Марат Қабанбай. Түн, Тілеген, мүсін (әңгіме)

Биыл қазақтың аса көрнекті жазушысы Марат Қабанбайдың туғанына – 70 жыл!

Марат Қабанбай – 1948 жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Ұлы-Қаратал ауылында дүниеге келген. 1975 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін аяқтайды. Аудандық «Достық» газеті редакциясында корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. Кейін, 1973-1975 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде тілші, «Жалын» журналы редакциясында редактор қызметін атқарған. Қазақ ССР-інің Мемлекеттік баспа комитетінде (1977-1979), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Парасат» (1991-1992) журналында редактор, «Ана тілі» (1994-1998) газетінің бас редакторының орынбасары болды. 1999 ж. «СолДат» газетінің бас редакторы болып тағайындалды.
Алғашқы «Сөну» атты әңгімесі 1966 ж. «Жұлдыз» журналында жарияланды.
«Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» (1977) кітабының, «Жиһанкез Тити» повестер жинағының авторы. «Бақбақ басы толған күн» кітабы балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармалардың республикалық сайысында 2-сыйлықты иеленген. Осы повестің желісімен «Қазақфильм» киностудиясында «12 жасқа толғанда» атты толық метражды көркем фильм түсірілген.
«Кермек дәм» романы автордың соғыс кезінде бірге өскен замандастарының тағдырын сипаттайды. Сондай-ақ, соғыс тақырыбы қаламгердің «Жаңғырық» (1991) әңгімесінде ашылған.
1988 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының М. Әуезов атындағы сыйлығының лауреаты және 1990 ж. Балалар кітабы бойынша Х.-К. Андерсен атындағы Құрмет дипломының иегері (ЮНЕСКО).
2000 ж. 26 маусымда Алматы қаласында өмірден озды. 

 

ТҮН, ТІЛЕГЕН, МҮСІН
(әңгіме)

Төртеуі тағы оңаша.
Түн, Тілеген, қол тоқпақтай ескерткіштің кішкене үлгісі, уыс-уыс үйіліп жатқан саз балшық....
Түннің терезені қамағаны болмаса, шеберханадағы тірлікке тигізген шапағаты да, кесір-кесепаты да шамалы — қою қара түс әйнекті бояй тұтып тұр. Тілеген болса екі қолын тізесінен асыра салбыратып, маңайындағы үлкен-кішілі көп мүсін ортасынан өзін бір сәт оңашалап, қарсы алдындағы жаңа біткен ескерткіштің шағын үлгісінен көзін алмай үнсіз отыр.
Әзірше аласа, ал ертең-ақ қаланың ең көрнекті алаңына орнатылған күні мыңдаған, миллиондаған адамдардың бойларынан асыра бір-ақ көтеріп, биіктетіп тастайтын тұғыр үстіндегі гипстен соғылған жас жігіттің бұрқыраған қалың шашының көлеңкесін төбеден саулап құйылған жарық оның кең маңдайына итермелеп түсіріпті... Самырсын секілді түзу тұлға қазықтай шаншылған күйі алға адымдап барады. Буденновка киген басын шалт оңға бұрып, Тілегенге қайқы қасты, қиықтау келген аялы көзін қатулана қадапты; қайқы қас пен қиық көз әрдайым қатулық белгісі ме екен, әлде шын сыры мен қырын сөреге жайып, базарлай бермейтін мейірімдің нақ өзі шығар.
Былғары бешпетінің түймелері ағытулы, ал бешпеттің етегі кейін қайырыла көлбеп, желбіресе ол жедел, екпінді жүрісті кең адымның тілсіз хабары. Мойнындағы шарқаты жағадан бұрқырай шығып, иіріле төмен... жоқ, төмендік мына тұлға үшін аңқа қара құрау жамаған тәрізді сауатсыздық болатұғын — үш жағынан бел сындыра аспандай шығандап кетіпті, өр, биікке сілтейді.
Маңайын қоршаған кесек, кертеш сұр тастарды табанымен теуіп кейін итеріп, кеудесін шалқақ ұстай ілгері беттеген сымбатты жігіт он жетінші жылдың қолына ұстаған жалауы — жас жауынгердің бейнесі.
Тілеген ауыр күрсінді. Сонымен жарты жылға жуық мүсіншіні мына шеберхананың төрт қабырғасына қамаған ескерткіш бітті. Енді бел шешіп, шалқайған шаруаны түзетуге, күнде шеберхананың есігінен бір қарап кететін Әсиманың мойыл көздеріндегі: «Қашан бітесің?» — деп үнсіз қойылған сұраққа: «Бітірдім!» деп жауап қайтаруға құқы бар.
