Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды. Марқұммен ежеттес дос болмасақ та, ара-кідік телефондасып тұратынымыз бар еді, азалы топырақ үстінде өкінішке әрі ризашылыққа толы екі-үш ауыз бақұл сөз айттым, жыл уағы өтпей, бейбақ жесірі де дүние салып еді, әке жолынан аулақ балалары мынау алмағайып заманда тіршілік қамында кетіпті, ала қағаз бетіндегі барлық мұрасына жанашырлық танытқан немере інісі менің қолыма әртүрлі сыпаттағы, тура жарым сандық қолжазба тапсырды. Енді сізден басқа ешкімге керегі жоқ деген. Мүмкін, өзіңіз қабір басында айтқандай, құнды шығар, бірақ біліп, бағалап жатқан жұрты қане, әрі осыншама көп жазуды кім ақтарып, кім сараптамақ. Өзінің аманаты да осы. Сізге табыста деген. Жағдайы келсе, бір заманда жарыққа шығарар, қажет көрсе, өз керегіне пайдалана берсін деген. Анығы сол. Тым құрса, жаңа бір жазуыңызға шикізат ретінде кәдеге асар, жатырқамай қабыл алыңыз, одан соңғы сұрауы жоқ деген. Мен, әлбетте, бұл сөзге мән бермедім, бірақ өзім советтік замандағы ұлы жазушы, тәуелсіздік бастауындағы ерен тұлға деп риясыз таныған әріптесімнің барлық қолжазба мұрасы желге ұшып, жоғалмауға тиіс еді. Үлкен шаруалардың арасында ермек, сейіл есепті азғана уақыт бөліп, бар қағазын байыптап шықпақ болдым. Аз-маз ретке келген соң тиесілі архивке өткізбекпін.
Әрине, жарты тең қағаздың басым көпшілігі, тіпті түгелге жуығы – Иманның бұрынғы-соңғы үлкенді-кішілі шығармаларының әуелгі қолжазба нұсқалары екен. Әр кезде, әрқилы қағазға, әртүрлі қалам, сиямен түскен, алабажақ, қарақұрым, қым-қуыт таңбалар. Жазуы мұндай сұрықсыз болар ма, менің өзімнің де қолтаңбам оңып тұрған жоқ еді, ал Имандікі тіпті сорақы: құмырсқаның ізінен бетер, және оңды-солды, тура тартқан емес, қиғаш, көлденең салған, бір сөйлемге, кейде сөз, тіркеске әлденеше оралған, әуелгі мәтін, кейінгі түзетулер мен қосымшалар асты үстіне шыға үймелеп жыпырлаған, сызылған, қайтадан қалпына келген, қысқартылған, үстемеленген, әбден шатысқан, мейлінше матасқан шиыртпақ. Оның өзі ортасы басына шыққан, басы аяғына қайырылған, бытысқан жұмбақ. Жазуы соншама жаман болса да, мен сияқты екінші қайтара, тазалай көшіру әдетінде жоқ екен. Мен үшінші мәртеде – мәшіңкеге анықтап басарда кейде өз қолымды өзім танымай, дағдарып отырам, ақыры үлкейткіш линзамен қарап, әрең айырам ғой, ал Иманның жазуы телескоппен қарасаң танылмастай, әйтеуір ұзын-ырғасы бойынша ғана ажырататын сияқты, және өзі емес, әйелі басады екен, әрине, ол да танымайды, сірә, Иманның өзі көмекке келгенімен, баз-базында іркіле қиналып, көбіне-көп жаңадан толғанып, жаңғырта бүтіндеп, жеріне жеткізіп отырған сияқты. Менікі не азап – әуелде қызық үшін долбарлап оқып көрдім, жарияға шыққан нұсқасын білгендіктен ғана; ақыры, қолыма қажетті кітабын алып отырып, қай қолжазбаның қай шығармаға тиесілі екенін шамалап таныған едім. Сол жобамен аруақ алдындағы аманат деп емес, – өз аманатыма, өз шаруама да уақытым тапшы, – ұлттық мәдениеттің алтын қазанының қамы үшін, Имекеңнің, топтай келгенде он төрт томға тартқан толық жинағының негізгі қолжазба нұсқаларын саралай іріктеп, рет-ретімен пәпкілеп бөлдім. Содан соң Орталық Мемлекеттік архивке сөз салып едім. Ондағы білгір ағайындар қатты таңырқаған. Елеусіз, белгісіз жазушының ортақол шығармалары кімге керек. Сізді сыйлаймыз, бірақ қабылдауға негіз жоқ деген. Бәлкім, өз қолжазбаңызды өткізерсіз... "Менен гөрі тәуірірек жазушы тауып алыңыздар," – дедім қитығып. "Ол кім?" деп сұраған. "Ол – сіз менсінбей отырған Иман Қазақбайдың ұлтарағына жарамайтын Мүштар Мақанов!.." – дедім де, әңгімені үздім.
Сөйтіп, Иманның бар қағазы менде қалды. Ешкімге құны жоқ, тек маған ғана керек екен. Яғни, даусыз, толық, заңды мүлкіме айналған. Кейін, қол босаған бір заманда зерттеу, немесе естелік мақала жазсам пайдаға асар деп алдарқатам ғой өзімді. Содан соң... қайтадан ақтардым. Түгел емес, соңғы, толымды, он төртінші бумасын. Мен бұрын оқып-білмеген, бірі – кіші-гірім романға жуық, қалғаны орташа көлемді бес-алты хикаят. Әуелгі шимайымен қоса, кейінгі, рас, үстінен әжептәуір түзетілген, әйткенмен тап-таза дерлік мәшіңке нұсқалары да бар. Басқа томдардан айырмасы – көшірмектен шыққан екінші, үшінші даналарымен қоса, негізгі – бірінші даналары. Әдетте әуелгі дана, ішпегімен қоса, баспаға өткізілетін. Кенет... тас төбемнен Ньютонның тапқыр алмасы құлағандай, санам тарс етіп ашылды. Мен бұрын оқымағам деп тұрған шығармалардың бәрі де бұрын еш жерде жарияланбаған, жаңа дүниелер ғой! Жаңа болғанда, күні кеше, осыдан азғана бұрын өмірден озған Иманның соңғы кезеңде ғана емес, осыдан бес, он, бәлкім жиырма жыл бұрын таңбаға түскен, бірақ жарияға жол таппаған тың туындылары. Тұтас бір жинақ. Қайта тірілді деген осы емес пе!..
Жоқ, тірілмепті. Ойлап тұрсам, баяғы жабық жол сол қалпында. Бұрын жоспарлы іріктеу, мемлекеттік тексеріс, саяси цензура бар еді. Енді... қалталы қапшық шешеді. Кітап шығару үшін ақша төлеуіңіз керек. Қазір қаламгер жазған шығармасы үшін алмайды, береді, яғни пәленбай уақыт бойы тас қопарып, топырақ қазып, үлкен бе, кіші ме, ғимарат салсаңыз, сол, қоғамдық меншікке өтуге тиіс құрылым, табан ақы, маңдай тердің бодауына тағы қаншама қаражат жұмсауыңыз қажет. Жұмыс жасағаныңыз үшін ақы беру – ешкім таңырқамас әдепкі оқиға, табиғи заңдылыққа айналған. Орта көлемді кітапқа – орташа қызметкердің екі-үш жылдық жалақысы. Өз кітаптарымды әрең саумалап жүргенде, мейлі, данышпан, классик болса да көлденең ағайынға қалай септесерсің. Екіншіден... қақысын артығымен төлеп тұрсаң да, әдепкі халтура, өтірік естелік болса бір сәрі, мұндай орайсыз, оқыс, өлермен шығармаларды кім қабылдамақ. Ат, тонын тастап, көйлек-дамбалсыз тұра қашсын. Жалпақ жұрт алдында абыройдан айрылғаны ештеңе емес, ғұзырлы билікке жаманатта қалмақ. Жарайды, ақшасына қызығып қабылдасын, тәуекел деп шығарсын. Билікке жалғас, қалтасы қалың алпауыт баспагерге шаң жұқпайды екен. Арғы жағы тағы күмән. Еркіндік алып, нарыққа бейімделгелі кітап атаулыдан жеріп шыққан халық, хақ патшаға жағынудан, айбарлы әкімдердің қыбын табу, сасыған байлардың көңілін аулаудан басқа тіршілік қамы жоқ әдеби қауым, надандық пен парықсыздық жайлаған ағымдағы баспасөз қалай бағаламақ? Әуелі "еңбекшілердің" ұжымдық наразылығы, оған жалғас "зиялылардың", берісі – салалық министр, арысы – тура республика президентінің атына қаратылған шағым арызы, одан соң күнделікті ақпарат бетіндегі былғаныш науқан... Нәтижесінде, онсыз да есімі бұлдыр Иман Қазақбай қараңғы көрге біржола көміледі екен. Белгісіз шығармаларды жарыққа жеткізу талабынан бас тартуға тура келген.
Бірақ көңілдегі түйткіл тарқамаған. Озғын, өзгеше нұсқаларды ұмыта алмадым. Содан соң ойладым. Мен дәп осылай жазсам қайтер еді? Мейлі, жабыла арыздансын, алатер боп шапқындасын, – қырық бірдеңе жыл бойғы ойбай мен аттан, пәле мен жалаға үйренген ғазиз бас, нем кетіпті, нем кетеді? Тек жазу керек. Жазайық, жариялайық, одан соңғысын көтеріп аламыз. Иә, айтасың. Жазу... жазу болғанда, сыпыра сілтеген жойдасыз өтірік емес, тоңқаңдай тепеңдеген жайдақ жауыр да емес. Тіпті, көлденең кісінің өзі сүйсінер, суырыла шапқан сүйріктей тұлпар да емес. Ешкім мініп, түспеген, бас-асау тарпаң, желмен жарыса, қиядан өтіп, құзға салған тағы. Яғни, үйреншікті қалыптан тыс, алымды, арда-бұла үлгілер. Күні-түні ойладық, аласұра қиялдадық. Тап... падық. Құрыққа ілінгеннің бәрі шамалы. Анау – қисынсыз, мынау – қияли. Әне біреу – көтерем, міне біреу – құр көбік. Ешкімнің түсіне кіріп, өңінде көрмеген өзгеше сюжет ойлап табу мүмкін еместей. Бұлдыры түгілі елесі жоқ. Сен үшін. Ал Иман тапты ғой... Дәл сол сәтте манағы Ньютонның құрт жеп, сабағынан мезгілсіз үзілген көкшіл алмасы емес, баяғы өзіміздің алқызыл апорт шықыр етіп, бітеу, жалпақ төбеме соқпай, тура ашық аузыма келіп түсті. Эврика – таптық! Неше мың жыл бойғы жұмбақ болса да, қазір мектеп оқушысына дейін белгілі әлемдік тартылыс заңынан да оңай екен. Оп-оңай. Мен үшін Иман ойланып, жасап, қалыптап кетіпті ғой. Бірақ өз атына бекіте алмады, ғылымда ондай жағдайлар болған, кім алдымен қамтыса, атақ сонікі. Сонда мен бәсіре еншіме сұраусыз, талассыз, біржола берілген төрт қадақ қолжазбаны неге сүрлеп отыруым керек? Иә, шамалап тұрсыз, өз атымнан, өзімнің жазғаным ретінде жарияға шығарам. Сіз ойлағандай, Имекеңе обал емес, сауап. Біріншіден, ешқашан жарыққа жетпейтін, яғни жоқ есепті, белгісіз дүниелерге жаңа ғұмыр сыйлаймын. Ал қас қаламгер үшін ең бастысы – атақ, абырой емес, жазғанының жұрт алдына жол табуы. Екіншіден, өз басын арылмас дауға қалдырар пәле-жаладан арашалап әкетем. Үшіншіден мен – алдымен мемлекеттік баспада, содан соң жастар альманағында, қайтадан баспада, ақыры әдеби жуан журналда, жинақтап келгенде, жарты ғұмыр – тура отыз жылға жуық ұзақ уақыт бойы тежеусіз төре болдым, Иманның әуелде ешкім менсінбеген, кейінгі жұрт жаппай үріккен ғажайып шығармаларының басым көпшілігі менің қолымнан өтті, қолдадым, қорғадым, ең бір қиын сәттерінде сүйесін, демесін болдым, біздікі парыз десеңіз де, онікі – қарыз, енді онсыз да далада қалатын, макулатураға өткізбесе де, қоқыста тозатын бір кітабымен бар борышынан құтылады. Бәрін жинақтап қойғанда, жалғыз-ақ дәйек: өтті – бітті, енді оған бәрібір. Яғни, мен не қылсам да айыбы жоқ. Жете ме? Жетпесе, біздің ақтығымызға, адалдығымызға әлденендей күмәніңіз қалса, бәрібір кімнің жазғанын, кімнің көшіргенін айқындай алмайсыз, ендеше, біздің манадан бергі бар лепесімізді әдепкі көркемдік тәсіл деп тануға тура келеді. Бұдан бұрын да кітап оқыдыңыз, білесіз, Мен дегеннің бәрі – мен емес, Ол дегеннің бәрі – ол емес. Ол деген – мен, Мен деген – ол. Жазған – өзім, жариялап отырған да – өзім. Ал кезекті ойбай-сүрен, арыз-аттанның дүбірі... бізге жетпейді. Мен қазір алыс шет ел – Орталық Еуропаға қоныс аударғам. Бұл хикаят та сонда жазылып, сонда кітапқа шыққан. Сізге жетіп отырғаны – көлеңке, көшірмесі ғана.
Бұл хикаят деп жекешелеп отырғаным – Иманның тұйық кезде жазған, бізде дайын тұрған оспадар шығармаларының әуелгісі ғана. Ең бейкүнә, жеңілі. Өткен, біздің жұрт күні бүгінге дейін өкіре жылап, өкси жоқтап жүрген советтік тәртіп жүйесіне қайшы дерлік анау-мынау пәлекеттен ада. Бүгінгі егемен тажал, жетесіз жебірлерге де тікелей қатыссыз. Біз сөз басында бопсалағандай, шытырманы, шатағы және жоқ. Оңай жазылған, оңай оқылады. Қажып оқысаңыз, жазығы сізде емес, қалай жыласаңыз да қайтып келмес советтік оқу жүйесіндегі жалпақ жұртын ескі ертегімен жаңа заманға бұйдалап әкелген жазушылар қауымында. Бірақ біз, жоғары білімі болар, болмас, қарапайым қазақтың зердесіне сенеміз. Мына бізді абырой, атаққа жеткізген – анау, танымы төмен әдебиетші, әріптес қауым емес, бұзылмаған талғам, өзіндік пайым, парасаты бар осы Сіз болатынсыз. Біз, сенерсіз, сенбессіз, айттық және қайтпаймыз – дайын тұрған беймәлім бір топ соны туындылар ішіндегі ең жеңілін, зілсізін таңдап алдық та, он бес-жиырма күн қызықтап отырып, сол қалпында көшіріп шықтық. Ендігі кезектегі бар сөз Иманға тиесілі.
Айтпақшы, хикаятымыздың әуелгі, тума атауы – "Қилы тағдырлар" екен. Одан соң "Көлеңке", "Сыңар", "Астар"... Ақыры "Сүлде". Біз ешқайсысын мақұл таппадық. Бәрі де жөн, бірақ тақырыпты толық қамтымайды. Сондықтан өз тарабымыздан басқаша атауды жөн көрдік. "Жармақ." Яғни, бүтіннің бөлшегі. Екінші жарымы. Сөйтіп, ежелгі тіліміздегі тағы бір заттық атау қайта тірілді. Ең бастысы – жаңа шығармаға өз үлесімізді қостық. Бар өзгеріс те сол ғана. Қалғаны, тағы да айтайын, алғашқы жазылған қалпында. Тек шығарма атауы мен осы бастапқы, түсіндірме тарау ғана бізге тиесілі. Уақыт тауып, төзіміңіз жетіп, ақырына дейін оқып шықсаңыз, түгелімен бізге тиесілі болады. Және Сізге.
Ал, кеттік...
1
Бар кілтипан, кілтипан емес, пәлекет, жай ғана пәлекет емес, қайырылмас бақытсыздық, түп негізі бұдан тура қырық жыл бұрын сабақ тартқан қос айыр тағдыр сыры, нәтижесінде мені бүгінгі мүшкіл хал, шарасыз азапқа жетелеген адам сенгісіз оқиға жарықтың сөнуінен басталды. Кәдімгі, түнді түріп, төңірегіңді ашып тұрған әдепкі, жасанды жарық, яғни үйдегі электр шам. Мен кухняда шай ішіп отырғам. Түнгі ұзақ жұмыс алдындағы азғана тыныс. Ғылыми журналға өткізбек, орта ғасырдағы Дала тарихына қатысты көлемді мақаланың қорытынды бөлігін тәмамдап, басынан түсе түгел байыптап, біржола дайын қылуға тиіс едім. Шай үстінде тағы да толғанып, түйінгем. Көкжиегім кеңейе түскендей. Көлемді болса да, шектеулі мақала – ғұмыр бойы бітіре алмай келе жатқан үлкен шаруаның бір бөлшегі ғана. Жаңа бір тарих. Алдыңғының нұсқасы, кейінгінің сұлбасы бар. Бірақ тұтастай алғанда, бітіп тұрған ештеңесі де жоқ. Тым аумақты, айрықша ауқымды. Тиянақты, түбегейлі, мәнді, мағналы еңбекке айналуға тиіс. Мына, негізі ескі болса да, тұрғысы жаңа, көлемді мақала жаңа заманның ғана емес, менің өзімнің де жаңғырып, қайтадан күш алуымның бір көрінісі тәрізді. Қалай айтқанмен де, көңілім толып отыр. Еңсем көтеріліп отыр. Тынысым кеңіген, сенімім артқан. Бұл – өзгеше кезеңнің, өнімді еңбектің басы ғана деп білдім. Қайткенде де бүгін бітіріп, тезінен жарыққа шығару керек... Түйініп, бекініп, "әуп" демесем де, "алла" демесем де, сергек көтеріліп, орнымнан тұра бергенде жарық өшті.
Иә, жарық сөнді. Оқыс ештеңесі де жоқ. Тәуелсіздікке жеттік деген беймаза үш-төрт жыл орайындағы үйреншікті жағдай. Шылпара ыдыраған алып империяның қай тараптағы бөлшегі болмасын, аяқ, қолын жинай алмай жатқан. Нео-балшабектердің бассыздығы және жаппай талапай, бұқара жұртты жаныштаған таршылық, дефицит пен инфляция, адамның азуы, моральдың тозуы... Әйтеуір еліміз еркіндік алыпты-мыс дабырадан басқа көңіл алданар ештеңе жоқ. Пост-советтік басқа тараптың жағдайы тіпті қиын деседі, бірақ бұрынғы отандас, қазіргі тағдырластың сенен де ауыр соры – мұндағы ахуалды ешбір жеңілдетпейді. Әйтсе де, әуелде анық көрініс берген, баяғы зорлықпен колхоздасу кезеңіндегі ғаламат ашаршылық елесі енді бірте-бірте алыстай түскендей. Нанның қымбаттағаны, қанттың азайғаны, сабынның таусылғаны, қолдағы қаражаттың күлге айналып, айлық табыстың апталық тамағыңа жетпеуі – өткінші кезең деседі. Ал күн құрғатпай сөніп жатқан жарық мәселесі – ештеңе емес. Жарты сағаттан соң, төрт-бес сағаттан соң, ұзап кетсе, ертең кешке жағылады. Жана бере қайта өшсе тағы да уақасы жоқ. Бірақ біздің бұл жолғы қараңғылық – бұрын болмағандай. Жарықтың өзінің сөнуі басқаша көрінді. Білте шам сияқты жалп еткен жоқ. Электр шамына тән, үйреншікті жөнімен жарқ еткен де жоқ. Әлдебір тылсым күш жалмап, жұтқандай, шыңырауға, тұңғиыққа батқандай, дымсыз жоғалған. Бірден түпсіз түнек орнады. Тілсіз, саңылаусыз, меңіреу, шойын қараңғылық. Тыста ай тумаған, аспан бұлтты сияқты. Сол қара аспан төмен құлап, жер бетін тұмшалап басып қалғандай. Сыртқа қараған терезе үңірейіп көрінсе керек еді, түнекпен астасқан, ешқандай белгі, бедер жоқ. Тым құрса кең көшеден арлы-берлі өткен машиналар жарығы аңдалмайды. Терезе сыртқы жалпақ дүниеге емес, тура құрдымға бағытталғандай. Ал отырған үйіңіздің есік, қабырғасы жоқ, қараңғылық әлеміне тоғытылған. Төңірек түгел тылсым. Үйреншікті, нақты дүниенің жалғыз белгісі – астыңдағы орындық. Және алдыңдағы стол болса керек. Мен қармаланып, кесе түбінде қалған шайымды ішпек едім. Ештеңе ілінбеді. Кесе түгілі, сол столдың жиегі. Қолымды алға соза бере, іркілдім. Қараңғыда бірдеңелерді төңкеріп, бірдеңені шағып алармын деп, бұдан әрі ешқандай талап жасамадым. Бойым түршіксе де, түнекке асылған өз кейпімді қызықтап, азғана бөгелдім. Бар тиянағым – мана сылқ етіп, қайтадан отыра кеткен жалаңаш орындық еді. Бірақ бұлайша, белгісіз, дерексіз қалыпта қала беруге болмады. Орындықпен қоштасуға тура келген. Түрегелдім. Бұл жолы жайлап, қорғалақтап. Сол беті қайыра сыйпаланып едім, орындығым да әлдеқайда жылжып кеткендей. İздеп көрсем, тұнған тыныштық бұзылып, төңірегім түгел бүлінетіндей. Және іздеп қажеті де жоқ екен. Ендігі тірек, әдепкі әлеммен байланыс – өкшесіз ескі кебіске сұғылған екі аяқ қана. Жер басып тұрмын. Анық. Қара жер емес, үстіне линолеум төселген тас еден.
Қалай отырғаным есімде. Газды пеш, кранды астаушаға қарсы. Яғни, шығыс бетке. Одан берірек, көлденең қабырғада шағын ғана, тапалтақ мұздатқыш. Алдымда, айттым, дәл қазір бар-жоғы белгісіз, текше бұрышты, кішкентай ас стол. Оң қол – шығар есік. Микроауданның небәрі сегіз шаршы метрлік үйшік-кухнясы ғой. Енді сол кухнядан, яғни оң жағымдағы енсіз есіктен өтіп, ащы ішектей тар, бірақ қысқа дәлізбен қарсы қабырғаға дейін жүруім керек. Содан соң тағы да оңға. Менің жұмыс кабинетім. Өзімше айтқанда. Өйткені, үш қабырғасы, төрдегі жазу столының екі жағы, арғы қос бұрыш толған кітап – жарымы сөреде, жарымы жерде. Бергі, кухнямен жалғас қабырғада диван-төсек бар. Яғни, жатын бөлмеміз де осы. Әрі қонақжай зал. Алпысты алқымдағанда осындай кәріп жағдайға жеттік. Немесе, өзгеше бақытқа. Бір заманда үш бөлме үй болған. Және үш бала. Және бір әйел. Құдайға тәуба, балалар өсті, кетті. Бала болғанда, түгел қыз. Орындарын тапты, өздерімен өздері. Әйел де... жөнін тапты. Қартайғанда бизнесмен шықпақ. Әзіргі кәсібі – ала қап. Түркияға барады – тобымен тон әкеледі, Қытайға барады – тең-тең киім-кешек, кәкір-шүкір. Алғашқы жылы, аш-арықтан шығып, тұрмысымыз әжептәуір түзеліп қалған. Содан соң... мен сияқты табысы тапшы арамтамақты асырап-сақтау – артық шығын көрінген. Ала қапты жалғыз өзі арқалаудан қажыпты. Ғылым Академиясындағы, атағы дардай, ендігі ақшасы бұл әкеліп жүрген жалғыз дорбаның жарты құнына толмас, қадірсіз, қажетсіз, арам қызметті тастап, адал саудаға араласуым керек. Өз бетіммен ештеңе жасамаймын, селбесе еріп, бір басын екі еселеп, яғни әр жолы жеткізбек тауардың мөлшері мен орайлас пайдасын екі есе өсіріп. Мен ала түгілі, тарғыл қап арқалауды намыс көрмеймін, бірақ өзім ғылым есігінен сығалаған отыз бес жыл бойы ойға келмеген, яғни барлық жолы жабық болған ежелгі қазақ тарихына қатысты түбегейлі зерттеуге – жаңалықты мақала, жан-жақты монографияларға кірісуім қажет еді. Соныдан бастамаймын, бұрында үзілген, тоқыраған, жеріне жетпеген еңбектерімді жаңғыртып, тереңдетіп, аясын, аумағын кеңейтіп, жаңа бір өріске шығам. Тәуелсіздік келді, тарих – бостан, сөз – еркін. Әлемнің көкжиегі жаңа ғана ашылған. Қалай ғана қиып тастарсың. "Или – или!" – деді қатын. Не алай, не былай шығасың. Мен алай да, былай да шыққам жоқ, өз орнымда қалдым. Тек тұрғын үйім ғана ауысқан. Үш бөлмені айырбастап, екіге жардық: әйел өзіне лайық үлкен үлес – екі бөлме, маған осы аядай, ұядай бір бөлме. Әрине, сәйкесінше, кіп-кішкентай кухня, тізең әрең бүгілетін туалеті, арқаңды ыссаң, шынтағың қабырғасына тірелетін, астауы әрең сыйып тұрған ваннасымен. Кітап атаулыны түгел өзің аласың, сонда тепе-тең шығамыз, деген, әділдік жолын қалаған қосағымыз. Шынында да, заң жүзінде ортақ шаруашылық, жартысы маған деп жармасса қайтетін едім. Екі бөлмесімен қоса, өзінен де, сөзінен де құтылдым. Тіпті жақсы болды. Толық еркіндік, тып-тыныш оңашалық. Бар табысым бір басыма жетпейтіні рас, бірақ осы қалада тұратын үлкен қызым ара-кідік жарым қадақ май, бірер асым ет дегендей, қолында барын әкеп тастап тұрады. Алмасаң ренжиді, қысыла тұрып қабыл көресің. Қыздың жанашырлығы мол екен, ұлым жоқ деп іштей қамығушы едім. Шынында, осындай азғана көмек болмаса, қара нан, қара шаймен аштан қатуым анық еді. Ал әйелдің көмегінен бас тарттым. Үнемін өз үлесіне қоссын. Байысын. Мүмкін, елуді алқымдаған шағында, өзіндей іскер, ала қап арқалауға машыққан, лайықты бай табар. Қайта айналып келіп сорымды қайнатпаса. Әйтсе де, келмесіне, молынан кеткеніне сенем. Сонымен, рақат тіршілік кешіп жатқам. Шамның сөнуі де ренішсіз, әдепкі жағдай. Тек бүгін... аз-маз тосырқап тұрғаным болмаса.
Тосырқау... немесе, үрейге жақын дағдарыс. Рас, жарық жоғалған сайын абдырайтын едім. Қараңғылықтан қорыққаным емес. Жасап жатқан жұмысың еріксіз үзіледі. Шарасыз іркіліс – бір күндік бөгесін үстіне, үлкен шаруаны, қалыпты жұмыс ырғағын бұзатын көлденең кесел. Ақыры, мұның да емін тапқандай едім. Жазу столымда жуан майшам тұр. Түбінде сіріңке. Баяғыда, бала кезімізде, ауылда, кәресін кейде бар, кейде жоқ, пиала шам жанбай қалғанда, кешкі сабағымызды кез келген шұқыр, кішкентай ыдысқа, көбіне төңкерілген сынық кесе түбіне жасалған майшаммен оқыдық қой. Қолдан ширатылған білте орнатып, ерітілген тоңмай құйылған жабайы шырағданмен. Ал мынау – онымен салыстырғанда самаладай. Қайткенде де басқа амалың жоқ. Кейінбесең, тарынбасаң болғаны. Тұтатасың да, бабымен күнделікті жұмысқа кірісесің. Электр шам келер сәтте қайтадан тірілуі мүмкін. Немесе бірер сағаттан соң. Жана сала, көп ұзамай, қайта өшуі тағы оңай. Мейлі, жанбай-ақ қойсын. Бәрібір жұмысың шорт үзілмейді. Сірә, бүгін де осы майшамға сығыраятын сияқтымын. Тек... жұмыс орныма жетуім керек. Мына ұйыған қою қараңғылықта. Рас, газды пештің жақтауында сіріңке тұр. Бірақ оған жеткенше, сыйпалап жүріп тапқанша... кабинетке шығуым әлдеқайда жеңіл.
Сонымен, орнымнан тұрдым. Аз ба, көп пе, амалсыз дағдарыстан кейін, қалтиған күйімде екпетімді оңға бұрдым. Екі, әлде үш қадамнан соң кухняның енсіз, тар есігі. Екі қолымды екі тарапқа қармаланып едім, жақтау, қабырға – ештеңе ілінбеді. Тағы бірер қадам бастым. Төңірегім түгел қуыс сияқты. Өтіп кеткен болдым. Енді жайлап, тура жүру керек. Бес, алты қадам. Жеті... сегіз қадам жүрдім. Қарсы қабырғаға тірелмедім. Сірә, қиғаш кеткен тәріздімін. Енді жүрсем, бірдеңеге соғылуым мүмкін. Онсыз да көрдей қараңғыда көзімді жұмып, азғана бөгелдім де, оңға бұрылдым. Тоқсан градусқа. Содан соң, бағытымды біржола түзеу үшін тағы да азғана – жиырма, жиырма бес градусқа. Енді өзім кабинет деп атайтын жатын, демалыс – универсал бөлменің есігіне болмаса да, қабырғасына тірелуім керек. Одан кейін әрлі-берлі сипаланып жүріп ішке кірем де, бұрынғыша қармаланып, жазу столыма, яғни түнекті түріп, жарық дүниеге қайта енгізетін шырпы мен шамға. Бір қолымды алға, бір қолымды көлденең созып, екі аттадым. Есік. Оң қолым алды қуыс жақтауға ілінген. Сол қолымды жазып едім, тар есігім өлшеусіз кеңейіп кеткендей, екінші жақтауға әрең тиді. Кең қақпаның қақ ортасында, құлашымды кере созып, азғана тұрдым. Сырлы, беймәлім, жат есік. Бәлкім, ар жағында... әлдебір тарихи романдағыдай шыңырау зындан. Мен шошына сескеніп, бөгеліп қалдым. Аттасам ба, аттамасам ба... Ақыры бойымды жиып, оң қанаттағы жуан, жалпақ жақтау, өлшеусіз қалыңдап кеткен салқын қабырғаны құшақтай сүйеніп, сол аяғымды көлденең созып, түртінектеп көрдім. Еден тәрізді. Қисая жамбастап тұрып, одан арғы азғана жерді тағы байқастадым. Ойық жоқ, апан, зындан жоқ. Бірыңғай, теп-тегіс. Кәдімгі еден. Тек линолеум төселген жылмағай емес, әлде кілем, әлде түкті палас... Басым айналғандай, тағы азғана кідірдім. Содан соң өзіме өзім күлдім. Сірә, ауыса бастаған шығармын. Немесе, жалғыздықтан, тұрмыс талқысынан есеңгіреген. Түсім емес, өңім. Жаңа ғана жарық сөнді. Алақандай жерде адастым. Енді өзімнің, жатын дейсіз бе, кабинет дейсіз бе, екі жылдан бері бауыр басқан үйреншікті, меншікті бөлмемнің табалдырығында тұрмын. Осылай, таң атқанша тұруым керек пе?.. Бір қолымды есік жақтауынан айырмаған қалпы, алға қарай нық аттадым. Екінші аяғымды жидым. Қолымды жақтаудан босатып, қалт тұрдым. Күзеттегі салдаттай. Содан соң демімді ішіме тартып, жайлап тағы бір аттадым. Сол сәтінде жарқ етіп шам жанды. Мен еріксіз қарығып, көзімді көлегейледім.
2
Жарқ етіп шам жанды. Мен көлегейлеп, көзімді жұмдым. Сол сәтінде құлағыма даңғыр-дұңғыр музыка, дабыр-дұбыр дауыстар жеткен. Көзімді ашып, қолымды көтере бере, қайтадан қорғандым. Жарық – менің бөлмемдей, жібінен салбыраған жалғыз шам емес, сансыз шам – самсаған жарық. Аумағы ат шаптырым дерлік кең сарайдың кірберіс босағасында тұр екем. Төбе толған әсем өрнек, әрқилы кейіпті, бір емес, қатарласа жамыраған әлденеше шаңырақ люстра, хрусталь моншақ, ұзынды-қысқалы салпыншақтарға шағылысқан алтынды, күмісті, қызғылтым, көгілдір, ақшаңқан нұрдан көз тұнады. Төрт қабырға – алтын кәсекті, ескілікті, арғы, бергі заман суретшілерінің әрқилы туындылары. Еден – есіктен төрге дейін, түгі тусырылған, бөлек-бөлек емес, біртұтас, көк-ала қалы кілем. Осыншама сәнді, кең сарайдың іші толған салтанатты қауым. Біразы төрде – ақ дастарқанды дөңгелек столдар басында. Енді біразы – көбіне жастар, топырлата билеп жүр. Ерекше жағдайдағы өзгеше бір мереке тәрізді. Кенет... төрдің төбесінде, биігірек құрылған ұзыншақ дастарқан үстінде, қақ ортада күлімсірей еңселеніп отырған... екі жағында үш-төрт кісіден, әйел, еркек, олар да бай мен бәйбіше – нағыз марғасқалар екені аңдалады... сол үлкендердің үлкені, шын орталық, ең басты адамға... көзім түсті. Мен – менің өзім отырмын қақ төрде. Той иесі, осыншама жұртқа мол дастарқан жайылған думанды, мерекелі салтанаттың басты тұлғасы – мына мен екем!..
3
Мен өзімнің одағай ахуалымды – мұндағы тұрысым, андағы отырысым – істің мән-жайын аңдап, байыптап үлгермедім, қарсы алдымда ұзын бойлы, кең иықты, үстінде сұрғылт, ықшам киім, белінде тапанша, қолында радиотелефоны бар, рәзеңке таяқ па, әлде өзгеше қару ма, тағы да бір салпыншақты, суық жүзді жас жігіт пайда болды. Биші, тойшы қауымнан, ең бастысы – төрдің төбесіндегі қожайыннан тасалай берген.
– Сіз кімсіз? – деген, ысылдай дік етіп.
Жауап күтпеді, мені кеуделей ысырып, жаңағы кең қақпадан өткеріп, дәлізге шығарды. Дәліз дегенім – ауызғы бөлме, бөлме болғанда, жоғарыдағы ақ сарайға жете-қабыл, сәнді, салтанатты, тек той дастарқаны жасалмаған, ортасы бос, шет қабырғаларға жұмсақ диван, үлкен креслолар қойылған кіші сарай екен.
– Сіз кімсіз? – деді күзет сақшысы сол қатқыл қалпында. Енді еркінірек. – Қайдан келдіңіз, қалай кіріп кеттіңіз?
– Мен өз үйімде... – дедім тұтығып. – Ешқайдан келгем жоқ, өз үйімде...
Сақшы маған байыптап, таңырқай қарады.
– Аты-жөніңіз?.. – деген содан соң сыпайырақ әуезбен.
– Мен... мен – Мұрат Қазыбеков... – дедім.
– Әкеңіздің аты...
– Бейсен. Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков.
Енді сақшы мүлде абдырады. Мені қолымен жасқап, қозғалмай тұра тұрыңыз дегендей белгі берді де, екі-үш қадам шегініп, қырындай бұрылып, қолындағы редиотелефон арқылы әлдекіммен, сірә, бастығы болса керек, қысқа сөйлесті.
Келер мезетте бірі сақшы киімді, төртпақ, екіншісі костюм, галстукті, қозықарын, дембелше – екі жігіт жетіп келген. Үшеуі азғана тілдесті. Үшеуі емес, әуелі дембелше – еңгезер сақшымен. Иә, қимылы еркін, тұрысы өктем, бастық болды. Маған қатысты істің мәнін екі қайтара пысықтап сұрағаннан соң, алға қарай аттап, бет-бейнеме бажайлай қарады да, жылы жүзбен, қол беріп амандасты.
– Біз сізді өз бөлмеңізге апарып салайық. Қай қабат еді?
– Екінші қабат, – дедім мен еріксізден.
– Екінші қабат... Біз сол екінші қабатта тұрмыз. Мұнда... қабылдау бөлмесі және салтанат сарайы. Мүмкін үшінші шығар? Әлде төртінші?
– Мен қай қабатта тұратынымды жақсы білем, – дедім. – Жаңа, жарық сөнгенде адасып...
– Жарық сөнген жоқ, – деді сақшының кейінгі, төртпағы. – Ал сіз...
Сақшылардың әуелгісі, сірә, ортаншы бастық, маған тәуірірек көрінген зор жігіт қолын көтере бере, алақанын тосып, кішісін тоқтатты. Ал үлкені... қозықарын дембелше менің иығымнан қағып, жымиып күлген.
– Адасып кеттіңіз... Сірә, аз-маз сырқаттанып жатқансыз ғой. Немесе, мына үлкен мереке құрметіне, ептеп...
– Сіз менің басымды ауыртпаңыз, – дедім шынымен ыза болып. – Мен ішімдік атаулыны татып алмайтын кісімін. Ақыл-есім түзу. Ғұмыры ауырып көргем жоқ. Мені кім деп тұрсыз?!
– Ағасы, кейімеңіз, – деді үлкен бастық мені өзімсіне құшақтап. – Сізге ешқандай күмәніміз жоқ. Әйткенмен, ініңіздің мерейтойында... Дос-дұшпан демейік, қаншама көлденең кісі бар...
Қалт бөгелдім. Менде бірге туған, тіпті, немере, аталас аға-іні, апа-қарындас болған емес. Жалқы туғам, жалғыз келем. Осы тұрған бойым. Сонымен қатар... әлдебір белгісіз түйсік... Мына мен, иә, менің өзім... сыртта емес, іште, тойлы сарайдың қақ төрінде қасқайып отырған сияқтымын. Мен отырмын!
– Өтіп жатқан – кімнің тойы екенін білесіңдер ме? – дедім кенеттен, көмейіме өзім де ойламаған өзгеше лепес тығылып. – Анау – осындай тойдың төрінде салтанат құрып отырған – мына мен!
Той төрінде мейірленіп отырған қалпымда, түр-тұлғама қарадым, – әлбетте өз көзіммен: үстімде көнетоз көк халат, аяғымда арты тозған киіз кебіс, өзім, – төрдегі төремен салыстырдым, – түрім аумағанмен, өңім жүдеу, әрі… Жоқ, той – менікі! Манағы талап, бұйрық есепті қатқыл сөздерден соң сәл-пәл абдырап қалған үлкен бастыққа тіке қарадым:
– Той – менікі! – дедім. – Барам, отырам, көрем!.. Егер дәл осы қазір маған өзіме лайықты құрмет жасамай, далаға сүйремек болсаңдар, арты үлкен шатаққа айналады!
– Онда... – деді бастық азғана аңырап барып, зорлана жымиып, – тыныш отырсаңыз...
– Отырам, – дедім. – Тыныш отырам. Көремін, ішемін, жеймін! Солай! Кім деп тұрсыңдар мені?!
– Жөн, – деді үлкен бастық. – Тек киіміңіз...
– Байға тай мінсе де жарасады, – дедім, ыржиып күлген кейіпте. – Киім бізден қалған. Әйткенмен, ыңғайсыз болар, үйге барып, костюм киіп...
– Жарайды, оған уақыт тар, – деді Үлкен тағы да өзімсіне, иықтан қағып. – Сендер жүре беріңдер, – деді екі сақшыға. – Тек... сұқ саусағын ерніне тигізді. – Қазір де, кейін де. Ал бүгін, тойдың ақырына дейін ақсақалды бағып-қағу, бар күтімі сендердің мойындарыңда... Енді, ағасы, – деді содан соң маған. – Енді тойға өзіңізге лайық кейіпте, сақадай сайланып барасыз... – Мені қолтықтап алды. – Төменге түсейік.
Төменге әдепкі баспалдақпен емес, мен бұрын көрмеген, шынылы, тап-таза лифтімен түстік. Жарқыраған әмбебап дүкен. Әрине, ат шаптырым, көл-көсір. Пальто, тон. Көйлек-көншек. Костюм, күртенің неше атасы. Бір сөзбен айтқанда, қымбат киім-кешек. Уақыт кешкіріп кетсе де, әлі жабылмаған екен. Кісі қарақұрым емес, әйткенмен әжептәуір. Негізі қалталы аларман сияқты, таңдайды, өлшейді, тамашалап жүреді, касса алдында есеп айырысып жатқаны да бар – сауда тоқталмаған. Бастығым мені дүкен аралатқан жоқ, түкпірдегі бір бөлмеге алып барды. Орта жастағы, толықша келген, сүйкімді әйел отыр екен.
– Гүлжан апай, – деді менің қамқоршы бауырым. – Мына біздің ақсақалға бүгінгі кешке жақсы киім керек, – деді. – Қара смокинг... – Мені бастан-аяқ бір шолып шықты. – Қара смокинг – елу екінші өлшем, үшінші кесім, ақ көйлек, жағасы... отыз тоғыз, қара, жоқ, иә, қара көбелекше, содан соң қара туфли, қырқыншы размер...
Меңгеруші әйел ықыласпен орнынан тұрып, мақұлдап басын изегенмен, маған таңырқай қарап, бөгеліп қалып еді.
– Бұл кісі аз-маз сырқаттанып, емханада жатқан еді, сұраусыз шығып кетіпті, енді тойдан қалмаймын деп тұр. Өзіңіз де түсінесіз ғой, – деді. Гүлжан апайы әлі де түсіне қоймаса керек, – Шефтің есебіне жазасыз, – деді. – Бұл кісінің аты-жөні Мұрат Бейсенович Қазыбеков. Енді ұқтыңыз ба? Осы бәріміздің ағамыз!
4
Мұздай киінген қалпымда салтанатты сарайға қайтып әкелді.
– Ғафу етіңіз, – деді қамқоршы інім. – Сізге қай стол бекітілгенін білмеймін. Сірә, келмейді деп, белгілемеген шығар. Жоғарыдағы орындарға отырып қойды. Мына жастар жақта... артқа сақталған бір орын бар еді...
– Маған сол шет жақтың өзі жақсы, – дедім. Манағы күмән елесі тарқамаса да, сенім молайған. Әуелде қалтыраған жүйкем түгелімен қалыбына түскен.
– Тек бөтен мінез көрсетпеңіз, – деді қамқоршым. – Бізге де тыныштық керек. Білесіз ғой, жұмыс... Және бейсауат әңгіменің қажеті жоқ. İніңіздің абыройы үшін...
Мен келіп төменгі жағынан, төрге қырындай жайғасқан, сәл-пәл шеткерірек, мол дастарқанды, он кісілік дөңгелек стол – жастар екен, бөтен әңгімеге ешқандай зауықтары да жоқ, өз қызығы өздерінде, мен келіп отырған кезде бет-жүзіме таңырқай қарады, содан соң бұрын көрмегендей, жаңа танығандай, төрдегі той иесіне көз салды, маған қайыра қарады да, ризашылықпен жымиып, жаппай жамырамаса да, үлкен құрметпен орындықтарынан тұрып, коньяк, виски, таза арақ, ақшыл, қызыл түсті шарап құйылған рүмке, фужерларын көтерісіп, менің апельсин шырыны толтырылған сары бокалыммен соғысты, "Сіз үшін және Марат Бейсенович үшін!" – дескен.
Өстіп, төрде отырған той иесінің аты-жөнін білдім. Мен – Мұрат. Ол – Марат. Бейсенович. Бейсенұлы. Әрине, сойы да бірдей – Қазыбеков. Марат Бейсенұлы Қазыбеков! Енді таныс-бейтаныс бауырым... әлде сыңарым... әлде жын-шайтан... қайткенде де мына жұрт маған теліген, күмәнсіз туысқа балаған өзгеше кісіні байыптап, бажайлап тексере бастадым. Қиғаш отырмыз. Бергі жақтағы, қалыңшаш, жауқабақ, марлат жуанға бұрылған кезінде ғана тіке көрем. Манағы, екпіндей келіп, аңырып қалған күзет сақшысы, одан кейінгі, мен туралы тым тәуір ойламаса да, сөзімнен ыққан, бар кейпіммен қабылдап, мұздай киіндіріп, той дастарқанына әкеп отырғызған, сірә, атқарушы төраға, немесе бас менеджер, мұндағы, әуелде таңырқаса да, қолма-қол жуасып, ізет, ілтипатпен қарсы алған абыр-дұбыр жастар – көзі көрген кісі атаулының шатыспауы мүмкін емес екен. Тура менің өзім. Яғни, айна-қатесіз, аумаған сыңарым. Дюманың көпке танымал бір романындағыдай, екеуіміздің орнымыз ауысып кеткен жоқ, және туа сала тағдыр екі айырмаған. Сонда не?..
Кенет... Мараттың арғы, оң жағында отырған келісті бәйбішеге көзім түсті. Әуелде құлағындағы, көгілдір, қызғылтым нұр шаша құбылған гауһар сырғасын ғана аңдаған едім. Енді аппақ бетін бері бұрып, күйеуінің әлдебір сөз, кеңесіне мейірлене жымиып, еңсесін жазғанда қапысыз таныдым. Жүрегім зырқ ете түскен. Бұл... бұл – қазір елу... елуге ілінсе де, отыз бестегі толықсыған келіншектей көрікті, бағлан әйел... – баяғы Балжан еді. Менің армандағы ғашығым. Жаз шыға қосыламыз деп, қалтқысыз табысқан қалыңдық. Шешуші, алмағайып сәтте, бір-ақ күн, бас-аяғы жарым сағатта зым-зия жоғалып кеткен, содан бері, ғұмыр бойы көкейімде тұрған қасірет-мұң. Бетінен нұры төгілген қайран Балжан... Мең-зең күй, жарым көңілде, жүрегіме қайғы құйылып, езіліп, жаншылып барам. Кенет... Балжанның қасында Анау емес, Өзім отырғандай, бойыма тәтті жылу тарады. Айрылмаппын. Арманыма жетіппін. Балжан басқаға кетпей, өзіме бұйырыпты. Енді міне, бар ғұмырды бірге өткеріп, иық сүйесе, қатар отырмыз...
Тағы да ауыса, алжаса бере, есімді жидым. Балжанның қасында отырған – Мен емес, Анау. Мен – мұндамын, белгісіз ортаға адасып келген. Дәп солай... Өзімнің ерекше ахуалымды байыптау керек еді. Бірақ мен Балжаннан көз айыра алмадым. Менің Балжаным. Менің... Жүзінде мұңды мерей бар Балжан қайтадан алыстап, менің жанымда емес, бөтен кісінің қарауында отыр. Салқын, бейқам қалпы, қатарындағы жас келіншекке бұрылды. Балжанның бойынан байсалды, қазақы сұлулық танылса, онымен жымия күліп, шүйіркелесіп сөйлесіп кеткен уыздай келіншек – бүгінгі заманның аруы еді. Шүйке бас, аққу мойын, тәкаппар. Жазық маңдай, балғын иекті қырмұрын. Артық әшекейсіз, бірақ талғаммен, сәнмен киінген. Балжанның қызы ма деп едім.
– Біздің шеф көреген экономист, алымды бизнесмен ғана емес, ғажайып саясаткер ғой, – деді менімен көршілес отырған жібек жағалы қара смокинг киіп, ақ көйлегіне теңбіл-сары көбелекше таққан томпақ жігіт, әуелі маған, содан соң қасындағы қуыршақтай келіншегіне қарап, сыпайы күліп алып, дастарқандас басқа жігіттерге. – Біз жалғыз әйелді әрең игеріп жүргенде, ол кісіде – бәйбіше, тоқал. Және басқа жұрт сияқты астыртын емес, көпе-көрнеу. Тіпті, жұртқа жариялап тоқал алғандардың өзі осылайша, бәйбішесімен қатар отырғызып қоя алмас еді.
– Шефке күмән жоқ, – деді қияқ мұртты екінші жігіт, қасындағы көкиген, орысбайлау келіншегіне қарап алып. – Біздің Балжан жеңгеміз осыншама ақылды болмаса...
– Алдымен осы Мәке-ағаның дәрежесіне жетіп алыңдар, – деді үнсіз күліп отырған үшінші жігіттің, желке шашын сәнмен түйген кербез келіншегі. – Бізді бар жағынан, толық қамтамасыз етіңдер. Бала-шағамыз өсіп-жетсін. Сонда, бәлкім, біз де Бал-жеңгеміз сияқты ақыл табармыз...
Бәрі қоса күлді.
– Сіз қалай қарайсыз, аға, – деді маған әуелгі, беті томпақ жігіт. İшім отқа оранып отырса да, еріксіз күлдім.
–Мен біреудің өзін ұстай алмадым... Балжанның жөні бөлек қой...
–Аға дұрыс айтады, – деді манағы кербез келіншек. – Жігіттер, бәрі де әйелдің арқасы, мойындау керек. Ал енді... осы Бал-жеңгеміз үшін ішейік...
Жастар ыдыстарын соғыстырып, қайтадан жамырай гуілдесіп кетті. Иә, Балжан... Өзгеше еді ғой. Қазір де өзгеше. Балжан қыз, Балжан келіншек, Балжан бәйбіше. Аттас емес, сол Балжанның өзі. Өзі екен!
Ал Марат... Сыңар емес. Ұқсар емес. Мен. Марат деген – мына мен. Мұрат. Есімінде жалғыз-ақ дыбыс алмасқан. Қалғаны – түр-тұлға, бәлкім, болмыс-бітіске дейін ешбір айырғысыз. Басқадай өзгеріс... – ондағы емес, мендегі уақыт таңбасы екен. Бүгінгі Марат – мына менің бұдан екі-үш жыл бұрынғы, таршылыққа түспей тұрған кездегі кейпім. Шашы, қасы қап-қара. Беті, сірә, мендегі әжімсіз. Және дәл мендей арық-тұрақ емес, баз біреулердей быржиған, сытырлаған семіз де емес, шақпақ еті бойындағы жарау аттай қунақ. Әрине, молшылықта ғұмыр кешіп жатыр. Асы дәмді, нәрлі. Таңдап, талғап ішеді. Бүгінгі байлардың бәрінің де жетіскен дәстүрі: гольф ойнайды, аңға шығады, шалғай курорт, таңдаулы демалыс жайлары, тұрақты ем-дом, серігу, сауығу шаралары. Содан соң... қол жеткен бар байлығын сақтау, мүмкіндігінше одан әрмен ұлғайтудан басқа қам-қайғысы жоқ, жаны тыныш. Тыныш болғанда, дүниауы тіршіліктен тысқары ештеңемен басын ауыртпайды. Ұлттық мүдде, елдік мұрат, ұрпақтың болашағы... – бәрі де бос сөз, күл болмаса бүл болсын. Өз мүддесі, өз мұраты ғана бар. Ал болашағы айқын. Сәулелі, нұрлы, даңғыл. Қамсыз, қапасыз ғұмыр. Маңдайына жазылған. Оның. Ол деген... – мен екен ғой. Сонда мен дегенім... кім? Қайтадан көзім бұлдырап, санам тұманытып бара жатты. Манағы түнек қараңғылық басқан үрейлі, сұрықсыз бөлмеме қайтып оралғандай, мең-зең болып азғана отырдым. Осының бәрі түсім шығар деп ойладым.
Түсім... емес екен. Келер мезетте дүние қайтадан жарқырап ашылды. Сапырылған би, ың-жың музыка, у-ду топыр тоқталып, жұрт тегіс дастарқан басына үйірілген екен. Заржақ тамада... – қазақ тойының жүргізушісі әрі ұйытқысы саналатын асаба – мұнда біреу емес, үшеу көрінеді. Бір еркек, бір әйел және орыс жігіті. Яғни, әуелгі екеуі қазақ. Зарлап емес, жарлап, сәнмен, салтанатпен, бірінің лепесін екіншісі қуа жалғастырып, орысша-қазақша, толғай күңірентіп жатыр. Қазақтың ең үлкен асы келіпті. Ет қой баяғы. Ең үлкен астағы ең қадірлі сияпат – бас. Бұл бас – ауданымыздың және орталық қаламыздың мәртебелі басшысына лайық. Енді асқа бата, ұлағатты сөз алдында, осы кісінің құрметіне – музыка!.. Әлде қалмақ, әлде сыған, әлем-жәлем киінген жалбырбас, қожалақ жігіт сахна сыртынан атқып шығып, далбырлап, теңселіп, еңкейіп, шалқайып, қисайып, бүгіліп, жер тепкілей селкілдеп, шыңғыра ұлып, өкіре мөңіреп, орыс па, орман ба, әлдебір сұрықсыз әуезбен көкірегіңді аралап, төбеңді бұрғылай бастаған. Бірақ ұзаққа бармады. Мана, аты аталып, сөз берілгенде орнынан көтерілген бастық, – той иесінің сол жағындағы дүңкиген жауқабақ қолын көтеріп еді, даңғыр-дұңғыр балтамен шапқандай, қалт тиылды. Әншінің желбіршек қос қанаты ербең етіп жайылған күйі ауада ілініп, аңыраған үні созыла бере, ортасынан үзіліп тоқтаған. Бастық жауқабақ қана емес, ызбарлы, кеуделі кісі екен.
– Ғафу етіңіз, – деді тамағын кенеп алып. – Маған артық құрмет жасалып жатыр. Аудан әкімі – Жәкең, мен небәрі сол кісінің көмекшісі есепті, маған осы орталық қала ғана қарайды; ал енді бәрімізге сыйлы, мәртебелі әкім мырза облыс орталығындағы үлкен әкімшіліктің, премьер-министрдің өзі қатынасып, өзі басқарып өткізетін төтенше әрі маңызды жиналысына кетті, әйтпесе бүгін мына төрде отырар еді. Жалғыз Жәкең ғана емес, облысымыздың, үлкен қаламыздың басшы азаматтарының біразы сол жиналыста, әйтпесе, олар да құрметті қонақ болар еді. Жаңа айтқанымдай, мына мен небәрі өзіміздің осы Мәркент ауданының әкімі Жәкеңнің әмір-жарлығын, яғни юбилярға арнаған құттықтау сәлемін жеткізушімін. – Демігіп, аз-маз бөгеліп, алдында тұрған сусыннан бір ұрттаған. Көмекші ме, қызметші ме, төменшектеп тұрып ұсынған қызыл пәпкіге қол созды.
– Бәке, – деді бастықтың алдындағы микрофонға иектеген Марат. – Сіз біздің күннен күнге көркейіп келе жатқан, қазірдің өзінде облысымыздағы маңызды бір бизнес орталығына айналған қаламыздың әкімі ғана емес, ауданымыздың абыройлы басшысы, бүкіл республикаға танымал Жәкеңнің өзінің бірінші орынбасары боласыз. Яғни, үлкен тұлғаның оң қолы. Өзі болмасаңыз да, көзі деп қабылдаймыз. Бізді елеп-ескеріп келгеніңіз үшін, мерейімізді көтеріп, төрімізді көркейтіп отырғаныңыз үшін сізге мың да бір рақмет!..
Бәкең ұлықтана жымиып, ризашылық білдірді де, көзілдірігін киіп, баптанып тұрып үлкен әкімнің құттықтау хатын оқуға кірісті. Қалыпты дәстүр ыңғайындағы мерекелік құжатта Марат Бейсенович Қазыбековтың еңбек жолы, атқарған барлық қызметі еске салынған екен. Ғұмырбаян шежіресі мерейтой иесінің жарық дүниеге келуінен басталыпты. Сол жылы, сол ай, сол күні сол жерде, сол ата-анадан туғам... туған. Мектепті алтын медальмен бітіріп, университетке түс... кен. Тарих факультетіне. 1961, яғни дәл сол жылы қызыл дипломмен, үздік бітір... ген. Аспирантура... Бірақ аспандағы ғылымнан жердегі нақты еңбек жолын артық санап, біткен, қорғағалы тұрған жұмысын кейінге шегеріп... басқа бір, өнімді, ұтымды, халыққа да пайдалы жаңа жол тапқан көрінем. Яғни, мен емес, Анау. Осы кезден бастап менің, яғни Мұраттың бар өмірі сыртта қалады да, оның, яғни Мараттың басқа бір тағдыры қиялай тартылады. Қалай тартылса да, өзімнің жалғасым екен деймін. Сонымен Марат ауылға, ауыл болғанда, туған жеріне емес, қайын жұртына, осы облыс, осы ауданға келген. Мұндағы ел жігерлі жасты жатырқамай қабыл алады. Ал ол, яғни мен... өмірді тереңірек тану үшін... қойшы әйтеуір, ит мініп, ирек қамшылап, бүгінгі күнге жетіппін. Енді міне, атақты бизнесмен. Біздің, небәрі қазақы, шалғай аудан орталығы болса да, үлкен бизнес ұйытқысына айналып бара жатқан Бәркент... әлде Жәркент, Сарқант, жоқ, ...кент, ой, тәйірі-ай, Мәркент еді ғой, иә, Мәр... кенттің тұғыр, тіректерінің біріне айналған. Ауданға ғана емес, бүкіл облысқа танымал екем!.. Өз өмірбаянымды өзімнің есіме түсірген ресми құттықтаудан, вице-әкімнің одан соңғы қосымша сөзінен, кейінгілердің үстеме мадағынан жинақтап, қорытып ұққаным – басыма сыймайтын, өзім де сенгісіз ғажайып еді. Біз Балжан екеуіміз үлгілі шаңырақ иесіміз. Төрт бала тәрбиелеп өсіріппіз. Үлкен ұл – әлдебір банктың төрағасы. Бүгін әлгі атаулы жиыннан шыға алмаған. Одан соңғы қыз – шет елдік әлдебір алпауытқа ұзатылған. Жер шалғайлығынан емес, жас сәбиіне қарайлап, бүгінгі тойға келе алмаған. Кіші екі қыз – олар да алыста, республика президентінің арнайы "Болашақ" программасы бойынша, Америкада оқып жатыр екен. Бәрі де халқының абыройлы, ауыр жүгін арқалап жүрген әкелерінің тойына арнайы құттықтау жолдапты. Бұл тарапта басқа, әзірше кенже, тағы бір ұл бар екен. Әкесінің жолын қуатын нағыз бизнесмен болады, бесіктен шыға сала қаз тұрды десті. Қошамет сөздер ыңғайына қарағанда, ақыр түбінде үлес салмағы басқа балалардан асып түсетін сияқты. Кейбіреулер басқа бас қосылсын, сүткенже – алда деп жатты. Жас тоқал, әрине, жалғыз ұлмен тоқтамайды. Жөн-ақ. Бағзы бір заманда ортасы ойылып, құты кеміген қазақ еселеп көбейсін!
Той дүрілдеп жүріп жатыр. Уа, шырқа... Бейсенұлы Қазыбеков! Қашан сұрағанымды, қалай құйылғанын білмеймін, өмірі құмартпаған ақ арақтан төрт-бес рүмке тастап алыппын. Осыншама табысқа жеткеніме тәуба деймін. Баймын, бармын. Бірақ ең үлкен жетістігім – балаларым. Үлкен ұл, жан-жүрегімнен жаралған тұңғышым қазірдің өзінде... Тәк-тәк... Сабыр, сабыр... Ертең келістіріп ішем, бүгін тартына тұрған жөн. Той иесі болған соң, төрде отырған соң, жұрттың бар назары менде. Оның үстіне, манағы... сақшыларым төңіректеп... батпайды, бірақ қыңқылдап... Олардікі де жөн. Аспа, таспа. Онсыз да дүниенің тұтқасы қолыңда тұр. Қолыма қарадым. Екі қолымды жеке, жеке. Содан соң беттестіріп. Ештеңе де жоқ. Менің қолымда тұтқа түгіл, арақ-шарап құйылған шишаның өзі жоқ. Қайтадан есімді жидым. Бар жағдайды бағамдап, ойланып, толғанып, кесіп, пішіп... отырмын. Төрге бір, өзіме бір қараймын. Рас, мен деген – ол. Ол деген... – мен емес. Сонда қалай болды? Солай. Солай болды. Шындықты мойындау керек. Десе де, әуелгі дағдарыс кейінгі сүйінішке ұласты, қызғаныш жоқ, ризашылық қана бар.
Көбіне өз орнымдамын. Кейде төрге шығып кеткендеймін. Төмендегі орыннан төрдегі орын тәуірірек тәрізді. Міне, тағы да төр. Сол мезетте иықтаса, қатар отырған Балжанның жұпар лебі бетіме тиді. Арыда отырған, құшағы отты тоқалдан әлдеқайда тартымды көрінеді. Өмірлік қосағым ғой. Жас кезінде, әрине, бүгінгі күндесінен он есе көрікті болды. Көркінен бұрын қылығы. Қылығынан асқан жібек мінезі. Ақ-адал жар еді. Қапыда айрылдым демесем...
Келер сәтте әуелгі орнымда отыр екем. Тағы да өзінен өзі шүпілдеп толған рүмкеге қол созып едім. Әлдекім сыртымнан қаусыра құшақтады – манағы мейірбан менеджер екен. Бүктетіле еңкейіп, құлағыма сыбырлады:
– Ақсақал, шаршап отырған жоқсыз ба?
– Кісі өз тойында өзі шаршамайды, – дедім, мейірлі, мерекелі сәтімде тәтті қиялымды орта белінен үзген бағынышты кісіге ұнатпай қарап.
Қамқоршым бірден басылды.
– Аға, – деген, өктем емес, кішік әуезбен. – Аға, алай-бұлай... нетіп қалсаңыз, бар кінә маған ауады ғой...
Сонда ғана қайда отырғаным, нақты кім екенім есіме түсті.
– Қам жеме, бауырым, – дедім күбір етіп. – Саған сөз келтірмеймін. Қуаныш, толқыныс үстінде өзім де аңдамай қалыппын. Енді татып алмаймын. Шын сөзім...
– Сіз мені теріс түсіндіңіз, – деді қамқоршы бауырым мүлде жуасып. – Мен у-дудан мазаңыз кетті ме дегенім ғой...
– Рас, – дедім. – Қазіргі музыка кісіні қараптан шаршатады... Енді үйге кетсем де болар еді, бірақ мана мен шыққан есік қайда қалды? – дедім орайсыз жағдайым есіме түсіп.
– Өзіңіз білесіз, ақсақал, – деді қамқоршым еріксіз жымиып. – Маған керегі – тыныштық қана. – Содан соң төрге қарап, бағжаң ете түсті. – Әне... – деді қырындай бере. – Шефтің өзі назар аудара бастады... – Сөй деді де, жылысып жүре берді.
Мен тұқыра еңкейіп, азғана отырдым. Байқаймын, көзімен тесіп, ішіп-жеп барады. Өз көзім өзімнің өңменімнен өткендей. Шыдап болмады. Мен не, қылмыскермін бе соншама. Мен деген – мен. Өзім. Өз бейнемде отырмын. Ал Анау кім? Менің түр-түсімді, ғұмыр белестерімді, уәделі қалыңдығымды сұраусыз иеленген? Ыза буып, басымды көтеріп, жалт қарадым. Енді менің екі көзім қатарынан оқ болып қадалғандай. Анау, яғни Марат және соған қоса Бейсенұлы Қазыбеков деген, менің жұмбақ кейіпті ұқсарым, әлде сыңарым, әлде... шорт білсін, кім екенін... бетінен саз балшықпен ұрғандай, өңі бұзылып, көзі бақшырайып, басы қалт етіп, орындықтың арқалығына шалқалай берді. Содан соң бойын жиып, теңселе бере орнынан тұрды. Екеуіміздің жанарымыз еріксіз түйіскен. Сол сәтінде жалп етіп, қараңғылық түсті.
5
Жалп етіп, жер-дүниені қараңғы түнек басты. Мең-зең болып, азғана отырған меңіреу тыныштықтан соң тырбанып орнымнан көтерілдім. Қолымды созып едім, тас қабырғаға тиді. Сипалай бере қалт бөгелдім. Дөңгелек бұдыр. Сірә, әлденендей тетік. Амалсыз басып едім. Жарық қайта жанды. Самала емес, әдепкі. Салтанатты сарай емес, қуықтай тар бөлме – мана қаншама қарманғанда таба алмаған тар босағадан өте бере, төбеден сарғыш көлеңкелі, сұрықсыз жетім люстра салбыраған, қабырғадан еденіне дейін кітап ыбырсыған, ескі диваны жапырайған, жетім столды, жадау, жарлы пәтер – өз үйімде тұр екем. Абдырағаным сондай, тақыр еденге сылқ етіп отыра кетіппін. Қанша отырғанымды білмеймін, бір кезде сүйретіле еңбектеп, асыла шығып, ортасын оя сықыр еткізіп, төсек-диваныма құныса шөкеледім. Өзім. Өз үйім. Сықалған кітап сөрелері, еденде, бұрышта жиналған, кей тұста ретсіз шашылған тағы қаншама кітап. Иқы-жиқы столым да орнында. Қобыраған қағаз, шимай жазу. Бірі көк, екіншісі қара пасталы арзан тегіршік автоқаламның екеуі қатарынан жатыр. Бергі, сол жақ бұрышында тұқыл, жуан майшам, түбінде жартылай ашылған қорапты сіріңке. Бәрі орнында, бәрі дұрыс. Осындай да қызық түс болады екен. Кедейлікті кім тілейді, байлықтан кім қашады. Сірә, көңіл түкпіріндегі бір қиял. Әрине, миллионер болып кетсем де, таңдап тапқан ғылымнан қол үзбеймін ғой. Қарымым ұзарып, күш-қуатым арта түседі. Күнкөріс жайына алаңдамайсың, кітап шығару мәселесі өзінен өзі шешіледі. Бірақ құрғақ қиял – асса парықсыз түске ғана айналады. Парықсыз ғана емес, қисынсыз түс. Кенет... үсті-басыма қараппын. Қылау түспеген сәнді, қымбат смокинг... Сипаладым. Шештім. Уыстап, тартып, аударып, айналдырып, мұқият тексердім. Шынайы, нақты. Есігі қисайған жаман шипәнеріме апарып ілдім. Тап-таза, бұлғарысы жібектей қара туфлиімді де шештім. Оны да табанына дейін төңкеріп, ұлтанын шертіп көрдім. Сықыр еткізіп ашып, шипәнердің астыңғы тартпасына қойдым. Көбелекше мен көйлек те өз орнын тапты. Орнын таппаған – мына мен ғана... Ақыры, жыртық мәйкі, шолақ трусимен ғана тұрғанымды аңдап, жамылғыш халатымды іздедім. Жоқ. Сонда ғана есіме түсті. Мана, судай жаңа киінген әмбебап дүкенде қоқыр жәшікке тасталып еді ғой. Енді жарқын дүниеге қайта барғым келіп кетті. Көнетоз халатым қалған дүкенге емес, әрине. Той өтіп жатқан алтынды сарайға. Әлбетте, бұл қалпымда емес. Асығып, аптығып, қайтадан әуелгідей киіндім. Жарықты өшіріп, жаңа ғайыптан келген орныма барып тұрдым. Екі минут... Бес минут... Тұтас бір сағаттай көрінген. Жарқырап күміс люстралар жанбады. Сәнді сарай айқара ашылмады. Амал жоқ, өзімнің жұпыны пәтерімдегі жетім шамның тетігін бастым. Ештеңе өзгермеген. Манағы жадау көрініс бұрынғыдан да жайдақтала түскендей. Ойланып азғана тұрдым. Сәл-пәл қателік жіберіппін. Бар керемет кухнядан басталып еді ғой... Шам атаулыны түгел сөндіріп, кухняда отырмын. Манағы, әлде кешегі, әлде бағзы бір замандағы ұқсас ахуалды елестетуге тырысам. Алай, алай, былай. Дәп солай. Тек қараңғылық... соншама қою емес. Қою, бірақ түнек емес. Сыртта, көлденең көшеде әрлі-берлі өткен мәшиналардың тұншығыңқы дыбысы естіледі, жағылған шамдардың сүлесі аңдалады. Бәрібір түн. Түн ортасына тақау. Жайлап орнымнан тұрдым. Көзімді тарс жұмдым. Бетімді оңға бұрдым. Екі қадам. Үшіншіде жақтауына иығым тиіп, кухняның есігінен өттім. Енді ептеп бес қадам жүруім керек. Әлде алты. Дәліз тастай қараңғы болуға тиіс. Бағана көзім ашық еді ғой. Аштым. Шынында да қараңғы. Бірақ көзге түрткісіз емес. Бұлдыраған бозамық бар. Әйткенмен, алды-артың, оң-солың айырғысыз. Жүріп келем. Төрт... Бес... Алтыншы қадамда қарсы қабырғаға тірелдім. Оңға бұрылам. Және сәл қырын. Екі қадамнан соң есік. Босағадан аттадым. Көз шағылдырып, жарқ етіп жанбады. Азғана бөгелістен соң өзім жақтым. Әдепкі жүдеу көрініс. Өз үйім, өлмелі төсегім...
6
Ертеңіне тұяқ серіппей, түске дейін ұйықтаппын. Атып тұрып, шипәнерге ұмтылдым. Сәнді, қымбат смокинг өз орнында. Қара туфли де. Ал ескі халаттың жұрнағы да жоқ. Мен де... өз қалпымда сияқтымын. Анау емес, мен. Менің өзім. Өз қалпымда, өз орнымда. Ақыл-есім түзу. Түзу сияқты. Азғана мастық тарқаған. Бірақ түндегі елес көз алдымда. Шипәнерді қайтадан ашып, қара смокингті қолыммен ұстап, анықтап көрдім. Кешегідей. Елес емес, сурет емес, нақты өзі, зат. Менде бұрын мұндай киім болмаған. Түндегі тойдан тәбәрік. Айнаға қарадым. Өзім. Кең маңдайым, аялы қоңыр көзім, құс тұмсығым, шұнақ құлағыма дейін. Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков. Бүгінгі жасым... тура елу бесте. Туған күнім... кеше... кеше толыппын елу беске. Осы кеше ғана екі бестік – мерейлі биік ретінде тойладым. Мен... емес екем. Анау... Жарайды, ол шіркін тұра тұрсын. Әуелі Өзімді түгендеп алайын. Елу бес. Сәл қартаң көрінем бе, қалай. Самайым ақ қылау. Бір кездегі жазық маңдайыма үш қатар, көлденең әжім түскен. Көзімнің қиығы шашыраған. Екі езуімде тағы да қиғаш сызықтар. Елуге ер кейпімде жетіп едім. Енді міне... Тұрмыс талқысы, соңғы үш-төрт жылдағы. Тұрмыс талқысы ғана емес. Рухани күйреу. Болашақтан түңіліс. Отарлық кісені бұзылса, еркіндікке шықсақ, ұлттық ғылымға да жол ашылады деп білуші едің. Еркіндік келді. Ұрлық-қарлықтың, зорлық-зомбылықтың еркіндігі. Сенің ғылымың – қажетсіз, өзің – бөгесін болып шықтың. Бұрын кеудең басылып тұрса да, өзіңді кісі санатында көруші едің. Енді міне. Ешбір есепте жоқсың. Люмпен-пролетариат. Жалғыз сен емес, бүкіл ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері түгел. Бүгінгі заманның тұлғасы – сылдыр Сөз емес, сықыр Ақша. Яғни, қалың кітап емес, жуан қалта. Ақша дегеніміз, қалта дегеніміз – Анау. Анау емес, сенің Өзің. Тағы да шатыса бастадым. Мен, міне, бармын. Анау да... бар. Екеуміз. Бұл екеуіміз ағайынды емес, егіздің сыңары емес, көлденең, кездейсоқ ұқсар да емес... бір-ақ кісіміз. Бір кісі – қақ жарылған екі тағдыр. Қалайша? Заманға да, қоғамға да кейісті ысыра тұрып, ең әуелі өз басымдағы ерекше ахуалдың мән-мағна, болмыс-бітімін анықтап алуым керек екен.
Сөйтіп, Мұрат пен Марат. Туған жеріміз бір, дүниеге келген жылымыз, айы, күніне дейін, тіпті, сөз жоқ, сағат, минут, секундына дейін сәйкес. Бір ата, бір анадан жаралыппыз. Бір шаңырақ астында өстік. Мектепте, одан соң университетте екеулеп... екеу емес, жалғыз өзім оқыдым... оқыдық. Аспирантура – ол да, мен де... Әзірше біргеміз. Яғни, тұтас. Жалқы. Бір кісіміз. Болсын. Иә, аспирантура. Міне, жолымыздың айрылған тұсы. Ұзақ екі жыл бойы емес. Екінші бітіп, үшінші жылға аяқ басарда, жазғытұрым...
Таптым! Балжан жоғалған күні екіге жарылыппыз!..
7
Мен университеттің алғашқы жылында-ақ өзімнің ғылымға икемдігімді танытқан едім. Атақты тарихшы, есім-сойын араға салмай-ақ қояйын, профессор Ақсақал өзі өткізген дәріс, оған жалғас семинар сабақтары, жыл аяғындағы курс жұмысынан соң талайымды танып, өз қамқорлығына алды. Менің университет тұрыпты, одан соңғы кезең – артық-кем емес, он-он бес жылдық ғылыми бағдарламамды жасап берген еді. Бастапқы алаш оқығандарының тағылымын таныған, тар заманда өсіп жеткен, әуелде 38-жылы, одан соң 51-жылы, алғашқысы он жыл, кейінгісі төрт жыл, – ең өнімді, қайратты кезеңін түрме мен лагерьде өткізген, бірақ жасымаған, қатайған, әуелгі бетінен таймаған, өзгеше тағдырлы, кемеңгер кісі еді. Тек соңғы кезде денсаулығы сыр бере бастаған. Бар аманатын маған артпақ екен. Басы бостан күннің өзінде сезіктілер қатарында, бақылау астында жүргенмен, бетті, беделді, оқу бітіретін жылы ректорға дейін барып, мені аспирантураға алып қалды. Тақырыбым тамаша – "Хорезм және Дәшті-Қыпшақ, XII-XIII ғасырлар шегі" деп аталатын.
"Бұл – бір кандидаттық емес, бес докторлық диссертацияның тақырыбы, – деген Ақсақал. – Университеттегі дипломдық жұмысың – бастапқы, сәтті барлау. Ендігі үлкен шаруаң – айрықша күрделі. Он жылдық, жиырма жылдық тынымсыз еңбек. Ал әзірше негізгі тұрғыларын байыптап, үстінен қалқымасаң да, тереңін түгеспей, шағын монография жазып шығасың. Қазір заман сәл-пәл кеңіген тұс, "оттепель" – жеке тұлғаға табыну зардаптарынан соңғы азғана "жылымық". Басқа барлық жұрт игілігін көріп, қажетіне қарай, ұтымды пайдаланып жатыр. Тек біз ғана, ескі сорап, өткен заманда тұрған. Бұлай қала беруге тиіс емес!.." – деген.
Солай қала берді. "Аспаннан шұға жауса, құлға ұлтарақ тимейді" дегендей, біз – құлдардың ішіндегі ең қоры едік. 32-жылғы ғаламат ашаршылық, оның арғы жағындағы, бергі жағындағы, айрықша қатаң, түбегейлі репрессиядан соң мүлде жанышталып, жер болғанбыз. Енді қазақты отарлаудың, біржола құртудың жаңа кезеңі – "тың игеру" деген қарымды науқан басталды, жат жұрттық басқыншыларды жүз мыңдап қоныстандырып жатыр, бүкіл солтүстік, орталық облыстарда қазақ тілді баспасөз, театр, мәдениет ошақтары жаппай жабылса, қалған тарапта да жан-жақты жаныштау күн санап қарқын алған. Халықты ұлттық санадан айырып, ұлтанға айналдыру саясаты әбден күшіне енді. Қазаққа қатысты әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық дәстүрлер түгел артта қалған, кертартпа, зиянды деп табылды, қазақтың тілі шетке қағылып, өткен тарихы мүлде мансұқ етілді. Жоғарыдан – Мәскеуден түскен жарлықтың республикадағы ең билікті даңғырасы – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология тарабындағы хатшысы – Нұрқан Жангелдин дейтін жандайшап болатын. Басқа жұрт, ең аяғы, қарайлас, көршілес, тағдырлас қырғыз, өзбекке дейін өлгенін тірілтіп, өшкенін тұтатып жатқанда біз ескілікті мүлде жауып қойдық, өткендегі тарихи тұлғалар, бұрыннан тиым салынған арыстар тұрыпты, ара-кідік санатқа ілініп жүрген кісілеріміздің өзінің жөн-жобасы айтыла қалса, қаншама айғай шығатын. Тіпті, ана тілі, ұлттық мәдениет, ежелгі тарих төңірегінде қалыпты, бейтарап сөз қозғаудың өзі сұмдық көрінетін. Ең ақыры – домбыра ұстаудың өзі күнә деп бағаланды. Қазаққа тікелей қатысты әңгіменің барлығы саяси қылмыс, ұлтшыл зиянкестік екен. Қайдағы тарих! Менің бар ісім бастан-аяқ теріске шығуға тиіс еді. Әйткенмен, қай тарапта да әмбебап маркстік таным, лениндік екшеу, партиялық көзқарас дегендей, сыналай отырып, қиялай тартып, әлдебір нәтижеге жетуім ықтимал; яғни тиесілі тақырыпты түбегейлі қамти алмасам да, болашақ үлкен зерттеудің сұлбасын жасап, дерекнамасын түгендеп, негізгі тұрғыларын айқындадым, енді оза шаппасам де қатардан қалмай, қажетті диссертацияның басын қайырып үлгеруім мүмкін еді. Ғылым саласындағы алға қойылған әуелгі мақсат та сол болатын.
Бірақ жолым көлденеңнен кесілді. Біздің Ақсақал ештеңе өзгермегеніне, керісінше, басқаға кең дүние біз үшін тарыла түскеніне көзі жетіп, қатты торығып жүр еді, ақыры, бір-ақ күнде фәниден көшіп кете барды. Мен аспирантураның екінші жылын еңсергем, кандидаттық минимум аталатын міндетті емтихандар өткерілген, қажетті тақырыбыма бойлай енгем, алғашқы бөлімнің қаралай нұсқасы қағазға түсіріліп те қойған. Енді... жаңа жетекші тағайындалды. Қырмасақал. Доктор, профессор, социалистік дәуір маманы, колхоздасу кезеңі туралы жуан кітап жазған, халықтың жаппай наразылығы, көтерілісі жоқ, ашаршылық айтылмайды, кедейлердің талабы, жалпы жұрттың барақатқа жетуі, бәрі тамаша ғой. Менің мүлде бөтен тараптағы жұмысым ондай тамаша болмай шықты. Бастан-аяқ тарихи тұрғыда теріс, саяси жағынан қате көрінеді. Мәселен, Хорезм мен Қыпшақтың өмірлік мүддесі қарама-қайшы дейсің. Керісінше, бірлікте болды. Қайыр ханды ашкөз қарақшы, ақылсыз зұлым, тіпті, опасыз сатқын етіп көрсетесің. Нағыз ұлттық батыр емес пе. Хорезм мен Шыңғыс хан арасында соғыс басталғанда қыпшақтар ешқандай қарсылық жасамады, моңғол туының астындағы жалайыр, қоңырат, керей, найманды туыс санап, соларға қосылып кетті дейсің, сен біздікі деп отырған найман мен жалайыр, керей, қоңыратың – тек аттары ғана ұқсас, мүлде бөтен жұрт. Өзің ойлап қарашы, егер әлгілердің бәрі біздің аталарымыз болып шықса, моңғол қайда қалады? Хорезм тұрыпты, анау Ресейді кім жаулаған болып шығады? Мұның аты не? Екіншіден, сен мақтап отырған қыпшақтар түгел сатқын болып шыққан. Өз отанына өзі жау. Ол аз болғандай, бүгінгі қыпшақпен жалғастырып, қазақтың бір атасы етіп көрсетесің. Сонда, айтпасаң да көкейіңде тұр – ұлы орыс халқының туын тіккен Киев Русімен жауласқан половец қыпшақтар да сенің атаң ба? Қайдан барып шықтық? А?.. Жоқ, шырағым. Қазақ – күні кеше ғана бой көтерген басқа бір жұрт. Артта қалған, жабайы. Өзіндік территориясы, меншікті шекарасы, мемлекеттік құрылымы болмады. Көрінгеннің тепкісінде, мүлде азып-тозып бара жатқанда "Лениндей күн шығып, – Жарқырап атты таң!.." Гимнді білесің бе, күнде таңертең радиодан айтылатын? "Қараңғы тұманнан жол таппай тұрғанда..." "Орыстың ұлы Елі құраған!" Сен немене, көктен түстің бе? Ақсақал... жасады, кетті. Ал сен... ғылым қайда, атақ қайда, бір басыңның амандығын ойламайды екенсің. Қазақта ежелгі тарих жоқ! Жоқ! Советтік тарих қана бар. Қазақ тарихы дегеніңіз Ұлы Октябрьден соң ғана басталды. Ұқтың ба!?..
Міне, осындай керемет. Нәтижесінде, бар жұмысым жарамсыз болып шықты. Түгелімен қайта және керісінше жазуым керек. Әйтпесе, ең дұрысы – жаңа тақырып. Балшабек жетекшім бес-алтауын қатар ұсынған: "Қазақстан кәсіподақтарының қалыптасу кезеңдері"; "Қазақстан теміржолы Ұлы Отан соғысы жылдарында"; "Балқаштағы балық шаруашылығы"; "Немесе, – деген, – ескілікке бейімдеу сияқтысың, "Ұлтшылдық, байшылдық идеологияға қарсы күрес, 20-жылдар". Содан соң әлде кекетіп, әлде мейірленіп жымиған: "Міне, ең жақсы тақырып, қажетті, зәру, өтімді: "Тың көтеру эпопеясының алғашқы кезеңі". Кейін, соңғы кезеңдерді қосып, ұлғайта, тереңдете зерттеп, докторлық диссертацияға айналдыруға мүмкіндік бар. Менің өзімнің тікелей жетекшілігіммен. Байқаймын, түптің түбінде оған да шамаң келеді. Тек осы қазірден бастап бетіңді түзеу керек!.." Менің шамам келмейтін еді. Келсе де бағытым басқа. Түзелуім, кері бағытта жұмыс жасауым мүмкін емес.
Қайткенде де, әуелгі, Ақсақал негіздеген бағдар... мансұқ болды. Университетте, осы қалпымда жүрсем, ары қарай жалғастыра алмайтыным анық. Жаңа тақырыптардың сиқын көрдік. Енді қайтпек керек? Академияға қарай бет бұрудан өзге амал жоқ сияқты. Онда, Тарих-зерттеу орталығында біздің Ақсақалдың ізбасар шәкірттерінің бірі бөлім бастығы болып қызмет атқаратын. Үлкен ұстаздың үйінде талай рет көргем, бұдан соң қаралы топырағында кездесіп едік, енді университеттен опа таппайсың, бізге қарай ойысқаның жөн деп еді. Біліп айтыпты. Алайда... екі аралықта Балжан тұрған. Менің жалғыз өзім аспирантураның азғана стипендиясымен әйтіп-бүйтіп жан бағар едім, үйлене қалсам, жатақханадан пәтерге шығуым керек, әрі күнделікті тіршілік қақысы... Қазақ бөлімін бітіргелі отырған болашақ мұғалім Балжанның орыс жайлаған Алматыдан әлденендей қызмет табуы неғайбыл. Әке-шешем көмектеседі, жағдайымыз бар деген өзі. Ай даладағы қайынжұртқа иек артуды намыс көріп едім. Сонымен қатар, ешқандай қызмет табылмаса, жас маманның қараптан-қарап үйде отыруы тағы обал. Әлде, қызды ауылына жібере тұрып, бірер жыл дүниенің аңысын аңдасам ба екен. Жоқ. Азғана болса да айрылуға қимадым. Бір кетсе, біржола кететіндей. Әрі мұндағы жағдайым да тығырық. Өзім де ауылға барып, үш-төрт жыл қызмет атқарып, аз-мұз қор жинап, қайта оралам ба... Онда... қарайып, бар білігім көмескі тартуы тағы мүмкін ғой. Осында қалсам... Уақытша болса да бәрін тастап, кетіп отырсам... Қалсам... Кетсем...
Ойым онға бөлінді.
Ал қыз... бәріне құп еді. Тек қана менен екі елі ажырағысы келмейді. Кетсең де, қалсаң да бірге боламыз деген.
Қайран Балжан!
8
Мен жас кезімде қыз-қырқынға жұлдызды болдым деп айта алмаймын. Бірақ көзегенімді қолға түсірмей тынбас едім. Балжан менің тұзағыма тіпті оңай ілінді. Екеуіміз жатақханадағы би кешінде таныстық. Мен үшінші қабатта – аспиранттар бөлігінде тұрам. Қоңыр күз еді. Әуелгі жылды жаңа бастағам. Қыз – төртінші курс екен. Әсем әрі қонымды киінген. Дөңгелек бет, имек қас, бота көз, қызыл шырайлы, сәл-пәл толықша келген өрім тал. Он жеті, он сегіз жасар, балғын кейіпте... Және... тым аңғал, тап-таза. Әлбетте, жоғарғы курсқа жеткен қыз әжептәуір әккі саналады, тым әрі кетпесе де, кемі екі-үш жігітпен киноға, театрға барған, елеусіз бір бұрышта бұзауша жаласып қалған дегендей. Ал біз... мен – бүлдірген ештеңем болмаса да, өзімді кәрі қасқыр санаймын. Сонымен, бірден көзім түсті уыздай бойжеткенге. Биледік. Қатарынан екі мәрте. Азғана үзілістен соң үшінші қайтара. Ертеңіне киноға бардық. Шыға сала, алакөлеңке бір тұста, жапырағы саудыраған емен ағаштың тасасында бөгеліп тұра бере, еріксіз сүйістік. Оқыс, қысқа. Ерні бал екен. Тұла бойы от болып жанып тұр. Мен екінші қайтара еңкейгенде, көзі тұманытып барып, мойнын бұрып әкетті. "У меня есть мальчик..." – деген, жасаураған, шарасыз әуезбен. Яғни, жігітім бар... Жүрегім зырқ ете түсті. "Был да сплыл!.." – дедім зорлана күліп. Болды – кетті. "Енді мен бармын! Мәңгіге, біржола!.." Шынында да, біржола табысқан екенбіз... табысқан сияқты едік. Келер аптада ғой деймін, менің көкірегіме шөгір болып қадалған алғашқы жігітін де көрдім. Шынында да " мальчик" – өзімен бір курс, бір топта оқитын, нәзік бітімді, сүйкімді, аққұба бала екен. Әлденеге өкпелеген, кейісті қалыпта, қыздар бөлмесінің алдында тұр. "Сәлем және құрмет!" – дедім де, өзіме тиесілі қызды жетектеп жүре бердім. Содан екі жыл бойы жұбымыз жазылған жоқ. Кино, театр. Немесе, жатақхананың бір түкпіріндегі кешкілік кездесулер. Ойлап тұрсам, ұзақ өмірімдегі ең бақытты күндер екен.
Одан да бақытты күн болды. Санам сан тарапқа шашылған дағдарыс кезеңде. Бұ дүниеде қиындық болмай тұрмайды, бірақ ең ауыры – әрі-сәрі ахуал. Қалам ба – кетем бе, кетем бе – қалам ба... Қалсам не істеймін, кетсем қайда барам – шешімі онша қиын емес, бірақ таңдау – болашақ ғұмырыңды айқындайтын, өзгеше жауапты жағдай. "Біздің ауылға барайық," – деді бір күні Балжан. Әкесі потребсоюз – яғни аудандық тұтыну қоғамының бастығы екен. Бар жағдайы толық. "Мектепте мұғалім боламыз, – деді. – Ал сен – бір жылдан соң завуч, екінші жылы – директор. Жоқ, мұндағы ғылыми жұмысыңды тастамайсың, – деді маған бажайлап қарап алып. – Сырттай жалғастырасың. Немесе, өзің айтқандай, үш-төрт жылдан соң қайтып келеміз..."
Сол күні тауға бардық. Медеуге қарай астық та, орта жолда автобустан түсіп, қырға көтеріліп кеттік. Тағы бір белестен соң еңіс, жасыл беткейге түстік. Төңірек түгел ағаш, тығыз бұталар, қақ ортадағы, үй орнындай, көгалды тепсеңге тоқтадық. Неге осыншама ұзадық, неге оқшауландық, білмеймін, анығы – ойда бөтен ештеңе жоқ еді. Құшақтасып, аймаласып, қызу сүйісіп, азғана отырдық. Бәлкім, бірталай уақыт. Содан соң басқа бір ахуал туған. Тамағынан мейірлене иіскеген соң омырауын ашып, толық екі анарының арасындағы ойпаңға түсіппін. Содан соң... ақ төсінен өптім. Қыз менің бұрын болмаған оғаш қылығымнан бөтен бір пиғыл аңдалғандай, есін қалт жиып, шошып кетіп еді. Бірақ қолымды қақпады. Қайтадан босаңсыды.
– Қазір, қазір... – дейді күйіп-жанып. – Тұра тұр... Қорқам, – деді содан соң еркіме біржола көніп. – Жаным... мүмкін, керек емес шығар... кейін...
Кейінге қаратпадық. Қыздың бет-жүзі, түр-тұлғасы қаншалық таза болса, қойны да соншама пәк екен. Күн көрмеген, жел тимеген. Ризашылықтан демім бітіп, салыға үзіліп, бойым босаған соң, жеңіл аударылып, тұңғиық көк аспанға қарап, ойсыз, қимылсыз, әжептәуір жатыппын.
– Неге үндемейсің?! – деді кенет қызым ышқына дыбыстап. – Әлде... басқаша...
– Мен сені бұрынғыдан да артық... жақсы көрем...
Қыз қырындай жамбастаған қалпы, менің кеудемді сипай бере, қолын тартып алды. Содан соң, еңсесін жазып, екі бетін басып, азғана отырды да, өксіп жылап алды.
– Бүгінгі күннен біздің жаңа өміріміз басталады, – дедім мен. – Көк шалғын үстінде мәңгілік некеміз қиылды!..
Біздің зайыптық өміріміздің алғашқы және соңғы күні екен. Бұдан соң, біржола айрылысқанға дейінгі жеті-сегіз апта ішінде әлденеше рет оңаша қалсақ та, ырқыма көнбеген; тіпті жақсы, онсыз да бәрі менікі, көп ұзамай заңды түрде қосылуға тиіс едік.
Бірақ бәрі де басқаша шешілген.
9
Ақыры, оқу жылының соңында, менің қайткенде де бүгінгі күн үшін зәру тақырып – отаршылдық идеологияны насихаттайтын сара жолға түсуімді талап еткен жаңа жетекшім Қырмасақалмен арадағы ашық әңгімеден соң, аспирантурадан біржола кететін болдым. Бәлкім, әзірше ғылым атаулыдан қол үзе тұрам. Қайткенде де осы жаздан қалдырмай сүйген қызыма үйлену қажетіне ден қойғам. Ол заманда арыдағы құдалық рәсімі ұмытылған, кейінгі жаңғырған дәстүр қалыптаспаған, алдынала барыс, келіс, азды-көпті, қажетті, қажетсіз ырым-жырым да сақтала бермейді. Әдетте алыс оқудағы жастар қол ұстасып, әуелі жігіттің үйіне, кейде алдымен қыздың үйіне, әрине, хабарын білдіріп, бірақ төтесінен барады. Көбіне-көп қалада жүрген қалпында, өз беттерімен жұптасып, оңаша пәтерге шығады. Содан соң екі жақтағы әке-шеше, яғни сырттай телінген құдалар той-томалақ үстінде, кейде балалары оқып жатқан жерде, кейде екі әулеттің бірінің үйінде жүздесіп табысады. Жағдайлары келсе, ертелі-кеш кит киісіп, кезек шақырысып жатады.
Біздің, арнайы, заңды түрде тіркелмесек те, ерлі-зайыпты ретінде қалтқысыз қосылғанымыз анық еді. Екеуіміз де солай ойладық. Тек қалыпты жора бойынша, жеке пәтерге шықпадық. Уақыт тар, ең бастысы – көлденең көзге ыңғайсыз көрінген. Оның үстіне қыз, дәмнен ұшынды ма, әлде асқазаны бұзылды ма, жүдеңкіреп жүрген. Әйтсе де айрықша көңілді. Жүзі бал-бұл жанып, дипломы қолға тигенше дегбірі қалмады. Екеуіміз үшін де соңғы межеге соншама асыққан. Ауылға, жақын бір жеңгесіне сыздықтап жеткізген сияқты, әке-шеше, ағайын-туысымен түгел дүрлігіп, екі тойға қатар дайындалып жатқандай. Менікі, әлбетте, жарым қуаныш. Бірақ сол жарымның өзі бүтіннен үлкен сияқты. Ғылым, әрине, қымбат, бірақ қайткенде де өз қолыңдағы нәрсе. Ал асық жар... өмірде бір-ақ рет кездессе керек. Қайта айналмас, қайрылмас бақыт құсы. Мұндағы басқа шаруаның бәрін шегеріп, қолдағы бақытымды біржола тиянақтауға бекіндім. Әуелі Балжанның ауылына барып, үлкен кісілердің батасын аламыз. Содан соң біздің ауылға. Біздің ауыл болғанда, ол жақта әке-шеше жоқ, мен университет бітірер қарсаңда селбесіп, бірінен соң бірі кеткен. Басқадай ет-жақын туған-туыстан тағы мақұрыммын; оның үстіне... біздің ауыл атомдық полигонның астында қалған, ендігісі – ескінің жұрнағы ғана, ата-жұртының басым бөлігін тікенек қоршау ішінде қалдырып, ысырыла көшіп, бұрынғы белгілі ауданның шекара сызығында ғана отыр, қайткенмен де туған жер ғой; мен сырттай сағынғанмен, тым қолайсыз болса да, басқа барар жерім жоқ, әуелгі бірер жыл орайында қайын жұртта емес, өз ауылымда қызмет атқару қисындырақ көрінген.
Балжан дипломдық жұмысын сәтімен қорғап, оқуын бітірді, мен аспирантураның ең соңғы стипендиясына пойызға, жарлы-жақыбай қауым, оқушы, студенттерге тиесілі жалпыға емес, тіпті, әжептәуір қызметкерлер жүретін төрт кісілік плацкартқа да емес, қымбат, жұмсақ вагон, жеке купеге екеуімізге билет алдым, "Алғашқы оңаша пәтеріміздің ордері сенде болсын!.." деп, қыздың өз қолына ұстаттым. Бар тағдырымды қоса тапсырғандай қуанып еді. Алматыдан біржола болмаса да, екі жыл тұрған жатақханадан түп көтеріле кетіп барам, азғана, бірақ құнды тарихи дерекнама кітаптарымды қатырма қорапқа салып, жеке байладым. Киім-кешек, – үстімдегіні айтпағанда, жалғыз костюм, үш-төрт көйлек, жеңіл пальто, тағы басқа ұсақ-түйек – шағын сумкаға сыйды. Балжанның буыншақ-түйіншегі молырақ шыққан. Жақсы және әрқилы киінетін еді, мен көргенде қыстық, жаздық, күздік сырт киімнің өзі әлденешеу, ұзынды-қысқалы, қалыңды-жұқалы, күнделікті, мерекелік… көйлек-көншек, аяқ киімде есеп жоқ – кейбірін курстас қыздарға сыйлап, кейбірін тастап, ықшамдап шектегенде бір бау, екі шабаданға әрең сыйған. Қалыңдықтың жасауы әлі де жетімсіз деп, оған бір күліп алдық.
Енді ертең түсте аттанамыз.
10
Кешіне жаңа ғана шыққан, жұртты үйірген "Қос мекенді кісі" деген киноға бардық. Жартылай фантастика, бірақ өмірде шын болғандай әсерлі. Қыз – сұлу, нәзік, мейірбан, жігіт – келісті, кісілікті, адал, аңғал. Кездейсоқ ұшырасады, бірін-бірі қалтқысыз сүйеді. Ақыры, жігіттің өзгеше тағдырына орай, зұлым күштердің қастандығы нәтижесінде, екі айрылуға мәжбүр болады. Әдемі, мұңды фильм екен. Балжанға ауыр тиді. Көңілі басылып, жыларман болған. Бұл – кино ғой, өмірде шын болған оқиға емес, әуелде Беляев деген жазушының қиялынан туған шығарма, қызымыз да, жігітіміз де күні бүгін аман-есен, бұрын экранға шықпаған, сондықтан біздің көз алдымызда кейіпкерімен астасып кеткен дарынды жас актерлар, түсіруші режиссер жақсы таңдапты, алда, аманшылық болса, басқа бір қойылымдарда, жаңа бір тұлғада көресің, ал дәл осы кинофильм мен оған негіз болған роман арасында әжептәуір өзгешелік бар, бірақ бәрі орнымен және жанр ерекшелігіне сай, ұнасымды, жоғары деңгейде шығыпты, қызық үшін емес, тағылым, тәрбие үшін... деп, арыдан беріге тартып, басқа тарапқа алдарқатып, әрең жұбаттым. Ал біз... басқа бір жағдайдамыз, бізді айырар күш жоқ, бар ғұмырымыз бірге өтеді деп бауырыма басқам. Ертең... ертең түске дейін... Жатақханаға келген соң, ұзақ жол алдында жақсы тынығу қажет десіп, қимай, әрең айрылыстық. Мәңгіге қосылуға бір-ақ күн қалған. Бір күн емес, жарты түн.
Балжан мерейлі, қуанышты еді. Мен де... бақыттымын. Бірақ көңілім орнықсыз, ішім алай-түлей. Жаңағы жайсаң жігіттің қайғылы тағдыры қайтадан қозғау салған. Ол мұхит айдынына сіңіп жоғалса, мен орталықтан тыс, шалғай ауыл, қиян далада сағымға айналатын сияқтымын. Жоқ, бүгін, осы қазір ғана емес, соңғы екі-үш айдағы дағдарыс ахуал. Рас, сүйгеніме қосылдым. Қосылғалы тұрмын. Оның есесіне... сәтімен басталған, арғы жағында басқа бір әлем – ата-баба тарихының белгісіз беттері ашылмақ, еліңнің өткенін танытып, өзіңнің атақ-абыройың асатын өмірлік үлкен шаруа адыра қалып барады. Бар кілтипан, дүниенің тұтқасы, менің тағдырым университеттегі кейінгі жетекші – шолақ белсенді Қырмасақалға тіреліп тұр ма екен. Академияға бармаймын ба, Ақсақалдың Қарасақал шәкіртіне. Қазір баяғы 37-інші, тіпті, кейінгі 51-інші жыл емес, әрине, қиындық азайған жоқ, темір құрсау қалпында, десе де, бұрынғы тікелей репрессия, абақты мен айдау жоқ қой, басқа тараптағы азды-көпті кеңшілікке біз неге ұмтылмаймыз, әлі басталмаған күрестен неге тайқимын, азапсыз ғылым қайда, шындап, жан кешіп, бел шешіп кіріссем, алғашқы нәтиже алыс емес еді ғой, ғылыми дәрежеге ілініп, әуелгі тиянағымды тапсам, одан арғы өрісімді тұтамдап ұзартып, зерттеу аймағын да кеңейте бермеймін бе, алда қаншама ғұмыр бар, мұратымның бар үддесінен шықпасам да, белгілі бір межеге жетер едім ғой... Кешегі Ақсақал жарықтық екі мәрте айдалып, он бес жылын қапаста өткізсе де, жарық дүниенің өзінде қудалаудан көз ашпай, өле-өлгенше бақылау астында жүрсе де, қаншама мәнді шаруа бітіріп кетті, ол заманмен салыстырғанда менің қиындық дегенім – кеңшілік емес пе... Неге ғана күрестен қашып, жолдан тайдым... деп, қатты торықтым. Жатақхананың асты түскен, енсіз, жайсыз темір төсегінен жамбасым тесілгендей, он аударылып, қырық төңкерілдім. Менің бөлмелес серігім, физик аспирант, ұйқысы қатты Құлашбек екі рет оянып, тіпті, басын көтеріп, бір жерің ауырған жоқ па, не болды деп сұраған. Бәрі орнында. Ұйқым қашқаннан басқасы. Қазір ұйықтаймын. Ұйықтай алмадым. Қараңғы түнді көзбен атырдым. Екі жақ қабырғасына екі төсек қойылған ұзыншақ, шағын бөлмеге бозамық жарық түсе бастағанда әрең көз іліп едім.
11
Көз ілдім, тарс ұйықтадым, аз ба, көп пе уақыт өткенде қайтадан жайсыз күйге түстім. Қолқа-жүрегім сыздап, өкпе-бауырым суырылып, бір басым екіге жарылғандай, өте жайсыз ахуал. Кетем бе, қалам ба деймін дөңбекшіп. Қалам. Жоқ, кетем. Содан соң қызық түс көрдім. Тура өңімдегідей. Ұйқылы-ояу жатыр екем. Әуелі бөлмелес серігім Құлашбек тұрды. Жуынды, киінді, жұқа портфелін алды. Академияның ядролық физика институтына, күнделікті тәжірибе үстінде жұмыс жасайтын лабораториясына бармақ. Маған ойлана қарап тұрды да, ояуға тақау екенімді аңдап, бас изеп қоштасты. "Жол болсын, енді жуық арада көрісеміз бе, жоқ па, Алматыға келе қалсаң, хабарлас... Әйткенмен..." – Арғы жағын айтпады, қайыр, есен-сау бол дегендей ишарат жасады да, шығып жүре берді. Маужырап, еріне тұрсам да, бірден сергідім. Ұйқы қанып қалыпты. Тезінен жуынып, әтір себініп, сәнімен киініп, дайын тұрған екі түйнешектің біреуін ғана – кітап салынған қатырма қорап емес, киім-кешекті сумканы жеңіл ұстап, жоғарғы қабаттағы Балжанға барыппын. Бұдан соң... мейір қанған, сағынышты, сәулелі сәттер... Міне, ес жидық. Әлі ерте. Қайтадан... айқаласып кеттік... Балжан мүлде басқаша. Ақыры тұрдық. Уақыт өтіп барады екен. Тым асықпасақ та тезінен жиналдық. Жиналғанда, бәрі дайын. Өзімнің жеңіл сумкамды қызға беріп, қыздың жуан, бума қапшығын арқама салып, тырсылдап тұрған екі шабаданды екі қолыма ұстап, төменге түстік, тура босағада, бірінші қабаттағы буфеттен шығып келе жатқан тағы бір аспирантқа кездестік, ол да физик еді, қарсы бөлмеде тұратын, маған таңырқай қарап, Құлашбекті сұрады, лабораториясына бағана, таң сәріде кеткен дедім, мені күтуі керек еді ғой деп, есен-сау айтпастан тұра жөнелді, ұйқысы қанбаған кісіні түске дейін күту керек екен ғой деп, Балжан екеуіміз оған сырттай тағы күліп алдық. Артынған-тартынған беті көшеге шықтық, қол көтеріп, жол тостық. Сол сәтінде әлдебір ескі машинаның ұшыраса кеткені. Вокзал. Пойыз. Жұмсақ вагон, тиесілі купе. Екеуіміз ғана. Кіре сала есікті тарс жауып алдық. Әуелгі, ортақ үйіміз сияқты. Балжан маған сүйіне қарап, мойныма асылды. Ал менің жүрегімде ауыр салмақ, әлденендей қайғы бар. Купенің ашық, кең терезесінен сыртқа қараймын. Жылжи жүріп кеттік. Қош, ару Алматы!.. Қош бол, менің басталмай жатып тәмам болған ғылыми қызметім... Бірақ уақа емес деп, өзімді жұбатам. Балжан бар. Өмірлік қосағым. Ал ғылым деген... Көкірегімді қайтадан мұң басты. Алматыға ғылым ғана қалмаған. Жан-жүрегім, ой-санам да қақ жарылып, амалсыз тәрік болғандай... Екі иінім – зіл. Таңертеңнен бері бұрынғыдан ашылған, мені біржола иемденген Балжан еркелей қарап, жеңіл күрсінді де, жаймасын жазып, жастығын тыстап, екеуімізге төсек салуға кірісті. "Енді біреуін кейін саларсың..." – деймін, дегбірім таусылып; көңілім шалқып, бірден жеңілейдім.
12
Шалқыған жоқ, жаншылды, жеңілейген жоқ, ауырлай түскен. Кеуде қаңыраған, жүрек сыздаған, жайсыз қалыпта әрең ояндым. Таң апақ атқан. Таң атқан жоқ, сәске болып қалған. Атып тұрып, сағатыма қарадым. Сәске емес. Түс ауып кеткен. Сағат... екі!.. Мүмкін емес! Шайқап, құлағымды тосып, тыңдап көрдім. Тура. Жүріп тұр. Қарсы қабырғада, менімен серіктес Құлашбектің төсегіне қарадым. Әрине, баяғыда тұрып кеткен. Төсегінің басындағы текшеде тұратын епетейсіз үлкен, доп-домалақ шылдырақ сағатқа ұмтылдым. Бес минут кетіпті. Жаңағы, қорқынышты екіден. Бұл, атам заманғы ескі сағат әжептәуір озып жүретін еді. Мәселен, күніне үш минут. Он күнде жарым сағат. Қырық күнде... Елу күнде... дедім, сандырақтаған кісідей, жуан сағатты оңды-солды төңкеріп. Өз сағатыма қайта қарадым. Екі минут қана кетіпті. Екіден! Ал біздің пойыз... Он екіде кетіп қалған. Он екі емес, бірде. Бірге бес минут қалғанда. Екіге бес минут болса да кетті. Айырмасы қанша. Кетті ме – кетті! Шынымен кетсе... Балжан... Жүрегім солқ ете түсті. Балжан қайда? Мені оятпағаны несі? Әлде ол да ұйықтап қалды ма? Жол жүктеріме қарадым. Сары қорап есікке қарай жылжығандай, бірақ орнында тұр. Ал қоңыр сумка жоқ. Еш жерде. Бөлменің есігі кілттенбеген, ашық екен. Саңылауы үңірейіп тұр. Сірә, суық қолды біреу мен ұйықтап жатқанда кірген де, жымқырып әкеткен. Мұндай жағдай бұрын болмаса да. Мейлі, барсын. Қазір Балжанды тауып алам. Бәлкім, мен шатастырғам, пойыз күндізгі емес, түнгі... Апыл-құпыл жинала бастадым. Сыры көшкен күрең шипәнерде менің тек салтанатқа ғана киетін қымбат костюмім тағы жоқ болып шықты. Үтіктеулі шалбар, ақ жағалы таза көйлегімен қоса. Және жаңа туфлимен. Абырой болғанда, кеше ала жүруге татымас деп, астыңғы тартпаға тыға салған көнетоз пенжек, ескі шалбар мен өкшесі мыжырайған жаман туфлиім есіме түсті. Жалаңаш, тіпті мәйкесіз кеудеме Құлашбектің салбырай ілініп тұрған жұпыны жейделерінің бірін кидім. Болған жағдайды талдап, талқылап жатуға мұрсат та, мүмкіндік те жоқ, сол, ескі-құсқы, жамау-құрау қалпымда, жоғарғы қабатқа қарай тұра жүгірдім. Балжанның бөлмесі тарс жабық болып шықты. Әрі қақтым, бері қақтым. Әрі тарттым, бері тарттым. Есім адасқан кісідей, қаққылай, жұлқылай беріппін.
– Тыныш! – деген оқыс дауыс шықты артымнан.
Жалт қарадым. Ұзын швабрасының көлденең ұштығына оралған салпыншақ кенеппен еденді тазалай жуып жүрген қызметші кемпір екен.
– Қыздар түгел кетіп қалған, – деді жаңағыдан бәсеңірек, зілсіз дауыспен.
– Қалайша?.. – деппін шарасыз қалыпта.
– Қалайша? Оқу бітті, содан соң кетті. Бәрі де. Біреулері дорбасын арқалап, біреулері жаңа қосылған күйеулерін құшақтап...
Мен аңырып, шайқалақтамасам да, төңірегім түгел бұлдырап, тұрып қалдым.
– Саған керек қыз... – деді көңіл айтқан, жанашыр әуезбен, – сен іздеген қыз кеше бар ма еді?
– Бар...
– Онда бүгін кетті, – деді. – Мана. Байдың қызы. Сұлу...
– "Сұлу..." – дедім мағнасыз қайталап.
– Иә, байдың сұлу қызы. Кетті. Екі шабадан, қаншама буыншақпен. Оқудан емес, базардан қайтқандай. Бәрін жігітіне артып...
–Қандай жігіт? – деппін.
– Мен қайдан білейін, – деді қызметші кемпір кенет ашу шақырып. – Былай тұр есік алдынан, ерікпей. Жұмысқа бөгет жасайсың. "Қандай жігіт, қандай жігіт!" Қазіргі қыздарда жігіт көп. Күнде ауыстырады. Соның бірі де!
Менің бетіме шүбалана қарап, азғана бөгелді.
– Мүмкін, – деді сүрткіш таяғына сүйеніп, белін жазып, – мүмкін, осы сенің өзің шығарсың... Мүмкін, – деді содан соң күмілжіп, – күйеу болатын жігіт емес, бірге оқыған бала шығар. Жүгін көтеріп, көмектескен...
Бұл – әуелгіден де ауыр ақпар еді. "Бірге оқитын..." Баяғы бала соңғы, мен Балжанға ие болған екі жылда тезінен ересек тартқан. Бойы да өсті, өңі де байсал тапты. Жүріс-тұрысы, сөз әуені түгел салмақты. Балжанмен бірге оқып, ортақ жатақханада тұрған соң, анда-санда ұшырасып қаласың. Үнемі ізетпен, бас изеп амандасады. Ал Балжанмен кездесіп қана қоймайды, күн сайын сөйлесуге мүмкіндігі бар. Сабақта. Мұнда, әрине, сирегірек. Тек дипломдық жұмыс, кезекті мемлекеттік емтихандар басталғалы қыздар бөлмесіне қатынауы жиілеген. Әрине, ортақ оқу, бірлескен дайындық жөнімен. Әйтсе де, мені көргенде әжептәуір қысылады, Балжанды әлі күнге сүйетіні, қаншама алыстап кетсе де, үмітін үзбегені анық еді. Қызды біржола меншіктендім десем де, мұндайда жүрегім кілегейленіп, әлде қызғаныш, әлде күдік сезімі қылаң береді. Кеше де... біз киноға шығарда осы есік алдында, бұл жолы Балжанның өзімен жеке-дара сөйлесіп, төмен қарап мұңайып тұр екен. Бүгін шығарып салса несі бар. Бәлкім, қисынсыздан кешіккен менің орнымда, бірге кетуі... Жобаға келмес, сорақы күдік еді. Бірақ амал не, қайткенде де қызымыздың кетіп қалғаны айқын болды.
13
Қалайша ғана кетті деп ойлаймын. Мені тастап. Жарайды, ұйықтап қалыппын. Жерігеннен, жек көргеннен емес қой. Асса, ақмақшылық қана. Немесе маубастық. Ал, ұйықтадым. Мүмкін, қатты ауырып жатқан шығармын. Тұра алмаймын, жүре алмаймын. Келіп біле салса болады ғой. Қарсаңындағы кеште ренжіскеміз жоқ. Тым құрса жөнін, өкпесін айтпады ма. Тіпті, өкпелейтін реті жоқ. Үнемі тату, тәтті болдық. Қалтқысыз табысқандай едік... Ерні бал татыған, құшағы от шарпыған жалғыз жар... Көзім тұманытып, басым айналып барады. Кенет... мен – қалғам жоқ, ол – безген жоқ, пойызда, оңаша купеде бірге кетіп барады екенбіз. Көзі мөлдіреп, еркелене қарайды... Келер мезетте аласұрып атып тұрып, тар бөлме ішінде теңселіп тұрам. Басым қарақұстан қақ маңдай, кеңсірегіме дейін екі айырыла шытынап, жүрегім шымырлап, бауырым езіліп, буын-буыннан әл кетіп, киімшең қалпы табыт-төсегіме құлаймын. Бір заматта... солықтай тыныстап, керіле босаңсып, екі дүниеден баз кешкен, бар тілегіне жеткен, байсал, мамыражай қалыпта сұлық жатам. Елжірей езіліп, қайтадан құшақтаймын. Балжанымды. Сөйтсем, Балжан дегенім – мақтасы түйірпектелген жаман жастық екен. Тағы да ышқына ыңырсып, атып тұрам. Күн өтті. Кеш болды. Құлашбек келді. Маған таңырқай қараған. Әрине. Алжа-бұлжа, опай-топай болсам керек. Өзімше жинақыланып, бумадағы кітаптарымның бетін ашып, қолыма түскен біреуін алып, ақтарыстай бастадым. Құлашбек те шешініп, киімін ауыстырған соң портфелінен қағаз, қаламын шығарып, ағылшын әлде неміс тілді әлдебір ғылыми журналмен қоса, ортадағы жайдақ стол үстіне қойды. Оның бар жұмысы тиянақты. Бар болашағы өзіне – нақты еңбегіне ғана байланысты. Маркстік-лениндік-орыстық идеологияға байланысты емес. Химия, физика, математика... тағы не, ең аяғы биология, жоқ, геология, гидрология, астрономия – нақты, техникалық ғылым саясатқа да, ұлтқа да қатыссыз, барлық заман, барлық жұртқа ортақ, бір тіл, бір түйінді. Тозған тарих, азған әдебиет емес... Құлашбек бөлмедегі жалаңаш екі орындықтың біреуін жылжытып, стол басына барып отырып, сірә, бүгінгі лабораториялық жұмыс қорытындысы, айдақ-сойдақ, шимай жазу толы қағаздарын төңкере бере, маған көз тоқтатып қарады. Жаңа ғана көргендей. Есімді жиып, ақылыма түсуімді күткен.
– Сен немене, қайтып келгенсің бе? – деді.
– Мен ешқайда кеткем жоқ, – дедім.
– Қыз... қызды шығарып салдың ба?
Мен құрысын қызы да, басқасы да дегендей, қолымды сілтедім. Бірақ үнсіз қалуға болмайтын.
– Есікті ашық қалдырған екем, менің бар киімімді сыпырып әкетіпті, – дедім сөзді басқа жаққа аударып. Әрі қажетті әңгіме. Құлашбек:
– А... – деп, қабағын көтеріп, таңырқай қарады.
Мен ештеңе бүлінген жоқ дегендей, мысқылдап, өзімді өзім қыжырта сөйледім.
– Өзіме де сол керек... Сенің бір көйлегіңді кидім.
– Кие бер, – деді. – Үстіңнен іріп түсіп қалғанша.
Ескінің несін аяйын, онсыз да оңып тұрған жоқ дегендей, жеңіл жымиып күлген. Үстімнен көріп тұр.
– Жаңа, тәуірірегін кимедің бе...
– Сенен алатыным мұнымен бітпейді, – дедім, – Азғана тиын-тебен ауыса тұрмайсың ба? Соңғы стипендияның жұқанасы ұрланған костюммен бірге кетті...
– Жарар, – деді.
Бөгелместен орнынан тұрып, шипәнердегі костюмінің төс қалтасынан әмиянын алып, жарты стипендия мөлшерінде – отыз сом ұстатты. Әке-шешесі бар, бай болмаса да, ауқатты жігіт еді. Бірақ бұл арада мәселе барлықта емес, жомарт кеңдікте тұрған.
– Мүмкін, сенікі дұрыс шығар, – деді маған тағы да ойлана қарап алып. – Қыз... сені тым жақсы көретін. Қамықпа. Ешқайда кетпейді. Әрине, әуелгі сөзін ұстамады деп, дәл бүгін өкпелеуі мүмкін. Өкпе тарқайды, қайта табысасың... Ал ғылым... гуманитариядан хабарым болмаса да, аңдап жүрмін, бірталай шаруаның басын қайырған сияқты едің. Орта жолдан тастап кету обал. Үлкен ғылым қыздан кінәмшіл. Уақытында қамтымасаң, қайта айналып келмейді...
Әлбетте, армандас досымның әуелгі болжалы жаңсақ, кейінгі кеңесі қатесіз. Десе де мен... ғылымнан қол үзіп, атақтан айнығам жоқ, бірақ жігерім құм болған, алдым шыңырау құз емес, бітеу тас қабырға, кетпейін дегем жоқ, көлденең кеселге ұшырадым; қызбен арадағы жағдай да мүлде басқаша, араз-өкпесіз, қапияда айрылыстық, қайткенде де жеріген мен емес, ол, яғни қайрылып соғуы екіталай, тіпті, мүмкін емес. Анығы – екі тарапта да орта жолда қалыппын. Өткенге оралмас, өріске жете алмас қысылтаңда. Ғылыми жұмысым ғана емес, бар болашағым бұлдыр. Адамдық үлкен арман ғана емес, пенделік кішкентай тіршілігімнің өзі.
Балжан... сол бойы жоғалды. Әрине, мекен-жайын білем, аудан орталығы. Облыстық деңгейдегі шағын қала, соңынан бара қалсам, қазақ арасы, Мекеден алыс емес, сұрастырып жүріп табам, бірақ онда не күтіп тұр – кеше тым құрса қоштаспай, хабар-ошарын білдірмей, шын мәнісінде, мені тастап, қашып кеткен қыз енді қалай қабылдамақ. Әлбетте, басқа ниет, басқа бір оймен кетті. Бәлкім... басқа бір жігітпен қол ұстасып. Өз ауылынан да асып, әлдебір қиянға. Аяқ астынан олай болмас, деймін өзімді алдарқатып. Бірақ кеткені рас қой, әзірше нақты біреумен қауышпаса да, менен жеріп. Мүлде түсініксіз жағдай. Әйтсе де мен үшін ақырғы нәтижесі біреу-ақ. Жолымыз айрылды. Мен жалғыз қалдым.
14
Езілген, түңілген, кеуде басылып, көңіл мұңға толған, мең-зең қалыпта, ұзақтығы тұтас айға созылған, азабы қалған ғұмырға жетерлік, бір, әлде жарым апта өтсе керек. Балжанға деген көңілім суымаса да, ықылас, ниетіме көлеңке түскен. Тек күн аралатпай, қуыс кеудемде қамырықты, күйікті толқын көтеріліп, ішім алай-түлей болатыны бар. Еденге етпеттей құлап, шиыршық ата домалап, күңірене айқайлап, өкіре жылағым келеді. Елден аулаққа қашып, Алатаудың шың-құзына шығып, мұз бен қарға бауырымды басып, ішімде үйіріле лапылдаған от-жалынды сөндірсем деймін. Бірде шынымен-ақ мұз тау, қарлы шыңға қарай шықтым. Мұз бен қардың өзіне емес, бергі жасыл биігіне. Медеу шатқалына өрлей түсіп, орта жолдан қиялай бұрылдым. Баяғы... бақыт бесігін іздеп едім. Нақты өзі табылмады. Тоғай мен алас, күн сүйген белес, көлеңкелі сая. Әйтеуір осы тұс. Тығыз, көк шөпке бауырымды төсей жығылып, егіл-тегіл жыладым. İштегі толқын сыртқа шыққанымен, кеудедегі күйік тарқамады. Есесіне көңілім тақа суымаса да, жүрегімнің ұшына тас байланған еді. Балжаннан біржола айрылыппын. Бірақ қимаймын, өтті-бітті, көрер қызығың таусылған жоқ деп қанша қажасам да, өзімді жұбата алмағам. Бар бақытым Балжанмен бірге кеткені анық еді. Өлгім келді. Айтқанға ғана оңай екен. Бір замандағы аруақты атадан қалған жалғызбын. Тұқымым құриды, жарығым біржола сөнеді. Ол да емес мені тоқтатқан. Ездік, жігерсіздік дер едім. Өзіңе өзің қол жұмсау үшін де шешімтал батылдық керек екен. Әйтпесе, біржола үзілген үміт. Менің үмітім жұқарса да, әлсіз жіптікке ілінсе де, үзілмей тұрған. Шынында да, мені кең дүниеге алып шығатын басқа бір қызығым – өмірлік мақсат, көкірегімдегі ешқашан сөнбес, және айнымас, айрылмас, өзіммен бірге жасар жан серігім – ғылым, нақтылап айтқанда, туған халқымның мәңгілік рухына қатысты мұрат – өткен тарихты жарыққа шығару талабы бар еді ғой. Сол үшін тудым, сол үшін жасаймын. Елімнің еңсесін көтерем. Өзім де атақ-абыройға бөленем. Бағзыдағы орыс тарихын қалыптаған Карамзин мен Соловьев сияқты. Шығыс тарихын әйгілеген Бартольд, көшпенділер тарихын байыптаған Владимирцов қарайлас. Тіпті, аяғың тұсаулы, өрісің шектеулі дегеннің өзінде кешегі Ақсақалдың, өзі болмаса да, көлеңкесіне жетуге мүмкіндік бар. Үлкен дарыным жоқ, қабілетім кем дегеннің өзінде, таным мен талабым күмәнсіз, ендігісінің бәрі ынта мен еңбекке ғана байланысты. Қайткенде де белгілі бір нәтиже шығады!.. Өзімді солай бекіттім. Өмірімді қайта ұзартып, ендігі тіршілігіме мән беретін жалғыз суыртпақ – бастаған ісімді ары қарай жалғастыру екен. Осыған тоқтадым. Жүрек, жүйкем, керек десеңіз, бас сүйегім, жұлын-тұтам қақырай сөгіліп, екіге бөлінгеннен бергі жартыкеш жағдай келешек бүкіл ғұмырыма созылмауға тиіс. Сондай қайрылмас шешімге келдім.
Түнде тағы да түс көрдім. Ұйықтап жатсам да, өңімдегідей көрініс сияқты. Біз Балжан екеуіміз бірге аттанғамыз. Қыз – қалыңдығымның ауылына. Той өткен, енді біржола қосылған екенбіз. Тау етегіндегі әлдебір сәнді санаторийде демалып жатырмыз. Түннің бір уағы, жарқырай төгілген үш бөлмелі люкс-номер, қонақжайда дастарқан үсті толған жеміс, жас келіншегім теледидар көріп отыр, мен Марко Полоны оқығым келеді, бірақ кітабым жоқ, Алматыда қалыпты. Оның есесіне Балжан бар. Менің әлденеге алаңдаған көңілсіздеу кейпімді байқады да, орнынан тұрып келіп, мойныма асылады. Теледидарды өшірдік. Жатын бөлмеге келдік. Түнгі шам; Балжан жаға бере қайта сөндірді. Алакөлеңкеде жеңіл шешініп, сыр толқынды, жайлы, кең төсекке жаттық. Мен Балжанды аймалап, құшақтай бере, қайтадан басымды көтеріп, шам жағам. Түнгі, әлсіз жарық емес, аппақ люстраны. Осы аппақ жарықта жас келіншегімнің сымбатты, сұлу денесін көргім келген. Балжан күліп, ашыла бере, қымсынып, қайтадан көрпесіне тығылады. Сол кезде... дәл қыр арқамда, төбеден төніп, жоқ, тура қасымда, жоқ... төсектің арғы жағы, тура терезе алдында, жабық пердені тасаланып, тағы біреудің сұқтана қарап тұрғанын аңдадым. Қалт бөгелдім. Сөйтсем... бөтен біреу емес, өзім екем деймін. Оңаша бөлмедегі өзіме қарап тұрмын. Өзіме емес, енді қызара, сықылықтай күлсе де, мені мазақтап, әлде ынтықтырып, жартылай ашылған Балжанға. Балжан жымиған қалпы, көзінің қиығымен маған қарайды. Содан соң, мойнын оқыс бұрып, арғы жағына... Онда тағы мен. Қайтадан бері қарады – маған. Ары қарады – әрине, мен. Бірақ Балжанның өңі бұзылып кетті. Иегіне дейін көміліп, көрпе астына тығылған. "Сен... сен... – дейді дір-дір етіп. – Сен... екеу екенсің ғой!" "Балжан, Балжан... қорықпа, бұл мен ғой!" – дейді тіпті де мен емес, тек маған егіздің сыңарындай ұқсайтын біреу. "Балым, бұл – мен емес, мен – мына мен..." – деймін, емініп жақындай бере. Балжан естіген жоқ. Анау, маған ұқсастан пана тілегендей, сол, бөтен жігіттің бауырына тығылды. Маған тиесілі қазынаға қол салған сұмырайға қарай ұмтыла бере, оянып кетіппін.
Азғана уақыт сүйгенімді тауып, қуаныш-мерейге толған жүрегімді қайтадан қан жуды. Дәл қазіргі сағатта бөтен әлдекімнің Балжанның бар сымбатын қызықтап жатқанына сендім, енді келер мезетте жан ләззатына толы нәзік қойнауын қақ жарып, маған ғана тиесілі ұжмақ ұйықты ойран қыларына... күмән жоқ еді. Манағы түс ғайып, енді өңімде анық елестеттім: міне... міне, балғын денені бауырына басып, қос отаулы томпақ кеудені төс астына алды, терең шатқалға бойлай еніп, ырғай толғап, балды шелегін толтыра тартады... қызға, қыз емес, аптадан айға жеткен армансыз айқаласта қанша мейірленсе де, қанша тояттаса да, кезекті сауынға иініп, тағы да шөлдеген жас келіншекке керегі де сол, қалың шашы төгіле жайылып, танауы дымдана тершіп, ерні қызара ашылып, ақыл-естен айрылған...
Бұл – мен үшін туған Балжанды түсімде ең соңғы рет көруім екен. Сол, қызғанышқа, өкініш, арманға толы ауыр, азапты түнде, қайран Балжанның басқаға бұйырғанына көз жеткен сәтте алдамшы үмітім де біржола үзілсе керек.
15
Ертеңіне, өзім де күтпеген жағдайда, сергек ояндым. Қайғы мен зар жүректің терең түкпірінде қалған, әлі де ойым олқы, көңілім жартыкеш, бірақ бойым жеңіл, мақсатым айқын. Осыған дейін жасалған азғана жұмыстың қолжазба нұсқасын, барлық дайындық, жоспар, үзік жазбалар, деректік, танымдық көшірмелермен қоса, аспирантураға түскен күні сатып алған, ұясы, қалтасы мол қоңыр портфельге сықай толтырып, Ғылым Академиясының Тарих-зерттеу орталығына, Ақсақал марқұмның әуелгі бір шәкірті, мұнда бөлім бастығы болып тұрған профессор Қарасақалға тура тарттым. Айтпақшы, өткен қыста, ортақ ұстазымыз Ақаңның ұсынысы және осы кісінің өзінің қолдауымен бір шағын мақалам Ғылым Академиясының салалық жинағында жарияланған. Яғни, белгілі мөлшерде осы Қаракеңнің де шәкірті есептімін.
Қарекең мені жатырқамай, керек десеңіз, ықылас, ілтипатпен қабыл алды. Арада бір апта өткенде кіші ғылыми қызметкер дәрежесінде, қажетті жұмысқа бекіп едім.
16
Қамқоршым әрі жаңа жетекшім Қарасақал профессор бар жұмысымды адақтап көрді, мақұлдап риза болды, бірақ бұл қалпында кәдеге жарамайды екен. Яғни, жарыққа шығаруға, қорғауға. Ғылыми тұрғыдан емес, саяси тұрғыдан. Ақсақалмен салыстырғанда, кейінгі заман адамы. Үлкен кісі әуелгі бетінен тайқымай кетіп еді. Сондықтан да жазғанының көбі жарыққа жетпей, бастаған шаруасының біразы аяқсыз қалды. Қарасақалдың да танымы, түсінігі, жұмыс бағдары сол тарапта, бірақ дәл осы кезеңде нақты нәтижеге жеткізер өнімді іске бейім. Айналма жол ұсынды. Хорезм және Қыпшақ – аса күрделі тақырып. Күрделісінен бұрын, субъективті қиындығы мол. Бүгінгі Совет ғылымындағы, ресми саясаттан бастау алатын теріс ұғымды бұзу мүмкін емес. Сен сатқын, қорқау деп отырған Қайыр ханды көреген деп, қаһарман деп мадақтау керек. Шыңғыс ханды зұлым деп, басқыншы деп сөгу керек. Хорезмнің Қыпшақ тарабындағы отарлау саясатын ақтау керек. Яғни, бар жұмысың бастан-аяқ теріс пікір, қате байламға құрылмақ. Басқаша байып – ғылыми ақиқат, тарихи шындыққа жол жоқ. Жазған еңбегің жақсы. Бірақ бойыңа ғана құт. Зерттедің, білдің, таныдың. Кейін, заманнан заман озғанда, дүние түзелгенде... бәлкім, кәдеге асырарсың. Қазіргі саған керегі – ғылыми атақ. Жарыққа жетер ұтымды зерттеу арқылы әуелгі тұғырыңды бекіту. Шығыс Дәштіні кейінге шегере тұрып, Батыс Дәштіге түссең. Қыпшақ және Русь. Немесе, керісінше, Русь және Қыпшақ. Яғни половецтер мен орыс елі. Өте қызық тақырып. Және соны, тың тақырып. Бастау көздері өзіңе белгілі. Қалғанын түгендеп аласың. Бүгінге дейінгі орыс ғылымында тиіп-қашып қана сөз болған. Арнайы, түбегейлі зерттеу жазылған емес. Бірақ дерек көздері жеткілікті. Сонымен қатар, тағы да саясатқа, орыс өктемдігіне қатысты болғандықтан, қиындық мол, шатағы жетіп артылады. Мұнда да, өтірік айтпағанның өзінде, шындықты түгел шығара алмайсың. Соның өзінде беті ашық, мүмкіндігі зор. Және, қалай десеңіз де, билеуші үлкен ел тұрғысынан алғанда өтімді. Шамына тимей, сыналай білсең. Кейін, айттым, заман түзелсе, әлі жассың, ғұмырың жетіп қалар, енді қырық-елу жылдан соң екі Қыпшақты қосып, екі кітап – түбегейлі зерттеу жазасың...
Мен осы, соңғы, Қарекең нұсқаған жолға түстім. Жөні де сол, басқадай амал жоқ еді. Бірақ осы, кедір-бұдыры мағлұм жолдың өзі біз шамалағаннан әлдеқайда қиын болып шықты. Жұмыстың жөн-жобасы емес. Қалай айтқанмен, менің өзіме ғана байланысты шаруа ғой. Және жалпы негізі бұрынырақ айқындалған. Тынымсыз ізденіс, ауыр еңбек үстінде екі жарым жылда тәмам қылдым. Бөлімнен, бастығы Қарекеңнің өзі қолдап тұрған соң, әрине, бірер білгіш бұра қиыстаған азғана кінәраты демесек, бөгеліссөз өтті. Бұдан соңғы, Ғылыми кеңестегі талқы бір тараптан екінші тарапқа, бір қиырдан екінші қиырға тартып, әсіресе, атақты, мансапты ғалымдарымыз үрке тапырақтап, үрейлене терістеп, мақұл мен қарсылық арасында тура бір жыл бойы сенделіп жүрген соң, амалы азайған жетекшім ұтқыр жүріс тапты. Он ай отырып, орысшаға аудардым. Содан соң Мәскеу, Ғылым Академиясының Ресей тарихы институтының тиесілі бөлімі. Орысшыл деңіз, шовинист деңіз, қанша айтқанмен, біздей қаса надан емес, саңылау бар ғой. Ескертпелері көп, бірақ тұтастай алғанда тақырыпты мақұлдап, жұмысты жақтап шығыпты. Мәнді, құнды зерттеу. Енді жол ашылғандай көрінді. Шынымен ашылған. Бір мәртеге, осы ретте. Өктем ағайындар айтқан нұсқау, ескертпелердің бәрін бірдей қабылдамасақ та, негізгі тұрғы, байламдардың кейбірін қиялай, кейбірін астарын өзгертіп, енді біреулерін там-тұмдап, қайткенде де өз бағдарымызды алып шығу, және шынында да орынды сынға орай түзетулер. Үстемелер жасау әжептәуір машақатқа түсті, қайткенде де негізгі ұстынымыз өзгермеген, нақты тарихи деректер, соны, түйінді пікірлер өз орнында қалған. Ақыры, университетті бітіріп, аспирантураға түсіп, ғылымға бет бұрған уақыттан бастап есептегенде тура сегіз жыл дегенде, отыз жасымда әйтіп-бүйтіп, әупіріммен әрең қорғадым-ау. Сәтімен, тезінен және жас кезінде... деп, көтермелеген көлденең жұрт. Сырттан қарағанда бәрі оңай. Орда бұзар отызымда қатарға әзер ілініппін. Жиырма екі жасымдағы әуелгі меже бойынша, бұл кезде үлкен абырой, атаққа жетіп, докторлық диссертацияның өзін дөңгелетіп тастауға тиіс едім. Енді өткенімді ойлап тұрсам, осыған да тәуба екен. Қалай айтсаңыз да, қажетті ғылыми дәреже. Келесі зерттеулерге баспалдақ. Ендігі жолым біршама жеңілдейді деп ойладым. Қайда. Одан бері тағы отыз жыл, иә, отыз емес, жиырма бес жыл – ширек ғасыр, мен сол кәрі кандидат күйімде қалдым. Ендігі арман – уақыты өткен, қызығы қайтқан докторлық атақ емес, көз ашқаннан бері айналдырған, қалай тыпырласам да жеріне жеткізе алмаған жұмысымды – "Тарихтағы қыпшақтар" атты өмірлік еңбегімді орайымен тәмамдау. Тақаудағы төрт-бес жылда, ғасырдың соңына дейін бітіріп-ақ қалар едім – аяқ астынан шыққан пәлекет – арылмас сор боп жабысқан. Ойым онға емес, өзім екіге бөліндім. Бүтін емес, жарты кісі сияқтымын. Баяғыдай. Балжаннан алғаш айрылған кездегідай. Бұл жолы айрылғам жоқ. Табыспасақ та, қайта көрдім. Қаншама заманнан соң. Қартайғанда. Мен қартайғанда. Ал Балжан... сол қалпы емес, әрине. Бірақ көлденеңнің көзін тартар толықсыған келіншектей. Шынымен өзі ме? Иә, көріп қана қойғам жоқ, атына дейін естідім. Балжан біреу-ақ. Сол Балжан. Ал әлгі Марат дегені... Көруім анық. Болуы анық. Бірақ сену қиын. Сенгім келмейді. Әуелде қызық, таң көрінсе, енді қауіптене бастадым. Әлденендей бір қатер әкелетіндей. Ал ол... мені көргеннен-ақ зәресі ұшты. Қатты қорықты. Қорқа тұра қарсы ұмтылды. Бұл не пәле? Енді не күтіп тұр мені?
17
Отыз бірдеңе жыл бойы бітпеген неткен жұмыс дерсіз. Жүз жылда бітпейтін, бір кісі емес, жүз кісі, әлденеше ұрпақтың ғұмыры жетпейтін жұмыстар бар. Әлбетте мына мен – өзім ойлағандай үлкен дарын болмасам керек. Болғам, алғашқы жазу, ізденіс жобаларыма қарағанда. Содан соң... сірә, құлай сүйіп, шын ғашық болған баяғы қалыңдығымнан қапияда айрылған күйік әсері ме, әлде басқадай, кездейсоқ, көлденең кесел соқты ма, бір басым екіге жарылғандай, жарты ес, жарты күш, жарты жүйке, жарым жан... жағдайды айқын сезінген едім. Рас, ақыл, парасатым кемімеген, білім-танымым да сол қалпында сияқты. Ал өмірге ынта, еңбекке құштарлық – талап пен жігер ортаймаған, мүлде жоққа сайған сияқты. Немқұрайды салқындық желкемнен тартып, кеудемді одан әрі басып тұрады. Жұрттың бәрі менен артық сияқты. Мен бәрінен қор, бәрінен төмен сияқтымын. Ең ақыры, тобығыма жетпейтін шалағай дүмшенің өзі менен көп білетіндей көрінеді. Артық болмаса да, көп білмесе де, көзеген мақсатына менен бұрын жететіндей. Баяғыдай арындап, асқақтап емес, қорғаншақтап, именшектеп тұрам. Әйтеуір әуелгі бір берік бағдар, айнымас мұрат – халқымның бір кәдесіне жарасам деген ұлтшылдық сана ғана сол қалпында. Мені сүйреген, еңбекке еріксіз жеккен де осы, туа біткен, жүре бекіген ұлттық сезім болса керек. Сонымен қатар, "жыланды үш кессе, кесірткелік халі бар" дегендей, кесілдім бе, кемідім бе, әлде әуелден барым сол ма, қайткенде де мүлде қабілетсіз бозөкпе болмасам керек. Әйтеуір, аршындап ұтпасам да, тасбақаша тырбанып, ең бастысы – көлденең шаруа, пайдасыз істен бас тартып, бір бағытта еңбек етіп келем. Менің алдымнан шыққан ең үлкен бөгесін – зерттеудің қиындығы, ғылымның күрделі, жұмбақ болмысы емес. Балшабектік жүйе, тоталитарлық тәртіп. Сырттай қарағанда, мен сияқты бәкене кісі үшін тым үлкен сөз көрінуі мүмкін. Шындығында, советтік замандағы әрбір адам – атақты академик, даңқты жазушыдан – қатардағы студент, ең соңғы қойшы, кәсіпсіз жұмыскерге дейін арнайы бақылау астында болды ғой. Әрқилы деңгейдегі партия комитеті, ашық кеңістік, барлық қуысты толтырған КГБ, үлкенді-кішілі басқару орындарынан кәдімгі, бейкүнә кейіпті кәсіподаққа дейінгі құрылым атаулы кез келген екі аяқты тірі пенденің әрбір қадамын бағып отырды. Айрықша ықылас – қаламгерлер қауымына тиесілі болатын. Олардан өткен құрметті күзетте – тарихшылар. Жазушылардың әрқайсысының жеке басы күмән туғызса, тарихшылар – бүкіл ғылымы, бағыт-бағдар, барлық ісімен. Тұлпар ма, тұғыр ма, жазушы атаулы өз бетімен жамырап, әрқайсысы жеке-дара кетеді. Ал тарихшылар белгілі бір қызметке, яғни күнкөріс, жұмыс орнына байланған, оның өзінде үйірімен. Нені зерттеу, қалай зерттеу, нені айтып, қайсысын қайтіп жазу – күнібұрын белгіленген. Бұра тартуға, тіпті, сара жолдан аз-маз ауытқуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Өзінше толғаған, яғни ғылыми тарих, ақиқат шындыққа ұмтылған ерлердің, тіпті, ер де емес, әдепкі адалдың көретін күні белгілі. Алдыңғы ағалардың айқын мысалы бар. Ол – басқа заман еді деседі. Айырмасы сырт көзге ғана. Ендігі қапас – торлы терезе, темір есікті түрме, биік дуал, тікенек қоршаулы лагерь емес, тарихты зерттеу мекемелерінің өзі. Азғана ақшаңды ал да, адал наныңды жеп, аузыңды ашпай, тыныш отыр. Неге десеңіз, советтік отарлық идеологияның ең негізгі тұрғыларының бірі – кіріптар халықта ата тарих болуға тиіс емес деген қағида. Бұл айнымас ережені жүзеге асырудың ең төте жолы – өткен заманның өзін жоқ деп жариялау, бұл тарапта қандай тұрғыдағы болмасын зерттеу атаулының өрісін қию. Алда-жалда өткенге үңіле қалсаңыз, отарлық идеологияны насихаттау бағытында ғана жұмыс жасауға тиіссіз. Соның өзінде, қалай жағынсаң да, көлденең бір кінарат шықпай тұрмайды. Мәселеге сырттай қарағанда, менің мансұқ болған ескімен жалғас жаңа тақырыбым өте ұтымды көрінген. Орыс және қазақ халықтарының бүгінгі бауырластығы мен мәңгілік одағының түпкі тамырларын айғақтау. Киев Русі болды – түрік текті пешенектер. Оған тетелес орыс кінәздіктері – половецтер, яғни біздің қыпшақтар. Рас, бұлар өзара жауласып тұрды. Бірақ өткен тарихта жауласпаған халық бар ма. Славян-қыпшақ соғыстары Киев, Черниговтан Владимир, Рязаньға дейінгі аралықтағы орыс кінәздіктерінің өзара шапқынынан ауыр болмаған. Керісінше, бейбіт қатынас – байыпты, түбегейлі. Алыс беріс, сауда-саттық, құданда-жекжаттық, әскери одақтастық. Орман мен Дала тарихы астасып жатыр. Әрине, дәл бүгінгідей емес. Өзара дербестік, ұтымды бірлестік, қажетті келісім, тепе-теңдік жағдайда. Екі жақ үшін де пайдалы, зиянды сыпаттарымен. Қайткенде де бұлтартпас ақиқат, нақты деректерге негізделген тарихи шындық. Осы, негізінен орыс тарихнамасынан алынған күмәнсіз дерек, даусыз ақиқатты айқындадық. Сол айқындықты әйгілеу үшін, тең жарымын тәрік етіп, ақыры ұзақ талқы, үлкен қиындықпен қорғалған еңбекті кітап етіп шығаруға талап жасадым. Ғылыми кеңестің мақұл ұсынысымен осы Академияның өзінің баспасында, ол кез үшін шағын таралым – бес мың данамен. Онсыз да күзеліп, шұнтиған жұмыс, енді баспаның арнайы редакторы, одан соң жабық рецензия мен жалпы талқыға сүйенген редакциялық Кеңес тас-талқан етіп, кітап болып түптеліп шыққанға дейін тағы бірталай нәрінен айырды. Нақты деректердің өзін сол қалпында бере салуға болмайды екен. Буржуазиялық объективизм аталады. Яғни, зиянды, советтік ғылымға жат тәсіл. Сен өткен тарихтағы болмысты нақты құжат, архив куәлігі, замана айғақтары негізінде дәлме-дәл қалыптап көрсеткен, тіпті, таратып айтып, дәйектеп жазбасаң да, осы, талғамай, таңдамай, маркстік-лениндік көзқарас тұрғысынан іріктеп, сын елегінен сүзбей, сол қалпында келтірген деректерден жаңылыс қана емес, теріс, зиянды, яғни жетекші идеологияға қайшы қорытындылар шығып кетуі мүмкін, сондықтан советтік тарих ғылымында тексерістен өткен, қабылданған, бекіген көзқарасқа сәйкес дәйек, түйіндерді ғана аламыз. Тіпті, әлгі, айрықша қажетті, немесе тұздықты, қайткенде де әлдеқалай қыстырылған дерек, куәлігіңіз қалай тартса да, шығатын қорытынды, ақырғы тұжырым қажетті арнадан табылуы шарт. Тағы да екшедік, қатқыл көрінген байламдарды жұмсарттық, "жаңсақ" қорытындыларды қысқартып, тиімсіз, артық-ауыс мағлұматтарды түгел жұлып тастадық – ақыры, тағы бір жылдан астам созбұйдаға түскен азап, қидалана кесілген қорлықтан соң оннан бір нұсқасы қалған талайсыз кітабым да басылып шықты. "Ежелгі орыс елі және көне қыпшақтар – XI-XII ғасыр." Төлбасы, жалғыз данасы қолыма тиген күні таң атқанша ақтарыстап, ішім удай ашып отырғаным әлі есімде. Зерттеудің өзі жоқ, көлеңкесі ғана. Екі жүз елу бет – бастан-аяқ... өтірік емес, сыңаржақ. Қыпшақтың бар ісі теріс, орыстың бар ісі оң. Қыпшақ шабады – басқыншылық, озбырлық, орыс шабады – қорғаныс, болашақ ұрпақ қамы. Және үнемі қыпшақ жеңіліп, орыс жеңіп отырады. Қыпшаққа қатысты оңтайлы, әділ деректер түгел қысқарып қалған соң олай болмағанда қайтсін. Ең ақыры, қыпшақ тілі мен мәдениетіне қатысты тарауға дейін, қазаққа тым ұқсап кетіпті деген айыппен кітаптан ажыраған. Яғни, тілі де, мәдениеті де болмаған мақұлық. Жабайы, дүлей. Сол қорқау, тұрпайы түйсікпен, мәдениеті жоғары, текті жұртқа қастандықтан басқаны ойламаған. Ақыры, артында із қалдырмай, тұқым тұяғымен құрып кеткен. Әрине, ондай байлам, мұндай сөздер менде жоқ, бірақ кітапты оқып шыққан кез келген кісі осы қорытындыға келер еді. Нәтижесінде, бар жазуым өзімдікі емес, өзге болып кетті. Әйтеуір кітап шығарған аты ғана. Ақыры, өзімді өзім жұбаттым. Қайткенде де тасқа басылған еңбек қой, кітап атаулының жөні бөлек, әрі тың тақырыпқа арналған, әжептәуір көлемді монография; уақыт оза келе, кетігін бүтіндеп, кемісін толтырып, әуелгі қалпында, тіпті, одан әрмен жетілдіріп, қайыра бастырудың сәті түсер. Қанша қомсынсам да, сырты дүр, келешек жұмыстарға, бұдан да үлкен еңбекке баспалдақ, ғылыми дәрежеге себепкер болар. Мүлде жарық көрмей қалса қайтер едім, осыған да тәуба дедім. Әйткенмен, жүрегім түйіртпек, көңілім қоңылтақ еді.
Сөйтсем, мен тойып секірген екем. Арада үш күн өтті-өтпеді, – ойбай-аттан шықты. Компартияның Орталық Комитетінің тура өзінен. Бұл кезде бізді бастаушы, бағыттаушы мекеменің бұрынғы идеологиялық көсемі, дарақы белсенді Нұрқан Жангелдин қызметінен шеттеп, оның орнына амалды, айлалы Нұрмаш Саттаров келген. Кейінірек, мен өзім онша тәуір көрмейтін, бірақ баз-базында тура айтып қалатын бір әдебиетші жазғандай, Мәскеудегі Сұр кардинал, көтерем арық Сусловтың рабайсыз жуандаған қара көлеңкесі – Қоңыр кардинал. Бұдан соңғы, бізге тиесілі, тиесілі емес, бақылаушы қожайын – Орталық Комитеттің мәдениет және ғылым бөліміне басшы болып, орыс есімді қара қазақ, ақылы мен зұлымдығы астас Иван Мокеевич Есенғалиев келген. Осы екі сабаз тығыз жұптаса отырып, қазақ руханиятын ескіліктің қалдығынан тазартуға кірісті. Бұл кезде, мана айтсам керек, бүкіл Советтік кеңістікте заман біршама түзік, тіпті, қарайлас, қатарлас ұлттық республикалардың бәрінде жағдай қалыпты, бейбіт. Озығы өткенін оңдап жатыр, қалығының өзі қолдағысын берік ұстап отыр. Тек біз ғана. Кері бағытқа түскен. Негізі – жері бай, елі иесіз қазақты біржола құртуға ниет еткен Мәскеудің нұсқауы болар, бірақ мұндағы екі жандайшап артығымен орындауға ұмтылған. Күн озған сайын өрісіміз қысқарып, тынысымыз тарыла түсті. Менің, ішінде жартылай болса да, әуелгі бүтіннің жұқанасы қалған сорлы кітабым осы екеуінің тұсы, түптеп келгенде, тура жиырма жылға созылған сырқат науқанның әуелгі кезеңіне тап келіпті. Ол заманда баспадан шыққан, кез келген кітаптың алғашқы, төлбасы аталатын он данасының бесеуі тұпа-тура Орталық Комитетке түседі, әлгі екі басшыға және бөлімдегі, сектор меңгерушісі, нұсқаушы деп аталатын, олар да билікші, бекемдеуші ғана емес, тексеруші, тергеуші қызметкерлерге. Тірідей салмағы жүз қырық жеті килограмдық, беті жалпақ, мойны бітеу, бұты талтақ, ресми жұмыс кабинетіндегі алдыңғы, ұрдажық әріптесінің кең әрі жайлы орындығына сыймай, ауқымды, серіппелі, арнайы кресло жасатыпты дейтін Қоңыр кардинал менің өзіме іліп-алары жоқ, жып-жылмағай көрінген жартыкеш кітабымды қолына алып, ақтарып үлгерді ме, үлгермеді ме, білмеймін, елгезек, ширақ, үнемі әлденендей пәле іздеп, аласұрып жүретін Иван Мокеевичтің қырағы көзі бірден шалып, алпыс екі тамыры түгел иіп, қожалақ бетіне қан жүгіріп, тышқан көздері жайнап кетсе керек. Сол сәтінде қарауындағы қызметкерлерін жинап алып, ай қарап отырсыңдар ма деп біраз сілкіген соң, осыншама зиянды кітаптың ғылыми баспаға қалай өтіп кеткенін тезінен анықтауға бұйырады. Сол қалпында, қанын ішіне тартып, тас-түйін, шешімтал кейіпте жоғары көтеріледі. Әуелі өзінің тікелей көсеміне. Негізгі мамандығы тарихшы, яғни кезінде КПСС тарихына іліктес тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған, жалпы тарихтан еміс хабары бар, онсыз да із-түзі жоқ қазақ тарихын мойындамайтын Нұрмаш Құрмашевичке. Келеңсіз жағдайдың барлық жай-жапсарын мағлұм қылған. Қоңыр кардинал іс мәнісін, қатер мен қауіп жөнін бірден аңдайды. Және уақытылы дабыл, жамандықтың алдын алған қырағылық, соған орай қолданылмақ қатаң шара, жоғарыға жетпек дүңкіл мен даңғыр нәтижесінде артатын абырой, табатын пайдасын. Сазара түйіліп азғана отырып, бұрқ еткен. "Сендер қайда қарап отырсыңдар! Академияның бағыт-бағдары осы ма? Баспаның сауаты, танымы осы ма! Ұлы орыс халқының қас жауы болған половецтерді дәріптеген не сұмдық! Бұл деген бүгінгі ұйып отырған халықтар достығына қарсы масқара әрекет емес пе! Ең кереметі, баяғыда, бұдан мың жыл бұрын өтіп кеткен қайдағы бір половецтердің бізге қатысы қанша? Әлденендей қатысы бола қалса, оны дабыралап керегі қанша? Саяси сауатсыздық, маркстік-лениндік таным жолынан ауытқыған деген осы емес пе! Тезінен қатаң шара қолданылсын!" – дейді. Енді біржола күш алған Қара Иван зырқырап кетеді. Нұсқау, шақыру, жарлық. Сондай да сондай сұмдық кітап шығыпты – ұлы орыс халқының қас жауын насихаттаған, тарихты бұрмалаған! – Бітті!! Ұзын сөздің қысқасы, басылып, түптеліп, дайын тұрған бес мың дана кітап қолма-қол тұтқынға алынады. Талдау, тексеру, анықтау, оң, терісін айғақтау жоқ. Қоңыр кардинал мен қара Иванның жалғыз-ақ ауыз сөзі шешеді, бір кітап түгілі, тұтас бір халықтың мәдениеті мен әдебиетінің тағдырын. Арада апта өтпей, Ғылым Академиясының Ғылыми кеңесінің арнайы шешімі бойынша, идеялық тұрғысы жат, бастан-аяқ жаңсақ дерек, қате қағида, теріс байламдарға құрылған зиянды кітап туралы қатаң қорытынды шығарылды. Сорлы кітап сол күні, типографияда буылып-түйіліп, сауда орындарына өткізуге дайын тұрған қалпында пышаққа түсіп, мұқабасы жұлынып, ішкі беттері қидалап кесіліп, макулатураға жіберілді. Баспаның бар шығыны менің мойныма жазылды – ол заман үшін аса көп ақша, ай сайынғы табысымнан жырмалап, тақаудағы төрт жыл ішінде өтеп бітуге тиіс едім. Бұл аз болғандай, мен КГБ-ның ерекше есебіне іліндім, ендігі жерде жазған жазуым тұрыпты, басқан ізім, ең аяғы сейіл-серуен, қонақ – бейсауат жүрісімнің өзі есепте. Айтпақшы, өзімдегі жалғыз кітапты қайтып беру талап етілген. Әуелде баспа, содан соң Ғылыми кеңес, оларға көнбеген соң, ақыры КГБ-ның ғұзырлы бөлімі. Мұндай қатерлі кітап ақырғы данасына дейін жойылуға тиіс екен. Мен әуелде олқы, жат көрінген, енді айрықша бағаға шыққан, мен ғана емес, естіген жұрттың бәрі үшін құнды санала бастаған бейбақ кітаптың ең соңғы тірі данасынан еріксіз айрылуға тиіс едім. Әрине, қимаймын. Жоғалтып алдым дедім. Қалай? Солай. Неге солай? Кітабым шықты деп қуанып, дос-жаран жігіттермен тойлап едім, көбірек кетіп қалыппын, ресторанда ұмытылды, немесе жолай трамбайда түсті. Қаншама өтірік болса да, сылтау-себеп. Бірақ КГБ-ның жігіттері бұған тоқтамаған. Балалықты қойыңыз дейді. Сондай құнды... өзіңіз үшін баға жетпес кітап, қалайша жоғалтасыз, оның үстіне нақты анықтадық, сіз мүлде ішпейтін кісі көрінесіз... Айрықша құнды екенін білгеннен, деймін, есім шыға қуанғаным; бұрыннан ішкіштік тәжірибем болмаған соң, оқыстан масайып қалғаным. Қай ресторанда жудыңыз, қасыңызда кімдер болды? Оған да қисынсыз өтірік табылды. Кітап шығып, қолға тие сала ішіп едім, содан соң кімдерді және қалай қосып алғаным, қайда барып, не істегенім жадымда жоқ. Үлкен кісісіз, осындай өтірік айтасыз, дейді. Кітап өтірік еді, бұл сөзім шын деймін. Үйіңізде тұр, дейді. Тауып алу оп-оңай. Біз сізді сыйлап... Шын сыйласаңдар, аңқам кеуіп тұр, ақша жоқ, бір жүз грамм жұтқызып жіберіңдер, содан соң барып біздің үйді тінтіңдер. Тапсаңдар – сіздікі, мүбарак қолтаңбамен өткізейін деймін. Анығы – қиынға жытыртып жібергем, итпен іздесе таба алмас еді. Оны біліп тұр. Үгіттеді, қорқытты, үркітті – көнбедім. Мәселе шынында да құны кем, мәні жоқ кітапта тұрмаған. Адамдық қасиетімнің ақырғы жұқанасы осы соңғы данада қалғандай көрінген. Бүтін, тәп-тәуір дүниені қысқартты, қидалады, бұрмалады, елес-сұлбасын ғана қалдырды, ақыры сол сүмірейген қалпының өзінде өмір сүруге қақысы болмай шықты. Енді көрге біржола көміп, алас-қапаста түсіп қалған ескі ұлтарағын сұрайды. Бермеймін. Не істейді маған бұдан артық. Түрмеге тыға ма – тықсын. Алдыңғы ағаларымнан артық емеспін. Айдасын, атсын, бүйткен қорлық өмірден қараңғы көр артық...
Әрине, басың бұлада күпсіну оңай. Қанша батырсығанмен, бойымды үрей жайлаған. Уайым, қайғыдан емес, кітапты жоқтағаннан емес, ғылым жолынан да, тіршілік машақатынан да тыс, жүрек, жүйкеден өтіп, жан-әлемнің терең түкпірінен көтерілген еріксіз қорқыныш. Бұл кезде күмәнді кітап жайына қалып, менің ізшілдерім басқа бір тарапқа ойысқан. Менің ішкі сыр, ой-пікірімді тексере бастады. Сірә, біздің сала бойынша білгір кеңесшілері бар. Шыңғыс хан, Бату хан туралы қандай ой-пікірдемін, Абылай ханның тарихи қызметі неде, Кенесары деген кім – мен жауаптан жаңылмадым. Тек Алаш-Орда туралы сұрақтан ғана жалтарғам. Естімедім, білмеймін. Тарихшы болғанда... мен басқа, арғы заман тарихының маманымын. Осы соңғы сауалдан соң ағайындардың маған арнап қыл тұзақ есіп жатқанына күмән қалмаған. Манағы сылтау сөзді өзгеше амалға ұштастыру осы кезде ойға келген. Дзержинский көшесіндегі Сұр үйге кезекті тергеуге барғанда... удай мас едім. Тілім күрмеліп тұрса да, есім түзу, қандай жауапқа да әзірмін, әзірліктің, айрықша қуаныштың белгісі ретінде Феликс Эдмундовичті де, Лаврентий Павловичті де аттап өтіп, бүгінгі қырағы чекист, бас чекист Андропов турасында тұтас бір лекция оқуға кіріскен едім. Мұндағы жас чекистер айрықша құрмет танытып, арнайы машинасымен үйіме жеткізіп салысты. Рақмет, алғыс айтып тұрып, келесі лекцияның қай күні өткізілмегін сұрап едім. Бұдан былай КГБ-ның тарихын жазу ниеті бар екен менде. Әуелі темір Феликс туралы. Содан соң, өзінің даңқты қызметін Қазақстанда бастаған Ежов туралы... Бірақ бұл ниеттердің ешқайсысы жүзеге аспай қалды. Келесі шақырыстағы көңілді көріністен соң маған қолдарын бір-ақ сілтеген. Жоғарғы жаққа тәрбие жұмыстары тәмамдалды, енді аяғын қия баспайды деген ақпар берілсе керек. Бірақ мен маскүнем атағымды ақтау үшін, бәлкім, туралған, кемтар емес, баспаға түсерден бұрынғы кемел кітабымның күйігі және дәл осы мезетте, арада он екі жыл – тұтас бір мүшелден соң қайтып оралған ескі қайғы – қосылмай қалған қалыңдығымды жоқтап, тура қырық күн бойы қызыққа кенелдім. Қызығы құрысын, біржола маскүнем болып кете жаздап, маған түсіністікпен қарап, қуат, күш беруге тырысқан, бұл кезде мұрты түгілі шашына дейін көкбурыл тартқан Қарасақал ағамның жанашыр ренішінен соң әрең тоқтаппын.
Тоқтамас жөнім де жоқ. Өмірді танығаным өз алдына, ақылым да толысып, өлшеусіз ересек тартыппын. Ең үлкен нәтиже – мас кісі өкіметке қауіпсіз көрінеді, тиесілі орындар менің райымды байқаған соң, сірә, бұл кезде әуелгі әңгіме де ескіре бастаса керек, ендігі жерде менен май шықпайтынын көріп тұр, бүлік те шықпасына көз жеткен, ары қарай қазбалап, қудаламады. Бірақ жақсы білем, менің үстімнен қозғалған іс, бар дерегім, кейінгі жауабым, соңғы өнерім түгел тіркелген жуан пәпкі әзірше жабылғанымен, кез келген уақытта қайта ашылуы оп-оңай. Енді мен де байыз таптым. Маскүнемдік жайын айтпаймын. Әуелден құмарлығым шамалы, біржола қойдым, күні кешеге дейін арақ-шарап атаулыны аузыма алып көргем жоқ. Сыртқы жағдай емес, іш пікірім, ғылыми жаңа ізденістер жөнін айтам. Азғана, ақиқат тауарихтың көлеңкесінің өзі осыншама ылаң-шу шығарды. Үлкен әңгіме көтерілсе, түбегейлі, байыпты, баянды зерттеу, соны пікір, тың, бүгінгі қалыптасқан ұғымға мүлде қарама-қайшы мәселелер алға шықса... не болмақ? Менің бар жолым кесілген еді. Өзім ниет еткен, бағыт түзеген тарапта. Ойлап тұрсам, қаншама бейнет шектім десем де, осыдан үш-төрт жыл бұрын ежелгі тарихтан еңбек қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алуымның өзі кездейсоқ жағдай, шынын айтқанда, төтенше бақыт екен.
Қайткенде де атағың бар. Және жайлы жұмыс орны. Бұл орын, сен қызмет атқаратын Зерттеу орталығы, өткен тарихың үшін емес, бүгінгі тарих – яғни Октябрьден соңғы барақат өмір, ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығы, совет өкіметі мен коммунистік партияның ақиқат, ақ жолы – бір сөзбен айтқанда, орыс-совет отарлық жүйесін насихаттау үшін құрылған, ашылған. Ал сені, Қарасақал ағаңнан бастап, амалсыз қосымша ретінде тіркей салған. Тарих-зерттеу орталығы! Яғни, Қазақстандағы тарих ғылымының ұйықты ордасы. Орда түгілі, үйшік емес. Ағаң екеуің үшін. Орда болса, социалистік, коммунистік құрылым жаршыларына арналған орда. Демек, әліңді біл, жолыңды біл. Жаңағы, коммунизм жаршыларының арқасында ішіп отырған сорпа-суыңа риза бол. Тек жүресің – тоқ жүресің. Тоқ болмасаң да, аштықтың ауылынан алысырақ. Ең бастысы – темір тордың сыртында. Ақиқат шындықты мойындадық. Мойындамасқа шараң жоқ еді.
Мына қараңыз. Біздің зерттеу орталығы ғана емес, бүкіл Академия жүйесінде жаманатқа шығып, Ғылыми кеңестің барлық құрылымдар үшін арнайы таратылған қаулысы арқылы ғылымға жат, теріс ой, арам пиғылды кісі ретінде әшкереленгеннен кейін менің атақ-абыройым көтеріліпті. Бүкіл академиялық қауым шынайы ұлтшыл, нағыз отаншыл, аса дарынды жас ғалым ретінде мойындаған. Сол астыртын атақ, бейресми даңқ бүкіл ғұмырыма созылып, бүгінгі күнге жетті. Одан не пайда. Жазбаған ғалым, жасамаған тарихшы. Яғни, түгім де жоқ. Бар болса, манағы жалған атағыма сәйкеспейді.
Әлбетте, әуелгі бағыттағы зерттеулерімді тоқтатқам жоқ. Алайда, ынта бұрынғыдан кем, жас кездегі жалын сөнген, тым бойкүйезбін. Осының қажеті қанша деп ойлайсың кейде. Зорланасың, зарланасың, қиналасың, шалдығасың, белгілі бір нәтижеге жетерсің – ақыр түбі тығырық. Жарыққа шықпайды, жұртқа жетпейді. Көлденең жұртың не, әріптес қауымның өзі селт етпейді. Ешкімге керексіз. Сенің қалап тапқан ғылымың өтпелі дүние сияқты, баянсыз екен. Өмір... күнделікті күйбең, кәкір-шүкір шаруа астында, ол да өтіп барады.
Әйтеуір тіршілік жібі үзілмеген. Қалай түңілсең де, тынысыңды өткен тарихтан табасың. Ендігі жерде зерттеуші емес, оқушы ретінде қарайтын болдым. Архив деректерін байыптау, арғы-бергі дерекнамаға үңілу – мен үшін роман оқығандай. Тек қиялдан туған емес, дүниеде нақты болған оқиғаларға құрылған роман. Және қызық емес, қасырет, мұң. Кеудең көтеріліп барып, қайта басылады. Сондай да сондай болыппыз. Ендігіміз мынау. Бар дерегімді жүйелейін, бар білігімді қағазға түсірейін деймін кей кезде. Бастаймын, аяқтай бермеймін. Толғанамын, түгеспеймін. Ендігі қай істе де қызу құмарлық жоқ, серпін аз; санамда бәрі сайрап тұр, қаншама жоспар, биік мақсат, бірақ бойлай кіруге, жүзеге асыруға келгенде тартыншақтай берем. Алды, артым тұйық. Ал өзім тірі өлікке тақаумын. Біржола өлу үшін де қуат керек екен. Әйтеуір ілініп-салынып жүре беріппін. Ақыры, ешкім де күтпеген тәуелсіздік төбеден түскенде, аспан қақырап, жер айрылмай-ақ барлық жол ашылды, барлық жол ашылғанда... мүлде есеңгіреп, отырып қалыппын. Кім білген, кім ойлаған. Қарап тұрсам, бар өмірім зая кетіпті.
18
Зая кеткен – ғылымдағы өмір еді. Әдепкі тіршілік – ел қатарлы. Тіпті, ел қатарынан тәуір. Академиялық қызметкердің жалақысы өте жоғары саналады. Сол заман есебімен алғанда. Киім-кешек, ас-суыңа толығымен жетіп жатыр. Бұл кезде мен үйленгем. Әйелдің қойнын көрген бойдақ жігіт бауыр суытпай жүре алмаса керек. Кезекті ермегім – Балнұр деген қыз еді. Академия ғимаратының шығаберіс аузындағы кітап киоскісінде сатушы. Керекті әдебиетімді түгел тауып беріп жүрді. Жаңа, маған қажет-ау деген басылымдарды іркіп қояды. Орнықты әрі ықтиятты бала. Әуелгі назарымды аударған – атындағы ұқсастық еді. Бұл да Бал... Басқа да үйлестік бар сияқты. Бет-бейнесі, мінезі емес. Жүрісі мен тұлғасы. Бұл да сәл-пәл толықша, майда басып, еркін қозғалады. Келгені сол, бірден үйіріп түсірдім. Арада жарым жыл өтті ме, өтпеді ме – өзгеше жағдайын мағұлым етті. Ренішсіз, қуанышсыз, әдепкі ақпар ретінде. Өзінше сақтанып жүретін сияқты еді. Үш айдан асыпты. Айтуынша, білмей қалған. Әрине, білген. Біле тұра жүре берген. Мен баяғы... Балжанды еске алдым. Ол да... солай екен ғой. Білді ме, білмеді ме, сол бетінде кетіпті. Мені ай-далаға тастап. Ауылына, әлде одан да арыға. Үш айға толмапты. Одан соң... алғызды ма, әлде кейінгі, көлденең күйеуіне сүйей салды ма. Енді міне... Күмәнсіз өзім... Әуелде абдырап едім, сағат өтпей, сабама түстім. Қайткенде де қыздың есебі дұрыс. Менің есебіме де қайшы емес екен. Рас, Балжан сияқты пәкізе қалпында жеткен жоқ қолыма. Бірақ былғанышы байқалмаған. Әрі мінезі өзгеше жайлы. Ұяң, кірпияз, байыпты. Мен бұрын ойламаған, оқыс шешімге тоқтадым. Сол күні, сол сағатта бойдақ пәтеріме алып келгем. Бұл жолы ертеңгі заңды әйелім ретінде.
Бұл кезде мен қаншама бейнеттен соң ғылыми атаққа жетіп, қызметте берік бекігем, өмірден де өз орнымды тапқандай едім. Енді сүрбойдақ жалғызбас емес, үйлі-баранды кісілер қатарына қосылдым. Арада бес-алты ай өткенде кішкентай қызды болдық. Балнұр декрет демалысынан кейін жұмысқа қайта шықпады. Тұңғышымыздың тұсауын кескеннен соң көп ұзамай, тағы бір қыз туды. Ол қалтақтап жүре бастағанда тағы бір бала, яғни үшінші қыз. Баланың аласы жоқ. Басымыз өскен. Рас, бір ұл керек-ақ еді, оған... төртінші қыздан қаймықтық. Әрі тетелес, түгел кішкентай үш сәбиді бағып, қағудан шаршап кеткеміз. Бірақ қыздарымыз ақжолтай екен, бәрі сәтімен келіп, осы шамада Ғылым Академиясына арнап салынған ғимарат есебінен үш бөлмелі пәтерге қол жеткен. Ресми тұрғыда қаншама сыйсыз саналсам да, жазықсыз жапа шеккен дарынды жас ғалым ретінде жақсы есепте болсам керек, күтпеген қуаныш. Рас, жаңа құрылыстан емес, қонысын жаңартып сонда көшкен үлкендердің бірінен босаған үй. Кірпіш үйдің ескі, жаңасы бар ма, көп ұзамай, жеңіл сылақтан соң кіріп алдық. Дәл уақытында көшіп үлгеріппіз. Баяғы халық жауларына парапар, саяси сенімсіз, сондай да сондай кісіге қалайша социалистік меншіктен пәтер беріледі деген арыз түсіпті жоғарға. Әуезінен оп-оңай таныдым. Зерттеу орталығына менен кейін келген, зәру, өтімді, яғни советтік тақырыпта жеңіл қорғап шыққан, менен жарты мүшел кіші Қаражұманов деген жігіт. Сумақай. Кәсіподақ па, басқасы ма, жиналыс сайын сөйлейді. Идеялық қазығы берік, әсіре белсенді шіркін. Әлдебір жоспарлы жұмысты талқылау кезінде жасын да, жолын да ұмытып, сұғына бергенде шыдай алмаған біздің Қарекең: "Сен алысқа барасың! Бірақ ашық пен жарияда өз орныңды біл!" – деп нұқыртып қойғаны бар. Содан бері жиын, кеңес атаулыда тыныш отырады және бар пәле осыдан дегендей, мені жек көреді. Арыз тексерілді, негізі жоқ деп табылды, кезінде қателескені рас, бірақ бір істе екі жаза болмайды, одан беріде түзелді, қадарынша адал еңбек етіп жатыр, тұрмыс мәселесінің өткенге қатысы жоқ, үш баласы бар, міне, пәленбай жыл бойы жалдама пәтерде тұрады екен, бәрі заңды деген, тұтас бір дәйектеме жауап жазылды, әйткенмен, даулы пәтерге тезінен кіріп алмасам, көшіп үлгермесем, қолдағы ордеріме қарамай, баспана атаулыдан қағыс қалады екем. Бұл жағдаятты талай күш, қаншама жүйке тұрмыс салмағы, еріксіз дау-дамай астында тозғанын атап айту үшін еске алып отырмын.
Қайткенде де қалыпты өмір еді. Үйреншікті тіршілік. Бұл кезде баяғы бөлмелес серігім Құлашбек ғылым докторы болған, шеткері бір пединституттың проректоры, аспирантурадағы, мамандығы басқа болса да қатарлас жігіттердің бәрі де табысты, тепей-ақ темір үзіп, жайнаң қағып, әр тарапта – байсалды ғылымда, ұстаздық үлкен қызметте жүр. Тек мен ғана, әуелгі қалпын сақтай алмай, екпіні төмендеген. Жігерім сөніп, кеудем басылған тұнжыр жағдайымды кейін ғана ұқтым. Таң қаларлық ахуал. Пайым-парасатым да, өмірлік тәжірибе, білім-таным да күн санап арта түскен, бірақ өнімді еңбекке зауқым кеміс. Барымды сыртқа шығарсам, бұрынғыға жаңадан жеткен дерек, толғамды ұштастырып, кең өріске бет қойсам... кешегі дақпырт, жалаңыз не, одан он, жүз есе артық аттан көтеріліп, шынымен-ақ басымды жоюым мүмкін деген ой көкірегіме түйіледі де тұрады. Мені тежеген – қорқыныш елесі ғана емес. Нәтижесіз, жеміссіз еңбек. Ал, зерттедің, арып-аршып жаңа бір еңбек жаздың – не шықты? Әйтсе де... Енді ғана білдім, қорқыныш пен үмітсіздік – берідегі бөгесін екен. Менде мұрат-ниет, таным-ұғымға сай серпімді жігер, қажырлы қайрат болмапты. Айрылғам, басқа жаққа кеткен... Өкінішті, қайғылы жағдай, бірақ осы қалпымда да көп шаруа тындыруға мүмкіндігім бар еді. Тым құрса өзім үшін. Көкірегім тазарып, еңсем жазылу үшін. Оған парасатымыз жетпепті. Парасат қана емес, сенім. Тарихты тани тұра, ең құдіретті империялардың өзінің құлағанын біре тұра... дәл өз жағдайымызда көрсоқыр болыппыз. Советтік-коммунистік құрылым мың жыл мызғымайды деп білдік қой. Мың емес, жүз болсын. Сол жүз жылда өзің қайдасың, қазағыңнан не қалады? Сенің, бар ғұмырыңды құрбанға байлап, шелектеп тер төккен, тынымсыз азап шегіп, жан түршігерлік үрей, үздіксіз қатер астында жүзеге асырған жұмысың – зобалаң заманның қай күні жалаға ұшырап, өзіңмен бірге кетпек? Жалаға түспесін, өзіңмен кетпесін, одан соң бұлдыр мен тұманда іріп, тозып, боқат төгілген қай шұқырда қалмақ? Жетпейтін жерде не бар, өнбейтін істе не бар! Мен өмірден баз кешпесем де, өзімнің тума табиғатымнан айнып, ғұмырлық мұратымнан бой тартқан екем.
Шындығында, басқаша болуы мүмкін де емес. Бәрі заңды. Мен әлдебір сырлы, құпия күштердің қалауымен, жоқ, өзімді өзім паршалап, шарасыздық жеңген, санам сансырап, жүрегім толқыған тылсым түнде... қақ жарылып, екі кісіге айналыппын. Ынта-жігер, қуат-қайрат, өмірге құштарлық, асқақ менмендік – бәрі де Балжанмен бірге кеткен. Анаған. Мұнда, жалбағай жатақханада жатқан менің үлесіме ізгі ниет пен жарым жүрек қана қалған сияқты. Және... қазақы қан. Менің бойыма біткен, тумысыма тән сыпаттардың барлығы да тепе-теңдей бөлінген күннің өзінде мен жарым кісі болар едім, үлкен есеппен алғанда, қатардағы көптің бірі. Бірақ олай шешілмепті. Әуелгі болмыстағы әрқилы, жақсылы-жаманды қасиеттің бір парасы маған қалған, бір парасы оған кеткен. Ерікті түрде, өзінше әділ таразы бойынша. Негізгі тұрғы, басты белгілерде. Ол өз қалауын, өз керегін әкеткен. Сен де өзің үшін құнды, мәнді деп есептеген қасиеттерді ұстап қалғансың. Ал Балжан... өмірлік мақсатқа жету жолында сенен гөрі оған керегірек екен. Сен Балжансыз-ақ ғылым жасай алар едің. Ол Балжансыз байлық жасай алмайтын. Сондықтан, бұл ретте де әділетсіздік жоқ. Әркім өзінің қалауын тапты. Керек десеңіз, бастап айрылысқан кім? Сенің өзің. Келісіп қойған шаруа, оң ба, теріс пе, шешімін табар ең соңғы сәтте тағы толқыдың. Қызды пойызға салып жіберіп, өзің қала тұрмақ болдың. Әуелде арбағаныңды, одан соң аздырғаныңды ұмыттың. Екінші жарымың мұндай озбырлықпен келісе алмады. Сенен біржола бөлінді де, сүйгенін құшақтап кете барды. Яғни, қай жағынан алғанда да, бәрі орынды, бәрі де ақылға сыйымды. Алмағайып сәтте екіге бөлінбеуің мүмкін емес екен. Бір бүтін – екі жармақ шыққан. Түп негізі ортақ болса да, енді дербес, жекеше екі кісі. Әрқайсысы өз түйсік, өз тірлігімен.
19
Басқа бір мақсат, бөтен мұрат жолында қайтпас шешім, қатаң көңілмен менен бөлініп шаққан жаңа тұлға – әйтем, бүйтем деп толғанып, толқып тұрмаған. Алды жарық, арты тұйық, ештеңеден қаймықпай, жаңа дүние, жаңа ғұмырға нық аттаған. Әуелі менің таңдап тапқан өмірлік жарымды бауырына басқан. Бірлігіміз осымен бітіпті. Енді, менен, яғни өзінің негізгі жарымынан бостан болған соң, өзгеше жігер, өлшеусіз өлермендікпен бәрін жаңадан, тақыр жерден бастаған. Тақыр болғанда, мұндағы мен сияқты, тұрмыс-жағдайды емес, өмірлік нысана – тіршілік жолын. Әлуетті қайын-атаның кеңесі, әлде өз байламы, сірә, шынында да өз шешімі, бірақ жаңа туыстарының жебелеуімен, жоғары білімді мамандығын қоя тұрып, арланбастан, қорынбастан, аудандық заготконтора, яғни дайындау мекемесінде қатардағы инспектор боп бастайды. Халық тілімен айтқанда, кәдімгі жүн-жұрқа, тері-терсек жинаушы. Ол замандағы ең түсімді жер. Қазақ мал соймай тұрмайды. Көлденең қонақ пен күнделікті сорпа-су, және қысқы соғым. Сойылған малдың терісі бар. Бұл – шаруаның шағын ғана бөлігі. Үлкен үлес – социалистік меншікке қатысты. Колхоз, совхозда мал өлімі – әдепкі жағдай. Ал қысы қатты жұт жылдары жоғарыдан түскен жарлық жөнімен қаладағы ет комбинаттарынан келген қасапшылар қой-ешкіні мыңдап қырады. Етін әкетеді, терісі жергілікті, тиесілі мекемеге өткізіледі. Ана теріні де, мына теріні де қабылдап алып, қажетті бағасын белгілейтін – тері жинаушы. Жеке шаруаға бес-он тиын береді. Онсыз да далада қалатын тері, бергеніне риза. Колхоз, совхоздан келген, тобымен түскен теріге тағы да ең төменгі сұрып. Оның үстіне, пәлен жүз тері шіріді, кесілді, тозды, сайып келгенде шығынға шықты дейтін акті бар. Тіпті, түгел төлемге байласын. Аудандық мекемеде нақтылап тіркегенде, пәленбай жүз, неше мың тері түгел әуелгіден екі, үш, бес есе қымбатқа алынған болып шығады. Айырма пұлы – тері жинаушының сыбағасы. Одан әрі, аудандық қоймадағы мол дүниені облыстық мекемеге қотару керек. Енді тағы да үстеме баға. Тегін емес, тиесілі кісілермен әділ бөліс арқылы. Ал жүн-жұрқаның түсімі бұдан он есе. Қырқым, күзем кезінде колхоз, совхоздан жиналып, өткізілетін қой жүнінің есебі – қағаз ұстаған кісіде. Әр сатыдағы әрқилы сұрып өз алдына, қабылдау кезінде тоқсан тең жазылса, өткізгенде – жүз және одан да ары. Әрине, айырма жүн-жұрқа тағы да тиесілі сыбаға есебінде... Біздің жармақ арада екі жыл өтпей, аудандық мекеменің билігіне жетіпті. Таймай, тапжылмай, тура бес жыл отырады. Шіріген теріден, қоқсыған жүннен өндіген ақша шар-тараптан бұлақ болып құйылып жатыр. Енді дария болмаса да, жылғалы өзен керек екен. Ол тілек те қабыл. Мен өліп-талып архив қарап, шаршап-шалдығып зерттеу жазып, қайткенде де еңбек қорғауға жол таба алмай, кедейліктен қайыршылық жағдайға тақағанда, өтімді, іскер жармағым бұдан да тиімді, әрі сырт көзге таза, мәртебелі көрінетін қазанның құлағы – аудандық тұтынушылар одағының бастығы болады, күйеу балаға тезірек жол босату үшін зейнетке шыққан қайын-атаның орнына. Осыдан бұрын да, сол тұста, тіпті одан кейін де, қаншама мүмкіндігі бола тұра басқадай, жоғарғы есепті әкімшілік қызметке ұмтылмаған. Әрине, райком секретарының көлденең түсімі он есе. Бірақ мал жұтаған қыста, егін өнбеген жазда, облыстағы үлкен бастық ауысқанда – кез келген сәтсіз күні орнынан ұшып кетуі мүмкін. Біздің жармақтың ақылы да, есебі де артық шыққан. Дүниенің көзі – билік емес, байлық екенін жақсы білген. Қаншама заман бойы, әрқилы қызмет ұсынып, әрқайда шақырса да, орнықты, жайлы қазанның құлағынан айрылмайды.
Ақыры, маған ғана емес, менен ақыл-парасаты артық жұрттың өзіне мәңгілік көрінген совет өкіметі өңкиіп барып тырапай асқан. Алақай, тәуелсіздік! – деп, бөркімізді аспанға аттық. Мұндағы біз. Біз болғанда, мен сияқты "зиялы" қауым – қарапайым мұғалімнен белгілі ғалымға, қатардағы журналистен – атақты жазушыға дейінгі аралықтағы мың сан жайдақ қазақ. Көзімізге жас алдық, қуанышымыз кеудемізге сыймады. Халқымыз қарық болады, ер-азаматымыздың еңсесі жазылады дедік, елдің еркіндігі – ұлтымыздың бақыты, бәріміздің мерейіміз, ұрпағымыздың нұрлы болашағы дестік. Шынында да солай болуға тиіс еді. Болмады. Тәңірі көктен түсірген тәуелсіздіктен соң билікке жеткен – нақтылап айтсақ бұрынғы орнында отырып қалған – ежелгі советтік партноменклатура болатын. Өкіметтің аты ғана жаңарды – басындағылар баяғы. Бар өзгеріс – бұрын тұсаулы болса, әр ісінде жоғарыға – отарлық әкімшілікке жалтақтаса, енді бәріне өздері ғана қожайын. Елдің тәуелсіздігі деген сөзді – ен байлықты еркін тонау деп қана ұқты. Сөйтіп, бүкіл қазақ жұрты талапай үкімге кесілген. Бар қазынаң ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Биліктің ең жоғарғы сатысынан ең төменгі деңгейіне дейінгі әрқилы орында отырған тірі жан атаулы қарпып үлгергенінше қарық болды. Сонымен, әуелі жердің үстіндегі байлық талауға түсті. Одан кейін жердің астындағы қазынаға кезек келген. Қорқау қазағы бар, обыр орысы, жебір жойыты бар – билікке жанас жолбасар қауым ендігі, құшаққа сыймас қыруар олжаны сырттағы, шет елдік авантюристермен бөліске салуға тиіс еді. Бұдан соңғы талапай кезегінде – тауы, даласы бар, орман, тоғайы, өзен, көлі бар сол қара жердің өзі тұрған. Қазақ дейтін сорлы халықтың неше мың жылдан бері, жау біткенмен жағаласып, жаннан кешіп, қан жұтып, қылыштың күші, найзаның ұшымен сақтап келген, ұрпақтан ұрпаққа өтуге тиіс құт мекені астындағы қазына, үстіндегі бар байлығымен қоса, жат жұрттың еншісіне кетіп бара жатты.
Кейде ойлаймын, жеміт болса да, жалмауыз болса да, ата-бабадан қалған мирастың бір пұшпағына ие болып үлгерген кез келген қазаққа құрметпен қарау керек екен деп. Содан соң, керісінше, бір кезек, осы азғана, сенің барыңды толығымен иеленіп отырған жат жерлік олигархтармен салыстырғанда құртақандай ғана үлес алған осы өз қандастарың болмаса, ел-жұртың осыншама шапқынға ұшырамас еді деп. Яғни бәріне де Марат және Марат тектестер кінәлі. Нақтылап айтсақ, жоғарыда отырған, кел де ала бер, маған салғырт төлеп, сыбаға тастасаң болғаны деп, бәрін өз қолымен таратып берген ең үлкен Марат. Ал Мұрат, мен сияқты бәкене Мұраттар ғана емес, зор, алып Мұраттардың өзі қайыршы, кембағал жағдайға түскен еді бұл кезде.
20
Біздің Марат Бейсенович, бұрынғы үзіп, тартып жинағаны өз алдына, түске кірмеген тәуелсіздік арқасында аудан және аудандық қалаға қарасты, өзінің қорлы, қоңды мекемесіне тиесілі бар байлықты тұтасымен, тегін иеленіп, облыс көлеміндегі ең ірі алпауыттардың біріне айналған шақта, өткенді жоқтаумен, бүгінгі зармен, болашақ елесті арманмен өмірін оздырған, енді атаусыз кәмпескеге түсіп, қолындағы жарты жапырақ нанның өзінен айрылған мына мен, яғни Мұрат Бейсенұлы, қураған тамырларыма қан құйылып, кепкен талшығыма жан біткендей, үзілген үмітім қайта жалғанып, өлген мақсатым қайта тіріліп, дүр сілкінбесем де, сықырлай бүгіліп тұрған еңсемді көтере кергіп, көкірегімді кере дем алған едім. Өткен ғапыл дүниенің орны толмайды, бірақ алла тағала тым құрса жеті-сегіз жыл ғұмыр берсе, өмірлік нысанамның бір бекетіне жетер едім. Қайткенде де, Батысы мен Шығысын, арғысы мен бергісін түгендеп, орта ғасырлардағы әуелгі Қыпшақ жұртының түбегейлі тарихын толық қамтып жазуға мүмкіндік бар. Қыспағы мол компартия сахнадан түскен, еңсеңді жаныштаған КГБ құрдымға батқан, әрбір сөзіңнен пәле іздеген цензура біржола жоғалған. Ешқашан болмаған, ақылға сыймас, толық еркіндік. Менің санамдағы мүлгіген, ұйықтаған, өлмеші тартқан барлық ұғым, танымды қайта тірілтіп, ескілікті түп нұсқаларды жаңаша қопарып, үзіп-жұлып, тартып-жұлқып жазған барлық қағазымды қайта ақтарып, үлкен, ауқымды шаруаға бет қойдым. Жалпы жұрттың басына түскен, оның ішінде қаладағы қазақ интеллигенциясы, бүкіл зиялы қауымды аздырып-тоздырған тұрмыс таршылығы да, жеке басыма қатысты үй-ішіндік ырың-жырың да бөгесін болмауға тиіс еді. Жас болса келіп қалды, уақыт тынымсыз жылжып барады, қайткенде де бірдеңе бітіріп үлгеру керек. Өкініш мол, кейіс аз, тек тентіреп кетпесе де, дәл өздеріндей дәрменсіз, яғни ұрлық, зорлық жасай алмайтын, алдауға, саудаға қыры жоқ, бар байлығы жоғарғы білім, арнайы мамандықпен шектелетін күйеулерімен бірге, жас балаларын қолтығына қысып жүріп, әйтіп-бүйтіп құбатөбел тіршілік жасап жатқан қыздарыма ғана жаным ашиды. Бірақ қайткенде де олардың қажыр-қайраты бойында, көрешек ғұмыры алда, ал мен – тозған кісі, өмірім есептеулі, сонда да бар үмітті келер күннен күттім, ендігі істің игілікті нәтижесі тек өзіме ғана байланысты болатын.
Өзіме ғана... емес екен. Менің, бұл кезде мүлде тоқтап, жабылып қалған ғылыми басылымға емес, әупіріммен әрең шығып жатқан, бірақ толық еркіндікке көшкен жазушылар журналына жол тапқан алғашқы мақаламның өзі адам айтқысыз айқай тудырды. Мен қызмет атқарып отырған ғылыми зерттеу мекемесінің орынбасар төрағасы Алдабек Қаражұманов бастап, тек тарихшы ғана емес, әдебиетші, экономист, тіпті, математик, медигі бар – жиыны он үш ғұлама оқымысты қол қойған, ашу, ызаға толы наразылық хаты бұрынғы балшабектік баспасөздің жолбасшысы "Социалистік Советстан" газетінің тікелей мұрагері болып отырған, өкіметтік "Егемен Нұрстан" газетінде, тебінгідей, тұтас бір бетке басылыпты. "Қатерлі бағдар" деп аталады. Яғни менің ғылыми зерттеу бағдарым. Бағдар ғана емес, бүкіл болмысым, барлық байлам, пікірім. Бұл Мұрат Қазыбеков дегеннің басбұзарлығы ежелден әйгілі дейді. Совет заманында өзінің тиесілі бағасын алған, жұртшылық тарапынан айыпталып, турауға түскен, ғылымға жат кітабындағы негізгі қағидаларын енді тәуелсіздік күнінде, сөз бостандығы деген желеумен қайта тірілтуі – таң қаларлық жағдай дейді. Міне, кереметке қараңыз. Отарлық өкімет тұтқынға алып, өлімге кескен кітаптың көлеңкесінің өзі бүгінгі күн үшін он есе зиян екен. Мәселен, Батыс Қыпшақ пен Ежелгі Русияға қатысты байламдар – егемен еліміздегі бұрыннан қалыптасқан халықтар достығына қаяу түсіретін көрінеді. "Бізге осы тәуелсіздікті алып берген елбасымыздың көреген саясаты, қажырлы қызметі арқасында берік орнаған тыныштық пен бірлікке қаяу түсірмек мақсат не?" – деп өксиді. Ал Шығыс Қыпшақ – Хорезмге қатысты түйіндер – көршілес Орталық Азия республикаларымен арадағы мемлекетаралық жағдайды ушықтырмақ, оның үстіне қазақтың өз ішіндегі ру алалығын қоздырмақ. Яғни, сырттан жау шақыру тұрыпты, мұндағы қазақты өзара қырқыстыру ниеті бар. Ең сорақысы – осындай теріс ойлы, арандатқыш, зиянкес мақала жазған зерттеушісымақ және оны қолдап, журналына жариялап отырған жазушысымақ Бас редактор екеуі одақтаса отырып, ойдан шығарылған, қолдан қалыптанған жаңа бір тарих – өтірік, жалған тарих жасағысы келеді. Батыстағы қыпшақ – бүгінгі, қазақтағы қыпшақ емес. Тегі мүлде бөтен, еуропалық нәсілді, жат жұрт. Шығыстағы қыпшақ тұрыпты, біздің кісілеріміз ауыз толтыра айтып отырған жалайыр мен қоңырат, керей мен найманның бүгінгі қазаққа ешқандай қатысы жоқ. Олар – моңғол, яғни, басқа бір жалайыр, басқа бір қоңырат. Әйтеуір аты ұқсайды екен деп, көрінгенге жабыса беру – шынайы ғылымға сыйыспайтын тәсіл. Оның үстіне, жат қана емес, жау елді іш тарту мүлде қисынсыз. Сонда, өткенді былықтырып, бүгінге алып келген, ойдан жаңа бір тарих жасаған Мұрат Қазыбек мырзаның мақсаты не? Осындай теріс қағидаларға жол беріп қана қоймай, мейлінше қолдап, меншік журналы арқылы бүкіл республикаға таратып отырған Бас редактор мырзаның қандай есебі бар? Ұштығын жасырғанмен, бәрі көрініп тұр. Жинақтап келгенде, бұл деген – еліміздің егемендігіне қарсылық. Еркіндіктің түп тамырына балта шабу. Қазаққа егемендік алып берген, халқымызды осындай, өзгеше дәрежеге жеткізген елбасымызды аяқтан шалу. Ал осы Мұрат Қазыбек деген зерттеушісымақ – мемлекет тарабынан қаржыланып отырған "Тарихты зерттеу орталығы" аталатын жерде қызмет атқарады. Яғни, қаржысын алып отырып, халыққа қарсы әрекет жасамақ. Зерттеуінің сиқы анау. Сонда не болып шықты? Десе де, осындай зиянкес мақаланы жер астынан қазып алып, жарыққа шығарған "Темірқазық" журналының күнәсі он есе. Және бұл – жазушысымақ Бас редактордың жай ғана қатесі емес. Түкке тұрмайтын том-том кітап жазып, ебін тауып, мүмкін болған атақ, сыйлықтардың бәрін алып, енді егемендік жемісін теріс пайдаланып, құда-жегжат, рулас, жікшіл ағайындарының арқасында дербес, жеке меншік журнал ашып алған бұл жазушысымақтың жайы да жақсы мәлім. Ол да кезінде әшкереленген, оның да кітабы туралған. Ежелден-ақ, ұлтшылдық пікірдегі кәрі қасқыр. Өткенді былай қойғанда, бүгінгі былығының өзі жетіп жатыр. Мәселен, кезінде қазақ халқының мәдениеті мен өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан Нұрқан Жангелдин туралы жазғандарын қайда қоямыз? Қазақ әдебиетінің қолдаушысы, ежелгі мұраның қамқоршысы, бәрімізге бірдей құрметті болған Нұрмаш Құрмашевич Саттаровты қалай қаралады? Бүкіл саналы ғұмыры туған халқына қалтқысыз қызмет етудің көрнекі үлгісіндей Иван Мокеевич Есенғалиевке қандай жала жаппады? Соның бәрі осы, өзі меншіктеніп отырған "Темірқазық" журналының бетінде көрініс тапқан сұмдықтар. Енді жеке тұлғалардан озып, бүкіл халықты қаралауға көшіпті. Басқаның бәрін жинап қойғанда, елбасымыздың берік тірегі, егемен халқымыздың бірден-бір рухани көсемі болып тұрған, қазақ үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, Алатаудың қатып қалған қар мен мұзын ерітіп, İленің арнасын кеңейткен, қаңсып қалған Аралды суға толтырған, өліп қалған қазақ тілін қайта тірілтіп, орыс тілімен бірдей дәрежеде өлең, жыр толғап, екі тарапта қатарынан танылған, алымды ақын ғана емес, азулы саясаткер, ана тіліміздің шын жанашыры, сонау Совет заманында қолына тиген парламент мінберінен айрылмай, күні бүгінге дейін жоғымызды жоқтап жүрген жалынды қайраткеріміз Мүштар Мақановты орысша екі ауыз сөздің басын құрай алмайды, бірақ орыс тілінде өлеңмен роман жазады, қазақ тілінің мәртебесін көтерем деген құрғақ айқай – өзінің шын мәртебесі үшін ғана керек, Алатаудың қар мен мұзы күн тиіп, ерігені рас, бірақ İле сол қалпында, ал Арал жылдан жылға суалып барады, біздің ұлттық қаһарманымыздың ең үлкен ерлігі – қандықол, аяр алқаш Колбиннің жебелеуімен өкіметке өткені, Колбин кетсе де, соның көзі болып, баяғы орнында әлі отыр... деп, қайдағы жоқты айтқанын әсте кешіруге болмайды. Осының бәрі "Темірқазық" журналының елбасымызға қарсы, егемендігімізге қарсы жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқан зиянды жұмысының бір тармағы ғана... Сонда, өкіметіміз не бітіріп отыр? Ғұзырлы билік, әділетті заң орындары қайда? Жоқ! Мұндай шектен шыққан басбұзарлыққа тезінен тиым салынуы керек!.. Академигі бар, геройы бар, бәрі де совет заманынан бері атақты, мансапты он үш оқымысты қол қойған қаралау мақаланың ұзын ырғасы осындай еді.
Басым айнала қайран қалып, буыным дірілдей абдырап, тарихта ежелден белгілі, жұпыны деректерге құрылған, әлдебір ортақол ғана мақаланы жариялағаны үшін осыншама айқай-сүрен шақырған, өздерін де, мені де арылмас дауға қалдырған журнал редакциясына бардым. Бас редактор мәз болып отыр екен.
– Тамаша болды! – дейді. – Соңғы, жалпы жұрт күйзелгеннен бергі уақытта тиражымыз төмендеп кетіп еді. Міне, енді, келер жылғы жазылым қарсаңында көктен түскен берекет! "Нұрстанға" рақмет. Ақы берсе табылмас реклама!
– Сізге жақсы екен, – дедім мен. – Журналыңыздың таралымы артады екен. Ал мен... менің өрісім қайтадан қысқарғалы тұр ғой...
Бас редактор маған шүбалана қарап, азғана бөгелді де, жадырай күлді.
– Бекер қорқасыз, қазір басқа заман, – деді. – Бірақ тарихи сана сол мешеу қалпы, – деді байыппен. – Қайта қарау, жаңару, жаңғыру қаперде жоқ... Тарихшылар – надан, қалған қауым – ұлтсыз, – деді. – Бар қиындық содан туындап отыр. Надандық, ұлтсыздық та ештеңе емес, – деді жеңіл күрсініп. – Тіпті, теріс, қиғаш таным да. Біздің сор – адамдық әдепкі моральдың өзінің аяқасты қалуында. Осы бір ғана мақалада... қаншама нәжіс, пәле мен жала тұнып жатыр. Және ең кереметі – қол қойғандар тұрыпты, оқып, танысқан көлденең жұрттың өзіне сорақы көрінбейді. – Ащы жымиды. – Мынау Қаражұманов деген кім? Қайдан келген?
– Ешқайдан келген жоқ, бұрыннан бар.
– Мына ғарызнамада жазылғандай, шынымен-ақ Тарих-зерттеу орталығының орынбасар төрағасы ма, баяғыдан бері?
– Тәуелсіздіктен соң көтерілді. Бұрын қатардағы ғылым докторы болатын.
– Тарихтан ба? – деді таң қалып.
– Тарихтан, – дедім. – Қазақстандағы кәсіподақ тарихынан қорғаған.
– Жөн, – деді Бас редактор. – Тіпті, колхоз, совхоз, жұмысшы, шаруа тақырыбынан қорғасын. Десе де, тарихшы атана тұрып, өз пәнінен тым құрса жалпылама хабары болмауы – ғажап. Мұндай наданды күндіз шам алып іздесең таппайсың. Мейлі, – деді содан соң. – Қағаздағы таңба ешқашан өшпейді. Өзін өзі масқаралап отыр. Ал қалған жұрт... Тарихты білмесін, сөзге ерсін. Нәжіс иісін сезбесін. Бірақ оң, солын таныған әжептәуір кісілер, мақаладағы негізгі сарын – пәле мен жаланы қалай аңдамаған? Әлде олар да мына Қаражұманов сияқты бетсіз бе?
– Беттері табақтай, – дедім мен. – Надан болса да, аузы қисық, көзі қыли болса да, сөз солардікі.
– Заман... – деді Бас редактор. – Заман солардікі болып барады. Ал сөз, басқа жерде болмаса да, дәл осы журнал бетіндегі сөз әзірше бізге тиесілі. Жаңа мақала жазасыз...
Жаңа мақала жаздым. Мейлінше сыпайы. İстің мәнісін ежіктеп. Нақты, көбісі орыс тарихнамасында сақталған, араб, парсы куәландырған, әлемдік ғылымда айналымға түскен ақиқат деректер негізінде. Осымен ғана тоқтамаппын. Әйгілі Шыңғыс ханның бүкіл түрік текті қауымның басын біріктіріп, қуатты ұлыс орнату мақсатындағы жеңімпаз жорықтары нәтижесінде Шығыс Қыпшақ, яғни бүгінгі қазақ жерінің сартауыл басқыншылығынан біржола азат болғанын, одан соңғы Бату хан – Шығыс Қыпшақ пен Батыс Қыпшақты біріктіріп, негіздеген, орыс тілді тарихи әдебиетте, соның әсерімен бүкіл Еуропа ғылымында Алтын Орда атанған, өз жұрты және шығыс деректері Қыпшақ ұлысы деп таныған, екі құрылық шегінде үш жүз жыл бойы салтанат құрған ұлы мемлекет ретінде күш-қуатқа жеткеніміз, одан соңғы Қазақ Ордасы сол сәулетті Алтын Орданың етене бөлшегі, тікелей мұрагері екендігі... Бір сөзбен айтқанда, отыз жылдық еңбегімнің түйінді бір тұстарынан құралған, дәлелді, деректі, байсалды мақала. Орта мектеп оқулығы дәрежесіндегі қалыпты тарих.
Айқайдың көкесі енді басталды. Кезекті, бұрынғыдан да өткен жала мен ғайбат менен озып, түгелдей журналдың өзіне көшті. Бәрін бүлдіріп отырған – осы "Темірқазық". Егемен еліміздің ғажайып жетістіктерін көрмейтін, сүйікті елбасымыздың жанқияр еңбегін тиісінше бағалаудан тайсақтап, бүгінді жауып қойып, қайта оралмас өткенге бет бұрған "Темірқазық" енді болмаған тарихты негіздеуге бел шеше кірісіпті. Қаныпезер Шыңғыс ханды дәріптейді. Зұлым Бату ханды мадақтайды. Тарихтағы жауыз мемлекет, ұлы орыс халқының қарғысына қалған Алтын Орданы біздің меншікті ұлысымыз деп жариялайды. Қазақ жұртын билеген, яғни қанаған, езген, жаныштаған Шыңғыс хан ұрпақтарын түгел саясаткер, батыр, қамқор қылып шығарады. Біле-білсеңіз, біздің қазақ халқын жеті жүз жыл бойы моңғол нәсілі биледі, яғни сіз көкке көтеріп отырған Қазақ Ордасы деген – ойдан шығарылған, тарихта болмаған қисынсыз ертегі. Сол атаусыз елде өкім құрған Жәнібек дейсіз бе, Есім, Қасым, Абылай дейсіз бе – ханыңыздың бәрі моңғол. Моңғол билеген хандық қалайша сізге тиесілі болады? Керек десеңіз, кешегі Кенесары, Уәли ханыңыз тұрыпты, кейінгі Шоқаныңызға қоса, бүгінгі Шота Уәлихановыңызға дейін түгел моңғол. Ащы болса да шындық және қорланатын ештеңе жоқ, "Мен – қазақпын!" деп жер әлемге жар салған ақиық ақынымыз айтқандай, біздің "бәріміз де құл менен күңнен тудық". Яғни, езілген еңбекші тап. Кем болдық, қор болдық. Жел айдаған қаңбақтай, босып, көшіп жүрдік. Кәдімгі күнкөріс, жұпыны тіршіліктің өзі мұң болғанда, қайдағы мемлекет. Жұқана, жұрнағының өзі болмады. Бұрынғы, әлемдегі алдыңғы қатарлы совет ғылымында дәлелденген ақиқат. Қайталап айтайық, күні кеше ғана, сайыпқыран елбасымыз алып берген егемендікке дейін қазақта тиесілі территория, әлденендей шекара болған жоқ. Яғни, мемлекет те болған жоқ. Ендеше, жаңағы жалған тарих не үшін ойлап табылды? Бүгінгі барымызға күмән үшін, ұлы тұлғамызға көлеңке түсіру үшін! Тек сол ғана емес. Жалған тарихтың артында, "Темірқазық" журналының сыртында ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін қара күштер тұр. Алтын Орданы, одан соң өтіпті-міс тағы бір Ордаларды көтеру, осы Ордаларға ұйытқы болған сұмырай Шыңғыс ханды және оның қанішер ұрпақтарын мадақтау – сырттай қарағанда, жай ғана ескілікті көксеу емес, хандық өкіметті дәріптеу. Турасын айтқанда, "Темірқазық" журналының төңірегіне топтасқан, көпшілігі тасада тұрған белгілі бір топтың мақсат-мұраты – біздің егемен еліміздің басында отырған лигитимді өкіметті биліктен тайдырып, Қазақстанда хандық тәртіп орнату, яғни, сүйікті президентімізді тағынан құлатып, төре тұқымынан белгісіз біреуді хан көтеру! Міне, Шыңғыс хан, Алтын Орда, Абылай, Қазақ Ордасы төңірегіндегі әңгіменің, біздің болашағымызға балта шабар жат пікірдің арғы, улы, зәрлі тамыры қайда жатыр!
Осындай ғаламат сандырақ. Дәп осылай деп, республикалық қазақ тілді газеттердің бәрі жазды. Әуелгі бір мақаланы неше қайыра көшіріп қайталап. Үстеме пікірлермен жалғастырып. Академиктердің ашу-ызасы. Еңбекшілердің тілек-талабы. Жалпы жұрттың наразылығы. "Егемен Нұрстан" бастаған. "Баба тілі" мен "Жаңа алаш" қостап, неше мәрте қайыра соғып, жеріне жеткізген. "Еркін қазақ", "Алаш әдебиеті", "Қазақ айдыны", "Гүлстан"... ең аяғы "Аудан ақшамына" дейін жаппай үн қосып, дабыр-дұбырды Алатаудан асырып, Қаратауға, одан әрі Арқа мен Атырауға жеткізген. Атам замандағы троцкишіл-бухариншіл, тағы бірдеңе-сірдеңешіл халық жауларын әшкерелеу науқандарының өзінде мұншама ойбай көтерілмеп еді. Шынында да ақылға сыймас жағдай. Мен шарасыз қалыпта айран-асыр болсам, бұдан бұрын да талай дауды өткерген, талай құқайды көрген журнал редакторының өзі басын шайқап, жерге түкірген.
– Мына шіркіндер ауысып кеткен шығар, – деді әуелде.
– Ақылы орнында, есебі де түзу, – деді содан соң. – Бірақ қандай надан, аяр әрі жиіркенішті жандар!..
– Бұл жұрттан үміт жоқ екен, – деді ақырында менен бетер түңіліп.
Сөйтсек, науқан енді ғана қызып келеді екен. Манадан бергі, азат ақпарат көздері арқылы жүргізіліп жатқан әшкерелеу ұраны, арада апта өтпей, сотқа тарту, ату, айдау талабына ұласты. Егемен республиканың маңдайына біткен еркін парламенттің белді тұлғаларының бірі, алымды саясаткер, атақты ақын, орындалмас ұрандарымен бұқара жұрт қана емес, бүкіл зиялы қауымның рухани көсеміне айналған Мүштар Мақанов бастаған жиырма сегіз алпауыт депутат қол қойған мәлімдеме жарияланды. Ары-бері емес, тура елбасының атына. Манағы ғажайып қағидалардың негізгі тұрғыларын қайталай келе, қатаң әрі нақты сауалдар қояды: Бұл не деген сұмдық? Мақсат не? Жауабын өздері беріпті. Қатардағы жұмырбасты пенденің басы жетпес даналық. Болмаған тарих жасап, қанішер жауыз Шыңғыс ханды және оның шет жұрт – моңғол текті жауыз ұрпақтары – Қасым, Есім, Абылай тәрізді хандарды қайта көтерудің астарында біздің елдің егемендігіне қатер келтіретін зұлымдық жатыр! Тәуелсіздік тамырына балта шаппақ зиянкес, қаскөй, құпия ұйым бары күмәнсіз. Ол ұйымның түпкі мақсаты – тарихты зерделеу емес, Ата заңымызға қайшы күрес тәсілдері арқылы заңсыз төңкеріс жасап, Қазақстанда ескі үлгідегі хандық билік орнату! Бұл деген – қазір артта қалған, қараңғылық түнегіндегі Таяу Шығыс лаңкестері жар салып жүрген "Мұсылман халифатының" тағы бір сорақы көрінісі! Еліміздің, жұртымыздың болашағына қауіп келтіретін мұндай сұмдыққа біз, егемен республиканың еркін парламентінің халық сайлаған ғұзырлы өкілдері, бейтарап қарап, жол бере алмаймыз. Жамандықтың алдын алу үшін шұғыл шаралар қолдануды талап етеміз! Ол үшін ең алдымен, осыншама сұмдыққа ұйытқы болып отырған "Темірқазық" журналына тиым салынсын, ал Бас редактор тезінен тұтқынға алынып, тиесілі жауапқа тартылсын! Егемен еліміздің өткен жетпіс бес, оның ішінде соңғы үш-төрт жылдық даңқты тарихын жан-жақты зерттеу бағдарында арнайы топ құрылып, оның басшылығына атақты тарихшы Алдабек Қаражұманов жолдас бекітілсін! Біздің осы адал әрі әділ, пәрменді әрі парасатты мәлімдемеміз республикадағы барлық бұқаралық баспасөз бетінде таратылып, барлық электронды ақпарат құралдары арқылы әр үйдің төріне шығуға тиіс!
Иә. Жиырма сегіз батыр бұған дейінгі, академигі бар, ардагері, қойшысы, қолаңы бар көп шуылдақтан он, жиырма есе асып түскен. Бұл жолы мен аңырғам жоқ, ызам кеудеме сыймай, тілім байланғандай еді. Айтар сөз де табылмаған.
– Елдің тұтқасын ұстаған кісілерің осындай болса, енді қайда барасың... – дедім қыстығып.
– Онсыз да барып болдық, – деді Бас редактор салқын жымиып. – Құрдымға кеткеніміз қашан. Тек өз еркімізбен қылқынып өлу ғана қалды. Сөз – құнсыз, іс – зая. Бар талабың – бос тыпыр. Тек... кейінгі жас балаға обал. Мұрат ақын айтқандай...
Шын түңілген екен. Тіпті, қарсы мақалаға, не басқадай бір әрекетке ұмтылмады.
– Кейінде сорлы еліңнен әлденендей жұқана қалып, әлдебір есті кісі шықса, бар жауабын осы жиырма сегіз қаһарман қол қойған мәлімдеменің өз ішінен табады, – деді бар болғаны. Ал өзі қағаздарын қамдап, етек-жеңін жинауға кіріскендей. – Менен салауат. Аруақ, құдай риза. Енді ақырғы аманат, жеріне жеткізер азғана шаруа ғана қалды... – деген, жеңіл күрсініп.
