Жауынгерлерімізді мақтасам – мақтамен бауыздағаным, ал қанағаттанамын десем – өзімді өзім құлатқаным

Жауынгерлерімізді мақтасам – мақтамен бауыздағаным, ал қанағаттанамын десем – өзімді өзім құлатқаным

 Бақытжан ЕРТАЕВ, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант:

– Ел Тәуелсіздігі оның қорғаныс қабілетімен де өлшенеді. Ал қорғаныстың ішіндегі ең күштісі идеология екенін өзіңіз де тамаша білесіз. Бізде қазіргі күні әскери ұлттық идеология бар ма осы?

– Идеологиясыз ештеңе жоқ. Еліміз жер көлемі бойынша дүниежүзінде тоғызыншы орында. Азия бойынша бірінші орындамыз. Осынау ұлан-ғайыр жерді бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап, алақанымызға салып берді. Сол үшін қанын да, жанын да пида етті. Кескілескен шайқастар тек келешек ұрпақ үшін болды. Сол жерді қорғау – біздің парызымыз. Ал келер ұрпаққа сақтап тапсыру – бізге аманат. Біздің ұлттық идеология осының негізінде құрылған. Әскери ант мұның барлығын қамтиды. Сондықтан осындай аманатты арқалаған әскери адамға деген құрмет те ерекше болуға тиіс. Бала кезімізде ауылға бір әскери адам не солдат келсе, бәріміз улап-шулап, алақайлап алдынан жүгіріп шығатынбыз. Ырым ғып түймесін, жұлдызшасын алуға құмартып, қолымызға тисе, қуанышымыз қойнымызға сыймайтын. Мұны да сол кездегі мықты идеологияның әсері болар деп ойлаймын.

– Сондайда бүгінгі қазақ жауынгеріне көңіліңіз тола ма?

– Қанағаттанамын десем – өзімді өзім құлатқаным. Яғни жетістіктерімізге көзімді жұма қарағаным. Ал жауынгерлерімізді мақтасам – мақтамен бауыздағаным. Бірақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой, жақсылығымызды ауыз толтырып айтуымыз керек. Ал жамандығы болса, соны өз ішімізде шешіп, тәрбиелеп алуымыз қажет. Негізінен, сарбаз әскери борышын қалтқысыз орындауы қажет. Заман өткен сайын әскери техника да жаңарып, жаңғырып отырады. Ал жауынгер жаңа техниканың шебері болуға міндетті. Сол себептен де әскери жаттығу күннен-күнге нығая түсуі керек.

– Генерал мырза, қазіргі қазақ жауынгері қандай болуы керек? Сіз жастарымызды қандай бейнеде көргіңіз келеді?

– Сарбаз әкесі мен шешесін және командирін тыңдау керек. Ал командир сарбазға ата-анасындай болуы тиіс. Оны неге айтып отырмын? Себебі әкесін тыңдаған бала Отанын да сүйе біледі. Өйткені ата-ана – баласына Отанды қалай сүю керектігін, оған қалай қызмет ету керектігін түсіндіріп, тәрбие беретін бірден-бір жан. Баяғыда баласын молдаға оқуға тапсырарда «еті – сіздікі, сүйегі – біздікі» деуші еді ғой, сол сияқты бізді де әке-шешеміз әскерге жібергенде «сүйегің – бізге, етің – Отанға» дейтін. Сондықтан да, ең бірінші, қазақ сарбазына отбасында осындай тәрбие берілу керек. Екіншіден, Бауыржан Момышұлының «Отан үшін суға түссең, батпайсың, отқа түссең, жанбайсың» деген сөзі бар. Бұл сөз әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ, жоғалтпайды да, мәңгілік сөз боп қала бермек. Осы сөзді жүрегіне түйген сарбаздың келешегінен зор үміт күтуге болады.

– Әскери өмірмен біте қайнасқаныңызға жарты ғасырға жуықтапты. Оның жартысына жуығы басқа мемлекеттің қарамағында өтіпті. Жалпы, өзіңіз әскери қызметтен жалыққан жоқсыз ба?

– Әскер сапында жүргеніме қырық бір жыл болды. Яғни ғұмырымның көп бөлігі өтсе де, үстімнен әскер шинелі түспеді. Әлі күнге дейін киіп келемін, шешпедім, шешкім де келмейді. Мен әрқашан да өз Отанымның сарбазы болып қала бермекпін. Отанға қызмет ету әр ер баланың парызы деп санаймын. Ал әрбір сарбаз рухани жағынан да, физикалық жағынан да генерал болуға ұмтылуы керек.

– Кезінде жұрт генерал шеніндегілерді бес саусағындай танушы еді. Қазір кімнің генерал, кімнің басқа екенін біле бермейді. Мұның өзі генералдық шеннің қадірі кете бастағандығын көрсетпес пе екен?

