Жақсы адвокатты қайдан табамыз?

Жақсы адвокатты қайдан табамыз?

Қазіргі талас-тартысы көп қоғамда екінің бірінің адвокатқа күні түсуі мүмкін. Алайда адвокат көмегіне жүгініп, сол үшін қыруар ақша жұмсаған жандардың бәрі бірдей көрсетілген қызметке риза бола бермейді. Оның себебін «Алаш айнасы» зерттеп көрген еді.
Әрине, адвокат қызметінің нәтижесін болжап білу мүмкін емес. Егер мәселе сотқа барып тірелсе, соңғы сөзді сот айтады. Заңның да қитұрқы, екіұшты тұстары толып жатқандықтан, ешбір адвокат ешкімге алдын ала «жеңіп шығасыз» деп кепілдік бере алмайды. Десе де, әркімнің адвокаттан адал қызмет талап етуге қақы бар.
Ойланып қарасақ, мамандық атаулының ішінде стоматологтың көрсеткен қызметінің сапалы-сапасыздығын дәлелдеу қиын екен. Егер стоматологтар құрал-жабдықтарын таза ұстамай, пациенттің ағзасына әлдебір жұқпаны жұқтырып алса (мәселен, сарыауру), оны дәлелдеу мүмкін емес. Адвокат қызметінің де сапалы-сапасыздығына көз жеткізу оңай емес. Сіз онымен алдын ала келісімшарт жасасып, сұраған ақшасын толық төлеуге келісіп қол қоясыз. Ал адвокат сіздің мәселеңіздің қалай шешілетініне кепілдік бермейді.
… Осыдан он жыл бұрын құрбымның бауыры істі болып, күйеуі прокуратурада қызмет істейтін адвокат әйелге жолыққанымыз есімде. Қорғаушы: «2 мың АҚШ долларын берсеңіздер, істі қолыма алайын. Оның 1 мың доллары — менің еңбегім. Қалғанын судья мен прокурорға бөліп беремін. Сонда ғана бауырыңыз шартты мерзіммен босап шығады», — деп ашығын айтты құрбыма. Құрбымның әке-шешесінің ондай ақша тауып беретін мүмкіндігі болмай, ақыры адвокат жалдай алмады. Ал бір жылдан соң рақымшылық жасалып, бауыры босап шықты.
Бірде бір зейнеткер әжей мұңын шақты. Әжейді алаяқтар алдап, пәтерін тартып алған көрінеді. Сот құжаттарын қарасақ, адвокат алаяқтардың қылықтарын әшкерелеуге ұмтылудың орнына, екі жақты мәмілеге келтіруге тырысып бағыпты. Және әжейге: «Өзара келісімге келгеннен басқа жол жоқ», — депті. Сол іске қатысы бар Марат атты азамат әжейге қомақты ақша беруді мойнына алып, қолхат жазып берген екен. Оған сот ақшаны қайтаруға тиіс мерзімді де белгілеп береді. Бірақ адвокат ақшаны ары қарай қалай өндірудің жолын қарияға түсіндіруге де жарамаған. Адам тағдырына немқұрайдылықпен қарап, құлқынын ақша тескен мұндай адвокаттар толып жатыр ғой.
Рас, жаңағыдай жағдайларда «бір құдайға тапсырдық» деп жүре беретін адамдар аз емес. Адвокат та адам. Олар да күндердің күнінде Алланың сотына барады. Осы әжейдің оқиғасынан кейін көп ұзамай жаңағы адвокат келіншек көлік апатына ұшырап қаза болды. Құдайдың құдіретіне сонда кәдімгідей таң қалдым. Әлгіндей кісілердің нешеуін зарлатты екен ол кісі. Ақырында жиған-тергені өзіне бұйырмады. Күйеуі қазір басқа әйел алып, зәулім сарайында өзге біреу рахат өмір кешіп жатыр. Сондықтан да адвокат атаулы нанын адал жегені жөн-ау.
Өз ісіне адал, клиенттің мүддесін бәрінен жоғары қоятын жақсы қорғаушылар жоқ демеймін бірақ. Өз басым Амангелді атты адвокаттың көмегіне жүгінген бір келіншекті білемін. Ол келіншек жиырма жылға жуық уақыт бұрынғы күйеуінен алимент ала алмай, қарыз мөлшері 1 миллион теңгеден асып кетіпті. Оның ісімен адвокат ерінбей бір жыл бойы айналысты. Тіпті әлгі келіншектің адвокат қызметі үшін төлейтін ақшасының бар-жоғына да қарамай, «іс аяқталған соң төлерсіз», — деп, түсіністік танытыпты.
Таңғалғаным, ол адвокат тіпті кейбір құжаттарды алуға төленетін мемлекеттік баж салығын да өз қалтасынан төлеп жіберген кездері болды. Ақыры іс келіншектің қарыз ақша орнына күйеуінен бір бөлмелі пәтер өндіріп алуымен тынды. Міне, нағыз маманның еңбегі осындай болса керек. Өкінішке қарай, біз айналадағы адамдардан: «Адвокатымыз ақшасын алдын ала алып, сотқа да келмей қойды», «Қорғаушымыз дұрыс әрекет жасамай, өз бетімен жүрді» деген наразылықтарды жиі естиміз. Жұрттың көбі: «Жақсы қорғаушыны қалай тапсақ екен?!» деп, өзіне қорғаушы таба алмай дедектеп жүреді.
Ал адвокат жалдаған күнде ол өзінің міндетін дұрыс атқармаса, не істеу керек?
Негізінде, адвокаттардың бір тобы қылмыстық істерді жүргізіп дағдыланған болса, енді біреулері тек қана азаматтық істермен шұғылданады - яғни, қорғаушы таңдағанда осы жағына мән беру керек. Енді біреулер баспана дауына жүйрік келеді.
ҚР «Адвокаттық қызмет туралы» Заңының 5-бабына сәйкес, адвокат өз көмегіне жүгінген тұлғамен келісімшарт жасасуға міндетті. Келісімшартта оның қызметтік міндеттері, еңбек ақысының төлену тәртібі, келісімшартты бұзу тәртібі, тағы басқа жайттар нақты көрсетілуі тиіс. Келісімшарттың бір данасы клиентке беріледі. Ал қызмет ақысы екі жақты келісіммен анықталып, адвокат алған төлемақысы үшін түбіртек беруге міндетті. Ал ешқашан да адвокаттың қолына өзімсініп ақшаны жайдан-жай ұстата салуға болмайды!
Келісімшартта көрсетілген заңгерлік қызметтің орындалу-орындалмауына байланысты дау-дамай туындаған жағдайда адвокатқа ақы төлеген тұлға заңгерлік қызмет меңгерушісіне немесе адвокаттар алқасының төралқасына шағым жасай алады. Шағымға қоса келісімшарт пен төлемақы түбіртегінің көшірмесі ұсынылады. Төралқа қаулысы қанағаттандырмаған жағдайда шағым иесі сотқа арыз беруге құқылы.
Адвокаттар алқасынан шығару, заңға сәйкес, тәртіптік жауапкершілікке тартатын соңғы шара болып табылады. «Адвокаттық қызмет туралы» Заңның 7-бабы, 2-бөлігі бойынша, теріс әрекеттері үшін адвокаттар алқасынан шығарылған немесе лицензиясынан айырылған адвокаттар үш жыл бойы өз қызметін ары жалғастыра алмайды. Ал алқа құрамындағы тұлға, лицензиясы бола тұрса да, қылмыстық және әкімшілік сот өндірістеріне қорғаушы ретінде қатыстырылмайды, яғни, адвокаттық қызметті атқара алмайды. Адвокатты лицензиясынан айыру — сот құзырында.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста