Жұртшылық Тәуелсіздіктің ащы дәмін еш ұмытпауы тиіс

Жұртшылық Тәуелсіздіктің ащы дәмін еш ұмытпауы тиіс

Өмірбек БАЙГЕЛДІ, сенатор:

– Өмірбек Байгелдіұлы, сіз 1986 жылы Желтоқсан оқи­ға­сында қайда болдыңыз? Қандай қыз­мет атқар­дыңыз?
 – Ол кез Кеңес Одағында, әсіресе біз­дің замандастарымыз арасында қызметте жүр­ген азаматтардың барлығы бір ұлы өз­герісті күтіп жүрген кез еді. Расында, за­ман­ның ағысы үлкен өзгеріске қарай ауып ба­ра жатқанын бәрі сезетін. Оны тіпті орта­лық­тағылар да кейіннен мойындады. Ал Жел­тоқсан оқиғасы тұсында мен Жамбыл об­лысының Қордай ауданында бірінші хат­­шы болатынмын. Ал­ма­тыдағы уақиғаны демалыста жү­ріп ес­тідім. Бір­ша­ма адамның ті­зі­мі­мен жоғарыдан арнайы хат келіпті. Жедел ха­бар жет­­кенде «өзім кел­­генше ешкімге тиіс­­пеңдер» дегенді ес­керт­тім. Бірақ дәл сол күн­гі оқиғаны естіген са­йын та­ғат таппа­дым. «Қазақтың тағы қан­ша жа­сы құрбан бол­ды, мұның арты тағы не­ше өренді жал­майды» дегенді бір ойласам, екін­ші жа­ғынан, егемендікті аң­сай жүр­генде қа­һа­рына мінген орталық қай­та кү­шейіп, «оны әрмен қарай тағы ысы­ру сая­са­тын жүзеге асырмаса екен» де­ген ойда бол­ғаным рас. Кейін қызметке кел­генде ор­талықтан да, тіпті жан-жақтан «халықпен жұ­мыс істеу керек, бетімен кеткенді қатаң жа­залау қажет» дегенге саятын нұсқаулар қа­п­тап кетті. Осының бәрін ойымнан өт­кі­зіп, іштей өзіміздің ұлттық қайғы-қа­сі­ре­ті­міз ретінде қабылдадым. Әлгі тізімнің ара­сын­да жас­та­ры ғана емес, жақсы өсетін қыз­­мет­те­гісі де бар болып шықты. Бәрін пар­тиядан шы­ға­ру, жазалау, шара қолдану туралы нұс­қау­лар болған. Алайда оның бірін де жү­зе­ге асырған жоқпыз, жабық жиындар өт­кіз­ген болдық. Әріге бармадық. Өйткені Жел­тоқсанның арманы – менің де ар­ма­ным, олардың намысы менің де на­мы­сым бо­латын. Дегенмен, бір айта кете­р­л­ігі, Жел­тоқсан оқиғасы біздің Тәуелсіз­ді­гі­міз­ді алыс­тата алмады. Қайта Кеңес Одағы ке­ңіс­тігінде ұлттық намыстың көрінісі бо­лып, ал­ғаш рет басқаларға үлгі болған, қар­­сы­лық көрсету арқылы басқасын да осы­ған ша­қырған оқиғаның ұлысы осы еді. Басқа ха­лықтар да кейін дүр сілкінді. «Халықтар дос­тығы лабораториясы» са­налып келген қа­зақ даласын жарып шық­қан толқын бас­қа­ға оң әсер етті. Шынында, орталық тұт­қа­сын ұстаған саясаткерлер, негізінен, ыды­­раудың болатынын, Одақ тү­бі неге апа­рып соғатынын біліп отыр­ған­дай еді. Қай тұстан алғашқы дүмпу бо­ла­тынын бол­­жағандар да болған. Алайда мұн­дай «жарылыстың» дәл Қазақстаннан жа­­рып шығатынына ешкім де сенбеген тә­різ­ді.
– Ал 1991 жылы Тәуелсіздікті қа­лай, қандай қызметте жүріп қарсы ал­ды­ңыз?