Әрине, адамы сол болғанымен, заман басқа, біздің ел тірегі, егемендік жаршысы танылған ағайындар 37-жылдың елесін қанша шақырғанымен, Бас редактор жауапқа тартылмады, қамауға түспеді. Тек шығарып отырған журналы ғана жабылған. Ал өзі... бәрінен баз кешіп, әдеби ортадағы жаңашыл, қоғамдық өмірдегі ағартушылық қызметін доғарып, таза қаламгерлік жұмысқа көшіпті. Ешкіммен араласпайды, ұл-қыздары аяқтанған, жалғыз бәйбішесімен, Алматыға тақау, Алмалы сайдағы тыныш бір ауылда, жайлы қоныс-қыстауында оңаша тұрып жатыр деседі. Тағы бір, көлденең дерек және ұзынқұлақтың айтуынша, эмиграцияға кетіпті. Ол жақта да бар жағдайы түгел болса керек. Ендігі кітаптарын шет елде жазып, шет елде шығармақ. Мейлі, жолы болсын. Атақ-абыройы зор кісі еді, жас кезінен лауреат, жиырма бес жыл бас редактор дегендей, меншікті журнал ашпай, ашса да барына қанағат етсе, әдебиет төңірегіндегі дау-дамайдан асып, өткен тарих тұрыпты, бүгінгі саясат жөніне үкім айтпаса, сол орнында аман-есен отыра берер еді. Бірақ өкініші жоқ сияқты, қайта, егде тартқан кезінде қолы біржола босап, өз тілімен айтқанда, құл-құтаннан құтылып, барақат тыныштық жағдайда, әуелден көңілге түйген, кезекте тұрған бар жазуын алаңсыз жүзеге асыруға мүмкіндік тапты. Мен көрген кездегі ең соңғы лепесі осы орайда болатын.
Ал менің басқадай барар жерім, басар тауым жоқ. Торға түскен торғайдай, баяғы совет заманында бойымды құрсаған үрей елесі қайта тіріліп, қалтырап отырдым. Үлкен пәле күтіп едім. Сібірге айдамас, бірақ тіршілікке талғажау бес-он тиын тауып отырған үйреншікті қызметтен қағып тастау оп-оңай көрінген. Бірақ дін аман қалдым. Рас, дау-дамай, айқай-аттан барысында түгел салмақ Бас редактор тарабына ауып кеткен. Мен елеусіз, кішкентай ғана кісімін. Сол елеусіздік пайдасы. Қайткенде де, еркіндік, демократия көрінісі. Біз де айттық, ол да айтты. Сонымен тыныппыз. Ауырып жазылған жан олжа дегендей, мен жаманатқа ілінсем де, жамандыққа ұшырамағаныма, яғни өзім отыз жыл қызмет атқарған Зерттеу орталығындағы қоңылтақ орнымда қалғаныма тәуба айттым. Сонымен қатар, ақиқат деректерге құрылған маңызды еңбегімнен айнығам жоқ. Әйтсе де, Қаражұмановтың қауашағына сыймаған, Мақановтың түсіне кірмеген ежелгі тарих – келешек тұрыпты, бүгінгі ұрпақтың санасына қалай жетеді деп ойлағанда, жүрегім тітіреп, ұйқым бұзылатын.
Міне, дәл осы кезде, өзімнің біреу емес, екеу екенімді өз көзіммен көрген едім.
21
Әрі-сәрі, бей-берекет күн туды. Сансыраған, абдыраған. Адам сенгісіз жағдай еді. Бірақ күмәнсіз ақиқат. Қаласаң да, қаламасаң да мойындауға, қабылдауға тиіссің. Әйткенмен, өзгеше ахуалдың мән-мағнасын анықтау керек еді. Қанша дағдарсам да, ақыл-есім орнында сияқты, енді ойланбасқа болмады. Қалай, неге, қайда? Яғни, қалайша ғана екіге жарылдым, енді не болмақ? Бақытсыздық, Ананы білмеймін, Менің өзімнің күтпеген сорға ұшырауымның түп негізі және басты себебі оңай табылды. Басыма көлденең, шарасыз қиындық түскенде, тағдырдың екі тарам жолының қайсысын таңдарымды білмей, дал болғам. Азапты болса да, ғылым жолы артық көрінеді, сонымен қатар, кеңшілікте, бейбіт өмір сүргім келеді. Екі тарап тағдыр. Бірінен қорқам, қорқа тұра қимаймын, екіншісін көңілім қаламаса да, пайым-парасатым мақұл көреді. Екеуі жеңісе алмаған, сөйтіп, амалсыздан екіге айрылыппын. Бір бүтін – қос жармақ. Анау, кеткен жармағым алғашқы қадамынан бастап, маған тиесілі бар игілікке ие болған. Әуелі жүрек емес, есеппен қосылған сұлу жар, оған жалғас молшылық өмір, барақат тіршілік. Салқын ақыл, сабырлы мінез, серпімді талап, жігерлі жұмыс. Берік, нақты бағдар – бар болып, бай болып, береке тыныштықта дәурен сүру – басқа ниет, пиғылдан ада. Ал мұндағы жармақ – құр кеуде ғана. Рас, терең білім, ұлттық таным, бірақ соған орай қажымас қайрат, қайыспас жігер жоқ. Соның өзінде түзу заман, еркін елде туса, ғұмырлық бар мұратына жетер еді. Ал мұнда бәрі керісінше. Ақылда ерік, дарында өріс жоқ. Тежеу, тексеру, шектеу. Сызылған сораптан сәл-пал ауытқысаң – көретінің құқай. Ақыры осындай дәрменсіз, кембағал кейіпке түсіпті. Күтпеген тәуелсіздік өшкен үмітті қайта жаққандай еді. Бірақ заман жаңарғанымен, адам бұрынғы. Советтік жалпош ұран егемендік жалған ұранға ұласты. Ақыры міне. Уа, тәуелсіздік жасасын дейді, баяғы құлдық пиғылмен құлдық шаруасын одан ары жалғастыра береді... Мейлі, деп ойладым. Менің ата-баба тарихын зерттеуіме, ойдағы мақсатымды жүзеге асыруыма кім бөгет жасай алады? Рас, бұрын да өзімше жұмыс атқарсам, ешкім қолымнан ұстап тұрмаған. Алайда, түп нәтижесінде бар еңбегің аяқсыз қалатын, күл-топыраққа көмілетін. Құдайың сақтаса. Әйтпесе, айдау мен түрме. Және жасаған еңбегіңді архивке тапсырмайды. Қайткенде де бар ісің құрдымға кетпек. Қазір бұрынғы қысас – ашулы айқай мен құрғақ жала, жөн-жосықсыз күстанаға алмасты. Елден шыққан сұмырай деп жариялайды, қаскүнем, зұлым, зымиян дейді, бірақ ешкім де түрмеге тыға алмайды. Хақ патшаның жеке басына тиіспесең болғаны. Мейлі, онсыз да бұзылған дүниені қайыра оңдайтын мен емес. Бастапқы жұмысымды одан әрі жалғастыра берем. Ақыры солай деп шештім. Бірақ ешқандай береке болмады. Барымның өзінен айрылған сияқтымын. Жарық сөнген тылсым түн, елу бес жылдық мерейтой үстінде Менен соңғы бар өмірі туралы толық дерегін алған айнымас жармағым Марат... есімнен кетпейді. Көріссем, сөйлессем деймін. Мүмкін... қайтадан жымдасып, бір кісіге айналармыз... Жоқ, байлығына қызығып тұрғам жоқ. Басқасына да. Ол – әуелде менен жарылса да, қазір бөтен кісі. Тек Балжан... Екпетті, байыпты бәйбіше. Жүзі нұрлы, жүрегі мейірбан. Өңі де қайтпаған, отызға жаңа ілінген, толықсыған келіншектей. Қыз кезінде қандай еді. Біздің әуелгі, көк шалғын төсегіміз... Одан бұрынғы және кейінгі, ұзақ екі жыл бойғы, қол ұстасып қатар жүрген қимас күндер. Егер сол заманда, сол бір мазасыз түнде, басқа емес – ғылым емес, байлық емес, тек бір Балжан үшін ғана... бүтін қалпымды сақтасам, екіге жарылмасам... Алматыда қалар ма едім, ауылға кетер ме едім? Қателік неде? Кімнен? Менде. Қателік емес, айнымас тағдыр. Мен – мен болсам, қайткенде де, ең соңғы сәтте шұғыл шешініп, Алматыда қалады екем, барақат өмірден бас тартып, ауыр, азапты, ақыр түбі баянсыз, нәтижесіз... алдамшы идея үшін. Содан соң қарқылдап тұрып күлдім. Мен... және мен – өзара керағар екі таңдауды қатарынан жүзеге асырыппын. Ғылым үшін қалада қалдым. Балжан үшін... емес, байлық үшін ауылға кеттім. Бәлкім, дәл сондай терең есеп болмаған шығар. Ендеше, тыныш, бейбіт өмір үшін деңіз. Кеттім. Және қалдым. Алмағайып күрес жолын таңдап. Бір оқпен екі қоян. Жоқ, екі оқпен бір қоян. Мына менің оғым далаға кеткен. Анау Балжанды қағып түсіріпті. Тек бүтін қалпында емес. Жарты Балжанды. Әуелде бүтін деп ойлаған. Арада апта өтеді, ай өтеді – бүтін дегені – жарты екендігін өзі де аңдай бастайды. Жан сезімі ортайған, тән сезімі ғана кенересінде тұр. Әзірше. Әуелгі кемісті қамсыз тіршілікпен тығындайды. Кейінгі, уақыт оза келе ортайған кенерені жас тоқалмен толтырады. Сонда Балжанның ортайған екінші жарымы қайда? Менде емес. Өзінде. Жүрегінің терең түкпіріне тұнған. Яғни ол да, өңін бермегенмен, жартылай ғана бақытты болыпты. Соңғы, соңғы емес, әуелгіден жарылып шыққан жаңа қосағы да дәп солай. Бірақ екеуі де, бірі – жарты көңіл екенін, бірі – жарты жан екенін білмейді. Бәлкім, қайткенмен арасы ажырамаған зайыптық өмір де екі жартының бір бүтінге ұмтылу нәтижесі шығар. Сол қалыптарында бүгінгі күнге жетіпті.
Мен де жеттім. Жарты қалпымда. Тек бір емес, екі жарты ретінде. Шындығында, бөлінбей-ақ жарты шыққан, жарым-жарты болып жүрген қаншама жан бар. Оған қарағанда біздікі тәуба дерліктей. Кейбір сәтте көкірегімді түсініксіз ғана емес, орынсыз, қисынсыз қуаныш кернегендей. Мен – екі кісімін. Әуелде бүтін, біреу болып туғам. Содан соң қақ айрылып, екі жармақ – бүтін есепті екі кісі ретінде қалыптандым. Жиырма төрттен елу беске дейінгі аралықта қатарынан екі ғұмыр кешіппін. Десе де... бұдан ары не болмақ? Екеуіміздің ендігі тағдырымыз? Қаншама заман бұрын қаққа айрылып, мекен-тұрағы ғана бөлек емес, тыныс-тіршілігі де қарама-қайшы екі қиырға кеткен екі жармақ қайтадан кірігіп, қосыла алмайды. Осы, бөлінген бетінде, әркім өз жолымен жүре бермек. Бал құшақты Балжан да, қызығы мен қиындығы аралас жастық дәурен де келмеске кеткен. Одан соңғы бұлдыр заман да бастан біржола өткен. Ендігі ғұмыр әркімнің өзіне ғана тиесілі. Мен өзімнің ет-жүрек, етене жармағым Маратты қайта көрсем деген ниеттен біржола жерідім. Мүлде қажетсіз. Бірақ Марат олай ойламапты.
22
Тылсым кештен соң арада небәрі оншақты күн өткен. Онсыз да құты қашқан ескілі-жаңалы жазбаларымды ретке келтірген өнімсіз әрекет үстінде жайылып-шашылып отырғам. Түннің бір уағы болса керек. Оқыстан есік қағылды. Задында, әлдеқалай келе қалған балаларым осылай, қоңыраулатпай, ақырын ғана тақылдататын. Мезгілсіз келіс. Әлдене жайсыздық ойлап, жүрегім зырқ ете түсті. Буыным қалтырамаса да, жедел барып есікті аштым. Кеудемнен кері соққандай, лық шегіне бере, сілейіп тұрып қалыппын. Ананың өзі! Марат!..
Маған барлай қарап, азғана кідірді. Содан соң, кері бұрылмастан, қол сілтегендей болды.
– Бәрі дұрыс, сыртта күтіңдер! – деген, мойнын болмашы қисайта бере, баяу, бірақ қатқыл, әмірлі әуезбен.
Әлдекімдердің, біреу емес, екі-үш кісі, баспалдақты бойлап, тарпылдамай, нық басып төмен түскен дыбысы естілген.
– Ал енді осылай тұра береміз бе, – деді сұраусыз кейіппен, таныс-бейтаныс мейман маған жымия қарап. – Кіруге болатын шығар.
Менің жауабымды күтпеді. Босағадан еркін аттаған. Мен шегіншектеп кетсем керек, есікті де мұқият тартып, өзі жапты. Бірден төрге басты. Жоғары шығысымен, сөре-сөре кітапқа, шашыла жайраған столға қарап азғана бөгелді де, белдікті, былғары пальтосын шешіп, айналдыра қаусырып, екі бүктеп, төсек-диванға тастады. Қайтадан дәлізге шығып, кухняға бас сұғып, туалетке кірді. Содан соң менің оң қанаты босап, асты түскен, тозыңқы креслома, жазу столына келіп отырды. Алдындағы ескі жазбалардың бірер бетін көтере бере, уыстап тобымен алды, қабағына кірбің түсіп, таңбасын танымағандай, үңіле шұқшиып, ақтарыстап азғана қарады да, кеудесін кере күрсініп, сол, қобыраған қалпы кері ысырды. Столдың арғы шетіне қол созып, айқара ашылған екі кітапты қатарынан алды.
– Марко Поло... – деді таңырқап. – Тизенгаузен; Алтын Орда, парсы деректемелері... Жоғалмапты, бар екен... – деді. Көзі қаймыжықтанып, бетін көлеңке шалғандай. – Қанша заман... Сақталып тұр... – Содан соң кеудесін кере дем алып, еңсесін жазды. – Иә, – деді жеңіл күрсініп, әлдеқайда көз тігіп. – Үлкен оқымысты, ғаламат тарихшы болатын едім. Барлық бөгесін, қиындыққа қарамастан...
Түршіксем де, таң қалмадым. Манағы тосырқау – ызалы кекесінге ұласқан. Сол кезде ғана аңдадым, манадан бері үнсіз, тілсіз, сұраусыз мейманым қалай бұрылса, солай ыңғайланып, енді өзімнің жазу столымның алдында, жанды көлеңкедей, состиып қана тұр екем.
– Оның есесіне алпауыт бай болдың, – дедім оқыс тіл бітіп.
– Бай... Әрі мыңғырған бай, әрі даңқты ғалым болсаң тіпті жақсы емес пе!.. – деді маған көз тоқтата қарап. – Жарар, – деді содан соң қатқыл жүз, салқын әуезбен. – Өткен өмір, орындалмаған арман...
– Өкінесің... – дедім мен батылданып. Өзімді өзім билеп алған едім. – Қимаған сыңай танытасың. Ал сонда... қайрылмай-ақ кеттің ғой, ешқандай толқыныс, күмәнсіз...
– Неге? – деді Марат. – Таң атқанша дөңбекшіп шыққаным есімде. Содан соң берік шешіндім. Әуелде қаражат, тағы басқа жағдайымды түзеп алып, ең бастысы – заманның аңысын аңдап, асса төрт жыл орайында қайтып келмек едім. Ең соңғы сәтте қаншама азап, қиындық, алмағайып күрес күтіп тұрғанын анық пайымдадым да, өткеннен мүлде жеріп, ат құйрығын кесуге бекіндім.
– Сонда... Балжан сенімен бірге кетуге қалай көнді? – деппін еріксіз, отыз жыл бойы көкейімде жүрген күмәнді сыртқа шығарып.
Марат маған қабағын көтеріп, әуелде таңырқай, содан соң мысқылдай, күле қарады.
– Қалай көнді? Қызық екенсің. Қарсаңындағы кеште келіскеміз. Пойыздың билеті қалтада. Жол жүгіміз буып, түйілген. Таң атар-атпастан мен... енді бөгелсем айнып қаларымды аңдадым да, тезінен тұрып, апыл-ғұпыл жуынып, жетім дорбамды сүйретіп, Балжанның бөлмесіне бардым. Жатақтас қыздардың ең соңғысы таңғы пойызға шығып кеткен екен, әлі уақыт мол. Менің ұйқым шала, есебі, таң ата азғана мызғығаным болмаса, мүлде ұйықтамағам, Балжан да ұйқылы ояу. Қойнына кіріп... құшақтасып жатып ұйықтап қалыппыз.
Менің баяғы түсім... шын екен. Жаңа ғана болғандай, ішім удай ашып, жүрегім шымырлап кетті.
– Содан, – деді өткен қызық күндер қиялына қайта оралған Марат маған ешқандай назар аудармастан, – пойыздан кешіге жаздап, әрең үлгердік. Жол бойы айрықша бақытты болдық. Балжан... қалтқысыз. Мен де... Тек... ара-тұра жүрегім суырылып, көңілім құлазып, өткенімді қимай, бірақ болашаққа үлкен үмітпен... Әйтсе де өкініш жоқ еді. Балжан қасымда. Екеуіміз ойнап-күліп... Кеш батып, түн озып, ертеңіне түс аударып, тура бесінде... Хан күйеуіндей қарсы алды мен. Екінші күні – ұлан-асыр той. Үшінші күні – тау етегіндегі сәнді санаторий... Содан соң жаңа, әуелде жат көрінген, жыл өтпей үйренген, тіршілік үшін қажетті қызмет, жаңа адамдар, жаңаша қарым-қатынас. Әрине, жаңа бір тұрмыс. Бейнетінен зейнеті мол қызғылықты өмір өстіп жалғаса берді. Көп ұзамай, барлық алаң, күмәннан арылдым. Содан отыз... отыз бір жыл өтті, барақат өмір, қамсыз тыныштықта. Жетерім көп, аларым алда деп қамсыз жүргенде... тас төбеден түскен пәлекет... Сен!.. – деді маған тіке қарап, ызбармен. – Сен қалай таптың мені?
– Мен... тапқам жоқ, – дедім. – Осылай, өз үйімде отырғам. Кенет жарық сөнді. Тас қараңғы. Қайта жанғанда... думан той, сәнді сарайдың ішінен бір-ақ шықтым...
– Соқ өтірікті! – деді Марат кекете мырс етіп. – Сен әуел бастан анық білдің. Соншама кеще болмасаң, бәрі де түсінікті емес пе. Киім салынған дорба жоқ. Костюм, қалтасындағы азғана ақша, жаңа туфлимен қоса, ол да жоқ. Ең бастысы – Балжан кетіп қалған... Тұра тұр, – деді алақанымен жасқап, мені тыйып. – Тіпті, мыйыңа ештеңе кірмесін. Кеше ғана... айрылмас жағдайға түскен Балжанның соңынан іздеп бармайсың ба. Бардың. Естідің. Көрдің. Біз таудағы санаторийде жатқанда. Түнде, терезеден баспалап, пердеге жасырынып. Балжан аңдап қалды. Қатты шошынды. Мен сырттан сығалап жүрген әлде әуесқой, әлде бұзық көлденең біреу шығар, немесе әлденендей елес деп ойладым. Бөтен бір ой қаперіме келмепті. Сөйтсем, сен екенсің. Содан, Балжан екеуіміздің алаңсыз, бақытты жағдайымызды көрген соң, үмітіңді біржола үздің. Әйткенмен, мені алыстан аңдап, бар ісімді қадағалап отырдың, менің жаңа салада жеткен жетістігімді көрдің...
– Содан соң... – дедім мен айтар сөз таппай абдырап.
– Содан соң, заман біржола оңалып, яғни елбасымыздың қажыр-қайраты, көреген саясаты арқасында тәуелсіздік тұғырын бекітіп, сен қатарлы бозөкпе идеалистер түгел апатқа ұшырап, нағыз іскер, жігерлі азаматтар табысқа жеткенде, бейнелеп айтқанда, замана теңізі толқып, сендер сырттағы қоқыс болып, біздер кең айдынға шыққанда... менің сондай жағдайымды естіп, арнайы іздеп келдің... Марат Бейсеновичтің туған бауырымын деп, өзіңді осы той үшін емханадан тесік тәпішке, жыртық халатпен қашып шыққан мүсәпір етіп көрсетіп. Өзіңше ойлап тапқан ұтымды жүрісің. Шынында да сен үшін ұтымды болып шықты. Біздің бас көмекші басқаңа күмәнданса да, туыстығыңа шәк келтірмеген, тиісінше шешімін тапқан. Егер оның орнында тұрпайы біреу болса ше? Адамша, қымбатқа шамаң келмес, бүтін киініп келсең қайтетін еді? Тіпті, басқа күн таппағандай, дәл сол күні, сол сағатта, сол жерге келетін не жөнің бар? Жарайды, аз-маз ішіп алыпсың, қуанышың қойныңа сыймаған екен, тым құрса жарты күн бұрын телефон шалмадың ба? Өзгесін айтпағанда, Балжаннан ыңғайсыз деп ойламадың ба. Жоқ. Бірақ бәрін де өлшеп, есептеп келдің. Маған шантаж жасау үшін! Тұра тұр, тұра тұр, әуелі сөз тыңда. Бастап бүлдірген сен ғой. Шантаж болмаса, бөтен бір арам ой. Біле білсең, оныңнан ештеңе шықпайды. Ешкім сенбейді. Айғағың жоқ. Рас, түрің ұқсайды. Егіздің сыңарындай. Ал, болсын. Мүмкін сен әкеміздің алғашқы әйелінен, немесе жолдан туған бала шығарсың. Тіпті, егіздің сыңары бол. Менен бірдеңе талап етуге қандай құқықтық негізің бар? Жоқ. Мені ықтыратын, бұқтыратын ештеңе де жоқ. Ондай бірдеңе дәметсең – ақымақшылық. Болары болды, ештеңе бүлінген жоқ. Осымен қоя қой. Алдағы уақытта артыңды аңдап, өз орныңды біліп, келесі бір әнтек қимылдан аулақ болсын деп сақтандыру, керек десеңіз, қатаң ескерту үшін келіп тұрмын мына мен.
– Мен сені іздегем жоқ, – дедім ыза мен қорлықтан қыстығып. – Айттым, жарық сөнді, жай ғана қараңғылық емес, тылсым түнек орнады, сірә, кеңістікте толқын соғып, сондай, мекендік алмасу болды, табиғи ма, кездейсоқ па, екеуіміздің тағдырымызға тікелей қатысты болғанымен, ерік, қалауымыздан тыс, түсініксіз жағдай. Бұған дейін мен сенің дүниеде бар екеніңді білгем де жоқ, әлі де сенбей тұрмын.
– Енді сенуге тура келеді, – деді Марат. – Ал сенің әнеукүнгі ісің... қалай айтсаң да оқыстан келуің... бір есептен кешірімді. Мені – Өзім деп ойлағансың ғой. Жоқ. Мен – сен емеспін. Сен – мен емессің. Бұрын біреу болсақ та, қазір екі кісіміз. Өкінішке қарай... – деді.
– Өкінетін не бар? – деппін.
– Адамның өткенінің бәрі қимас және қымбат, – деді Марат. – Саған жаным ашиды.
– Мүмкін, менің саған жаным ашуы керек шығар, – дедім қитығып.
– Жоқ, – деді Марат. – Менде бәрі де бар. Сенде... Жарар, – деді содан соң. – Мені арнайы іздеп барғаныңды мойындамадың. Намыс. Ал мен... менде де намыс бар. Басқаша атқанда, сенің қазіргі жағдайың...
– Қандай жағдай? – дедім мен ашу шақыруға ыңғайланып.
– Мынаны айтпаймын, – деді екі қолын екі жағына жайып. Яғни, менің кедей, кембағал тіршілігімді. – Соңғы кезде бүкіл республика баспасөзін дабылдатқан оғаш ісің және оның заңды нәтижесін айтам.
– Оқыпсың, – дедім. – Және қалай оқығаныңды аңдап тұрмын.
– Мәселе менің түсінігімде емес, – деді Марат. – Әрине, ғылымнан шеттеп кетсем де, заманымда зерттеп, танығам, қазақтың өткені туралы әжептәуір түсінігім бар. Тіпті, тарихтан бейхабар, орташа ғана сауатты, бірақ ақыл-есі түзу, иман-ұяттан айрылмаған кез келген кісіге айқын жағдай. Дүрлігіп, дабылдата бермей, сабырмен, байыппен тыңдаса жетіп жатыр ғой. Күрделі шиыртпақ емес, тіпті, түйінін шешіп әуре болмайтын, әдепкі ақиқат. Алайда, жабыла шулап, түзуді теріске шығарды. Бірақ мен сені қостайды деп ойлама. Сенікі қате. Мүлде дұрыс емес. Дұрыс, тек қажетсіз. Сенің қателігің де сонда. Әйтсе де, менің айтпағым басқа. Сенің бар екеніңді, сол бір мазасыз түнде менен ажырап, әуелгі қалпыңда, сол арада қалғаныңды білмейтін едім, құдай ақы шыным, әлгі дау-дамай туындағанда, бұрынғы өзімді танығандай болдым. Ойың, сөзің емес, аты-жөніңе дейін. Мұрат. Бейсенұлы Қазыбеков. Қайткенде де Мұрат. Мен өмірім жаңа арнаға түсіп, бар тірлігім басқа бір кепке көшкенде есіміме дейін өзгертіп едім. Өзгергенде, бір ғана әріп. Қазақы дыбыс, қазақы танымнан құтылдым. Советтік әрі халықаралық, қалай аударсаң да оңтайы келетін тамаша есім – Марат. Қаншама заман өтсін. Кенет, күтпеген жағдайда, баяғы Мұрат қайтадан елес береді. Мен қатты күдіктенсем де, сенімім болмады. Бұл кезде жақын таныс, жолдас-жора, тіпті, көлденең әріптес, істес болған жұрт әуестене бастаған. Әлгі... сұмырай, басбұзар, өкіметке, елбасыға қастандық жолындағы... деп айтпайды, дүмше, даукес, пәлеқор деп те айта алмайды, әлгі, баспасөзде көп әңгіме туғызып жүрген тарихшы Мұрат... сіздің ағаңыз не ініңіз емес пе дейді. Шынында да күмәнсіз сияқты. Марат – Мұрат. Екеуі де Бейсенұлы. Және Қазыбеков. Содан соң... қалайын, қаламайын, өзімді сол абыройсыз даудың қақ ортасында жүргендей сезіне бастадым. Кейде... жарлы кейіпте, жадау пәтерде, шаң басқан ескі кітаптарды ақтарыстап, шимай-шатпақ жазу үстінде отырғандай көрінем. Әлде өң, әлде түс. Ақыры, сен бар болып шықтың. Менің бүкіл облыстағы қасқа мен жайсаң жиналған елу бес жылдық мерейтойым әбден қызған шағында, сол жақ қапталда, бір столдан кейін, жас бизнесмендердің ортасында отырсың. Аз-маз жүдеу болсаң да, сәл-пәл қартаң болсаң да, бірден таныдым – менің өзім! Мына менің бұдан отыз бір жыл бұрын жұртта қалған жарамсыз жартым. Осыған дейін бой тасалап отыр екенсің, менің көзім түскен бетте... қалт етіп, стол астына тығылғандай едің, әп-сәтте ізіңді суытып үлгеріпсің. Содан соң... ертеңіне, әрине, көмекшілерімнен бажайлап сұрастырып, келіс жағдайыңды анықтадым...
– Ол жігіттердің ешқандай жазығы жоқ, – дедім. – Қайта...
– Біз де солай шештік. Шефтің сырқаттанып, емханада жатқан, той күні шыдай алмай, сол қалпында шығып кеткен туған ағасын жетімсіретпей, лайығымен қарсы алып, өз дәрежесіне сай киіндіріп, сыйлы дастарқанға отырғызғаны, осы орайда ешқандай сөлекет іс шықпағаны үшін... бәрі де алғыс алды, сияпатқа жетті. Оларда да, менде де басқша амал жоқ екен. Аузы берік, сыннан өткен жігіттер, ағамыздың оқыс келісі, өзгеше тұрпат, түсініксіз мінезі туралы қалай ойласа да, сыртқа сыз бермейді. Бұдан соң, көптен бері араласпай кеткен бауырымның дерегін білу қажет еді. Сенің шын болмысың – әуелгінің үстіне соңғы отыз жылдық ғұмырың, бүгінгі ахуал-тірлігің, мекен-тұрағың оп-оңай анықталды. Енді өз кезегімде менің неге сені іздеп келгенімді ұқтың ба?
– Ұғатын не бар, – дедім. – Бұдан былай екеуіміздің арамызда ешқандай қатынас, байланыс болмауға тиіс екенін ескерту үшін...
– Таппадың, – деді Марат. – Айттым емес пе мана, жанашырлық деп. Екеуіміз бірге туған бауырдан да жақынбыз. Бір құрсақты жарып шыққан егізден де. Рас қой...
– Бірге туған бауыр сыңарының бойында барын түгел сыпырып алмайды, – дедім.
– Сыпырып алғам жоқ, тартып алғам жоқ, – деді. – Әрқайсымыз өз қалауымыз бойынша, теңдей.
– Балжан да теңдей ме?
– Теңдей. Әуелде. Содан соң... сен жерімесең де, керексімедің. Әйтпесе, кетем бе, кетпейім бе деп толқымас едің. Ал мен Балжансыз болашағым жоқ деп білдім. Сөйтіп, бұл тараптағы артықшылық маған көшті.Сенің өз еркіңмен. Мен сенің қалауыңды ғана орындадым. Яғни толық компенсация. – Марат айламды асырдым дегендей, әлде мені жұбату үшін, қарқылдап күлді. – Жарайды, – деді. – Қайткенмен де, өткен іс, тәжікелеспей-ақ қояйық. Сені ешкім зорлаған жоқ, мені ешкім күштеген жоқ. Қалдың – кеттім. Енді... қалай айтсаң да, мен өз өмірімді дұрыс жолға қойдым, тынымсыз еңбектендім, әрине, әуелгіден басқа бір салада, сөйтіп, ойлаған мақсатыма жеттім. Алғашқы бір межеге деп айтайын. Бүгінгі деңгей – қолдағы ырыс-дәулет, – менің мүмкіндігімнің ақырғы шегі емес. Түпкі мақсат – биікте. Енді... сенен несін жасырайын, атақ керек, билік керек. Сонда бүгінгі барың еселеп өседі. Мен әуелі Қазақстандағы, одан соң, бәлкім, әлемдегі ең ірі байлардың қатарына қосыламын. Жай ғана сасық бай емес. Атақты, абыройлы азамат, белгілі саясаткер, қоғам қайраткері! Ұқтың ба?
– Жоқ, – дедім мен. – Иә, негізінен аңдап тұрмын. Бірақ сенің ой-тұрғыңа қарағанда, жарлы, жалбағай менің қанша қатысым бар бұл іске?
– Сен деген – мен, – деді Марат, манағы сөзіне мүлде керісінше.
– Мен деген – сен емес.
– Қателесесің, – деді Марат. – Бірге туғанымызды, бала күнде бір ұяда өскенімізді айтпаймын. Жастық шағыңды еске ал. Өмір жолының алғашқы кезеңі. Оқу, ізденіс, Балжан... – Назарын төмен салып, кеудесін кере тыныс алды. Менің жүрегім шым ете түскен. – Әрине, – деді, сөзін ары қарай сабақтап. – Өтті, кетті дегендей. Айтарға ғана. Біз қазір екі жарты емес, екі бүтінбіз. Екінші бөлігіміз жарақат болса да. Қайта қосыла алмаймыз. Бірақ... Ынтымақтасып, бір бағытта жұмыс жасауға мүмкіндік бар... Қазір қайсымыз қандай қалыпта тұрсақ та, түбіміз ортақ қой. Мен жеткен игіліктер саған да тікелей қатысты. Сенің... сәтсіздіктерің, белгілі мөлшерде, менің де кінәратым. Сенікі, менікі дейтіні жоқ, мендегі бар – түгелдей саған тиесілі, және керісінше...
– Қидым саған мына ескі диванның екінші жартысын, – дедім.
– Қырсықпа, – деді Марат. – Әуелі тыңдап ал...
23
– Сені осы тірі қалпыңда, жүзбе-жүз көргенде қатты тіксіндім, – деп бастады Марат. – Отыз жыл бойы көңілде жүрген буалдыр, жартыкеш күмән. Әуелде жиі қайталанып, кейінде сиресе де ұмытылмай, оқтын-оқтын оралып тұрған, жайсыз ұйқыдан деп білген ауыр түстер шындыққа айналды. Соңғы екі жыл орайында ескі тарих төңірегіндегі жаңа зерттеулері жұртты шулатып, қаншама дақпырт әңгіме, есалаң мақалаларға ұйытқы болған – аттас біреу емес, өзің болып шықтың. Өзің емес, өзім. Арамыз қаншама алшақтаса да, ортақ бір жіптік, жүйелес тамыр, талшықтар сақталып қалса керек. Әуелде ыза болдым. Кейін шаруашылыққа бейімделіп, сырттай оқып бітіргем, экономист, жай ғана дипломды емес, осы саладағы шын білгір маманға айналғанмен, алғашқы әуестігім – тарих қой. Және ең жоғарғы, терең тарих. Мұншама көрсоқыр, топас надандыққа таңырқап едім, уақыт оза келе мүлде түңілдім, сіздің "зиялы" деп аталатын қауымнан біржола күдерімді үздім. Сыпайылап айтсам. Шындығында, түңілгем жоқ, жирене бастадым. Осыншама көрсоқыр, надан ғана емес, арсыз, түйсіксіз, жалақор, парықсыз ортадан іргемді ертерек ажыратып, басқа тарапқа кеткеніме қуандым. Әрине, маған бәрібір еді. Тіпті, қызық. Өзіңнің өлшеусіз артықшылығыңды кәміл сезініп, әлгі құрт-құмырсқаларды қол жетпес, көз көрмес биіктен тамашалап отырғаның. Бірақ дау-дамай басқа бір тарапқа ауыса бастады. Кешегі совет заманындағы жала мен пәле. Сен және сені қойттап отырған бас редактор – алғы шеп қана, сендердің арттарыңда, тасада тұрған саяси, бәлкім террористік топ бар – яғни, ежелгі хандық дәуірді көксейтін халық жаулары мемлекеттік төңкеріс әзірлеп жатыр екен. Баяғы 37-жылғы "жапон шпионы" дегеннен өткен сандырақ. Алайда, осы сырқат санадан туған сорақы байлам – ақыл-ойы сол деңгейдегі билікке ақиқат шындық болып көрінуі де ғажап емес қой. Мейлі, сенбесін. Әуелде күліп алсын. Содан соң, әлдебір былғаныш саяси ойын, қарсыластарды жерге тықпаса да, қыжырту, біржола тұқыртып алу жолындағы ұтымды құралға айналса несі бар. Және осының бәрі – көлденең іс емес, маған тікелей қатысты. Бар пәлені бастап отырған – Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков. Атымыз ұқсас, жөніміз ортақ. Тексере келгенде, әрине, бір бүтіннен қақ айрылған жармақ ақылға сыймайды, екеуіміз – бірге туған егіз деген қорытындыға келуі оп-оңай. Яғни, бұл мәселеден мен қайткенде де сырт қала алмаймын. Бәлкім, әлгі арызқойлар айтқандай, сені қаржымен қамтамасыз етіп, баспасөзге жол ашып, құтыртып отырған қаскөй әрі қалталы топ мына менен бастау алатын шығар. Одан әрі шұқылай бастаса, менің бизнесімнен не қалады, өзім қайдан барып шығам. Соңғы кезде сотқа тартылған, тіпті, түрмеге кесілген, аттарын нақтыламай-ақ қояйын, пәлен деген, түген деген алпауыттар неден жазықты болды деп ойлайсың – ұрламай жатқан кім бар, жырлағаны, яғни әлдебір оппозициялық топтармен жең үшынан жалғасқаны, ақшалай көмек жасағаны үшін. Ал сенің мына, егемен еліміздің заңды көсеміне қарсы тікелей бағытталған, сірә, саяси күрес емес, қарулы төңкеріс арқылы президенттік биліктің орнына хандық өкім орнатпақ бағдарламаң бойынша жұмыс жасап жатқан қылмысты топтың... – тұра тұр, тұра тұр, менің ұғымым емес, әлгі, сенімен тартысқан он бес академик, отыз ардагер, жиырма сегіз депутаттың сөзі, – иә, сондай топ құрып, пәрменді үгіт-насихатпен шектелмей, диверсияға, қарулы төңкеріске тікелей дайындық жұмыстарына кіріскен Мұрат Бейсенұлы Қазыбековтің туған бауыры Марат Бейсенұлы Қазыбековтің күні не болмақ? Екі дай пікір тууға мүмкін емес. Ешқандай күмәнсіз нәрсе. Тіпті, туған бауыр емес, аттас, бөтен кісі болсаң да, маған сүйей салу оп-оңай. Пәленің алдын алу керек еді. Яғни, сенің көзіңді құрту. Кім болсаң да. Әрине, әуелі сенің жөн-жоба, жай-жапсарыңды, жүріс-тұрыс, кіріс-шығыс жағдайыңды нақты анықтау керек еді. Содан соң жалпаңнан түсіру – жарты минуттық қана жұмыс. Иә. Бәрі айқындалды. Кешелі, бүгін емес, өткен елу бес жылдық мерейтойдан бірер апта бұрын. Есім, сойымыз ғана емес, туған жеріміз ғана емес, туған күн, ай, жылымызға дейін бірдей. Бірге туған бауыр да емес, егіздің сыңары да емес, бір кісі – бүтіннен бөлінген жармақ екенбіз. Өткен өмірді саралап, әрнені еске түсіре келе, неге және қалай бөлінгенімізді, сағаты, күніне дейін ойша таныдым. Бөлінбеске – сені білмеймін, мына менің сені тастап шақпасқа шарам жоқ екен. Бір тарап – азап, екінші тарап – барақат; мен оңай жолды емес, оңтайлы жолды таңдадым. Әрине, сенің менен кейінгі тағдырыңды танып, зерттеп, білген соң... саған жаным ашыды. Және өзімнің оң ісіме көзім жете түсті. Иә. Риясыз шыным, қайткенде де... ет-жақынбыз ғой, жаным ашыды. Қатты күйзелдім. Сен көрген қиындық пен қиямет өз басымнан өткендей. Ең ауыры – өткен заман емес, бүгінгі күн екен. Жеткен жерің, ақырғы нәтиже. Соншама мехнат пен азаптың төлемі осындай болса... кім үшін, не үшін басыңды қатерге байладың? Өтемсіз еңбек, өтемсіз ғана емес, абыройсыз, түптеп келгенде мүлде қажетсіз еңбек. Далаға кеткен, өксумен өткен зая ғұмыр. Таңдап тапқан тағдырың. Трагедия емес, сен ойлағандай. Комедия. Трагедиялық комедия. Басында есіркеп едім, ойлана, бағамдай келе ыза болдым. Жай ғана ыза емес, өшпенді ыза. Артқа қарайлаған, елес-қиял соңында адасқан, ақыры құр құдықтың түбінде қалған, яғни бәріне кінәлі – сенің өзің екенсің. Әлмисақта бірге болғанымыз рас, қазір бөлек екеніміз де ақиқат. Бөлінген сәттен әрқайсымыз өз тіршілігіміздің соңында кеттік. Енді, арада отыз жылдан астам уақыт озғанда, қайтадан тұтаса алмаймыз. Яғни, дербес өмір одан ары жалғасады. Бұрын біліспесек те бейбіт ғұмыр кешіп едік, енді... сен менің болашағыма, бар болмысыма қатер төндіріп тұрсың. Қимасам да, әуелгі қатал шешімге біржола бекідім. Барлық жағынан мұқият ойластырылды. Қанша оңай көрінгенмен, мұндай жауапты істе қате кетпеуге тиіс еді. Ең соңғы сәтте безбендеп қарасам... қате, жай ғана қате емес, мені өзімен қоса әкетер сорақы қатеге жол ашады екем. Міне, кездейсоқ жағдайда қазаға ұшырадың: тапа-тал түсте көлденең машина қақты, кешкісінде әлдебір тонаушылар басып кіріп, үйіңді ойрандап, өзіңді пышақтап кетіпті дегендей. Әйтеуір жалпаңнан түстің. Содан соң... асып тұрған атақ-даңқың болмаса да, берекесіз айқай-шуға ұйытқы болдың, сен туралы шағын некролог, тіпті, жай ғана хабарлама, естірту шыққанда, жалпы жұрт, сені білетін шектеулі қауым, мені білетін мұндағы тамыр-таныс, әріптес, істес ағайындар тарабынан маған жаппай көңіл айту науқаны басталмай ма. Яғни, менің сені қаржыландырған қылмысыма айғақ табылады. Міне, дәл сол кезде тиесілі мәлімдеме жасамақ болдым. Өлімнің аты өлім, обал болған екен, бірақ мынау Қазыбековтің маған қатысы жоқ, бөгде біреу деп. Тіпті жақсы, деп ойладым әуелде. Бірақ... бұл мәселеге бірден назар аудармай ма тиесілі өкімет орындары, нықтап тексермей ме. Анықтамай ма, аттас емес, тіпті, бауырлас та емес, егіздің сыңары екен деп. Міне, гәп қайда. Әйтсе де, басқа жол жоқ тәрізді. Бауыр болса несі бар. Өлді – қалды. Сталин заманының өзінде әке үшін – бала, аға үшін іні жауап бермейді деген, сақталмаса да, заңға жуық нақты қағида болған. Оның жаны да бөтен, жөні де бөтен демейміз бе. Ақыры, жауапты операцияны мерейтой науқанының соңына қалдырдық. Бірақ межелі сызықтан өтер қарсаңда, той күні, сенің емес, менің бақытыма орай, арнайы іздеп келдің. Мейлі, іздеген жоқсың, төбеден түстің. Көзбе-көз көрген соң... өз ахуалымды жаңа бір қырынан таныдым. Танығам да жоқ. Жағдай күрт өзгерген. Ертең... әлі қолға алынбаған тексеріске жол ашады екем. Менің сақшы, шабармандарымнан жауап алу басталады. Оларды қойшы, сенімен дастарқандас болған бизнесмендер куәлік береді. Яғни, ағалы-інілі екеуіміздің соңғы күнге дейін араласып тұрғанымыз. Маған сенің өлімің емес, тірлігің сор болып жабысады. – Марат ауыр күрсініп, азғана бөгелді. – Рас, дәлелсіз жала, бірақ қатерсіз емес. Қайталап айтайын, сенің өлімің емес, тірлігің, яғни сені қаржыландырып, мемлекеттік төңкеріске дайындалуым. Сенен қайткенде де құтылу қажет екен. Манағыдай емес, туыстығымызды мойындаймын. Көлденең кілтипан шықса, тексеретін кісілердің де тамағы тесік, қажетінше тығындаймын... Бірақ қатердің алдын алу шарасы жүзеге аспады. Тек мені тоқтатқан – басқа нәрсе. Басқа бір ғаламат... Өзіңді өзің... – Марат тамағына сөз тығылғандай, қалт бөгелді, әуелгі көтеріңкі әуез жоқ, кіріптар, мүсәпір болмаса да, төменшік жағдайға түскендей, кеудесі басылған қалыпта азғана кідірді. – Ақыры, ұйқы, күлкісіз, үш күн, үш түн қатарынан ойландым, – деді. – Күмәнсіз... Анық... Төтенше бір шешімге тоқтадым. Сенімен жүздесуім, келісуім керек екен. Қорықпа... – деді. – Арамдық сақтасам, осының бәрін айтпас едім. Енді саған ешқандай қатер жоқ. Тек игілік қана күтіп тұр сені... – Ескі креслоны сықырлата, ауыр түрегеп, жалаңқат линолеум төселген тас еденді тар бөлмеде ерсілі-қарсылы жүріп кетті. – Ай, Жармақ бауыр, үйіңе арнап келгенде, тым құрса жарты шыны шай бермейсің бе, – деді маған түйіле қарап. Өтініш емес, жарлық сияқты.
– Сүтсіз, қара шай... – дедім.
– Мейлі. Шәйнектің түбінде қалған, салқын болса тіпті жақсы. Тамағым құрғап кетті, саған болмашыны ұғындырам деп. Бөтен ойымды да жасырмадым, бар сөзімнің шындығына сенсін деп. Сенде болмаса, менде құпия жоқ...
24
– Сендердің, зиялы қауым аталатын мына сендердің мыйларыңа қонбайтын бір ақиқат шындық бар, – деді, бұл жолы жазу столының басына, ескі креслоға емес, серіппелері босаған, кең, көне диванға жайғасып. – Дүниенің тағдырын адамгершілік қағидалары емес, ақшалы әмиян билейді. Бар тіршілік – ақша үшін. Бүкіл адамзат тарихы – ақша, яғни заттық игілік жолындағы күрес тарихы. Рухани қажеттілік, идеялық мұрат дегеннің бәрі бос сөз. Асып кеткенде, ақшаға жету тарабындағы әдепкі қару ғана. Жеке бас бостандығы, жалпыға ортақ азаттық – ақшаның арқасында ғана жүзеге асатын іс. Тіпті, сіз даурыға мадақтап жүрген тәуелсіздік, яғни кешегі отар елдің егемендігінің өзі – заттық игілік, жеке бір кісілердің байлыққа жетуі үшін ғана қызмет ететін құрылым. Саған сөлекет көрінер, арамза сөз, тасыр топастық көрінер, бірақ анық ақиқаты сол. Иә, тәуелсіздік алдың, көп ақылдың керегі жоқ, төңірегіңе бажайлап қара. Міне, мен қолым жеткенше қарпып, байыдым. Ал менен қолы ұзын, қуаты артықтар қаншама. Олар он есе, жүз есе байлыққа жетті. Міне, солардың қайсысы қашан осы елдің бостандығы үшін күресіпті? Күреспей-ақ қойсын, өңі түгілі түсінде ойлап па, мына қазақ деген халық өз алдына ел болса екен деп. Тым құрса, анау Африканың зәңгілері, Мұхитстанның жабайылары жетіп жатқан еркіндік, азаттық бізге де келсе, ту көтерген тәуелсіз ел болсақ деп? Арманың не, елесін көрген жоқ. Сен ойладың. Баяғы алаш қайраткерлері сияқты, сол жолға басыңды тіктің демейік, қадарыңша күшіңді жұмсадың. Ту көтермесең де, ту бекітер тұғыр дайындамақ едің. Яғни, елдің ескі тарихын тірілтіп, еңсесі басылған жұртқа өткенін танытып, санасына сәуле түсіріп, биік арманға жетелемек едің. Сен әрқилы сәтсіз жағдай әсерінен мақсатыңды, түпкі мақсат емес, өзің арқалаған жүгіңді жеріне жеткізе алмасаң, дәл осы тарапта қыруар шаруа тындырған азаматтар да жоқ емес. Мәселен, өлісі бар, тірісі бар, жазушылар қауымынан. Ал, не шықты? Далаға кетті бәрі. Мен дүркіреп, байып жатқанда, сен барыңнан, яғни алдыңдағы сорпа-су, жарты жапырақ наныңнан айрылдың: тақыр кедейге айналдың. Жалғыз сен емес, ұлттық тарих, ұлттық мәдениет, қазақ руханияты... деп өксіп жүрген, заманның салыстырмалы кеңдігінен, баяғыдай айдалып, байланбаса да, сол жолға бар ғұмырын арнаған, арып-аршыған, риясыз, жанқияр еңбек еткен ұлттық қайраткер атаулы түгел. Біз – баймыз, биміз, былқып тұрмыз, сендер – қайыршының ар жақ, бер жағы, қалтақтап әрең жүрсіңдер. Яғни, сен аңсаған тәуелсіздік кімге қызмет етті? Ұлт деген сөздің иісі мұрнына бармаған, барлық уақытта өзінің қара басының қамын ғана ойлаған бізге. Түптеп келгенде, ақшалы қалтаға. Тұра тұр, сөзімді бөлме. Мақұл көрмесең де мойында. Әуелгі кезең дерсің. Орыстар айтпақшы, ағаш кескен кезде ұшқан жаңқа. Жаңқа емес, сол дәу, жуан, тамыры берік, бұтағы салалы зәулім бәйтеректің өзі. Бір ағаш емес, бүкіл орман. Мына біз. Ал жаңқа – сен және сен тұрғыластар. Өндіріс қалдығы дейді оны. Жаңағы жүз ағаштан түскен бір қап жаңқа мен үгіндіні желім құйып, қайтадан сығымдап, жалпақ тақтай жасайды ғой. Сапасы төмен болса да әлдебір қажетке жарайтын. Сендер сол үгінді, жаңқа, үшінші сорт тақтайдың өзіне жете алмай қалдыңдар. Қолыңды селтеңдете берме. Керек десең, қалыптасқан жағдайды біле тұра, терістеудің өзі құнсыздық көрінісі. Тарихты қалай танып жүрсің, көпе-көрнеу шындыққа дау айтқың келеді. Мен осы сөздердің бәрін қуанғаннан айтып тұр деймісің. Мұқату үшін айтып тұр деймісің. Заңды, сыбағалы еншім үшін несіне қуанам. Күйреген, құлаған мүскінді мұқатқаннан не шығады. Сені көтеру үшін, ақылға түсіру үшін айттым. Біл, ұғын, мойында. Неге, қалай деп сұрақ қой. Менің, дәл өзім демейін, бірге туған ағайын, тіпті егіздің сыңарынан да жақын, ет-жүрек бауырым Марат... иә, айырмасы шамалы, Мұрат... Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков қалайша ғана тиесілі есесінен қағылып, осындай мүшкіл, мүсәпір жағдайға түсті? Кім кінәлі? Көктен түскен тәуелсіздік кінәлі. Мен емес. Біздің қауым емес. Сіздің қауым, нақты сенің өзің де кінәлі емессің. Өмірдің заңы дейік, көңіл үшін. Өмірдің, табиғаттың қалыпты заңының өзі саған емес, маған қызмет етеді екен. Бұл жағдай біздің баяғы отарлық кептен шықпаған, соңғы елу-алпыс жылда ұлттық санасы құрдымға кеткен дүмбілез елімізде айрықша көрініс берді демеймін. Ғылым-білім, өнер мен мәдениет жолында сенен бұрын қиындық көргендер, тарыққандар, зорыққандар болмап па. Тіпті, дамыған, кемел елдердің өзінде. Жаңа дәуірде өмір сүрген ұлы суретші Модильяни өнер ордасы Парижде аштан өлген. Арыда емес, күні кеше, осы ХХ ғасырдың басында. Бірақ мұратына жетті дерсің, артында қаншама ұлы мұра қалдырды дерсің. Рас, әлдеқалай, үлкен жұмыс арасында тарта салған шимайының өзі бүгінде жүз мың долларға бағаланады. Ал атақты, қатардағы кез келген туындысы – миллион, бір емес, әлденеше миллион. Не шықты? Аштықта, қорлықта өлді де қалды. Тірі кезіндегі ең елеусіз суретінің өзінің пұлы бүкіл өміріне жететін еді. Ақыры, қызығын басқалар көрді. "Менің коллекциямда Модильяни бар!" Өнер үшін дейсің бе, мақтан үшін, ақшаның құдіретін, өзінің байлығын әйгілеу үшін. Қайткенде де, өткен суретшіге бәрібір. Азғана ақшасы болғанда ғой, жаңағы миллионның бәрі өзінде қалатын еді. Адамша өмір сүретінін айтпағанда.
– Сенің кім екеніңді... кім болып шыққаныңды енді ғана нақты танып білдім!.. – дедім.
– Қазір біржола танисың. Ал мен сені бірден таныдым. Сен баяғы идеалист аспирант кебіңде қалыпсың. Бар айырмаң – өмірің алда тұрған жас емессің. Қажыған, тозған, кәртеміш шал... Бірақ алда... жаңаша өмір сүру мүмкіндігі бар.
– Маған демеуші болғың келеді ғой. Бірақ тегін емес...
– Дәл таптың. Мынау – отыз жыл бойы жинақтаған, шіріп жатқан қағаздың бәрін маған өткізесің.
– Біржола жойып, тып-типыл қылғың келеді...
– Жоқ, таппадың. Мен бұл қағаздарды қазіргі қалпында алмаймын. Осы жерде, өзіңде қалады. Шегіне жеткізіп, үлкен монография жасап шығарасың. Әрине, кезінде баспаға өтіп кеткен бес-он бетін тәрік етіп. Ортасы ойылып тұрса, басқа бір сөздермен алмастырып, қосымшалап, үстеп, жаңадан жазып, қайта толтырасың. Дерек көзі біреу-ақ қой. Арғы-бергі зерттеуші ғалым атаулы түгел пайдаланып жүрген түпнұсқа бұлақтар. Біз сөзбен айтқанда, бұрын қазақта болмаған, тақырыбы тың, байлам, толғамдары соны, ғылым тарихы үшін мәнді, құнды, үлкен кітап.
– Содан соң демеуші болып, баспадан шығарып бересің.
– Баспадан шығарам. Мол таралым, сапалы қағазбен, айналасы екі аптада.
– Сонда саған не пайдасы бар?
– Әлі де мыйыңа барған жоқ па? Үлкен кітапты жазып бітірдің. Өз қолыңмен маған ұстаттың. Сыртында – бірінші бетте бадырайып тұр, авторы – Мұрат Қазыбеков. Иә, Бейсенұлы. Қатесіз. Бар жазуың – орнында. Сол қалпында басылады. Білесің ғой, қазір цензура жоқ, бұл тарапта шынында да сен өмір бойы аңсаған еркіндік. Ешкім қол сұқпайды, бір сөзің өзгермейді. Міне, басылып шықты. Тек мұқабада... қазақы "ұ" қарібі халықаралық "а" дыбысына алмасады. Марат Қазыбеков. Иә, ол да Бейсенұлы. Есебі, бәрі қалыбында, бұрынғыдан ешқандай айырма жоқ. Мұраты не, Мараты не. Екеуіміз бір-ақ адамбыз ғой. Әуелде дерсің. Әуелден. Бүгінгі айырма – жалғыз-ақ әріп. Осы жалғыз әріп үшін... қанша сұрайсың?
– Не?
– Ақша. Әуелі бар жағдайыңды жасаймын. Монографиямыз жазылып біткенше. Қажет тапсаң, көмекке күнделікті қара жүмысты тазартып отыратын хатшы және бәрін қолма-қол таңбаға түсіретін компьютерші. Мынандай әжетхана үйшік емес, үш бөлмелі жаңа пәтер, бар шығынымен. Күнделікті керегің, қалаған ас-суың өз алдына. Бұл – жұмысты тәмамдағанша. Монографиямызды бітірген соң, үй өзіңде қалады және... жүз мың доллар. Қалған ғұмырыңа жетеді.
– Жетпейді, – дедім мен шалқамнан түсіп. – Аз!
– Онда... тезінен, бір жыл орайында бітіріп берсең... екі жүз мың.
– Екі жүзің де аз, – дедім. – Ал аядай үш бөлме кеңінен құлаш жайған үлкен жұмысқа тарлық етеді. Коттедж алып бересің. Немесе салып. Тау беттен, жаңа алпауыттар қоныстанған аймақтан.
Марат маған үдірейе қарап, ойланып қалды.
– Қызық екенсің, – деді содан соң. Әуезінде күмән бар. – Екі жүз мың деген – қыруар ақша. Жарайды, тағы елу мың. Кітабың соншама қымбат екен. Үш бөлме емес, төрт бөлме болсын. Ынсап керек.
– Сенде жоқ ынсап маған қайдан келеді, – дедім. – Жүз теріні жүн-жұрқасымен қосып, шикідей жедің – тоқтамадың. Жүз мың сомды қылқынбай, толғамай жұттың – тоқтамадың. Енді жүз мың доллар емес, сірә бірер миллион де емес, он, жиырма миллионға қанағат етпей, миллиардқа қол созбақсың. Жоқ, шегінбеймін. Үш жүз мың және коттедж.
– Содан соң?
– Бір жыл емес, тоғыз, он айда, асса келісімді мерзімнен тоғыз, он күн бұрын үлкен монографияны тәмамдап, қолыңа ұстатам. Басып шығарасың. Мол тираж, мөлдір қағазбен. "Қыпшақ тарихы" – Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков!
– Марат... – деді жармағым күреңіте тұқырып.
– Әуелгі және таза кезіңдегі атыңмен шығармайсың ба?
– Болмайды. Мен – Марат. Мұрат – сен. Сонда келісім қайда қалады. Марат Қазыбеков. Барлық шарт орындалуы үшін. Көнсең.
– Көнем, келісем, – дедім. – Жарайды, төрт бөлме, екі жүз елу мың. Тек... қазақта болмаған ғажайып монографияны қолыңа ұстатқан күні... Балжанды маған қайтарып бересің!
– Басқан ізінен садаға кет Балжанның! – деді Марат оқыс қатайып. – Ол кім, сен кім!..
– Мен... кім? Сенің арам көжеге тойған тоғышар көзіңмен қарағанда кім болсам да, қыз Балжанды үрлеп сүйген, алғаш бетін ашқан – мына мен болам!
– Шатыпсың! – деді Марат шақ етіп. – Сен емес, мен.
– Жоқ. Әуел ашқан – мына мен. Содан соң алдап, ұрлап әкеткен – сен.
– Жарайды, жарайды, – деді Марат ыржия күліп. – Ұрлағам жоқ, алдағам жоқ, өзіме тиесілі, уағдалы қалыңдығыма қосылдым. Ал әуелгі, иә, сенің де... жоқ, менің өзім, екеуіміз қақ айрылмай тұрғандағы. Яғни әуелден менікі. Және ақырына дейін.
– Онда... бауыр басып қалдың ғой, қимай тұрсаң, жас тоқалыңды бер.
Марат маған шүбалана қарады да, жадырай күлді.
– Қалжыңды қой. Қатынсырап бара жатсаң, екеу-үшеуін қатарынан әперейін. Шын айтам. Жаңағы ұсынысты қабылдашы әуелі. Бұлталақтамай, нақты шешіміңді айт. Қаламақы емес, тауар нарқы. Маған сұраусыз, біржола өтетін. Қанша сұрайсың?
– Әуелі бір сауал, – дедім. – Соның саған не керегі бар? Несіне қызықтың? Ғылыми дәреже керек болып қалды ма?
– Ғылыми дәреже оп-оңай, – деді Марат, ескі диванды ортасын оярдай сықырлата шалқайып. – Қаласам, айналасы жарты жылға толмай, ғылым докторы болып шығам. Экономикадан, немесе саясаттанудан. Әрине, экономика тиімдірек. Қалай дейсің бе? Сенің академияң, немесе, кез келген университеттің ең білгір мамандары қолма-қол дайындап береді. Манағы, саған ұсынған қазынаның оннан біріне. Және барлық өткелектен өткізіп, өздері қорғатады. Және осындай да осындай үлес қосқан зерделі, дарынды ғалым деп атағыңды шығарады. Бірақ маған ондай алдамшы, арзан атақтың керегі жоқ. Өзің де байқаған шығарсың, қазір облыстарда билік құрған үш әкімнің екеуі – профессор, академик, үкіметте салалық билікке жеткен екі министрдің үшеуі – ғылым докторы. Күлесің бе, түңілесің бе. Маған ондай, қайдан келгені соқырға белгілі өтірік дәреженің керегі жоқ. Экономика тұрыпты, физика, математика, астрономия, философия да емес. Мен... өзіңнен айрылғаннан бері... ақшаның, пайданың соңында жүріп, мүлде топас, мақұлық болып кетті деп ойлама. Бұрынғы, өзім тәрік еткен, тастап шыққан таным, сананың жұқанасы мүлде жоғалған жоқ. Сол күндерде, кейде... архивте отырғандай, ескі кітаптарды саралап, ой түйгендей... сол, тарихшы қалпымда бұрынғы шаруамды жалғастырып жатқандай сезінетін сәттер болатын. Аңсаймын, сағынам, содан соң... өткенімді ғана емес, бүгінгі... түсім мен елесті ұмытуға тырысам. Ұмытам, қаншама уақыт өтеді, тағы бір күн... өзім – өзім сияқтымын, яғни бүгінгі емес, бұрынғы, бұрынғы да емес, сол бұрынғының жалғасы. Әуелде нақты еді, кейін тәтті қиялға айналды. Бірақ арада оншақты жыл өтер-өтпесте мүлде ойымнан шықты. Тек тәуелсіздіктен бері... Бизнес саласында үлкен табысқа жеткен соң, қайтадан қиялдай бастадым. Әрі бай болсам, әрі... атақты ғалым... Мен ұлт үшін еңбек еткен, отаншыл, қазақшыл ғалым ретінде зор абыройға жеткім келер еді. Көптің бірі болмаймын, оқшауланып, дараланып көзге түсем. Қазір қазақ гуманитариясының құты қашқан. Әдебиеттанудың сиқы анау, баяғы 18-жылғы "Ұлы Октябрь", 28-жылғы "Советстан" төңірегінде жүр. Өз шаруалары оңбай тұрғанда кімге септеспек. Тілтанудан тағы май шықпайды. Тіліңнің өзі жоқ деп жатқанда қайда барасың, тым елеусіз атақ. Тарих! Ең тиімдісі – жабық жатқан тарихтың бетін ашу. Қалыңына түс те, қалқып ала бер. Аяқ аттаған сайын жаңалық. Бұрын білмеген, естімеген тұтас бір әлем. Өз тарихынан бейхабар халқың үшін ғана емес, осы салада өнімсіз іспен өмірін түгескен мамандарың үшін де. Иә. Тарихшылардың өзін таң қалдырасың, еріксіз мойындатасың. Сенің Зерттеу орталығыңның орынбасар төрағасы Алдабек Қаражұманов – кездейсоқ құбылыс емес, заманға лайық, жалпыға тән, ортақ өлшеуіш. Білім, ұғымының сиқы анау. Жабық қазақ тұрыпты, ашық адамзат тарихынан арифметиканың төрт амалы дәрежесінде танымы жоқ. Сонда, халқың үшін қажетті ежелгі тарихты кім зерттемек? Тыңнан жол салып, кім абырой табуы керек? Сен, сен ғана. Жаңадан жасамайсың, бар жұмысың дайын тұр. Алаңсыз отырып, бас-аяғын түгендесең, өзің айтқандай, асса он екі айда дөңгелетіп бересің. Маған. Менің әуел баста тарих факультетін бітіргенім, аспирантурада оқып, диссертация жазғаным, советшіл белсенді, жандайшаптар тарапынан қысым көріп, тар заманда ғылыми ортадан кетуге мәжбүр болғаным – өмірбаянда жазылған, құжаттар арқылы дәлелді, мені білетін ел-жұртқа ежелден мағлұм. Елу бес жылдық мерейтой қарсаңында облыстық, қалалық және аудандық баспасөз бетінде жарияланған марапат мақалаларда тағы айтылған. Енді тәуелсіздік заманында, үлкен еңбегімді, отыз жылдан астам, ұзақ уақыт бойы астыртын және тынымсыз жүргізген зерттеуімді жарыққа шығарып жатсам, ешкім таңырқамас еді. Орайлы іс, заңды сыбаға ретінде қабылдар еді. Енді ұқтың ба, саған неге құмар бола қалғанымды?
– Жоқ, – дедім мен. – Өзіңе өзің қайшы келдің. Ол ештеңе емес, өзіңе өзің көр қазғалы тұрсың. Жаңа ғана айттың емес пе. Ай даладағы менің кесірім тие жаздады деп. Ал сол бір... дау-дамайлы еңбек енді өз атыңнан шықса – біржола құрығаның емес пе!
– Міне, сенің, ақмақтық демейін, өмірлік тәжірибеңнің қораштығы. Немене, сен әлгі, Алтын Ордаға, Қазақ хандығына қарсы көтерілген айқай – әлдебір, надан болса да таным, топас болса да сенім көрінісі деп ойлайсың ба? Алтын Орда асқақтап жатсын, Қазақ хандығы керемет болсын, немесе керісінше, Алтын Орда сұмырай, Қазақ хандығы сорлы болсын – оларға бәрібір. Ал сол атақ пен пайда жолында кесе көлденең тұрған кісіні құлату үшін ата-бабасының мың жылдық тарихы тұрыпты, өзінің ар-намысын ғана емес, бүгінгі ел-жұртын, ертеңгі ұрпақ-зәузатын құрбанға шалудан тайынбайды.
– Сонда мен... кімге бөгет жасаппын?
– Сен емес. Анау, тарихты көтерем, бүгінгі жұртымның санасын ашам деп күнәкар болған Бас редактор. Тарихты көтергені, сананы жаңартпағы үшін де емес. Өзінің бар болмысы үшін. Жаңағы азғындар мен сатқындар, надандар мен топастар "Темірқазық" сияқты ықпалды басылымда ақыл-есі түзу кісі отырғанын қаламады. Мәселе, тіпті, ақыл-есте де тұрған жоқ. Сенің кіші бастығың Алдабек Қаражұманов пен белгілі саясаткер Мүштар Мақанов туған бөле екен ғой. Әлгі журналда, әрине, Бас редактордың ризашылығымен жарияланған бір мақалада сол Мақановтың атына құрғақ демагог, сөзі бар да ісі жоқ, кенеусіз айқай, тежеусіз дабыра деген тәрізді сын айтылса керек. Әділ, ақиқат баға. Шырқырап кетеді ғой Мүштар Мақанов. Тұтас бір науқан бастаған. Оң мен солды түп көтере іске қосып, қарымта ғана емес, әлгі әңгіме әрі қарай өршімес үшін және көлденең жұрттың бәрі қия баспай, именіп, қорғалақтап тұруы үшін. Сен үшін емес, аңқау, аңғалақ сорлы. Ал енді қарсыласты қалай құлату керек? "Жанды жерінен" қарпыған. Саған таң, тағы біреулерге күлкі болса да, анығы сол. Әуелде қазақта тарих жоқ, "Темірқазықтың" ұстанған бағыты теріс деді. Оған болмай бара жатқан соң, тарихқа құмарлықтың астарын ашты. Бір кісі, бір журнал емес, тұтас бір топ, қатерлі, қауіпті, құпия ұйым. Мемлекеттің іргесін шайқалтпақ, заңды өкіметті биліктен тайдырып, демократиялық республиканы монархия жолына түсіріп, легитимді президентті құлатып, Шыңғыс хан әулеті, төре тұқымынан жаңа хан сайламақ екенсіңдер. Ал, керек болса. Сорақы ма? Сорақы. Дөрекі ме? Дөрекі. Сасығы егемен еліңіздің ең қиыр түкпіріне дейін жеткен арам. Бірақ сендер ойлағандай ақымақ, есалаң емес. 37-жылдың кәнігі жендеттері. Өз сөздеріне өздері сенеді дейсің бе? Сенім емес, тәсіл. Советтің сүтін емген, КГБ-ның рухын таныған. Тек не керек, кеш туып қалған. Бірақ ойға алған мақсаттарына түгел жетті. Әуелгі есеп те сол болатын.
– Жарайды, қазақ рухын көтеріп отырған жалғыз журналды жапты, өткендегі қазақ тарихын толайымен теріске шығарды. Күшті екен, мықты екен, сөздері жүріп тұр екен. Сонда, осыншама құдіретті кісілердің мені тапап тастауы тіпті оңай емес пе. Мені емес, сен құмартып отырған еңбекті.
– Сен түзелмессің, – деді Марат зілсіз кейіп. – Қалай ұқпайсың. Оларға керегі – тарих емес, ұлттық рух емес, яғни... тарихың, мәдениетің, рухың тұрыпты, қазағыңның өзінің көк тиынға керегі жоқ... Бар-жоғы бір қисап. Есеп, есеп дедім ғой, және тәсіл. Қажетіне, сәтімен қолданды. Нысанаға алған журналын құлатты, қарсы келгенді мұқатты, бөтен ойы барларды түгел ықтырып қойды, өздерінің құдіретін әйгіледі. Мұқият ойластырылған кампания сәтімен аяқталды. Енді бұл тарапта шаруасы болмайды. Сенің тарихыңды, ұлттық рух, мәдениетіңді айтамын. Немесе, керісінше. Арада жыл өтеді, жыл емес, ай өтеді, басқа емес, сол кісілер – Алдабек Қаражұманов бастаған он бес академик, Мүштар Мақанов бастаған жиырма сегіз депутат – жиыны елге танымал қырық бірдеңе қайраткер тізе қоса, өре түрегеліп, ойбай, қазақтың бай тарихы қайда қалды, Шыңғыс хан да біздікі, Алтын Орда да біздікі, егемен еліміздегі тәуелсіз, азат халқымыз өздерінің ата-бабасының өткен даңқты жолын танып-білуі керек, қаулы қабылдансын, ақша бөлінсін, жұмыс жасалсын деген ұран көтерсе несі бар. Атақтары шығады, абыройға бөленеді.
– Сонда... жұрт не айтады? Көрді емес пе, кеше ғана?
– Ол – кеше. Ал мынау – бүгін. Кешегі теріс, яки оң бағдар алдыңғы күні ұмытылған. Енді жаңа ұсыныс, жаңа қадам. Барлық халық өзінің көсеміне лайық дейді. Жалғыз қазақ емес. Бүкіл совет халқы. Ескіше айтқанда, партия мен үкімет, яғни билеуші қауым, үстем тап қалай тартса да құба-құп. Кеше алай деп шулады. Бүгін керісінше, былай деп дүркірейді. Кеше – кешегіше дұрыс еді, бүгін – бүгінгіше дұрыс дейді. Сен небәрі екі-үш жылға созылған мәнсіз дамай туралы айтасың. Өткендегі жетпіс жылдық, ұзақ дәуірге бүгінгі тұрғыдан қарашы. Сталин данышпан деді – данышпан. Оңбаған деді – оңбаған. Хрущев жақсы деді – жақсы. Жаман деді – жаман. Совет өкіметі керемет деді – керемет, бастаушымыз компартиямен қоса. Бір-ақ күн, жарым сағатта сұмпайы, зұлым болып шықты. Онымен салыстырғанда өмірлік емес әлдебір мәселе төңірегіндегі дау-дамай, баспасөз бетіне шыққан өтірік пен өсек деген немене. Өзгелер түгілі, өздері де ұмытты. Сен ғана, мән беріп, таусылып, тарынып отырған. Әрине, біз кітабымызды жазып бітіріп, баспадан шығарғанша, жағдай ғана емес, кісі – бәрі де өзгереді деп, қол қусырып, қарап отырмаймыз. Кітап қарсаңында – дайындық жұмыстары. Жолды тазартып, пәле-жаланың алдын алу тарабындағы. Кітап шыққан соң – нақты, пәрменді әрекет. Яғни әуелі бұра тартатын қисық ауыздарды жабамыз, содан соң ашық арандарды тығындаймыз. Бірін алдаусыратып, бірін жемдеп дегендей. Тұсаукесер – мол дастарқан, тілектес сөздер. Соған жалғас нақты хабарлар. Хабарға ілескен мадақ, марапат мақалалар. Қажет тапсақ, Мүштар Мақановтың өзі тұсаукесерге келеді, әлгі Қаражұмановтың өзі көлдей мақала жазып береді. Қалған сүмелектер туралы сөз де жоқ. Бар екен деген лақап, жомарт екен, кең екен деген дабыра құлақтарына тисе бітті – өздері іздеп табады, буыңа мастанып, ығыңа жығылып, алмаса да алғыс айтып, бермесең де берекеңді асырып, қолпаштап көтереді де әкетеді. Бір бастап жіберсең – бітті. Қалған қауым дақпырт соңында. Неге, не үшін екенін өздері де білмейді, Мәкең – ғаламат, Мәкең ғажайып, ұлыстың құты, ұлттың тұлғасы, көк аспанды көтеріп тұрған да сол, қара жерді тіреп тұрған да сол, менің бүгінгі тіршілігім де, ертеңгі болашағым да соның арқасы деп, далбақтап шаба береді. Күмәнің болмасын. Кешегі жартыкеш Жиғанның тарихын есіңе ал. Бұрынғы-соңғы қазақта одан асқан кім бар еді – парламенттен таңертең кетті, түстен кейін ұмытылды. Сондай адам болмағандай. Айтып сендіре алмайсың. Енді, бүгінгі көсемің – можантопай Мақанов. Бар тарих содан басталатындай. Дәуірлеп тұр. Келесі сайлауда, қара да тұр, өтпей қалады. Содан соң, күні кеше ғана Мүштар Мақанов дегенге табынып едің деп ешкімді де мойындата алмайсың. Өй, оны қойшы, солай еді ғой, бұлай еді ғой дейді. Есіне түскендері. Әйтпесе, ол кім деп, өзіңнен қайыра сұрауы мүмкін. Міне, өмірдің заңы... емес, бүгінгі қазақтың салты. "Қайран ел осыменен жүр далақтап" деген ғой Абай атаң баяғыда. Жаны ашып. Енді біздің жанымыз ашитын ештеңе де қалған жоқ. Қалыпты мінезді өз қажетімізге пайдаланғаннан басқа. Яғни, Жиғаннан соң Мүштар шықса, ол екеуіндей қайыршы кедей емес, мыңғырған бай, ол екеуіндей әумесір ақымақ емес, ақылды, парасатты, ол екеуіндей шаласауат надан емес, тарихқа терең бойлаған, экономиканың барлық қалтарыс-астарын таныған, жай ғана зиялы, мәдениетті азамат емес, аталы, текті тұқымнан шыққан Марат Қазыбеков неге тұлға болмасқа! Иә. Тұғырлы тұлға. Келесі көсем. Байқайсың ба, сенің құлдықтан қалжыраған, кеудесі басылып, мыйы ашыған сорлы жұртың жолбасшы көсем іздемей тұра алмайды екен. Жоқ, үкімет емес. Бұрын шарасыз қазақ бар қиындық, азабын құдайдан көретін. Енді құдайға сенбейді, барлық сор – жаман ба, жақсы ма, биліктің кінәсі деп біледі. Бірақ дәрменсіз жұрт, кедей, кембағал қауым әлдебір құдыретке сенуі керек, әлденендей сәулесіз үміт күтуі керек. Сондықтан да, кешегі коммунизм елесіне ұқсас, жаңа бір уағызға бейім жартыкеш Жиғандар мен можантопай Мүштарларды көтеріп шығарады. Мен әуелде айран-асыр болып таңырқасам да, кейін жирене, тыжырына отырып, кәміл таныдым. Әлгі сабаздардың атақ-даңқының сырын. Ой-өресі – жабайы тобыр деңгейінде, яғни, қайда барса да халықтың кісісі. Және сол халыққа не керегін біледі. Яғни, іс емес, сөз. Анда-санда парламент мінберінен, сатымсақ баспасөз бетінен "Елім-ау!.. Жұртым-ау!.." деп, өкіріп, өксіп қояды, күн аралатып, өздерінің жеке бастары үшін қауіп-қатерсіз кәкір-шүкір бірдеңелерді көйітеді, айталық, қант қалай қымбаттап кетті, наубайханалар неге майлы шелпек пісірмейді деген сияқты, және аса көрнекі, ірі, ешқашан орындалмас, бірақ ұнасымды жоба-жоспарлар ұсынады, мәселен, Бетпақ-Даланы суландыру, Арал теңізіне Атыраудан алып тоған тарту, қазақ тілін Біріккен Ұлттар ұйымы арқылы бүкіл әлемге тарату деген сияқты. Ал енді күмән келтіріп көр халықтың сондай қамқорына. Мен де дәп солардай танылуым керек. Бірақ уақытша, парламенттің бір сайлауына емес, біржола. Және жел сөз, алдамшы уәдемен емес. Өрелі сөз, нақты іспен. Тек бір жетіп алсам... Халықтың қалтқысыз қолдауына ие болсам... Бәрін орнына келтірем. Кедей-кепшікке қол ұшын беру өз алдына, сондай мархаматқа татымаса да, мына көрінгенге жағынып, өзеурей сабылып жүрген бүкіл өнерпаз, жазарман қауымға жеңілдік, жәрдем жасаймын. Шалғай ауылдарды көтерем, жастардың жұмыссыздық жағдайын жеңілдетем... – қойшы, толып жатыр. Әрине, осының бәрін жүзеге асыру үшін үлкен билік керек. Қатардағы парламент мүшесінен әлдеқайда жоғары. Сол, үлкен мансапқа жеткендердің менен ақылы артық дейдің бе, білігі артық дейсің бе. Өзің де байқап жүрген шығарсың, асып кеткен ештеңесі жоқ. Тек байлығы ғана артық болар. Әлгі мансап, қызметтің арқасында. Яғни, ол да орындалатын арман. Бұдан соң тіпті үлкен биікке қол созсам несі бар...
– Осының бәріне тарихшы-ғалым атанбай-ақ жете бермейсің бе, – дедім.
– Жетем, – деді. – Қайткенде жетем. Тағы да салыстырып қара мені билікте жүргендермен. Байлығынан басқасының бәрі кем. Айттым, білімім жоғары, екі тарапта бірдей. Кісілігім де, мінезім де артық. Жүйкем темір. Түр-тұлғам да келісті. Өмірлік тәжірибем де жан-жақты. Рас қой. Ең бастысы, менікі – шолақ есеп емес, ұзақтан тартылған нақты бағдарлама. Жаңағы, өкіметке енбесе де, билік төңірегіне жақын барған, тұрлаусыз болса да сөзі бар, ақылсыз болса да ебі бар, өзегі қуыс өкіреш екеу неге үлкен абыройға жетті, уақытша десең де? Кенеусіз кеңкелестік, бетсіз популизм өз алдына. Баз-базында ұлтқа ұнаған мәселелерді көтере білгендіктен. Маған керегі – баянсыз атақ, уақытша билік емес, байсалды атақ, түпкілікті, абыройлы билік. Ұлттың ұлы деген дақпырт керек. Тым құрса әуелгі кезеңде. Әуелгі сатыда. Одан соң... биік дегенде мен тым жоғары, ең үлкен биікті нұсқап отыр деп ойлама. Сен күнәлі боласың, мен кінәлі болам. Оған... қайда. Менің әзірге межелеп отырған ең үлкен биігім – министр емес, облыс әкімі. Бөтен аймақ емес, өзім бауыр басқан Оңтүстіктегі. Бас аман болса, одан арғысын тағы көре жатармыз... Ұқтың ба мені... бізді қандай игіліктер күтіп тұрғанын. Сенікі де жөн, жаңағы қалжыңнан басқасы, екі жүз елуді азырқанып, үш жүз елу сұрағаның. Миллион – теңге емес, доллар – миллион доллар болады кейін, мен бар мұратыма жеткенде. Ал әзірге... ойлап тұрсам, артығы жоқ – сен айтқан межеден асып, тура бес жүзге тоқтайық. Бес жүз мың доллар!
25
– Ешқандай қалжың емес, – дедім мен. – Әуелгі сөзімнен қайтпаймын. Үш жүз елу дедім – үш жүз елу. Ынсап керек. Маған ғана емес, саған да. Қызығын көрдің, тұтас отыз және тағы бір жыл бойы жалғыз өзің. Енді түп иесіне қайтарасың. Балжанды.
Марат мені жаңа көргендей, немесе рабайсыз ұсыныс жаңа ғана жасалғандай, таңырқап, үрке қарап, азғана отырды. Содан соң зорлана жымиды.
– Неге қырсығып отырсың? Шынымен-ақ көңілің... баяғыдай ма?
– Баяғыдай ма, басқадай ма, мәселе онда емес. Мен өткеннің есесін қайырғым келеді.
– Ешқашан қайтпайды, – деді Марат. – Өткен отыз жыл және... кейінгі бар ғұмырға татитын әуелгі тоғыз ай – жалған дүние екінші мәрте оралмайды... Сен мені – өзіңді өзің мұқату үшін ғана. Хош. Кезінде құмарың тарқамай қалыпты. Рас, Балжан... әлі де қыздай. Құшағы ыстық. Қапада қалған сен емес, бар ғұмырын бірге өткерген менің өзімнің... ынтығым тарқаған жоқ. Сенесің бе соған?
– Сенем... – дедім, жүрегіме шым-шым қан құйылып. – Сондықтан да... қайта көргім келеді. Өткен дәурен оралады. Көзге болмаса да, көңілге.
Дәл осы сәтте Балжанды шынымен сұрап отырғаныма өзім де сенгендей екем.
– Жөн дейік. Енді ақылмен ойлап көр. Мен... бағзыдағы іңкәрің үшін, есе емес, алыс-беріс сауда жөнімен саған бермек екем. Сонда... Балжан көне қоя ма? Сені кім деп келеді? Неңе қызығады?
– Біріншіден, кім екенімді ұғындырасың. Алдымен өзің. Содан соң мен. Иә. Құдай қосқан әуелгі қосағымын.
– Жартылай деп айт, соның өзінде бес минутқа ғана.
– Сол бес минут сол қыздың бүкіл болашағын айқындаған. Мен болмасам, саған да бұйырмайтын еді.
– Жарайды, жарайды, тәптіштемей-ақ қой, – деді Марат жымия күліп.
– Құдай қосқан заңды қосағымын. Әуелгі. Бір деп қой. Екіншіден... сенің қазақ тарихының білгірі деген атағыңа жол ашылады. Осының өзі жетіп жатыр. Үшіншіден – отыз жыл бойы тегін пайдаландың. Енді, қартаймаса да, мамырлаған шағында... жалғыз көйлекпен, жалаңаш шығармайсың. Сенің бар байлығыңның негізін салған кім? Қайын атаң. Балжанның әкесі. Яғни, Балжанның өзі. Сендегі бар байлықтың түгеліне демейін, анық тең жарымына еншілес. Үлесін толық алмаса да, үй-жай, тиесілі қазына, қаражатымен...
Марат менің манадан бергі шарт-талабымның мән-мағнасын енді ғана аңдағандай, кеудесін кере отырды, көзінде қатаң от ұшқыны, езуінде жымысқы, ащы күлкі табы бар еді.
– Айта бер, айта бер, – деді басын изеп, кеудесіне қолын қойып, мырс етіп.
– Сен күлетіндей ештеңе жоқ. Қай заңға жүгінсең де, мені... мен емес, Балжанды жақтап шығары күмәнсіз. Яғни, барша байлығымен қоса ұзатасың. Бірақ ең бастысы – ол емес. Маған несіне қызығады дейсің. Алғашқы күндерде өзім де күмән мен тұман аралығында жүрдім, елесі есімнен емес, көз алдымнан кетпей қойды, өңімде де, түсімде де. Иә. Сен – мен емес едің. Балжан оны да сезіп білді. Сенің салқын тартқаныңды байқамаса да, менің мұнда қалған ыстық құшағымды аңсап, құлазыған шақтары болды. Тән ләззаты ғана емес, жан жарастығын да іздеген. Анық, сол, ауылдағы әуелгі күндердің өзінде сенен гөрі мені жақсы көрді. Бірақ менің мұнда қалғанымды білмейтін. Бары осы шығар деп, тағдырға мойын ұсыныпты. Әйтсе де, өмір бойы, баяғы, екеуіміз бірге жүрген алғашқы күндерді аңсады. Сен өзгерді деп ойлады. Өзгерген жоқсың, өз қалпың. Махаббаттан тыс, мейір, мархаматтан тыс, бар ісі қатаң есепке құрылған менің екінші жарымым...
Марат тіке қарап, үнсіз қалды.
– Бірақ Балжан... алғашқы махаббат, әуелгі жар... Баяғы кіршіксіз көңілден айнымады. Ал сен... саған Балжанның нәзік жаны емес, ыстық қойны ғана қымбат еді. Аңсарын тапты, бақытты деп ойладың. Ал сенің аңсарың бір әйелден асып, далаға төгіліп жатыр еді. Өмір бойғы көлденең жүрісің тұрыпты, дүниенің есігі сендейлер үшін айқара ашылған шақта, жаңа байлықпен қоса, жаңа бір қызыққа жеттің. Иә. Ризашылығын берді, келісті, сенің онсыз да келістіріп жүргеніңді білетін, аяғына тұсау түссін, әркіммен емес, біреумен ғана болсын деді. Енді міне... Сол, отыз бір жыл бұрын айрылған жарым көңіл жоғалған жоқ, бар болып шықты. Өлген тірілсе де, өшкен жанбайды. Бірақ қимасыңның түнекке батпағанын, бар екенін білудің өзі бір ғанибет емес пе. Әрине, әуелде, алғаш естігенде ауыр болады. Қиналып тұрып түсінеді, кешіреді. Мені де, сені де. Содан соң сұрайық, кімді қалар екен. Күмәнің болмасын, қартайған, қажыған, тұрмыстан тозған мені қалайды. Керек десең, манағы жалғыз көйлекпен шығады, байлығыңды да, басқаңды да тәрік етіп. Айттым, әуелі мән-жайды ұғындырамыз, содан соң сауалды өзіне саламыз. Өзіңе сенімді болсаң, осыған көн.
– Мен сенем, – деді Марат. – Өзіме ғана емес, Балжанға да. Міне отыз... отыз бір жыл тату-тәтті тұрдық, бақытты ғұмыр кештік. Бір ұл, үш қыз өсірдік. Ақымақ емессің, сол балалардың әкесінен, өмірлік қосағынан айрылып, қайдағы бір... сені таңдап, сонша не көрініпті!
– Таңдар, таңдамас, алғашқы баласы – жалғыз ұл өзінің әкесін тануы керек...
Марат атып тұрып, мені жағадан ала түсті.
– Қу қайыршы! Сүмелек! Енді бір ауыз сөз айтшы!..
Шеңгелдеп қысып, буындырып барады.
– Шындықтан қорқасың ба? – дедім, тынысымды әрең алып. – Қорықпасаң, босат.
Босатты. Бірақ тапап жібергелі, төніп тұр.
– Шындық сол – Балжан менен жүкті кеткен. Жаспыз, аңдамаппын. Ойлап барып, кейін білдім. Алғашқы бала – жалғыз ұл – менікі.
– Сенікі емес, менікі, – деді Марат ыза мен намыстан жарыла жаздап. –Менің өз ұрқым. Сондықтан да Балжан сенімен қалған жоқ, менімен кетті.
Енді мен күлдім.
– Егер бастапқыда екеуіміз бір кісі болсақ, ол кездегі бала менен қалай алыс болады. Менен саған жақын емес. Ортақ. Оған қандай күмәнің бар?
Марат сылқ етіп, ескі диванға отыра кетті.
– Нағыз сұмырай екенсің, – деді бар болғаны тісін шықырлата ысылдап.
– Нағыз сұмырай – мына сен, – дедім. – Қалыңдығымды қатын қылдың, баламды бауырыңа бастың. Енді көпе-көрнеу ақиқатты теріске шығарғың келеді.
– Сен сорлы түсінсеңші, – деді Марат сәл-пәл сабыр тауып. – Қалай айтсаң да, Мақсат менің бауырымнан жаралды. Мейлі, саған да тиесілі дейік. Бірақ... сондай ақылды, сүйкімді бала болып, менің алақанымда, молшылықта өсті. Әрине, сен де соншама әлпештеп бағып, қағар едің. Бірақ заман өзгерді ғой. Сенің емес, менің пайдама. Енді сол қалпында, сенің шаңырағыңда өссе кім болып шығар еді? Қорлағаным емес, өзің айтқан ақиқат шындыққа жүгінейік. Қайткенде де, мектепте үздік оқитын еді. Одан кейін университетті де қызыл дипломмен бітірді дейік. Сонда, мына сен... осы баланы болашағы мол, түсімді, жақсы қызметке орналастыра алар ма едің? Ол да ештеңе емес. Дарынына сенейік. Өзі жарып шығады деп. Ол – бұрынғы, сендер сөгіп, істен алғысыз қылып жүрген совет заманы ғой.Қазір бәрі басқаша. Сенің данышпандығың көк тиын. Ақылы кеміс, аузы қисық байдың баласы өтеді. Кеміткенім емес, мына сенің өзіңнің балаларың не болды? Оны да білем. Үш қызың да мектепті алтын медальға бітірген, үшеуі де университетті үздік тәмамдаған. Үлкен қызың, ағылшын тілін білгенінің арқасында әлдебір шетелдік фирмаға жұмысқа әрең ілінді. Қалған екеуі күйеулерімен бірге, әр тарапта әйтіп-бүйтіп үнемдерін айырып жүр. Ал біздің Мақсат мұндағы университеттен соң Англияда, Кембриджде оқып қайтты. Менің арқамда. Тағы да, сол оқуы үшін емес, әкесінің бай-бағлан болғандығы үшін болашағы зор мемлекеттік қызметке ілінді. Ал сен сол Мақсатты қай ұшпаққа шығаратын едің? Сен ғана емес, сен қатарлы, тіпті, сенен атақ, абыройы жоғары профессор, жазушы, академиктердің дарынды балалары далада қалды. Сырттағыны қойғанда, өз көзіммен көргенім, біздің ұлмен қатар жүрген, әуелде теңдей оқыған, қабылет-дарыны қарайлас, жайнап тұрған тағы бір балалардың тағдырын айтпай-ақ қояйын. Бастарын тауға ұрды, тасқа ұрды, ауыл-үй арасында қалды. Біздің Мақсат қатарынан озып, оқшау шықты. Бар қызығы алда. Енді сол баланың көңіліне қаяу салмақсың. Екі әкеден туатын бір бала бола ма? Кім сенеді? Жарайды, мен қалыспын, саған ғана тиесілі екен дейік. Балжан да ризашылық берсін. Сонда не ойлайды ол бала? Тіпті, біздің өзгеше жағдайымызды ұғынсын. Не деген сұмдық! Екі әкенің ортасында қияли болып кетпей ме жас бала! Нағыз безер екенсің ғой өзің. Неге сонша жабысып қалдың осыншама қаскүнем ойға? Қандай ниетің бар? Мені қажау ма, әлде көбірек пайда табу ма? Тыныштығым бұзылды, отбасым ойран болғалы тұр. Маған жалғыз ұлдың жақсы болашағынан артық ештеңенің де керегі жоқ. Қаласаң – миллион ал. Тек, жарқыным, бізге тыныштық бер. Ертеңі белгісіз мен үшін емес. Онсыз да көңілі жарым Балжан үшін емес. Аталы әулеттің ең соңғы тұяғы, бар болашағы алда тұрған жалғыз ұл үшін!..
Менің көзіме жас келді.
26
Менің көзіме жас келді.
– Рақмет! – дедім. – Жақсы өсіріпсің. Келешегін айқындап, оң жолға түсіріпсің. Ризамын... Ешқандай талап, тілегім жоқ. Менікі қалжың, манадан бергі. Көп өкпенің азғана қайырымы. Бірақ... сын сағатта мені екіге бөліп, жарым көңіл, жарым ақыл, жарым мінез, жарым кейіпте тастап кетсең... ол да тағдыр ісі шығар. Ал Мақсат деген бала... кімнен туса да аман болсын, халқының шын ұлы ретінде бар мақсатына жетсін. Атынан айналдым, садағасы кетейін. Тек сен екеуімізді айырған тәңірім оған сенің арамдығыңды, менің дәрменсіздігімді бермесін. Балжан... Балжанға да өкпем жоқ. Сені – мен деп жүре берсін. Бақытынан айрылмасын. Өзің де аман бол. Мұраттан айнып, әуелгі тамырыңнан бөлініп, басқа бір жол тауыпсың. Төреші – хақ тағала... Енді менің басымды ауыртпай, келген ізіңмен кері қайт, – дедім.
27
Марат босаңси сөгіліп, азғана отырды.
– Соңғы сөзің бе? – деді қайтадан еңсесін жазып.
– Саған және сенің отбасыңа қатысты ең ақырғы сөзім, – дедім мен де жүйкемді бекітіп.
Бірақ Марат тоқтамаған. Серпіле көтеріліп, әуелгі қалыбын тапты. Және әуелгі ниетін.
– Тілектестігің үшін саған да рақмет. Мені өзіңнің жалғасың, басқа бір өмірің ретінде мойындадың. Сөйте тұра... ынтымаққа, бірлікке... жол бергің келмейді. Екеуіміздің қайтадан бірігуіміз мүмкін болмаса да, селбесіп, септесіп жүрсек несі айып?
– Сен септеспейсің, – дедім. – Сенің ұғымыңдағы ынтымақ, бірлік – басқа бір нәрсе. Сен менің отыз жылдық мұратым – ғұмырлық еңбегімді көлденеңнен, оп-оңай иелене салғың келеді.
– Тегінен-тегін емес, – деді Марат әлі де сынай қарап. – Сатып алам. Айттым, өте қымбат бағаға.
– Ар-намыс сатылмайды.
– Сатылмайтын нәрсе жоқ, – деді Марат. – Соның ішіндегі ең оңайы, ең құнсызы – дәл осы сәтте саған қастерлі көрініп тұрған ар-намыс.
– Ол – бүгінгі сенің ұғымың. Сен сияқтылардың пәлсапасы. Сендер ар-намыс тұрыпты, туған елді, барлық қазына-байлығымен қоса сатып жібердіңдер. Бірақ құнын білмей, тым арзанға. Әйтсе де ұпайларың түгел. Ертең жауабы да толық болады. Бұ дүниеде қайтпаса, о дүниеде. Ғарасат жоқ болса, жер бетінде қалған ұрпақ алдында.
– Сен түзелмейді екенсің, – деді Марат кеудесін кере дем алып, менен біржола күдер үзіп. – Маған сенің шимай-шатпағыңның түкке керегі жоқ. Тұрмысың жеңілдесін деп, жаным ашып...
– Өзіңе жаның ашысын, – дедім мен. – Қалай бұзылғансың. Шынында да, сені осындай сұмдыққа жеткізген есепшіл арамдықтың әуелгі бастауы менен шықты деп ойлаудың өзі азап мына мен үшін. Осы қалпымда жарты денем шіріп кеткендей, немесе белшемнен нәжіске батқандай тіксініп тұрмын. Енді менің көзге қораш болса да, көңілге таза, бейбіт пәтерімді арам денеңмен былғамай, тезірек кет.
– Мен кетем, – деді Марат орнынан тұрып. – Ал сен қандай жағдайда, қалай тұрғаныңды білемісің? Зиялы шіркін, тұрмыстан қажып, дүниеден түңілгенің сондай, қалыпты иба, әдептің ең соңғы жұқанасынан айрылыпсың. Ақыл-түйсігің де орнында емес. Қазақ атаң түн жамылып келген құдайы қонақты қашан үйінен қуып еді? Жай ғана қонақ емес, бірге туған бауырдан да жақын, етене жармақ екенімді біле тұра, жаудан бетер жиырыласың. Менің не жазық, не кінәм бар сенің алдыңда? Сен түгілі, таныс, бейтаныс бүкіл жұрт алдында? Кімнің қорасына түсіп, қолындағысын тартып алыппын? Иә, мен баймын. Бұрынғы, бәрін басып ұстап отырған өкіметің тырапай асып құлады, иен қалған, иесіз қалған боқтышақты мен алмасам, басқа біреу алатын еді. Керек десеңіз, жиырма бес жылдық адал еңбегімнің өтемі. Екінші біреу еселі сыбағадан сырт қалса, тағы өзі жазықты. Шындық сол. Енді бар пәлені маған аударып тастамақсың. Иә, мен рақымсыз қаталмын. Мені қатал қылған – заман, орта. Зұлым дейсің, залым дейсің, бұлағай заман, былыққан қоғамда басқаша өмір сүру мүмкін бе? Мына сен мейірбандықтан не таптың? İзгіліктен не ұттың? Аңқау, адалдығыңмен қай ұшпаққа шықтың? Енді жердің үстін астына түсірген, қазақтың бар қазына-байлығын жат қолына өткізген, тек арамнан ғана мал жиып, зорлықпен ғана мансапқа жеткен мың сан жалмауыздың ішінен ғұмыр бойы бейнет астында тірнектеп тіршілік жасап, өзіне тиесілі үлесін ғана алған мені – өткендегі өзің, бүгінгі кіндіктес сыңардан жақын жармағыңды көре қалыпсың. Сүйініш емес, қайғы тауып отырсың. Қаншама ауыр сөз айттың. Көлденеңнің бетіме тіке қарағанын көтере алмайтын маған. Сен білесің бе, басқаны қойғанда, манағы он ауыз сөзіңнің біреуі үшін ғана көзіңді құртып жібере алатынымды? Оп-оңай жоқ қылатынымды. Кез келген уақытта. Ешқандай ерекше оқиғасыз. Мәселен, енді үш күннен соң мына жаман люстраның берік, темір ілгегіне, мықты кендір жіпке асылып тұрсаң. Ауыр тұрмыс, тұйық тығырық. Басқа амал қалмаған. Немесе, ертеңіне, көшеде, бейуақта қасыңнан өте берген әлдебір бұзақы бала қақ жүректен біз тығып алса... кім біледі, кім табады? Көрдің бе, қалай тартсам да, сенің тағдырың менің қолымда.
– Керісінше, – дедім, барлық лоқы, доңайбатын сабырмен, үнсіз тыңдап болған соң. – Керісінше, сенің тағдырың менің қолымда. Мен емес, сен тәуелдісің. Сондықтан де келіп отырсың. Рас, тіршіліктегі тағдырымыз екі айрылған. Бірақ тумысымыз бір екені анық болса, ажалымыз да ажырамас бірлікте. Өмір жіптігі ортақ. Оны өзің де білесің, мана аңғартып қалдың. Ерте ме, кеш пе, екеуіміз бір күнде, бір сәтте өлуіміз хақ. Сенің рақымсыз жендетің мені мойнымнан қылқындыра іліп, төбеге тартқан шақта, әлдебір алыс қалада, сәнді сарайда, масаттанып, рақаттанып, өз бетімен отырған сенің де кеңірдегің кептеліп, тынысың бітіп, тұншығып өлесің. Сенің жалдамалы бұзығың, немесе бұзық келбетіне түскен қылмыскерің қасымнан өте бере, көкірегіме біз тыққан сәтте, ай даладағы сенің де жүрегіңе қан толып, тіл тартпай кетесің! Мен өз бетіммен аштан өлсем, сен артық жеген тамақтан уланып, немесе күпті болып өлесің. Өзіме өзім қол салуым мүмкіндігін айтпағанда. Міне, көрдің бе, менің емес, сенің өмірің кісі қолында. Бар тірлігің маған тіреліп тұр. Әйтпесе, осыдан әлдеқашан бұрын жаңа шет-жағасын айтқан жоспарыңды іске асыратын едің. Құдайдан қорыққаннан, немесе мені аяғаннан іркілген жоқсың. Мәселенің мән-жайын танып білген соң, өз қауіпсіздігіңді ойлап қана тоқтадың. Енді қалауыңды қорқытып алмақсың. Сен емес, мен қорқытуым керек. Күш сенде емес, менде!..
Марат әлде сөзіме, әлде өзіме таң қалғандай, аңыра қарап тұрып қалды. Содан соң қарқылдап күлген. Ауыр қол, қайратты алақанымен солқ еткізіп, иығымнан қақты.
– Аналитик ғалым болғаныңның бір пайдасын көрдің, – деді сүйкімсіз ыржиып. – Кел, төс қағысайық. Ендігі жерде жұбымыз ажырамай, ынтымақ, бірлікте болайық деген кім? Әйткенмен, – деді маңдайын тыжырып, бетін сипалап, – манадан бері өзімді өзім толық танымай отырыппын. Бәлкім, сені сынағым келген шығар...
28
– Екеуіміздің бірге жаралғанымыз рас, – деді. – Сірә, бірге өлуіміз де ғажап емес. Әйткенмен, күмәнім бар. Бәлкім, сенің өмір жіптігің менде шығар. Яғни, сен қайда кетсең де, мен орнымда қалам.
– Кеткен – сен, қалған – мен, – дедім. – Мен бөлініп шыққам жоқ, сен бөліндің. Өмір жіптігі менде қалуға тиіс. Яғни мен дербес тіршілік жасай берем. Мен өлген күні сен де...
Марат ойлана, шүбәлана қарап, бөгеліп қалды.
– Жіптіктің ұштығын қоя тұрайық, – дедім мен. – Қайткенде де, бүтіннің жармағы – өзара тәуелді. Айттым, бірге туғанымыз рас болса, бірге өлмегіміз де күмәнсіз.
– Солай шығар... – деді Марат. Керіле созылып, өтірік есінеді. – Бірақ неге? Бөлінген – қайта бірікпесе...
– Сол бір азапты түн, сын сағатта, ерікті ме, еріксіз бе, өтпелі тәніміз біржола бөлінгенімен, ғазиз жан уақытша ғана айрылған. Жарық дүниеге жалқы болып келді, сол жалқы, жалғыз қалпында оралуға тиіс. Ең соңғы мезет, тәсілім сәтінде қайта табысамыз. Алланың әуелгі есебінде, мейлі Мұрат де, мейлі Марат де, қалай атасаң да, екеу емес, бір-ақ кісі бар. Жаман болар, жақсы болар, жер бетінде ғайыптан шыққан, есептен тыс адам жоқ. Туғанда жалқы едік, өлгенде де жалғыз болып шығамыз.
– Иә... – деді Марат ойға батып. – Мен құдайға сенбесем де, тіршілік, табиғат заңын мойындаймын. Анада... ғылым жөнімен, ескілікті бір дәрігерден кеңес алдым. Сен келіп кеткен соң. Кіндігі бір егіздер турасында. Бірге өлмесе де, кейде бірге ауырып, бірдей сезінеді екен. Екеуі екі қиырда жүргеннің өзінде. Ал біз... егіздің сыңарынан да жақынбыз ғой.
– Алыспыз, – дедім мен. – Бірдей сезініп, бірге ауыра алмаймыз. Бірліктен – қарама-қайшылық басым. Қақ айрылғанда... жақсылы-жаманды деп айтпайын, бір бас, бір жүректен бастау алған, өзара айырмасы бар екі-дай мінез, екі-дай таным, екі-ұшты мақсат... теңдей бөлінбей, қақ жарылып, әрқайсысы өз тарабына тартқан. Біреуге анау, біреуге мынау, біреуге азы, біреуге көбі кеткен. Яғни, екеуіміз – қарама-қайшы қалыптағы екі адам – керек десеңіз, өзара дұшпан болуға тиіспіз. Сені менімен қайта жүздестіріп отырған – риясыз көңіл емес, амалсыз қажеттілік.
– Мені жек көресің, – деді Марат. Мен де... қанша елемейін десем де, өте жайсыз жағдайға түстім. Өте өкінішті жағдай. Баяғыда менен бөлініп қалмай, бірге кетуің керек еді. Әуелде солай шештік қой. Аяқ астынан қобалжып, бұзылып... Енді өткен іске шара жоқ. Жек көрсек те, жақсы көрсек те мәмлеге келуіміз керек. Жаңағы... жармақ атаулының өзара өштігі туралы сөз... сірә, жалған лақап. Қарама-қайшылық бір кісінің бойында тұрса... өзін-өзі қалай жек көрмек. Біздегі бар айырма – сол ерекше сыпаттардың ажырап, бөлінуі ғана. Қайткенде де жаттық – біздің жолымыз емес. Өзімізге өзіміз орынсыз қиындық туғызудың қажеті қанша. Діңіміз ортақ, өзегіміз бір екені анық қой. Мен, тілесем де, тілемесем де, өзім тұрыпты, өзге, көлденең жұрт көзінде сенің есім, елесіңнен қашсам құтыла алмаймын. Бірге туған бауыр екеніңе ешкім де күмәнданбайды. Және менің төңірегімдегі барлық жұрт өз көзімен көрді. Сондықтан сені жатырқай алмаймын. Және жұрттан ұят, менің жақыным болғандықтан, сен жоқшылықта жүруге, таршылықта қалуға тиіс емессің.
– Мені сатып алғың келгені сол екен ғой?..
– Екі есеп, бір қисап, – деді Марат шімірікпестен. – Туыстық көмектің сені ештеңеге міндеттемейтін оңай жолын ұсынып едім. Саған да жақсы, маған да жақсы. Оны қабыл көрмедің. Жарайды, мен тым зәру емеспін, пәленбай ғалым деген дабыраға. Ақшаң жетсе, атақ шығарудың амалы көп.
– Сен арам ақшаңды көлденең тарта берме, – дедім мен.
– Адал ақша. Арам болса да ешкімнің дауы жоқ. Өрекпи бермей, сөз тыңдасаңшы.
– Айт енді, арманыңды түгесіп.
– Мен сені қайта көріп, риясыз әңгімелеспек ем, жас кезімдегі тұрпатымды жаңадан танығандай болып тұрмын. Енді... тағдыр солай жазыпты. Сен мені қалай кінәласаң да, менің саған өкпе, аразым жоқ. Әйтпесе, келмес те едім. Енді, келген соң, көрген соң, өткен мен кеткенді түгел саралап отырмын. Өкінішім де жоқ емес. Саған ғана емес, өзіме де... жаным ашиды. Мына мен де, сенімен бірге жүрген кезімде... ғылым жолын аңсап едім ғой. Бәрі басқаша шықты. Мен үшін. Ал сен сондағы үлкен мақсат жолында әлі де талмай еңбек етіп жатырсың. Үй-жағдайыңа, тұрмыс талқысына қарамастан. Сол үлкен шаруаны межелі жерге жеткізу керек. Сенің арманың – менің арманым. Сен жетсең, менің де жеткенім. Бірақ бұл қалпыңда бір күні үзіліп кетуің ғажап емес. Талассыз нәрсе, өнімді жұмыс жасау үшін қолайлы жағдай керек. Үй-жай, ас-су, бағым-күтім дегендей. Күнделікті тіршілікке қатысты тағы қаншама игіліктер. Осының бәрі қолдағы нәрсе. Менің қолымдағы. Саған тиесілі.
– Жөн-ақ, – дедім, күдік пен кекесін аралас. – Яғни, манағы, саудаға өтпей қалған ақшаны маған тегін бересің...
– Дәл таптың, – деді Марат менің бет-жүзіме тіке қарап. – Тек қаражат қана емес. Қаражұман мен Мақанның да ауыздары жабылады. Ғылыми жұмысың тежеусіз, көлденең бөгесінсіз алға басады. Жүйкең қалыбына түсіп, денсаулығың күрт жақсарады. Өрісің кеңіп, өмірің ұзарады. Осының бәрі – сен жек көретін ақшаның арқасында. Менің емес, сенің ақшаң. Тиесілі сыбағаң. Және мен үшін емес, өзің үшін өмір сүресің, еңбек жасайсың. Бұдан артық не керек?
– Ештеңе де керек емес, – дедім. – Сенің есебіңнен ештеңе де керек емес, – дедім, сөзімді түзете нақтылап.
– Бала болма, – деді Марат зілсіз. – Мен сенен төлемін сұрап тұрғам жоқ қой. Бар төлемі – өзіңді өмірлік мақсатқа жеткізетін ғылыми нәтиже. Менің орындалмаған арманымды сен жүзеге асырасың. Несі теріс? Көңіліңде маған деген әлденендей күмән болса, бірлігімізді, туыстығымызды ұмыт, демеуші деген бар ғой қазір. Жағдайы келісті әлдебір алпауыт ай даладағы әншіге концерт ұйымдастырып береді, алашағы, берешегі жоқ әлдебір жазушының кітабын шығарады, әлдебір академиктің тойын өткізеді, ол аз болғандай, тарту дей ме, таралғы дей ме, рет-орайына қарай әркімге иномарка машина мінгізіп жатады. Менің сол меценат байлардан қай жерім кем? Әлгі машина мінген академик, кітабын тегін шығарған жазушы сенен артық па? Оның үстіне, қанша айтсам да мойындамай қойдың, саған тиесілі, еншілі қаражат. Мен сол бір түнде... мейлінше қаталдық жасаған сияқтымын. Ортақ қалыңдығымызды айтпаймын. Әуелден маған бұйырған екен. Басқа... Сенің бойыңдағы, мен асыл деп, артық деп білген бар қасиетті, оған қоса, енді ғана аңдадым, жігер мен қайратыңның ең қажырлы бөлігін... тартып алып кетіппін. Жарайды, мұның бәрі санасыз түрде, менің еркімнен тыс ілесіп кеткен игіліктер екен. Мен сенің қалтаңдағы ең соңғы тиыныңды, үстіңдегі жалғыз костюм, жарамды көйлегіңе дейін сыпырып әкеттім, панасыз, қорғансыз, дәрменсіз қалыпта ескі жұртта жалғыз қалдырдым ғой. Менің бар сияпатымды соншама зорлықтың азғана өтеуі деп біл...
Балжаннан айрылған, барымнан айрылған сол бір азапты, қиын күндер ойыма қайта оралды. Көңілім бұзылып, үнсіз отырып қалған екем.
– Тағдыр кеш те болса, қайта табыстырды, – деді Марат. – Ендігі өкпе-аразға орын жоқ.
Оң қолын маған соза беріп, оқыс бөгелді де, пенжегінің төс қалтасынан әлде қағаз, әлде құжат, бір бума алып шықты. Алақанымен салмақтай басып, стол үстіне қойды. Қолын тартқанда көрдім, тығыз қатталған, ортасынан белдеулей оралып, әлдебір банк таңбасы басылған жасыл қағаз. Доллар. Он мың. Марат екінші, сол қолын келесі төс қалтасына тығып, тағы бір бума шығарды. Текшелеп, әуелгі кесектің үстіне қойды. Тағы он. Екі бума – тура жиырма мың...
Мен басында таңырқап, содан соң әлде тіксініп, әлде осыншама ақшаның мысы басып, құныса бақырайған қалпымда отырып қалсам керек.
– Бұл – алғашқы, оңтайлы қажетіңе, – деді Марат алақанын уқалап. Тағы да ұмсына бере, қолын кері тартты. – Тек, айналайын бауырым, бала қораз құсап, өнімсіз төбелеске ұмтыла берме. Саған керегі – ғылыми жаңалыққа құрылған толымды монография ғой. Ештеңеге алаңдамай, жұмысыңды жаса. Мұндағы тіршілік-жайың тұрыпты, сырттағы бар шаруаңды маған тапсыр. – Жеңіл күрсініп, азғана бөгелді. – Тек бір тілек... Екеуіміз қайтара кездеспей-ақ қояйық. Ауыр болар. Тіпті, телефондасып сөйлеспейік. Кеңеспейік, ақылдаспайық. Және біріміздің ісімізге екіншіміз қол сұқпайық. Араздасып қалармыз. Біздің жағдайда алыстан сыйласқан жақсы. Бірақ хабарсыз қалмаймыз. Міне, визитка, менің көмекшімнің. Тікелей кеңсе телефоны, қалта телефоны. Бірақ көбіне өзі хабарласар. Ара-тұра, айрықша керексіп жатсаң... әрине, өзің соғасың. Аспандағы ай... – Марат мекірене күлді, – менің екі қатынымнан басқа бар қажетіңді орнына келтіреді...
Менің жауабымды күтпестен, теріс айналды да, нық басып шығып кетті.
Бұл кезде аппақ болып таң да атқан екен.
29
Сол күннен бастап, менің тұрмыс-тіршілігім өзгеріп, бар өмірім жаңа бір арнаға түсті. Қуатым қабындап,өзіме деген сенім кеудеме сыймай тұрғандай. Әуелі Академкітап дүкеніне барып, тоталитарлық тәртіп құрдымға кеткеннен бері шын еркіндік тапқан орыс ғалымдары дайындап шығарған, сапалы қағаз, қымбат мұқабалы, кесек-кесек, том-том, әлемдік тарих пен қоғамдық ой, әдебиет пен философия тарабындағы, Ресей мемлекеті, Ұлы Дала, Мұсылман дүниесіне қатысты құнды кітаптарды қабатымен, тобымен сатып алдым. Содан соң бар шоқпытымды бүтіндеп, шыттай киіндім. Тесік шұлық, шоңқиған туфли, жыртық дамбал – көнетоз костюм, мыжырайған қалпақ, салпиған пальтомен бірге қоқысқа тоғытылды. Сапалы, қымбат киім-кешек, кеудеше, аяқ киім, бұт киімдерді айтпағанда, әдепкі күнделікті костюмнің өзінің төртеу-бесеуін қатарынан алыппын.
Әуелде қайырдан түскен көлденең қаражатты қажетіме жаратуға дәтім бармады, әлде ұрлық жасағандай, әлде пара жегендей ыңғайсызданып, қоңылтақсып едім, қажетті, қолға түспес кітаптардан бастап, аз-маз ауызданған соң, арада апта өтпей үйрендім. Қайткенде де адал ақша. Екінші жармағым тапқан, яғни өзіме өзім сыйлаған еншілі сыбағам. Және тек қана игілікке жаратам ғой. Әрі тым көп те қаражат емес. İлкіде көл-дария боп көрінген қос бума шетінен жеміріле бастағанда, онның бірі кетпей-ақ аз көрінген. Бұлай шаша берсем, шашып емес, қажетімнің өзін ірікпесем, жарым жыл өтпей сарқылады екен. Тағы да баяғы кедейшілік. Әуелгі кебіме қайта оралу сұмдық апат көрінді. Енді жағдайды пайдаланып, осы бар кезімде, әбігерден туған еріксіз демалысымды үзіп, жұмысқа қаптал отыру керек екен. Әзірге жеткен жерімді байыптап, қолдағы барды қайта қарасам, мойындағы жұмыс әлі де бірталай көрінді. Темір тор қираған соң көкжиек өлшеусіз кеңіген, тарихымызға қажет қаншама жаңа дерек, тың зерттеулердің беті ашылған. Тіпті, ежелден бардың өзін жаңаша байыптау қажет. Бұрынғыдай жан-жағыңа жалтақтамай, кімнің қыбын табам деп қорғаламай.
Жастық арманыммен қайта табысқандай, ескілікке көмілдім де кеттім. "Тәуелсіздік деген осы!" – деймін, соны байлам, тың пікірлерімді жапырақ қағазға жеке тезистер түрінде таңбалаған сайын, көкірегімді кере масаттанып. Кенет... бұл тәуелсіздік келер-келместен, бұрынғы тар заман тозақы заманға айналғаны, бейбіт, тыныш күнде, небәрі екі-үш жылда ел-жұртыңның жаппай тозып кеткені... менің өзім арып-аршып, жан төзгісіз жағдайға ұшырап... ғайыптан оңалғаныма анық бір ай өтпегені... есіме түсіп, өзімнің екі-дай жағдайыма таңырқай қараймын. Неге аяқ астынан өзгере қалды – заман емес, менің жармағым? Әлде тереңнен тартқан басқа бір мақсаты бар ма? Таразыға салсам, құр күмән көрінеді. Менің игілігім – яғни екеуіміздің ортақ, ортақ емес, іліктес өміріміздің оңды болғанынан басқа ниеті жоқ сияқты.
Тегеурінді әрі тыңғылықты жұмысқа кіріскеніме оншақты күн өтер-өтпесте, Ғылыми кітапханадан кештете шығып, жадау пәтеріме келсем, тар кухнядағы жалаңаш тамақ-стол үстінде үлкен, қалың конверт жатыр екен. Қайдан келгені белгісіз, шығасы, кіресі адресі жоқ. Бірақ маған арналса керек. Ең кереметі – мен қолыма мол ақша түскеннен соң жаңадан салдырған темір есігім, және қабаттаған қос құлып бөгесін болмаған, оп-оңай ашқан, кірген, қойған. Яғни, мен бармын ба, жоқпын ба, кез келген уақытта, тіпті, түнгі ұйқы үстінде еркін кіреді және ойына келгенін істей алады деген сөз... Қалай қорықпассың. Алдымен қолыма ілінген оқтауды ала салып, төрге озып, столдың астын, шипәнердің ішін, диванның артын тексеріп шықтым. Иә, содан соң қайта оралып, туалет-ваннаны. Ешкім жоқ, ештеңе орнынан қозғалмаған. Табақтай пакет көктен түскендей. Буынымды бекітіп тұрып қолыма алдым. Әуелде қас па, дос па, қайткенде де мені шырмап алған жармағым мойынға артар әлденендей бұлтартпас шарт... әлде басқадай талап қойып отыр ма деген қауіп, содан соң... үрей – менде мол ақша барын білген қарақшы рэкет... барымды түгел талап етеді... – екі-дай сезім үстінде, шетінен жыртуға батпай, қайшымен қиып, қолым қалтырамаса да, елбірей толқып, әзер аштым. Әуелі – бір жапырақ қағаз, қақ ортасында – компьютермен терілген, қолтаңбасыз, шағын хабарлама.
"Қаражатым сарқылып қалады деп қорықпа. Өзіңнен басқа ешкімге де керегі жоқ ғылыми жұмысыңда зорығып кетпе. Денсаулығыңды күт, іш, же, ойнап-күл... Мынау – Бас банктің "Алтын кәртішкесі" – арнайы есепшотың. Және соған сәйкес қажетті құжаттар. Тағысы тағы болады. Өзің."
Яғни өзіме өзім сыйлағам. Ең бай, ең беделді банктегі тиесілі ақша көзі. Сыбағалы үлесім ғой... Масаттанып, маңызданып, асықпай отырып, мұздатқыштан алып, бір стақан лимонды су іштім. Ентігімді басып, тынысым түзелген соң, тиесілі үлкен пакетке оң қолымды молынан салдым. Әуелі – қаражат куәлігі – бетіне алтынды бедермен менің аты-жөнім, есепшот номері жазылған, банк деректері таңбаланған, визит кәртішкесінің үлкендігіндей ғана бір жапырақ теміршек, жоқ, әлумен әлде күміс... "Алтын" атанғанымен, сырты ғана жылтырайды, күміс емес, кәдімгі пластик болуы да – қайткенде де мол қазынаның сиқырлы кілті. Оны алып бір қойдық. Келесі – үлкен пакет ішіндегі кіші конверт. "Алтын кәртішкенің" өзім ғана білуге тиіс құпия коды екен. Одан әрі... толып жатқан қосымша, көмекші жапырақтар, анықтама құжаттар. Оқып отырып, өзім де қайран қалдым. Қолыма берілген кәртішкенің құдыретін тани түскендеймін. Жай ғана ақшалы кілт емес, баяғы Аладдиннің қырық қарақшыдан олжалаған сиқырлы шамымен парапар. Банктің есігі ашық – қалауыңша аласың. Жол жүре қалсаң, өз елің тұрыпты, жер әлемнің шалғай түкпіріндегі ақша қоймалары түгел қызметіңде. Париж бе, Стамбұл мен Лондон ба – ертегілік елдегі кез келген байтақ шаһар, таңдаулы отельдер дайын. Ауырсаң, сырқасаң, ем-дом тегін, ең ақыры, ажал жетіп, кездейсоқта өле қалсаң, мәйітіңді үлестегі ақшадан бөлек, сырт қамсыздандыру есебінен, туған еліңе әспеттеп жеткізіп береді... Өлмей-ақ қой, тіршілігіңде бар қызыққа кенелесің. Енді кергімегенде қайтерсің. Асып-таспас не жөнің бар. Сырдың суы тұрыпты, мұхиттың суы тобығыңнан келмейді. Көңілімнің шалқығаны сондай, ас батпай, кешкі тамағым – жолдағы кулинар дүкеннен, жүрек жалғау үшін ала салған самса мен құймақ жеусіз қалды.
Ертеңіне, әдепкідей байыздап отыра алмай, Ғылыми кітапханадан күн еңкеймей шықсам, сыртта баяғы... Бас көмекші, әлде Бас менеджер, әлде орындаушы директор ма, ит біліпті, әйтеуір Мәкеңнің ең сенімді көмекшісі, ескі таныс көлденеңдеп тұр. Анада сияпатынан жаңылмаса да, кеуделі, еркін еді, енді мен жоғары, ол төменшік. Өзінің орнына сәйкес, ізет, ибамен сәлемдесті.
– Сізді маңызды жұмысыңыздан қалдырып, мазалауға батпап едік, жақсы шықтыңыз, – деді шынымен қуанып. – Қазір бір жерге... қарсы болмасаңыз...
– Алыс па? – деп сұрадым. Қайткенде де көңілімде қатер бар.
– Тау жақ бетте. Ауасы таза, тамаша жер.
Көңілім онша орнықпаса да, байыз тапқандай болдым. Енді бас көмекші бөйтеңдеп, жорғалай жөнелді.
– Былай, былай... – дейді.
Сол кезде көшенің арғы бетінде, жолымды тосып, әлгі, бай-бағландар ғана мінетін, пәленбай деген, кіші-гірім вагонға жақын, "Бірдеңе-паджеро" ма, "Сірдеңе-круз", әлде "...круиз" бе, арыс-алып машинаға көзім түсті. Келдік.
– Артқа отырасыз ба, алға отырасыз ба? – деді, екі есікті қатарынан ашып. – Шеф артқа отыратын, оң жақтан.
– Бастықтың меншікті орнына жабыспайын, – дедім. – Алға отырам.
– Ол кісінікі басқа, бұдан гөрі тәуірірек машина, – деді Көмекші күліп. –Мейліңіз. Бірақ сіздікі де жөн.
Мен ойлағандай ұзамадық. Тым алысқа ұзамадық. Қаланың түстік-шығысына, тауға қарай өрлейтін кең даңғылды бойлай келе, солға бұрылып, жасыл беткейде жаңадан өсіп шыққан, еуропалық үлгідегі, биік, сәнді ғимараттың алдына тоқтадық. Бауырыммен, бауырым емес, жармағыммен оңаша үйде кездесетін болдық. Тағы не айтар екен. Сірә, жаңа шарт... Кіре беріс дәлізде күзетші. Нақтыласақ, қарулы сақшы. Есіктегі әйел, әлденендей қызмет, міндеті бар тағы біреулер. Байлар тұратын үйге тән, қалыпты жағдай. Жап-жаңа, тап-таза, шынылы, сұлу лифтімен жетінші қабатқа көтерілдік. Даланының өзі даладай. Бүтін бір қабатта жалғыз-ақ пәтер бар сияқты. Көмекші жанқалтасынан бір буда кілт алды да, ұзынды-қысқалы екі-үшеуін бірінен соң бірін салып, дыбыссыз бұрап жатыр, майлы құлыпты. Келер мезетте үлкен, қалың, болатты есік айқара ашылған.
– Оң аяғыңызбен, ағасы, – деді Көмекші маған жол беріп.
Оң аяғыммен аттадым. Сыңғыраған, өзгеше дәулетті, кең сарай. Дәлізінің өзі бір бөлмедей. Мен алға аттай бере бөгеліп қалдым.
– Біздің шеф... – деді Көмекші сәл-пәл мекіреніп, жеңіл әуезбен, маған қарап жымиып тұрып, – біздің шеф жеке коттеджден гөрі осындай, бар қызметі ішінде орналасқан, арнайы пәтерді жөн көрді. Сізге де ұнайтын шығар деп ойлаймын. Екі жүз қырық шаршы метр. Жеті бөлме, бөлек-салағын есептемегенде. Ғылыми жұмысыңызға қолайлы жағдай. Көлденең бөгесін, артық дабыр, у-шу жоқ. Төменгі, нөл және минус бірінші этажда қызмет жайлары.Қажетті тамақ, барлық керек-жарақ, – мына қоңырауды бассаңыз болды, радиотелефон, айтасыз, қалаған уақытыңызда қолма-қол жеткізіп береді. Енді төрге озыңыз. Бар шаруашылығыңызды көрсетейін. Ең жоғарғы және ең үлкен бөлме – кітапхана-кабинеттен бастайық. Елу... Елу сегіз шаршы метр. Мінекиіңіз. Төрт қабырға түгел сөре, әзірше толтыра алмадық, небәрі жеті мың томға тақау, сізге ең қажетті деген, қалғанын өзіңіз жабдықтайсыз ғой... Әзірше не бар десеңіз, біздің шеф сізге не керегін жақсы біледі ғой, арнайы тапсырыспен Москвадан, Санкт-Петербургтан, енді бірқатарын Алматы мен Ташкенттен алғызды. Міне, – деді мені жетелегендей алға шығарып. – Әуелі – бүкіл әлем әдебиеті. "Илиада", "Одиссея", "Маха...раджа"...
– "Махабхарата",– дедім.
– "Маха... Бхарата", "Рама..." – "Рамаянадан" бастап, Толстой, Бальзак, Достоевскийден өтіп, бүгінгі кім еді... әлгі, жұртты көп шулатқан, иә, міне Маркус...
– Маркес, – дедім.
– Маркес, қатарында тұрған – Кортасар, алдында тұрған – Борхеске дейінгі бүкіл әлем классикасы деп айтты. Бұрынғы даңқты ақсақалдар, бүгінгі дабыралы есімдерден қолға ілінбеген ешкім қалған жоқ. Бірталайы совет заманында тиым салынған, немесе шектелген, енді ғана жарыққа шыққан дүниелер болса керек. Джойс, Пруст, Кафка, Миллер... Бұл – көркем әдебиет. Терең ойдан шаршаған кезде ермек қылып, көңіл делбейтін. Ал мынау – анықтама кітаптар. Ескі "Совет энциклопедиясынан" атақты "Британникаға" дейін. Және "Қазақ энциклопедиясы". Баяғы, тәуір, алғашқы басылымы және соңғылары да түгел. "Жануарлар әлемі", "Өсімдіктер әлемі", "Өнер энциклопедиясы"... Енді... басыңызды ауырта беріп не қылайын, өзіңіз де көріп тұрсыз, анау – саясаттану, философия. Ежелгі грек ойшылдары, өзіміздің Фараби, Орта ғасырлардан бергі Еуропа ғұламалары, кейінгі Тойнби, Шпенглер, Рассел, Сартр, Ганди мен Неру. Бұрын қолға түспейтін, құбыжық деп көрсеткен Ницше, Шопенгауэр, Ламброзо, Фрейд. Блавацкая, Рерих...Бұл жағынан қапы кеткеніміз жоқ, ағасы. Барын түгел түсірдік. Әуелден хабарыңыз мол, әрине, бірақ қолда, көз алдыңызда тұрғанға не жетсін. Иә, айтпақшы, мына екі-үш сөре – ағылшын тілді әдебиет, әзірше орысқа аударылмаған: кешегі Черчилль, мемуар кітабы, сөздер мен толғамдар жинағы, содан, кейінгі Батыс ойшылдарына түсесіз – Ортега-и-Гассет, Фукуяма, Хантингтон, Валлерстайн дегендей...
– Бауырым, сенің өзің де әрнеден хабардар сияқтысың ғой, – дедім, кітапхана құрамына риза болып. – Керегін тауып, бәрін жабдықтаған өзің сияқтысың...
– Аға, бәрі де сол кісінің арқасы ғой, – деді Көмекші ашық әуезбен. – Мен, аға, тәуелсіздікке дейін филосифия институтында аспирант болғам, – деді тіке қарап, жанары жарт етіп. – Соның алдында, университетте оқып жүргенде дзю-доға қатысып, спорт мастері, қала чемпионы болғам. Өз тарабымнан сабақ алып, каратэге де машығып едім. Ақыры, білігім емес, білегім алып шықты қиын-қыстау заманнан. Әуелде шефтің – сіздің бауырыңыздың жеке оққағары болдым, содан соң адал еңбегіммен сенімге кіріп, бір саладағы атқарушы директор болдым. Шаруашылық қана емес, отбасына, жеке өзіне қатысты ең маңызды жұмыстар да әдетте мен арқылы жасалады. Анау – өзіңіз тойда көрген және көрмеген сақшы, оққағар атаулы түгелдей менің бұрынғы әріптестерім, кейінгі жолдастарым... Жарайды, аға, көп сөйлеп кеттім, – деді тартынып. – Сізді білгендіктен. Өзіңізді көрмесем де, "Академия хабаршысынан" есте қаларлық екі-үш мақалаңызды оқып едім. Шефпен алғаш танысқанда бірден ойладым. Әрине, сондай ағаңыз бар ғой деп, сұраусыз, артық сөз айтуға болмайды. Бүгін де... қазақшылап кетім ғой деймін. – Әуелгі салмақты, ұстамды кейпіне көшті. – Біздің шеф... универсал кісі ғой, іскер ғана емес, жомарт, кең, жарылқай да алады, талап ете де біледі, тумысынан лидер, жұртты ұйытып, төңірегіне топтай алады. Әлі көресіз. Жаңа күш алып келеді, бұл – басы ғана... Солай болуы заңды. Қазақтағы аталы әулеттің тұяғы... екенсіздер. Иә, аға. Енді, мына бір қабырға – тұтасымен өзіңіздің тарих, – деді төрт-бес қадам алға басып. – Карамзин, Ключевский... Бартольд, Бахрушин... Вернадский, Гумилев... Отан тарихына қатысты түпнұсқа зерттеулер көңілдегідей болмады, іздегеннің бәрі табылмады. Әйткенмен, – деді, – өзіңіздің қазіргі кітапханаңызда бар шығар, бірталай дүние. Содан соң, міне, – деді абажадай кабинеттің қақ төріне аяқ басып. – Сіздің жұмыс столыңыз, қатарындағы арнайы столда – компьютер, интернетке қосылған. Қазір дүниенің кеңіген заманы, қажетті ақпар, қалаған әдебиетіңізді іздеп табуға мүмкіндік мол. Осы интернет арқылы жалғасып, айрықша құнды, ділгір кітаптарыңызды сұрастырып, қолында бар кісілерден тиесілі бағасына сатып аласыз, кітаптың өзі болмаса, ксерокөшірмелерін алғызасыз, оның үстіне әлемдегі ең бай кітапханалармен хабарласуға мүмкіндігіңіз бар... Несіне айтып тұрмын, – деді содан соң ыңғайсыздана жымиып. – Өзіңіз де білетін жағдай.
30
Сөйтіп мен де аяқ астынан ірі байлардың қатарына қосылдым. Қаражат жөнінен алғанда, әрине, дәп солай емес, күнкөрістік демейін, одан гөрі тәуірірек, біршама молшылық, барақат жағдайға жеттім деуге болар, одан артығының керегі де жоқ, менің байлығым, шектеусіз ұшан байлығым – рухани өмір тарабында. Яғни, бар мұратымды бөгеліссіз жүзеге асыруға мүмкіндігім бар. Тек өмір жетсін, денсаулық болсын. Бірақ өмірді ұзартатын денсаулық та ақшаға қатысты көрінеді. Мен сыңғыраған, бәлкім қаңыраған, қайткенде де сән-салтанатты кең сарайдағы өзгеше жағдайыма үйреніп үлгерместен, жаңа өтініш түскен. Шынын айтқанда, жарлық есепті. Алматының қақ ортасындағы, бұрын партноменклатура және атаулы игі-жақсылар ғана қаралатын элиталық емханада толық тексеруден өтуім керек. Өттім. Толық тексерді. Мұрнымның ұшынан бақайымның басына дейін. Жүйке, жүрегімнен – асқазан, ащы шек, тоқ шегіме дейін және одан да әрмен. Сансыз сырқат тапқан. Әзірше асқынбапты, бірақ алдын алу керек. Тиесілі қорытындысын байыптап үлгермедім, сыртымнан бақылап отырған көреген қамқоршым, сірә өзі емес, уақыты жоқ, мені меңгеруге бөлінген кісілері қажетті шаралар жасаған. Шет елдерге аттануым керек екен. Әуелі Израиль. Жүректі жөндейді, бауырды тазартады. Төрт аптада бәрін оңдап берді. Содан соң Чехия, Карловы Вары – асқазан мен бүйрек. Бір айда тас шайнап, у ұрттайтын жағдайға жеткізді. Қалған-құтқан ұсақ-түйек кеселдер – тозған жүйке мен босаған буын, сықырлаған мойын мен үзілген омыртқа жол-жөнекей, өзінен өзі қалыпқа түсті. Тіпті, қос самайды қуалай ағарған шашымның өзі көгілдір тартып, қоңырлана бастады. Екі айдан астам сейіл-серуеннен соң Алматыға оралғанда, ең жақын тамыр-таныстарымның өзі әрең танығандай екем.
Ауылда, сыңғыраған, меншікті үйімде бар игілік басымда тұрғаны өз алдына, кеуде көтеріңкі, көңіл орнықты. Мұндай жағдайда өндіре жұмыс жасамаудың өзі обал еді. Бел шешіп, білек сыбанып дегендей, өлермен сеніммен қаптал кірістім. Бұрын күнделікті жұмыста екі-үш сағаттан соң қожырай бастайтын едім. Енді ертеден кешке дейін отырсам шаршамаймын. Тіпті, күн озып, түн ортасына тақағанда тынысым жаңадан ашылғандай көрінеді. Ертеңгі шаруаны ойлап, ұйқыға амалсыз жатасың. Күш-қуатым ғана артқан жоқ, қарымым да өлшеусіз ұзарған. Мол ақшаның арқасында әр тараптан жинақталған жаңа әдебиет қана емес. Бұрын атын ғана естіген, сыртынан ғана көрген компьютердің құдыретімен. О тоба, совет өкіметінің құламауы мүмкін емес екен. КГБ ең аяғы қарапайым жазу мәшіңкесінің өзін есепке алып отырды ғой. Мәселен, біздің Зерттеу орталығындағы ескі екі мәшіңкенің таңбасын жарты жылда бір рет түсіріп әкетеді. Қанаттас ғылыми институттар, әр қадамы бағым, бақылау астындағы газет, журнал редакциялары мен кітап баспалары тұрыпты, саясаттан, әдебиет пен мәдениеттен алыс, әрқилы саладағы барлық мекеме, шаруашылық және өндіріс орындарында осылай. Яғни, қалаулы өкімет, сүйікті компартияға қарсы насихат, ұран, үнқағаздар тарай қалса, қолма-қол шығу тегін анықтау үшін. Және қия бассаң ұсталасың деген ескерту. Күнбұрынғы тосқауыл. Міне, осындай өзгеше сақтық және қамсыздану шаралары. Ал біз атын ғана естіген қарапайым көшіргіш ксероксқа мүлде тыйым салынған. Есептен тыс әлдебір жымысқыдан шыққан, советке қарсы бір жапырақ қағазды әп-сәтте жүз дана етіп көбейтпес үшін. Енді қараңыз. Манағы жабайы мәшіңке мен тілсіз ксерокс империялық құрылым үшін өзгеше қатер болғанда, жер-дүниеге жалғас компьютер іске қосылса... үнқағаз таратпай-ақ, жалпы жұрттың көзі ашылып, советің тұрыпты, бүкіл социалистік жүйе қақырай сөгіліп, коммунистік идеологияның іргетасы әп-сәтте талқан болуы анық қой. Сондықтан жол берілмеген. Компьютерге жол берілмеді – қырағы, сақ, көреген советтер шар тарапта тоқырауға ұшырап, соғыс өндірісінен басқа барлық салада әлемнің артында қалып, ешкім итеріп құлатпай-ақ, өзі қазған көрге өзі түсті. Сол компьютер, совет өкіметі қорыққан, менің аспиранттық кезеңімде, кибирнетикалық жаңа технология дами бастаған жылдарда, осының бәрі буржуазиялық мистика деп жарияланған, енді ең аяғы мектеп оқушылары тұрыпты, балабақша бүлдіршіндері ойыншық құралына айналдырған компьютерге қол жеткен соң менің өрісім де өлшеусіз өскен. Бүкіл әлем даналығы, өткен-кеткен барлық дерек, мағлұмат, осы екі сүйем қорапшаның ішінде тұр. Менің құлашты кеңге сермегенім сондай, бүкіл ғылым мен мәдениеттің кеніш көзі – орыс тілінің өзі таршылық ете бастады. Аспирантурада басқа болмаса да, кандидаттық минимум тапсыру қажетімен әжептәуір игерген, бұдан кейінде қажетке жегілмеген соң мүлде көмескі тартқан ағылшынды жетілдірдім. Яғни Батысқа жол аштым. Маған қажетті деректемелері мол шағатай тілін әуелден еркін игерген едім, біз үшін жабық болған, негізі ортақ түрік тілі оңайға түсті, нәтижесінде, түрік оқымыстыларының біздің өткенімізге тікелей қатысты түбегейлі еңбектері мен ескілікті түпнұсқа мұралар әрі түрік тіліне қотарылған ортағасырлық араб, парсы негізді бүкіл тарихнамаға иек артуға мүмкіндік туды. Және ең ұтымды ахуал – мен жағдайым оңалған соң, бар істе сабыр тауып, ендігі жұмысты атүсті емес, түбегейлі түрде, тереңнен қазып, кеңінен қамтып, пәлен жыл, пәлен ай деген меже қоймай, мейлінше тиянақты түрде жасай бастадым. Бір сөзбен айтқанда, ғұмыр бойы елесі де көрінбеген жаңа бір жайлауға жетіп едім.
Бұл кезде ғылыми ортада мен жасап жатқан жұмыстың мән-мағнасы да басқа бір сапаға көшкендей көрінді. Немесе маған деген көзқарас. Бұрынғыдай, "ойдан тарих жасаушы зерттеушісымақ" емеспін, тіпті, "мемлекеттік төңкеріс ниетіндегі террористік ұйымға" да ешқандай қатынасым жоқтай. Зерттеу орталығымыздың орынбасар төрағасы, баяғы Алдабек Қаражұмановтың райынан таныдым. Енді ол емес, мен бастық сияқтымын. Жылы жүзбен көрісіп, ізетпен амандасады. Біраз уақыт жақындап, сөйлесуге де батпай жүрді. Ақыры бір күні, жұмыс соңы, бөлімде оңаша отыр едім, жылмия кіріп, жалпоштана сөз бастады.
– Мұрат Бейсенович, – деген. – Сіз маған әлі күнге өкпелеп жүрген сияқтысыз. Сондай ыңғайсыз. Менің жасым кіші ғой, алдыңыздан өтсем деп едім. Қайткенде де бір мекемеде, бір бағытта жұмыс жасап жатырмыз, дүрдараз болып жүргеніміз келіспейді...
– Сіз бен біздің ешқандай араздығымыз жоқ, – дедім. – Тек бағыт-бағдарымыз қарама-қайшы.
– Ол енді... өзіңіз де білесіз, ғылымда сондай таластар болады. Талас арқылы шындық шешіледі дейді ғой ұлы орыс халқы.
– Орысқа күмәнім жоқ, ал сіздің таласыңыз... – талас емес, нақты тарихи деректерді, көпе-көрнеу шындықты теріске шығармақ болған қарақасқа надандық. Ал сіздің қандас және рухтас туысыңыз Мүштар Мақанов бастаған жиырма сегіз батырдың парламенттік мәлімдемесі – баяғы 37-жылдың жаңғырығы.
Қаражұманов бейкүнә кейіпте, қан-сөлсіз арық, ақсұр беті тыржиып, зорлана күлді.
– Менің бөлем тарихшы емес қой...
– Жалақор болу үшін тарихшы болу шарт емес, – дедім мен кілт кесіп. – Өткен әңгіме, несіне қоздырып тұрсыз?
– Қоздырған – мен емес, өзіңіз, – деді Қаражұманов тағы да жымиып. – Мен тек, бір Орталықта жұмыс жасап жүрген соң, бірлікте болайық деп. Ал анау кісілер... менің қанша қатысым бар... Өз пікірі, өздерінің саясаты...
– Ондай пікірі бар саясатшылар басқарып отырған ел шын бақытсыз, – дедім мен. – Ал бірлік... Анадағы айқайдан соң қандай бірлік болуы мүмкін? Болады, әуелгі райыңыздан қайтып, сол байбалам-баспасөз бетінде менен кешірім сұрасаңыз...
– Түріңіз момақан, бірақ тым кекшіл екенсіз, – деді Қаражұманов бұл жолы езуін жиып. – Өтті – кетті. Ұмытпайтын, соншама не бар. Сол кісілерден, әлгі... қол қойған он бес оқымыстыны айтам, дәл бүгін сұрап көріңізші, ешқайсының есінде жоқ. Қол қойды – бітті. Анау депутаттар да солай. Күніне қаншама қағазды мақұлдап, қостап жатыр, соның қайсы бірін беліне түйіп қалыпты!
– Дәлел айғағыңыз бұлтартпастай орынды, – дедім мен, ызалансам да еріксіз күліп. – Болды ма енді?
– Болды, – деді Қаражұманов. – Мен өз тарапымнан ғана емес. Төрағамыздың тапсырма-тілегі. Ол кісі... сол кездің өзінде ренжіген. Тіпті, менен құтылмақ та болған. Бірақ Мүкең араласқан соң... Сізге айтқаным ғой, сыр етіп. Содан, сіз... сіз шет елде, саяхат, сапарда жүрген кезде Мәкең де арнайы келіп кетті. Сіздің бауырыңызды айтам. Біздің төрағаға. Ешқандай тілек, өтініш жоқ. Керісінше, біздің Зерттеу орталығымызға қатарынан жеті компьютер сыйлады. Біреуі міне, сіздің бөлмеге қойылды. Демеуші атаулы осындай болсын. Бәріміз де ризамыз. Сіздің айтуыңыз шығар, десе де, бүгінгі байлардың өзі әрқилы ғой. Бұл кісі, сырттай естігенде экономист, нарық маманы деп білуші едік, сонымен қатар, кезінде сіз сияқты ғылыми тарих жолына да құлаш ұрған екен ғой; сол бетімен біржола кетпей, шаруашылық, бизнес саласына көшкені қандай жақсы болған, – деді тісінің арасынан ысылдай күліп. – Қай тарихшы... бізге осындай көмек жасай алар еді...
Қаражұмановтың жағдайы түсінікті. Құлдық психология. Ал төраға... әрине, менің туысыма риза болды. Маған зияны тимесе де, пайдасы кем әрі-сәрі көзқарасы түзеледі. Мен – жақсы кісі. Ал менің бауырым... Кенет жүрегім суып кетті. Бұл сұмырай мен үшін ғана келмеген болар. Әйтпесе, әуелгі мамандығын ескертіп несі бар. Жағалап жүріп, қайтадан тарихқа оралмақ. Оралғанда... дайын дүниеге тік қасық... Бүгінде келісе алмады, енді тым құрса соавтор...
Қаражұманов жылмия күліп, әлі сөйлеп тұр. Зауқым жоқ, естігем жоқ. Бір құлағымнан еніп, екінші құлағымнан өтіп, қабырғаға сіңіп жатыр. Әйтеуір сазарып отырған қалпымда басымды изей берсем керек. Сірә, мен реніш атаулыдан бас тартып, татуласқан сияқтымыз. Әйтеуір ақырында ризашылықпен қол алыстық. Қаражұмановтың ең соңғы, шығаберіс сәттегі:
– Мұрат-еке, бүгінде бүкіл еліміздің мақтанышы, қазақ зиялыларының рухани көсемі танылып отырған Мүштар Мақанов бауырыңыз сізге үш қайтара сәлем айтып, өзінің құрмет, ықыласын білдіріп жатыр, – деген сөздері ғана есте қалыпты.
Сол күннен бастап тынышым кетті. Менің етене бауырым, бауырдан да жақын жармағым маған бар жағдайды жасағанда... жеке өмірін қамсыздандыру үшін ғана емес, қайткенде де өзіне бұйыруға тиіс зерттеу жұмыстарын жеріне жеткізбек. Содан соң бір амалын табады. Немесе, жаңа бір шарғы ойласа керек... Бірақ менен сол қағаздан тыс тағы қандай кіріс бар? Басым қатты. Ұйқы бұзылды, тәбетім қашты. Бар жұмысым тоқтап тұр.
Арада үш күн өткенде компьютеріме электронды хат түскен:
"Ұмытып кетіппін, өзің жоқта Тарихты зерттеу орталығына кіріп шыққам. Сенің қамың үшін. Тасбауыр шіркін, төңірегің құрмет тұтса, күнің тыныш болса, ғұмырың да ұзара түспей ме. Неден сезіктеніп, неден бұзылып жүрсің? Мендегі, өзің айтқан бар кінәраттың бастауы сенде екен ғой. Маған сенің ғылыми жұмысыңның түкке де керегі жоқ. Амандық-саулығың ғана керек. Ешқандай қауіп ойлама. Өзің."
31
Қаражұманов менің ең жақын жанашырым болып алды. Және жандайшап хабаршым. Мен жұмысқа әдетте түстен кейін барам. Зерттеу орталығындағы ғылыми қауым көбіне таңертең келеді де, түске таман тарап кетеді. Менің тілегенім де осы оңашалық. Бір есептен, тіркеулі жұмыс орныңдағы кесімді міндет. Екіншіден, кеше, алдыңғы күні таңбаға түскен қолжазбаңды басқа бір жағдайда, тағы бір тексерістен өткізесің. Кейде кеш қалған әріптестермен кәкір-шүкір әңгіме. Яғни демалыс, тыныс есепті. Қаражұманов мен оңаша отырғанда келеді. Мысықша басып, итше ыржиып. Мен – қожайын, ол – қызметші тәрізді. Бұрын кердең, кекірт көрінетін. Бүгінгісі әншейін ғана басыбайлы мінез емес. Менің қамқор бауырым осы пәленің де аузын алып кеткен тәрізді. Қайткенде де бар, кет дей алмадым. Қажетті көз бен құлақ. Соңғы жаңалықтар және тақаудағы болжамдар. Зерттеу орталығындағы. Бүкіл Академиялық ғылым жүйесіндегі. Осы қала, бүкіл елдегі. Яғни берідегі күйбең, күбір тұрыпты, арыдағы үлкен оқиғалар. Мәселен, кім әкімшілікке барады, кім сенаторлыққа өтеді, кім министр болады. Кім кетеді, қайда кетеді, неге кетеді. Кім өседі, қайдан, қалай өседі. Кім кіммен құда, жекжат, кім кіммен дос-жар, одақтас, жемтіктес. Қандай клан, топтардың қандай мүмкіндігі бар. Кімдер кімді және нені басқарып, нұсқап, бағыттап отыр. Өзге тұрыпты, елбасының көңіл күйі, денсаулық жағдайы, алдағы жоспар, жобалары. Бәрін біледі. Білмесе де білгендей көрінеді. Еркіндікке шыққаннан бері күнделікті баспасөз бетіне ара-тұра ғана қарайтын, радио тыңдамайтын, теледидар көрмейтін мен үшін. Әйтеуір әлдеқандай облыс әкімдерін, әлдебір министрлерді дұрыс орналастырғаннан бері, өзіме қатыссыз болса да, қызық көріп, үнсіз, жауапсыз құлақ түрем. Әуелде бұл жабысқақ таскенеден қалай құтылам деп ойлаушы едім, көңіл көтеру, уақыт өткізу үшін жарамсақ пен өсекші де керек көрінеді. Пайдасы болмаса да, зияны жоқ. Сөйтсем, ермек қана емес екен. Бәрін алдынала біліп отыратын, сымсыз, электронсыз, өзгеше ақпарат көзі. Бір күні аптығып келді. Келе сала қолымды алып, қыса сілкілеп, езуі дымдана сөйлеп тұр.
– Жөн-ақ, жөн-ақ, қайырлы болсын! – дейді. – Біздің Мүкең де мақұл көріп отыр. Қолдаймын, сөз өтер, ауыз жетер жерге түгел айтамын деп. Оның өзінің жағдайына күмән жоқ қой. Енді, Мүкеңнен соң Мәкең өтпегенде кім өтпек. Отырады ертең екеуі де қасқайып, парламенттің төрінде!..
Сөз мәнісі түсінікті болды. Менің жармағым парламент сайлауына түсіп жатыр. Немесе түспек. Айтқанындай, отырады ертең, мына Қаражұманов пен мен екеуіміз сияқты бал жаласып, әлгі Мүкең, яғни қаса надан Мүштар Мақановпен қатар. Айтпақшы, Мүкеңнің өзінің қайта өтуіне қандай... қайтадан сайлауға түсуіне қандай себеп бар?..
– Сайлау... сайлаудың уақыты жеткен жоқ сияқты еді ғой. Жаңа парламентімізге екі-ақ жыл...
– Пәлі, ағасы! Бұл дүниеден мүлде хабарсыз екенсіз ғой. Ол – енді жаңа парламент емес, ескі парламент. Тарап кеткеніне айдан асты емес пе. Тарады, немесе таратылды. Әйтеуір әлденеден Үлкен кісіге жақпай қалса керек. Содан соң өздері, депутаттарыңыздың өздері бірінен соң бірі мәлімдеме жасап, мінберді бермей, реформаға, жаңалыққа бөгесін болып отырмыз, тараймыз да тараймыз деп... ақыры, таратылып тарады. Ақымақ қой. Тарағанын айтпаймын, тараудан бұрынғы, қиғаш, тіпті қарсы кеткен кейбір әрекеті. Ендігі парламент ақылдырақ болады.
– Таң қаларлық жағдай... – дедім мен тосын хабарға шынымен таңырқап.
– Таңданатын ештеңе де жоқ. Демократия дегеніңіз осы. Енді сол, көзімізді құртайық деп, мінберден арқыраған ағайындар, бұрынғыдан да көрнекті болу үшін түгелдей қайта түспек. Атасының басы. Көбі өтпей қалады. Әрине, біздің Мүкеңнің жағдайы басқаша. Жаңадан, бірінші рет талап етіп отырған Мәкеңе де күмән жоқ.
– Сайлаушылар... – дедім, аузыма басқа сөз түспей, – сайлаушылар шешпей ме бар мәселені?..
– Ойбүу, ағасы!.. – деді Қаражұманов бір замандағы қазақ қатындарынша, сол қолының сұқ саусағымен бетін басып. – Ғылымнан басқа ештеңеден хабары жоқ шын данышпан сіз ғана! – Лекіте күліп алды. – Біздің сайлау деген – сыртқы көзге ғана. Әйтпесе, бәрі жоғарыдан шешіледі. Өткен үлкен науқанда да солай болған... солай жоспарланған. Алғашқы тәжірибе ғой. Нәтижесінде кейбір жерде тиесілі нұсқау аяқасты қалып, көлденең бір кісілер өтіп кетіпті. "Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" дегендей, ақыры мынау. Енді бәрі тап-тұйнақтай болады. Жоғарыдан түскен тізім бойынша. Жетпіс жеті депутатыңыз түгел. Өткендегі қате қайталанбайды. Бірақ енді, шынын айтсақ, Мәкеңнің жағдайы сәл-пәл күрделі. Төрт кісі түсіп отыр. Мәселе кісінің санында емес. Қалған үшеуі – жергілікті. Ал Мәкең енді... бөтен ғой. Жат жерлік.
– Жат жерлігі қалай! – дедім мен.
– Біздің облысқа Арқадан ауып келді емес пе? Арғын ғой!
Мен дымым бітіп, бақырайып отырып қалсам керек.
– Қорқатын ештеңе жоқ, – деді Қаражұманов мені жұбатып. – Арғын да қазақ. Оның үстіне, анық, үлкен тізімде болса керек... Өтеді, күмәніңіз болмасын.
– Сонда... – дедім, бауырымның "бөтендігі" туралы көкейде тұрған сауалды сыртқа шығарудың өзін ұят көріп, – Сонда... мәселен, сенің тізіміңе қарамастан, сайлаушылар түгел қарсы дауыс берсе...
– Біздің сайлаушы өкімет кімді қолдаса, соның жағында. Жақтамаса, сайлаушылар жақтамас, есеп комиссиясы жақтайды. Әуелгі кесім анық болса, соған орай шешім де анық...
– Түсінікті, – дедім мен. – Әйтсе де...
– Қайтсе де күмәнсіз, – деді Қаражұманов келтесінен түйіп.
32
Араға апта толмай, өткендегідей тым көтеріңкі емес, салбырамаса да, салыққан кейіпте келді. Дүниенің ауыр салмағы бір басында тұрғандай.
– Осы біздің өкіметіміз қызық, – деді. – Демократия деп даурығады, өздері бастап бұзады. Халықтың қалауы деген қайда. Міне, Мәркент сайлау округінде де мәселе ушыға бастаған сияқты. Күмәнсіз лидер – Мәкең еді ғой – Марат Қазыбеков. Әлі де алда. Бірақ жер астынан жік шығып... бір орыс – ескі партия қайраткерін тауып алыпты. Бұрын обкомның екінші хатшысы болған, соңғы қызметі – облыс әкімнің орынбасары. Сидоров, Петр Иванович. Сірә, әкімшіліктегі шаруасын түгендеп біткен, енді бар байлығын бекіту және ентігін басу үшін оза шауып, жұмысы жоқ, жаны тыныш жерде шалжиып отырмақ. Оның үстіне, сорға қарай, жалғыз орысқа қарсы – төрт қазақ...
– Қалайша... сор болады? – дедім мен таң қалып.
– Тағы бір орыс, тым құрса өзбек тауып алу керек еді, – деді Қаражұманов шынымен күйініп. – Жігіттер білмейді ғой істің мәнісін...
– Не мәніс? – деппін сол аңырған қалпымда. – Жалғыз орыс төрт қазақты...
– Кілтипан сонда болып тұр ғой, – деді Қаражұманов енді маған таңырқай қарап. – Тіпті, ешқандай тізімсіз-ақ... Дауысқа түскенде азғана орыс түгелдей туысын жақтайды. Бір деп қойыңыз. Ұзын саны әжептәуір өзбек, олар да... қазаққа қарсы дауыс береді, яғни орысқа. Екі деп қойыңыз. Үшіншіден – қалған, бүкіл электораттың жетпіс пайызын құрайтын қазақтың дауысы жаңағы төртеуге теңдей бөлінгенде... он бес пе, жиырма ма? Асса отыз ғана тиеді қазаққа. Орысың орғи секіріп өтті дей бер.
– Есеп комиссиясы не бітіреді? – деппін, қаным қызып, манағы өзім теріс көрген жаман талды қарманып.
– Есеп комиссиясы? Жетпесе, жеткізіп жібереді. Сол үшін отыр. Жоғарыдан түскен нұсқау. Әрі бізде ұлтаралық татулық сақталуы керек...
– Қазақтың есебінен... – дедім мен.
– Онсыз да есебіміз түгел емес пе, – деді Қаражұманов. – Шылғи қазақ отырған жерден орыс өтсе, бұл – біздегі ұлтаралық татулықтың айқын мысалы болар еді дейді біздің Мүкең. Ал Мәкең... әлі белгісіз нәрсе. Оның үстіне, Сидоровтың босаған орнына барады деген қауесет шықты. Анығы да сол болар. Тіпті жақсы емес пе. Нағыз майлы шелпек. – Қаражұманов қарқылдап тұрып күлді. Өзімсіне арқаға қақты мені.
Бірақ мен күле алмадым. Туысым үшін бе, туғандарын кері тартқан қазақ үшін бе, соншама жайсыз күйге түсіппін.
33
Қазақ тілді, орыс тілді баспасөзді жіті қадағалауға көштім. Басқа емес, алдағы парламент сайлауы. Жармағыма қатысты жағдайды біліп тұру үшін ғана емес, жаңа елдегі жаңа сайлаудың мән-мағнасын аңдап, өткен тарихқа жалғас келешек күннің сұлбасын тану үшін. Үміткерлердің ұстанған платформалары керемет. Кім сайланса да, аталы ел мүлде түрленіп, бүкіл әлемнің алдына шығатын сияқты. Қасқыр да тоқ, қой да аман, бай мен кедейдің, халық пен биліктің айырымы жоқ, бәрі де жалпақ жұрт үшін. Біреу иен түкпірдегі ауылдарға даңғыл жол тартпақ, біреу өткелсіз өзенге берік көпір салмақ. Зейнеткерлер қақысын үш есе өсіріп, баспанасыз жұртты түгел үймен қамтамасыз етпек. Енді біреулер мұғалімдердің жағдайын көтермек, екіншілері дәрігерлердің жалақысын арттырмақ. Ауылдағы жұмыссыздықты жойып, қаладағы пәтер ақысын кемітпек. Айтпақшы, біздің ауданнан түскен депутат, әзірше депутаттыққа кандидат, баяғы атомдық сынақтар кезінде мың жылға уланған, тіршілік үшін жарамсыз ғана емес, қатерлі болып қалған, Еуропаның орташа бір мемлекеті еркін сиярдай кеңбайтақ жерді түгел дезактивация жасаймын, термоядролық жарылыс зардабынан біржола тазартып, бұдан қырық жыл бұрын көшкен елді ежелгі мекеніне қайта қондырам деген уәде беріпті. Ал өзіміз тұрған Алматыдан түскен бір үміткер, әлде инженер, әлде кәсіпкер, әйтеуір есебі түгел, ақыл-есі артық қара қазақ, егер мен депутат болып сайлана қалсам, православ христиандарға баяғы патша заманында салынған, қазір музей ғимараты болып тұрған Орталық шіркеуді қайтарып әперем, онымен тоқтамаймын, қаланың жаңа, әсем құрылысты, халқы мол бір аймағында одан да үлкен шіркеу саламын, онымен де шектелмей, жаратқанның ықыласы түскен таңдама халық, бүкіл Таяу Шығысты тепкіге көндіріп, Американың өзін ырқына жүргізіп отырса да, біз тарапта әлі де қысым, қағажу көріп келе жатқан ұлы жойыт халқының аз да болса мәз туысқан өкілдеріне сәулетті синагога тұрғызып берем депті. Иә. Қайсы бірін санап бітерсің. Айтылмаған уәде, орнатылмаған ұжмақ қалмапты. Тек ағашқа тоқаш өсірем, суды сүтке айналдырам деген серт қана болмапты. Содан соң, иә, ғылым мен мәдениет жоқ. Ешкім ауызға алмаған. Құлап, құрдымға кеткен саланы қайта көтеру мүмкін емесін ең өршіл үміткерлердің өзі мойындап отырғандай. Шынында да, дәл қазір біздің елде өзіңе ғана тән тарихың мен әдебиетің тұрыпты, жалпы адамзатқа ортақ, тіпті, күнделікті тіршілік үшін қажетті химия, физика, математика, ең аяғы медицина деген тәрізді ғылымдар кімге керек. Онсыз да арам тамақ, ауыр салмақ, азғана жалақымен болса да мемлекет мойнында отырған зиялы қауымнан не пайда. Хош. Жетіскен, жеткен жеріміз осы екен. Және біткен жеріміз. Әуелде өз туысымның жағдайын саралаудан басталған әуестік осындай теріс қорытынды, үмітсіз түңіліске бастап әкелген.
Туыс демекші, біздің Мәкеңнің сайлау бағдарламасы басқа жұртпен салыстырғанда тым жұпыны көрінген. Бірақ қисынсыз лепірме, түпсіз өтірік емес, нақты, өтімді, орындалуға мүмкін жағдаяттар. Мәселен, басқа үміткерлер сияқты біздің жармақ та өзі түсіп отырған аудан халқының әл-ауқатын арттырмақ. Қалай арттырмағы көрнекі айтылған. Жұртшылық үшін жаңа табыс көзі – қосымша жұмыс орындары ғана емес, өнімді, түсімді, бар қажеті өзінен табылатын жергілікті тері зауыты, ет, сүт тағамдары комбинаты, арзанқолды бірнеше қоғамдық асхана ашылмақ. Яғни жұртты да жарылқайды, өзінің бизнесін де көтереді. Қарымтасыз іс-шаралар де ұмыт қалмапты. Екі мектеп салады. Бірі – қазақша-орысша, бірі қазақша және ағылшынша. Бұл мектепке жаңадан тартылған мамандардың әуелгі үш жылғы бар шығынын, тұрғын үй-жайымен қоса, өзі көтеріп алмақ. Оқып отырып, ой, жөн-ақ, жарайсың деп риза болмасқа әддің жоқ. Сенің.
Ал халқың... Мәкеңді және басқаларды таразылап, дауыс беруші халқың хош көре қоймапты. Хош көрсе де түгел емес. Ақыры, білгір Қаражұманов айтқандай, орыс пен өзбектің отыз екі пайыз дауысын Сидоров алды. Қалған қазақ төртке бөлінді. Теңдей емес, әрине. Біреуге азырақ, біреуге көбірек. Тәуір деген Мәкең – жиырма тоғыз. Қалғандары тіпті төмен. Қалай айтсаңыз да біз озған сияқтымыз. Қазыбеков Сидоровпен қабаттасып, сайлаудың екінші сатысына жіберілді. Бір айдан соң өтпек қосымша сайлауда күмән жоқ сияқты көрінген. Өзінікі бар, өзгенікі бар, сыртта қалған алпыс, жетпіс пайыз түгелдей Мәкеңе тиесілі болуға керек еді. Бірақ бәрі басқаша шықты. Әлде жарлықты нұсқау ма, әлде шынымен-ақ солай ма, алпыс пайызды Сидоров алды. Нақтылап айтқанда, тура алпыс екі. Дау-дамайсыз, айқын басымдық. Сөйтіп, Арқадан ауған арғыннан Орынбордан өкіреңдеп келген орыстың бағы асты. Марат Бейсенұлы Қазыбеков өтпей қалды.
34
Мен қапаланып, қайғырмасам да, әжептәуір күйзелген сияқтымын. Тұтас бір апта үйреншікті жұмыстан қол үздім. Демалыс емес, ес жию үшін. Ал Мәкең... сайлау өте сала ұсынылған үлкен қызмет – облыс әкімінің орынбасары деген, білгір Қаражұмановтың сөзімен айтқанда, нағыз майлы шелпектен бас тартыпты. Араға жүрген өкілге: "Ықылас-пейіліңізге рақмет. Бірақ мен "Әжетханалар қауымдастығы" деп аталса да, тек бірінші басшының орнына ғана барам," – десе керек. Онымен тоқтамаған. Облыстық және республикалық баспасөз бетінде арнайы мәлімдеме жасайды. Мүлде басқа сарын, басқа мазмұндағы. Әуелі өзімен бәсекеге түскен Петр Иванович Сидоровты құттықтапты. Сайлау әділ өткен көрінеді. Елімізде берік орнап келе жатқан демократиялық үрдістің жарқын көрінісі. Парламентке өтпегенмен, өзін де үлкен жеңіске жеттім деп ойлайды. Отыз сегіз пайыз деген – аса қомақты көрсеткіш, есептеп келгенде, пәленбай мың адам. Бәріне де рақмет. Қарсы дауыс берген ағайындарға және өкпе жоқ. Кімді таңдау – әркімнің өз еркінде. Сайлаушылардың көзімен қарағанда жетіспей жатқан жақтарым болса, оның бәрі алдағы өмірде ескеріледі. Мен халқыма жасаған қызметімді одан әрі жалғастыра берем депті. Соның айқын бір көрінісі – кешегі, сайлауалды бағдарламасынан бас тартпайды. Қолында нақты тегершік болмағандықтан, түгелімен жүзеге асыра алмас, бірақ өзіме тікелей қатысты уәденің бәрінің үддесінен шығам депті. Бәлкім, артығымен. Кейбір, сайлау науқаны кезінде жүктелген аманаттармен қоса.
Ырғатылып отырмай, қолма-қол нақты іске кірісті. Қалай айтсаңыз да оза шапқан Сидоров депутаттық мандатын қолына алған күні, өзі өтпей қалған сайлау округінің ұйтқысы, аудан орталығы Мәркенттің азғана орыс отырған аймағында жаңа шіркеудің іргетасын қалаған. Қыс ортасында басталған шұғыл жұмыс жаз ортасынан аспай жеріне жетіп, бұрынғы, көзге қораш ескі шіркеудің келісті саябағында еңселі жаңа құрылыс бой көтерген. Яғни, уағдадан тыс жүзеге асқан шаруа. Айтылған сөз де ұмыт қалмапты. Сол жылы ерте көктемде өзбек ағайындар тығыз қоныстанған екі ауылда әрқайсысы сегіз жүз балалық екі мектептің құрылысы қатар басталған, және кезекті оқу жылының алғашқы күні бар шаруасы бітіп, есігін айқара ашқан. Бірі – өзбек-орыс мектебі, екіншісі – өзбек-ағылшын мектебі. Қазақ та құр қалған жоқ. Аудан түгілі, облыста жоқ, шағын тері зауыты іске қосылды. Ет комбинаты ашылды. Сүт комбинаты мен арзан асханалар ғана кейінге қалған.
Міне, біздің Мәкең өстіп, қазаққа ишара ғана жасап, оның есесіне орыс пен өзбектің көңілін тауып жатқан кезде өзін өткізген сайлаушыларға ат ізін салмаған, және бар уәдесін ұмытқан Сидоров Петр Ивановичтің арты қозғалған. Яғни, облыс әкімнің орынбасары болып отырған кезіндегі қылмысты істер. Асап жеген, ала берген, ананы қарпып, мынаны жалмап, бәрін бүлдірген, құртқан. Және басқалардай емес, бүркемесіз һәм қисынсыз жасаған. Тіпті, тікелей бастығын аттап кете береді екен. Жергілікті өлшеммен алғанның өзінде жеміт шықты. Сол, тұрғылықты тергеу орындарынан бастап көтерілген, облыс әкімі дем берген қылмысты іс ұлғая келе, мүлде ушықты. Көлденең жұрт жегені үшін емес, кезінде бөліс жайын ұмытқаннан, әйтпесе, оны астар қылмайтын алыптар да бар десіп жүрді. Бірақ кім туралы не айтылмайды. Негізгі себеп – сол Сидоров облысқа, енді бірінші ретінде оралмақ екен деп те соқты. Анасы да рас, мынасы да ықтимал деген, маған тиесілі ақпарын жеткізген Қаражұманов. Тым асып кетіп еді, ендігі жағдайы ауыр. Бірақ бұқаралық баспасөзден өтіп, елдің Бас прокурорының алдына жеткен мәселе жүзеге асуы үшін... күдікті қайраткерді ең алдымен ғұзырлы депутаттық мандаттан айыру керек. Бұрын біздің тәжірибеде болмаған жағдай. Және бір басталып кетсе, әдетке айналуы тағы мүмкін. Мәселе көтерілсе де, күн тәртібіне қойылмады. Қойылған күннің өзінде ақыры күмәнді болатын. Бұл екі ортада Сидоров та қарап отырмаған. Тура Ресейге, анау-мынау емес, әлі де аты айбарлы Мәскеуге тартқан. Кейбірі совет заманынан жалғас, енді бірі осы тараптан кеткен, билікке жақын, немесе сол биліктің бел ортасында отырған ағайыннан араша сұрап. Мәлімдемесі мен сұхбаты қатар жетті. Қазақстанға қаншама жыл еңбегі сіңген. Кеше сайлауда жалпы жұрт қолдаған. Енді сол науқанда жеңіліп қалған ұлтшылдар көтеріп отырған, ойдан құралған, қисынсыз жала. Яғни, орыс болғандығы үшін жапа шекпек. Әрине, жоғарыдан қолдау бар, енді төменнен тіреу табады. Сидоров мәселесіне жалғас орыс мәселесі көтеріліп, оған республикадағы Орыс қауымдастығы үн қосып, мұндағы екі тілдегі ресми баспасөз ақталып, әйтеуір төтенше ырың-жырың амандық, тыныштықпен тынды. Сидоров үшін ғана емес, оны орынсыз қудаламақ болған біздің ағайындар үшін де. Ақыры құлан-таза шыққан, тарихи отандағы абыройы көтерілген Петр Иванович Қиыр Шығыс, Қытаймен шектес өңірдегі шағын, бірақ шұғыл өркендеп келе жатқан бір өндірісті қалаға әкім болып бекиді. Нәтижесінде Қазақстан азаматтығымен қатар, өзіне енді мүлде керек болмай қалған депутаттық мандаттан да бас тартады.
Сөйтіп, арада он екі ай өтпей, босап қалған депутаттық орынға жаңа сайлау жарияланды. Тағы да бес кісі шар салған. Өткеннен айырмасы – түгел қазақ. Біреуі, әрине, біздің Марат. Бұл жолғы дауыс та беске бөлінген. Өткендегідей аумалы емес, тепе-теңге жуық. Мараттікі сәл басымдау – төрттің бірінен азғана артық – он тоғыз пайыз. Қазақтар берген дауыс. Бұған бұрын Сидоровқа тиесілі болған орыс пен өзбектің отыз екі ұпайын қосыңыз. Тура елу бір болып шықты. Елу бір пайыз – алғашқы турдың өзінде толық жеңіске жетті деген сөз! Рас, тағы да күңкіл шыққан. Елу бір емес. Он-ақ пайыз. Асса. Оның өзі жақын қайын жұрт, алыс-беріс сыбайластар деген. Бірақ соған қосымша өзбек пен орыстың отыз екісіне ешкім де дау айта алмаған. Нәтижесінде қалған төртеуден бәрібір көп алып тұр. Яғни, бұл жолы жоғарыдан анық түскен жарлық-нұсқау бойынша көтеріңкіреп жібергеннің өзінде алға шығады. Сондықтан есеп-сайлау комиссиясының жетпіс-сексен емес, тіпті, алпыс та емес, иман-таразы елу бір пайызына күмән келтірудің өзі ұят еді.
35
Тиесілі тұғырына қонар-қонбастан біздің Жармақ бүкіл парламентті, сол арқылы бүкіл республикалық баспасөз және электронды ақпаратты дабылдата бастады. Белгілі саясаткер Мүштар Мақановпен тізе қосқан соң өлшеусіз күшейген. Әлбетте, Үлкен кісінің жол-жобасына қайшы келмейді, керісінше, әрбір көрінісінде қолдап, мақұлдап, атап отырады, ал қалған бар ісі – қазаққа қайшы, қайшы болғанда, көпе-көрнеу емес, қиялай тартқан, басқаға бұрған, айналып келгенде, ұлттың болашағын бұлдыратып, тіршілік ауанын шектейтін. Өзгенің өрісін кеңейтіп, алаштың тынысын тарылтатын. Өз ел, өз жерінде отырған қазақ, байырғы мекенге соңғы жүз, жүз елу жылда, әсіресе, советтік заманда топырлай тоғытылған алпыс халықтың ішіндегі ең сорлысы, құқықсыз, панасыз, кемшіні ретінде, алдағы заманда да келімсек барлық жұрттың табанында жатуға тиіс сияқты. Ал сырт көзге олай емес. Марат Қазыбеков – республикадағы бүткіл халықтың теңдігі, бірлігі үшін, яғни қазақтың пайдасы – елдегі тыныштық пен ынтымақ жолындағы күрескер болып көрінген. Шынында да, әзірше мемлекет шегіндегі жалпы жұрттың тым құрса тең жарымына жете алмай жатқан қазақ, қалған қауымды түгел өзіне қарсы қойып алса не болмақ. Оның үстіне, солтүстіктегі, күрт түсіп барып, қайта көтеріліп келе жатқан құдіретті көршінің риза, хошын табасың.
Марат Қазыбеков ең алдымен осы орыс мәселесін көтерді. Бізді теңдікке, мәдениетке, білімге жеткізген ұлы орыс халқы – арысы жүз, жүз елу, екі жүз жыл бұрын келіп, төрт-бес атадан бері бауыр басқан, кейінгісі – тың көтеру науқанында орнығып, бала-шағасы осы жерде туған жасампаз халық түп көтеріле көшіп жатыр. Орыс кетсе күніміз не болмақ. Елдігімізді сақтау қиынға түседі. Ортасында ара ағайын, және ақылшы орысы жоқ үш қазақ үш жаққа тартады, ақыры басқа бір шет жұрттың жемі боламыз. Жоқ, бауырлар. Бізді тастап кетпеңдер. Қиындық өтеді. Күні кешегідей, Қазақстандағы орыстың жағдайы Ресейдегі орыстың жағдайынан артық болатын заман туады. Ауылға қараңыздар, қаланы білесіздер, қазірдің өзінде осындағы орыстың тұрмыс кебі қатардағы қазақтан ілгері. Кетпеңіздер бізді тастап. Бізде тек орыс қана емес, бүкіл славян текті қауымға құрмет зор. Аз-маз шыдаңыздар, украиндар Украинадағыдан, белорустар Белоруссиядағыдан артық тұрмысқа жетеді. Ол жақтағы ахуал да күрделі. Біздегі қиындық барлық жерде бар. Жылы орынды суытпаңыздар. Орыс-орман, бізді аяңыздар деп зар төкті. Бірақ орыс-орман тоқтамаған. Үдере көтеріліп, тарихи отандарына қарай жол тартыпты. Мейлі. Одан әрі кетсін. Негізгі мақсат орындалды. Біздің Мараттың ұлттық тар өрістен ада, ақыл-парасаты мол, елдің алыс болашағы үшін қам жеген азамат, ең бастысы – орысшыл, орысшыл емес, нағыз интернационалист деген атағы шықты. Жігерлі, жаңа тұлғаға Ресей баспасөзі назар аударып, қажетті, пайдалы кісі ретінде ол тарапта үлкен есепке кірді. Ал өз ішімізде, шарасыздық па, ерікті таңдау ма, қайткенде де көшпей қалған орыс-орман өздерінің жоғын жоқтаушы ғұзырлы қайраткер Марат Қазыбековтың аты-жөніне қанығып, алда қандай жағдайда болмасын қолдауға, қостауға әзір болды.
Орыс мәселесі дабылдай көтеріліп барып саябыр тартқанда, яғни ұтымды жұмыстың бар жемісі қоржынға түскен соң тараншы мәселесін көтеріп еді. Көршілес Шын елінде теперіш көріп отыр, ұлттығынан айрылып бара жатыр, тілі үйлес, діні ортақ қарындас қауым, аталары арғы беттен ауып, біздің бауырымызға кіргелі жүз жылға тартты, яғни елдегі байырғы жұрт, ендігі уақытта теңдікте ғана емес, кеңдікте тұрғаны жөн. Қазақ жері оларға да ортақ. Ортақ қана емес, тиесілі. Міне, енді әкімшілік жаңа бөліністер негізінде кейбір аудандар таратылып, кейбірі қосақталып жатқан кезде тараншы ағайындардың атаулы жалғыз ауданына да қауіп төнгені белгілі болып отыр. Бұл қалай? Туыстас тараншыға неге қысым көрсетеміз? Бөлмеу керек, керісінше, ірілендіру қажет. Көршілес қазақ аудандарындағы, бірлі-жарым болса да тараншылар қоныстанған ауылдар есебінен жерін кеңейтіп, халқын көбейту керек және бар билігін өзіне беру шарт. Әйтпесе, ағайын арасында алалық туады... Екпінді саясаткердің парламент мінберінен өкіметке түсірген бұл жолғы талабы түгелдей болмаса да орнына келді. Шаруашылық орайы, жер жағдайы және экономикалық қиындықтарға байланысты тұтас облыстар тарап, аудандар алмасып жатқанда, қайта құрылуға тиіс Тараншы орнында қалды, тақау төңірегінен жаңа жер алмаса да, автономия атанбай-ақ өзіндік билікке көшті. Бұл өзгеше құрылым шегіндегі жалпы жұрттың тең жарымынан астамын құрайтын байырғы қазақ отарлық кемшін жағдайға түсірілген. Уақасы жоқ. Қазақтың өзіне ғана қарайтын аудандар аз емес. Түгел қазақ болған жақтарда оңғаны және шамалы. Орысы басым солтүстік аудандарда бірдеңе бүліне қалып па. Тып-тыныш отыр. Мұнда да тыныштық. Әлдебір ақымақ қазақ орысқа құл болғаным тұрыпты, енді тараншының табанына түстім бе деп наразылық танытып, бас көтере қалса, ұлт араздығын қоздырушы, бұзық ретінде жауапқа тартылады. Қазіргі, егемендік іргесін бекіту кезеңінде тыныштықтан артық не керек. Осы тыныштық нәтижесінде бүкіл тараншы халқы Марат Қазыбековтің жолында жан қиюға әзір болды. Мәкеңнің атақ-абыройы шығыс шекарадан асып, Қашғар, Тұрпанға жетті. Ол жақтағы қыстығып отырған қауымға Қазақстандағы Тараншы ауданы егемен ел, ұжмақ мекен болып көрінген. Шынында да. Біздің Мәкеңнің арқасында, ыдырағалы тұрған жерінде қайта бекіп, біржола орнығып, тынысы кеңіп, тұтас бір аймақ – қазақ есебімен алғанда, қатардағы бір аудан десек те, әлемдік өлшем бойынша, орта көлемді мемлекет шегіне жетердей, яғни берідегі Армения, арыдағы Нидерланды мен Бельгияға парапар, топырағы құнарлы, суы мол, құт-берекелі байырғы қазақ жерінде тараншы билігі орнаған. Әрине, кез келген билік қашанда өзіне тартады. Қазақ билігінен басқасы. Мұнда да солай шықты. Айрықша құқық алған жаңа қауым бәрін өзіне икемдеген. Ендігі, қалғанын былай қойғанда, тәуелсіздіктен соңғы, жеке шаруалар үшін жер бөліс кезінде, халықтың басым бөлігін құрайтын қазақ мүлде дерлік сыбағасыз қалды. Жаңадан құрылған аймақтағы талапай науқанда қазаққа ұлтарақ тимесе, егінге, жеміс-жидек, өніске қолайлы, құнарлы жер түгел тараншы ағайындардың иелігіне түссе, онда тұрған не бар, Бетпақтың шөлінен Қызылдың құмына дейін қаңырап, бос жатқан жерді игеріп алсын қалың қазақ деп шешкен, бөліс дабыры және соған орай наразылық жайы құлағына жеткен жоғарғы билік. Сөйтіп, алды бұдан тоқсан жыл бұрын келіп, соңы кешегі, совет тұсындағы шекара дүрбелеңі кезінде ғана ауған, бәрі де кең қолтықтан пана тапқан келгіншілер атаулы аймақтың толық қожайынына айналды, ежелгі ел иесі, жер иесі қазақ – кіріптар, кірме жағдайда қалды. Жаңа отаршылдардың табанына түскен байырғы жұрттың наразылығы – еншілі үлеске, кәдімгі теңдікке ұмтылыс емес, елдің тыныштығын кетірер, ұлт араздығын қоздырар қылмыс ретінде бағаланып, тиесілі жазаға тартылатын болды. Сөйтіп, егемен елдегі халықтар достығының жер-әлемге өнеге боларлық жаңа бір үлгісі қалыптасып еді. Нәтижесінде, отарлық кептен құтылдық, дербес ту тіктік деп ұрандап отырған байырғы ұлыстың ұйықты Шығыс шегінде жаңа бір автономия – осы бетімен кете берсе, ол да егемендікке, сөз жүзіндегі емес, шын мәнісіндегі, жатқа жалтақтамайтын, өз жұртын басқаның боданына байлап бермейтін, иманы да, намысы да бар, шын тәуелсіздікке жетуі күмәнсіз тағы бір қауым күш алып еді.
Тараншы мәселесі тыным тапқан соң, арада жыл өтпей, сарт теңдігі жолындағы күрес басталды. Рас, тараншы босқынынан әжептәуір бұрын, Қазақ Ордасының ыдырау кезеңінде, Қоқан басқыншылығы нәтижесінде Оңтүстікке келіп орныққан, ең шұрайлы жерлерді алып, өкім құрған сарт ағайындар біршама қауым еді. Міне, сол бауырлас жұрт қазіргі, егемен дәуірде кемшілікте отырған көрінеді. Шалғай аудандардағы әлеуметтік жағдай өте төмен. Жастар арасындағы жұмыссыздық етек алып барады. Зейнетақының кесімді мөлшері жетімсіз. Ауыз-су, отын, жарық мәселесі де ақсап жатыр. Мәдениет үйлері мен кітапханалар тозған. Мектептер құлағалы тұр... Осының бәрі рас еді. Бірақ келгінші сарттар жиі қоныстанған екі-үш ауданда ғана емес, байырғы қазақ жайлаған барлық жерде. Оның ішінде, сарттармен аралас отырған қазақ ауылдарында да. Бірақ қазақ – өзіміз, ел иесі, сондықтан қоғамдық және мемлекеттік тыныштық үшін ең алдымен басқалардың, бұл жолы сарт-сауанның көңілін табу керек екен. Көңілін тапты, парламент шешімі бойынша, әлденеше миллион қосымша қаражат бөлінді. Жарар, қайткенде де осы елдің азаматтары ғой. Бірақ мәселенің мәнісі – одан тереңірек шықты. Менің Жармағым әлеуметтік жағдайларды ұлт мәселесімен астас көтерген. Сарт ағайындар өздерінің ұлттығын сақтау үшін, тарихи отандары Сартстанға қайтадан көшіп кетпеуі үшін, ұлттық жаңғыру бағдарламасы жасалыпты. Ол деген – осы аймақта бұрынғы орыс тілінің орнын басып, өрісі кеңейіп бара жатқан қазақ тілінің орнына ұлт-аралық қатынас құралы ретінде сарт тілін ресми қолданысқа енгізу және мекеме атаулыны түгел сарт тіліне көшіру, отан тарихы ретінде қазақ тарихын емес, сарт тарихын оқыту... Міне, осы маңызды шешімнің бәрін жүзеге асыруға тапсырыс берілді және белгіленген шаралардың нақты орындалуын қадағалайтын арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Орындалып жатыр, жүзеге асырылып жатыр. Тіпті, әуелгі бағдарлама артығымен қолға алынған: сарт театры ашылды, жаңа сарт газеттері шықты, сарт хабарлары аудан емес, бүкіл облыс бойынша, орыс тілінен соңғы екінші орынға шықты. Ал бұл кезде... арғы бетте, совет заманында – әуелгі шекаралық бөлініс кезінде, одан соңғы тың игеру, мақта өсіру науқанында, қазақтан тартып алынып, тілі майда, сөзі өтімді көршінің теліміне берілген ата жұртта қалған қазақтар... мектептері жабылып, газеттеріне тиым салынып, радио мен теледидардан аласталып, жастары жоғарғы оқуға жіберілмей, үлкендері әрқилы, онсыз да шамалы, бірақ күнкөріске сеп қызмет атаулыдан шеттетіліп... ел иесі, жер иесі саналатын жеңімпаз сарт жұртының табанында зар илеп жатқан. Ол ештеңе емес, қайткенде де шет ел, осындағы өз елінде ғұмыр кешкен, бірақ атаусыз сарт автономиясы шегінде қалған қазақ бұдан былай ұлт-аралық сарт тілінде сөйлеуге тиістігі өз алдына, жас балаларын да түгелімен сарт мектептеріне өткізуге мәжбүр болған. Сонымен, Оңтүстіктің ең бір құйқалы өңірі – мың жыл бойы ата-бабаның қаны төгіліп, сүйегі көмілген ежелгі қазақ жерінде бұдан екі жүз жыл бұрынғы Қоқан билігі қайта орнаған. Тұтас бір аймақ қазақ өкімінен біржола шығып кеткендей еді.
Біздің Жармақтың бастауымен күн тәртібіне қойылған және оңымен шешілген бұл екі мәселе – Тараншы ауданы, Сарт аймағы аталып, әзірше де-юре, яғни заңды түрде жүзеге аспаса да, де-факто – іс жүзінде қалыпқа түскен, егемен ел ішіндегі екі автономия – жас республиканы халықаралық үлкен беделге жеткізді. Батыс әлеміндегі өркениетті жұртқа Қазақстан деген – шартты географиялық атау, ал қазақтың өзі – ұлы орыс халқының жетекшілігімен қырық ру тексіз тайпалардан құралып, тарихтың бұралаң кезеңінде кездейсоқтан тәуелсіздік алған конгломерат, баяғы, өзгеше құрылықты игеру кезеңіндегі отарлық Вест-Индияның артта қалған, жабайы бір көрінісі, болашақтағы еуро-азиялық жаңа, дүбара халықтың әуелгі шата-шатпақ нұсқасы болып көрінген. Шынында да, ұлттық мүдде дегеннің не екенін білмейтін, ұлттық мұрат деген ұғымы жоқ, ұлттық намыс атаулыдан ада халық бола ма? Болса, әлемдегі барлық жұрттың қоры емес пе. Тіпті жақсы. Байлығы шексіз, қазынасы қисапсыз дейді. Және өзіне керегі жоқ. Ал, тала, же. Алып жатты, талап жатты, жеп, жалмап жатты. Бәрібір аз көрінген. Бөлшек. Көлденең ешкім жырмыштамай, тұтасымен бір өзіне бұйырса ғой. Жыртқыш империялардың бәрі де, ең ақыры, халқы бастығырылып, жұрты жаппай қайыршылықта отырған жұпыны елдердің өзіндегі еті тірі алпауыттар осылай ойлай бастады. Әбден піскен, ауызға түскелі тұрған оңай олжа көрген әркім-ақ. Бәрі де еншілі сыбағамыз деп білген. Әсіресе, Солтүстіктегі, жері ыңғайлас, халқы қоралас құдыретті көрші. Басқалардай тезінен қамтып қалайын, қапияда басып қалайын деп аптықпайды. Бұрынғы Далалық өлкедегі жағдай ойдағыдай. Жалпы саны азайса да, елдегі халықтың қомақты бөлігін құрайтын тектес ағайындардың ахуалы тым тәуір. Қазына байлықтың көбі, астыртын биліктің негізі солардың қолында, төбеде топырламай-ақ өкім жүргізіп, айтқанын қылғызып отыр, анда-санда "тілімізді шектеді, өзімізді қыстады" деп байбалам салып қойып, ойына келгенін істеп отыр. Тек нәсілі бір отандастар ғана емес. Баяғы советті құраған алпыс ұлттың қалған жұқанасы түгел бұрынғы қожайын жағында. Бейбітшіл, келісімшіл кейінгі билік қалтараған сайын буындары беки түсті. Қайткенде де артық сыбаға сұрайды. Көбіне сұрамайды, талап етеді. Ұзын саны советтік екі колхоздан аспайтын күрік халқы жеті жұрт, үш теңіздің арғы жағында жатқан бағзыдағы отан-жұртымен бүгінде шектес әрі қырбай тұрған Күлік елімен арадағы қандай да бір дипломатиялық қатынасты үзіп, мұндағы күлік атаулыны жиырма төрт сағат ішінде түгел депортация жасауды талап етті, белгіленген мерзімге бес сағат қалғанда, түп көтеріліп, тас ұстап, таяқ сілтеген беттері шет елшілікті қиратуға аттанды; әйтеуір араға ақсақалдар жүріп, жалынып, жалпайып әрең тоқтатқан, тыныштық төлеміне екі күрік колхозына тағы да емін-толағай еркіндік берілді. Бұдан соң, осыған дейін жуа егіп, жер шұқып қана отырған, тұтас бір ауыл болып қалған қуай халқы өзінің ана тілі, ата салты және бүгінгі тұрған жерін мәңгіге иелену туралы заңды талап қойған. Елу мың қазақ ішіндегі екі мың қуайға да сұрағанын беріп жан қалған.
Осының бәрін жинақтап келгенде ел ішінде тыныштық, бейбіт, берекет заман орнады. Тек сыртта... сырттағы көршілер ғана бұрынғыдан әрмен еміне түскен сияқты. Сырт болғанда, үлкен есебі түгел орыс-орман емес, қайткенде де көңілі табылмаған сарт-сауан. İштегі сарт риза болған соң, дәл осы тараптағы шекарада достық, сыйластық, керек десеңіз, туыстық қатынас орнаса керек еді. Бәрі керісінше шықты. Өші емес, алашағы бар сияқты. Шынымен-ақ алар еді, атап айтпаған соң қайдан білесің. Білмеген соң жазықтысың. Әуелі бергі бетте бұзау қайырып бара жатқан ақсақ кемпірді атып тастады. Бірден емес. Шекара заңы бойынша, әуелі ескерту – яғни бұзау. Бұзау шөкелей жығылған соң, кемпірдің өзі қағып түсірген. Шекараны бұзбақ болды, контрабандамен мал айдап өткізбек болды деген түсініктеме берілген. Келесі аптада бұзауға да, бұқаға да қатысы жоқ шекарашының өзін атып жықты. Қорғаныс шарасы екен. Мылтық асынып тұр, көпе-көрнеу қатердің алдын алыпты. Содан соң, кемпірі бар, шалы бар, әскері бар, жайы бар, әйтеуір абырой болғанда, апта сайын емес, ай аралатып кісі ату – сарт шекарашыларының әдепкі машығына айналған. Тіпті, ешқандай түсініктеме бермейтін болды. Түсініктеме беретін – біздің өкімет. Түсініктеме емес, нұсқау, жарлық. Малшы, егінші жұрт шекараға бес шақырымнан арыға жуымасын. Шекарашылар ала бағаннан аулақтап, ағайын елді алыстан бақыласын деген. Екі айдай еліміз шынымен тыныш болған. Содан соң... снайпырлар шықты. Баяғының. Орыс-герман соғысы кезінде Ыбырайым Сүлейменов деген мерген тасада жатып, бір күнде емес, әрине, бір-екі жылда төрт жүз жетпіс немісті жалпасынан түсіріпті деседі ғой. Мергендікке келгенде жер шұқыған сарт кең даладағы қазаққа қайдан жетсін, кейде тигізіп, кейде тигізе алмай жатады. Көп дегенде екі айда үш адам. Бір жылғысы онға жетпеді. Әрине, өлтірген сарт емес, өлген қазақтың өзі кінәлі. Біріншіден шекара күзетіп несі бар. Онсыз да көрінгеннің теліміне кеткен, кімдікі екені белгісіз, қараң қалған жер... Екіншіден, әскер екен, міндет екен, амалсыз күзетсін, аңдап, бой тасалап неге отырмайды. Блиндаж, дзот дегендер артық шығын саналса, тым құрса кеуде жасырар шұңқыр қазып алуға болады ғой. Әрине, өзі кінәлі. Әйткенмен, ара-тұра мал жайған, амалсыз шекара күзеткен ақымақтардың аңдаусыз өлімдері екі ел арасындағы туыстық пен достыққа сызат түсіре алмады. Керісінше, шекарадағы кездейсоқ оқиғалар екі елдің одан әрі жақындаса түсуіне қызмет етті. Арғы беттегі сарт ағайындар өрік, мейіз толы қабын арқалап, бергі бетке еркін өтеді. Қапсыз келетіндер де бар. Қойнына кісінің көңілін шалқытып, кеудесін кеңітетін асыл шөп, иісті дәрмектерін тығып. Әуелгісі – ашық сауда, кейінгісі – кұпия келісім бойынша. Яғни, бізге де пайдалы. Бірақ ең үлкен пайда – елдің тыныштығы болатын.
Сөйтіп, біздің Мәкең және Мәкең тектестердің ұтқыр саясаты, алымды әрекеті арқасында ел ішінде ұлтаралық татулық орнаса, сыртқы шекаралар да қауіпсіз қалыпқа түсті. Мемлекеттің беделі, өкіметтің абыройы деген осы емес пе!
36
Әйткенмен, ең үлкен мерей, ең үлкен бедел – біздің Жармаққа тиесілі болып шықты. Әуелгі бір орамда парламенттік шағын топты бастап, Алманияға барып қайтты. Жылы жүзді кездесулер өткізіп, ондағы әріптестерін мұндағы жұртының ештеңеден кемдік көрмейтінін, басқа халықтармен тығыз ынтымақта, толық теңдікке жеткенін, еңбекшілдігін, қанағатшылдығын айтып риза қылған, сонымен қатар, алдағы уақытта осы кейінгі отанда қала берсе, екі жақ үшін де пайдалы боларын ескерте келе, сарт пен тараншы сияқты, олардың да өзін өзі басқаруына мүмкіндік туарын мәлімдеп, бүкіл бундестагты қайран қалдырған, бірақ мұнда отырған түйсікті жұрттың бәрі аудармадан кеткен кілтипан деп біліп, естігенін келер мезетте ұмытып еді.
Осыдан соң парламент мүшелерінің әртүрлі ұлттан құралған үлкен бір делегациясын бастап, Ресейге барды. Айрықша үлкен құрметпен қарсыланған. Мәскеуде түнемелеп, Питерде аялдап, Саратов, Орынбормен тиянақтапты. Несін алып, несін бергені белгісіз. Әйтеуір Ресей баспасөзі, теледидар мен радио Қазақстан мен Ресей халықтарының мәңгілік достығы жөнінде, барлық саладағы бірлік пен ынтымақ төңірегінде дабылдата келе, біздің Мәкеңді қазақ халқының үлкен қайраткері, дүние бүлінген бұлағай заманда халықтар теңдігін ту етіп көтерген қайтпас тұлға ретінде мадақтап, насихаттап жатты. Қайткенде де жалпақ сөз еді. Тек елге ораларда, Саратов пен Орынборда тұратын қазақтармен кездесу кезіндегі кейбір толғамдары сыздықтап сыртқа шыққан. Сендердің тіл білсек, мектеп ашып, газет шығарсақ деген талаптарыңның ешқандай орны жоқ. Қазақстандағы қазақтың өзі орысша сөйлейді, орысша оқиды, ұрпақтың болашағын неге ойламайсыңдар; қайыра көшу туралы әңгіме көтеріп те қажеті жоқ, осы жерде, осы қоныста тұра беріңдер, қаладағылар кетсе, орыс ортаймас, ал ауылдық жердегі жұмысшы, малшы кетсе, туысқан елдің шаруашылығы қаншама зиян шегеді, сондықтан бөтен ой болмасын, Қазақстан дегеніміздің өзі Ресей, әйткенмен Ресей азаматы деген құрметті мәртебеден айрылмау керек депті. Бұл сөз ол тараптағы, өздерін бөтен ел азаматтары бола тұра, қазақпыз деп санайтын біраз жұртқа жақпаса керек, бірақ дымы бітіп таңырқағаны сондай, ешқайсысының да, өзіңіз қай елдің азаматы боласыз деп сұрауға дәті бармаған. Тек сыртқа шыққаннан соң ғана жерге түкірсе керек. Бірақ осы бір сөз ғана емес, жария болмаған басқа да істері Мәкеңнің бауырлас аға жұрт алдындағы беделін көтере түсті. Ресей саясаткерлері, ғұзырлы мекемелер жаңа бір туыс тапса, мұндағы орыс тілді қауым сүйінішін айтып жеткізе алмаған.
Міне, осындай кең құлаш, ұтқыр саясат арқасында тар жол, тайғақ кешуге соқпай, даңғыл жол, дара биікке шыққан Марат Қазыбековтің атақ-абыройы күн озған сайын көтеріле түсті. Республикалық парламенттен озып, БҰҰ – әлемдік Біріккен Ұлттар Ұйымының үлгісінде құрылған ЕХБҰ – еліміздегі Егемен Халықтардың Біріккен Ұйымына орынбасар төраға сайланды. Төрағаның тағына отыруы анық еді, бірақ жарғыда жазылмаса да, айнымас қағида – ЕХБҰ-ның үлкен билігінде қазақтан басқа ұлт өкілі отыруы шарт екен, әйткенмен, ұзын тізгін ел иесі, етене жұрт өкілі Мәкеңнің қолында болмағы күмәнсіз еді. Ел иесі ғана емес, әрі беделі зор, әрі екпіні қатты; ұсақ-түйекте тартынып, елеулі мәселелерде төрағаның төбесінен аттап кете береді. Жаңа қызметін бастамастан, ең үлкен шаруаны күн тәртібіне қойды.
Бұл кезде Қазақстанда елдің болашағы үшін маңызды, үлкенді-кішілі біраз мәселе шешім тапқан. Алайда, бұрын айтылса да, орнына келмеген, шешілмеген бір түйін бар екен, – Орыс мәселесі. Менің жер жұтқыр жармағым Марат Бейсенұлы Қазыбеков ЕХБҰ-ның ең үлкен құрылтайында арнайы баяндама жасап, күйіне, күйзеле тұрып, толғағы жеткен, шұғыл әрі түбегейлі шешілуге тиіс, егемен еліміздің ертеңі ғана емес, бүгінгі күнінде де айрықша мәні бар орыс теңдігі мәселесін көтерді деген алғашқы хабар жеткенде таң қалдым. Қандай мәселе, қандай теңдік? Бұрын қожайын еді, әлі қожайын. Бүкіл кен, барлық өндіріс, ең аяғы табан астындағы қара жерге дейін, рас, түгел емес, жинақтап келгенде "небәрі" тоқсан екі пайыз байлығың солардың қолында (мен орыс тілділердің бәрін, тіпті, жат жұрт атаулыны түгел "орысқа" жатқызам, қалай айтсаңыз да, қазақ емесі анық қой, тіпті таза орыстың өзін бөліп алғанда да жеке үлесі қазақтан әлденеше есе артық). Республикалық баспасөздің сексен пайызы орысша. Төріңе сұраусыз шығып тұрған, көзіңнен кіріп, желкеңнен өтетін барлық теледидар бағдарламасы күн ұзақ, кеш бойы, арасында, екі-үш мәрте берілетін бес-он минуттық соңғы хабарлардан басқасы түгелдей орыс тілінде, қазақша ән тыңдағыңыз келсе, түнгі сағат екіден соң оянып, арнап тұруыңыз керек. Болашақ ұрпағың тәрбиеленетін орта мектептердің тең жарымы орысша. Жоғарғы оқу орындары түгелдей таза орыс тілінде. Күнделікті тіршілігіңнің баршасы – көшеде, дүкенде, көлікте, ең аяғы асхана мен дәретханада орысша сөйлеуге мәжбүрсің. Яғни, құлағың, жүйке, жүрегің, жұлын-тұтаң тұрыпты, аузыңдағы тіліңе дейін орыстікі. Көтерілген әңгімені тұпа-тура қабылдасақ, орысты тепе-тең дәрежеде ұстау үшін, ұлттық болмысқа қатысты мәселелерді бұдан әрі көтеру емес, төмен түсіру қажет. Оны төмен түсірмей-ақ қойсын, мені сондай дәрежеге жеткеру қажет. Ал бізді бұрынғыдан әрмен төмендету – тұпа-тура жерге тығу есепті. Менің жармағым дәп солай – қазақты жерге тығайық демейді. Бар ниеті, шын ниеті – тәуелсіздіктен бергі кезеңде кембағал жағдайда қалған орыс ағайындарды, орыс тілін теңдікке шығару. Нақты іс жоспарын ұсынған. Атап айтқанда: күнделікті тұрмыста, мекемелерде, көпшілік орындарда орыс тілінің қолданыс аясын кеңейту (яғни, қазақ тіліне тыйым салмай-ақ біржола тұншықтыру), орыс тілді мектептердің жағдайын жақсарту (онсыз да тұралап жатқан, бір партаға үш баладан отырып, бір күнде үш кезекпен оқитын қазақ мектептерінің есебінен), жоғарғы билікте, парламентте орыс тектілерге қосымша, көбірек орын беру (онсыз да билік тізгінін ұстап отырмағандай, өзіміздегі орыс түгілі қазақтың өзі қазақ мүддесін қолдап отырғандай), орыс тектілердің республика шегінен тысқары кетуіне, яғни орыс эмиграциясына тоқтау салу (біреу зорлап, қорқытып көшіріп жатқандай), Ресеймен экономикалық, мәдени және тұрмыстық байланысты күшейте түсу (онсыз да басыбайлы қатынас жеткіліксіз болғандай), қысқасы, бір сөзбен айтқанда, өткендегі отарлық жағдайды қайтадан қалпына келтірумен шектелмей, құлдықтың бұрынғыда да төмен жаңа бір сатысына көшу. Ең қызығы ол емес. Ең қызығы, ең кереметі – республиканың халқы мен жер көлемінің сай еместігі (онысы рас), сондықтан елбасымыздың тақаудағы он бес жылда халық санын жиырма миллионға жеткізу туралы бағдарламасын дұрыс түсінген абзал, яғни Ресейден бес миллион орыс әкелуіміз керек. Соңғы, біз тәуелсіздік деп шулап жүрген тоғыз жыл ішінде елімізден екі жарым миллион кісі кетті, сол екі жарымды екі есе қылып қайтаруымыз шарт. Ол үшін...
Мен бауырым, ет-жақын бауыр емес, тәні де, жаны да ортақ жармағымның мұншама арамдығын, жай ғана арам емес, зұлымдығы мен залымдығын көргенде, қан қысымым көтеріліп, жатып қалдым. Дәрігер де шақырмағам. Мүмкін, өлген дұрыс шығар. Бүйткен ит тірліктен тыныш өлім артық. Бас сүйегім шытынай тарылып, жүрегім атқалақтай қағып, азғана жатқан соң, компьютеріме бақұл сөз жазып кетпек болдым. Бауырыма – бауыр емес, қарғыс атқан жармағыма қатаң ескерту.
Компьютерімді аша бере ақылым кірді. Мен қазір өлсем, сол сәтінде ол да кетеді. Сонда менің жолдауымды кім оқиды? Иә айтпақшы, үш минутта, он, жиырма секундта өле қалмаспын. Жарты сағат, бір сағат өтеді. Ендеше... Электронды поштаны аша беріп едім, менің өзіме жолданған хат жарқ етті:
"Ақымақ! Сен өлуге тиіс емессің! Мен әлі... Анау жерге барып отырам. Ал әзіргінің бәрі – саяси ойын. Бүгін айтасың – ертең ұмытылады. Мейлі, кейбірі жүзеге ассын. Онсыз да бүлінген дүниеге келіп-кетері шамалы. Қазақта ешқандай келешек жоқ. Батқан кемемен бірге өлу шарт емес. Қармап қал, тірі қал! Керісінше ойласаң, баяғы арман, қиял қайда, жасап жатқан еңбегің бар емес пе. Қолайлы жағдайды пайдаланып, жеріне жеткізіп кет. Қайткенде де сол еңбегің үшін ғана тірі жүрмеймісің, жаңа заман, жаңа дүниенің қызығын тамашалап. Солай! Болды – бітті! Берілме бұралқы ойларға. Қайталап айтам, төз, шыда, өмірлік еңбегіңді тәмамда!.. Өзің."
Келер мезетте сыртқы есік ашылған сияқты көрінді. İзінше ентелеп, деміге басып, аппақ киімді бір еркек, бір әйел – екеуі де орыс, әлде жойыт, салқын жүзді екі дәрігер көрінді. Арыда, ілгері аттай бере кейін шегінген ықшам, қоңыр күлгін киімді, бейтаныс қазақ жігіті – менің көзіме көрінбеген қырағы сақшым.
Есіктің ашылуы да, жедел дәрігерлердің келуі де күтпеген жағдай. Бірақ қажетті мезетінде жеткен сияқты. Бойым ауырлап, басым айналып, көзім қарауытып бара жатты...
37
Апта өтпей аяғымнан тік тұрдым. Демеуші сәлем-хат әсері ме, шет елдік қымбат дәрілердің күші ме, құлан-таза сауыққаным өз алдына, қайрат-күшім қабындап тұрғандай. Жармағым еске салған "өмірлік еңбегімді" біржола тиянақтап, жеріне жеткізу керек екен. Соңғы жеті-сегіз жыл орайындағы бар тіршілігіме мән берген ұлан-асыр жұмысымды бір жүйеге түсіріп, теледидардағы тұрақты соңғы хабар, өкімет шешімі, парламент мәжілісі, келген мен кеткен төңірегіндегі, дәл мен үшін қажетсіз, тіпті зиянды ақпарат атаулыдан аулақтап, тек көне кітап, ескі құжат, ала қағазбен ғана отырам. Жұмыстан тыс уақытта көзді жұмам, құлақты тарс бекітем. Бар уақытым жазу, ойлану, толғану, арасындағы ұйқы, тамақпен ғана шектеледі. Ақыры, айналасы тоғыз айда біржола жүйелеп, жинақтап, саралап, салғастырып, артығын алып, кемін толықтырып, ең соңғы редакциясында дайын қылдым. Жалпы көлемі бір мың үш жүз қырық бет, екі томдық түбегейлі еңбек – "Тарихтағы қыпшақтар" деген ғұмырлық кітабым баспаға дайын болған еді. Уһ, жалған, бұл күнге де жетіппін!..
38
Мен қатаң қадағалау астында ғұмыр кешіп жатқанымды бұрын да білген едім. Ал әлгі, кенеттен келген дәрігерлерден соң, сырттағы көзеу ғана емес, іштегі көрнекі әрі толық телебақылау шеңберінде екеніме күмән қалмады. Яғни, жүргенің, тұрғаның не, ваннаға түссем де, туалетке отырсам да қырағы көз жанарындамын. Әуелде тіксінсем де, тезінен бой жидым. Көрсін, қарық болсын, жасырын ештеңем жоқ. Жұмыс жасап жатқанымды онсыз да біледі. Қайта, жасы келген, жалғызбасты кісі, әлгіндей ауырып, сырқап қалсам, ешқандай қатер жоқ. Әйткенмен, басқан ізіңе дейін біреу сырттан көріп отырса, үнемі қолайсыз жағдайға түседі екенсің. Ең аяғы еркін түшкіре де алмайсың. Тым құрса, қақыратын, түкіретін дегендей жерлер азат болса ғой. Жоқ, бәрінен де көрінем. Әлдебір саңылау қалса, түбегейлі бақылауда мән де болмас еді. Десе де, көргіш тетіктер қай бөлмеде, қай тұста, қалай орналасқан – ешбір белгі, нышанын таба алмадым. Ақыры, аман-есен, ешқандай көлденең кесел, бөгесінсіз аттай бес жыл тұрған құтты үйімді жатырқаудың өзі сөлекет көрініп, ол да бүгін ғана басталмаған жіті бақылауды әдепкі нәрсеге балап, өзгеше жағдайыма көнуге тура келген. Әйтсе де әуестігім тарқамапты. Тек жүріс-тұрысым ғана емес, бар жазуым да жария сияқты.Төбеден тексеріп әуре болмайды, сірә, компьютерімнің өзі жалғас. Иә, сөз жоқ, жалғас. Күнделікті не жаздым, қалай түзеп, қалай үстедім – бар мәтін алақанда тұр. Яғни... келіп, қолымнан алмаса да, жолынан алуға толық мүмкіндігі бар. Жоқ. Өзі айтқандай, маған ғана керек шимай-шатпақты қайтсін. Әуелде қызықты, атын шығарар жолдың бір тармағына балады, қазір қалай көсілсе де құп, дабырасы жер жарады. Сол атақпен салыстырғанда тарихшы ғалым деген не, тәйірі. Әйткенмен, көз жеткізу қажет еді. Әрі... жұмыстың бітіп тұрғанын айғақтайтын соңғы нүктені ұмытқан екем. Отырдым да, екі томдық мәтіннің ең соңғы бетін ашып, ақыр түбіне: "Тәмам. 1961, февраль – 1999, май" деп белгі соқтым да, дәл осы беттің төменгі жағына сәл түсіріп барып, азат жолдан бастап: "Мәке! Сүйінші! Отыз сегіз жылдық жұмыс сәтімен аяқталды!" – деп жаздым. Келер мезетте... электронды пошта емес, күнделікті зерттеу еңбектің соңы, мен жаңа ғана әзіл үшін жазған сөздеріме тіркесе... күтпеген жазу шықты: "Жарайсың! Мен саған сеніп едім. Сүйіншің – тоғыз миллион теңге және... екі айлық саяхат. Келер аптада Еуропаға сапар шегесің. Германияда – арасан, Италияда – теңіз, Испанияда – бұқа сайыс. Дем ал, қырық жылдық қам көңілден тазар. Кітабыңды содан соң шығарасың. Жаңа зерттеулерге кірісесің... Айтпақшы, саған бұрынғыңа қосымша, тағы бір "Алтын кәртішке" тиесілі – қарымы қай тарапта да ұзын, төрт мұхит, бес құрылықта бірдей жүретін "Америкэн экспресс". Қайырымен болсын бәрі де. Өзің."
39
Ертеңіне көңілім хош, сергек ояндым. Еуропаға сейіл, еркін демалыс қуанышы емес. Соңғы бес-алты жылда төрт рет араладым, мен көрмеген не қалды. Маған кесімді тәбәрік үшін де емес. Қыздарым түгел үйлі, күйлі болған, өзімнің тамағым тоқ, көйлегім көк, соншама мол ақшаға самарқау қараймын. Бас банктегі әуелгі "Алтын кәртішкенің" өзі қалған ғұмырыма артығымен жетеді. Қуаныш – мәңгілік мұратымның үддесінен шығуым. Әлбетте, сонау 61-жылы, арманшыл студент, өркеуде аспирант – талап зор, сенім мол, алғаш бастап кіріскенде белгіленген меже тым жоғары болатын, қазақтың өткен тарихынан кемі сегіз, тоғыз кітап жасамақ едім, нәсіпке жазбапты, кінәсін заманға артқанмен, талайсыздық – өзімнен, әйткенмен тым құрса қалың бір кітап – белгілі кезең, терең тарих таңбаланған түбегейлі зерттеуді ойдағыдай жазып шығудың сәті түсті. Тәуба, шүкір деймін.
Асығыс тұрып, жуынып-шәйініп, күндегі әдетіммен, аш қарынға, бал қосқан жарты тостақ ыстық су іше сала, таңғы тамақты қоя тұрып, жазу столына отырдым. Түнде басынан аяғына, аяғынан басына түсіп, көңілім тоғайып, тамашалап біраз отырғаннан соң, мың үш жүз бірдеңе беттік үлкен еңбекті түгелімен, екі дана қағазға түсіріп, баспаға тапсырар алдындағы бар шаруасын тиянақтап едім. Бірден аңдамаппын, стол үстіндегі сол екі текше қағаз көрінбейді. Сірә, әуелгі қолжазбалар, қосымша дерек, көшірмелер жинақталған шкафтың ішіне қойсам керек. Немесе, тарихқа қатысты кітап сөрелерінің біріне. Уақа емес, қазір табылады, әуелі орнымнан тұрмастан, компьютерімді тағы бір рет тамашалап алайын. Аштым. Жоқ! Қолжазбам жоқ!.. Аудардым, төңкердім, жаптым, қайта аштым – қайткенде де жоқ. Түбір, көлеңкесімен. Түнде ғана тұрған мың үш жүз қырық бет таза мәтін түгелдей өшіп қалғандай. Бәлкім, ауысып астыға түсті, немесе бөтен файлда. Ақыр-тақыр таза шықты. Астыңғы қоржында және ештеңе жоқ. Анда да, мұнда да елесі көрінбейді. Монография ғана емес, күрделі зерттеуге қосымша барлық дерек, көшірме, жазба, әр кездегі әрқилы байлам, түйіндер, әуелгі, мақала кейіпті жеке тараулар – өткендегі бүкіл дайындық жұмыс, өз алдына дербес мәні бар құнды мағлұматтар, ең соңғы қаралай нұсқаға дейін түгел ғайып болған. Қаншама заман бойы сыр бермеген қайран компьютерім бастан-аяқ, жаңа туғандай тыр жалаңаш, құр сүлдер ғана болып шықты. Абалақтап орнымнан тұрдым. Ең соңғы үмітім – қолжазбалар жинақталған арнайы текше және кітап-қабырғалардың төменгі, бітеу сөрелері еді ғой. Жоқ, қойылмаған. Стол үстінен көшпек екі том қайда, қағазға түскен барлық көрнекі жазбалар да тұтасымен, бір парағы қалмай, түгел жоғалған. Қолжазбаларым тұрыпты, бейбіт сөрелердегі Ежелгі Қыпшаққа қатысты бүкіл деректеме, тарихнама қопарыла көшіп кеткен. Бірақ манағы қолжазбалар сияқты, орны үңірейіп тұрған жоқ. Тазарған сөрелерді жаңа әдебиет басыпты. Ескілік емес, осы заман туралы: егемен еліміздің мемлекеттік құрылым, парламенттік жүйесі, көп партиялық феномені, ішкі және сыртқы саясаты, әлемдік беделі... туралы әрқилы жинақтар; елбасының ғұмырбаяны, саяси ұстанымы мен сөйлеген сөздері; еркін республиканың тарихи қысқа мерзімде жеткен жетістіктері, тәуелсіздікке тірек, барлық игі істерге ұйытқы болған тұңғыш президенттің жол-сапарлары, осы орайдағы ұтымды келісімдер жөні, шет жұрттық саяси қайраткерлердің таң-тамаша лебіздері топталған арнайы жинақтар; өрелі елдің елбасыдан соңғы көрнекті тұлғалары туралы анықтама кітап, ең басында, жеке дара әкімдер мен ірі байларға жалғас – Жиған Нұрғазин мен Мүштар Мақановтың түсті суреттері мен толымды өмірбаяндары, бұдан кейінгі жалпы тізімдегі игілердің қатарына біздің Марат Қазыбеков та ілініпті. Бұдан соң ала-құла, әрқилы кітаптар: саясатқа дейін ақындыққа талап еткен Мүштар Мақановтың Қазақстанды алып космос кемесіне, тұңғыш президентті бар тетіктің тілін біліп, бәрін жіті басқарып отырған ұшқыр-космонавтқа теңеген, қара өлең мен ақ өлеңді астастыра, орысша үзіктерді қазақша желдірмеге жалғастыра, кеңінен толғап жазған "Космоформула" атты роман-поэмасы, қарымды қаламгер Кәкен Жүсіповтың парламент депутатығынан дәметіп жүрген бір кезінде көңіл ауанымен жазып тастаған "Хан мен Президент" атты толғау кітабы... және сол қатарлас қаншама қоқыр-соқыр. Ең соңында, соңында емес, төбесінде – біздің Жармақтың өткен қыста, мені шақырусыз қалдырған алпыс жылдық мерейтойына арнап шығарылған, "Алып тұлға" атты суретті, иллюстрациялы, энциклопедиялық үлкен том. Өзімнің нені жоғалтып, нені іздеп жүргенімді бір сәт ұмытып, көлемі табақтай, қалыңдығы кірпіштей үлкен кітапқа жармасыппын. Түрегеп тұрған қалпымда ақтара бастадым да, бажайлап қарау үшін дәл сол жерге, еденге отыра кетіппін. Алғысөз, ғұмырбаян, қоғамдық қызметі, әріптестер лебізі, ең соңында атаулы жиындарда, әрқилы кездеулерде, парламент мәжілістерінде сөйлеген сөздері. Ғұмырбаян онсыз да белгілі, жұртшылық лебізі – түсінікті, айтылған сөздер... естігеміз, оқығамыз, артынан тағы қарап өтермін, кітаптың бел ортасынан ауа басталатын, жылтыр қағазға түсті бояулармен басылған суреттер еді ең қызығы. Суреттердің соңғы, жаңасы емес, әуелгі, ескілері. Өтірігі жоқ, өсіруі жоқ, таза, табиғи қалыптағы нақты құжаттар. Міне, мынау – менің кәрі әжем. Бауырында өсіп едім... Қайран әкем, бақытсыз анам. Өзімде де жоқ, қырық жыл бойы көрмеген, баяғыда әлгі алаяқ, ұрлықшы сұм алып кеткен суреттер. Әйтеуір жоғалтпапты. Мынау – көкемнің соғыстан бұрын, ҚазПИ-де оқып жүрген кезі. Жап-жас, сымбатты, тұлғалы жігіт. Келесі суретте көкем және апам – басына бөртпе шәлі жамылған, биязы, нәзік келіншек. Сен туардан жарты жыл бұрын, қалаға барып, арнайы түстік дейтін. Енді міне, басқа біреуге телініп тұр. Мен жоқпын. Мұрат. Марат Қазыбековтың әкесі Бейсен, шешесі Жібек... Иә, рас, оның да қатысы бар... Міне, өзім. Яғни мен. Көкем соғыстан оралғаннан соң, 1945 жылы, алты жастамын. Астына... Мұрат емес, Марат деп жазылыпты. "Бала Марат." Міне, студентпіз. Студентпін. Екеу емес, біреу. Ай жүзді Балжан. Он жетіде, он сегізде, он тоғызда. Жиырма. Уылжып тұр. Екеуіміз жаңа танысқан кез. Міне, мынау – екеуіміз! Балжан жаңа толған айдай, көркем келбетті... Тауға барып қайтқан күннің ертеңіне... мәңгілік өмірдің алғашқы сәтінен естелік ретінде түсіп едік. Бірақ бұл жерде де Мұрат емес, Марат деп көрсетілген. "Марат пен Балжан. Үйлену тойы қарсаңында. 1963, көктем, Алматы." Бір-ақ әріп өзгерсе де, дүние асты-үстіне түсе бүлініпті... Міне, енді анық өзі. "Марат. Еңбек жолының бастауы. 1963, жаз." Шатыры дүңкиген, абажадай, жалпақ үйдің алдында тұр. Сірә, әлгі тері-терсек, жүн-қоқыр жинайтын мекеменің орталық қоймасы. Бұдан әрі... жүрегім төңкеріліп түсті. Мақсат! Менің жалғыз ұлым!.. Қырқынан жаңа ғана шыққан, шолақ көйлегі қарнынан түріліп, шүметейі шелтиіп, шалқасынан жатыр. Міне бір жаста. Балжан екеуі, бесте. Шешесіне көбірек тартқан екен. Әне, менен аумайтын бала – кішкентай қыз. Меруерт. Бұл енді... Мараттың өзіне ғана тиесілі. Мақсат, Меруерт, Балжан. Толықсыған келіншек. Міне, салиқалы бәйбіше. Маратпен бірге түскен суреті. Қырық жаста. Әлі де қыздай көрінеді. Тек менікі емес, басқаға тиесілі. İшім алай-түлей болып кетті. Бес-алты бетті қатарынан аудардым. Мен... емес, Марат екен. Заман түзу, яғни мен барымнан айрылып, кедей, кембағал жағдайға әлі түспеген... тәуелсіздік қарсаңындағы сурет. Менің азбаған, тозбаған қалпым. Ешбір айырғысыз. Айырма сол, езіле, елбірей аңсаған өзгеше күннен бастап өркен тартты ғой. Ұлдар төмендеп, ұрылар көтеріліп. Бұдан соң... бағы асқан Марат, Марат, тағы Марат... Мен жоқпын. Бизнесмен Марат, саясаткер, қайраткер Марат... Атаулы топта, отбасында, жекелей... Міне, биік мінберден сілтеп тұр! Кенет менің бұл Маратқа ешқандай қатысым жоғы, қатысым болса... жаңа ғана, жаңа емес, түнде шырт ұйқыда жатқанда, осы Марат барақат тапқан қырық жыл бойы бейнетке батып, ақыры кеше ғана тәмамдаған ғұмырлық еңбегімнің зорлықты ғайыбы есіме түсті. Қол көтере алмаған ауыр, үлкен кітапты сол жерде, еденде қалдырып, тізерлей, әрең тұрып, сүйретіле басып, жазу столыма қайта келдім. Компьютер манағы қалпы, ашық тұр екен. Тек жадағай емес, сұрғылт экранға жаңа таңбалар түзіпті:
"Еңбегің ешқайда кеткен жоқ. Ұрлады деп ойламассың, онсыз да алғашқы таңбадан бергі бар көшірмесі менде. Енді түгелдей алдым. Жарыққа шығару мәселесін ірке тұрған жөн. Мүштар Мақановпен арамыз қайта бұзылды. Надан ғана емес, түйсіксіз пәлеқор екен. Ешбір былғаныштан тайынбайды. Шу көтеруі сөзсіз, кесірі тиюі мүмкін. Сабыр ете тұр. Тым ұзаққа созбаспыз. Әуелі дем ал. Содан соң жаңа зерттеулерге кіріс. Ең ұтымдысы – бүгінгі Қазақстан. Керек әдебиетіңді түгел жеткізем. Қажет етсең, жазып беретін кісілер де табылады. Тек біздің фамилиямен таралуға тиіс. Мәселен, елбасының көреген саясаты туралы. Шағын болса да жеке кітап. Тым құрса, көлемді мақала. Біздің өзіміз үшін. Үлкен кісі мақтауға зәру емес, бірақ оң тілеуді ұмытпайтын мәрттігі бар. Менікі кеңес қана. Сенің орайыңа келеді. Өткенмен шендестіресің ғой. Мәселен, Абылай хан Ресей мен Қытай – жыртқыш екі империяның арасында епті саясат жүргізді. Біздің елбасымыз атқарып отырған жұмыс, жүргізіп отырған саясат одан әлдеқайда күрделі. Ресей – Америка – Қытай. Беріден қарағанның өзінде. Қалғанын айтпаса да білесің. Алдағы уақытта ештеңе тындырмай-ақ, денсаулығыңды күтіп, бос жатсаң да разымын. Ал әзірге... қырық жылдық марафоннан соң екі-үш ай дем аласың. Әуелгі жоспардағы Еуропа емес. Әлемнің басқа бір тарабындағы экзотикалық аймақтар. Айталық, Мысырға барсаң. Ежелгі Египет перғауындарының алып пирамидаларын армансыз тамашалайсың. Суреттен көргендей емес. Мүлде басқаша. Қандай құдірет! Неше мың жылдық тарих. Солар да өткен дүниеден. Сол Египет те құлаған. Үйілген тасы ғана қалды. Немесе, Орталық, Оңтүстік Америка. Әстектер, майя мен инктер. Қандай мәдениет, қандай халықтар! Олар да көшкен жер бетінен. Өмірдің заңы, тарихтың үкімі. Қазақ деген не, осындай ғаламат тарих, ғажайып халықтармен салыстырғанда. Шындықты мойындау керек. Тап сенің жазуыңа қарап тұрған ештеңе жоқ. Жылап, зар төге бермей, бүгінгі күнмен дәурен сүр. Екі қайтара тумайсың, өткен-кеткен және келешек тарих сенің еркіңе бағынбайды, халқыңның тағдыры сенің қалауыңнан тыс шешіледі. Ендеше, бүгінге дейін өнімсіз болса да жұмыстың қызығын көрдің, енді қалған ұзақ ғұмырыңда тұрмыстың қызығын көр. Түсінсең, баянсыз тіршіліктегі жақсылы-жаманды атақ – айтарға ғана. Жұрт жамандағаннан өлген кісі жоқ, мақтап, мадақтағаннан мәңгі жасаған ешкім тағы жоқ. Тіршіліктегі атақ-абырой, тіпті, қисапсыз байлық пен ең үлкен биліктің өзі өмірді жеңілдететін құрал ғана. Қайткенде де сенікі. Ал өлгеннен соңғы даңқ – саған мүлде қатыссыз. Өмірден өштің, кейінгі есімің – шартты белгі ғана. Тарихты танығаның рас болса, осы сөзіме бас қоясың. Үлкен еңбегіңді ойдағыдай тәмамдадың, көңілің жайланды, өмірлік мұратыңа жеттің. Бүгін бақыттысың. Ертең, өзің жоқ болсаң, бұл бақыт қайда қалады? Ақырғы зейнетің мәңгілік емес. Бүгінгі барыңмен салыстырғанда. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз тыпырлап жүрген менің де бар қызығым бүгіндік қана. Ендеше, тәубаға кел, ақыл ойла. Өзің."
40
Ежелгі Египеттегі перғауын пирамидаларын көрдім. Менде әуестік жоқ еді. İш тарта таңырқау ғана бар. Содан соң мұң, шер. Бұрын әжептәуір мағлұматым болса да. Көзбен көргендей болмайды екен. Тамашалағам жоқ, жабықтым. Болған, толған, өлген. Тастан тау тұрғызар перғауындар емес, ғаламат мемлекет құрған, мәдениетке, құдыретке жеткен халық. Екі мың, үш, төрт мың жыл жасаған. Сән, салтанат құрған, өкімі жүрген. Ақыры қартайған, тозған, жер бетінен көшкен. Жеке кісілер ғана емес, тұтас халықтар да өледі екен. Тау қопарса да, тас жарса да. Сонда мына ғажайып ескерткіш не үшін. Арттағыға белгі, атаулы мұра деген не. Кейінгілер үшін қызық. Өткендер үшін алданыш емес. Кетті – бітті.
Месо-Америкаға бардым. Майя, әстек... Тағы да жансыз, тілсіз, көне ескерткіштер. Күңіреніп тұр, қаңырап тұр. Иесіз. Халықтан жұрнақ та жоқ. Мезгілімен қартаймаған, тозбаған, уақыты жетіп өлмеген, сырттан келген апат нәтижесінде келтесінен қиылған. Қырылды, жойылды, жоқ болды. Тасқа түскен ізі ғана қалды. Одан өткен жұртқа не пайда. Ал, зерттеп жатыр, ашып, танып, айқындап жатыр. Кеткен ел қайтып орала ма!..
Ойлап тұрсам, біздің халық кешкен жол – осы соңғы нұсқа. Тапады, жаныштады, қырды, тек түгесіп үлгермеді. Ендігі шаруа – уақыт иелігінде. Күтпеген, көлденеңнен сыйға тартылған Тәуелсіздік деген айнадан нақты көрініп тұр – ұлы денең жазылмас сырқатқа ұшыраған. Ұлтсыздық деген. Мый құрты. Өзіңді өзің жұлып жеп бітіретін. Дерттің біржола дендеген пішіні. Үкімің шығарылған, болашағың кесілген. Күмәнің болмасын. Өзін өзі өлтіруге бекінген сырқатты кім тоқтата алады. Он екі мүшесі бүтін, қайраты қабындаған жас жігіт болса да. Ата-ана, ағайын туысы күндіз-түні аңдып отырса да, ерікті өліміне жол табады. Ал сені күзетіп отырған көлденең ешкім жоқ. Серпіл, тіріл, өмірге қайта орал деген кісінің бәрі жау көрінеді. Ендеше, тарихын танытам, еңсесін көтеріп, елдік санасын оятам деп жүрген сенікі бос әурешілік қана емес, есалаң ақымақтық. Өнбесі өз алдына, ғазиз басыңа пәлекет келтірер, ақыры тапа-тал түсте көрге түсірер ғапыл іс.
Екі тараптағы екі айлық сырлы сапардан соң, дүниеден баз кешіп, яғни есім кіріп, біржола сауығып қайттым.
41
Сауықтым деп шамаладым. Жоқ, дертіме дерт қосыппын. Ешқашан оңалмас, қайтсе де жазылмас. Ұлтсыздыққа қарама-қарсы – ұлтшылдық дерті... Ал жарайды, елің – иесіз, азаматың – санасыз екен, халқыңның тағдыры кесімді екен. Сонда... сен не үшін өмір сүрдің? Бар ісің теріс, теріс емес, қажетсіз болса, саналы еңбектегі қырық жыл бойғы бүкіл ғұмырың зая кеткені ғой. Сын кезең, алмағайып сәтте сенен бөлініп шыққан жармақ Мараттың жолы дұрыс болғаны ғой. Келісу қиын еді. Келіспес жөнің тағы жоқ... Жоқ емес. Өйткені сенің бар ісің жөн. Мейлі, халықтың жайын ұмыта тұрайық. Бұл – ғылым ғой. Зерттеу, таным. Көне Мысыр туралы Египтология деген тұтас бір ғылым бар. Адамзаттың ежелгі тарихының бір саласы. Жоқтау үшін емес, білу үшін. Өткенді тірілту үшін емес, өрісіңді кеңейту үшін. Әстек, майя, төлтек, сапотек... Америка құрылығының байырғы жұрттары туралы тағы қаншама зерттеу. Сол халықтарды құртқан жендеттердің бүгінгі ұрпағы тарапынан. Тіпті, Америкаға ешқандай аласы, бересі жоқ, ай даладағы, бейбіт чех халқынан шыққан Мирослав Стингл деген жазушы қызғылықты дерек, байыпты толғамдарға құрылған тамаша кітап қалыптаған. Өтіп кеткен үндістердің рухын көтеріп, жаңадан ту тіккен еркін ел болуы үшін емес. Ғылымның қамы да емес. Өзі үшін. Ендеше, мен келешегі қалай десең де, болған, толған, дәурен сүрген қазақ деген халықтың өткеніне қатысты, көз майын тауысқан қырық жылдық күрделі еңбегімнен неге бас тартам!..
42
Тағы да ойладым. Өзім үшін емес екен. Яғни жеке бастың пайдасы жолындағы есеп немесе азабым. Бас пайдамды ойласам, тіршілік жөні көп еді. Тіпті, Мараттың жолын қумай-ақ, өз тарабымнан. Алдымда тұрды емес пе, бұралаңы, оппасы жоқ, даңғыл жол – докторлық дәрежеге, академик мәртебесіне тура бастар. Қазақтың түбіне жеткен советтік коммунизмнің кез келген тақырыбын ал да, өтірікті жүндей сабап, қарыс сүйем кітап шығар. Бәрін аласың. Ақыры мұзға отырасың. Кешегі шындық – бүгін жалған. Әуелде жалған болғандықтан. Манағы үлкен есеп те қате шықты. Ал менің есебім әуелден түзу, байыбым тыңғылықты. Бес күндік шолақ есеп емес, үш күндік, өнімсіз, өткінші байып емес, алдамшы пайдаға және құрылмаған. Қатесіз есеп, тозбас пайда. Мараттар қалай бағаласын, Мақандар қалай бұрмаласын, ақыр түбі дұрысқа шығар. Анығы сол. Менің өмірлік мұратым, қырық жылдық еңбегім өзінің межелі нәтижесіне жетуі керек. Яғни тасқа басылып, жарыққа шығуға тиіс.
43
Және ойладым. Рас, сенің халқың да мәңгі жасамайды екен. Мәңгі жасайтын кісі де жоқ. Адам өмірі шектеулі. Халықтың ғұмыры мың жылдық дейік. Соған жүз-ақ жыл қалсын. Жеке бір кісінің өмірі одан да кем. Алпысқа жеткен сен енді жиырма жыл жүресің бе, жоқ па. Мүмкін, бес-алты жыл, бәлкім, бес-алты ай. Мейлі, он, отыз болсын. Тіпті, жиырмаға жаңа келген жас екенсің. Сонда, енді алпыс жылдан соң өледі екем деп, өмірден баз кешпейсің ғой. Жоқ. Неше жасқа келіп отырсаң да, өміріңді ұзартар амал іздейсің. Қай межеде тұрсаң да, қанша ғұмырың қалса да, ақыр өледі екем деп, өзіңе өзің көр қазбайсың. Өлім жайын емес, өмір қамын ойлайсың.
Ендеше, аз жасасын, көп жасасын, кез келген этнос өмір шырағын, өмір жарығын қамдауға тиіс. Сен сол алауға қуат берер көп шырпының бірісің. Міндетіңді ұмытпа.
Сөйтіп, кітап туралы ойға біржола бекідім.
44
Қарап тұрсам, күш – менің Жармағымда емес, өзімде көрінеді. Бұған дейінгі тіршілігімді қамтамасыз етіп отырған – Марат деп ойлаушы едім. Сөйтсем, керісінше. Әуелде мен бөлінгем жоқ, ол бөлінді. Мен – бүтіннің негізгі, түпкі жартысы. Ол – бүтіннің қосалқы құрамы. Менің бар болмысым өзіме ғана тиесілі. Егер ол кездейсоқтан, немесе тура келген ажалдан өле қалса, мен осы жарты күйімде жүре берем. Мен өлсем... ол жарты қалпында ғұмыр кеше алмайды. Сондықтан да күш қана емес, билік те менде. Сондықтан да, бар бітімі қарама-қайшы бола тұра, жек көре, тіпті, жирене тұра маған қызмет жасауға мәжбүр.
45
Жармақтың баяғыда, екеуіміз бірге жасаған кездегі ғұмырын жақсы білсем, менен соңғы тіршілігін біршама танығандай едім. Екеуіміз қайтадан кездесіп, жаңадан одақтасқаннан бергі іс-әрекет, қызмет-қарекеті туралы мүлде дерлік бейхабар қалыппын. Ұзын сарын, жалпақ нобайы ғана. Мен өзімнің ескі тарихыма көміліп жатырмын, алды-артыма қарайлауға, үстірт те болса, бөтен бір кептегі ішкі істерін байыптауға уақыт та, ынта да жоқ, әйтеуір арам атақ пен алдамшы мансап жолында тыпырлап жатыр, айла-тәсілдерінің жалпы сұлбасы белгілі, өз тұрғыластарымен қарайлас, тым таза болмаса да, үйреншікті, қалыпты жағдайда шығар деп шамалайтын едім. Енді, екі әлемді аралаған, өзімнің дәл қазіргі сәттегі ахуалымды таразылап, болашақ қимыл жоспарымды ойластырған, көбіне ешқандай әрекетсіз, бос жатқан күндерімде Мараттың алпыс жылдық мерейтойына орай жасалған энциклопедиялық жинағындағы, көзге ыстық, көңілге мұң суреттерді – бәрін емес, Мақсат пен Балжанды сағаттар бойы телміре қараудан жалықпасам да, бір күні негізгі, мәтін бөлігін ақтарыстап отырып, әлдебір тосын тұсына назар аудардым, азғана дағдарыстан соң қайта үңіліп, бастан-аяқ мұқият оқуға кіріскен едім. Оқыған сайын одан әрмен түршігіп, ақыры төбе шашым түгелдей ағарып кеткен. Мараттың қоғамдық қызметі, жаңа бастамалары туралы рет, кезегімен баяндалған мағлұматтар менің Жармағымның кім екенін толық әйгілеген. Күні бүгінге дейін көбін білмеппін. Білгенім – бергі жағы, сыртқы көрініс қана екен. Бұдан үш-төрт жыл бұрын, жатқа беріліп, жалт бұрылған әуелгі қадамынан кейінгі бар сұмдығын танысам... қайтер едім? Ол тоқтамаса, мен молшылықтан бас тартып, қайтадан қайыршы кебіне түсем бе? Ол тоқтамас еді, мен де осы қалпымда жүре берер едім. Пендеде сондай әлсіздік болады. Сол кезде анық аңдасам ғой, өзімнің жетекші жағдайымды. Енді бәрі де кеш. Бәрін өткізіп алдық. Өтіп кетсе де, кеш те болса, жағдайды түзетуге... емес, бұдан әрі былғанбауға мүмкіндік бар. Әйтсе де, ең әуелі өзімнің жеке басыма қатысты шаруаны тындырып алу қажет. Әрі күш-қуатымды сынға салу. Көрейін енді.
46
Электронды пошта арқылы, жаңа билігіме сай, нақты талапқа құрылған шағын жолдама кетті:
"Бардым, көрдім, мәңгілік ештеңе жоқ екен. Халықтар өшеді, адамдар өледі, мәңгілік – артта қалған белгі ғана. Мен де өлем. Артымда қалатын белгі ескерткіш – "Тарихтағы қыпшақтар" атты түбегейлі зерттеу. Тақаудағы екі апта ішінде өзгеріс, қысқартусыз, сол қалпында, бес мың дана таралыммен, сапалы қағазға, қымбат мұқабамен жеке екі том ретінде бастырып шығармасаң, менің жер басып жүруімнің қажеті болмағаны. Өзім."
47
Біздің Жармақ менің айрықша басымдық жағдайымды өзімнен бұрын таныған. Әйтсе де, өзін емес, мені тәуелді санапты. Қарсылық жасайды, бұра тартады, кесе-көлденең бүлік шығарады деп ойламаса керек. Сонымен қатар, туа біткен мінез – алған бетімнен қайтпайтын, табандылық демейін, қиқарлығымды жақсы біледі. Ал шындығында, мен ең үлкен қаруымның шетін ғана шығарғам. Көрді, бірақ қасақана деп ойламауға тиіс. Әншейін, сөздің мысалы. Өмірлік еңбегім жарыққа шықпаса, өмірдің мәні қалмайды деген сарында. Яғни, реніш үстінде айтыла қалған бір сөз. Шындыққа айналып кетуі – екінші бір мәселе. Оның да, іске асатын емес, іске қосылатын күні туады. Әзірше, бірлік кезеңімізде пенделік доңайбаттың өзі жетіп жатыр. Жане талабым да заңды. Жаздық, енді жарыққа шығуы керек.
Марат қалай ұқса да, менің шыдамым шегіне жеткенін аңдауға тиіс. Мүмкін, ашу, ыза үстінде қияли болып кетермін. Есімнен адаспасам да, жүрегім талығып, денсаулығым нашарлап... қараптан-қарап өліп кетуім мүмкін ғой.
Арада жиырма минут өткенде қажетті жауап келді:
"Баспа екі аптада үлгермейміз деп отыр. Үш апта. Өзің."
48
Оншақты күннен соң арнайы шақыру бойынша атаулы баспаға соғып, директорымен бірге типографияға бардым, терімі қалыптанып, басылып біткен, енді табақтары бүктеліп, тігіліп, түптеуге шығарылған кітабымды өз көзіммен көрдім.
– Екі томды қатар жасап жатырмыз, әрқайсысы бес мыңнан, – деді директор. – Сізге авторлық он дана. Қалғаны ақша төлеуші фирмаға тиесілі.
– Ақшасын өзім де төлейтін едім ғой, – дедім мен. – Онда қосымша...
– Болмайды, – деді директор қатқыл үнмен. – Жасалған нақты шарт бар. Қожалық, айттым – "Қазыбек" фирмасында. Біз – орындаушы ғана. Бар кітабыңызды соған өткіземіз. Келісім бойынша. Арғы жағын өзіңіз білесіз.
Хабарласып отырмын. Тағы үш күннен соң мұқабасы әзір болды, түптеле бастады. Одан кейін дайын кітап топ-тобымен қатталған қалпында пресс астында тұруға тиіс еді.
– Қағазы қобырап, мұқабасы қаңсып кетеді демесеңіз, қолыңызға қазір тигізуге болады, – деді менің дегбірсіз жағдайымды аңдаған директор.
– Уақа емес... – деп барып, өзімді әрең тоқтаттым. – Қырық жыл күткен еңбек, – дедім. – Енді төрт күнге шыдармын. Кітап бабына келген соң алармын...
49
Міне, аппақ қағазға баданадай, айқын, әдемі әріптермен басылған, қалыңдығы екі-екі еліден – төрт елі, әрқайсысы алты жүз беттен астам, қос кітап қолымда тұр. Менің бүкіл ғұмырым. Азап пен бейнет, қасірет пен қайғы ақыр түбі қуанышқа бастады. Әсіресіз шыны, Қазақстандағы тарих ғылымы үшін үлкен құбылыс. Көп ұзатпай, орыс тіліне аудартсам, әлемдік ғылыми айналымға түскелі тұр. Бірақ басты мәселе танылуда емес, тындыруда. Қазақ үшін жазылды, қазақтың кәдесіне жараса, одан артық не керек. Әзірге менің жеке үлесіме тигені – он комплект, қос томнан жиырма кітап. Бәрі бірдей болса да, әрбір данасын алып, жаңа еңбектеген сәбише, тістеп көрмесем де, маған соншама жағымды, жұпар есепті типографиялық бояу иісін құмарта жұтып, тап-таза, қалың көк мұқабаны қайта-қайта сыйпап, сыртындағы күмісті, ірі жазуын жүз мәрте, ризашылық, масаттықпен қайыра оқимын, іші сырлы таңбаларға толы кітабымды ақтарып, аударып, төңкеріп қараймын, әрбір сөз, әрбір әріп, үтір, нүктеге дейін, өткен өмірімнің қайта оралған өзегіндей. Әр кітап – жаңа бір ғұмырым сияқты. Жиырмасын түгел жайып, стол үстіне қатарластыра қоям, одан соң қос-қосынан бөліп жинаймын, қайтадан жазамын, екі томды екі бөлек етіп, текшелеп қалаймын. Тағы да столдың бетін толтыра жайып қоямын. Ұзақ өмірдегі ең бір жұлдызды сәтім екен.
Ақыры, үш-төрт күн армансыз қызықтаған соң, өз аяғыммен апарып, қосар екі данасын Ғылым Академиясының кітапханасына, тағы екі жұбын Ұлттық кітапхананың ділгір әдебиет бөлімі мен жалпы оқу залына тапсырдым. Енді бірін тіркеулі қызмет орным – Тарихты зерттеу орталығына, және бірін өзім дәріс тыңдап, ғылымға жол ашқан Университет кітапханасына өткіздім. Дүниенің бар байлығы өз қолыңда тұрғандай, бұл да бір өзгеше мәртебе екен.
Бірақ менің қуанышым ұзаққа созылмады. Күн-түн демей, құнығып, өз кітабымды өзім қайыра оқып отырғанымда, библиографиясынан сырт көзге елеусіздеу бір қате шыққан. Қатарлас тұрған екі нұсқаның сілтеме беттері ауысып кетіпті. Сірә, өзімнен. Мұндай оқыс кінәраттар болады. Және одан ештеңе бүлінбейді. Алайда, маған өз кезегінде сілтеме жасайтын кейінгі зерттеушілер жаңылмауға тиіс қой. Үйдегі кітаптарды қолмен оңдадым, қалғанын да түзей салмақ едім. Бірақ кешегі кітабым бүгін Ғылыми кітапханада жоқ болып шықты.
– Иә, әкеп тапсырғансыз, – деді меңгеруші. – Әйтсе де... орнында жоқ. Сірә, біреу танысуға алған. Бірақ... тіркеуде, тағы жоқ. İздейміз, табамыз...
Ұлттық кітапхана турасын айтты.
– Сондай құнды кітап... біз каталогқа енгізгенше қолды болып кетіпті. Ұяттымыз, әйткенмен амал не. Айтпақшы, өзіңізде бар шығар, тағы біреуін әкеп берсеңіз, ықтиятты боламыз, бүджетте ақша бар, керек десеңіз, әуелгісінің құнын қосып төлейік...
Бұл екі кітапханаға енді біреуден емес, он, жиырмадан әкеп берсем де, ертеңіне ғайыпқа айналарына көзім жетті. Басқа кітапхана, оқу, ғылым мекемелерінің қоймалары да пана болмақ емес. Кітап киллерінің құрығынан қашып құтыла алмайсың... Сөз жоқ, біздің Жармақтың нұсқауы. Енді қалған, өз қолында тұрған төрт мың тоғыз жүз тоқсан жұп – тоғыз мың тоғыз жүз сексен кітапты қайтер екен...
Апта өтті, ай өтті, өзі уәде бергендей, ешбір кітап дүкеніне түспеді. Шеткері түгілі орталықта, Алматыда. Біразы облыстық кітапхана, әр тараптағы жоғарғы оқу орындарына берілуге тиіс еді. Өзім туып-өскен Арқада, Марат бауыр басқан Оңтүстік өңірде ешбір дүкен, кітап қоймаларынан ешқандай дерек шықпады. Яғни, бес мың таралым, бес мың түгел емес, менің қолымда қалған төрт данадан басқа барлық кітап жоқ болған. Біржола жоғалған. Бар ісі маған керағар Жармақтан бұдан басқа не күтуге болатын еді. Қаласа, тіпті, менің қолымда қалған төрт данасын да оп-оңай әкетеді. Бірақ тағы да апта өтті, ай өтті, ең соңғы төрт кітап жоғалмады. Бәрібір, ешқайда қашпайды деген. Әзірше қолында тұра тұрсын. Келіп-кетері шамалы. Тек сыртқа шығармасын. Сөйтіп, менің қырық жылғы еңбегім, бар ғұмырым жоққа сайды. Дүниенің тұтқасы – біздің Жармақтың қолында екен. Менің ғұмыр жіптігім – жалғыз жаннан басқасы.
50
Ойым онға бөлініп, әрі-сәрі кепте пайғамбар жасына жетіппін. Алпыс бір. Алпыс атаусыз қалып еді. Айтатын ештеңесі де жоқ. Енді алпыс бір... ілтипатқа шығыпты. Алпыс бірдің өзі емес, соның кейінгі қырық жылы. Яғни менің ғылыми қызметімнің қырық жылдығы. Біздің Зерттеу орталығының орынбасар төрағасы Қаражұмановтың өзінің басшылығымен арнайы комиссия құрылған екен. Мен марапат атаулыдан бас тартқан соң, сыртында "61 – 40" деген сары-ала таңбасы бар құттықтау қағазды жұмыс орнымда, өз қолыма әкеп тапсырды. Қасында дәл өзіндей тағы бір сұқит бар. Есіктен кірмей-ақ елбіреп, екі жақтап құшақтап, бет-аузымды бұзау жалағандай қылған. Не үшін келгендерін ұмыта жаздап, арқадан қағып, өтірік күліп азғана тұрған соң, басыма тақия кигізіп, қолыма адресін ұстатып, қосарласа тұтығып, әжептәуір мадақ сөз айтып еді. Ертеңіне "Ғылым жолына бағышталған қырық жыл" деген арқандай тақырыппен, әлгі еркін құттықтау негізінде жазылған біршама көлемді мақала, баяғы компартиядан мұра болып қалған, заты сол қалпы, аты азғана өзгеріп, "Социалистік Советстан" орнына "Егемен Нұрстан" – күні кеше ғана мені елден шыққан сұмырай қылып көрсеткен өкіметтік газеттің бел ортасын ойып, осы, Тарихты зерттеу орталығының орынбасар төрағасы, доктор, профессор, еңбегі сіңген қайраткер Алдабек Қаражұмановтың атынан жарияланып еді. Мен білімдар, жаңашыл, зерделі, қажырлы, үлкен ғалым екем. Тарихты терең түбінен бері төңкеріп бітіп, егемен еліміздің жаңа шежіресін жасауға бет бұрыппын. Бүгінгі қазақ руханиятындағы тұрлаулы тұлғалардың бірі көрінем!.. Пай, пай! Мұндағыларға қанша төлеп, андағылардың тілін қалай тапты екен біздің алаяқ бауыр? Кеше ғана менің үстімнен жалақор арыз жазған кісі, алдыңғы күні ғана адамның ақылы жетпес жала жауып, мені жер бетінен аластамақ болған баспасөз! Шынында да, ақшаға сатылмайтын нәрсе жоқ екен. Алпысты ұмытқан Жармақтың алпыс бірге соншама шашылуы – әрине, менің көңілімді аулау. Сонда мені де сатылады деп ойлай ма екен. Иә, баяғыда сатып алған. Кейінгі есебінің сәл-пәл қателігі болмаса. Маған шынымен жағынғысы келсе, кітабымды жарыққа жіберу керек еді. Кітап – атақ үшін деп ойлайды, сорлы. Енді сол атақты тегіннен алып бермек. Негізі, дәйегі қайда. Құр сылдыр сөз. Өйткені мен шынында да ештеңе бітірмегем. Бітірсем – желге ұшқан. Әуелгі зерттеу – жұлмаланып, күзеліп "түзетіліп", ішіндегі бар нәрінен айрылып, шынашақтай ғана кітап болып шығып еді, соның өзі сұмдық көрініп, тарамай жатып кәмпескеге түсті. Яғни, шыққан жоқ, жазылған да жоқ деңіз. Кейінгі, қырық жылға жуық зерттеудің қорытынды түйіні – көрнекті екі кітап, баспадан өте салысымен, өкіметтің қысымы, КГБ-ның тезіне түспей-ақ, ол да жоғалды. Яғни, болмаған есепті. Сонда не қалды? Арыдағы, шектеулі, академиялық басылымдар ішінде жатқан, өзім де ұмытқан төрт-бес мақала, берідегі, тырақай аттанға өзек болған, газет-журналдық тағы бірер шолақ мақала. Әуелгісі – тарих емес, тарихқа кіріспе, соңғысы ғылым емес, танымдық деректеме ғана. Жинақтап келгенде, түк те жоқ екен. Болатын еді – темір тордан шыға алмады, болған еді – жөргегінде тұншықтырылды. Ғылымы тұрыпты, өзінің жарық дүниеде болғаны екіталай. Ендеше, бұдан әрі өмір сүрудің де жөні жоқ.
51
Түгі жоқ тұлдырсыз тарихшы, қалтасы тесік жалған байшыкеш, қатардағы қарапайым пенде мына мен – Мұрат Қазыбеков, көлденеңнен жарты қасық май жұққан қисық ауызым алтын көрініп, осыншама мадақталып жатқанда, мансапты төре, шылқыған бай, жалғыз Алдабек емес, бүкіл Қаражұмандар әулетін ата-бабасының көрдегі сүйегімен қоса сатып алуға мүмкіндігі бар, аузы ғана емес, арам тесігіне дейін алтынмен кемерленген, көрген, естіген жұрттың бәрі менің сыңарым деп білетін арамза Жармақ – Марат Қазыбековтің тоқтау бермес атағы аспанға шығып, мерей, мәртебесі күн озған сайын күшейе түсті. Аталы, текті әулеттен. Әке-шешеден ертерек айрылса да, өзін өзі тәрбиелеп, өзін өзі жеткізген. Жас күнінен-ақ халық ортасына сіңісті. Жалпы жұртқа жұғымды. Алғашқы қадамынан бастап шаруашылық саласында, нақты еңбек жолында қызмет атқарған. Өзінің ерекше қабілетін, айрықша іскерлігін танытса да, тоталитарлық жүйе үнемі алдынан талқы құрып, басқару саласындағы қызметке өткізбеген. Соған қарамастан, алған бетінен қайтпаған. Мансап жолын емес, халқына қызмет жолын ұстанған. Тар заманда, жоқшылық, жаппай дефицит кезінде бұқара жұртты қажетті тұтыну тауарларымен қамтамасыз еткен. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, ұлттық байлық қорын жасау тарабында жемісті нәтижеге жеткен. Енді міне, алаштың ардагер ұлдарының бірі. Сонымен қатар, шынайы интернационалист. Елдегі елу жұрттың бәріне ортақ қайраткер. Жастарға ұстаз, жалпыға көсем. Адал, шыншыл, әділ. Қамқор, қолдаушы, демеуші. Бар байлығын халқының игілігіне жұмсап жатқан жомарт. Егемендік тұғыры түбіндегі әрі тірек, әрі сая бәйтеректердің бірі. Бүкіл еліміздің мақтанышы...
Иә. Басқасы басқа. Бар ісі туған жұртына қарсы бағытталған жалмауыздың өзі – ұлттың мақтанышы екен. Өз халқына қарсы қылмыскердің сол халықтың ең үлкен құрметіне жетуі – тек бізде ғана мүмкін болған жағдай. Бұл тарапта, шынында да, әлемнің алдында екенбіз.
52
Егемен елдің тірегі, ұлт мақтанышы Марат Қазыбеков тұтас бір жылға созылған, екінші жылға ұласқан мерейтой дабырымен астастыра, жаңа бір бағдар танытты. Жаңа емес, бұрынғыға үстеме. Кейінгі кезде әдебиет, тарих тарабындағы кейбір ұлтшыл, кертартпа элементтердің кесірі біздің күні бүгінге дейін халықтар достығының лабораториясы болып отырған көп ұлтты отанымыздағы халықтар бірлігіне қылау түсіре бастапты; түскен жоқ, түсуге мүмкін. Мәселен, кешегі "Темірқазық" журналының бағдарламасындағы ұлтшылдық біздің халқымыз үшін сырттағы Солженицын мен Жириновскийдің шовинизмінен әлдеқайда қауіпті депті. Өйткені, ол – сырттағы, тыңдамаған құлаққа жетпейтін, әншейін абың-күбің әңгіме, ал мынау – бізді іштен ірітетін, және күн озған сайын асқына беруге мүмкін іріңді кесел. Бұдан әрі біздің Жармақ осындай қатерлі кеселдің түп-негізі, шығу себебі, келешегі мен мүмкіндігі төңірегінде сөз қозғайды. Бізді жағадан алып, етектен тартып, кері қарай әкетіп бара жатқан, бұрын кеңпейіл халқымызда болмаған, болса, анау 20-жылдардың орта тұсында тамырына балта шабылған мұндай келеңсіз құбылыс қайдан шықты десеңіз, бұл – елбасымыз алып берген тәуелсіздікті теріс түсіну және сол кісінің қажыр-қайраты арқасында елімізде қалыптасып отырған демократиялық құндылықтарды аяқ асты етуге тырысу нәтижесі. Бүгінгі қазақ ұлтшылдары егемен жұртымызда тарихи қалыптасқан демографиялық тепе-теңдікті бұзғысы келеді. Ол рас, ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығы арқасында, тек үлкен Отан шегінде ғана емес, бүкіл әлем алдында десек артық болмайды, өзгеше теңдік заманда халықтар достығының лабораториясы атанған Қазақстанда, 1959 жылғы халық санағы бойынша, қазақтардың үлес салмағы небәрі отыз пайызға да жетпейтін. Ал содан кеміп кеткеніміз қане? Керісінше, тың көтеру науқанының дәуірлеген кезеңінде үлес салмағы одан да төмендеп, жиырма жеті пайызға түссе де, қазақтың атақ-абыройы көтерілді. Республикадағы барлық халықтың, оның ішінде ұлы орыс халқының қажыр-қайраты арқасында астық молшылығы жасалды, нәтижесінде тұрмысы түзелген қазақ халқы да өсіп-өнді, ақыры, тәуелсіздік қарсаңында жалпы санымыз республика халқының отыз бес пайызына жетіпті. Табиғи өсім нәтижесінде, жолдастар. Бұдан соң, егемендік дәуірде одан әрмен өрлеп жатырмыз. Міне, азғана жылда халқымыз тағы да еселеп өсті. Өссін. Өспесін демейміз. Мен ұзын санын айтып тұрмын, мырзалар. Бізде келмеске кеткен кер заманнан қалған бір дерт бар. Процентомания деген. Күні кеше өздерін еркін, яғни республика заңдарынан тыс деп есептейтін бір газетте "Алақай, қырық бірдеңе пайызға жеттік!" – деп дабылдатып жатыр. Байқайсыздар ма, пәлен миллионға емес, пәлен пайызға. Ал, пәлен пайыз екен. Одан сіздің кішкентай халқыңыздың саны көбейіп кете ме? Неше пайыз болса да, сол қалпында қалмай ма. Яғни, жолдастар, процент қуудың астарында басқа бір жымысқы саясат жатыр. Саның өспесе де, пайызың өсу керек сияқты. Яғни, өзің көбеймесең де, басқалар кемуі қажет! Міне, гәп қайда. Яғни, бағанағы бір көрімге бейкүнә пайыз – егемен елімізді мекендеп отырған басқа жұрттарды, ең алдымен орыс тілді қауымды жаппай қысым арқылы ерікті және еріксіз түрде ығыстырып шығарып, қайткенде де Қазақстан шегінде көпшілікке айналу! Айттық, көбейіңіз, ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ өз есебіңізден, яғни табиғи өсім арқылы. Басқаларды жылы ұясынан тықсыру нәтижесінде емес. Рас, көпе-көрнеу ешкім де қуып жатқан жоқ. Бірақ көзге көрінбес мәжбүрлеу бар. Сонымен қатар, жұртымызға жала жаба бермейік, объективті себептер де болды. Егемендіктің бастауында, нарықты экономикаға көшер қарсаңда, және көшкеннен соң, бір жағы тұрмыс таршылығы, ең бастысы – болашаққа деген сенімнің азаюы, яғни, қазақ ұлтшылдары ұлы орыс тіліне тыйым сала ма, ұрпағымыздың күні не болады деген қауіппен, тату көршіміз Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болды. Көтеріле көшу кейін, мұндағы тұрмыс оңалып, дүние түзелген кезде де тоқтамады. Өйткені мәселенің мәнісі, мана айтқанымыздай, тым тереңде жатқан. Соның айқын айғағы ретінде, енді мүлде керісінше жағдай қалыптаса бастады. Бір күнде емес, егемендіктің алғашқы күндерінен бастап. Менің айтып тұрғаным – кері көш, мырза жолдастар. Бізбен көршілес, бар жағынан артта қалған елдерден дайын асқа тік қасық болып, оралман дегендердің жаппай ағымы басталды. Ал енді көпе-көрнеу нәрсе, жылы орындарын тастап, бізбен достық жағдайда болса да бөтен елге шұбыра көшкен кешегі отандастарымыздың қамын ойлаған кім бар еді? Ешқандай жеңілдік жасалған жоқ, тым құрса көш ақысын беріп, шығарып салмадық, шындығында, мұң-мұқтажын алдынала ескерсек, ешкім көшпейтін де еді. Көшсе де бәрі емес. Енді міне. Сырттағы, көпшілігі совет те емес, алыс шет ел топырағында ғұмыр кешкен, түптеп қарағанда, елімізді қай жағынан алғанда да артқа тартатын тасқынға тоқтау салынбағаны өз алдына, әйтеуір қазақ аты бар екен деп, мемлекет есебінен, яғни осы елдегі барлық халықтарға, оның ішінде арамыздан амалсыз кеткен эмигрант ағайындарға да тиесілі байлықтың ортасынан ойып алып, молынан, тікелей көмек көрсету әдетке айналды. Бұл, біз еміреніп отырған, шындығында елімізді етектен тартатын оралман дегендеріміз кім? Ешкім теріске шығармайды, ұлты қазақ. Бірақ қазақ аты ғана. Шет елдерде туған, сонда өсіп, өніп, қалыптасқан. Менталитеті мүлде басқа. Дүниетанымы жат. Оның үстіне, ащы да болса, шындықты жасырмай айту керек, бұл не қазақ? Бұл сондай қазақ, күні кеше ғана отанын сатып, жат жұртқа қашқан, сол жақта жан бағып, жеке басының пайда, тіршілігінен бөтен ештеңе ойламаған. Нақты өзі болмаса, өткен әкелері, аталары. Енді келіп, мұндағы бар қиындықты өз басынан өткеріп, егемендік мәртебесіне жеткен байырғы, қазақ, орыс, кәріс деп бөлмейік, ежелгі жұртпен тең құқық алмақ. Біз жетпіс жыл бойы жасаған халық байлығынан тегін үлес алмақ. Әділдік қайда? Сырттан келген келімсек тегін үлес алғанда, мұндағы мен неге мүлде сыбағасыз қалуым керек? Күні кеше ғана оның атасы бар малын айдап, Қытайға, Ауғанға өткен. Менің атам елін қимай, өз отанында қалды, кәмпескеге ұшырады. Сонда мен кешегі қашқынның ұрпағының олқысын толтырамын деп неге екінші қайтара жапа шегуім керек? Сонда не болды? Ешкімнің дау-далабасы жоқ, мұндағы байлық – менің еншім, менің сыбағам, жалғыз мен емес, осында қалған қазақ қана емес, осы жерді дәл бүгінгі күні табанымен басып отырған тоқсан ұлтқа түгел тиесілі игілік. Бай екеніміз анық, бар екеніміз рас, бірақ дүниеде тегін ештеңе де жоқ, тегін болса, осы, өз ішіміздегі отандастарымызды жарылқайық. Ақиқатын айтқанда, берісі жетпіс жыл бірге жасадық. Сіз қалаңыз, қаламаңыз, әлі де бірге жасаймыз. Бұрынғыдай ынтымақта, өткендегідей татулықта. Ортақ байлықты ортақ игілікке жұмсау арқылы. Мұндағы жұртпен біздің менталитетіміз ортақ, ал сырттан келгендер, тіпті, қазақ-ақ болсын, шет мемлекет өкілі, менталитеті жат, көзқарасы бөтен, ішкі пиғыл, түпкі ниеттері де бөтен, жат болып шықса, таң қаларлық ештеңе жоқ. Біз жаңа ғана құрылып жатқан жас мемлекетпіз. Еліміздің жарқын болашағын ойласақ, оны іштен кеулейтін теріс ағым атаулыға жол беріп, қарап отыруға болмайды. Оралман тасқынына шектеу қою – ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы. Тергеу, тексерусіз келіп, оп-оңай азаматтық алып жатқан жат жұрттық оралмандар ішінде шет елдердің барлау қызметіне жегілген, сырты момақан, іші дүлей жансыздар болуы және ғажап емес. Өзінің теріс түсінігімен кейінгі жастарды аздырып, ұлтшылдық дертін қоздыратындар шығуы тағы күмәнсіз. Бір сөзбен айтқанда, әйтеуір аты қазақ деген желеумен егемен елімізге оралман келтіру – экономикамыз, әл-ауқатымыз үшін ауыр салмақ екені өз алдына, біздің уыздай ұйып отырған көп ұлттты республикамыздың бүгінгі тыныштығы мен ертеңгі болашағы үшін үлкен қатер. Рас, біздің егемен еліміздегі бүгінгі халқымыздың жалпы саны – жер көлемімен салыстырғанда тым аз. Сонда, бізді осы тәуелсіздікке жеткізген, егемен елімізді бүкіл ғаламға танытқан және бізді жарқын болашаққа бастап отырған көреген саясаткер, сүйікті елбасымыз, осы жақында ғана, өз халқына жаңа жылдық жолдауында белгілеп берген жиырма миллионға қалай жетпекпіз? Міндетті түрде қазақ болсын деген жоқ, мырзалар. Ең үлкен билік басындағы кемеңгер кісінің қарауындағы халқын ұлтқа бөліп алалауы мүмкін емес. Осыны ұғайық. Ал енді, әуелгі әңгімеге қайта оралсақ, мен айттым, аумалы-төкпелі бір кезеңде елімізден, аз-көп демейік, тура екі жарым миллион орыс, нақтылап айтсақ, орыс тілді ағайындар сыртқа кетіпті. Миллионға жуық неміс кетіпті. Жолдары болсын, бір заманда өздері де жер ауып келген, енді тарихи отанына бет түзеген немістердің. Ал орыс ағайындардың жөні бөлек. Бізді білімге, өнерге, ғылым мен техникаға жеткізді, байлығымызды игеріп, кен қазды, жерімізді түрлендіріп, завод, фабрикалар салды, бас-басына бытырап, қаңбақша көшіп жүрген жұртымызды отырықшылыққа үйретті, ең ақыры, бізді фашистік басқыншылардан сақтап қалды, басқа бір шет елдердің отарлауына жол бермеді. Енді Совет Одағы құлағанмен, Ұлы Россия өз орнында қалған бүгінгі заманда сол бауырлар бізден қалайша қол үзіп кетпек? Өз азаматтарымызды өзімізге қайтару керек, жолдастар! Жаңағы жат жұрттық, жат пейілді қауымға берілетін ақша жетпіс жыл бойы бізбен бірге бар қиындықты бөліскен, тағдыры ортақ, мүддесі үйлес совет адамдарына берілсін, бұрынғы, оралман дейтіндерге, жан басына бөлінген жарытымсыз алты жүз доллар емес, қаладан болмаса да, ауылдан үй сатып алатындай, жеткілікті мөлшерде, және шұбырған баласы жоқ, бастары кем, әрбір кісіге емес, әрбір отбасына есептеп, кемі он бес, жиырма мың доллардан белгіленіп, көтерме төленуге тиіс. Ақшалай қаражат үстіне басқадай көмек-жәрдем жергілікті жерде шешіліп жатса, құба-құп. Бірақ өздері шешеді деп қарап отырмай, нақты нұсқау түсіру шарт. Әрине, кешегі отандастардың бәрі бірдей қайта қоймас. Өкпелеп кетті, орнығып қалды. Сонымен қатар, жаңа жұртқа сіңісе алмай, заты орыс болса да, "казах", "кулак", "келгінші" деген атақпен кемшілік көріп, кешегі отанын, яғни мына біздің елді аңсап жүргендер қаншама. Сөз жоқ, олардың бәрі де, арнайы шақыру болса, және құрғақ қасық емес, отанына қайтып келетін шын оралман ретінде тиесілі қаражатпен қамтамасыз етілсе, сырт жақта бір күн де тұрмайды. Сонымен қатар, мына нарық, экономикалық, әкімшілік және саяси өзгерістер заманында сол Ресейдің өз ішінде тұрақтай алмай, әрі-сәрі жүрген тағы қаншама халық бар. Мәселен, Қиыр Шығыс, Сібір. Керек десеңіз, Камчатка мен Сахалин, Якут өлкесі. Бізге белгілі деректер бойынша, бұрынғы, совет заманындағы, жер шалғайлығы, табиғат қиындығына орай көтерме еңбекақы жойылған себепті және өндіріс орындары тоқыраған жаппай қиындыққа орай, ішкі Ресейге қарай лықып тұр. Біразы көшкен, енді біразы буынып-түйініп отыр. Көшкендер түгел орныққан жоқ, түйінгендер қайда барарын білмейді. Міне, осы еңбекші, қарындас қауымның бетін бері қарай бұру қажет. Ол үшін Ресей баспасөзінде және электронды ақпарат құралдарында пәрменді насихат жұмыстарымен ғана шектелмей, әр тарапқа, алыс, жақын демей, өз кісілерімізді аттандыру, көші-қонды жолға қою және осының бәрінің алдында жаңа мигранттарға қатысты шараларды нақты белгілеу керек. Мәселен, қаражат, үй-жай мәселесін шешу үстіне, қалаларда, іргелес аудандарда шектеулі кесімде, шалғай ауылдық аймақтарда егіндік, бақшалық ретінде кеңінен бөлініп, еншілі, меншік жер берілуі қажет, әуелгі бес жылда алым-салықтан босату және басқадай тұрмыстық жеңілдіктер. Сонда біздің республиканың халқы еселеп өседі, экономикамыз, шаруашылығымыз бүгінгіден де зор қарқынмен дамитын болады. Жетпіс жыл бойы халықтар достығының лабораториясы атанған Қазақстан жаңа заманда жаңа сапаға жетіп, қазақстандық деген біртұтас, жаңа ұлт – ХХI ғасырдың озық ұрпағы қалыптасқан, алдыңғы қатарлы, өркениетті елге айналамыз!
Міне, көрнекті мемлекет қайраткері Марат Бейсенұлы Қазыбековтің саяси платформасы, әр тараптан шыққан қолдау арқылы абырой тауып, нақты жүзеге аса бастаған іс-әрекеті осындай еді. Қысқартып, ықшамдап, жұмсартып айтқанда.
53
Мен жүрегім тітіреп, буын-буыным қалтырап, әрең отырмын. Ақыл-есі түзу ме сорлының? Өң бе, түс пе? Бұрынғы компартия тілі, бүгінгі өкіметтік "Ел бастау" партиясының жаршысы "Егемен Нұрстан" газетіне бір, егемен заманда қалыптасқан оппозициялық "Жол бастау" партиясының ұраншысы "Еркін Гүлстан" газетіне бір қараймын. Билікте отырған басылым мен билікке ұмтылған басылым, – қарама-қайшы екі топ, екі партияның үні бір жерден шығыпты. Елді кім басқарады дегенде бітімсіз ағайындар қазақ мәселесіне келгенде алауыздықты қойып, айрықша ынтымақ танытқан. Қатесі жоқ еді. Бұл бақас екі партияның саяси ұстанымдары қарама-қайшы, мүлде кереғар көрінгенімен, бар мұрат басқа тарапта, екі бағдарламаның да ешбір бабы қазақ мүддесін қорғамайтын. Өз мүдделері ғана бар. Яғни билік, оған жалғас байлық. Екі ортадағы қазақ айырбас мәнет дәрежесіне де жетпей қалған. Үлкен есепке енбеген. Онсыз да бар ұпайы түгел. Таң қаларлығы – бұл емес-ті. Совет заманындағы партноменклатураның жазылмаған заңы ғой. Таң қаларлығы – біздің бауырдың екі тараптың тілін бірдей табуы. Яғни, қандай жағдайда да, бәсекелес екі партия бірдей қолдайды деген сөз. Сонда қазақ... қазақ қайтпек? Ол кімді қолдап, кімнің сөзін сөйлейді? Сөйлесін, сөйлемесін, ертеңгі күні не болады? Мәңгіріп, езіліп біраз отырған соң, электронды поштаға жүгініппін. Сыпайы саясатты жиып қойып.
"Әй, Жармақ! Ауысып кеткенсің бе? Сонда, бұдан жүз елу жыл бұрын ата жұртында жүз пайыз болған, содан соң отарлық кепке түсіп, жаппай қырылған, шекараға жақын жұқанасы сен айтқандай, мал айдап емес, жан сақтап, жалаңаш-жалпы жер ауған, мұндағы қажыған, тозған қауымы жат жұрттың топаны астында тұншыққан, өз елінде өгей күн кешкен қазақ тәуелсіздіктен кейін де көрінгеннің аузына қарап, мәңгібақи азшылықта, кемшілікте қала беруі керек пе? Бұрын құл болып, табанда жатса, енді біржола тозып, құрып бітуі керек пе? Бұл не масқара? Қайдан ойлап таптың осының бәрін? Әлде сырттағы қожайындар сенің атыңды пайдаланып, немесе әлденендей кіріптарлыққа түсіріп, мәжбүрлеп отыр ма? Қайткенде де терістеме бер. Райыңнан қайт. Әйтпесе, аруақтың шамына тиесің, халықтың қарғысына қарасың. Мен – нағыз Қазыбек."
Бес минут өтпей, шұғыл жауап келді. Ол да әбден ыза болғандай, айылын жимапты:
"Ширек сорлы! Төбеден түскен тегін көжеге тойған екенсің. Бүгінгі тіршілігің кімнің арқасы? İш, же, жат! Менің де саған ешқандай бөгетім болмайды. Мен – бай Қазыбек, бар Қазыбек."
Намыстан жарылып, шарасыз қорлықтан құтырып кете жаздадым. Жаңа бір амал табу керек екен. Айтқан сөзінен қайтпайды, әрине. Бірақ тоқтату қажет. Ол үшін... Әуелі өзім тоқтап, сабырға келейін. Иә. Қазіргі нарықтық әрі бейпіл заманда кім не деп сандырақтамай жатыр. Мәселен, бүгінде ұлттың рухани көсемі танылып отырған атақты ақын, белгілі саясаткер Мүштар Мақанов күні кеше ғана қазақта тарих болған жоқ, Жәнібек пен Керейден Абылай, Кенесарыға дейінгі барлық хан – қазақ емес, яғни қазақта сіз айтып жүргендей, мемлекет те болған жоқ деп жар салды. Жалғыз өзі емес, әуелде тілектес, пікірлес он бес академикті, одан соң қатарлас, қанаттас жиырма сегіз парламент мүшесін бастап. Еңбекшілердің хатын, жеке тұлғалардың пікірін ұйымдастырып. Тура төрт жыл бойы республикалық барлық ақпарат құралдары арқылы жер-дүниені дабылдатты. Ешкім тіксінген жоқ, жан адам намыстанған жоқ, сенен басқа бір кісі бір ауыз қарсылық айтпады. Біледі, түсінеді деген азаматтарыңның өзі: "Әй, соның сөзін қойшы. Жүрген бір әулекі. Ат шығару үшін адам не істемейді" – деп, мүлгіп отыра берді. Қалған он бес пен жиырма сегіз туралы: "Қолын қоя салған да. Әйтпесе тәп-тәуір кісілер," – десті. Сол әулекіңіз бастап, тәуір кісілеріңіз қостаған, бүгінгі бағдарлама ғана емес, келешекке нұсқау есепті есалаң тезистер баспасөз арқылы жүздеген мың таралыммен аңғал халқыңның оянбаған санасына у болып құйылып жатқаны есеп емес. Тасқа басылған сөз атаулының бүгінгі қоғамдық ой, ұлттық сана, интеллектуалдық деңгейіңнің көрсеткіші ретінде тарихта таңбаланып қалатыны қаперге кірмейді. Мейлі, не болсақ та сонымен тоқтасақ қой. Жоқ. Енді арада үш-төрт жыл өтпей, сол Мүштар Мақанов ежелгі қазақ тарихы, әуелгі қазақ хандары, қазақ мемлекетінің орнығуы, өрлеуі турасында үлкен дастан жазыпты. Әуелгі пікірінен қайтты, қатесін түсінді деп ойлайсыз ба? Бұрында жоқ пікір енді қайдан келеді. Ол кезде солай айту тиімді көрінді, тым құрса, бес күндік дау-дамайда сөзін өткізу үшін. Енді басқаша сайраған тиімді. Ертең, хандығыңыз не, халқыңыздың өзі болған жоқ деп жарияласа несі бар. Ең қызығы, немесе ең сұмдығы ол емес. Кеше алай тартып еді ғой, бүгін былай тартыпты, мұнысы қалай деп айтатын ешкім жоқ. Өйткені кешегі сөз ұмытылған. Бүгінгі сөз де ұмытылады. Советтен қалған бір рәсім – сөзде байлау жоқ. Алай деп ойлады, бірақ былай деп айтты, ақыры, алай да, былай да емес, солай істеді дегендей. Совет адамдары – гомо-советикус деген өзгеше нәсілге тән, қалыпты мінез. Бүгінгі қайраткерлеріңнен – қара шаруаңа дейінгі аралықтағы. Айтқаннан шошынбайды, қайтқаннан жиренбейді. Біздің Жармақтың да сасық сандырағы енді екі жыл, жыл емес, ай, енді екі-үш айдан соң, тіпті, екі-үш апта өтпей ұмытылары анық. Бірақ сол сөз арқылы алған бедел бойында қалады. Бедел ғана емес. Манағы сөздің зардабы. Өзі үшін емес, басқалар үшін. Халық құрбанға шалынды. Нақты іс. Ал кім шалды, неге шалды – есеп емес. Ұмытылған. Бірақ мен ешқашан ештеңені ұмыта алмайды екем. Қайткенде де бір амалын табу керек мына сатқын сұмның... Амал тапқам жоқ, байыз тапқандай едім. Ит жемеде, өнімсіз ашу, нәтижесіз әрекет үстінде өліп кетпеуім керек екен. Шекем шыңылдап, қарақұсым ауырлай бастапты. Ұмытыла бастаған қан қысымы. Жазу столымның астыңғы тартпасын ашып, көп қораптың ішінен әсері тез энап деген дәріні алып, екі түйірін қатарынан таңдайымның астына салдым. Бір амалын табу керек мына сұмырайдың... Аһа! Иә, менің қолымда еді ғой!..
Сол мезетте жаңа бір жолдау жеткен.
"Ағасы, айыптымын. Мен сәл-пәл қызыңқырап кетіппін. Өзің білесің, саясат – былғаныш әрі өте ауыр кәсіп. Дау-дамай, талас-тартыс. Бірақ сенікі жөн. Демографиялық саясат төңірегінде артығырақ сілтеппін. Артық емес, мүлде қате байламдар. Мұрат-екесі! Түсінсеңші!.. Қайткенде де қазақта болашақ жоқ. Болса да, бүгінгі күні билік тұтқасы басқада. İште ғана емес, сыртта да. Шәйт деп көрші, тапап тастайды. Қудалаумен ғана шектелмейді, қылтаңды қияды. Заманға, тіршілік жайына ыңғайлану керек. Қандай да жетістік – баянсыз. Байлықты ұстау үшін билік керек. Билікті ұстау үшін байлықпен қатар – епті саясат. Біздің бүгінгі жетістігіміз – әуелгі басқыш қана. Сенен риясыз қолдау көріп отырсам, яғни көлденең бөгет келтірмесең, мен көп ұзамай-ақ бұдан да биігірек шыңға шығам. Осындағы зор мансап, қисапсыз байлыққа жеткен әкім, алпауыттардың барлығы да ақылды, айлакер ғана емес, іскер, білімдар деп ойлайсың ба? Біздің ширегімізге келмейді. Сенің етегіңді сүртуге жарамайды. Қай жағынан алғанда да. Қолайлы жағдай, қисынсыз қолдау нәтижесінде жеткен бәрі де. Мен жағдайымды өзім жасадым, қолдауымды өзім қалыптадым. Енді, үлкен айдынға шыққан екем, неге төрдің төбесінде отырмасқа? Айтпасам да ұғарсың, ол – кейін, талай өткелектен соңғы, ең үлкен мақсат. Ал әзірше, бауыр басқан жеріме басқа бір тұрғыда қайтып оралғым келеді. İстің сәтіне қарай. Қисыны келе жатыр. Бір бастасам, қалғаны оңай... Мен жарты болсам да сенен бөліндім. Жалғыз тірегім болса – ол сенсің. Риясыз жақсы көретінім онсыз да түсінікті. Өзіңнен аярым жоқ... Иә, айтпақшы, біздің Мақсат министрдің орынбасары болды. Қабылет, дарын өз алдына, қолдау, демеусіз өсіп жатқан ешкім де жоқ. Дүние орнында тұрса, бұдан соңғы жолы даңғыл. Тек кезінде ойламаппыз, қазақ тілі деген пәле алдынан шығып, бөгесін болмаса. Қазір, әрине, орыс тұрыпты, ағылшынға жетік. Енді өрісі кең деп, испан тілін үйреніп жүр. Қазақшасы да жетіліп кетер, аман болсын тек қана. Біздің Балжанның бар тілеуі осы балада. Жалғыз ұл деп қана емес, тұңғышым, жастық жүрегімнен жаралды деп, айрықша жақсы көреді. Мені қойшы. Сенің де тілеуің оң шығар деп ойлаймын. Әзірге жарар. Тағы да хабарласам. Өзің."
Мына сұмға дауа жоқ шығар. Мақсатымды араға салғанда... жүрегің қалай жібімес. Енді өзі де ұғынған шығар. Осымен тоқтайды.
54
Екі күн өтіп, үшінші күні атүсті хабар емес, арнайы жазылған хат, хат емес, бағдарлы мәлімдеме келді.
"Осы уақытқа дейін арыла сөйлеспеген екенбіз. Әрине, менің кінәм. Қажет санамағам. Әлі де күмәнім бар. Дегенмен, сен қабылдарсың, қабылдамассың, негізгі – сен үшін аса мәнді мәселе төңірегінде екі-үш ауыз сөз. Екеуіміздің арамыздағы алалық содан туындап жатыр.
