Кетбұға ноянның татарлар арасындағы орны ерекше еді. Оның сөзі, батырлығы және ісі әрдайым есепке алынып отыратын. Ол ержүрек, батыл, қамалдарды қиратуда, жат жерлерді басып алуда нағыз соғыс шебері еді. Парсы жері мен Иракты жаулап алған Кетбұға ноян болатын. Оның шайқастары туралы таңғажайып әңгімелер айтылатын.
Тарихшы Ибн Тәңірберді.
Моңғолдар сияқты мәмлүктер де даланың еркін ұлы еді, ал әскери талантқа келсек, қыпшақ Құтыз бен Бейбарыс найман Кетбұғадан кем түспейтін.
Лев Гумилев.
***
Тұңғиық ойдың тереңіне батып, шақшадай басы шарадай болып отырған Кетбұға қолбасшы көрер таңды көзімен атырды. Қиял құсы желдей жүйткіп, жер-көкті шарлап, кең дүниені көктей шолып өтті...
Кіндік қаны тамып, төсінде ойнақ салған туған жері есіне түссе ет-жүрегі елжіреп, мазасыз күй кешеді. Ел-жұртының ертеңін ойласа жаны жай таба алмай, аласұрады. Көкірегіне тоңдай қатқан шер-шеменнің сызы жібімей, тұла-бойын мұздай қариды. Ойлаған сайын көңіл түкпіріндегі көмескілене бастаған көріністер көз ұшында көлбең қағып, сағынышқа айналған сағым бейнелер елес береді.
Атамекен, құтты қоныс... Көк аспанмен таласқан қара таулар, ұшар басына қырандар ұя салар құзар шыңдар... Құлама құз, жақпар-жақпар жартастар... Тобылғылы құла бел, қарағанды құба жондар... Гүл көмкерген қызыл қырат, жыңғылы көп сай-сала... Құстары құйқұлжыған орман-тоғай... Айдыны айнадай жалтыраған өзен-көлдер... Ши, селеуі селтиген маң дала...
Жасыл жайлау, көкорай шалғын... Қаз-қатар тігілген ақ шағаладай киіз үйлер... Ақ сақалды ата, ақ жаулықты әже, иманжүзді әке, мейірлі ана... Тұлымы желбіреген ұл, жүзін күн қаққан бұрымды қыз... Төскейдегі төрт түлік, желідегі құлынды бие... Түтіні будақтаған жер ошақ, қара қазан... Буы бұрқыраған ет, қазы-қарта, жал-жая... Сапырылған сары қымыз... «Қайран туған жер, өскен өлке... қадіріңді білмеппіз-ау!.. Күлімдеген көктемің мен жадыраған жазың түгіл, сарғайған күзің мен қақаған қысыңа да ештеңе жетпейді екен ғой!.. Көзден бұл-бұл ұшқан сол күндер қайтып оралмайды-ау, шіркін!..»
Көзін тырнап ашқаннан көріп келе жатқаны – ел ішінің дүрбелең-дүрмекке толы беймаза тірлігі, берекесіз бүліншілік, шаңдатпа шапқыншылық, талап-тонау, зорлық-зомбылық, қырғын-сүргін. Кетбұғаның балалық шағы осындай аумалы-төкпелі алмағайып кезеңге тап келіп, тілерсегінен қан аралас саз кеше жүріп ержетті.
Ат жалын тартып мінгеннен кейінгі саналы ғұмыры шашасына шаң жұқпас тұлпарлар үстінде өтіп келеді. Өз алдына жеке мемлекет болып, ақ байрағы желбіреп тұрған Найман хандығы тұсында да қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қойған жоқ. Қараорман қамын ойлайды деген көсемдер өзара билікке таласып, алтыбақан алауыздыққа салынып, ауыздағысынан айырылды. Ел атыс-шабыс, барымта-қарымтадан көз ашпады. Қайран жұрт алашапқынмен өмір сүріп, алаңдаумен ғұмыр кешті.
Әлемді дүрліктірген Шыңғысханның әскерімен де майдан даласында сан мәрте бетпе-бет келіп, атойлап айқасқа кірді. Күштіге кіріптар болғысы келмей, жанқиярлықпен соғысты. Адам қаны судай аққан қан қасап қырғындар болды. Талай жас қыршынынан қиылып, ажал құшты. Сансыз мүрде көмусіз қалды, сайын дала қан сасыды.
Таян хан да, Күшлік хан да күші мен сұсы басым жау қолынан күйрей жеңіліп, Алтайдың Арай асуын, Тарбағатайдың Етікші биігін асып, қансыраған қаралы жұртын бастап батысқа қарай бет түзеді. Атамекендерімен қимастықпен қош айтысып, жайлы қоныстарынан амалсыздан қотарыла көшкен ел кең сахарадан пана болар жер іздеп, ауған арқардай жосыды. Жел айдаған қаңбақтай босып жүріп, қыпшақ даласына аяқтары ілігіп, аттарын шалдырды. Қандас қыпшақтар жатсынбастан құшағын жая қарсы алды. Көрші қаңлы мен қарлықтар да етек-жеңдерін жиып, жандарынан жайлы қоныс берді. Кетбұға сияқты ел ағалары азалы жұртының жабыққан жанын жұбатып, қамыққан көңілін сергітуге тырысты. Қыста Сарысу, Шу өзендерінің төменгі сағасын, Қаратаудың батыс бөктері мен Сырдария жағасын мекендеп, жазда Ұлытау, Арғанаты таулары мен Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді өзендерінің алқаптарын жайлады.
