Германия президенті мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 19-21 маусым күндері Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды Ақорда.
Франк-Вальтер Штайнмайер
Сапар аясында екі ел басшылары келіссөздер жүргізеді.
Ақпаратқа қарағанда, келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, көлік-логистикалық және энергетикалық қатынастарды дамытуға, сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән беріледі. Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жай-күйі мен оны нығайту перспективалары қарастырылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.
“Франк-Вальтер Штайнмайер сапар аясында Маңғыстау облысына барып, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысады. ГФР Президенті Қазақстан-Германия инжиниринг институтының ашылуына және Svevind швед-герман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытының сынама бұрғылау жұмыстарын бастау рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр”, – делінген жексенбіде тараған ақпаратта.
Франк-Вальтер Штайнмайер Маңғыстау облысына сапармен баратын алғашқы еуропалық президент болмақ.