– Тәуелсіздік ұғымы – жер бетіндегі бар­ша халық үшін қасиетті ұғым. Әлемде 2000-ға тарта ұлт бар дейді. Алайда соның 200-ден астамы ғана тәуелсіз мемлекет һәм өз дербестігі бар ел. Демек, басқа 1800-ге тарта ұлт әлі күнге өз тізгініне өзі ие бола алмай, соған қолы жете алмаған күй­ді бастан кешіруде. Әйтсе де оларды осын­дай ұлы арманына қарай сөгуге бол­майды. Халық болып жаралғаннан соң, олардың саны көп болса да, аз болса да, өз ал­дына дербес ел болғысы келеді. Ал Қа­зақ елінің Тәуелсіздікке қатысты жағдайы ерек­ше. Қазақтың жаратылысының өзі Тә­уелсіздіктен тұрады. Тумысынан тәуелді бо­лып жаралмаған бір ел болса, сол – біз­біз. Алайда Тәуелсіздігімізден кейінгі ға­сыр­да айырылып қалған халықпыз. Де­ген­мен осы тұста тарихшылар шатаса бе­ре­тін мәселеге назар аударғым келеді. Қа­зақ­тың еріксіз бодандыққа мойын­сұн­ға­ны­на 300 жыл дейді, бұл нағыз шындық емес. Соңғы Хан Кене дербес әскер құрып, со­ғысып, қазақты жаулауға қарсылық көр­сетіп, соған халықты көтере білді. Ал Хан Ке­ненің жеңілісін алып қарасақ, бұл – 1848 жыл. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Ке­не­сары хан қайтыс болғаннан кейін, пат­ша өзінің ұлы дала кеңістігін билеу жө­нін­дегі жарлығын шығарды. Бұл – 1849 жыл. Ал сол жылдан бері Тәуелсіздік алған 1991 жылға дейінгі аралық 142 жыл бо­лып шығады. Сонда қазақтың Тә­уел­сіз­ді­гі­нен ажырап, қайта қол жеткізгенге дейінгі ара­лық – 142 жыл. Біз Тәуелсіздікке дейінгі 142 жыл бұрын тәуелсіз мемлекет болып қа­­лыптасқанбыз. Осыны кейбір тарихшы­лар ескермейді. «300 жыл бодандықта» деп көбейтіп айтқанымен, қазақтың қа­й­ғы­сы ортая ма? Одан халық та ұлы бол­май­ды. Біз соңғы Хан Кененің өліміне де­йін­гі кезеңнің бәрінде де соғысумен, Тә­уел­сіздікті қолдан бермеумен жүріп, сол үшін күресумен өттік.
Ал енді тікелей сұраққа келер болсам, Тә­уелсіздік тұсында Жоғарғы Кеңес де­пу­таты, облыстық партия комитетінің бірінші хат­шысы едім. Сондықтан Тәуелсіздікті аң­сау ғана емес, соны сезіну, жүзеге асыру үде­рісін көз алдымызда өткізіп, оған қа­тысу бақытына ие болдым деп айта ала­мын. Бұл да зор бақыт. Көз алдымызда қан­шама жылдар бойы ұлтты қан қақ­сат­қан қызыл империяның ыдырап, құ­ла­ға­ны­ның куәсі болдық. Расында, көпшілік адамдар мұны лезде түсініп кете алған жоқ. Бәрі қайта орнына келетініне сеніммен қа­рағандар да болды. Дегенмен ұлт тари­хы­ның кешегісінен хабары барлардың бәрі егемендіктің қамын ойлау қажеттігіне кірісті. Әрине, мәселенің бәрі бір күнде ше­­шіле қоймағанын әркім де біледі. Ең бастысы, біз Тәуелсіздікке 142 жылдан соң қайта қол жеткіздік. Ал сол ел болып еңсе кө­тергелі бері 20 жылға таяп қалды. Бір адамның өмірімен өлшегенде аз уақыт емес. Бұл – 20 жастағы жігерлі, өскелең, жинақы жігіттің тас шайнап, мұз бүркетін ке­зеңі. Екінші жағынан қарағанда, бо­дан­дық­тың қамытынан құтылып, ой-сананы сі­ңір болып кеткен ескі сүрлеуден шығарып, бү­гінгі жеткен биігімізге қарасақ, 20 жыл көп уақыт емес. Тәубе, іргеміз бекіді, ірі еке­німізді таныттық. Ырыс – ынтымаққа, ын­тымақ – бірлікке ұласып жатыр. Ең бас­тысы, біздің халық текті ұлт екенін дә­лел­деді, Тәуелсіздіктің ұйытқысы бола алды.