Мен – болмаған тарихшы, сен – болған тарихшы. Бірақ менікі кемшілік емес, сенікі артықшылық емес. Керісінше, мен өзім таңдаған салада айтарлықтай табысқа жеттім, сенің өмір бойғы бар қырсығың осы тарихтан бастау алады. Тарихтың өзі емес, тарихтағы және бүгінгі қазақ туралы ұстанымың. Сен білетін қазақ – өткен заман қазағы. Рас, ер болды, мәрт болды. Ел болды. Бірақ ол қазақ Кенесары-Наурызбаймен бірге өлген. ХХ ғасырға жеткен жұқанасы, яғни кеудеде қалған кісілік пен намыстың ең ақырғы жұрнақтары 1932 жылғы ғаламат ашаршылықпен бірге тозды. Одан соңғы қазақ – мүлде басқа жұрт, басқа ұлт. Асып кеткенде, өткен қазақтың жармағы ғана. Сенің түсінбестігің сонда. Түсінбестігің ғана емес, трагедияң. Сен бағзы тарихтан таныған ежелгі ғұн, түрік дәуірі, оған тете Алтын Орда, оған жалғас Қазақ Ордасының елесімен жүрсің. Бүгінгі қазақ – сол қазақ, қаны бір, жаны ортақ, тек заманы басқа деп ойлайсың. Ал мен өткен тарихтың жалпы сұлбасын біле тұра, ой-пікір, байып-толғамым бүгінге бейім, бүгінгі қазақты нақты танып, зерттеп танығандықтан, сен сияқты елес, ой-қиялдағы қазақ емес, өзімізбен қатарлас өмір сүріп, тірлік кешіп жатқан ел-жұртымыз туралы мүлде кереғар қорытындыға келдім. Сенімен бірлес кезімде: баяғыда солай еді, енді неге бұлай деген күмән тұратын көкіректе; тымырсық архивтен кетіп, тар қаладан кең дүниеге шыққан, қазақтың қайнаған ортасы, жаңа өмірге бойлай енген соң, заман оза келе, неге бұлайын ғана емес, нақты қандайын да қапысыз таныдым. Әлемдегі ең сорлы, ең қор халық екен. Ақылдың аздығынан, қажыр-қайраттың кемдігінен емес. Күні біткен, болашағы жоқ халық екен. Білімнің олқылығы, қабілеттің төмендігінен емес. Ақыл да, қабілет те, күш-қайрат та жетерлік. Пайым, парасаты да артығымен. Жетпейтіні – бір-ақ нәрсе, өкінішке қарай, ең басты нәрсе. Арбаның күпшегі, қораның тіреуі деген сияқты. Бүгінгі тілге көшірсек, машинаның моторы, ұшақтың қанаты дегендей. Оның аты – ұлттық сана. Ұлттық сана жоқ қазақта. Жалғызға емес, жалпыға тән, сүйекке сіңген, қалыпты сыпат. Және назары мен қажыры күнкөріс, тіршілік соңында кеткен бұқара жұрт қана емес, ұлттың бетке шығар кісілері: биліктегі, бизнестегі, саясат пен шаруашылықтағы алпауыттарың тұрыпты, зиялы аталатын, елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан. Қайталап айтайын, қазақта ұлттық сана деген атымен жоқ. Қалған барлық пәле осы жалғыз-ақ кінәраттан туындайды.
Мен өткенді араға тартпаймын. Жарайды, отар болыпсың, кіріптар болыпсың. Бәрі сырттан, жоғарыдан шешіліпті, мұндағы қуыршақ үкіметіңе отарлаушы, өктем халыққа бейім ғана емес, исалмас, тіпті, өз жұртына жау кісілер тағайындалыпты, еріксіз ел амалсыздан бәріне көніпті. Қазір бас билік қазақта. Ал, не болды? Жеріңнің асты мен үстіндегі бар байлық талапайға түсті. Қарақшы болса да қазақ алса жөн ғой. Билік басында отырғандар азды-көпті параға түгелдей жат жұрттық жалмауыздарға өткізді. Жүз есе кеміс бағамен, тегінге жақын. Обал-сауапқа, аруақ, құдайға қараған жоқ. Тым құрса, қолда тұрғанда өздері алсайшы. Бірінің екіншісіне беретін бастырық ақшасы жетпеді, екіншісі – үшіншісі байып кетеді деп қорықты. Сөйтіп, қазақтың неше мың жыл бойы сақтаған, енді неше мың жыл бойы ұрпағыңды бақытқа жеткізер қисапсыз байлығы далаға кетті. Өзінен қызғанғаны өзгеге бұйырды. Мұндағы біздерге жұғын, қаспағы ғана тиді. Қазынаның бір шетінде жүрген бізге. Қалған қара қазақ тақырға отырды. Ендігі сыбағасы – мың жылдық құлдық. Әуелгі жүз жылға аман жетсе. Жетпейді. Кеткен кенің, таланған қазынаңа салауат. Енді табан астындағы қара жеріңнің өзі саудаға түскелі тұр. Жерді сату туралы мәселе көтеріліп жатқанынан хабардар шығарсың. Әзірше қабылдап үлгерген жоқ, бірақ сөзсіз жүзеге асады. Манағы ер қазақ мың жыл бойы қан төгіп қорғап келген, кейінгі ұрпағына мирас қалдырған қайран жер түгелдей жеке меншік бөліске түседі. Қазіргідей, үй салатын, бақшалық, шағын кесіммен емес, тауың тұтасымен, орманың орамымен, көлің көлемі, өзенің ұзына бойымен заңсыз телімге түсіп, кең далаңның дал-дұлы шығады. Әрине, қазақ үшін емес. Ұлтарақ тисе тәуба айтарсың. Ең шұрайлы, ең құйқалы, құнарлы қоныстарың түгелдей орыс-орман, жойыт-жебірге бұйырады. Шешім шығарған кім, бөліске салған кім? Азғана пайданы ойлап, мың жылдық ұрпағының болашағын кескен қазақтың өзі. Билік дерсің. Отарлық, жат жұрттық билік емес қой. Егемен деп аталатын елдің өз иелері. Қазақ. Ал, не айтасың? Саудаңның шынымен біткен жері осы. Енді нең қалды? Дінің мен тілің бе? Мұсылман болып жарытпаған қазақ қазір христиан дінін қабылдап жатыр. Кришнаит болып жатыр. Ешкім зорлаған жоқ. Өз қалауы, өз еріктерімен. Азып-тозудың бұдан артық қандай көрінісі болуы мүмкін? Ал тілдің мәселесі тіпті қиын. Әлемде өз тілінен безген жалғыз жұрт болса, ол – қазақ. Ана тілін тіршілікке қажетсіз деп санайды. Сондықтан, баяғыда орыс, енді ағылшын. Тума тілін білгісі келмейді, білсе тезірек ұмытуға тырысады. Жай ғана жерімеген, керек десеңіз жиренеді. Заттық және рухани қайыршылық үстінде отырып, соншама астам. Жалпақ жұртыңыз. Ал қазіргі "қазақ элитасының" жаңа әулеті өз ұлтын сыйламақ түгілі, қазақ атануды намыс көреді. Сен білесің бе, шет елге, республика қаражатымен, "Болашақ" атты арнайы бағдарлама бойынша, – Америкасы бар, Англия, Франция, Германиясы бар, әлемнің ең таңдаулы университеттеріне оқуға жіберілген, бес, он емес, бірнеше жүз қазақ жасының осы жақында ғана қандай мәлімдеме жасағанын? Қазақ ұлтшылдары, яғни мына сен талап етіп жүргендей, Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі күшіне енетін болса, біз мұндай отанға қайтып оралмаймыз деген. Міне, сенің ең тәуір болашағың. Ал енді ұлттың ұйтқысы болуға тиіс, сырттан шынында да солай көрінетін қазақ интеллигенциясы, өз тілдерімен айтқанда, "зиялы қауымға" келейік. Шыңыраудың түбінде жатқан, нағыз қорыс батпақ осы емес пе. Бос шулағаннан басқа не бітіріпті. Шуының өзі берекесіз, үзік-жыртық. Ештеңенің байыбына бармайды, ештеңені байыздап ұқпайды. Өкіметтің қыбын қалай табамыз дегеннен басқа қам-қарекеті жоқ. Дәрменсіз ғана емес, жалтақ. Тым құрса, өз бастарын қорғай алмайды. Күнкөрісі төмен екен. Кім кінәлі? Өздері. Жабыла мақтағанша, жапырлап сұрамай ма тиесілі сыбағасын. Сұрау тұрыпты, талап қоймай ма. Жоқ. Үйшік алдында бұратылып жатыр. Байлауда, аш ұстаған қожайынға жағынып, құйрығын бұлғаңдатқаннан басқа, ара-тұра көлденең өткенге шәу-шәу үріп қойғаннан басқа қандай тіршілігі бар? Мейлі, дәрменсіздігі заманнан дейік. Ұлттық мәселелерді көтере алмаса, білімсіздігі дейік. Бірақ адамдық кескіні қайда? Ұлт үшін, ұлттық рух, ұлттық мәдениет үшін жанқияр еңбек етіп жүрген бірлі-жарым азаматтарға жаппай топырақ шашуын қалай бағалаймыз? Кезінде Ахаң мен Жақаңды қалай құртты. Мағжанның түбіне қалай жетті. Мұхаңды қалай қудалады. Тоталитарлық система дерсің. Сол системаның сенімді қаруы кім еді? Мағжанның, Мұхаңның ұлтшылдығы туралы мақалаларды орыс жазып па, қайта, қорғаған сол орыс емес пе – бірін түрмеден шығарды, екіншісін мұратына жеткізді. Енді, отарлық заманды ұмытып, егемен күніңе келейік. Құлдар билікке жетті. Билік арқылы байлыққа кенелді. Кешегі, қарғыда өскен сатымсақ партноменклатура және олардың сырқат саналы үрім-бұтағы ғана емес. Өткендегі науқаншыл жандайшаптар мен жаңадан күш тапқан әрқилы авантюристер. Оларға ұлт емес, ұлағат емес, ордалы тұғыр, қордалы байлық қана керек еді. Бар мақсаты оңынан түсті, ойына келгенін жасады, ойрандап бітті. Дәл сондай таным, сондай пиғылдағы, бірақ билікке иектемей, байлыққа ілінбей қалған пақырлар не істеуі керек? Сататын, өткізетін ештеңесі де жоқ, қазақтың аты мен затынан басқа. Өткен тарихы, рухани қазынасынан басқа. Олар да топырлы дуға араласты. Билік пен байлыққа жағу үшін, өздерінің де кісі екенін әйгілеу үшін. Яғни, бұрын ештеңе де болмады, тарих та, мәдениет те бізден басталады демек. Баяғы Октябрь төңкерісінен соңғы құл-құтанның ұраны бойынша. Ата-қазақтағы ұлы тұлғалардың бәрі мансұқ етілді. Ойшылдарың – қияли, ақылманың – наркоман, ғұламаң – сатқын деп жарияланды. Ешқандай теріс айғақ, қиғаш дерек болмаса да, бәрі кәкәй. Есесіне, әр ауыл, әр аймақтан жаңа тұлға, ақын, батыр, әулиелер ойлап табылды. Дерексіз аруақ, тіпті, көпшілігі өмірде болмаған елестердің бүгінгі "алыптарға" ешқандай бөгісіні жоқ. Яғни, тақыр-таза жерде тау тұрғызу қиын емес. Өстіп, егемен заманның ерекше тұлғалары қалыптасты. Мәселен, ұлттың рухани көсемі Мүштар Мақанов сияқты. Айқай, ұран, құр кеуде. Не ақыл жоқ, не білім жоқ, не түйсік, не ұят жоқ. Және қалай айтсаң да, қазіргі жұртыңа лайық. Ой өрісі де, ұғым-таным деңгейі де, адамдық қалып, моральдық ұстанымы, өткен мен бүгінге көзқарасы да. Үйлес төбешіктердің ішіндегі шоқысы. Қажетті сұраныстан туған еріксіз тауар. Ел-жұртыңның қалауы мен тілеуінің нақты көрінісі. Жалпыға тән жамандықтың шіріген шикі жемісі ғана. Ал сен бар пәлені өзі де құрбан болып есептелуге тиіс, орайлы жолмен бақ қуған әумесір сорлыға апарып жапсырасың. Мәселен, күні кешегі, саған тікелей қатысты, қаншама айқай болған, тарих төңірегіндегі әңгіме. Сені сотқа тартуды, жұмыстан шығарып, шет елге қууды талап еткен "еңбекші" қауымға өкпе жоқ екен, – ұқпапты, білмепті, сөзге еріпті. Ал ұлттық парламенттің ғұзырлы жиырма сегіз депутатын, әрқайсысы әр салада үлкен атақ, абыройға жеткен он бес академикті, ананың да, мынаның да ішінде бөтен ешкім жоқ, бәрі де қазақ, сол, қырық бірдеңе кісі – егемен еліңнің бетке шығар азаматтарын қазақта тарих болмады, Әз-Жәнібектен Абылайға дейінгі барлық хандарың қазақ емес, моңғол, бұл халықта бізге дейін тиесілі территория да, тәуелсіз мемлекет те болған жоқ деп жұлқындырған кім? Иә, ұйымдастырушысы бар, бірақ нұсқаушы, мәжбүрлеуші емес қой. Өз еріктері, өздері. Не күн туыпты бастарына? Жарайды, бүгін көңілдеріне жақпаған әлдекімдерді мұқату, жеккөрінішті, сұмырай қылып шығару қажет екен. Сонда әлгі кісімен бірге өткендегі бүкіл қазақ тарихын мансұқ ету шарт па еді? Мейлі, жаңағы жиырма сегіз депутат түгел надан, он бес академигің түгел ақымақ екен дейік. Ал солардың осыншама сандырағын жарыққа шығарған баспасөз тұтқасында отырған кімдер? Бір, екі кісі емес, бір, екі басылым емес, бүкіл республикалық баспасөзге не болды? Бүкіл ұлтты қорлаған осыншама, бейбастақ қана емес, зиянды, былғаныш науқанға орай наразылық танытқан, қарсылық білдірген бір ауыз уәж айтылмауын қалай бағалау керек? Сұмдық қой. "Темірқазықты" қалай талқандар екен, Бас редакторға, мақала авторына қандай жаза қолданылар екен деп, қызыққа қарап қана отырды. Қазақ намысының, әдепкі адамгершілік қағидаларының өздеріне ешқандай қатысы жоқтай. Шынында да қатысы жоқ. Өйткені, бас пен аяқ бір қисап дегендей, арғы, бергіңе түгел тиесілі, жалпыға ортақ бір сыйпат бар. Ұлтсыздық деген. Ұлтсыздық – ұлттық сана, ұлттық сезім, ұлттық танымның жоқтығы ғана емес. Адамдық кептен айрылу, қасиетсіздік деген сөз. Бір кісі, он, жүз кісі емес. Тақта отырған патшадан тақырда отырған қарашыға дейінгі аралықтағы бүкіл ел-жұртыңызға еншілі сыбаға. Біле-білсең, өкіметте, жоғарғы, төменгі билікте алабөтен кінә жоқ. Барлық былық ісін халқыңның қалуымен, қалау болмаса, мақұл, ризашылығымен, бұл сөзді артығырақ көрсеңіз, үнсіз, дәрменсіз келісімі нәтижесінде жүзеге асырып отыр. Жалпақ жұрт, бүкіл қауым санасыз, намыссыз, тілсіз ғана емес, өжданы кем, рухы әлжуаз болғандықтан. Енді осындай жетесіз, құнсыз халық үшін мен неге өлуім керек? Сөзіме сендіре алмаймын, сенгені сол, өзімді қарабет қылғысы келеді. Көзін ашайын десем, менің өзімнің көзімді шығаруға бейім. Отқа айдасаң, боққа қашады, түнек шыңырауға, қараңғы көрге ұмтылады, және сені өзімен бірге ала кетпек. Жоқ, мен тойып біткем сенің қазағыңа. Кешелі, бүгін емес, бұдан қырық жыл бұрын, өмір жолының басында. Сенен бөлінуім – сол түңіліс нәтижесі екен. Тура жол тауыппын. Өмірім оңды болды. Азап, қайғысыз, ой, уайымсыз. Барлықта, байлықта. Ал сен ше? Итпекте деп айтпайын, не асқа, не киімге жарымадың, азап астында, мазақ, қорлық үстінде күн кештің. Кейінгі алған алғысың тағы белгілі. Енді келіп мені кінәламақсың. Сатқын деп ойлайсың. Әй, бұл қазақта сатылмаған кім қалды? Не қалды? Қираған, суға батқан кемемен бірге кету – кісілік пе? Жан сақтап, жуан бөренеге жармассам – жамандығым ба? Және жан сақтығысы келетін – жалғыз мен бе? Күшің бойыңа сыймай бара жатса, сол мықтыларды жөнге келтір. Әйтпесе, менің азғана қызығымды улама. Онсыз да жаным жаралы, тынышымды кетірме. Мен осы қырық жыл бойы жетісіп жүрді деп ойлайтын шығарсың. Балжан мен балалардан басқа қызығым болған жоқ. Бауыры қызу жас тоқал – ашу, ыза, түңіліс жан-жақтан құрсап, күн еңкейген кездегі алданыш қана. Ендігі бар көрер игілігім – билікте ме деп едім. Араға келіп сен қыстырылдың. Күйдірме жанымды. Тыныштық бер. Жармақ.
P.S. Екі сөздің бірін жеткізе алмадым. Әйтсе де екі қайтара оқы. Содан соң өзінен өзі өшеді, бұрынғы хаттар сияқты. Мен алдымда да, артымда да айғақ қалдырғым келмейді. М.Қ."
Біздің Жармақ бүтін шықты. Ақырзаман адамы. Қазақ ақырзаманының. Бүкіл дүниеден түңілген – ештеңеден тайынбайды, иман, ұяттан ада – ешкімге сенбейді, сөйте тұра өмірге соншама құштар. Оның ұғымындағы өмір – билік пен байлық. Екінші қайыра, ежіктеп оқып шықтым. Пәлсапасы күшті. Шын мәнісіндегі ит тірлігі үшін бәрін де құрбанға шалуға әзір. Үшінші қайтара, басынан түсе бергенде жалп етіп өшті. Өзі айтқанындай. Қызық. Атақ пен мансап жолында бөгет болуы мүмкін айғақ қалдырмайды. Бірақ адалдық, азаматтық жолына көлеңке түсірер, ақыр түбі туған жұрт алдында қарабет қылар айғағы жетіп артылады. Әйтсе де, бүкіл өмірі арам есеп, жалған іспен өткен Жармақтың бұл жолғы жан ышқынысы – бақытсыз бейбақтың ақиқат ұғым-түсінігінің көрінісі екендігіне күмән келтірмегем. Жүрегімнің басына үйірілген бір сәттік аяныш сезімін тез өшірдім. Аясам – өзімді аяуым керек екен. Ал Марат... амалы табылған сияқты. Тек іске асыру... қиындау.
55
Араға ай толмай, баяғы, өкіметтік "Егемен Нұрстан" мен кейінгі, оппозициялық "Еркін Гүлстанда" қатарынан, кезекті мақаласы жарияланды.
Өткендегі газет басылымдары, теледидардағы сөз және соған орай нақты бағдарламам бойынша, кейбір ұлтшыл, артта қалған кертартпа көзқарастағы азаматтар мен туралы қиғаш пікірлер таратыпты деп бастайды. Мен өзімнің туған ұлтымның болашағына балта шабады екем. Мен қазақшыл емес, орысшыл екем. Өткендегі отаршылдық елестері қайта тірілген екен. Кейбіреулер, тіпті, менің қайдан келіп, қайдан шыққаным төңірегінде күмән туғызыпты. Дүниеде сондай кісі бар ма өзі, әлдекімдердің арам мақсатын жүзеге асыру үшін ойдан шығарылған қуыршағы емес пе дейді. Оны аз десеңіз, кейбіреулер менің туған ауылым, Арқадағы Егіндібұлақтан хат ұйымдастырыпты. Біз білетін жалғыз-ақ Бейсенұлы Қазыбеков бар еді, Мұрат деген елеусіз тарихшы, бұл Мұрат жалғыз еді, жалқы еді, сонда әлгі Марат Бейсенұлы Қазыбеков қайдан келген дейді. Міне, осындай, кісі күлерлік жағдай.
Білмесеңіз айтайын, сізге ғана емес, бүкіл қауымға. Мен – Марат Бейсенұлы Қазыбеков – атақты Қаз дауысты Қазыбектің тоғызыншы буындағы ұрпағымын. Біздің әулет, арғы аңыз заманды айтпайын, бергі, тарихқа танымал үш жүз жылда қазақ еліндегі атаулы тұқым болды. Бай да шықты, би де шықты, батыр мен бағлан, керек десеңіз, ақын, әнші, күйшіге дейін. Мен, елеусіз емес, белгісіз емес, танымал тарихшы Мұрат Бейсенұлы екеуіміз – сол тұқымнан қалған соңғы тұяқпыз. Бар, жоғын емес, танымалдық тұрғысынан айтамын. Әке-шешеден ерте айрылдық, соған жалғас Полигон деген пәле шығып, біздің әулет ірге тепкен Қу ауданы ыдырап, ел ата-қонысынан ауды. Сондағы, жан-жаққа бытырай көшкен жұрттың қайсысын кім түгендеп алыпты. Менің азамат болып атқа мінгеннен бергі ғұмырым Оңтүстікте, Мәркент ауданында және сол аттас қалада өтті. Кім екенім, қандай қызметтер атқарғаным ондағы жұртқа жақсы таныс. Бұдан соңғы, тәуелсіздік жылдардағы бар ісім жалпы қазаққа мағлұм. Мен кірме емес, таза қазақпын, және атап көрсеттім, ешкімнің дауы жоқ, текті тұқымнан шықтым десем асылық емес. Сондықтан да, ата көрген оқ жонар дегендей, ғұмыр бойы туған халқыма қызмет етіп келемін. Тек өздерін ұлтқа тұлға, елге жанашыр санайтын кейбір азаматтардан бір айырмам, қазақ халқының ұлттық мүддесін Қазақстан аталатын мемлекет мүддесінен бөліп қарамаймын. Қазақ – Қазақстанмен ғана. Қазақстан өсіп, өркендесе, қазақтың да мұратқа жеткені. Және керісінше. Ал иммиграция, яғни келгіншілер төңірегіндегі мәнсіз дауды қайта қоздырудың қажеті жоқ деп білем. Бізден гөрі тереңірек ойлайтын елбасымыз нұсқап көрсеткен меже бар. Республикадағы халықтың ұзын санын жиырма миллионға жеткізу – келешекте бұдан да жоғары қарқынмен дамуымыздың кепілі. Алып-қосары жоқ анық ақиқаты да сол. Тек мені әсіре орысшыл дегендерге азғана уәж. Мен бұл сөзді теріс көрмеймін. Абай да орысшыл болған. Шоқан да орысшыл. Мұхтар Әуезов те орысшыл. Азаматтық еңбек жолын шалғай ауылда өгіз өктеуші болып бастаған, оқымай-ақ өрелі биікке жеткен, осы соңғы жылдарда ғана, мүмкіндік, жағдайы келген соң қолға алып, ұлы халықтың ұлы лұғатын тезінен игеріп, орыс тілінде қарыстай екі кітапты қатарынан жазған, әрі арқалы ақын, әрі аймаңдай саясаткеріміз, ұлт мәселесін көтеруде қажымай, талмай арпалысып келе жатқан рухани жолбасшымыз Мүштар Мақанов та орысшыл. Солардың бәрі жат па екен қазаққа!.. Әйтсе де, Мүкең екеуіміздің заманымыз алдыңғылардан басқаша. Сондықтан да басқаша айттым. Мен жазушы да, ақын да емеспін. Мүмкін көкейдегі ойымды дұрыс жеткізе алмаған шығармын. Әйтсе де, менің оппоненттерім аңдамаған екен. Мен көтерген орыс мәселесі – үкімет пен парламент ұстанып отырған демографиялық саясаттың бір бөлігі ғана. Қазір әлемде моно-этникалық бір де бір мемлекет жоқ. Қырық құрау, бір түйінді Американы айтпай-ақ қояйын. Франция, Германия – бәрінде де басқа ұлттардың үлес-салмағы әжептәуір. Мәселен, Францияда екі миллион араб, Германияда төрт миллион түрік дегендей. Бүгінгі Қазақстан – орыс пен қазақтың ғана отаны емес. Тағы тоқсан ұлт бар. Дөңгелектеп айтқанның өзінде. Қалай айтсаңыз да, тарихи қалыптасқан ақиқат. Алда да солай болса несі бар. Біз сырттағы қазақ көші тоқтасын дегеміз жоқ. Келсін. Бірақ өз орнын білсін. Есіктен кіріп, төр біздікі демесін. Және артық сыбаға дәметпесін. Жаңадан көшіп келген қазаққа айрықша жәрдем берілсе, басқа жұрт не ойлайды? Нәсілдік алалау деген осы емес пе. Мұндай көңілшек жомарттықтан соң елдің, мына мемлекетіміздің сүттей ұйып отырған халықтарының арасына сызат түспей ме. Еншісіз сыбағаға шек қою керек деген әңгіменің төркіні қаражатта емес, саясатта. Ертең мұндағы жалпы жұрттан менталитеті бөлек сыртқы қазақ әлдебір жерде ұлт-аралық жанжал шығарып жатса қайттік? Ұтқанымыз сол ма? Керісінше, оралман болып, тегін олжаға батқысы келген қазақтың сол қазіргі елдерінде отыра бергені біз үшін пайдалырақ. Мәселен, Қытайдағы қазақ диаспорасы, Ресейдегі қазақ диаспорасы осы екі ұлы елмен арадағы достық, туыстық қатынастарға дәнекер болмай ма!
Енді иммиграция мәселесіне қайтып ораламын. Өткенде Ресей туралы ғана айтық. Енді сол сөздің басқа бір тармағына келейік. Тақау көршілер – Орталық Азияның Оңтүстік бөлігі. Қырғыздың жағдайы ауыр, бірлігі кетіп, берекесі қашқан. Өзбектің жері тар, тұрмысы қиын. Тәжік туралы сөз де жоқ – таршылық әрі беймазалық. Осы туыстас үш республикада қолы бос қаншама жұрт біздің солтүстік көршіміз Ресейден кәсіп, нәпақа іздейді. Дәл қасындағы біздің үстімізден аттап өтіп, алыстағы Ресейден. Және тұрақты емес, маусымды жұмыс. Толық емес мәліметтерге қарағанда, небәрі төрт миллион халқы бар Қырғызстаннан бес жүз мың жұмыскер шығыпты Ресейге. Бес миллиондық Тәжікістаннан – сегіз жүз мың. Жиырма бес миллион Өзбектен қанша шығатыны есепке сыймайды. Осы, алыс шетте теперіш көріп жүрген туыстар Қазақстанға қарай бет бұрса, қажетті жұмысымызды жасап берсе, тіпті, Ресеймен екі арадағыдай сабылмай, үй-жайларымен көшіп келіп, біржола тұрақтап қалса несі бар. Рас, өзбек пен қырғыз бізде де жүр. Ресейге өтетіндерінің оннан біріне толмайды. Ешбір есепте жоқ, келеді, кетеді. Ал бізде жұмыс күші жетіспей жатыр. Жаңа айтқанымыздай, өзбек пен қырғыз, оған қоса тәжік бері қарай ауса, ортамыз толмай ма. Әрі алыстан келген бауырларымыз сияқты, болмаған алашағын қумайды, жағдай жаса деп тағы зарламайды, артық шығынға түспейсің. Көжесін ішіп, керекті жұмысын жасап, өз жағдайларын өздері түзеп алады. Оның үстіне, бұл жұртыңыз бала-шағалы, ұйымшыл. Арада, бес-он жыл өтпей-ақ, өсіп, өніп, кетігіңізді бүтіндеп береді. Жиырма жылда манағы жиырма миллионыңыздың өзі беріде қалады. Міне, мәселе қайда, мырзалар. Қайталап айтам, мен орысшыл ғана емеспін, қырғызшыл, өзбекшіл, тәжікшіл болып көрінермін. Өзге ұлтты сыйлау – өзіңді жек көру емес. Айналып келгенде, бәрі де осындағы қазақтың қамы. Мен, интернационалист бола тұра, ең алдымен қазақшылмын. Қазақ мүддесі – менің мүддем. Менің күрес жолым – атақ шығару, пайда іздеу жолы емес. Халқым таныды – одан артық не керек. Ел қатарлы тіршілік құратын жағдайым бар – одан артық не тілеймін. Менің пайдам да, тіршілігім де, тілегім де – туған халқымның болашағында!..
Міне, тағы да ықшамдап, артық желін шығарып бергенде осындай. Жай ғана сандырақ емес. Аяр, улы, зәрлі сандырақ. Ақыры түпке жететін нақты бағдарлама. Бүгінгі бәтуасыз, жауапсыз сөздің ертең шындыққа айналуы – оп-оңай.
56
Көріп тұрмын, көзім жетті, мұнымен де тоқталмайды.
Ал, өзі арман қылып айтқандай, Оңтүстіктің әкімі болсын. Одан да үлкен мансап жоқ па екен. Мәселен, премьер-министр дегендей. Байлығы он есе, жиырма есе өссін, атағы аспанға шықсын, бірақ бұл да арманның шегі болмай қалады. Одан әрі тағы бір тақыт тұр. Келесі кезекте қол созса несі бар. Ойға алғаннан бастап айтылатын сөз, жасалатын қарекет тағы да он, жиырма есе. Осы, ең соңғы, ең үлкен билікке жеткенше желкеңді қиып бітпей ме. Жетсе... жеткен соң берік орнығу керек емес пе. Және одан әрмен баю. Орнығу үшін жарты әлемнің көңілін табу керек. Баю үшін... одан әрі қайда демеңіз, әлемдегі ең ірі байлардың тізімі бар емес пе, мультимиллиардерлер, соның алдыңғы легіне ілігу керек. Содан соң әуелгі ондыққа, бестікке. Осы байлықтың шегіне жету үшін, әлгі билікте біржола беку үшін табан астындағы қара жер, төбедегі көк аспан тұрыпты, ата-бабаңның көрдегі қураған сүйегіне дейін сатып бітірмей ме. Қазірдің өзінде қалтырап әрең отырған, кеудесінде шығасы жаны ғана қалған сорлы халқың ең соңғы тиянақ, ең соңғы үмітінен айрылса не болмақ! Тоқтау бар ма мына пәлеге? Жоқ. Өкіметің де, парламентің де соның ар жақ, бер жағы. Бәрі бір қисап. Бәрі де елдің есебінен. Қазақтың. Тағының тұғырын бекіте түсу үшін, дәулетін дария, мұхиттан асыру үшін ештеңеден тайынбайды. Біздің Жармақ сол көптің бірі ғана. Бар соры – менімен жалғастығы...
Қайран халқың... Несіне жаным ашып отыр деп ойладым. Жармақтың айтқаны рас. Онсыз да жер бетінде қалғысы жоқ. Өмір сүргісі келмейтін халыққа қалайша ара түспексің? Жаны қиналған азабын жеңілдетіп, тезірек аттандырып жіберу де сауап шығар. Қайткенде де обал жоқ. Обал... кейінгі қызыл қарын жас балаға обал. Әй, құлдықта туды, құлдықта өседі, әкесі анау, тәрбиесі мынау, барына риза болады, артымыздағы баланың әуелгі толқынын көріп отырмыз ғой, қазақсың дегенге намыстанып өле жаздайтын, обал жоқ екен. Балапан – басына, тұрымтай – тұсына. Шын обал іздесең – қадарынша халқына еңбек еткен, үмітпен күн кешкен, ақыры бар тілегі сарып болған, байырғы қазақтың ең соңғы сарқыны, аз да болса алаш ұранды азаматыңа жаның ашысын. Аясаң, мені ая, бар еңбегі құрдымға батқан, бар өмірі зая кеткен. Алаштың азаматына обал. Маған обал. Бірақ сол аяу мен есіркеуден маған келіп кетер ештеңе жоқ. Онсыз да біткен адаммын. Менің обалым – фәниде емес, бақида. Арыдағы, айбарлы жұртына асқар таудай тірек болған аруақты бабаларыма қалай көрінем. Алаш ардагерлері қатарында атылып кеткен үлкен әкемнің бетіне қалай қараймын. Қысаста өскен, бөтен соғыстың от-жалынын өткерген, екі рет жер бетіндегі жаһаннамға түсіп, екеуінде де мені жеткізу үшін тірі шыққан, арманда, қапада қайтқан, бар үмітін маған артқан қайран көкем не айтады ертең, о дүниеге барғанда? О дүние тұрыпты, бұ дүниедегі адал есімдері арамға жалғасқан, жаманатқа ілінген біздің ежелгі әулет... ел бетіндегі шіркеу болғалы тұр емес пе! Асылдармен қатар, жасықтар да болған шығар, жақсының тасасында жамандары да жүрген шығар, бірақ қарабет сатқын шықпап еді ғой біздің тұқымнан! Шіріген жалғыз құмалақ біздің бүкіл әулетімізге көлеңке түсірмек пе? Басқаны айтпағанда, жалғыз ұлым Мақсат! Халқын сатқан бұралқының ұлы демей ме. Бүгін болмаса ертең. Әкесі қарабет, ұрпағы – алапес! Тым құрса жалғыз ұлдың болашақ абыройын ойламады ғой мына сұм. Енді қайттік?.. Болары болды. Болмағы бұдан да сорақы. Өткенге дауа жоқ десек те, дабыра сөз ғана. Соңғы жетпіс-сексен жыл бойғы қай шешеннің, қай көсемнің қай сандырағы жұрттың есінде қалыпты. Жүрекке таңбасы түспей, нақты іске айналмай тұрғанда, жел сөзді желге ұшыру керек. Бірақ мен әлі де өзімді қимай тұрғам.
57
Шұғыл электрон-пошта жетті. Ентіккен, деміккен шағын ескертпе.
"Жайсыздау хабар. Бірақ қорқатын ештеңе жоқ. Балжан бірдеңе сезіп қалған сияқты. "Сенің бірге туған ағаң бар екен ғой, – деді. – Мен бұрын қалай білмегем?" Туған жерімізге Полигон түсіп, одан соң әке-шешеміз өлгеннен кейін арамыз бөлініп кеткен, байланысымыз үзілген, өзім де жақында ғана білдім деп алдарқаттым. Сірә, менің орайсыз көтерілген әңгімеге қатысты соңғы мақаламды көзі шалып қалғандай. Енді сақ болайық. Өзің."
58
Ертеңіне екінші хабар.
"Балжан кешегімен тоқтамапты. Былтыр, сенің көңіліңді табу үшін "Нұрстанда" берілген мақала пәле болып жабыспаса не қылсын. Бұрын болмаған әдетпен, кешқұрым кабинетке, үстіме басып кірді. "Сенің аға деп жүрген бауырың егіздес сыңар екен ғой," – деді. "Иә, иә, жарты сағат қана бұрын туған. Сондықтан аға есепті ғой," – дедім. Өңі бұзылып, азғана отырды. "Сен осы сыңарыңмен ауысып кеткен жоқсың ба?" – деді кенеттен, қатқыл әуезбен. "Қалай, қалай?.." – деймін, сасқалақтасам да, әзілге сүйеген болып. "Солай. Баяғыда, әлгі сыңар ағаң Алматыда қалғысы келіп, өзінің орнына сені салып жіберген жоқ па?" Жүрегім зырқ етіп, табаныма түссе де, зорлана күлдім. "Қайдан шығарып отырсың?" – деймін. "Бір түрлі. Өткенді ойлап отырсам. Сонда... жолға шығарда, одан соң алғашқы күндерде... бір түрлі, көңілің жарым, сөйте тұра тым батыл..." "Енді бәрін тастап кетіп барам, қимайсың ғой, оқуыңды, ғылымды. Ал енді... өзіңнің заңды келіншегің болған соң, ай-шайға қарамай... Риза болған сияқты едің ғой. Ендігің қай өкпе!" – деймін. "Өкпе емес. Өткенді саралау. Кеш те болса. Онда... тауда басқаша болатынсың. Бірге жүрген барлық уақытта..." "Ал қазір ше? – дедім сөзді бөтен жаққа бұрып. – Қазір қандаймын?" "Қазір... мүлде басқа адамсың. Бұдан он жыл бұрынғымен салыстырғанның өзінде." "Сен де басқасың, – дедім. – Қыз кезіңмен салыстырғанда." Міне, ақымақшылық. Есім шығып, сөз қуып отырып, әлгі, тоқал алғанымды ұмытып кетіппін. Бірақ Балжан теріс түсінген жоқ. "Мен... менің, әрине, жасым ұлғайған шығар, – деді. – Бірақ жүрегім... көңілім бұрынғыдай," – деді көзіне жас алып. Мен ғұмырлық жарым болдың, ең қымбатым сенсің деп, әрең жұбаттым. Иә, айтпақшы, өткен қызық күндерді еске алып, кәкір-шүкір әңгімемен көңіл әбден жайланғанда, тағы да оқыстан сарт еткізді. "Сыңарың екеуің аспирантурада бір уақытта, бір жерде оқыдыңдар ма?" – дегені. Соққының қаттылығы сондай, аузымды ашып отырып қалыппын. Ал Балжан баяғыда... таудағы қуаныш жасы есіңде ме, бірақ бұл жолы керісінше, үнсіз өксіп, бетін басып, ағыл-тегіл жылады... Жүрегім бір жамандықты сезіп тұр. Әйткенмен, амал жоқ. Қандай да құбылысқа дайын болайық. Дәл осы ретте ешқандай алауыздыққа жөн жоқ. Өзің."
Әй, сұмырай. Мені бар бақыттан айырған сен едің ғой. Енді келіп араша сұрайсың. Балжанның көңілін табу менің қолымда тұрғандай. Біле-білсең, екеуімізге бірдей ауыр салмақ емес пе. Сен емес, тас жүрек тажал. Сен бар ғұмырын өзіңнің жолыңа бағыштаған әйелдің көңіл-жайын емес, өз басыңның тыныштығын ғана ойлап тұрсың. Балжан екеуімізді айтам. Мені қойшы, бар азабын өткерген, әуелден көндіккен. Балжанға қиын болмаса не қылсын. Үшеуіміздің... ортамыздағы шын сорлы сол екен ғой!
59
Көп ұзамай, жаңа бір хабар жетті. Бұл жолы шынымен жайсыз. Марат үшін ғана емес, мен үшін де.
"Балжан бәрін де біледі. Былтырғы, сенің көңілің үшін, 61 жылдығыңа орай шығарылған мақала әлдеқалай қолына түсіпті. Суретіңді де көрді, өмірбаяныңды да оқыды. Және саған қатысты басқадай деректерді де тапқызып алған сияқты. Енді ешқандай күмәні жоқ. Екеуіміз ауысып кеткен деп ойлайды. Тәжірибесіз, махаббатқа мас, аңғал жас қызды тәлкек ету үшін. Талкек етпесе де, әркім өз пайдасы үшін. Сен ғылымыңды, Алматыңды қимай, қала бергенсің, орныңа мені салып жіберіп. Қанша жақын көрсем де, бөтендігіңді бірден аңдадым дейді. Содан соң бір рет, алғашқы айда, іздеп келіп те кетіпсің. Сырттан бақылап, бәрі дұрыс орнығып болғанына көз жеткізу үшін. Елу бес жылдық тойда да алыстан көзім шалды, бірақ байыздап ойламаппын дейді. Екі жолы да келгенің рас қой. Әлі де ешқайда кеткен жоқсың, барсың. Амал жоқ, мойындауға тура келді. Ауысқан жоқпын, нақты өзімін деймін. Тек әуелгінің жартысы. Жармақ. Осындай жағдай, өз еркімізден тыс айрылдық, күні кешеге дейін екінші жартымыз туралы екеуіміз де білгеміз жоқ... деп. Әрине, сендіре алмадым. Керісінше, екеуіміздің орын ауыстырғанымызға ешқандай күмәні қалмады. Енді сенімен кездеспек. Өз аузыңнан естіп, көзіңе тура қарап отырып, істің анығына жетпек. Мен байсырап отырғам жоқ, ешкімге де құмар емеспін, мен аяқасты болған намысымды жоқтаймын дейді. Қырық жылғы қатындықтан кейін. Енді қыздығын алған кісіні іздемек. Иә, айтпақшы, мен үшін екеуің де адамдық кейіптен айрылған, жиренішті құбыжықсыңдар дегенін қайтерсің. Бұған не амал бар?"
60
Амал бар еді. Енді ғана табылды. Тек Балжан емес. Өткен күн келмейді. Не бетіммен көрінем. Не айтам, қалай айтам. Менен айып жоқ. Марат та дәл осы жолы кінәсіз. Бірақ біздің адам сенгісіз шындығымыз Балжанға қандай жеңілдік әкелмек? Қайғы үстіне қайғы қоспаса. Ортақ ұлды кімге телиді? Екі Жармақтың арасында, тас диірменге түскен бидай дәніндей, парша-парша болып кетпей ме. Ендеше, барлық іс осы дүдәмал, жұмбақ күйінде қалуға тиіс. Немесе, анық, айқын түйінмен шешілді деңіз. Үстіңгі, қосалқы Жармақтың Балжанға сандырақ болып көрінген шын сөзі ғана емес. Соңғы алты-жеті жыл бойғы, әзірше шындыққа айналып үлгермеген бар сандырағы. Және ертең көп алдына көсіліп шығатын Бас сандырағы. Әйтеуір амалы табылды. Балжанның емес, Мараттың. Айнымас шешімге келдім. Жармақтың тағдыры менің қолымда тұрған.
61
Жармақтың тағдыры менің қолымда. Бірақ менің бар тіршілігім Жармақтың қатал қадағалауы астында. Советке жат саналған күдіктіні КГБ-ның өзі дәл бұлай бақыламаған шығар. Әлгі, Замятиннің романындағы, ашық шыны астында күндіз-түні толық тексерісте ғұмыр кешіп жатқандар сияқты. Ол – кінәсі, қылмысы болмаса да, қапысыз бағымға кесілген қаншама адам – тұтас бір мемлекеттің халқы еді ғой. Ал мен – жалғыз өзім. Қадағалауы заңды және әлдеқайда оңай. Шыныламаса да, алаң-ашық. Сезімтал әрі көреген бөліме-фондар арқылы қабырғаның арғы жағынан көріп отырады. Жүрген, тұрған, тіпті, суға түскенің мен әжетханада жайланғаныңа дейін. Кешкілікте бар жарықты өшірсең, түнде көру жабдықтары арқылы. Қадамың қалт кетпейді. Төсектегі ұйқы, қорылың мен пысылыңа дейін. Көрген түс пен ойлаған ойдан басқасы түгел алақанда. Әрине, біздің Жармақ күн сайын және барлығын бірдей көрмейді. Қажетті және күмәнді тұстарды ғана. Және сол сәтінде алдына тартылмақ, немесе хабар берілмек. Әуелде қоңылтақсығанмен, кейін үйреніп кеткем. Киінем, шешінем, пысқырам, түшкірем. Өз үйімде оңаша отырған есепті. Сыртқа шыққанда, әрине, сәл басқаша. Амалсыз еріп жүреді, алыстан, жақыннан алдыма, артыма шығады, таспаға түсіруі де мүмкін, әйтеуір арнайы бөлінген кісілері бір сәт те көз жазбайтыны анық. Бірақ ақыр түбінде айланы мен асырдым. Тіпті, әуелгі күннен десем болады. Кең көшеде, әлдебір ғимарат, ығы-жығы жұрт ішінде, базарда, дүкенде, көпшілік дәретханада дәл үйдегідей анық көре алмайды. Менің есебім осыған құрылған еді. Қызық үшін, күзетшілерімнің басын қатыру үшін әдепкі серуен, қыдырыс үстінде алай да тартам, былай да сызам. Өзіме қажет істерді сезік тудырмай, еркін жасау үшін тапқан амал. Ондай өзгеше шаруа да жоқ менде. Әйткенмен, ақыр түбі кәдеге асты, сақшыларым менің ізімді баспай-ақ жолымды қиып, көбіне алыстан аңдайтын болған, ал кітап дүкені, әлдебір шаруашылық жайларына кірсем, шектеулі жерде түйісіп қалмау үшін аулағырақ тұрады, кейде сырттан да тосады. Енді әдетке айналған істің пайдасын көрмекпін.
Әуелі көлденеңнен алдарқаттым. Тап-таза компьютерімнің ашық бетіне бадырайтып жаңа бір тақырып жазып қойдым. "Хан және президент." Әжептәуір ойланып отырып, "Өткен тарих ұлағаты және бүгінгі күн тағылымы" деген қосымша тақырып тіркедім. Баяғыда ұрланған, ескі тарихқа қатысты құнды кітаптарымның орнына әкеп тастаған, бүгінгі заман, өзгеше тұлға және ағымдағы саясатқа қатысты біраз қоқырды ақтарып, солардың ішіндегі ең қалыңын, сыртындағы жарқырай күліп тұрған суретті көрсете, стол үстіне әкеп қойдым. Қасына оңды, солды, ретсіздеу шашып, деректік, анықтамалық тағы бірнеше кітап тастадым. Содан соң бүгінгі нарық тынысын, халқымыздың әл-ауқат жағдайын және кәсіпкерлік қабілетін бағамдау үшін базар мен дүңгіршектерді аралауға кірістім.
Әркімнен әрненің жөнін сұраймын, базардағы бозарған жұрт, дүңгіршектегі түнерген жұрт – күнкөрісін әрең айырып отырған еркін саудагерлермен әңгімелесем. Кейде алпауыттар иелігіндегі үлкен дүкендерге де кірем. Керегімді апталық саяхаттың әуелгі күні тапқам. Бірақ асықпадым. Төрт-бес күн бойы алдарқатып жүріп, кешкі алакеуім, қағаберіс қалтарыста, әп-сәтте сатып алып, сығымдай бүктеп, қойныма емес, ышқырыма, ышқырдың арғы жағына тығып жібердім. Үш құлаш жібек арқан. Арқан болғанда, кәдімгі, ашық аулада кір ілетін жуан жіптің бір үзігі. Тартып көргем. Өткенде. Өгізді ілсең үзілмейді. Әрі жұмсақ, сусымалы. Олжама қуанғаныммен, бірден қайтпай, тағы екі-үш орамды айналсоқтап жүрдім. Содан соң ғана үй. Әрине, жасы келген кісі, ғылым жолындағы жаңа тақырып, көрнекі зерттеу кезінде әжептәуір шаршап қалған, сырт киімді селқос сыпырып, шалбарымды сүйреткен қалпы қаракөлеңке бөлмеде, жұмсақ төсекке келіп жығылдым. Азғана сұлық жаттым да, етпеттеген қалпымда, бүгіле тартып шалбарды сыпырдым. Төсектің аяғына қарай ысырып тастап, бірден көрпемді қымтандым. Жазылып, керіле созылып, еріксіз жымидым. Содан соң ұйықтаған қалыпта көз жұмдым.
Шын ұйықтап кетіппін, түн ортасынан ауа, селк етіп ояндым. Дәл осы кезде мені бақылап отыруы неғайбыл, әйтсе де көрпе астында бұққан қалпы, дамбалымның ышқырына бүктелген жібімді алып, ептеп саумалап, бір жақ ұшын таптым. Дар тұзағын жасаудың өзі өнер деседі. Арнайы мамандары бар. Ширата орап байлайды. Сірә, өлім жазасының өзін сәнге айналдыру. Бірақ сәнді ештеңесі де жоқ. Жуан кендір арқан. Бір жақ ұшы тоқпақтай түйіліп, епетейсіз тұзақ шығарылған. Менікі шынымен-ақ әсем еді. Ешбір өнерсіз-ақ. Өнер болса, дарға емес, малға жетік қазақтың өнері. Кәдімгі қарапайым күрмеу ғой. Әуелі жуандығы шынашаққа жуық, берік жібек жібімнің қолға ұстаған басын, бас бармақ сиятындай ғана ілмек қалдырып, берік байладым. Содан соң, екінші ұшын іздемей-ақ, түйін түбінен кері айналдырып, ілмектен өткізіп, тұзақ шығардым. Дайын. Менен сұраусыз бөлініп, сүйген жарымды бауырына басқан, енді ата-бабамның аруағына шәк келтіріп, бүкіл ескілікті әулетімізге көлеңке түсірмек сұмырай Жармақтың дар тұзағы дайын болды. Қапысыз, қатесіз, тамаша тұзақ. İлмегін сол қолыма кигізіп, қысқадан алып, ептеп бастап, қатты тарттым, мықты жіп берік байланыпты, қылқынған білегім ұйып бара жатқан соң қайта босаттым, содан соң ұзына бойын, екінші ұшына дейін түгендеп, мерейім өсті. Сол, көрпе астындағы қалпым, ілмегін кеңейтіп, дөңгелектеп, шұбалған бауын шашыратпай, ширата қосып, мұқият орап, бір жақ ұшын қайыра, жөргемдей түйіп, кішкентай ғана дөңгелек қалпында жастығымның астына тықтым. Сәлден соң көңіліме күмән туды. Ең қолайы – жастықтың іші екен. Көрпені басыма тарта күргейлеп, жастықтың тысын ағытып, бидайын тағы сөгіп, бір жақ бұрышына салдым, азғана жатқан соң қайта алып, мамық жұмсағының ішіне тықтым. Сыртқы қаптарын түгел түймелеп, басыма жастап жайланған соң ғана көңілім орнықты. Әйтсе де ұйқы келмеген. İшкі мамығына кек қаруы тығылған тірі жастықты астыдан үстіге шығардым. Аялай сыйпалап көрдім. Ешқандай бедер, белгі жоқ. Қайта екінші жастықта әлденендей түйірпек байқалады. Бүктеп жатқам ғой манадан бері. Енді қос жастықты қатарынан бауырыма басып, өткен өкінішті өмірімді емес, әуелгі күндерімді, Балжанмен танысқан маужыр түн, алып емен саясында алғаш сүйіскен, бейуақта, жатақхананың алакөлеңке бір бұрыштарында сағына аймаласқан, көшеде серуендеген, киноға, театрға барған, ең ақыры – бүкіл өмірімнің жұлдызды, сәулелі мезеті – тауда табысқан күнді ойлап, ағыл-тегіл жыладым. Кейіс, нала емес, мейір мен қуаныш жасы. Мен де бақытқа шомған екем бір кезде. Қайрылмасқа кетті бәрі де. Бүгін емес, баяғыда. Ендігі бөгеліс, аялдың қисыны жоқ еді. Ойлап тұрсаң, бұл да бақыт. Әділ үкімнің орындалуына үш күн қалған.
62
Үш күн бойы көңілді жүрдім. Өзіме ризашылықта. Ең ақырғы, сөзсіз орындалатын шешімтал ісіме мерейім өсіп. Өмірдегі ең үлкен қателік түзеледі. Жаңа бір... әлемге қадам басам. Әрине, сұрауы орынды, жауабы қатаң. Бірақ... менің еркімнен тыс болды ғой бәрі де. Ал ең соңғы нақты шаруа – менің айнымаған ақ ниетімнің көрінісі емес пе. Кешірім жасалуға тиіс. Қайткенде де бүгінгі азаптан құтылам. Одан соңғысы – бір аллада.
63
Сәрсенбінің сәтті күні туған. Мен үшін. Біздің Жармақ та дәл солай деп шамаласа керек. Шамалаған жоқ, сенімді болды. Күмәнсіз. Осы өткен айда ғана құрметті сенатор болып сайланған. Сайланған жоқ, мәртебелі, төтенше жарлықпен тағайындалған. Енді парламенттің екі шатырының біріккен мәжілісінде "Қазақстан: демография және иммиграция" деген шешуші тақырыпта батыл және өтімді баяндама жасамақ. Нәтижесі жоғарыда мақұлданып та қойған тәрізді. Әйтпесе бұл Жәкең сенатқа не үшін келді. Иә, сөз жоқ, тиесілі қаулы, қарар да әзір. Сенатор Марат Қазыбековтің атағы аспанға шығып, алдынан бұдан да даңғыл жол ашылмақ. Бірақ көр... өзінің көрін қазып қойған. Күні біткен, сағаты санаулы, сағат емес, минуттар ғана қалды.
Мен барымды киіп, бақанымды ұстап, яғни қапысыз қаруымды әзірлеп, сақадай сай отырмын. Дегбірсіз ыза, салқын сабырмен. Құзыретті мәжіліс таңертеңгі онда басталуға тиіс. Басталды. Екі минутқа кешігіп. Үлкен кісіні күткен екен. Келді. Дүрліге орнынан тұрған жұрт, ду қол шапалақтау. Мен де орындығымнан атып тұрыппын, мен де қол соғып жатырмын. Тарихи жиналыстың басталған қуанышына. Екі минут деген не тәйірі. Ертеңге қалса қайтер ем. Мен тоқтадым, басқалар әлі қол соғуда. Қызу құттықтау баяғы жаппай ұранға ұласпады, бірақ жұрттың жүзі жарқын. Тағы екі минут, үш минут кетті. Төрт минут. Уақа емес. Мен қайткенде де үлгерем. Міне, күн тәртібі. Баяндама жөні. Біздің Жармақ – құрметті сенатор, белгілі саясаткер, танымал қайраткер Марат Бейсенұлы Қазыбеков мінбеге көтерілді.
Мен бәрін де мұқият есептегем. Күзетшілерім тақау жерде. Дәл осы ғимарат болуы да мүмкін. Әйтеуір үш минут өтпей жетіп үлгереді. Содан соң есік. Кәдімгі құлып. Мен көпке дейін неше қабат болат есігімнің ішкі ілгегі жоғына назар аудармаппын. Баяғыда, жүрегім ұстаған кезде сырттан оп-оңай кіргені жанға қуат болып еді. Артынан ойлағанда, бәрі орынды көрінген. Дәрігерлік шұғыл көмек қана емес, ілгексіз есік те. Енді керісінше шыққалы тұр. Бірақ бұл жолы дәп солай аша алмайды. Үш кілтті ұясына қатарынан салып, әрқайсысын үш қайтара бұрағаннан соң, қайта суырмай қалдырғам. Бірақ бұларға тоқтау жоқ. Әйткенмен, аз да болса бөгесін. Қисынын тауып ашқанша, тағы үш минут. Екеу дейік. Мейлі, бір минут. Яғни, жинақтап келгенде, толық төрт минут уақыт бар. Әлбетте, қазір олар да теледидар, тікелей хабар алдында отыр. Шефтің салтанатты сәтін тамашалап, соған орай аз-маз босаңсыса, екі-үш минутын өткізіп алуы мүмкін, бірақ оған үміт артпау керек. Қайткенде де төрт минут, тіпті, үш, асса үш жарым минутта бар шаруаны тәмамдап үлгеру қажет.
Кенет... дәл осы сәтте жалғыз ұл да... Теледидар алдында отыр-ау деген ой келді. Күтпеген көрініс... Қамығады, қиналады. Бірақ... әкесін өмір бойы арқаланып жүрген кім бар. Мына мен... мені көрген де жоқ. Енді білмей де кетеді. Сонысы жақсы. Жасы отыз сегізде, өзі де балалы-шағалы азамат. Әйтсе де қиын. Маған. Бетінен бір сүймей кетіп барам. Немерелер... екі ұл, бір қыз... Бар қуанышын басқа... емес, Балжан көрсін. Аман болсын ұрпағым.
Ал Балжан... көрер, көрмес, көп ұзамай, тіпті, келер сәтте естуі анық қой. Қалай дегенмен, қырық жыл бірге ғұмыр кешкен зайыбы, оған да оңай емес. Жылар, сықтар, ақыры барына тәуба айтып, тоқтамға келер. Көңілдегі жұмбағы шешілмей кетсе, уақасы жоқ. Тіпті, соның өзі жақсы. Кездескен болсақ, анығын айтсам... маған сенер еді, кешер еді екеуімізді де, бірақ... өкпесі тарқамас еді. Маған деген. Шынында, Маратты бөліп шығарған менің өзім ғой... Қалып қойған тағы мен. Сонда бірге кетсем... сен үшін өмірлік мұратымнан айныдым... деп айтпасам да, өмір бойы жүрегімнің басында кейіс тұрар ма еді... Көңілге қаяу түспеген, пәк, таза, әуелгі қалпымызда айрылысқанымыз... ол да бақыт. Бәлкім, о дүниеде жауаптасармыз. Бұ дүние бұйырмапты бізге...
Басталып кетіпті. Біздің Жармақ мінбеге көтеріле салысымен, қолындағы қағазын алдына қояр-қоймастан, кеудесін кере шалқайып, еңселі, сәнді, салтанатты, төбесі киіз үй шаңырағы кейіптес биік күмбезді кең сарайды, осы Көк ордада, бүкіл болашақтың тізгінін өз қолдарында ұстағандай, күржиіп, мелшиіп, сыздап, сазарып, кеуіп, пісіп отырған өңшең қасқа-жайсаңды, кеңейтілген мәжіліске келген бүкіл билікші қауымды жаңа көріп, жаңа ғана танығандай, асқақ құрмет, тәкаппар кейіппен, етегінен басына, оңынан солына дейін түгел шолып шықты. Содан соң, өзіне сенімді қоңыр күңгір дауыспен бастап кеткен.
Егемен елдің болашағы... ертеңгі сәулетті, жарқын заманымыз... – біздің бар тіршілік, бар бақытымыз Қазақстандағы халық санының еселеп өсуіне байланысты екен. Көпке ырыс қонбақ. Көбейсек, тым құрса бүгінгі ең үлкен меже – жиырма миллионға жетсек... игереміз, өндіреміз, арттырамыз, өркендейміз... Кіріспе сөзді толығымен мақұлдадым. Енді менің орайлас ісім де дәл осы деңгейден табылуы керек еді. Өзімді өзім терістемей тұрғанда жүзеге асып үлгеруі қажет. Жайлап басып кабинет-кітапханаға барып, жедел қимылмен, кісі бойынан биік, айыр баспалдықты әкелдім. Қақ ортаға, қарсы қабырғадағы теледидардың алдына орнықтырып, қойнымдағы тұзақ арқанды суырдым. Жеті баспалдақты төрт аттап биігіне шығып, төбедегі үлкен люстраның жоғарғы қақпағын төмен ысырып, болат ілгегіне берік тұзағымның бір ұшын қысқарта тартып, жақсылап байладым. Жарты минутқа есептелген, бірақ қолым қалтырады ма, ебім келмеді ме, екі қайыра жасадым – қырық бес-елу секунд. Қолма-қол дар тұзағын мойныма ілдім. Үш секунд. Жиыны артығымен есептегеннің өзінде бір минуттан сәл ғана астам, мейлі, жиырма секунд дейік. Мен әуелгі, сезікті қимылдан, нақты әрекетке көшкенге дейінгі аралықта асса бір жарым минут қана өтті. Міне, бәрі дайын. Қайрылмас ажал тұзағы мойында тұр. Қапысыз ілінді. Енді... бар жұмыстың нәтижесін көруім керек. Нәтиже ғана емес, жеңіс, қуаныш сәтін. Тұзақтың мойындағы ілмегін қысқартып, жоғарыдағы бауын қос қолдай тартқылап көрдім де, енді ешкім ешқайда кетпесіне көз жеткізіп, жарты қабырғаға жуық көгілдір экранға қарадым. Республика парламентінің біріккен қос шатырының кеңейтілген мәжілісінде, Көк ордада көсіле баяндама жасап тұрған Жармаққа. Дәл осы сәтте ірі суретпен, тура екпетінен көрсетіп жатқан. Соншама марлат. Соншама сенімді. Мәңгі жасардай, ертең емес, ендігі жыл емес, дәл осы қазір, ойға алған барлық арам жоспары сөзден іске айналып, қаз-қалпында жүзеге асардай. Мен еркісіз күлдім. Тұзағымды тартып, аз-маз қылқынып көрдім. Сол кезде... Марат та қалт тоқтаған. Қылқынып бара жатқандай, көк галстук байланған ақ көйлектің үстіңгі түймесін босатты. Мен тұзағымды одан әрмен тарта түсіп, астымдағы баспалдақты аяғыммен қағып құлатуға ыңғайландым. Мараттың өңі бұзылып кеткен. Алдында, мінбенің оң жақ бұрышында тұрған, салқын шәй құйылған стақанға қол созды. Сол мезетте менің пәтерімнің сыртқы есігі де шақыр-шұқыр етті. Асығыс жетіпті. Үш минутқа да толмай. Ашқалы жатыр. Ендігі бөгеліске жол жоқ. Марат ортасынан асыра шәй құйылған стақанды қалтыраған қолына алып, ұрттай берді де, шашырата төгіп, қайтадан орнына қойды, сол сәтінде қос қолдай тамағын ұстаған. Осы кезде мен де аяғымның астындағы тиянақты ысыра теуіп жіберген едім.
Басым төбеге созылып, табаным еденге тірелді, қылша мойнымды Мараттың қышқаш қолдары сығымдай үзіп, көз алдымда көк-ала от ойнап, манағы мінбедегі қанды су тамағымды кептеп, тынысым бітіп, түнекке баттым.
64
Қанша уақыт өткенін білмеймін, мүмкін, алпыс екі жылдық тұтас ғұмырым, мүмкін қас қағым ғана сәт, анығы – асса ширек минут, мен тұзақтан, дар тұзағы ғана емес, тіршіліктің бар мехнаты, қайғысы мен азабынан біржола құтылып, фәниден озып, мәңгілік, еркін бақиға өткен сәтімде, іле-шала, сарт етіп ашылған есік, топырлай жүгірген аяқ дыбысы, абыр-дабыр сөзге назар аудармастан, қарсы алдымда тұрған, соңғы мезетте көз үзіп қалған теледидарға қарадым. Жармақ бүктеле құлаған жоқ, жоғарыдан тартылғандай, екі қолын алға соза, екі өкшесі көтеріле, кеуделей асылған қалпы, биік мінбердің үстінде жатыр. Парламент опыр-топыр болды. Әлде сақшылар, әлде жанашыр әріптес, жоқ, бірыңғай сұр киінген арнайы қызмет өкілдері қаусыра құшақтай көтерісіп, мінбер алдындағы шаршы бітімдес қызғылтым паркет үстіне салды. Әлдеқайдан аппақ, бітеу, шағын шелек кейіпті мұсайлары салпылдаған кезекші үш-төрт дәрігер қатарынан келді. Бірі дем салып, аузынан үрлеп, екіншісі кеудесін басып жүрегін тербеп, үшіншісі тағы бір әрекетін жасап... әжептәуір әуреленген соң, қолдарын жайып, бастарын шайқасқан. Бітті. Жармақтың алдамшы, арам, баянсыз ғұмыры мана әрең ұрттаған ең соңғы жарты жұтым сумен шектеліпті. Мыңғырған байлықтан өзімен бірге ала кеткені сол-ақ екен.
Мына менің де, арам деп айтсам обал тәрізді, адал, пәк деуге тағы батылым бармайды, қайткенде де мәнсіз, мағнасыз, зая ғұмырым таусылған екен. Ғазиз жаным тастап шыққан бейбақ денем қыл тұзақтан алынды. Ол да қабаттаса жеткен дәрігердің куәлігінсіз-ақ. Келмеске кеттіпін. Қосақ арасында. Бөтен біреудің жаласы үшін. Бұл да бекершілік сияқты. Соншама не жазығым бар еді, өлімге қиятындай. Өзіме өзім жаным ашып, жыламақ едім, көзімде жас жоқ екен. Көздің өзі жоқ. Көз түгілі бас жоқ. Мүлде жоқпын. Қолмен ұстап, көзбен көрер уақытша тұрақ – баянсыз Тән емес, кеудеден шыққан Жан ғана екем. Шын өлгенімді, опасыз Тәннен ажыраған мәңгілік Жан екенімді аңдаған соң, байсалды сабыр таптым. Әйтсе де өткенімді қимай, азапты өмірді емес, баянсыз дәулетті емес, дүниенің бар дерегі мен даналығы жинақталған, ешкімде жоқ бай кітапханамды, мәресіне жетсе де, халқына жетпеген, енді ешқашан жарыққа шықпас қырық жылдық зерттеу кітабымды, әлі де ойда тұрған, ашылмай, жазылмай қалған жаңа еңбектерімді қимай, азғана іркілдім. Бірақ бөгелуге мұрсат жоқ екен. Әлдебір аялы, жеңіл, сонымен қатар қуатты күш жайлап тартып, шырқай көтерді, Көк аспанның төріне қарай ұштым.
65
Аспанның екінші қатына шыққанда, сол жағымнан қоңыр көлеңке көрінді. Құр сүлдеде... өлген кісінің тірі Жанында көлеңке бола ма? Және тиянағы жоқ, табаны жоқ кеңістікте. Келер мезетте көлеңке жақындай түсті. Мен аңдап, сақтанып үлгергенше, бауырыма тығылды. Марат екен. Төменшік, үнсіз, тілсіз. Мұңды, қайғылы. Шарасыз өкініш, ауыр қиналыс үстінде. Мен самғай ұшқан қалпымда бір сәт аяушылық сезімге берілсем керек. Сол тілсіз, мүсәпір қалпында ішіме кірігіп жоқ болды. Иә. Әуелде менен бөлініп еді ғой. Бөлінген, кеткен. Өзінше тіршілік жасаған. Енді келіп... Қайтадан бөліну керек деп ойладым. Енді мен бөлінем. Әділдік қайда. Ол алай, мен былай. Міне, қазір бөлінем... Бөліне алмадым. Екі жармақ емес, бір бүтін екем. Тұтас. Бір Жан... Енді мойындауға тура келді. Мұрат деген де мен, Марат деген де мен. Бір кісі. Мен өзім. Бірге тудық, бірге өстік, заманың тайғағында екі кейіпте дербес ғұмыр кешсек те, ақыры бірге өлдік. Енді ғарасат майданында бірге жауап береміз. Екі кісі, екі ғұмыр емес, бір кісі, бір ғұмыр ретінде. Мен ғана. Жалғыз өзім.
Ойлап тұрсам, әуелде күмәнға беріліп, күнәға жол ашқан өзім екем. Бағыт-бағдарым айқын, сенімім мол, мұратым шынымен биік болса, екіге бөлінбес едім. Жармағымды жамандыққа, арамдыққа итермелеген менің өзім. Енді тіршіліктегі бар күнәсін де өзім көтеруге тиіспін. Әйтеуір дәтке қуат, бүтін қалпымда сол теріс жолмен кетсем қайтер еді. Негізгі бөлігім оң ниетінен айнымапты. Бірақ оң да болса жармақ қалыпта не бітірмек. Ертерек ойлау керек еді. Енді міне. Өтті, кетті – өкінгеннен не пайда, жылағаннан не жеңілдік.
Кеңшілігі мол бір алланың рахматынан басқа үміт жоқ...
Қош бол, зая кеткен ғапыл ғұмыр!
Қош, соры арылмаған қайран ел!..
ххх
Міне, осындай... өзгеше тауарих. Бастан-аяқ қисынсыз өтірік. Иә, айтпақшы, көркем туынды атаулы түгел ойдан шығарылатын еді ғой. Біздің жазармандар қауымында. Қазір тіпті, деректі аталатын дүниелер – өткеннен естелік, баяғыда таңбаланыпты-мыс күнделіктің өзі айғақсыз, дәйексіз қиялдан құрылатын болды. Халқына қарсы қылмыскерлер – ұлттық қаһарман, жәреуке мен жалтақ – сыпыра батыр. Алаш азаматтары көлеңкеде қалып, алаяқтардың бағы көтеріліп тұр. Жамандық атаулының бәрі жаба тоқылып кетті. Солармен салыстырғанда, Иманның хикаяты мейлінше бейкүнә көрінеді. Әлгі ұлттық қаһармандар мен сыпыра батырлардың ешқайсысына тура тіремейді. Керек десеңіз, бөтен біреу емес, "Өзім" деп отыр. Өзі болмаса да. Өзі емесіне, басқа да емесіне ешқандай күмән айта алмайсыз. Азғана күмән – қиялдаймын, тұспалдаймын деп отырып, өмірлік ақиқат шындықты жеріне жеткізе алды ма деген тарапта ғана болса керек. Сонымен қатар оқиға өрбитін мезгіл де әжептәуір ескірген. 1961 жылдың қоңыр күзінен басталып, 2001 жылдың қысқы айларымен тәмамдалатындай. Жаңа заманға иек артты демесек, түгелдей бұрнағы дәуір – ХХ ғасыр, еліміз әлдеқашан өтіп кеткен белестер мен қиындықтар. Бірақ жүз жыл, мың жыл бұрынғыны да жазып жатады ғой, және Иманның өзі де жаңа ғасырдың есігінен сығалап үлгермей, сол 2001 жылдың көктемінде бақиға аттанып кеткенін білесіз. Әйтеуір баспаға дайындап үлгеріпті. Бірақ ешқайда ұсынбаған. Ұсыну ойында да болмаған сияқты. Өзіне сенбеген. Өзіне сенсе де, артық дабыра, шуды қаламаған. Өнер жолында көп теперіш көрген қаламгер еді ғой. Қорыққан. Ал біздің қорқатын ештеңеміз де жоқ. Ержүрек батырлықтан емес. Өз талайымызға деген сенімнен. Бұрында бір айтқанымыз бар еді: "Бізге соқтыққанның өзінің соры қайнайды" деп. Сыпайылағанда. Бұдан әрі сәл қатқылдау: "Бізге қара күйе жаққысы келген кісінің өзі қарабет болады!" Және: “Біз туралы айтылған қандай да лепес – ең әуелі сол кісінің өзінің бағасын айғақтайды,” – деп. Қалаңыз, қаламаңыз, ақыр түбінде кімнің кім екенін заманның өзі айқындап береді. Шынында да. Ұлы Мұхаңа кім тас атпады. Ғажайып Мағжанды кім балағаттамады. Енді бүгін солар қайда, біз... яғни Мұхаң мен Мағаң қайда! Ендеше, әлденеден тартынатын, әлденеден именетін жөніміз жоқ. Осындай нық сеніммен айнымас Иманның бар салмағын көтеріп алуға әзірміз.
Өткенді білесіз. Бүгінгісі осы. Ертеңгісі тағы бар.
Айтпақшы, Иманның бұдан басқа да, бұрын жарияға шықпаған жаңа дүниелері қалды. Орайлы мезетінде оны да көре жатасыз.
Қайыр, есен-сау тұрыңыз. Иманнан айрылмасаңыз, барлық Мұрат орнына келері күмәнсіз.
18.I. – 9.II, 2007, Прага.