Аягүл МАНТАЙ: Иллюзия (әңгіме)

Аягүл МАНТАЙ: Иллюзия (әңгіме)

ИЛЛЮЗИЯ
(әңгіме) 

Қалада жаңбыр аралас қар жауып тұр. Терезенің ар жағындағы әлем менің жандүниемнің арпалысын суреттемесе де, «менікі» дегенді жақсы көретін өзімшіл болмысым табиғат картинасы мен «Меннің» арасынан үйлесімділік іздеді. Жаурасам да жылы киім кимедім. Өзгелерді ғана емес, өзімді азаптағаннан адреналин алатын өзімшілдігімнен емес, жалқаулығымнан да емес, күннің жылығанына алданып, өз бойымнан түсініксіз ауырлықты сезінгендіктен, көктемнің ортасында қалың киімдерімнің бәрін садақа ретінде таратып тастап едім. 

Есіктің қоңырауы қайта-қайта шырылдады. Есікті іштен бекітпегендіктен, келген қонақты қарсы алуға бармадым.
– Үйдесің бе? – деп өзіне тән биязылықпен үн қатты.
«Соқырсың ба? Үйде екенімді көріп тұрсың ғой». Жауап қатпастан басымды үнсіз изедім.
– Үйің суық қой. Жаурамадың ба?
«Жігіт болсаң, жемпіріңді шешіп, иығыма жап».
Орта бойлы, атжақты, шашы аздап толқындау, мұңлы, ақылды көздерімен айналасын зерттеп, сақтанып тұратын биязы, білімді, бірақ өзіне аса сенімді емес жігітпен ешқашан еркін, ашық-жарқын сөйлесе алмаймын. Пәтері менің жалдап тұратын пәтеріме көрші орналасқан.
Ол менің ойымды оқып қойғандай, күлгін түсті түймелі қалың жемпірін шешіп, иығыма жапты. Жемпірден аздап темекінің күлімсі исі шығады.
«Бұл темекі шекпеуші еді ғой...».
Ол менің ойымды тағы да оқып қойғандай күлімсіреп:
– Подъездегі екі бойжеткенмен бүгін сөйлесіп едім, солар шеккен темекінің исі ғой, – деді.
«Екі бойжеткені» – төменгі қабатта тұратын тоғызыншы сыныптың екі оқушысы.
– Сен тағы да оларға «темекі денсаулыққа зиян» деп лекция оқыдың ба? – дедім әдеттегідей екеуара диалогтағы сөзімді қайталап. – Әйелі бар еркекке ғашық болу, күндіз-түні соны ойлау, «әйелінен қайтсем де тартып алам» деп жоспар құру да күнә ма? Біреуді жақсы көру, онымен тағдырыңды қосуды армандау – қалайша күнә болады? Сеніңше, мен де күнәһармын ғой, – деп оның ақылды көздеріне жаратпай қарадым.
– Сен онымен ешқашан өмірде бетпе-бет кездескен жоқсың ғой. Сен күнәһар емессің, сен – өз қиялыңның құрбанысың. Оған деген сезімің осыдан бес жыл бұрын оянса, осы күнге дейін онымен кездесуіңе болар еді ғой. Саған өз қиялыңмен өмір сүру ұнайды, сол себепті, сен онымен кездесуден қашасың. Кездессең, оны мәңгілікке жоғалтып алатыныңды білесің. Бұл психологиялық соққыны сенің нәзік жүйкең көтермейді. Оған деген сезім, құштарлық – сенің әлсіз жүйкелеріңді емдеп, сенің өмір сүруге құштарлығыңды арттырады. Саған өзіңді өзің сақтау үшін осы рөлді ойнау ұнайды. Сен оның, жалпы ешкімнің сенің өміріңнің режиссері болғанын қаламайсың. Әйел жаратылысы ретінде сенің ең басты қателігің – осы. Өзіңді өзің азаптап тағы да осылай қанша жыл өмір сүресің? Тағы да бес жыл ма, әлде он жыл ма? Әлде отыз жыл?..
– Отыз жыл? Менің ендігі ғұмырым отыз жылдан аз...
– Адам өз ажалын өзі шақырмауға тиіс. Адам өз өмірін болжай бастаған кезде қасында шайтан тұрады, – деп Санат маған жаратпай қарады.
– Мен оның екінші әйелі болуға да намыстанбас едім, – дедім.
Ол мені естімегендей терезеден далаға көз салды. Өлген кептерді шұқып жеп жатқан қарғаның әрекетін үнсіз бақылай бастады.
– Бала кезімде шешем есік алдындағы керілген жіпке жаңа сойылған малдың етін тізіп жайып, мені етті қарауылдауға қоятын. Кітап оқып отырып, етті ұмытып кететінмін. Қарға шұқып, шұқып, етті жерге түсіретін. Көрші үйдің бұралқы иті келіп, жерге түскен етті алып қашатын. Мен иттің артынан қуып шаршайтынмын. Мен итті қуып жүргенде қарға етті тағы да шұқып, жерге түсіріп, ол етті басқа көршіміздің иті жеп кететін. Мен өкпем өшкенше, екінші итті қуалаймын. Жете алмағасын ызаланып, тас лақтырып, ұратынмын.
