Оқушылардың сабақтан кетіп, намазға баруының салдары қандай болуы мүмкін?
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:
– Қазір жастар әсіресе жұма күндері сабағын тастап, жұма намазға барып жатады. Құранның өзінде де «білім іздеу намаз оқығаннан әлдеқайда қайырлы» делінген. Оның үстіне, біз таза ислам мемлекеті емеспіз. Сондықтан мектеп оқушыларының сабақ уақытында намаз оқуға кетіп қалуы дұрыс емес. Оқушыға қойылатын басты талап — білім алу. Бұл мәселені бетімен жіберуге болмайды. Мектеп ұжымы білім департаменті басшыларымен біріге отырып, оң шешімін табуы керек. Менің ойымша, мектеп — мектеп, мешіт мешіт түрінде болғаны жөн. Әрқайсысы өздерінің функциясын бір-біріне кедергі келтірмейтін етіп атқаруы қажет. Қазір Тәжікстанның білім мекемелері осындай мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, жұма күні мектеп оқушыларының мешіттерде болуына тыйым салып, мешіттерді аралап, рейдтер жүргізуде. Мүмкін, бізге де осындай нақты шаралар ұйымдастыру керек шығар.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
– Біріншіден, ислам қатып қалған догма емес. Бұл жерде біздің діндарлар, мүфтилер, дін философтары бірігіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі керек. Жасөспірімдердің сабақтан қашып, мешітке баруының дұрыс емес екендігін олар жұма күндері уағыз кезінде неге айтпайды? Әрине, бос уақытында намаз оқысын, зекетін берсін, ислам шариғатын орындасын, оған ешкім қарсы емес. Бірақ оқушы мектеп кезінде білім алуы шарт. Мәселен, Еуропадағы мұсылмандардың мүфтилері бес уақыт намаз оқитындарға жұмыс кезінде намазын қаза қылған күнә еместігін түсіндірген. Яғни жұмыстан кейін құлшылық қылулары керек. Ол жақта жұмыс көбіне автоматты түрде жүреді. Техника бір сәтке де тоқтамауы керек. Ал ол тоқтап қалса, қаншама шығынға батады. Осыны ескерген еуропалықтар әлгіндей ортақ шешімге келген. Демек, мемлекеттің заңнамаларын бұзбай, азаматтардың діни бостандығына шектеу келтірмей, бір шешімге келе білді. Неге бізге де осындай бір ортақ шешім ойлап таппасқа? Меніңше, діндарлар осыған араласуы керек. Үкімет пен мектепке жауапкершілік арта бергенше, дін өкілдері осындай мәселелерді шешудің жолын қарастырса екен деймін.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, ҚМДБ баспасөз хатшысы:
– Жұма намазын оқу – ер-азаматтар үшін парыз. Ал оған қатысуға мүмкіндігі болмаған мектеп оқушылары оның орнына бесін намазын оқуы қажет. Намаз оқу да, білім алу да – парыз. Демек, жұма намазының уақыты сабағына тұспа-тұс келсе, онда оның орнына бесін намазын асықпай, екінті намазының уақыты кіргенше оқуға болады. Сонымен қатар Қарулы Күштер мен құқық қорғау, денсаулық сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың қызметі, маңызды нысандардың күзеті — адам өмірі мен саулығы үшін аса маңызды. Сондықтан мұндай орындарда діни міндеттерді (намаз, жұма намазы, ораза т.б.) себеп етіп қызметтен бас тартуға болмайды. Ата Заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы – адам. Онымен қоса, ислам дінінде Отанды қорғау, басшыға бойұсыну, адамзаттың өмірін сақтап қалу әрбір мұсылманның борышы екендігін ескерсек, онда құлшылық, ғибадат қызметке (оқуға) кедергі жасамауы тиіс. Алайда мемлекеттік қызметке кедергі болмайтын жағдайда діни міндеттерге нұқсан келтіруге шариғатта рұқсат жоқ.