Балаға АСТАНАБЕК, АСТАНАГҮЛ деп ат қояр күн...
Астана күні мерекесі қазақстандықтарға жалпыхалықтық сейіл-серуен, демалыс-думанымен қатар, біраз шаңыраққа балалы болу қызығын да сыйлағаны хақ. Шілденің 6-сы күні бір ғана Астананың өзінде 74 шарана дүние есігін ашыпты.
Ырымшыл халықпыз ғой. Нендей істі болса да жақсыға ырымдауға бейіл тұрамыз, әсіресе ат қоюға келгенде. Атамыз қазақ балаға елге белгілі болсын деп атақты адамдардың атын қойып жатады. Бала тұрмай, шетіней бергенде, Итбай, Үшкемпір, Төрткемпір, Біршал деген сияқты есімдер қояды. Біреулер орыстың да атын береді. Ал бала болмай, көгеннің бұршағын мойнына салып, Тәңірден сұрап алған баласына ырымдап Тәңірберген, Құдайберген, Аллаберген деп ат қойғандар да көп. Мерзімінен бұрын туған балаларды Шалақан, Шалабай секілді есімдерінен білеміз. Тіпті ырымның өзіне де байланысты есімдерді көп естиміз. Мәселен, Рымбай, Рымкүл, Рымкеш деген есімдер – ырымға балап қойылған ныспылар. Тізе берсеңіз, мысал өте көп.
Кейінгі кезде бұл қатарға ат қоюдың тағы бір түрі келіп қосылды. Ол – баланың есімін елде болып жатқан оқиғаға байланыстырып қою. Мәселен, Саммитхан, Саммитгүл, Азиада, Дағдарыс секілді есімдерді елімізде болған ерекше оқиғалардың «жемісі» деуге болады.
Мұны айтып отырған себебіміз, Астана күні елордамызда 74 бала дүние есігін ашыпты (Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында – жеті бала, Перинаталдық орталықта – 17 бала, №1 перзентханада – 27 бала, №3 перзентханада – 23 бала). Статистикалық деректерге сүйенсек, Астанада жылына шамамен 16 мың бала дүниеге келеді екен. Сонда күніне орта есеппен 45 бала туады. Ал дәл Астана күні 74 баланың өмірге келуі жаман көрсеткіш емес. Енді сол 74 баланың ішінде неғып біреуінің есімі Астана, Астанажан, Астанабек аталмасқа деп ойлаймыз? Аталған да шығар, кім біледі? Аталса, АХАЖ бөлімінің хабары екі-үш күнде шығып қалар...
Ұлан ЖАҚЫПБАЙ, мерекеде мерейлі болған әкелердің бірі:
– Қызымыз дүниеге тура шілденің 6-сы күні келді. Сөйтіп, Астана күні мерекесінде зор қуанышқа кенелдік. Біріншіден, Жаратқанға, екіншіден, Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының дәрігер-мамандарына алғысым шексіз. Енді шілденің 6-сы біз үшін тіпті ерекше күн болмақ. Бір жағынан, елорда мерекесінде, екінші жағынан, Елбасымыздың туған күнінде туылғандықтан, есімін де ырымдап Астанамен байланыстыра қоюды ойлап отырмын.
ҚАҒЫТПА-АҚПАРАТ
Елорда жұрты Астана күнін тойлаймыз деп алашапқын болып жатқанда, Астанада туған балалардың тілі «мама», «папа» немесе «ата», «апа» емес, бірден «астана» деп шығып жатыр екен.