Шыңғысхан шапқыншылығы қыпшақ даласын да өрттей шарпып, ормандай отап, жалмауыздай жалмады. Моңғол әскерінің аяғы бұнда да жетіп, ойындағысы мен көңілдегісін істеді. Ордасын ойрандап, қалаларын жермен-жексен етті. Туған елі мен жері үшін жандарын шүберекке түйіп, қарсыласып баққан халықты қынадай қырып, жолдарындағының бәрін түк қалдырмай жайпап өтті. Арттарында бүлінген ел, жұтаған жұрт, қираған қала қалды. Ана баласынан, бала әкесінен айырылды. Әйел – жесір, бала – жетім атанып, көздерінен сора ақты, тілдерінен зар төкті.
Жебе ноянмен болған соңғы айқаста Күшілік ханның жасағы күйрей жеңіліп, Найман елі де амалсыздан Шыңғысханның билігін мойындады. Ұлы қаған да оларға тізесін батыра берген жоқ, ішкі есебі түгенделген соң, кешірім мен кеңшілік жасады. Емірене бауырына тартпаса да, өзекке тебе қоймады. Кетбұғаның өзі оның оң тізесін басты. Сөйтіп, тығырыққа тірелген ел-жұртын аман сақтап қалудың қамына көшкен Кетбұға абыз амалын асырып, Шыңғысханның бетін бері қаратты. Есесіне айтқанын орындатты, сөзін тыңдатты. Жошымен де, Батумен де тізе қосып, тіл табыса ел биледі. Екеуінің де ақыл қосар кеңесшісі, билік айтар, төрелік жасар төбе биі болды.
Көңіл көзімен сараласа, содан бері де қаншама күн, қаншама ай, қаншама жыл жылыстады, қаншама көктем, қаншама жаз, қаншама күз, қаншама қыс ауысты... Уақыт сынаптай сырғып, зымырап өтіп жатыр. Кешегі тұлымы желбіреген жас бала бүгінде ақ сақалы аузына түскен ата атанды.
Кетбұға да осы жасқа дейін жансауғамен күн кешіп, аттың жалында, түйенің қомында өмір өткізді. Соқтықпалы-соқпақты жолдан өтті. Жан азабын шекті, қайғы-қасірет теңізін белуардан кешті. Бабасы Қорқыттай күңіреніп, қос ішекті қобызын толғай тартты. Шанағынан сұм заманның зарын төгіп, соны қамыққан көңіліне жұбаныш қып, ішқұсалық дерттің дауасын тауып, жан жарасына ем қондырғандай болды. Елдің тағдыр-талайын жүрек қылын шертер күйге айналдырып, жалынды жырына қосты...
Әлі де көзінде мұң, көкірегіне шемен боп қатқан шер бар. Жаны жаралы, жүрегі жырым-жырым. Елінің болашағын ойласа, еңсесі еңкіш тартып, белі бүкірейе түседі. «Енді қашан өз алдымызға ел болып, етек-жеңімізді жинар екенбіз! Көк Тәңірім өзің қолдай гөр! – дейді Жаратқанға жалбарынып. – Бізді де жұмыр басты пенде ғып жаратқан да, ұлыс қып ұйыстырған да, ел ғып еңсе тіктеткен де бір Өзің ғой! Несібемізден қақпа, ырыздығымызды ортайтпа, қайғымызды молайтпа!» Қабырғасын қайыстырар қайғысы да, Көк Тәңірге шағым айтып шағынары да, күндіз-түні ойлайтыны да осы.
Міне, қарап отырса, 1256 жылы Онон өзенінің бойында өткен ұлы құрылтайдың шешімі бойынша Құлағу ханмен бірге жорыққа аттанып, шет жұрттың шекарасына табаны тигеніне де үш жылдың жүзі болыпты. Алдымен парсы жұртын тізе бүктірді, содан соң Бағдатты бағындырды. Іле-шала Иерусалимді басып алды. Дамаскі мен Шам шаһарының билеушілері нояндардың қаһарынан қорқып, қорғандарының қақпасын өздері ашып берді. «Ұлы қағандарға адал боламын деп жүріп, мен де қатігез болып кеткен жоқпын ба, өзі?! – деді өткен өмірін көз алдына елестетіп отырып. – Мен қылышты қолыма елім үшін ұстап жүргенімді Көк Тәңірім де біледі!.. Егер бұл жорықтан бас тартсам, халқымның жонына қамшы үйіріліп, жүрегіне қанжар қадалары айдан анық!.. Беу дүние, қайран ел-жұрт!.. Қайда барсаң да Қорқыттың көрі алдыңнан шықты-ау!.. Тас маңдайыңдағы қалың сордан қашан арылар екенсің?! Өз қолың өз аузыңа жетер күн туар ма екен?!»
Мұсылман мемлекетінен ендігі қалғаны Мысыр елі ғана болатын. Екпіні ерек мұздай қаруланған қалың жасақ Египетті бетке алып ақырын жылжып келе жатқан. Дәл осы кезде Мөңке қағанның қазасы жайлы суық хабар жетті. Қағандықтан дәмесі зор Құлағу хан шұғыл шақырылған ұлы құрылтайға қатысу үшін ордаға баруға мәжбүр болды. Аттанарында Кетбұғаны шақырып алып:
– Қағанның жаны Көк Тәңірімнің қасына қонақтаған екен. Бірақ алтын бұғауының кілтін маған беріп кетті. Соны атам Шыңғыстың, Жошы әкеміздің, ағам Мөңкенің алтын айдарын көрген саған тастаймын. Қамалдарды қадағала. Құтыз бен Бейбарыс қыпшақтан шыққан. Солармен мәмлелесіп, уақытша тыныштықты сақтай тұр! – деп барынша тапсырып кетіп еді. Бірақ оның айтқанын орындаудың сәті түсе қоймады.
...Енді міне, Құтыз бен Бейбарыс ұрымтал тұстан түре шауып, жер қайыстырар қалың қолмен қылыштарын жалаңдатып қарсы алдында тұр. «Бұлай болар деп кім ойлаған?! Неткен жүрек жұтқан бәлелер! Бізге қарсы шаппақ түгіл сесімізден сескеніп, қорғанудың өзін артық санап, кейбір елдердің халқы қақпаларын өздері ашып беріп жатқанда, бұлардың бұнысы ажалдарына асыққандық қой!.. Иә, ажал айдап шыққан ғой!..» – деді басын шайқап.
Кетбұғаның ойға шомған нұрлы жүзінен ешқандай қобалжу байқалмайды, өзінің жеңіске жететініне нық сенімді сияқты. Санасы сан саққа жүгіріп, ойы онға бөлініп отырса да, сол баяғы сырбаз қалпын сақтап, сыртқа сыр алдырар емес. Жұмыр басты пенде ретінде маңдайына бақ та, сор да молынан жазылған екен. Сиқырлы айнадай жалт-жұлт еткен жарық жалғанның алдамшы қызық-қуанышы мен жанға жара, жүрекке салмақ салар қайғы-қасіретін қатар тізгіндеп келеді. Асқан ақыл-парасатының арқасында биліктің де дәмін татты. Ал мәңгілік бақ аяғын көкке сермеген асаудай әзірше жалынан сипатар емес. «Дүние, шіркін, қалай құбылса да, тірі адам тірлігін істей береді екен ғой!..» Оның шайқас алдындағы соңғы байламы осы болды.
Түн ауғаннан бері өзінің қас-қабағына қарап, алдағы болар соғыс қимылдарын пысықтап, өзара ақыл-кеңес құрып отырған мыңбасыларын ойнақшыған отты жанарымен жағалай бір шолып өтті де, жөткіріне сөз бастады:
– Қырандарым, қандыкөйлек достарым, бауырларым, не айтасыңдар, қандай ақыл қосасыңдар? – деді пайғамбар жасынан асып кетсе де, қайраты қайта қоймаған Кетбұға қозғалақтай түсіп. – Шайқас ауыр болатын түрі бар. Естіп-білуімше, жау жағы бұл шайқасқа тыңғылықты дайындалған көрінеді.
– Қолбасшы, хан келгенше сәл шегіне тұрсақ қайтеді, – деді Дәулетбай сардар оқыс сауал тастап, – өйткені, жаудың қарасы тым көп. Барлаушылардың айтуынша әрқайсымызға төрттен келеді екен! Бізде қазір он-ақ мың сарбаз бар, мәмлүктердің қырық мың қолына қалай төтеп береміз?! Сондықтан сәл сабыр сақтап, ақылмен іс істесек деймін!
– Иә, дұрыс, тым құрмаса, қосымша көмек келгенше уақыт ұтып, амалдай тұрсақ! – деді Жосалы сардар да оны қостап. – Уақытша келісімге келіп, алдандыра тұрмасақ, болмас, сірә!..
– Мүмкін шегіну керек шығар!.. – деді Әлімгерей сардар.
– Жоқ, қашқан қатынмен бірдей! Қашқан жауға қатын ер! Атымызға сын! Соғысамыз, қырық мың түгіл, қырық миллион болса да жаудың тас-талқанын шығарамыз! – деді Ерторы сардар өктемси. – Санымыз аз болғанымен, жасағымыз мықты, қару-жарағымыз күшті емес пе?!
Ұрыс алдында дау-дамайды көбейтпеуге тырысқан Кетбұға қолбасшы сөзді бұдан ары созғысы келмеді. Қияқ мұртын шиырып алды да, сақалын саумалай отырып:
– Қарыс қадым да кері шегінбейміз, жауға қарсы шабамыз! Көк Тәңірім бұйыртса, бүгін де жеңіске жетеміз! – деді нығарлай сөйлеп. – Кешегі жоспар бойынша қимылдаймыз! Тағы да бір мәрте пысықтап алыңдар! Ал енді өз жасақтарыңа барып, менің бұйрығымды күтіңдер!
Мыңбасылар орындарынан дүр көтерілді. Кетбұға майдан алаңына қалай кіріп, қалай шайқасу керектігін ой елегінен тағы бір қайыра өткізіп, сүт пісірімдей уақыт тұнжыраған қалпы үн-түнсіз отырды да, бір кезде орнынан ширақ көтеріліп, ерттеулі тұрған ақбоз арғымағына қарғып мінді. Қалың жасақ қаздай тізіліп, самырсындай сап түзеген алаңқайға желе жортып келді де, алдыңғы жаққа барып тізгін тартты. Он мың сарбаз шайқасқа сақадай сай боп, тас-түйін дайын тұр. Бәрі де қолбасшы не дейді дегендей құлақтарын түрісіп елеңдесе қалған.
– Сайыпқырандарым! Сардарларым мен сарбаздарым! – Дауысы саңқылдап шықты. – Сендер бұл жаққа елдеріңнің аманатын арқалап келдіңдер! Мойындарыңда ерлер ғана көтерер ауыр жүк бар. Алда сын сағаты күтіп тұр. Мен сендерге сенемін! Әлі-ақ сендердің алдарыңда бүкіл әлем тізерлейтін болады. Бұл жолы да жауды талқандап, жеңіске жетеміз! Біз жеңбейтін жау жоқ, біз алмайтын қамал жоқ!..
Кетбұғы қолбасшының жалынды сөзі сапта тұрған сарбаздарға керемет әсер етті. Бәрі де қылыш ұстаған қолдарын жоғары көтеріп:
– Біз жеңеміз! Біз жеңіске жетеміз!.. Жаудың тас-талқанын шығарып, жермен-жексен етеміз! – деп ұлардай шуласып, ұрандатып қоя берді. – Бізді Көк Тәңірі қолдайды!..
Алыстан қарауытып жау қарасы да көрінді. Қара жердің шаңын аспанға шығарып, құмырсқадай қаптап келеді. Олар жақындаған сайын қу көңіл өрекпіп, тынши алар емес. Кетбұғаның қолы да сап түзеп, алға қарай жылжыды.
Күн қансәскеге таянғанда Айн Жалұт түбегінің тұсында қалың қол бір-біріне бетпе-бет келіп, қарама-қарсы қарап антыздап тұрды. Мәмлүктер алдында шұбар айғырға мінген Құтыз сұлтан мен ауыздығымен алысқан жирен қасқа сәйгүлікте қызыл көрген қырандай қомданып, түйіле түскен Бейбарыс қолбасшы келеді. Екеуінің де көңілінде алаң бар, сарбаздарында қорқыныш пен үрей басым. Екі жақ бір-бірінің аңысын аңдып, сәл-пәл бөгеле берді. Осынау оңтайлы сәтті орайымен пайдаланып қалғысы келген Кетбұға қолбасшы қылышын қынабынан жарқ еткізіп суырып алды да:
– Алға! – деп айғай салып, ұран сала шаба жөнелді. Шайқасқа кіру туралы дабыл қағылып, керней тартылды.
Осы сәт найман садақшылары жебені жауған қардай боратты. Алдыңғы қатары көктей жусап жатса да, мәмлүктердің іркілер түрі жоқ, өлген-жітігендеріне қарамай, жанкештілікпен алға қарай атойлап, қоян-қолтық шайқасқа қойып кетті.
Қиян-кескі ұрыс басталды. Алмас қылыштар жарқ-жұрқ шағылысып, найзалар шатыр-шұтыр соғылысты. Талай боздақ қыршынынан қиылып, жетесінен үзілді. Қайсыбірі ат-матымен омақаса құлап, ойбайлап жатты. Ақырған, айғайлаған, бақырған-шақырған дауыстардан құлақ тұнады. Алғашында ат тұяқтарының дүрсілінен бұрқырап көкке көтерілген қою қара шаң судай шашыраған қызыл қаннан бірте-бірте тозаңданып барып басыла бастады.
Әлекедей жаланып, аруақтарын шақыра қиқуға басқан наймандар әп дегеннен қарсыластарын қойға шапқан қасқырдай дүрліктіріп, алғы шептерін бұзып-жарып, тырағайлата қырғын салды. Сансыз мәмлүктің бастары домалап жерге түсті, жандары шырқырап көкке ұшты. Қан жосыған мүрделер үйіліп қалды. Бірақ көптің аты көп, бірін шапсаң, екіншісі сумаң қағар жеті басты айдаһар сияқты біреуін мұрттай ұшырса, енді бірі өңмеңдеп жетіп келеді. Бір мезгілде мәмлүктердің Бейбарыс бастаған оң қанаты артқа қарай шегінді. Жау қаштыға санаған наймандардың рухы көтеріліп, бір бөлігі соңдарынан тырқырата қуа жөнелді, ал қалған жартысы текетірес ұрыс салып жатқан Құтыз бастаған сол қанаттағыларын қоршай бастады. Сөйтіп, Кетбұғаның қолы екіге жарылып, бір-бірінен бөлініп қалды. Осы мезет арттарынан қосымша көмек келіп жеткен оң қанаттағы мәмлүктер ұрымтал тұстан қарсы шауып, қайыра қоян-қолтық айқасқа кірді. Бұндай оқыс қимыл мен тегеурінді күшті күтпеген найман жасағы асып-сасып, не істерлерін білмей абдырап-ақ қалады. Әйтсе де, жеңісті қолдан бермеуге тырысып, арыстанша арпалысып, өлермендікпен шайқасты. Ұрыс қыза түсіп, бірте-бірте Кетбұға жасағының орта тұсы ығысып, сол қанаты түріле бастады. Соны сезген жаужүрек мәмлүктердің бойларына ерекше күш бітіп, екпінін үдеткен жел сияқты екілене түсті.
Айбатына мініп, кәрі бурадай буырқанып жүрген Кетбұға жаудың қос қапталдан бірдей қусыра бастағанын байқап қалды. Қаралары тым көп, алды-арттарына қарамай қарақұртша қаптап келеді. Айлалы жаудың алдап соққанын сезіп, көңіліне алаң кірді. Жеңістің ауылы енді алыс екенін ойша бағамдаса да, жеңілістің ащы дәмін тататынына сенгісі келмеді. Ол жағын ойлауға да мұршасы келмей, «қанды басың бері тарт!» деп қарсы келгенге қайқы қылышын оңды-солды сермей берді. Бірақ мұздай қаруланған қырық мың қолға бір түменнің төтеп беруі оңай ма, қанша жанталасып бақса да, қатарларының азая бастағанын сезді. Сонда ғана өз қателігін түсінді, соқыр сенім мен жалаң сезімге бой алдырып, арғы-бергі жағын ойлай қоймағанына өкініп, өзегін өрт шарпыды.
Шайқастың сәл саябырси бастаған кезінде бір сәтке көз тоқтатып қараса, жанында жалғыз ұлы Ысқақ бастаған жанкешті сарбаздары қалыпты. Кілең сайдың тасындай батыр жігіттер. Өліспей берісер емес. Жеңіске деген құштарлықтары арта түскен мәмлүктер жан-жақтан аш қасқырдай анталап келе жатса да, қаруларын тастар түрлері жоқ.
Кетбұға қоршауда қалғанын сезді, енді оны бұзып-жарып өте алмайтынына да көзі анық жетті. Сонда да абыржып, қайғыра қойған жоқ. Елге қарабет боп қашып барғаннан қайбір опа табар дейсің? «Өзекті жанға – бір өлім. Тағы да бір-екеуін жастанып өлейін!.. Ұлымды есебін тауып, елге қайтарып жіберуім керек еді, бұлай болар деп кім ойлаған. Оны да ажал аузына өзім айдап әкеліп, обалына қалатын болдым-ау!..» – деді іштей күбірлеп.
Қарап тұрып ұлының қажыр-қайратына қайран қалды. Әлі де табандылығынан таймай, жаралы жолбарыстай жан алыса шайқасып жатыр. Мәмлүктер оған жақындаудан жасқанатын сияқты, тақап келгенін қылышымен қидалап, ат үстінен ұшырып түсіреді. Жаны сүйсініп, көкірегін ырзалық сезімі биледі. Бір сәт енді оның да қашып құтылмасын ойлағанда, төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Қабақ-басы салбырап түсіп кетті.
Осы кезде қарсы жақтан қатты шыққан әлдеқандай дауыс естілді де, мәмлүктер қылыштарын көтерген бойларында аттарының тізгіндерін тартып тұра-тұра қалысты.
Кетбұға алғашында не болғанын түсіне қоймады, артынан «шайқасты тоқтатыңдар!» деген белгі берілгенін ұқты. Сол сәт басындағы дулығасын шешіп тастаған қара шашты, ат жақты, алпамса денесіне алтын түстес сауыт киген жау сардары жирен қасқа сәйгүлігін ойқастатып ортаға шыға келді. Кетбұға оның түр-тұлғасынан Бейбарыс баһадүр екенін жазбай таныды. Қолындағы жарқылдаған алмас қылышын жалаңдата Кетбұғаға жақындап келіп:
– Өз еркіңмен беріл, жаныңды сақтауға уәде беремін! – деді қыпшақ тілінде саңқылдап.
Кетбұғада одан басқа таңдау да жоқ еді. Өзінен де бұрын жалғыз ұлының тағдырына қатты алаңдаулы еді. Тұла бойын ыза-кек кернеп, өзегін өкініш оты өртеп бара жатса да, берілгендіктің белгісі ретінде амалсыздан оң қолына қыса ұстаған алмас қылышын үн-түнсіз төмен түсіре берді.
– Бүгін Көк Тәңірім сендерге жақтасты! Риза шығарсың! – деді Бейбарысқа кекті көзін қадап.
– Неге бастаса да Алла өзі бастайды!..
– Көк Тәңірім бүгін бізден сырт айналды! Көк қаршығам да Көк Тәңірімнің қасына кетіп қалғандай ұшты-күйлі көрінбей кетті! Содан-ақ секем алып едім! Бүгін сенің бағың жанды, Бейбарыс, жеңісіңді тойлай бер!..
– Алла деген алғысым шексіз, Алла өзі жар болды!..
– Енді неғып тұрсың, жеңімпаз қолбасшы, тезірек өлтір! Жанымыз Көк Тәңірімнің жанына барып, мәңгілік тұрақ тапсын!
– Қайда асығып тұрсың! Ажал жетсе, сенен сұрамас!..
– Жаным сенің қылышыңның ұшында тұрғанын білемін, енді не істесең де еркіңде! – деді Кетбұға да қыпшақ тілінде жауап қайтарып. – Қолыңнан ешкім қаға қоймас! Өлтірер болсаң, жанымды тозақ отына күйдіре бермей, тезірек өлтір! Тек ұлымды аман қалдыр!
– Мен берген уәдемнен ешқашан тайқып көрген емеспін. Өзіңнің де, ұлыңның да өмірін аман сақтауға уәде беремін! – деді де, Бейбарыс жанында тұрған әмірлерге бұрылып, иегін қақты. – Сұлтанның шатырына алып жүріңдер!
Бейбарыстың соңынан Айтемір, Анас, Балапан, Баһадүр, Бектұр, Байған сияқты қыпшақтан шыққан әмірлер ере жүрді. Бір-бірлеріне көз қиықтарымен қарасып, өзара ымдасып қояды. Сырт көзге ештеңе сездірмеуге тырысып бақса да, сұңғыла Кетбұға олардың ойлы жанарларынан іштеріне бүккен бір сырдың барлығын анық аңғарды. Беріскен уәделері, байласқан сөздері бар сияқты. Бәрінің де ым-жымдары бір екенін іші сезіп, секем алып, сезіктене бастады.
Қаба сақалды, жирен шашты Құтыз сұлтан жалпақ төбенің үстіне тігілген шатырының ішінде жападан-жалғыз отыр екен. Жейдесін шешіп тастапты. Жүн басқан арық денесі қушиып, қусырыла түскен. Жараланған болуы керек, сол жақ иығы мен кеуде тұсын ақ дәкемен байлап алыпты. Жеңіс тойын бастап жіберген сияқты, қызара бөртіп қызып алған. Бейбарысты көрген бойда қабағын түкситіп, салған жерден дүрсе қоя берді:
– Сенің жасағың неге қашты? – деді түсін суытып.
– Біз қашқан жоқпыз, жауды алдаусыратып, құрған қақпанға түсіру үшін әдейі шегіндік! Бұл біздің соғыстағы айла-тәсіліміз емес пе?! – деді Бейбарыс сабырлы қалпын сақтап.
– Жо... жоқ... олай ақталма. Сенің кейбір әмірлерің майдан даласын тастап қашып кетті. Соның кесірінен қаншама боздақтардан айырылып қалдық. Бұған жауапты сен бересің! Саған осы шайқаста жеңіске жетсек, Алеппоның тізгінін ұстатам деп уәде беріп едім. Енді оның қисыны келе қоймас. Алеппоның әмірі ғып Лулуды тағайындаймын! Біле-білсең, адамның өз кінәсін мойындауы да үлкен ерлік!
– Мен өзімді кінәлі санамаймын!
– Жоқ, сен кінәлісің!
Құтыз осының бәрін әдейі істеп тұрғандай көрінді. Бейбарысты тұқыртып алмақ болды ма, әлде тағы бір бақай есебі бар ма, тырнақ астынан кір іздегендей жоқтан өзгені сылтауратып, қазымырлана түсті. Бейбарыс та қайта қоймады, өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп бақты.
Кетбұға абыз бұл екеуінің арасында бір бітіспес кикілжіңнің бар екенін сезді. Бірақ қайран қылуға қайрат жоқ, тұрған орнында тастай қатып үн-түнсіз тұра берді. Бір мезет Құтыз сұлтан Бейбарысты жүндеуін қойып, Кетбұғаға қарай бұрылды:
– Жазықсыз адамдардың қанын төккен, ұлы батырлар мен ақсүйектерді өтірік уәделермен алдаған кәрі қақпас, ақыры қолға түстің бе?! – деді қыпшақша сөз сабақтап.
Кетбұға айбыны асып, мерейі тасып тұрған сұлтанның қаһарынан қаймыға қойған жоқ. Еш тайсалып, тайсақтамастан Құтыздың сұсты жүзіне тіке қарап:
– Мен ешқашан жазықсыз адамдардың қанын төккенім жоқ, ешкімді де алдаған емеспін. Ол саған болмаса, маған жат ғадет! Соғыстың жазылмаған өз қағидасы бар екенін білесің... Егер мен бүгін сенің қолыңнан мерт болсам, ол сенің мықтылығыңнан емес. Менің ажалым жетсе, Жаратқаннан деп білемін! Бұл уақытша жеңісіңе мастанба, өзіңді-өзің алдама. Бұл үшін әлі жазаңды аласың! Сен сатылған құлсың, құлқынын ғана ойлайтын сатқынсың!