Өмір кейде қарға мен иттің арасындағы қарым-қатынасқа ұқсап кетеді. Қарға ешқашан итті етпен тойдыру туралы ойлаған емес. Қарғаның мүддесі – өз қарнын тойдыру. Саясат сахнасындағы «қарғалардан» қалғанды «ит» секілді пысықтар жымқырып кетсе, өз қазынасына ие бола алмаған халық «қарғалардың» емес, «иттердің» артынан қуып жүреді. Себебі, қарғаға қарағанда өкпесі өшіп, тілі салақтап, әйтеуір бір итке жетуге болатынын біледі. Бұл ойын неше жылға созылады? Жалпы бұл ойынның тарихына қаншама жыл? Бұл ойын атадан балаға, немереге мирас болып қалып жатыр. Формуласы, ережесі бар бұл «зұлымдық ойыны» да барлық ойындар секілді зерттелуі керек қой. Оны зерттеуге ең батыл, шыншыл, принципшіл адамның өзі батпайды. Себебі, бұған дейін зерттеуге талпынғандардың өмірі өліммен аяқталғанынан қорқады, – деді мұңлы көздерімен ренішін жасыра алмаған ол.
Ас бөлмеге өтіп, шай қойып жатқанымда да Санат сөйлеп жатты. Мен оның бір сөзін естіп, бір сөзін естімедім. Әдеттегідей дастархан жаймастан, қолына шайға қант салынған кесені ұстаттым. Ол бетіме таңдана қарады. Үйде ешқандай азық-түлік жоғын, кеше қара суға күріш қайнатып жегенімді, бүгін де құр күрішті қайнатып жейтінімді жалған намысшылдықпен оған айтып, мұң шаққым келмеді.
– Маған өзімнің жандүниемдегі арпалысты жеңу ғана маңызды, – дедім шаршағанымды жасыра алмай.
– Ішкі жандүниеміздегі арпалыс көбіне-көп өз «Мендігімізден» өзге «Мендікті» жоғары санайтынымыздан туындайды. Ал сыртқы көрініс мүлдем бөлек. Өз «Мендігіңді» өзге «Мендіктерден» жоғары қоясың, әманда өз «Мендігіңнің»үстемдігі үшін күресесің. Күрес. Жеңіс. Жеңіліс.
Мен одан шаршай бастадым. Тезірек шайын ішіп, үйіне қайтқанын қаладым.
– Ол ешқашан билікке араласпайды, оның бәрінен көңілі қалған, – дедім бейсаналы түрде.
Санат: – Кім туралы айтасың? – деп бетіме таңдана қарады. Сосын әлдене санасына жеткендей: – Оны ұмытатын уақыт жетті ғой. Өмір өтіп барады. Өмірді құр қиялмен, иллюзиямен өткізуге болмайды. Жас емессің, тұрмыс құрып, бала сүюің керек, – деп бетіме жанашырлық кейіппен қарады. – Біздің ғасыр – депрессия ғасыры, бірақ романтиктердің ғасыры емес. Қиялмен өмір сүру адамды Құдайдан алыстатады.
– Прагматиктерді Құдайға жақын деп саған кім айтты? – дедім жақтырмай.
– Әңгіме – романтиктер мен прагматиктер жайлы емес. Қиялмен өмір сүретін адам мына өмірден алыстап кетеді. Өмірден алыстау – Құдайдан алыстауға апаратын қадам. Шынайы өмірдің ережелерімен ойнап жүріп, (отбасын құру, бала сүю) өзіңді жоғалтпай, кемелдендіріп, Құдайды іздеу керек. Құдайды іздеу арқылы ғана баянсыз өмірден мән табуға болады. Рух тәнде ешқашан тыныштық тапқан емес. Аллаға құл болу арқылы ғана жан тыныштық табады. Жан тыныштығын табу – жылдардың, төзімділіктің, шыдамдылықтың жеңісі.
– Құдайды іздеп жүрмін, тек оны таптым дегенде, қайта жоғалтып алам, – дедім. – Мен Құдаймен еш делдалсыз қарым-қатынас жасағым келеді.
Ол: – Жүректегі балансты сақтау – иманға, адамның сеніміне байланысты. Мына өмірде ізгілік жасай алмасаң да, адамдарды жақсы көру керек. Адамды бүкіл кемшілігімен сүйіп, кешіру арқылы Құдайға жақындауға болады. Кешірім – ізгіліктің алғашқы баспалдағы. Надан, тоғышар ғана кешіре алмайды. Адамдарды жек көретін пенделерден мен қатты қорқамын. Олар зұлымдық жасауға қабілетті. Біреуді ұнату, жақсы көру, сүю – ол қылмыс емес. Әлемді ізгілік, мейірімділік, Құдайға деген махаббат құтқарады. Өз сезіміңнің құлына айналып, бір отбасын бұзу – моральдық қылмыс. Өз арың мен ұятыңның тұтқынына айналып, «моральдық қылмысты жасамаймын» деп өз сезіміңді тұншықтырып, өзіңді шектей беру – бұл жаңалық ашуға, мына әлемді өзгертуге тиіс басты қоқыспен толтыру. Адамның миы да кәдімгі ақпараттық файлдарды сақтайтын флешкаға ұқсайды. Миды артық қоқыстан, вирустан сақтау керек. Адамның басы қоқысқа толса, мимен ғана емес, физиологиялық тұрғыдан да жұмыс істеуге қабілеті әлсірейді, – деді.
– Түсінесің бе, оның менің қиялымдағы үйшіктен шыққанын қаламаймын.
– Оны қиялыңдағы үйшіктен шығарғың келмейтіндей ол – ойыншық емес, адам, – деп кешірімді жүзбен жымиып, босаған кесені қолыма ұстатты. – Түсінесің бе, сол қиялыңдағы үйшікке оны емес, сен өзіңнің тұлғалық қасиетіңді, арманыңды, өзіңнің «Мендігіңді» жасырдың. Өзіңді өзіңнен босат. Сонда ғана сен ешкімнің құрбандығы емес екеніңді, өзіңнің құрбандығың – өзің екенін сезінесің. Өмір дегеніміз – Сен!
– Өмір дегеніміз – салыстыру ойыны. «Салыстыру ойынынан» адамдар «тепе-теңдікті» іздеп шаршайды. Өмірден «тепе-теңдікті» тапқандар Құдайды көбіне ұмытып кетеді, ал таппағандар ұмытпайды. Ұмытпайтыны сол: Құдайға ренжіп, жылайды, ұрсысады, тіпті Құдайға тіл тигізіп, қарғап та жібереді. Өзіне өзі саналы түрде қолжұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді. Бірақ мен о дүниедегі емтиханда қазылар алқасының мүшесі емеспін ғой, – дедім.
– Өзіңді көп зерттейсің, – деп жымиды ол. – Адам өзін зерттей бастағанда алдымен сәтсіздіктерін есіне алады. Әрине, пендені қателіктері өкіндірмей қоймайды. Өкініш – өмірден түңілуге, түңілу – өзіңді жоғалтуға әкеледі. Адам көбіне-көп қабылдаған шешімінің қате екенін біледі. Біле тұра, саналы һәм бейсаналы түрде қателікке бой ұрады. Өзінің сәтсіздік деп қабылдаған қадамыңның кейбірі уақыт өте келе қуаныш пен шаттыққа бөлеп жатады.
– Ал мен өз сәтсіздігімнен бақыт табуға тырысам, – дедім жұлып алғандай.
Осы кезде оның телефоны шырылдады. Әйелі. Санат жол апатына түсіп, төсек тартып жатқанда ауру күйеуін тастап, орыс жігітпен кетіп қалған.
– Сен әйеліңді кешірдің бе? – деп сұрадым.
Оған деген еш сезімім болмаса да, әйелінен қызғанатынымды сездім.
– Менің кешірген, кешірмегенім оған түкке де қажеті жоқ. Оны кешіру маған керек. Зұлымдықтан сақтану үшін ғана емес, сол зұлымдықты жасамау үшін де кектенбей, кешіре білуіміз керек. Тұлғалық қасиетіңді сақтап, өзіңді жоғалтпау үшін де кешіруді үйренуге тиіспіз. Әкенің кекшілдігі – ұл баланы әйелдерді қорлап, өш алуға итермелесе, шешенің кекшілдігі – қыз баланы еркектерге зұлым, арам деп қарауға үйретеді. Әйелін жек көретін еркектің, болмаса, күйеуін жек көретін әйелдің балалары психологиялық соққы алғандықтан, өмірге құштар болмайды, олар өмірді ешқашан сүймейді. Өздеріне қолжұмсап өлетін балалардың көпшілігі осындай отбасы құндылығы аяққа тапталған отбасынан шыққан. Ал мен ұлымның ұзақ өмір сүргенін армандаймын. Әйелім өз өмірін сүріп жатыр. Үйленер кезде болашақ жарымның табиғатын терең зерттемеген өзім кінәлімін, – деп менімен қоштасып, баласымен кездесуге кетті.
Сол сәтте суреттен ғана көрген оның сүйкімді сары баласын көргім келді, бетінен сүйіп, қатты еркелеткім келді. Баласын ғана емес, әкесін де жақсы көретінімді өзіме де мойындай алмас едім.

СОҚЫР САНА
(әңгіме)

1

Қара суықтан қалтырап, метроның кіре берісінде гүл сатып, бүкір кемпір тұр. Гүлдің бәрін сатып алып, оны суықтан қорғағым келген. «Өзіме өзім гүл сыйлап, сезімдерімді алдағым келмейді. Өз сезімдерімен ойнаған адамның махаббатта жолы болмайды» деп гүл сатып алу туралы ойымнан айнып қалдым.
Кемпірдің қасында әлем жұлдыздарының бейнесін еске түсіретін қуыршақ сатып, орта жастағы етжеңді әйел отыр. Байғұс әйел суықтан тоңғаны сондай, күртешесінің үлкен қалтасына қолын тығып, жылылық іздейді. Бұл әйелдің өмірінде жылылық болып па өзі? Егер қуыршағын сатып алсам, оған кішкентай жылылық сыйлар едім. «Кішкентай қызым жоқ, қуыршақты несіне сатып алам?» деп ол ойымнан да айнып қалдым.
Екі әйелден он метр қашықтықта ән айтып тұрған зағип қыздың қасынан өткенде құлағымды аядым. Тым ащы, «бақырған бақа дауыс» құлағымның пердесін жыртатындай оған жаратпай қарадым. Оны көрген сайын «Байғұс-ай, адамдар саған өнерің үшін емес, мүгедектігің үшін ақша тастайды, бақырмашы» деп айтқым келіп, іркіліп қалам.
«Мен бақытты әйелмін» деп жымиып, ән шырқап тұрған соқыр қыздың жағымсыз даусы бұрынғыдай бойымда тітіркену сезімін оятқан жоқ. Қасына барып, оның толық дөңгелек бетін, ажарын бұзып тұрған құсмұрнын, әжімді маңдайын, бейкүнә көздерін зерттеп, үнсіз тыңдап тұрдым. «Егер көзі көргенде айнаға әр қараған сайын мұрнына көңілі толмай, жылар еді» деп ойладым.
– Сіз кімсіз? – деп ол үрке сұрады.
– Сіздің жаныңызда бір тыныштық бар екен. Ал мен тіршілік таразысын таразылай алар емеспін, – дедім оның сұрағын жауапсыз қалдырып.
– Құдай менің көзімді алып, жанымды нұрмен бөлеген, – деді ол жылы жымиып.
Одан мұндай жауап күтпегендіктен, қапелімде аузыма сөз түспеді. Осы сәтте оның сөзін растағандай беті ерекше нұрланып тұр еді.
– Сау болыңыз, – дедім.
– Тоқтай тұрыңызшы, – деп қолымды тауып алып, қатты қысты. Оң алақанымды екі қолымен кезек-кезек ұзақ сипады.
– Тым сезімтал адам екенсіз, бәрін де жүрегіңізге жақын қабылдайсыз. Егер мен сіздің орныңызда болсам, мына әлемді көре алсам, өзімді ерекше бақытты сезінер едім, – деп жай күрсінді.
– Менің де басқа адамның өмірімен өмір сүргім келетін кездерім болады, – деп шынымды айттым.
– Қанағатсыздық – бұл өте үлкен күнә. Сіздің көзіңіз көреді ғой, – деп орыс қыз маған шошына қарады. – Сіз көбелектің гүлге қалай қонғанын, құстың қанатын жайып ұшқанын көре аласыз. Сіз аппақ ұлпа қардың аспаннан жерге қалай қонақтап жатқанын көре аласыз. Мен жаңбырдың астында жүрсем ғана, қар бетіме келіп, қонақтаса ғана оның қалай жауып жатқанын сезем. Менің көзім ешқашан көрмейтінін білем, бірақ мен мына әлемді бір-ақ рет көргім келеді. Құдай маған жанарымның нұрын бір сағатқа сыйласа, өзімді, адамдарды, балалардың күлкісін, табиғаттың сұлулығын, мейірімнің бейнесін, бәрін-бәрін көрер едім.
– Мейірімнің бейнесін дейсіз бе? – деп мен одан таңдана сұрадым.
– Иә, мейірімнің бейнесін көрер едім, – деді ол ерекше сенімді дауыспен. – Маған ылғи бір әйел келіп, мейірленіп, садақа береді. Оның жалғыз ұлы мүгедек екен. Маған қайырымдылық жасап, Жаратқаннан өз баласына денсаулық сұрайды. Сол мейірімді әйелдің бейнесін көргім келеді, – деді ол.
– Сіздің жүзіңіз сондай жылы, мейірімді, – дедім.
– Рас па? – деп ол ұяла күлімсіреді. – Тағдырым жымиып қарамаса да, мен өмірге күліп қарағым келеді. Өмірден мән табу үшін де, өмірді сүйем. Күн сайын өзімнен артылған тамақты көрші кемпірге апарып берем. Ол көшеге шығып, қайыр тілеуге де жарамайды. Төрт жылдан бері төсек тартып жатыр, – деп көршісінің кезінде өзіне көп көмегі тигенін айтып жатқанда есіме оған садақа бермегенім түсті.
Бүкіл ғаламның сұрақтарына сол ғана жауап бере алатындай үмітпен:
– Жаны мұңға жақын адам өмірден мән табу үшін не істеуі керек? – деп сұрадым.
– Он екі мүшесі сау адамдардың өмірді сүймеуге еш қақысы жоқ! – деді ол қабағын түйіп.
– Көктем болса да – көктемнің исін сезбейтін, жаз болса да – жадырамайтын, қыс болса да – қардың ақтығын көрмейтін, күз болса да – күздің сұлулығын жүрек көзінен өткізе алмайтын қаншама жүрегі соқыр адам бар. Олардың тәні – cау, бірақ жаны – мүгедек, – дедім жылағым келіп.
– Аналық сезім ғана әйелді құтқарады. Сәбидің исін қатты сағындым, – деді ол ауаны құшырлана иіскеп. – Ана болғым келеді. Сәбиімді көре алмасам да, оның мені көретінін ойласам, жаным ерекше қуанышқа бөленеді, – деп қиялға шомды.
«Мүгедек бола тұра, ол да ана болғысы келеді».
Ол менің ойымды оқып қойғандай: – Балам – менің қос жанарым болады, – деді.
– Әйел баланы өзі үшін, өзінің «Мендігін» қанағаттандыру үшін тумауы керек. Өзін-өзі құтқару үшін дүниеге бала әкелетін әйелдерді түсінбеймін, – дедім дөрекі үн қатып.
Ол сөзімді жаратпағанын көрсетіп, қабағын түйді.
– Балам анасы секілді өмірді шексіз жақсы көретініне күмәнім жоқ. Ол әр атқан таң мен әр батқан күнге қарап, Жаратқанға алғыс айтып, дұға оқитын болады, – деді сенімді дауыспен.
«Балаңның көзі көрмейді деп қорықпайсың ба?» деп сұрауға оқталдым да, оның жүзінен қуаныштың сәулесін көріп, іркіліп қалдым.
Жаурағанымды сылтауратып, мен онымен асығыс қоштастым. Дала қараңғылық құшағына сіңіп бара жатты. Өзім тұратын жатақханаға қарай жаяу беттедім. Алдымда жараланған аяғын баса алмай, қарды қызыл қанға бояп, қара ит кетіп барады. Ит менен ұзап та кетпеді, қалып та кетпеді. Анда-санда артына бұрылып қарап қояды.
– Кешір, сен түгілі, өзімді де түсіне алмаймын, – дедім ит менің сөзімді түсінетіндей күрсініп.

2

Ішіп отырған шайыма тарақан түсіп кетті. Ызаланғаным сондай құрбым кінәлідей шайды бетіне шашып жібергім келді. «Салақсың! Бөлмені ешқашан жинамайсың» деп айқай салдым. Ол мұрнының астынан «Бұл жатақханада тарақан қаптағанына бір жылдан асты. Еденді күніне үш мезгіл жусаң да, олардан құтыла алмайсың» деп міңгірледі. «Жүйкені тыныштандырады» деп жарнамасы жақсы жасалған «Цикорийдің» үш қасығын кесеге салып, іше бастап едім, денем тітіркеніп кетті. Тіліме жабысқан тарақанның өлі баласы еді. «Бұлай кедейшілікте өмір сүргенше, өліп қалғаным жақсы еді» деп бар даусыммен айқай салдым.
Ол: – Жұрттар шаян мен құрбақаны да жейді ғой. Оның қасында кішкентай тарақанды жұта салғаннан өліп қалмайсың, – деп келемеждеді.
Өзін-өзі, шын мәнінде, сыйлай білетін, жақсы өмір үшін күресе білетін жігерлі адам үш күн тұрмайтын біздің қаладағы кішкентай бөлмеміз тым жұпыны. Терезені ашсақ, әр жерінен жыртылып, ажыраған қоңыр түс қағаздар желбірейді. «Кім болса да, мына түс қағазды талғамсыз адам таңдаған» деп күңкілдегенімізбен, онсыз да көңілсіз өмірімізді онан сайын көлегейлеп тастаған бөлмені ақтап, сырлау ешқайсымыздың ойымызға кіріп шықпады. «Басқа пәтерге көшем». Екеуміз де солай ойладық. Бірақ біз көшпей, сол ескі жатақханада тұрақтап қалдық.
Кейде тарақандардың төсегімде, бетімде жүгіріп жүретінін көтере алмай, жүйкем шектен тыс қозып, түннің бір уағында тұрып алып, оларды өршелене өлтіретінім бар.
Айза: – Жауызсың! Олар да Алла жаратқан тіршілік иелері. Олардың да өмір сүруге құқы бар, – деп ұрсады.
– Тым ақылды екенсің. Онда оларға түсіндір, жеп отырған тамағым мен ішіп отырған шайыма түсіп, менің жүйкеммен ойнамасын.
– Сенде шизофренияның белгілері бар. Жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға жатқың келмей ме? Ертең апарып тастайын, – деді ол мысқылдап. – Жатақханаға ай сайын ақша төлемейсің, үш мезгіл тегін тамақ, әрі онда тарақан да жоқ, керемет қой, тіпті, демалыс орны дерсің, ойланып көр, – деп әжуалап күлді.
– Сенде де жүйке ауруларының белгілері бар. Екеуміз бірге емделейік, –дедім жаратпай.
– Жоқ, менің жүйкем сап-сау, тек соңғы кезде қатты шаршадым, біраз демалсам, өзіме келем, – деді ол шаршаған дауыспен. – Ал саған «псіхбәлнісаға» жатам десең, көмектесем, – деп мазақтап, құдды бір тауып сөйлегендей өз сөзіне өзі мәз болып, күліп алды.
Мен оның күлкісінің астарында мұң жасырынып тұратынын білем. Сосын ол жөнсіз қалжыңдаса да, ренжімеуге тырысам. Ол әкесі мен анасының ажырасып кеткенін, қазір екеуінің де өз отбасы бар екенін, әкесінің ешқашан өзін іздемегенін, өгей әкесінің жек көру сезімін сезініп өскенін жасырған емес. Әкем мен анам кезек-кезек телефон шалып жатса, «жұрттың әке-шешесі қыздарын іздейді, ал мен ешкімге керек емеспін» деп бұрқылдап, сөйлеп қалатыны бар. Өзі шешесіне өте сирек телефон шалады. Бірақ екеуінің әңгімесі ылғи да ұрыспен басталып, ұрыспен аяқталады.
– Айза, метроның қасында қайыр сұрап тұратын соқыр қызды білесің ғой. Бүгін сол қызбен ұзақ сөйлестім, – дедім.
– Бақытсыз байғұспен сөйлесіп, өзіңді бір сәт бақытты сезініп, жеңілдеп қалдың ба? – деп кекете күлді.
– Әйтеуір сен-ақ кекетіп, мұқатқанға шеберсің, – дедім жаратпай.
– Мені Сәбираны сағынып, іздейді дейсің бе? Өзім жарымай жүріп, оған жиі сыйлық жасауымның себебі: қайырымдылық көрсетіп, Құдайдан шарапат күту емес, мүгедек қыздың өмірге деген құштарлығын зерттеу, бір тыныш таппайтын жанымның қанағатсыздығын тұншықтыру. Бұл – басқаның қайғысынан бақыт іздеу емес, өзіңдегі барды бағалап, тәубеге келу, – деді Айза.
– Құдай мүгедек, қаріп-қасірлерді сау, бірақ рухани адамдар күш-қуат, энергия алсын деп жаратқан демексің бе? Егер солай болса, бұл қаншалықты әділетті? – деп оған да, өзіме де сұрақ қойдым.
– Еңсемді ауыр мұң басқанда ауру, мүгедек жандарға қарап та, тәубеме келіп, шүкіршілік ете алмаймын. Мейірімге қанып өскен балалар мына әлемге махаббатпен қарайды. Олар өмір сүру ережесін біледі. Ана мен әке мейіріміне бөленбеген балалар қоғамнан өзін-өзі шеттетіп, тұйықталып, бұйығы өмір сүреді, – деді ол.
– Ал сен өмірден өз үлесіңді алу үшін өз ережеңмен ойна! «Бала кезде балалық шағым болмады» деп бүкіл өміріңді сары уайыммен, жылаумен өткізбексің бе? – дедім мен одан қатты шаршағанымды жасырмай.
– Өмір дегеніміз – ережесіз күрес пе сонда? – деп мырс етті.
– Өмір дегеніміз – «бар» мен «жоқтың» арасындағы балансты сақтау, – дедім мен әдеттегі жауабымды қайталап.
Ол: – Ертең Сәбираға кимейтін киімдерімді апарып беремін. Барасың ба? – деп бетіме сұраулы жүзбен қарады.
Біз күлкісінің астарында мұң жасырынып тұрса да, бізді күле алатынына сендіре алатын қызға бірге баруға келістік.

3

Бір аяғы бір аяғынан қысқа, денесінің «егіз мүшесі» теңесе алмай, бір жағына қисалаңдап келе жатқан Сәбираның қарасы көрінді. 

Айза: – Егер Құдай оған байлық бергенде аяғына ота жасатар ма еді? Мүгедек қана емес, байғұс кедей ғой, – деді оған аяй қарап.
Бесінші қабатқа жаяу көтерілдік.
– Шаршадыңдар ма? – деп Сәбира кінәлі адамдай жымиды.
Ашылған есікпен бірге мұрнымды қолаңса иіс пен шуаш исі желпіп өтті.
Адамның бетінен жазу оқып үйренген ол: – Көршілерімнің бәрі қара жұмыс істейді. Таң атқанда кетіп, үйге күн батқанда келеді. Қатты шаршағандары сондай, кейде тіпті жуынуға да шамасы келмейді. Екі жерде еден жуып жүрсем де, оларға қарағанда менің демалуға уақытым бар, – деді аздап мақтаныш араласқан сезіммен.
Жағымсыз иістен тыжырынып отырсам да, ыстық шай ішкім келді.
Дастархан жайып жатып Сәбира: – Кеше жалақымды алып, үйге ақша салдым, – деді естілер-естілмес.
Біз «Қыздар, дастарханым жұпыны болса, кешіріңдер» деген ойды айтпай түсіндік.
Сәбира көрші бөлмеге кеткенде Айза:
– Ауру қызының ай сайын салған ақшасын жеп жатқан әке-шешесінде ұят жоқ екен, – деп сыбыр етті.
Сәбираның жасы жиырма сегізде болғанымен, аурудан азап шеккен түрі өз жасынан әлдеқайда үлкен көрінеді. Ақшасын аяй ма, әлде сыртқы келбетіне мән бермей ме, ақ шашын жасырып, бояғанын көрмеппін.
– Айзадан естіген шығарсың, жазда тұрмысқа шығам, – деді көзінде қуаныш нұры ойнаған Сәбира.
«Мүгедек болса да, бұл да өмірге құштар. «Тұрмысқа шығам» деу – бұл айтатын сөз бе еді?».
– Сәбира, қанша балаң болғанын қалайсың, – дедім жаман ойымды жасырғым келіп, жанталасып.
Көзінде қуаныш пен үміт оты қатар ойнаған Сәбира:
– «Көп балам болса» деп армандаймын, – деді күлімсіреп.
Айза әңгімеге араласпай, өз ойымен арпалысып үнсіз отыр.
Сәбира нан турап жатып біз әкелген екі сөмкеге көз қиығын жиі тастап қояды. Мен сөмкеден өзім бұрын киген, сатып алсам да, кейіннен жаратпай, бірде-бір рет кимеген киімдерді бірінен кейін бірін шығара бастадым.
– Жүз долларға алған мына көйлекті бірде-бір рет киген емеспін, – дедім.
Бұл күлгін түс көйлекті осыдан үш жыл бұрын жеті мың теңгеге сатып алғам. Кейіннен жараспайтынын сездім де, сатқым келіп әрекеттенгеніммен, менен саудагер шықпады. Үш жыл бойы ескі шкафтың бір бұрышында жатып, тоза бастаған көйлектің көз алдымда қадірі артып кетті де, өзінің өтірік бағасын қойып берді.
Айзаға Сәбираның қуанышты сәттерін сырттай бақылап отыру ұнайтынын сездім де, сөмкеден киімдерді бірінен кейін бірін шығара бастадым.
Сәбираның шаттанып тұрған жүзіне кірбің түскенде оны ренжітіп алдым ба деп, кібіртіктедім. Ол өзін кінәлі адамдай қипақтап, «Жаратқан ием, Тәңірім, дүниеқоңыздығымды, көрсеқызарлығымды кеше гөр» деп күбірледі.
Осы кезде үнсіз отырған Айзаға тіл бітті:
– Сәбира, тағдырың сені сынап, қинаса да, Құдайдан алыстамағаныңа таңғалам. Құдай сені ұмытса да, сен оны ешқашан ұмытпадың. Мен тіпті кейде Құдайдың бар екеніне күмәнданам.
– Олай деме, олай демеші. Құдай сені жақсы көреді, – деді Сәбира. Сосын: – Құдай бәрімізді жақсы көреді, – деп қосып қойды.
– Күмәнім бар, – деді Айза қасарысып.
Сәбира: – Күпірлік етпе!– деп әжімді маңдайын жиырып, қабағын түйді. – Мен ақшам намазын оқып алайын, – деп орнынан жеңіл көтерілді.
Айза: – Сен намаз оқымасаң да, жәннатқа барасың, егер жәннат шынымен бар болса... – деді.
Сәбира бұл жолы қатты ашуланды.
Айзаға жаратпай қарап: – Күпір сөйлеп, шайтанның ықпалына түсуге болмайды! – деді қатқыл дауыспен.
Қызба мінезді Айза Сәбираны ренжітіп қоя ма деп уайымдасам да, әңгіме ауанын өзгертуге еш ықыласым соқпады.
Әп-сәтте жүзін мұң шалған Айза: – Ең алғаш рет сегіз жасымда Құдайдан әкем мен шешемді ажырастырмауын жылап сұрадым. Құдай мені естімеді. Құдай одан кейін де менің даусымды естіген емес. Өгей әкем шапалақпен жағымнан тартып-тартып жібергенде шешем шырылдап, мені қорғаудың орнына «Сен үшін арамыз суып барады» деп ренжіді. Сол күні кәрі емен ағашының түбінде жылап отырып, екі қанатты періштелерді күттім. Олар мені өздерімен бірге аспан жаққа алып кетеді деп сендім. Күткен періштелерім келмей, шаршап, ағаш түбінде ұйықтап қалыппын. Өрістен келмеген сиырын іздеп шыққан Сәния әжей мені жетектеп үйге ертіп келді. Сәния әжейдің мамамды қатты ұрысқаны, анам қипақтап, «өзі де қырсық» деп маған мінездеме беріп жатқаны еміс-еміс есімде.
Далада өскен жабайы гүл үстін тас басса да, өлерменденіп, қылтиып, өсіп шығады. О бастағы табиғаты гүл болса да, гүл ашып, айналасына эстетикалық сұлулық сыйлай алмайды. Ата-анасының махаббатына бөленіп өспеген балалар есейгенде сол жабайы гүлге ұқсайды.
Өмірімнің ең сәтсіз кезеңдерінде адам жанының жалғыздығын сезіндім. Жаным ауырып отырып, адам жанының өзінен басқа ешкімге қымбат емесін түсіндім, – деді жанары жасаурап.
– Жан – Алланың аманаты. Жанымды рухпен нұрландырғым келеді, – деп Сәбира бізге мейірлене қарады.
Айза Сәбираны естімегендей әңгімесін жалғады: – Құдай сынақ жіберген сайын жасаған күнәларымды есіме алып, кешірім сұрап, Құдайға жақындаудың орнына, керісінше, бәрінен шаршап, түңіліп, мен одан алыстай түсем. Құдайдан алыстаған сайын өмірім күрделеніп, өзге түгілі, өзімді өзім танудан қалатынымды білем, – деп күрсінді
– Құдайды алыстан емес, өз жүрегіңнен ізде! Құдай біздің жүрегімізде! – деді Сәбира ерекше сенімді дауыспен.
– Жиырма екі жасымда өмірдің мәнін өзім ғашық болған жігітпен ғана байланыстырдым. Онсыз өзімді тірі өліктей сезіндім. Кейін мен оны ұмытып кеттім. Құдайсыз өмір сүре алмайтындай өмір сүргім келсе де, сүре алар емеспін. Бір адамсыз өмір сүрудің қаншалықты азап екенін бастан кешсем де, Құдайдан алыс өмір сүрудің қасірет екенін пайымдай алар емеспін. Бір кезде намазға да жығылдым. Бірақ менің намаз оқуымның гимнастика жасаудан еш айырмашылығы болмады, – деді Айза өзін кінәлаған дауыспен.
– Егер қаласаң, ақшам намазын бірге оқиық, – деді Сәбира.
Айза Сәбираның сөзін естімегендей, жауап қатпады.
– Сәтсіздік – жаман ойымның көрінісі болса да, «Құдай мені азаптайтындай саған не жаздым?» деп шағымданам. Мен өзімді жаратқан Құдіреттен басқа ешкімге шағымдана алмаймын. Демек, мен оны табуым да мүмкін ғой, – деп Айза Сәбираға үміттене қарады.
– Айза, сен өзіңнің қаншалықты бақытты екеніңді білмейтінің секілді, Құдайға қаншалықты жақын екеніңді де білмейсің, – деп Сәбира Айзаны жанарымен еркелетті.
– Сен де айтасың-ау, Сәбираш. Бақытты адам өмірді шексіз сүйе білуі керек қой. Мен бақытты болып туғандарға қызықпаймын. Бақытты адамдар өздері өлердей сүйетін өмірдің ережелеріне бағынуды ғана біледі. Олардың бар құпиясы – сол ғана. Өмірде жолы болмай жүріп, бір күні алтын балық ұстап алатындарды қызғанам. Өмірде жолы болмаған адамдар бірін-бірі азаптап, қинап, адреналин алады. Оларға өзін бақытты сезінетін адамдардың көзқарасы қызық емес, – деген Айза «мені тыңдап отырсыңдар ма?» дегендей бізге сұраулы жүзбен қарады .
– Сені ешқашан түсіне алмайтын шығармын, – деп баладай күлімсіреген Сәбира намаз оқу үшін келесі бөлмеге кетті.
– Сенің болмысыңды түсіне алмай байғұс қыз әбден шаршады. Сенің болмысыңды түсінуден «мыңжылдық есепті» шешу жеңіл секілді, – деп күлдім.
– Сәбира Құдайды танымай, білмей сүйеді. Оның жаны қазірдің өзінде рухпен нұрланып тұр. Екеуміз оны сол үшін іздейміз. Құдай мен адамның арасындағы махаббатта сауда болмауы тиіс. Біз екеуміз Құдайға деген сеніміміздің өтеуіне бірдеңе күтеміз. Жанымыздың шарқ ұрып, тыныштық таппауының себебі сонда болса керек, – деді ол әдеттегідей мәңгілік сауалдарға жауап іздеп.
Екеуміз терезені ұрғылап жатқан нөсер жаңбырдан көз алмай, бір-бірімізге бірнеше рет қойған, бұдан кейін де қоятын, талай рет таңға дейін ұйықтамай талқылаған мәңгілік сұрақтардың бір парасына үнсіз жауап іздедік.
«Құдай менің жүрегімде!» деп ішімнен қанша қайталасам да, ойым шашырап, жинақтала алмадым. Құдаймен қарым-қатынасын ешқашан жасырмайтын Айзадан емес, өзімді өзімнен жасыратын «өзімнен» қорықтым... 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста