ӨЛГЕН АДАМ
Оң жақ иығынан кертілген әжімды ай шалқалап туды. Мен зираттың ішін аралап шықтым. Қанаттас жатқан қос моланың шетін ала жусанықатпаған алаңға келіп отырдым. Алыстан жез қоңыраудың сыңғыры естілгендей болып еді, жақындап келді, діңкесі құрып шаршаған жылқының әлсіз пысқырнуын ұзақтан айыра алатын едім. Жануар сарпалдаң жүрістен иленген терідей созылған түрі бар.
Ай сәулесі аймалаған қасқа жолда атты адам көрінді. Жақындап келіп зиратқа бұрылды. Өзіне үнсіз көз тігіп отырған өзгені байқамаған сияқты. Қасымнан өте беріп, қорғаны биік төрт құлақты тас молаға беттеді.
– Қайдабарасың, мұнда келсеңші, — дедім мен дауыстап.
Ол атының тізгінін іркіп тоқтады. Мойнын бұрып қарады да, үнсіз атынан түсті. Ердің артқы қасынан қанжығадағышідерін шешті де, атын бекітіп, ауыздығын алып, шылбырын ерге айландыра тастады.
– Шу, — деп атын сауырынан қағып қалды.
Ат жылжып қос моланың ортасындағы ашық тұстан гүртілдетіп шөп жұла бастады. Ол атының соңынан сәл қарап тұрды да, маған қарай жүрді.
– Зиратқа негебұрылдың, шырағы жарқырап қала қасыңда тұрса? — дедім мен.
– Жәй болып кетті-ау деймін, — деді әлгі адам, жақындай беріп кідірді, — шаршап қалаға кірсем, кім қарсы ала қояды, осында мызғып алып таң ата жүрсем... Өзіңне қылғанжансың?
– Онда асықпа, жайланып отырайық. Мен осында зиратқа түнеушілерден ақы аламын. Жігіт қарсыма маған ұқсас малдасын құрып отырды.
–Қалаға кірсе табан ақы алады деуші еді, одан өзгені де естиді екенбіз-ау...
– Енді соны көретін болдың.
– Ол жақтың да өзгеріп жатқаны ғой, асып кетсе орнынан аунап түседі деуші еді. Енді, міне, тұрып та кеткен екенсіздер, — деді жігіт.
Айдың нұры оның қалың қасын түкситіп, шұңғыл көздеріне көлеңке түсіріп тұр.
— Қайдан, сіздерде бәрі болып жатса, біз неге қарап қалайық. Бәріміздің жетер жеріміз осы ғой, — дедім мен.
Ол менің жайымды біліп отырған түрі бар.
– Мұндағылар да көбейіп қалды, — деді жігіт зиратқа қарады, — баяғыда сай-саладан көруші едік, енді төбе-төбе болып бір жерде жататын болды, мұнда, сірә, не сыр бар?
– Қайдан бұйырса да, астаудай жер керек қой. Төбесінде ай қалқыған қаздау-қаздау төбешіктер қоңыр күңгірттік құшып жатқан.
– Менен алсаңыз, қалағаныңызды берейін, — деді жігіт.
Ол менің зиратқа қараған назарымды бұрды.
– Мен осында келгелі жартығасырөтіпті, содан бері нелер қызық болған шығар, мен түсінер бір әңгіме айтсаң қайтеді.
Ол ойланып қалды, ойына әлдене оралса керек, сөз бастай алмай сәл бөгелді.
—Ол тұста мен екі-үш жастың шамасындамын ғой, кейінен айтқандарым ұнамас па екен?
– Былай, бауырым. Өмірде көптеген істер ұқсап жатады екен. Әлі есімде, осында мені әкелген күні басыма қояр тас таба алмай, баламның сөнер күнде дөң басында отырып көп қиналғаны. Міне, енді көріп жүрмін, тас табылса да, сол уайым осында келген талайдың басында болады екен. Содан аңғардым: Олардың бәрі тас бетіне түсер жазудыңақаусыздығына ден қойса керек. Өз басым соны дер шағында аңғармаппын.
– Ол менің сөзімді ұйып тыңдады.
– Айтпас па екенсіз, ол, сірә, не нәрсе, шыбын жан деген не? — деп қалды жігіт, кенеттен көзінен оты жарқ етті.
– Ол, бір бейне.
– Солай ма, мен оны ер үстінде аңғарған едім.
– Бұл мүмкін емес,— дедім мен, — кең тыныстамас бұрын оны ешкім де байқай алмайды.
– Мен оны ат үстінде отырып аңғардым, өмір бойы тақымымның босамағаны мықтап есімде қалыпты. Ер үстінде отырсаң ғана еркін қиял құша аласың ғой. Қырыққа ілінгенсол күні уақыттың әлдебір бөлектерге айырылып кеткенін, оны еске түсіру арқылы сезуге болатынын дамылсыз қайшылаған атымның құлағына қарап отырып аңғарғанмын. Сонда мен қыстау мен жайлау турасындағы түсініктерден тас түйін арылған едім.