– Дегенмен сол тұста Қазақстанның Тә­уелсіздікті ең соңынан жа­рия­ла­ға­нын айтатындар бар ғой. Кейде қайсы­бір саясаткерлер тарапынан «қазаққа Тә­уелсіздік оңай келді, шығынсыз бол­ды» дегенге саятын қыңыр әңгімелер көпіртіліп жататыны да рас. Сіз осыған не айтасыз?
– Рас, Қазақстан Тәуелсіздікті соңынан ал­ды. Осыны сөгуге даяр тұратындар бар екені маған да мәлім. Мен мұны сол кезде­гі жағдайды жете түсінбегендік, мәніне бой­ламағандық деп қана бағалаймын. Шы­­ғынның да, қантөгістің де қаупі ол кез­де болды. Сондықтан да қиын жағдайға тап келмеудің амалын ойлағандықтан, ең со­ңынан жариялағанымыз да жөн болды. Осы­ны меңзеп айыптаудың, айнала қа­шу­дың еш негізі жоқ. Ең дұрысы, Алла солай қа­лады, солай шешілді. Расында, бәрі бір Жа­ратқанның жар болуынан. Құдайдың қа­лауы түссе, барлық халыққа тәуелсіздік оп-оңай келеді. Дегенмен қазаққа «Тәуел­сіз­діктің оңай келгені» туралы әңгімені гу­летіп жүргендер – тарихты білмейтіндер қа­заққа жау адамдар. Мойындау керек, біз кеңестік дәуірде өтірік сөйлеп келдік, «да­мып жатырмыз, ең бақытты халық – біз­біз» дедік. Бұл өзімізді-өзіміз күйдіру еді. Тарихқа қарауға жағдай да берілмеді, мұр­ша да болмады. Кейін үңілсек, қа­зақ­тың қаны шықпаған бірде-бір кезең бол­маған екен. «Осыншама азаптан қаны шық­пақ түгіл, қалайша жаны шықпаған?» деп таңғалатындар көп екен біздің та­ри­хы­мызға, құрбандығымызға қарап. Қы­рыл­маған, қан шығармаған уақытымыз жоқ. Әлгі Кене ханға дейінгі кезеңді алып отырған жоқпын, өйткені оған дейінгі ке­зең­де біз тәуелсізбіз. Содан бергі кезеңде қа­зақтың қаны сорғаламаған кезең кемде-кем. 1 млн 600 мыңға дейін кеміп кеттік. Сондай заманды ұмыттырғандықтан, «ба­қыт­ты замандамыз» деп айттық қой. Сон­дықтан «қазаққа Тәуелсіздік оңай келді» деп айтатындар – негізінен, қазақтың ұлт­тық мемлекетті құрғанын көре ал­май­тын­дар, ұлттың төл тарихын білмейтіндер не­­месе білгісі де келмейтіндер. Өйтіп ай­туға болмайды, қазақ өзінің шыдам­ды­лы­ғынан бәріне қол жеткізіп отыр. Осылардың бар­лығын саралай келе, Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсіздік мерекесінің тұспа-тұс кел­ге­нін де кездейсоқтық емес деп бағалаған лә­зім.
– Алайда қоғамның бір бөлігі осы мә­селеге де қарсы ғой. Яғни кей­бі­реу­лер Тәуелсіздікпен қатар келгендіктен, Жел­тоқсан оқиғасы ұмыт болып жатыр дей­ді. Мұндай қарсылыққа не айтар едіңіз?
– Дүние тарихына үңіліп қараңыз, қан­сыз, құрбандықсыз егемендік алған ел кем­де-кем. Бір кездері бодан болған, ке­йін­нен өзі тәуелсіздікке ұмтылған кез кел­ген мемлекет ұлы құрбандыққа барып отыр­ды. Біреу итермелемесе де ұлтының қайсар туған азаматтары сол жолда жанын пида етті, басын бәйгеге тікті. Біздің кешегі Кене ханнан бастап, Алаш қайраткерлері­нің, одан кейінгі Желтоқсан өрендерінің бә­рі – осы жолдағы шейіттер. Ондай асыл аза­­мат­тардың кейбірі өздерінің құр­бан­дық­қа ба­ратынын да біліп отырды. Тек сол күнге же­ту мұраты болды. Ал Тәуелсіздікке қол жет­кен күн – сол жолда құрбан болған­дар­дың арманы орындалған күн. Яғни тә­уелсіз ел үшін қасиетті мереке. Сол күні Тә­уел­­сіз­дік­тің туы желбіреді. Шығын болған жі­гіт­тер­дің, ұлт намысы ардагерлерінің ар­маны орын­далды. Сондықтан да осы күнді бүкіл ұлт қана емес, тұтас мемлекет болып атап өту үлкен ғанибет емес пе? Әрине, құран ба­ғыштау, аруағын сыйлау – ұлттық па­ры­зы­мыз, борышымыз. Дәл сол тәуелсіз күнді жан пида болғандар армандап өтті. Сон­­дық­тан аруағы қуанып, разы болуы үшін де елеулі күнді қуанышпен, шаттықпен өт­кізу керек. Өмірбақи сол күнге бас иіп өт­сек – қасиетті мереке деген сол. Қазақта ме­й­рам көп, оның ішінде діни маңызы зор ме­реке де бар. Алайда қасиетті мейрам – осы Тәуелсіздік. Сондықтан осы күні жұртта жақсы көңіл, адал ниет болса, отбасымен па­триоттық сезімге бөленетін уақытта бол­са, құшақтасып, Тәуелсіздігімізді сезініп, оның тағылымына тереңдей бойласақ, одан артық не бар?! Тоқ етері, біз қазақтың қаншама қайраткер ұландарының арманы болған күнді жоғары дәрежеде атап өтуге тиіспіз.
– Қазіргі дүниедегі тәуелсіздік мә­се­лесін қалай бағалайсыз? Мысалы, тә­уелсіздігін ең соңғы болып жария­лаған ел­дер­ді – Косово, Оңтүстік Осе­тия мен Абхазияны алып қарайық. Қаншалықты ауыр тағ­дыр­лар, мойын­да­луы қиын үр­дістер. Алайда сондай қиналып жет­кен тәуел­сіз­дікке қарсы болып отырған кез кел­ген мемлекет өзін солардың ор­нына қойып, азабын көрсе ше?
– Әрине, ондағы халықтың айтары – азат ел болу, тәуелсіздік. Әділеттілік тұр­ғы­сы­нан қуып келгенде, әр халықтың дербес өмір сүруге, тәуелсіз болуына, тіпті ондай мәселені халықаралық қа­уым­дастықтың алдына шығарып, күн тәр­ті­біне қоюға да хақы бар. Ал енді өмірдегі тә­жірибеге ке­летін болсақ, қазіргі дүние та­ри­хында одан күрделі, одан асқан қиын шаруа жоқ. Тіпті әлемдік дипломатияның өзі қазір бұл сұ­рақ­қа мүлдем қауқарсыздық танытады. Он­дай тақырыпты қаузаудан да қаш­қақ­тай­ды. Өйткені қазір жағдай басқа. Барлық дер­лік мемлекеттер бір-бірінің тер­ри­то­риясын, шекарасын, оның түгел-тұ­тас­ты­ғын, терезесі тең ел екендігін мо­йын­дап қой­­ған. Ендеше, «әңгіме осымен бітті» бо­луы керек секілді ме? Жоқ! Ко­со­во­ның қан­­төгіспен шыққаны белгілі. Гру­зин-Аб­хаз-Осетия мәселесі әлі де соңғы ше­шімі та­былмай, күрделі күйінде қалды. Ала­пат соғыс өрті бұрқ етудің аз-ақ ал­дында ба­сылды. Бұлардың алдында ғана тәуелсіздік алған Чехословакия деген мем­лекет бол­ды. Екеуі бір кездері бірге бол­ғанымен, өз­ара келісіп, екіге бөлініп кетті. Осы жайт­тар­ды сараптап қарасақ, ендігі тәуелсіздік алатын мемлекеттердің бір ғана жолы қалғанын байқайтындаймын. Ол – өрке­ниетті жолмен өзара түсінісіп, жоғары да­мығ­андықтың белгісін көрсетіп, еш жан­жалсыз бөлінісу. Алайда оны болдыратын за­манға бет бұрып бара жатпағанымыз, қай­та ондайды болдырмауды қатайтып жатқанымыз тағы анық. Солай бола тұра, қантөгіс арқылы тәуелсіздігімді аламын деу­­ге ендігі күні еш сенім қалған жоқ. Он­дай әрекеттер тәуелсіздік үшін күрестен асып, үлкен өңірлік соғысқа ұласуы әбден мүмкін. Бұл – бірінші жағдай. Екінші мә­се­ле – біздің Қазақстанның, біз секілді мем­ле­кеттің жағдайы. Мұндай мем­лекетте ен­дігі уақытта бөтен Тәуелсіздік туралы еш мә­селе болмайды, болмауы да қа­жет, мүл­дем болдырмауға тиіспіз. Қа­зақ даласы – әлімсақтан қазақтың жері, бұрынғы өткен за­маннан ата-бабасының мұ­расы. Оған еш­кімнің таласы жоқ. Бір ғана ұлт – бір ға­на мемлекет. Бұрыннан осы. Тағдыр­дың жазуымен кейіннен ара­ласқан ұлт өкіл­дері баршылық. Олар да қазақ даласына өз ер­кімен келген жоқ. Күш­пен келді. Бірақ көп­ші­­лігіміз аңдамай сөй­леп, «көпұлтты мемлекетпіз» дегенді жат­тандыға айнал­дырып алғандаймыз. Бұл дұрыс емес. Осыны айтқысы келе бе­ре­тіндер ары кетсе, «көпұлтты азаматтар тұ­ратын мемлекетпіз» десінші. Тарихтың, тағ­дырдың жазуымен кел­гендер қазақ да­ласында өсіп-өнді, өр­кен жайды. Тұ­рақ­тан­ды, қоғамның то­лық­қанды мүшесі атан­­­ды, респу­бли­ка­мыздың азаматы бол­ды. Олар өз салтын сақтап, емін-еркін өмір сүрулері, ешқандай құ­қық­­тан шеттетілмеуі керек. Алайда үй іші­нен үй тігу туралы ойлауына жол бе­ріл­мей­ді. Рас, мұндай қадам бұрынғы КСРО ке­зінде болған. Астананың жанынан не­міс­терге ав­то­номия ашып береміз деп, ке­йін­нен ха­лықтың буырқанған қаһарынан қатты сес­кеніп, ол жүзеге аспады. Бұрын солай болса, қазір де басқалардың авто­но­мия-аудан сұрау жөнінде титтей ой ту­мауы ке­ректігін түсіндіріп, оны бірден ай­ту­ға тиіс­піз. Үшінші бір тоқталатын мәселе, қай­сы­біреулер «жер-жаһанда үлкен мем­ле­кеттер ғана болуы керек» деп әдемілеп тұжы­рым­дау­ды ұнатады. Дұрыс емес. Құ­дай бес сау­сақты бірдей етіп жаратпаған. Сол се­кілді әр мемлекет те, халық та әртүрлі. Ал­ла­ның өзі: «Мен сендерді солай жараттым, бір-біріңді танып жүру үшін» десе, кейбір арам пиғылды адамзат оған қайшы шы­ғып, бір-бірімен шатастырып, бірін-біріне ұқ­сатып, жоқ қылып, сіңіріп жіберудің жол­дарын ойлап әлек. Шын­ды­ғында, бү­гін­гі күні сөз жүзінде тәуелсіз, бірақ эко­но­микалық, саяси жағынан тә­уел­ді мем­лекеттер бары рас. Ал жаңағы жа­қын­дасты­ра­тын жаһандану идеясы қа­зір­гі күні ғана келіп жеткен дүние емес. Мә­селен, кезін­дегі Александр Ма­ке­дон­скийдің тірлігін алып қараңыз, ол өзінің ұс­та­зы Арис­то­тель­дің оқытуы арқылы бүкіл әлем­ді бір ор­талықтан басқаратын қылсам, бір тәртіп­ті енгізсем, бағындырсам деп ар­ма­н­дады. Сөй­тіп, басты арманы жа­һан­дас­тыру бол­ған Ескендірдің мұраты орын­далған жоқ. 33 жасында өзі дүниеден өтті.Содан кейінгі Еділ батырдың тұсында да, Шыңғыс хан, Наполеон, Гитлер де жаһан­дан­дыруды көк­седі. Бірақ олардың сипаты басқа болды, яғни әскери сипатта болып, күшпен бағындыру басты орынға шықты. Бұл теорияны өмірдің өзі қолдамады. Болашақ та мұны қолдай қоймайды. Ұлт – ұлт, Тәуелсіз ел – тәуелсіз күйінде қалады.