Ол бар тұлғасымен осы қазір, тап жаңа танысып отырған, көзіне ұйқы тығылып, аяқ-қолы сырқыраған сан түнін қолынан санап алған жас досына — ескерткішке қарады да, кенет қолқасы түсе шылым шеккісі келді. Темекі тартпайтынына жиырма сегіз қайырымды қысқа ғұмырында тұңғыш рет тілін тістей өкінді — бітті, болды деп санағанның көпе-көрінеу шиі шығып, көркі қашып бара жатса өкінбеске не шара.
Денесін екіге бүктеген белін жазып түрегелді де, аядай бөлме ішін, онсыз да ені мен ұзындығы жүз өлшеніп, мың көзделген шеберхана еденін қырқыншы санды бәтеңкесінің табанымен мөрлей бастады. Бәрін айт та бірін айт, көкірегі қанағатқа емес, қанағатсыздыққа лықылдап толып тұр. Иә, кеудесіне жан кіргеніне сағат толмаған ескерткіштің қай қабырғасының кірпіші кем екен? Тап осы сұрақ жағасын жыртып, көкірегіне қол сұғып, жүрегінің басын тұншықтырып тұр. Ә деп қарағанға ескерткіштің бүйректен сирақ шығарып тұрған шырғалаңы шамалы.
Ал анау алға озған адымын, көздемей еркін сілтенген қолын, кілт бұрылған басын динамикаға жатқызайық, кере тартылған жебедей тіп-тік боп тартылып, қожыр-қожыр жартасты жарған тұлғасын конструкциялық тұтастығы, ал өкшесін көтере басқан анау лыпыған жеңілділік әуенділігі, пластикалығы дейік. Айтары жоқ, бәр-бәрінің басы түгенделіп келіп, биіктігі жарты метрлік саз балшықтың бойына жиналған. Ал ендеше тап қыр желкесінен түсе алмаған, мына ескерткіштің бойынан таба алмаған, тек көңілде бар, қолда жоқ тете, тиімді тұсты шын мүсінші болсаң таба қойшы, тапшы.
Тоқта... Орнынан ұшып тұрғанын өзі де байқамады. Мүсіншінің көзі төрт-бес жыл бұрын өзі жасап, көрші қалаға орнатылған басқа ескерткіштің шағын үлгісіне ауған еді.
Әуелі ол шынымен қатты таңданған. Екі ескерткіштің — Алтай мен Атырау арасын ен жайлаған қамсыз қалың халықтың аспандағы жарық жұлдызына айналғанда қыршынынан қиылып кеткен жас ғалым мен мына жас жауынгердің өмір сүрген заманының арасын мейлі, уақыттың ғасырға жуың тас қорғаны бөліп жатса да екеуінің тұлғаларында бір-бірін қайталап тұрған қасиет бар екен. Айырмашылығы — алдыңғының толғаныс-тебіренісі іштің тереңінде тұнып жатса, ал мына жас жауынгердің күш-қайраты бойына сыймай, сыртқа тебіте бұрқырап тұр.
Тілеген маңдайына жіпсіп тер шыққанын сезді. Сезгені несі, жауырыны жалма-жан дымқыл тартты. Өнер деп аталатын ұзақ сапардағы екінші адымының, бар болғаны екінші адымының деңгейі мен арыны алғашқысынан аспай, соның үстіне жазбай түсіп қайталағаны ма? Көз аясын кеңітіп, екі үлгіге да ұзақ зерттеп қарады, ұзақ зерттеудің нәтижесі кеудесіне жиналған назаны бет-бетіне быт-шыт бытыратқан жеңіл күрсініс-тін. Әрине, сөз жоқ, екі ескерткіштің екеуінің жөні бөлек, мүлдем басқа екен.
Жас ғалымның тұлғасында сәл кербездік байқалады.
Шыңғыс тұқымының маңдайына жазылған шығыңқылау бет, жүзінде айғайсыз сыпайы сызылып, нәзік тартылған жылы бекзадалық, тек ол ғана ма, ерлік пен қайрат, жұлдызды жанға тән ішкі рухани сәулелік пен жарқындылық іздері жоқ емес, бар, бар... Оны анау сәнмен созыла келіп, шиыршықталған қағаз қармаған, сәл көтеріңкі оң қолы, әнтек кейін серпілген сол білегі үн-түнсіз қолдап тұр.
Мүсінші тағы да теңселе басып, шеберхана ішінде арлы-берлі жүре бастады. Бір оралып кеп, жас ғалымның мүсініне жақындай беріп бұрыла берді де, жалт бұрылып, оқыс қараған. Қарады да, ішінің мүздап бара жатқанын сезді.
Қалай дегенмен ол шақта институтты жаңа аяқтаған жас мүсіншінің ту заманнан соғылып, қалыптасып қалған академиялық салқынқандылықты мойындаған ыңғайы бар екен...
Әрине, әрине, жас ғалым бойындағы басқадай қадір-қасиеттерді ауыр зілмен жекіп, көзге шұқып ұстатқандай жаңағы көтеріңкі қол, серпілген білек сияқты одағай қимылдармен ғана өлшеп-тамау ішке пышақ айналмас тар өрістілік болатын. Айтып-айтпай не керек, формалы мундир сезімсіз, терезесіз кезге қыбырсыз қатып жатса да, тереңдегі ағысы қатты зор күшті ауыздықтай алмапты. Жағадан бұрқырап шығып, сыртқа теуіп атылған орамал анау айтқандай жай деталь ме екен? Ол — патша сыйлаған оқалы шен-шекпеннің ішіне сыймаған асау жүректің бұлқынысы, керек десе діні мен тілі бөлектің басы шабылатын Қашқар еліне алқын-жұлқыныстан ада берік те жігерлі адыммен қадам басқан, кеудесі биік, жүзінде жалғыздықтың табы бар, мыңның асылы, жалғызы — жас жігіттің аузындағы ұраны, қолындағы жалауы.
Ал, жас жауынгер ше... Оны алғашқы мүсінге қабыстырып қоса қою қиын, бірақ анау артқа шегінуі жоқ нық қадамды сапары — мына бекзада жігіттің түн түнектен анағүрлым жарқын, анағұрлым буырқанысты келесі заманға асып түсіп жатқан азапты жолының жалғасы. Сымша тартылған сыптай тұлға ішке сыймай, денесінің әр бөлшегі, жеке клеткасына дейін сірей керіп тұрған қопарылыстың күшті, орасан зор жанартаудай қайратты танытқандай. Жиырма жасының әр қайырмасы жайшылықтағы қара жаяу он жылдарды қамтырлық, жарқ етіп, заманның зеңгір көгін сыза ұшып өткен жас ұлан — 1917 жыл бір бөлшегі сетінемеген тұтас күйі жорық жолымен тартып бара жатыр.
Тілеген кілт бұрылды да, бөлме ішін бір сағаттың ішінде үшінші рет кезіп кетті — онысы тап жаңа өзін-өзі соншалықты әдемі, шебер алдағанын мойындауы. Шеберхананың алыс бұрышынан соңғы мүсінге шүйлігіп тағы қарап еді, мына жас жігіт те бір, өзі көрмелерде тұсынан тез өтіп кетуге тырысатын, көзі кең ашылып, аузы дүлей айқаймен бітеліп қалған ортақол суреттегі қан-сөлсіз жауынгер де бір екен. Үстіндегі шинелі, қолындағы мытығы, басындағы шошақ төбелі қалпағы болмаса отқа оранған жылдың өкілі емес, стадиондағы дарақы көрерменнің бірі ме деп ойларлық еді. Ал келісті, қол алысты— мынау да сол даталы күнде көрмеге шығып қап, кейін көрмес жерге лақтырылатын арзанқол дүние... Сонда, сонда ол, мүсінші, бұрын да сан табанның бүрі тиген, тап-таза сыпырылған тақтақ жолмен тұтқасын басқаның алақаны таңбалап үлгірген есікті сабырмен ашты да, бей-жай момақан қалпы кіріп бара жатыр...
Тілеген оны өкінішпен мақұлдады. Өйткені, он екі мүшенің ең нәзігі, сергегі — көкірек көзі сол сәтте мүсінді жоққа шығарып тұрса, көкірек көзінен де асқан құралай мерген сыншы сезімі мына ескерткішті қалай тұшынып қабылдасын. Заманның, революцияның жауынгері ше? Оның тамыр жайған топырағы — халық ше, бәсе, ол қайда? Берік басқан адымы ма? Болмаса қолындағы мылтығы ма, әлде көңілге едәуір сескеніс салып, қатулана қараған жүзі шығар?
Тілеген төмен қарады, төмен қарағаны — алдындағы дәуірінің бар болмыс, мазмұнын бойына жинақтаған, суы сорғығанша сығылған жауынгердің образы емес, күш-күрес, алпарыс заманның сырт көріністерін білдірген жас жігіттің қан-сөлсіз бейнесі екендігін мойындағаны. Мүсін, не айтары бар, микроаудандағы бір-бірінен аумайтын, күнде көріп жүрсе де, күнде ауыстырып алатын көп үй секілді қолайлы, көрнекті, әттең, әсерсіз, арқалаған жүгі жеңіл.
Тілеген кекесінмен мырс етіп күлді.
Сонда жас жауынгерді өз ортасынан суырып, тамырымен қопарып, ойып алғаны ма? Күні ертең қаланың ең көрнекті алаңында жауынгерді бәленше метр биікке көтеріп, асқақтатып тұратын гранит тұғыр оны Тілегеннен, қазір асын дайындап, төсегін салып, дардай мүсіншіні екі көзі төрт боп күтіп отырған Әсимадан, кішкентай Аманнан — сан мың Тілеген, Әсима, Амандардан бөліп тастағаны ма? Ағаш екеш ағаштың да жер бойлайтын сан тараулы тамыры бар, одан өзегін айырса тіршіліксіз арбиған бұтақтарынан не қайыр. Шындап келсе мына қатулы жас жігітті аспандатып төбесіне көтерген іргетас тіпті де табан астында өзі қолдан жасап берген төрт қырлы гранит табан емес. Кешегі он жетінші жылдардың мазмұны мен мағынасын құрайтын халықтан оның өз ұлын — жауынгерді әспенсіте оңашалап мүсіндеймін деу сабан тығылған құлыпты мөңіреген енесіне көз алдап көрсетумен пара-пар. Тілеген жас жауынгер бейнесін өнердің есеп-қисап кітабына тек тіркеді — егер жүрегі жылып, емешесі езіліп қабылдамаса расымен у-шусыз тіркелгені... Салқынқанды академиялық шеберлік суретшінің сезімін тұншықтырып, қиялының қанатын қырықты. Мүсін бойындағы оғаштау, тым көрнекі патетика, пафос, көрушінің көңілін ұйыта алмайды, ол жинақтаушылық тапсырмадан ада жаны жоқ қаққа ғана.
Тұлабойының мұздап, салқынның сүйегін мұздатып бара жатқанын сезді: ашылған желдеткіш сол аңқиған күйі қалыпты. Сағатқа қараса — он! Жымиып қойды, Тағы да үйге кеш қайтатын болды, тағы да Әсима күңкілдеп жүріп, мана суып кеткен сорпаны қайта жылытады. Осыған дейінгі мың күңкіліне азар болса тағы бір күңкіл қосылар... Желдеткішті жауып, арқасын жылы батареяға сүйей ойға кетті.
Шәкірттерге шеңбірек атып толған институт аудиториясы... «Мүсінді ешқашан да субъективтік жеке адамға санап, ез ортасынан, өмір сүрген тарихи кезеңінен бөліп алмау керек. Ескерткіштегі кейіпкер тұтас бұқараның тағдырын — қайғы-қасірет, қуаныш-арманын бойына жинақтай арқалап, болашаққа жеткізуші, ұрпаққа ата-бабаның үнсіз сәлемін апарушы еңбекқор. Алақандарыңыз саз балшыққа, яки мраморға тигенде халың өмірінің лыпылдап соққан күре тамырын дөп басып ұстауға тырысыңыздар».
«Халық өмірінің күре тамырын ұста...»
Аса бір күдікпен елпілдей басып, жас ғалымның ескерткішіне жетіп барды — жүрегі орнына түсті, көңілі іздегенді тапты, қашқанға жетті. Тұғырдың өзегін бойлай иректеле жылжыған айшықты ою ғалым мүсіні мен оның туған жері — Көкшетауды, Отанын жалғастырған екен. Тілеген сол жүріс, екпінін баяулатпай жас жауынгердің мүсініне таяды, жетпей-ақ сезді; жаңа ғана орын тепкен қанағат қанатын пыр-пыр қағып, әуелей ұшып алыстап бара жатыр... Мына буденновкалы бозбала дала үстінде алқызыл жалау боп желбіреген ұлы төңкерістің бейнесі емес, едәуір ширақ, жинақы, өмірге тым әсерленіп қарайтын, тағы жап-жаңа етігінің тақасы сартылдағанына мәз сипаттағы жан. Шеберхананың қасынан күніге кернейлетіп өтетін су жаңа әскери формалы курсант жігіттердің үстіне былғары бешпет пен шошақ бөрікті кигізе сал, олар не, бұл не, айырмасы жоқ. Иә, жас жауынгер бөлек те, заманы бөлек, жауынгер бейнесі мен сол заман рухы үн қосып, біріге алмапты, дұрысында бұл біріктіре алмапты.
«Халық өмірінің күре тамырын ұста...»
...Аш-жалаңаштықты елеп-ескермеген ескі атаулыны сілкіп тастап, алға арман қарауылынан қараған шалқар шабытты кез еді ол. Көкіректі керген үміт, лепті сезім бір сәтте бұрқ етіп жарылып, дала үстінде шырақша лаулап тұрған тамаша шаң! Бұқара халық орасан зор бейнет, михнатпен белін жазып көтеріліп келе жатты. Қарсы күш балақтан алғанымен, бәрібір табан астына түсіп қалған, тынысы санаулы.
Тілеген орнынан атып тұрды. Дәл солай — көкжиекке көзін тіге бір тізерлеп тұрып келе жатқан жас жігіт — мүсін дәл осы бейнеде болуға тиіс.
Мүсіншінің ендігі қимылы сергек те батыл, қара сиямен аң қағазға өрнек салғандай анық шығып жатқан. Бар ой-мақсаты — аруақты, арқалы күйдің жалына жармасып, барынша тақым айырмау, шабыт деп аталар ақ арғымақтың ерінен ауып қалмау. Саусағы саусағына жұқпайды, саз балшықты іліп алып, бой көтере бастаған жаңа, соған қоса етене жақын, таныс жас жауынгер бейнесінің бойына жапсырып жатыр.
Бір сағат өтті.
Ескерткіш — дұрысы, қол-аяғы түгенделсе бәз біреулердің монументке жаба салатын дүниесіне татымды ескерткіштің суретін тауып келе жатқан бейнесі қожыр-қожыр безеу бет тастан бір тізерлей тұрып қалыпты. Оң қолы тас төбесіне тік көтеріліп, алақанын күн сәулесіне тоса әлденендей айқай-сүрен ұранды үнсіз ұғындырып тұр. Мойнына ораған шарқат ұшы арқасына асып түсіп, жалауша желбіреп жалпылдайды. Жауынгер, жиырмадағы жас жауынгер бүкіл тұлға-тұрпатымен дала үстіне төңкерілген әуеге ұмсына ұмтылып, атыла саулай көтеріліп бара жатыр.
Космос корабльдері де аспанға осылай көтеріле ме?
Үшінші сағат өтті.
Мүсіннің бет-жүзі айқындала бастады. Қалың қайқы қас, будақ-будақ қайратты шаш және әжім жолатпаған, ертең астана алаңына орнатылар биік тұғырға көтерілер жас жауынгер бейнесі болашаққа қарай қарыштай басып бара жатты.
Тілеген бойын жазды, беті-қолын жуды, сүртінді. Саратына шұқшиып, ұзақ қарады. Болмас іспен айналысып, күйбеңдеп көп жүрді. Осы уақыт ішінде ескерткіш жаққа батылы жетіп, бір рет те қарай алмады — әманда жоқ жерде бойын буа қалатын жасқаншақтыққа ызалы да.
Аңыры бар күш-жігерін бойына жинап, артына жайлап бұрылып еді, тұғыр арқылы Жер-анадан қуат алған халық — жас жауынгер бір тізерлей көтеріліп, төбесінен асып жатқан таң шапағын уыстай серпіле тұрып бара жатты. Тегі, өзі маңайындағы жақпар-жақпар жартастарды жарып шығып, үздіксіз лаулап тұрған тұтас шырақ! Мейлі әлі де өңделмеген, қырналмағаны көп-ақ болсын; қисынын, қиюын сарсылған ой мен табанды еңбекке толы келер күндері келтіре жататынына сенімді — оған мүсінші мойынсұнып, көніп те қойған.
Тек түн, мүсін, уыс-уыс үйіліп жатқан саз балшық және... Тілеген аман болғай да.
Ол шеберханадан шыға беріп кейін қараған... Мұхиттай шалқыған қаһарлы да қуатты әуеннің сарыны құлағына талмай жетіп, естіліп тұрды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста