Өрттен сақтандыру жүйесін дұрыс жолға қоймаған мектеп басшысын жауапкершілікке тарту керек пе?
Жібек БАЙМҰРАТОВА, Шиелі аудандық №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының директоры:
– Мектептерді өрттен сақтандыру жүйесімен жабдықтау үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөлінуі қажет. Өйткені өрттен сақтандыру жүйесін орнату үшін қомақты қаржы керек, ал оған мектептің бюджеті жетпейді. Мектеп директорын ол үшін жазғыру дұрыс емес. Директордың қолынан бар келетіні – мектептің кем-кетігін айтып, жоғары жаққа хат жазу ғана. Ал жазылған хатқа орай тиісті орындар жұмыс істеп, қаржы бөлмесе, директордың сұраған қаржысын тауып бермесе, өрттен сақтандыру жүйесін директор қалай орнатады? Әйтпесе қай директор тиісті орындардың тексеруі келгенде орнатылмай қалған өрттен сақтандыру жүйесі үшін ескерту алып, сөз естігісі келеді дейсің?! «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деп, амал жоқ, қол жайып отырады. Өз басым жүгіріп жүріп былтырғы оқу жылында аталмыш жүйені орнаттырып алдым. Қауіпсіздік үшін керек-ақ нәрсе. Алайда тиісті орындардан қаржы бөлінбеуі салдарынан көптеген мектеп директорлары тиісті жабдықтарды орната алмай отыр. Мектептегі қауіпсіздік сақтау шаралары біздің міндетімізге кірмесе де, талай рет жауап беріп, айыппұл да төлеп жатырмыз. Бірақ мәселеге нағыз жауапты адамдарды тартатын кез жетті.
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы:
– Әрине, мектептің мәселесіне директор жауапты. Сондықтан өрттен сақтандыру жүйесімен жабдықталмаған мектеп директорларын жауапкершілікке тартатын кез келді. Бізде міндетті түрде қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана жауаптылар етек-жеңін жинай бастайды. Сол секілді барлық мектептерге жаппай өрттен сақтандыру жүйесін орнату үшін міндетті түрде өртенген мектептің ішінде балалар қаза болуы керек секілді. Жыл сайын әрбір мектептің жөндеу жұмыстары мен кем-кетігіне мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Сол кезде мектеп директорлары өрттен сақтандыру жүйесі үшін де қосымша қаржы талап етулері керек еді. Мектеп директоры оқушылардың өмірі үшін жауапты. Ол сол мекемеге жауапты болғандықтан, қауіпсіздік шарасын да ескеруі тиіс. Егер мектепте ондай жүйе орнатылмады екен, онда ол мектепте жемқорлық фактілеріне орын берілген деп қарауымыз қажет. Яғни мектепке бөлінген қаржы мақсатты пайдаланылмайды. Не болмаса директор өз міндетін дұрыс атқарып, жоғарыдан талап ете алмайды. Одан да тексеріп келген тиісті орган қызметкерлеріне азын-аулақ тиын-тебен беріп құтылғанды тиімді көреді.
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР білім беру ісінің үздігі:
– Өрт – тілсіз жау. Тілсіз жаумен ойнауға болмайды. Ал мектептегі бүлдіршіндердің өміріне мектеп директорлары жауапты. Сондықтан мектепте орын алған мәселені директорлар жоғарыға жеткізе білуі керек. Егер директорлардың бірлі-жарымының жанайқайы жоғарыға жетпесе, бірнеше мектептің директоры жиналып, өз наразылықтарын білдіруі керек. Егер мектептің мүддесі үшін олар осындай қадамға барса, ешкім қой демес еді. Сондықтан мектептердің өрттен сақтандыру жүйесімен жабдықталмай отырғандығы үшін директорларды жауапқа тарту керек деген пікірге қосыламын.