— Ол сенің ешқашан қиялсүрмейтініңді, өзің турасында ойламайтыныңды аңғартады. Сол күні сен өмір бойы ұласып кеткен уақыттың уысындағы тірлігің үстінен өзіңді көргенсің, тек сол ғана, оның арғысы баяғысындай қала берген.
– Күнбе-күн жалғасқан өмірде уақыттың әлгіндей жарығынан бас сұққанымда аңғарғанымды өзіме сырлы түйілген сол дүние есебінде көріп жүріппін, сонда қалай, уақыттың да өлшем бола алмағаны ма?
–Оған еш нәрсе өлшем бола алмайды. Сондықтан да баламның неге қиналғаныненді түсініп отырмын. Уақыттың өзін ақырластырардабылын қаққан шағы —жер бесігіңе бөленіп тыныш қалғаның да, сен өзгенің аяғы өзіңнен қырық қадам ауашаға түскен шағын еске түсірумен ғана есіркей аласың.
Ол басын төмен салып, қамшысын қамти ұстап отыр. Кенет, шалбарының балағын қамшымен қағып қалды.
– Тіршіліктің күн санап өтерін білемін, азалы шақтың қашан да қасымда екенін аңғармаппын.Еске түсірмей отыра алмаймыз ғой.
– Бірақ, өтер күнді күміс теңге есебінде санап салуға болмас. Теңгенің беті қашанда ұқсас, ал әр күннің өз есебі өзінде. Оның ұқсап кеткенкезі болған емес, содан қаулап жатқан тіршіліктің оты және сол еске түсіру арқылы жанады.
Екеуміз де үнсіз қалдық. Ол ұзағырақ ойлап кеткен тәрізді. Оның орнында отырсам, мен де қапаланар едім, өзім табан тіреген дүниеде сынаптай сырғыған тірлігімнің дерегін таппай дал болармын, ал ол болса, соның кебін киіп отыр.
– Шырайланған дүниеде уақыттың да тұсалар шағы болады екен, сонда мәңгілік не болғаны?
Ол да соған тірелді, жер басып жүрген шағында адамдар шырқап кетсе, соған дейін баралады екен-ау.
– Мәңгілік нәрсе болмас, егер болады десек...Менің сөзімді зират арасынан шыққан айғай-шу бөліп кетті. Боз шымылдықтай тартылған ай нұры астында, біз дауыс шыққан жаққа қарастық. Зираттың ортасында біреулер керкілдесіп жатқан сияқты. –Ол ненің шуылы? — деді жігіт.
– Қабыл мен Ыбырай ғой, — дедім мен, —түн ортасы ауған екен, олар тағы бастапты.
– Ұрысыпжатыр ма?
– Иә, ұрысып жатыр.
– Онысы несі, мұнда да ұрысатын ба еді, өшпеген не кек ол? —жігіт жүзін маған бұрып, сұраулы жүзбен қарады.
– Мәңгілік нәрсе қажет болса, ол біреу-ақболар. Мен білсем, еске түсіру ғана мәңгілік.
Ұрыс-керістің үні анық естіле бастады. Өткендегі ұзақ түндерге ұқсас олар тағы бәрін қайта бастап, жұлысып жатыр. Бой үйренген тыныштықтың ебі қашып, бұл маңнан үркіп кеткен түрі бар.
– Олар осында келгелі беріайтсақ, ондап қыс пен жаз өтті. Алдымен Қабыл келді. Осындағы жұрт ол жөнінде ауыз ашудан қорқады. Жұрт жиылып тірліктегі қызықтарын еске түсіріп, түн қойнында зират ортасын дыр-думанға бөлеп жатқанда да, оның онымен жұмысы болған емес. Бөлектеніп, қапысыз қара түнде ауашаланып отыратын. Соңынан Ыбырай келді, оған жиналған жұрт араларынан Қабылды көрді. Оның тіс жарып сөйлегенін де жұрт сонда көрді. Онысы қамаулы аңның үніндей жарықшақтанып, төбеңді шымырлатып, сөдегей ойға жетелейтін.
– Дұспаным да келді, мен оны тосқаным қашан, біз енді тең тұрып алысатын болдық, —деп қолын аспанға жайып, кеңкілдеп күлді Ол.
Сол түннен тартып олар жұлысып кетті. Даулары біткен емес, осынау күнсіз ортада, біз олардың керісін мәңгі көріп өтетін ұқсаймыз.
Жер басып жұрген шағында олар бір атаның баласындай тату да болған. Ыбырай ауыл бастығы болып тұрғанда, Қабыл ауылда дүкен ұстаған. Олардың ортасындағы талас дүкенге түскен жалғыз тал қаламнан басталған түрі бар. Сол күнде қолға түспейтін асылдан да құндырақ қаламды Қабыл өз қойнындақалдырса керек. Соны білген Ыбырай Қабылды кінәләп, жер аудартқан. Қабылдың сонда үйінде қалған жас әйелінің құрсағындағы бала әкесінің жүзін естияр болғанша көрмей өсіпті.
Сонда Ыбырайдың бар айтқаны:
– Қаламныңне теңі ол, қиянатшы неме, өлемқапсын, – деген екен.
– Сіз айтпасаңыз есімнен шығып та кетіпті, – деді жігіт менің сөзімді бөліп, – бұл күнде қалам жөніндегі сол күннің естен шығып қалғанынан ба екен, кейбіреулер біздің Айнабастауды да өзінікіндей сырыттай малданып жүр. Әйтеуір, есеп айрысқан күн әлі туған жоқ.
Оның ойына әлде не түсіп кетсе керек. Мен сөзімді ары жалғадым:
– Біраз жыл өткен соң шамырқанған даланың ыстығы үй ішіне ұмтылғанда, түс әлеті болатын. Әйел тентек ұлын үйді-үйді ақтарып таппай қойды. Ауладан да ұшырата алмады. Бала солтұста қыстақтың ортасында мәуесі кең алапты отарлап жатқан алып қарағаштың жеті салалы бұтағының біріне асылып, құс ұясына қол салуға оқталған болатын. Баланың назары ағаш түбінен өтетін жолға ауды. Ол әсілі қыстақты батыстан шығысқа қарата кесіп өткен май топырағы қопсып жатқан жол болатын. Бала ағаш басында отырып үстіне шымқай қара киген адамға ақ киімді адамның қарсы келгенін көрді. Түскі ыстықта жан біткен үйді-үйіне тығылған. Маңайда жан баласы шалынбайды. Тек шегірткенің дауысы ғана дала тіршілігініңқуаң әуенін әкеледі.
– Қабыл қайтып оралады, жетім мен жесірдің көзі ашылатын күн туса керек, сен соны ойламаған да шығарсың.
– Мен дегенімді істедім, сол да жеткілікті.
– Енді күнің не болар екен, жазықсыз жазалатып едің.
– Қолынанкелсе ол да тартқызсын. Бірақол өйте алмайды, үстедмік әлі менің қолымда, тек аяғын аңдып бассын!
Бала екеуінің сөзін анық естіді. Олар үстілеріне жамылған жалаң жамылғысын жұлып алып, бір-біріне төніп келісті. Бала Ыбырайды және өз үйлеріне келіп есендік сұрасып тұратын Қалиды таныды. Әлгі екеуі одан ары тіл қатысқан жоқ. Төне қарасып тұрды да, екі жаққа кетті, үстілерінен түскен жамылғы ақ-қара болып жерде бірге жатыр. Бала шаңдайақтатып отырып үйіне жетті. Шешесі нан илеп жатқан еді, бала есіктен кіре дауыстады:
– Шеше, аяққаптан қайрағымды әперші, біздің үйге әкем келеді, әкем, — деді ол.
Шешесі сонда тосын келген жаңалықтан мелшиіп тұрып қалған. Күн батар алдында аулада үйілген тезек жалындап жанып жатыр. Бала табаға нан салған шешесінің қасында тұр. Ағаш қақпа солқылдады да, аулаға Қали кірді. Иығына көтерген кетпенін түсіріп, от басына келді. Шалбарының балағын түріп алған, жалаң аяғы сауыттанған, батпақ.
–Жеңеше, Қабыл аға қайтып оралатын болды. Басшылар қалаға барып алдынан шығуға мені бұйырды. Ертең ертемен аттансам, күн бата оралармыз. Естіген заман сізге жүгірдім, — деді Қали.
Әйел лаулаған от қасында баласын бауырына басып үнсіз тұр. Жүзін жалынға беріп, соған тесіле қараған. Ол сумаңдаған қызыл жалын ішінен бір бейнені көргендей болды. Баланы бауырына мықтап қыса берді.
– Жоқ, жоқ, мен сенбеймін, бәрі жалған, — деді әйел.
Қабыл қайтып оралған соң, жұрт бәрін де түсінді. Өткендегі сыршыл жан томаға-тұйық кем сөзді біреуге айланған-ды. Ау бастағы өзгеріс оған ілесіп келген ақ иттен көрінген. Қабыл жалғыз кетіп, қайтып оралғанда осы екі құлағын шұнтитып кескен, ұзақ күнде мыңқ етіп үрмейтін итті ертіп келген еді.
Қыстақтағылар Қабылды аз көретін. Таң атып, күн шығар сәт пен күн батып, көкжиек қызыл арайға бөленер мезгілде ғана ол қыстақтың кіндігіндегі әлгі алып қарағаштың түбінде отыратын. Көзін алысқа, аспаның жиегіне қадап үнсіз қалатын. Жанарында әлдебір жалындап жатқан оттың шубатылған алауындай қызыл рең көрінеді, сонда оның қасында қарағаш түбінде құйрығымен жер соғып арпалысқан әлгі ақ ит айналсоқтар ұлиды да тұрады. Үні ұзаққакеткен иттің дауысы адамның санасында үрейлі елестер тұғызатын еді.
Жұрт Қабыл мен Ыбырайдың бетпе-бет келгенін көре алған жоқ. Қабыл баяғысындай ағаш түбінде қалы да, Ыбырай ұлыған иттің зарында құлағын мықтап басып, жастықтан басын ала алмады. Сол күннен соң қайтып тысқа да шыққан жоқ...
Бойына ақ сағым жинаған ай қырдан асып, қарауытқан дөңнің тасасына түсті. Зират үстіндегі уда-шу керістің үні толастап, тұншығып кеткендей болды. Біз өшіп бара жатқан үнге құлақ түре қалдық.
– Шаршаған ұқсайды, дауыс басылып қалды, — деді жігіт.
– Олар шаршағандықтан емес, — дедім мен, — енді жер бетінде басқа тіршілік оянады. Ал олар ертеңгі күнді зарыға күтуге кетті.
Сол тұста ыңырсыған сиқырлы жел де шықты. Бұл зират арасындағы әр түп шидің өз әнінде бебеулеген үні болатын.
– Таң атайын деді ме?
– Таң алдының ессіз қараңғылығында отырмыз, көп ұзамай шолпан туады, — дедім мен.
Шоғырлы зират арасынан көрінген қара көлеңке жақындай беріп танылды. Шылбырын сүйреткен ат иесін танып оқыранды. Жігіт орнынан тұруға ыңғайланып, сипалап жүріп, шөр арасынан қамшысын тауып алды.
– Мен айтпаған сияқты едім, қалай аңғардың? — дедім мен.
Жігіт орнынан тұрып, анда-санда басын көтеріп қойып, жайылып тұрған атына көз салды да, бұрылып маған қарады.
– Сізді көргенен түйдім! — деді жігіт, — бұл жолмен көп жүргенмін, күндіз мал өргізіп қабыр біткенді тұяққа таптататын жандар түнде зират ішінде жүрсе, жай жүрмес, — деп қауіптеніп едім, соңынан, әуелгі ойыма күмәнім қалмады. Ол атына қарай кетті. Мен орнымнан тұрып зиратқа қарай жүрдім.
Ол атын жетектеп әлгінде біз отырған орынға келген болуы керек. Жапырылған шөптен басқа еш нәрсені көре алмаған соң, қарауытқан зират ішіне қарап тұрған шығар. Бірақ ол еш нәрсені көре алмайды. Жер бетінде адамдар әне солай, олардың көзі жарыққа үйренген. Қараңғылықтан жарыққа көз тастаудың ғанибет екенін аңғармаса керек.
АЛАҢДАҒЫ МАЙМЫЛ
Құлжада Балқашқа еріп «Қытай базарды» екі айналып шыққанда Мұраттың ойына кенеттен «нұрлы болашақ» деген сөз сап ете түсті. Ол ары ойланды, бері ойланды. Сонда да осы сөздің кімнің аузынан шыққанын есіне түсіре алмады. Әйтеуір көз алдынан нұрлы шуақ төгілген, гүлдей жайнаған әлдекімнің жүзі елестеп өтті де, ой-санасын астаң-кестең етіп қойды. Ол сонда да көз алдында елбеңдеген бейнеден жанарынтайдырмай, кірпік қақпастан қарады да тұрды. Өзіне өзі күбірлеп:
— Мынауың сайтан емес, маймыл ғой, — деді.
— Кім саған сайтан деп тұр, бұл маймыл, — деді қасында тұраған Балқаш. Мұрат қадала қарап тұрған маймылдардан көзін тайдырып, қасында тұрған жолдасына жүзін бұрды.
— Дұрыс айтасың, бұл маймыл емес, бірақ, менің айтайын дегенім...
Балқаш пен Мұрат көше кезіп әбден шаршап, қаланың орталық алаңында жаңа тұрғызылған бұтхананың қасына келгенде олардың жолын алаңда маймыл ойнатқан біреу кесті. Әуелде зыр жүгіріпжүрген маймылдарды қоралап тамашалап тұрған жұрт ол екеуінің назарын бұра қоймаған еді. Кенеттен «шарт!» еткен бишік даусы ғана олардың миын зырқ еткізді. Оған маймыл ойнатқан қытайдың ақыру аралас зекірген, тіпті, маршқа ұқсас бұйрықты дауыс олардықол бұлғап шақырғандай тартты. Ол дауыс ұрсып жатқандай естілетін еді. Екеуі кінәлі адамдай бастарын төмен салбыратып, маймылдарды тамашалап тұрған адамдардың қатарына үнсіз қосыла кетті. Қоршаған жұрттың ортасында мойнындағы темір шығырықтан байланған,қушиған арық, қызыл бөксе үш маймыл қатар түзеп тік тұр. Иілген артқы тірсектері дір-дір етіп, қолдарын шығырыққа байлаулы жіптен алмастан айналасына жалтақ-жалтақ қарайды. Маймылдың мойынындағы шығырыққа байланған жуан арқанның бір ұшы қамшы ұстаған, селеу мұрты тікірейген адамның қолында жүр. Қамшы әр рет «шарт!» еткенде маймылдар «шақ!» еткен дауыс шығарып, тоңқалаң асып, секіріп, иесін айналып безек қағады. Бір қолымен жер тіреп, енді бір қолымен алқымынан алған арқаннан ұстап қолды-аяққа тұрмай жүгірген маймылға иесі әлденені айтып ақырды, қамшымен тиер-тимес етіп тартып жіберді. Жыландай ысқырған қамшыдан шиыршық атқан маймыл «баж» етіп жылаған сәбидей дауыс шығарып, безек қақты. Қалған екі маймыл да «шақ-шақ» етіп, қызыл көздерін үміт пен үрей араласжыпылықтатып, көтерілген бишіктен көз алмай селк-селк етеді. Шырқырап келіп қосылған қандасының жанұшырған даусынан олар да тым-тырақай қашып, ұлардай шулап кетті. Қалған екі маймылға да қамшы тиді. Зыр жүгірген маймылдың біреуі атылып барып қамшы үйіргенқожайынының бас киімін қағып түсірді. Өзінше қарсылық көрсеткені. Оған иесі ренжи қоған жоқ. Қайта, одан ары көңілдене түсті. Түсініксіз тілде міңгірлеп, қамшысын шарт еткізіп қойып, жерде жатқан бас киімін қолына алды. Айнала жұрт қызыққа тоймай, езуінжия алмай тұр. Әсіресе балалар қарық. Үлкендер кедергі болмаса, олар тіптен асыр салған маймылдардың қатарына барып қосыла кеткісі бар. Шартылдаған қамшы үні құлақтарының құрышын қандырып, қызықтыра түскендей. Әжесінің қасында тұрған кішкентай қыз бала қолына ұстаған тәттісін өзіне жақын келген маймылдардың біреуіне лақтырып жіберді. Әжесі оған «тыныш тұр, ол сен берген тамақты жемейді» деді. «Ол неге жемейді?» деп сұрады қызықтаған бала әжесінен. Әжесі оған «ол банан берсең де жемейді, өйткені, ол пандаемес, бамбук та жемейді. Оларға қожайын тәтті мен банан жеуді үйретпеген, қамшы жеуді ғана үйреткен» деді. Шарт еткен қамшы дауысынан соң, маймылдар тағы да қатарға тұра қалды. Шетте тұрған маймылдың бірі жапақ-жапақ етіп, екі қолымен бетін басып, әлдекімнен тілек тілегендей бетін сипады. Тағы бір маймыл көтерілген қамшыға бір, қырма сақалды еркектің мойнында отырып, қолын аспанға шошайтқан баланың саусақтарына бір қарайды. Үшінші маймыл мелшиіп, қыбырсыз тұр. Бірде оның көзі Мұраттың көзімен түйілісе кетті. Мұрат селт етіп, шошып қалды. Ол қыбырсыз тұрған маймылдың жанарында секеңдеп, маймылдармен бірге шолтаңдап жүрген өзін көрді. Маймылдар үшеу емес, төртеу, тіпті одан да көп сияқты. Олардың санын білу мүмкін еместей. Мұрат ары қарады, бері қарады. Олардың арасынан Балқашты көре алмады. Ал өзі арқанмен қосақталып маталған маймылы бар, адамы бар үлкен топтың ортасында жүр. Құлағына шарт-шұрт еткен үн естіледі. Алайда, ол бала кезінде ойнайтын қуаныштан атқан торсылдақтың даусы емес. Дегенмен, оның бойында қорқыныш та, қорлану да, зәбірлену де, тіпті, ойлану да, зәредей қарсылық та жоқ. Қайта құлақтан кіріп бойды алған тәтті әуеннің құшағында оса тиген қамшының ырғағында бар пейілімен, құшырлана билеп жүрген сияқты. Ол қамшы тиген сайын биді табанын шоққа қарыпалған адамдай қарғып-шоршып билейді. Мұрат табанының удай ашып тұрғанын сезді. Ол маймылдардың неліктен бір жерде тоқтай алмай, безек қағатынын енді түсінді. Оның маймылдарға ұқсап секіріп, шоршып, тоңқалаң асқысы, табанын жерге тигізбей жүгіріп кеткісі келді. Мұрат қасында тұрған Балқашқа тағы қарады.
— Маған неге қарай береді?
— Кім?
— Ана, маймыл.
— Ол саған қарап тұрған жоқ. Бәрімізге қарап тұр.
— Ол бізді танып тұр.
— Кімді танып тұр?
— Ол жаны ашып, бізге қарап тұр.
— Ол неге бізге жаны ашиды?
— Білмеймін.
— Меніңде жаным ашып тұр.
— Кімге жаның ашып тұр?
— Білмеймін, мүмкін, өзіме жаным ашып тұрған шығар.
— Менің шоршығым, секіргім, тоңқалаң асқым келеді, — деді Балқаш аузын досының құлағына жақындатып, сыбырға жақын дауыспен, — бетім емес, табаным оттай қызып барады.
Мұраттың өңі қуқыл тартып өзгеріп кетті. Өзегіне өрт кеткендей болған ол досына әлденені айта қойғысы келді. Бірақ, тамағын кенеп, жұтынып, қанша тырысса да үн шығара алмады. Тек түкіруге ғана әзер шамасы келді. Ол «мүмкін, тіл-аузым байланып қалған шығар» деп ойлады. Мойнындағы темір шығырық қысып, қылқындырып әкетіп бара жатқандай сезілді. Әл-дәрмені кетіп, демі үзіліп кетердей тынысы тарыла берді.
— Рахаттанып тұрсың ғой, — деді Балқаш досының тершіген маңдайына қарап, — жүзің бал-бұл жанып тұр.
— Көңілім біртүрлі болып тұр, — деді Мұрат.
— Неге?
— Мына маймыл неге маған қарай береді?
— Ол танып тұр.
— Ол мені танып тұрған сияқты.
— Ол інісін, болмаса әкесін көргендей әсерленіп тұрған сияқты. Байқадың ба, алақанын жайып, бетін сылап, дұға қылып, бізге бата беріп тұр.
— Ол неге маған қарап қалшияды? —деді Мұрат.
— Ол екеуімізді «қайдан көрдім» деп тұр ғой деймін.
— Оның көзінен бірдеңе байқадың ба? Мен оның жанарынан таныс біреуді көрген сияқтымын. Серік, немесе Құмар ма, әлде Ақтан мұғалім бе, олар онда неғылып жүр,мен тағы біреулерді көрген сияқтымын.
— Сен өзіңді көрдің, солай ма?
— Дәл айттың, ой тоба, сен оны қалай біліп қойдың, мен де аналармен бірге жүрмін..... ана маймыл қамшы тиіп зыр жүгірген сайын неге маған тесіле қарай береді? Ол неге жүгіре береді? Ой тоба, мен бе, мен түс көріп тұрған шығармын.
— Жоқ, бәріміз түс көріп тұрмыз. Біз маймылмен түсімізде жолықтық ау деймін.
— Мен өңімде де көргенмін. Мойнындағы шығыршықтан байланған арқаны бар маймыл екеуміз тастақты, тар, қараңғы көшені бойлап жанұшыра зытқанбыз. Әлі есімде, онда менің де мойнымда темір шығырыққа байлаулы арқан бар болатын. Мен оны шынында танып тұрмын. Мені оята көрме. Менің ұйқыдан оянғым келмейді. Менің маймыл сияқты болғым келмейді, менің оянғым келмейді, Балқаш, түсіндің бе, мені оята көрме.
— Алаңсыз бол, сені оятпаймын, — деген Балқаш досының иығына қолын қойып, басу айтқан болды, — біз не істесек те оянбайық.
— Мені оята көрме...
Мұрат осы әлетте өзінің оянбайтынына сене алмады. Қамшыдан безектеп жүрген маймыл түсімнен сүйреп шығарады-ау деп састы. Өйткені ол университеттің моншасынан шыққан сәтте босағадан көрген екі адамды қарсыда, маймылдарды тамашалап тұрған жұрттың ішінен көріп қалды. Олар сол күнгі бейнесінен бір мысқал өзгермепті. Қара түсті кәстөм-шалбар киіп, қара көзілдірік таққан. Қысқа шаштарын жылтыратып артқа қайыра тарап алыпты. Екеуі де сидиған арық, бір-бірінен айырғысыз, тіпті, бір адам ба деп қалатындайсың. Екеуі де тастамайтын сағыздарын қазір де тынымсыз шайнап, тамаша көрген жұрттың арасында тұр.
Маймыл ойнатушы екі маймылды айрылмастай етіп қосақтады да, үшінші маймылды жібінен босатып, оған мыс табақ ұстатты. Өзі қамшысын тастап, мыс табақтан біреуін көтеріп, айнала тұрған жұрттың алдына барып ыждағатпен қол қусырып, күлімсірей тұрып, «сапарға шыққанда досқа сүйенеміз. Аз болса, аз, көп болса, көп демейміз» деп мыс табағын көлденең тартып, ақша сұрауға кірісті. Жібін шұбатқан маймыл да тірсектері дірілдеп, жалтақ-жалтақ қарап қойып, мыс табақты төбесіне көтеріп, қожайынына ұқсап аралай бастады. Жұрт табаққа бес-он тиыннан ақша тастады. Жомарттығы ұстағандар, тіпті, бірнеше сом ақша да салды. Ақша шығарғысы келмегендер ойын аяқталды деп жылыстап кете бастады. Жеті-сегіз жастардағы ер баланы қолынан жетектеген көзілдірікті қартаң еркек «көшенің ойыны деген осы, көрейік деп тұрып алып едің, енді кетейік» деп баласын ертіп, кері бұрыла бастады. Жиылған жұрттың тарай бастағанын көрген маймыл ойнатушы азғантай кесек ақша түскен мыс табақты жере қоя салып, жерде жатқан қамшыны қайтадан қолын алып, бірнеше мәрте ысқырта сермеп жіберіп, «халайық, тарамаңыздар, маймылдар сіздерге жаңа өнерлерін көрсетеді, соны тамашалаңыздар, тарамаңыздар», — деп дауыстады. Табақ көтерген маймылды жібінен ұстап өзіне тартып, әлдене деп ақырып, бірнеше қамшы шықпыртып жіберді. «Қараңдар, ағайындар,көріңіздер» деді маймыл ойнатушы жарқын дауыспен. Маймыл орнында тұрып секіріп, тоңқалаң аса бастады. Жұрт бұл көрініске қайта жиналды.
Мұрат алдына келіп өзіне табақ тосып тұрған адамды тани кетті. Ол әлгіндесағыз шайнап тұрған адамның біреуі еді. Қаракөзілдірігін алмаса да Мұратқа тесіле қарап тұрғаны аңғарылады. Жүзінде күлкі де, күңірену де жоқ. Бейне мәйіттің өңі сияқты сұп-сұры. Мұрат шалбарының қалтасына қол жүгіртіп, тиын-тебен іздеді. Бірақ, оның саусақтары қалай қарманса да ештеңені іліктіре алған жоқ. Мыс табаққа қасында тұрған Балқаш әбден тозып, түте-түтесі шыққан елу тиындық ақшаны салғанан кейін ғана ол тыныштала қалды. Қара көзілдірікті табаққа түскен ақшаға көз қырын да салған жоқ. Ол, тіпті, Мұратқа емес, әлдебір алысқа қарап тұрған адам сияқты көрінеді. Енді ол табағын көтеріп келесі адамға қарай жылжыды.
— Мен оны танып тұрмын, — деді Мұрат демін ішіне тартып күбірлеп.
— Кімді айтасың, қытайды ма, маймылды ма? — деп Балқаш оған қарап қойды.
— Ана мыс табақ көтергенді.
— Ол маймыл ғой.
— Жоқ, ол тіпті де маймыл емес, адам. Әлгінде қарсы жағымызда тұрған, біреуіне ақша бердік, енді біреуі қайда кетті, олар біздің ізімізбен жүр.
— Сен не деп тұрсың, —деді Балқаш, досының бетіне қарап, — мен жаңа ғана адамға емес, маймылға елу тиын бердім.
— Енді біреуі қайда, тапшы.
— Қалғанекі маймылды әлгінде қара киген екі адам жетектеп кетті. Оны қайтейін деп едің? Маймылын біреулер алып кеткенін мына байқұс байқаған да жоқ.
Алаңның қақ ортасындабаяғы заманнан қалған мешіт тұратын. Оның маңдайшасындағы жазу әлдеқашан өшіп қалған. Соңғы бірнеше жылда мешіттің төбесіндегі жарты ай мен күмбез жоғалды. Азан шақыратын мұнарасы бір күні құлатылды да, кесектері жол таптағыш машинамен ұсатылды, сол орында цемент қосылып, бұтхананың алдындағы алаңға тұрғызылған мүсіннің тағаныетіп қайта құйылды. Сонымен мешіт бір күнде бұтхана болып шыға келді. Алаңға естіліп тұратын баяғыдағы азанның даусы өшіп қалғанымен, бұтханаға сонау Ыми тауынан әкелінген он екі тонна тұратын алып қоңырау орнатылды. Енді айналаны сол даңғараның үні діріл қақтырып тұратын болды. Қаланың тарам-тарам жолдары түйісетін алаңда содан бастап алып мүсін менмұндалап тұратын болды. Ол мүсінде айдар-шашы желбіреген шүршіт қарсы алдына қабағын қарс түйіп, айбарлана қарап тұр.
Ойын біткен соң, жұрт тарай бастады. Жібін шұбатып тоңқалаң асқан маймыл да, мыс табақ көтерген адам да жоқ болып кетті. Әлгі жез қоңырау үш мәрте соғылған соң, әлде кімдер бұтханадан қызыл бояумен сырланған, айдаһардың, жолбарыстың суреті салынған ағаш табытты қаумалай көтеріп, мүсіннің алдына әкеліп қойды да, өздері қайтадан бұтханаға кіріп, көрінбей кетті. Қоңырау тағы да үш мәрте соғылды. Балқаш әлгі өзінен өзі қатуланып тұрған мүсінге қарап тұр. Оған мүсіндегі шүршіт қатуланып тұрғандай емес, ыржия күліп тұрғандай сезілді. Мүсіннің ұзын айдарына байланған екі маймыл тоғайда сайран салып жүрген көп маймылды елестетті. Маймылдар бірде қарғып мүсіннің иығына шығады, бірде төбесіне отырып алады. Бір маймыл әлде кім лақтырған бананның біреуін алып өрмелеп барады. Мүсіннің төбесінде отырған маймыл қолтығын қасып, бит қарап отыр, айналасына, төменде құжынап жатқан жұртқа бей-жай ғана қарап қояды. Балқаш жай басып, анадайда табыт ағаштың қасында тұрған Мұраттың қасына барды. Мұрат ағаш табытқа зер сала қарап, сипап тұр. Қасына келген Балқашқа:
— Мынау сом ағаштан жасалыпты, — деді.
— Әлгіндегі маймылдар осында жүр, — деді Балқаш.
— Қайдағы маймыл?
— Әлгіндебіреулер алып кеткен маймылдарды айтамын, оларды мүсінге байлап кетіпті.
— Мына табыт қандай берік. Жасалғанына жүз елу, тіпті, одан да көп уақыт болған шығар. Оған біреу «мен жатамын» деп сонау ішкі қытайдан сүйретіп келіпті, бірақ, өзі жатпапты.
— Сонда жүз елу жылдан бері бұл табытағаш бос тұрған ба?
— Мүмкін, бос тұрған шығар, әлде біреу жатты ма екен?
— Меніңше, мұндай табытағашқа бір адам емес, бір халық, тіпті, бірнеше халық та сыйып кетеді. Өйткені, ол мәңгілік тозбайтын, шағылмайтын етіп жасалады. Оған біреулер «өзім жатамын» деп алып, соңынан өзге халықты тұтас салып жібереді.
— Ол неліктен мәңгілік тозбайтын, шағылмайтын етіп жасалады екен деші? — деді Мұрат ағаш табытты сипап тұрып.
— Өйткені, ол — табытағаш, өмірде екі нәрсе ғана мәңгілік болады, оның бірі — дарағашы, енді бірі — осы табытағаш. Олар тозбайды, содан да оған бәрі сияды.
Мұрат назарын өзіне қарап тұрған адамға аударды. Табытағаштың аржағында әлгінде көрінбей кеткен қара көзілдірікті адам қарап тұр. Үнсіз, тек сағыз шайнауын ғана тоқтатқан. Бет пішіні қураған жапыраққа, тозған тамның реңіне ұқсайды. Өңінде өңменіңнен өтер сыз бар. Мұрат одан көзін тайдырып, табытағашты қайтадан мейірлене сипады. Табытағаштан тараған ызғар саусақтарын сорып, жүрегіне құйылғандай болды. Табытағаш бұлқынып жатыр.
— Мұнда кім жатқанын білесіз бе? — деді әлгі адам жай дауыспен, табытағашты ол да сипады. Үні Мұратқа ерекше таныс сезілді, —мұнда менің досым жатыр.
— Солай ма?
— Иә, ол сіздің де досыңыз.
— Менің бе?
— Иә, сіздің.
—Сонда қалай...
— Айтпағыңыз, қашан өлді дейсіз ғой...
— Иә...
— Ол өлген жоқ, тірі, өлмейді де, сіз білуге тиіссіз.
— Кім өлмеуге тиіс?
— Досыңызды айтамын, ол өлмеуге тиіс, солай емес пе?
— Солай ғой, бірақ...
— Оны көргіңіз келе ме?
Мұрат табытағаштың бетінің еппен кейін ысырылғанын байқады. Ол табытағаштың ішіне үңілді. Табытағашта көзі жұмулы жатқан адам Мұрат үңілгенде кенет көзін ашып, оған жымия қарады. Мұрат табытта жатқан адамды бірден тани қойды. Ол әлгінде маймыл ойнатып жүрген еркек еді.
— Не деп күбірлеп тұрсың? — деді Балқаш Мұраттың бетіне қарап.
— Мынау тұтас ағаштан ойыла салыпты.
— Оны әлгінде айттың ғой.
— Мен өзімді моншада тұрғандай сезініп тұрмын.
— Өйткені, жаңбыр жауып тұр. Дүние деген үлкен монша, оған адамдар жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді, — деді Балқаш досының құлағына сыбырлап.
— Алаң сол баяғысындай құжынаған адамға толып, үнсіз мүлгіп тұр. Мұрат та мүлгуде. Оның қасында тұрған Балқаш қана айналасына жалтақтап, қарай береді.