Құтыз миығынан мырс етті де, жымпима мысықтай жымысқылана:
– Өзің кімсің? Кімнің сойылын соғып келдің бұл жаққа? – деді көздері ойнақшып.
– Мен бұнда елімнің аманатын арқалап келдім! Сен оны түсіне алмайсың!
– Сен қу қақпас, кімді алдамақсың?! Өз өтірігің өзіңе! Мен оған сене алмаймын! Сені алда ажал күтіп тұр! – деді мейманасы тасып тұрған Құтыз ақи көзін ақшитып. – Ажал...
– Сені өз елің, өз ұрпағың қарғайтын болады. Сен қарғысқа қаласың! Қарғыс арқалап өлесің! Мен елімнің ертеңі мен амандығы үшін қартайған шағымда да ат үстінен түспей жүрмін! Ал сен Құтыз, қаның қыпшақ болса да, қарғы баулы төбетсің. Атың айтып тұрғандай қабаған итсің!.. Затың құл болмаса да, атың құл, мәмлүксің, мемлекет құлысың! Бүгін, міне, ата-бабаңның аруағына сыйынып келген өз ұлысыңның ұландарын қырып отырсың. Сонда сенің жоқтағаның кімнің, қай елдің намысы? Сен одан да есің барда еліңді тауып, жалдамалы құлдықтан құтыл! Өлсең мыналар сияқты жоқтайтын ел-жұртың қалсын артыңда...
Құтырған қасқырдай көздері алақ-жұлақ еткен Құтыз сұлтан бұл сөзді құлағына да ілмеді, жүрегі де жіби қоймады. Қайта тағдыры қыл ұшында тұрған жауының тілін тартпағанымен қоймай, өзін кінәлай бастағанына ызасы келіп, қатулана түсті. Безгегі ұстаған жандай, қол-аяғы дірілдеп, аузы-басы жыбырлап кетті.
– Доғар! – деді айғай салып.
Кеудесін кек қысқан Кетбұға қаймығар емес, тосылар түрі жоқ:
– Мен – исі Дешті Қыпшақтың Ұлық биімін. Төрелігім мынау: қарғыс, қарғыс саған. Қарғыс атсын сені! – деп Құтыздың бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді.
Ашуға булыққан Құтыз сұлтан бір демде-ақ қылышын қынабынан суырып алды да, көз ілеспен шапшаңдықпен сілтеп кеп жіберді. Ақ сақалын қан жуып кеткен Кетбұға тізерлей беріп, етпеттей құлап түсті.
Өз ісіне масайрай теріс айнала берген Құтызға Айтемір мен Балапан тап берді. Қалған әмірлер де қарап қалған жоқ, жабыла кетіп қылышын тартып алды да, екі қолын артқа қайырып, тапжылтпай ұстап тұрды. Бейбарыс бір-екі аттап сұлтанға тақап келді де, өткір қанжарын тамағына тақап:
– Ендігі кезек сенікі! – деді дауысын созып. – Шыныңды айтшы, мен бұрын қимылдамасам, сен бәрібір мені тірі жүргізбес ең!.. Ісің мен сөзіңнен осыны анық аңғардым! Аңғардым да...
– Жоқ, сен олай қателеспе, Бейбарыс, мен сені ашуға қисам да, өлімге қимас едім, – деді Құтыздың құты қашып.
– Жоқ, Құтыз, мен сені жақсы білемін ғой! Саған аяушылық пен адамшылық мүлде жат. Өзіңнің бас пайдаң үшін бәрін сатып кете бересің! Әйтпесе, сен екеуміздің ағамыз, осындағы қыпшақтардың көсемі Ақтай әмірді неге өлтірдің? Онымен қоймай, оның артына ілескен өз қандастарыңды қынадай қырдың, тонадың, қуғынға түсірдің! Дарға астың, ол аз болғандай тірідей ағашқа қақтың! Абақтыларға қамап, зындандарға тоғыттың! Өтірік пе, осы?!
– Олар Айбек сұлтанға қарсы көтерілді ғой! – деді Құтыз күмілжіңкіреп.
– Не үшін екенін сен жақсы білесің ғой. Ол да сен сияқты сатқындар болмаса, қыпшақтарға қырын қарады емес пе?! Қуғын-сүргінге ұшыратып, торғайдай тоздырып, жан-жаққа бостырып жіберген жоқ па, бауырларыңды?! Мыналарға қарашы, – деді Бейбарыс жағалай қоршап тұрған әмірлерді қолымен нұсқай, – бәрі де өз бауырларың. Сен Айбекпен бірігіп осылардың бәріне тізеңді батырдың, қанды шеңгеліңді салдың! Өтірік десең көздері тұр ғой, өздері айтсын! Ақтай көсем мен сол қырғында шейіт болған бауырларымыз үшін енді сенімен есеп айырысудың сәті түсіп тұр!
– Мен ол кезде Айбек сұлтанның бұйрығын орындадым! Оның маған қандай жақсылық жасағанын өзің де білесің ғой!
– Сондай жақсылық жасаған адамның ұрпағына не істедің сен?! Сен опасыз сатқынсың! Қателігіңді тек қанмен ғана жуасың!.. Ал аман қалдырсам, бәріміздің де түбімізге жетерің хақ! Сол жолы қолыңа түссем, Ақтай ағамызбен бірге маған да қан қаптырар едің. Бірақ сол түні Карратин қақпасын өртеп, амалдап қашып кеттім. Содан бері ішіңе қан қатқанын да жақсы білемін. Ал шайқас алдында мен саған керек болдым! Енді маған өлім тұзағын құра бастағаныңды анық сездім! Әйтпесе, Алеппо аймағын берем деген өзің емес пе едің?!
– Берем... берем... – деді Құтыз жандалбасалап.
Бейбарыстың езуіне күлкі үйірілді:
– Оған жаңа ғана Лулуды тағайындаймын дедің ғой!
– Оны емес, сені қоям! Бүкіл Алеппо өңірін саған беремін. – деді Құтыз көзі алақтап.
– Алдамай-ақ қой, мен енді саған бәрібір сенбеймін. Сондықтан саған өлім! Тек қана өлім!..
– Бейбарыс... – деді Құтыз жалынышты кейіп танытып, – Сен әлі сұлтан боласың!
– Осындай алдап-арбаумен сұлтандыққа жетіп, талай жазықсыз жанның қанын мойныңа жүктегенің аздай, неғып қалтырап тұрсың?! – деді Бейбарыс Құтызға көзінің сұғын қадай, – Сенің қорқау екеніңді білуші едім, бірақ дәл осындай қорқақ екеніңді білмеппін! Кетбұғадан жаның артық емес шығар! Ажалды қалай қарсы алу керек екенін жаңа ғана өз көзіңмен көрдің ғой! Шыныңды айтшы, Бұлғаққа қандай тапсырма беріп едің? Өз аузыңнан естігім келіп тұр. Айтқанды мойындау да үлкен ерлік!..
Әлдекімнен көмек күткендей жан-жағына жалтақтап, қипақ қаққан Құтыз «бәрін бүлдірген сен екенсің ғой!» дегендей Бұлғақ әмірге ала көзін ата қарады.
– Мен... мен... – деді Құтыздың дауысы дірілдеп. – Мен оған...
Бейбарыс оның сөзін соңына дейін тыңдағысы келмеді. Сол қолымен желке тұсынан бүре ұстады да, оң қолындағы өткір қанжарын жүрек тұсына бойлата сұғып жіберді. Екі көзі алақтаған сұлтан тіл қатуға да шамасы келмей, Бейбарыстың аяғын құша құлап түсті.
– Әкеңіздің өмірін сақтай алмадым! – деді Бейбарыс енді Ысқаққа қарай бұрылып. – Шеше алмай жүрген дүниенің бір жұмбақ сыры бар еді. Соны шешкізсем деп едім... Амал қанша... Сен менің жанымда боласың! Қыпшақ даласымен байланыс жасап, тығыз қарым-қатынас орнатамыз! Сол үшін де керексің!..
Ысқақ тіс жарып, тіл қата қоймады. Үнсіз ғана басын иіп, келіскен сыңай танытты.
Бәрі жабылып Кетбұға мен Құтыздың мүрделерін бөлек-бөлек жатқызды да, үстеріне ақ жауып, сыртқа шықты. Тек Ысқақ қана әкесінің өлі денесін тастап кетуге қимай, іркіле берді. Ылдым-жылдым қимылдайтын Бектұр әмір самырсындай самсап тұрған қалың қолдың алдына шығып:
– Құтыз сұлтан өлді! – деді саңқ-саңқ етіп. – Ендігі сұлтанымыз Бейбарыс балады! Құтызға Алланың рахымын сұраңдар, жаңа сұлтандарың Бейбарысқа амандық тілеңдер!
Қапелімде не болғанын түсіне алмай, демдерін іштеріне тарта үрпиісе қалған мәмлүктер дөң басынан еппен басып түсіп келе жатқан Бейбарыс баһадүрдің өздеріне сыралғы жайдары қалпын көріп, алабұртқан алаң көңілдері орындарына түскендей жүздеріне жылылық ұялап, көздерінде шаттық нұры ойнады. Сол сәт сілтідей тына қалған тылсым тыныштықты бұза жан-жақтан ұрандаған дауыстар жамырай шықты. Сарбаздар қолдарындағы қылыштарын жоғары көтеріп, ұлардай шуласып қоя берді:
– Бейбарыс жасасын! Жаңа сұлтан жасасын! Бейбарыс сұлтан жасасын!..
Абыр-дабыр күшейіп, даурыққан дауыстар көбейіп кетті...
Қас қарайып, төңіректі қараңғылық тұмшалай бастады. Күн қызарып батса да, ай ағарып шығып келеді.
Жаңа ай туыпты, тікесінен. Түн түнегін түре қуып, айналаға жарық шашып, жарқырап-ақ тұр.
Зар заманның зарлы күйін уілге салғандай терістіктен өкпек жел еседі.