей ұғымдар санадан мүлде өшеді, оған сенімдімін.