Мектептегі әлімжеттікке тосқауыл қоюдың қандай жолдары бар?
Абай ЕРГЕШОВ, ҚР білім беру ісінің үздігі, №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің директоры:
– Мектептегі әлімжеттікке тосқауыл қою үшін, ең алдымен, ұлттық тәрбиені күшейтуіміз керек. Балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, үйірмелерге тартылуын бақылауға алуымыз қажет. Бүгінгі күні мектептерде ер мұғалімдер санының азайып кетуі де мектептегі оқушылардың тәрбиесіне кері әсер етті ме деп ойлаймын. Әйтсе де дәл бүгінгі күні оқушылар арасында әлімжеттіктің ушығуына ата-ана, қоғам, дұрыс тәрбиенің берілмеуі кінәлі деп, санасып отыратын уақыт емес. Тез арада жан-жақты, әлімжеттікке тосқауыл қою жұмыстарын күшейтуіміз қажет.
Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы:
– Бұл – мектептің тәрбиелеу бағдарламасындағы жіберіліп отырған кемшілік. Мен бұрынғыны көксейтін адам емеспін. Бірақ саралай келе, Кеңес Одағы кезінде идеологияның мықты болып, балаларға берілетін тәрбиенің де жоғары деңгейде болғанын байқаймын. Бұрын жоғарғы сынып оқушылары – комсомол, орта сынып – пионер, төменгі буын октябрят атанып, бір-біріне қамқорлық көрсетуге тырысатын. Олардың арасындағы ізеттілік пен сыйластық, жанашырлық көрініп тұратын. Ал қазір бір-біріне әлімжеттік жасап, тіпті ұрып, өлтіріп жатқанын да естиміз. Осы орайда мен әлімжеттіктің ушығуының негізгі себебі тәрбиенің әлсіздігінен деп білемін. Сондай-ақ кейбір мектептерде мүлдем алынып тасталған, ал енді бір мектептерде аты бар, заты жоқ «қыздар жиналысы» мен «ұлдар жиналысын» қалыпқа келтірген жөн. Бұрын ұлдар жиналысына әкелер шақырылып, кез келген мәселе ортаға салынатын, қыздар жиналысында әбес көрінген оқушы қыздар қылығы жиналысқа салынып, аналарымыздың қатысуымен қалыпқа келтіруге тырысатынбыз. Соның арқасында оқушылар тәрбиесі ойдағыдай болатын. Қазір мұғалім оқушыға қатты сөз айтуға болмайды, түртуіне де болмайды деген көп «болмайдымен» ұстаздың балаға сөзін өткізе алмайтын дәрежеге жеттік. Біз алдағы уақытта осы секілді мектептегі тәрбие жұмыстарын қалыпқа келтіруіміз қажет.
Айгүл ШӨПШЕКБАЕВА, Алматы қаласы ІІД-нің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
– Мектепте бала тәрбиесімен айналысатын мамандардың санын арттыру қажет. Мәселен, әр мектепке бір-бір мектеп инспекторы тағайындалғаны жөн. Өкінішке қарай, бүгінде маман тапшылығына байланысты бірнеше мектепке бір инспектор тағайындалады да, балалар тәрбиесі күрт нашарлап кетті. Сондай-ақ әр мектепте әлеуметтік педагог пен психолог болуы тиіс. Және олардың әрқайсысы өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып, бала тәрбиесіне тікелей жауапты болуы керек. Сонда ғана біз әлімжеттік секілді балалар мәселесін шеше алатын боламыз. Тағы бір айта кетер жайт – оқушылар арасынан полицияға көмекші бола алатын балалардың құрамын құруымыз керек. Олардың полиция көмекшісі ретінде мектептегі оқушылар тәрбиесін жақсартуға атсалысуын ұйымдастыруымыз керек.