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығына аяқ ба­сып отырмыз. Ең биік жетістігіміз ре­тінде қандай мәселені атап өтер едіңіз?
– Қазақтың зор жетістігі – бұл кешегі ЕҚЫҰ ның Астана саммиті. Шынында, ел болу – оңай, ал сол елдігіңді айналаңа мо­йын­дату – қиынның қиыны. Біз ел бол­ға­ны­мызды мойындаттық. Ал дүйім жұрттың бас­шыларының басын қосып, ұлы жиын өт­кізуді бірінші рет сәтті атқардық. Да­мыған елдермен, Еуропамен нағыз те­ре­зесі тең елдің дәрежесіне көтерілгенімізді бас­қа да мойындады, өзіміз де ұқтық. Бұл ха­лықтың салтанатын да арттыра түседі. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегін айтпай өтуге тиіс емеспіз. Н.На­зар­баевтың әлемдік деңгейдегі тұл­ға­лы­ғын да осы саммит тағы бір мәр­те мойындатты. Біздің ең биігіміз – осы.
 – Болашақ ұрпаққа Тәуелсіздіктің ру­хын арзандатпай, төмендетпей жет­кі­зу үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Келер ұрпақтың рухы мығым болуы шарт. Бұл бағыттағы сабақтың нәрлісі өт­кен тарихқа қатысты. Неге десеңіз, мем­ле­кет­шілдіктің ең бір айқын көрінісі ұлттың, ұр­пақтың патриоттығында жатыр. Ал пат­риот­тық бастауы – тарихта, ендеше, рухты кө­теру үшін қазақтың нағыз тарихын қай­та­руымыз қажет. Жас ұрпақ соны санасына тү­йіп өссе дейсің. Қазақ үшін Еділ патша (Атил­ла), Тұмар патшайымның кім бол­ған­дығын санаға сіңіру қажет. Алпамысты, Бей­барысты, әл-Фарабиді ұлтқа барынша жа­қындастыру бағытында әлі де қыруар ша­ралар атқаруды қажет етеді. Сондай-ақ біздің ел намысы үшін басын қатерге тіккен батырларымыз қаншама, осылардың бар­лы­ғы шынайы деңгейде, өз биігінде жаң­ғыр­туға тұрарлық тұлғалар. Бұдан бөлек, бү­гінгі ұрпақ Тәуелсіздік жолын білуі, те­реңіне бойлай алуы қажет. Ендігәрі хал­қы­мыз егемендігінен еш айырылуға тиіс емес, ондай күн туса, қазақ деген ұлт жо­йы­­лады. Тарихқа тағы айналып келетін бол­­сақ, менің ойымша, ұрпақ санасына жас­тайынан қазақтың кезінде төрткіл дү­ниені тітіренткен Сақ, Ғұн секілді ұлы ха­лықтың жалғасы екендігін сіңіре берудің бе­рері мол. Яғни Қазақстан мемлекеті – бұ­рынғы шығыстан Еуропаға дейін үстем­дік еткен ұлы империялардың жұрнағы, қал­дығы.
– Әңгімеңізге рақмет. Мерекеңіз құтты болсын!

 Датым бар...
 Жұртшылық Тәуелсіздіктің ащы дәмін еш ұмытпауы тиіс. Ол ұлттың жадында терең сақталып, құрметтелуі шарт. Кейбір жаһанда орын алып отырған жайттарға үңілсек, Тәуелсіздіктен айырылу да оп-оңай болатынын байқайсыз. Соны ойлап, Тәуелсіздіктің қадірін, тағылымын түсірмей, маңызын жоғалтпаған ұрпақ қана сондай қасиетті сақтап қалатынына сенесің. Қазір қазаққа көз салып отырған жау жоқ емес, бар. Сол тұрғыдан ойлап, қазақ ұлылығын мәңгіге сақтаса екен. Біз – ұлы халықтың ұрпағымыз, ұлы мемлекеттердің, ұлы империяның жұрнағымыз. Қайтадан сондай болуымыз керек, ұмтылысымыз да, мұратымыз да сол болғаны абзал. Қиыннан қиыстырып, жол табудың арқасында ғана қазақ Тәуелсіздігінің іргетасы берік болды. Оны шайқалту – кешірілмес күнә.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста