(әңгіме)
Ширек ғасырлық бейбіт өмірдің мылтықсыз майданынан қалжырап келе жатты жалғыз Адам. Бәзбір шығармалардағыдай самайын қырау шалып, жүзін өрмекші торындай әжім торламай-ақ, жүрегі қартайып, жанары лайланған жат жұрттық...
Алыстан қарауытып көрінген қара таулар мен көзкөрім иек астындағы жусанды белегірге Ай нұры әлсіз себезгілейді. Алтынды таудың ұшар басынан бұлақ болып жосылып, өзен болып қосылып ағар кәрі Ертіс бүгінде шырдақтап жатыр. Өзен танабындағы асау тау суы малталаған түйе тастар бағзы бір ғасырлардағы ертегідей ерлігінің моласы секілді жеті қат көктен құлаған Ай сәулесімен мұңая жалтырайды. Адам өз жүрегінен де осындай арманды, арнасы таязыған бостықты сезінгендей жан дүниесі қалтырай жөнелді. Сонау бір иесіз тас қыстаулардың алдында лаулата от жағып, сәл ғана шараптың қызуымен «Ай нұры» немесе «Тамшы» туралы әуенді түн тыныштығын бұзбай шытырлап жанған тау аршасы, байғыз үнімен қоса әрлеп, сол бір аңызға лайық есіл елесті алдына алып әлдилеп отырар жалғыздығын сағынғандай. Бұлар жаққан отқа қаймыға үрке келіп, желкесінен үңіліп отырар қасіреті де тәп-тәтті еді. Уылжыған жас секілді еді. Қартайып кетіпті...
Жастықтың он жетінші көктемінде өзі асыраған үкі балапанының үлпілдек майда қауырсынындай үміті де мүйізгек. Сол мүйізгектелген улы үміті ендігі бір сәтте үркек қасіретінің қолдарына айналып, мұның жанын аяусыз өшіге тырналап жатыр.
Қаңыраған жағалауда қарақшыдай қалқиып тұрған жалғыз жаяу көкірегін кере күрсінді. Тәнінен бұрын шаршаған рух сүлдесі де жарық дүниеге жанымен жағаласып туған жалғыздығымен иықтасып, адамдар «тағдыр» деп атаған иір-қиыр өмір сүрлеуінен сыр суыртпақтай жөнелді.
Әуелі мұның санасын нұрландырған жалғыз Көктем... Қас-қағым сәт. Кірпігі кідіргенде жанарынан жылыса қалатын тамшы шықтай бір үзік өткінші елес қана. Сондағысы: құзырына құдіреті жеткен құс пен Ай сәулесі ғана қонақтар қызыл жартасты көне қыстау. Жусан исі бұрқыраған сол бір қыстаудың көмейінен мүлгіген тыныштықтың шырқын бұзған, қу дөдегедегі шиқылдаған қу бесікке қарап, періште тектес жәудір қыз селк ете түскен болатын. Өшкен ошақ иен жұртта бір кездегі қонышынан ермен бүрі төгілген аңғал-саңғал қойшы күрсінісі мен тас ошаққа шай қайнатып жүрген қойшы әйелінің күңкілі... Әлде, қырқынан шықпаған, ғұмыры қысқа сәбидің шырылындай бір елес кезіп жүргендей болған...
Адамның санасын лаулап жанған тау аршасының түтіні тұмандатып жібергендей болды.
- Аға, - деген сонда, ұйқылы-ояу халде отқа қарап мәңгіріп отырған бала Қыз. - Бұл қыстаудың салынғанына қанша жыл болды екен?!
- Жүз жыл... Мүмкін, одан да ұзақ...
- Бүгін шешеме тұңғыш рет өтірік айттым, - деді Қыз жанары жасаурап. Бұл тырс етіп тіс жармады. Бар болғаны онсыз да маздап тұрған отқа отын үстемелей берген.
Кейін білгені, сол түні Қыз ерніндегі екі аяқтының еншісіне тие бермес елжіреген ерке тазалықты буындырып өлтіріпті.
Оның санасын сансыратқан жалғыз қыс. Дәл қазір өзі тұрған өзен жағалауына жақын орналасқан шағын қалашықтың сырт жағындағы Алтайдың аязы аймалап, анда-санда тау ішін азан-қазан қылар бөрі бораны тапалаған қар айдынның бетімен зиратқа келген. Күміс қармен шағылысып, айнадай жарқыраған айлы түн еді. Сол жолы ғой, қаланың еріккен балалары мола ішін бойлай өскен қурайларға жасырып тұрған қыл тұзақта балаша шырқырап тұрған әппақ қояндарды көргені. Жастықтың ең ауыр қиямет күнәсін қар астына жерлеп, өксіп отырған Қызды да сонда жолықтырған. Мұнысы да бекершілік екен. Бейкүнә жаратылысты жылата алған адам сорлы жұбатуға жарамады. Тым құрығанда тағдыр тұзағында қылқынып тұрған бейуаздарды босатып алып, бауырына да баспапты.
Қасат қарды сықырлата басып, келген ізімен ұзай берген. Бірақ, ақ, адал рух сүлдесі обал арқалап сонда мәңгілікке қалып қойыпты.
Одан кейінгі бейтаныс өлкедегі өмір сапарында естелік қып айтар ештеңе болмағандай. Тек, әр түні түсіне мола ішіндегі мұзға айналған жанары қарақаттай аппақ қояндар ғана кіріп жүреді.
Өткенге алып баратын тек қана Өкініш екен.
Алыс қыстауда тағы бір от жылтырайды.
«Өкініш!», - деп айқай салды Адам. Бұл - ширек ғасыр түс көріп, шошып оянған адамның түсі еді.