– Ел генералдарымен мақтануы керек. Себебі генералы көп елдің Қарулы Күштері осал емес деген сөз. Қай солдат генерал болуды армандамайды дейсіз? Бәрі де генерал болуды мақсат етеді. Генерал болу үшін сарбазға біраз тер төгуге тура келеді. Отан үшін қызмет етіп, бейнет көруге тиіс. Осындай кезеңдерді бастан кешкен сарбаз кейін Отанымыздың генералы болады. Ал генерал болып елге танылу, жұрт жадында қалу, бұқараға сыйлы болу әр генералдың өз қолында. Яғни генерал болу бір басқа да, генерал ретінде мойындалу – бөлек әңгіме. Кабинеттен шықпайтын генералды кім танысын? Генерал сарбаздың арасында жүріп, керек жерінде мемлекет үшін сарбаз бола жүріп қана атына заты сай бола алады.

– Генералдық шенді еңбегі сіңбей де алып жатқандар бар шығар...

– Кәсібилігің жоғары болса, генералдық шен маңдай термен келсе, Отанға шынайы қызмет атқарсаң, генералдың погонын ұялмай тағып жүре аласың. Ал генералдыққа кім қалай қол жеткізіп жатқаны халыққа белгілі болады. Меніңше, генералдық шен оңды-солды таратылып, әркімге бір беріліп жатқан жоқ, аспаннан жауып жатқан артық «жұлдыз» да жоқ.
 
– Сіз Кеңес Одағы мен АҚШ тәрізді әпербақан алпауыттардың мұсылманды мұсылманға айдап салған Ауған соғысына қатыстыңыз. Қазір сол соғысқа қандай баға бересіз?

– Ант қабылдаған сарбаз қандай жағдайда болмасын антын орындауға міндетті. Ер жігіттің берген сертінен таюы дұрыс емес. Біз Ауғанстанға сол антымызды орындауға бардық. Әрине, соғысамыз деп барған жоқпыз. Кейін ондағы қақтығыс соғысқа айналды. Бұл – кеңес өкіметінің сол кездегі саяси бағдарламасы бойынша болған іс.

– Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен мұсылмандарды фашистер еврей деп ойлап, қатты азаптаған екен. Халқы тұтас мұсылман Ауғанстан жеріндегі соғыста да «дұшпандардың» кеңес әскері құрамында қолға түскен мұсылмандарды да аямағаны белгілі. Өзіңіздің дінге деген көзқарасыңыз қалай осы?

– Мен – қазақпын. Дінім – ислам. «Қазақпын» деп көкірек ұрамын, мұсылман екеніме шүкіршілік айтамын. Дін сабырлылыққа үйретеді, ұрпақты сауап жолына бастап, ізгілікке тәрбиелейді, Отанды сүюге үндейді. Пайғамбардан қалған «иман Отанды сүюден басталады» деген тамаша бір хадис де бар екенін білесіздер. Жастарға діннің жақсы жағын айтып, имандылыққа баулу да – тәрбиенің тамаша құралы. Біреулер бар, «дін ұстанамын» деп, тізесіне дейін сақал өсіріп алады. Сөйтіп, «мұсылман» болып шыға келеді. Сәлде орағандар ғана мұсылман емес, әскер сабында жүрген мен де мұсылманмын. Құдайға шүкір, «уаһабист» емеспіз. Алты Алаштың, тұтас қазақтың ұстанған дініндегі мұсылманбыз.

– Біздің білуімізше, сіз ауған халқына сыйлы болдыңыз. Мұның сыры неде?

– Оның рас. Тіпті жергілікті халық мені «Бақтияр» деп атап кетті. Олар бақытқа жар болсын деген ниетпен өз тілдерінде «Бахтиор» деп ат қояды. Біздің «Бақтияр» атанғанымыз да сол құрметтің нышаны шығар. Өйткені мен әскеріме дінді де, жұртын да, олардың тарихын да сыйлата білдім. Сондықтан ауған халқы мені де сыйлай бастады. Кейін сол жердегі жұрт біздің не үшін келгенімізді, қалай келгенімізді де түсінді. Ал бізден басқалары «осыларды жойсақ, қырсақ» деген түсінікте болды. Соғыс осыдан шықты.

– Қазақ хандығында әскердің орны бөлек болды. Бұл жағынан алғанда, біздің тарихтағы мемлекеттігіміздің төркіні әскери негізден бастау алады десек, қателеспейміз. Қазақ біреу тиіспесе, өзі бас болып соқтықпайтыны мәлім. Яғни қорғанысқа мығым болдық, бірақ өзі тиген жауды аямадық. Ал жаңа тарихтағы бүгінгі Қазақстанның әскери қорғанысына берер бағаңыз қандай?

– Әскери қорғанысқа бағаны, меніңше, мен емес, ел беруі керек. Себебі біз ел қорғап жатырмыз. Сол себептен де бізге елдің бағасы қажет. Генерал сарбазға ғана баға берер, ал біздің бағамызды жұрт береді.

– Жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеудің тиімді жолы не деп ойлайсыз?

– Расын айту керек, кейінгі кезде алаулатып-жалаулатып патриотизм турасында көп айтып кеттік. Соның қадірін терең түсінсек, абзал болар еді. Біздің толқын туғанда патриот болып туды. Патриот болу үшін Отанының тарихын, өз ана тілін білу керек. Білмесе, үйрену керек. Ал әскери тәртіп бойынша, патриот ел басына күн туған кезде, кірпік қақпай жан беруге дайын болуы тиіс. Сондай-ақ патриот қай жерде жүрсе де, мейлі шетелде жүрсін, «қазақпын» деп кеуде соғып тұруы қажет. Өйткені қазір Қазақстанды бүкіл дүниежүзі біледі. ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырмыз. Сондықтан да әр қазақ өзгеге қазақтың кім екенін таныту керек. Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы қазақтың кім екенін көрсетті.

Кезінде отаншылдық рухтағы тәрбие жұмысын ақсақалдар атқарушы еді. Немересін тізесіне отырғызып алып, батырлар жырын құлағына сіңіру арқылы. Бертін келе бұл міндет Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне өтті. Міне, олар да ортамыздан сирей бастады. Енді бұл міндетті, меніңше, Отанын шын сүйе білген, өзінің кім екенін таныта білген, Ауған соғысында антын адал орындағандар алуы керек. Сөз басында айтқанымдай, тәрбие компьютер мен интернетте емес. Қазіргі жастар, Аллаға шүкір, жаман емес. Алайда өз кезінде тіпті Аристотельдің өзі де «жастар бұзылып барады» деген екен. Яғни бұл дегеніміз –          қай заманда болсын, жастардың тәрбиесіне айрықша назар аудару керектігін меңзесе керек.

– Кейінгі жастарға айтарыңыз бар ма?

–  Ал келер ұрпаққа айтарым – қазіргі жастар құмар болған интернет пен компьютер болашақ өмір жолын айқындап бере алмайды. Өмірдің жолын көрсететін – біздің тарихымыз, Отанды қорғауда жан берген батырларымыз, қазіргі батырлар. Сондықтан да тарихты білу келер ұрпақтың міндеті болуға тиіс. Тарихсыз халық жоқ. Тарихпен ғана мақтана аламыз.

– Қазір қоғамда «Ұлы Отан соғысын әлемнің басқа елдеріндегідей Екінші дүниежүзілік соғыс деп атау керек. Тәуелсіздігімізді алған соң, біз үшін Ресей Отан саналмайды» деген пікір бар. Осыған не айтасыз?

– Кейбіреулерге салсаң, тарихты қопарып, қайта жазып шыққысы бар. Тарихи шындықтың көзін ашу керек. Жеңіс бүкілхалықтық бірліктің арқасында келді. Тылдағылар жеп отырған нанын бала-шағаның аузынан жырып, соғысқа жіберді, киген киімдерін де соларға аттандырды. Орыс, украин, қазақ болсын – бәрі бір ниетте болды. Ол бейбітшілік еді. Яғни «Ұлы Отан соғысы» деген сөздің астарында Ресей емес, әркімнің өз шаңырағы тұрды.

– Сондықтан Ресей оны теріс пайдаланбасын дейсіз ғой...

– Жаңағы пікірді айтып жүргендер соғыста шейіт болғандардың аруағынан қорықсын. Қазір батыста Ұлы Отан соғысы ескерткіштерін құлатып, қиратып жатыр дегенді естіп жатырмыз. Өйтуге болмайды. Тарихты сүймеген адам Отанын да сүймейді.

– Қазақстан қорғанысы ұтқыр құрылымға негізделген. Бізге сан емес, сапаның маңызды екендігін білесіз. Жалпы, Қазақстан Қарулы Күштерінің қару-жарақ әлеуетіне қандай баға бересіз?

– Қазақстан бүгінгі таңда, Құдайға шүкір, қару-жарақ жағынан ешкімнен кем емес. Сатып алып жатқан қару-жарақтарымыздың күші елімізге жетіп жатыр. Бұл мәселеде бір орында тұрмаймыз. Заманға сай әскери техникамызды жаңартып отырамыз. Қай жердің әскери техникасы озат, оны қалай қолға түсіруге болады – соның бәрін байқап отырамыз.

Батырдан бір естелік
Ауғанстандағы ауылдардың көшелері тар, үйлерінің көбісі шикі кесектен салынған. Сол жақтағы Асадабад деген жерге әскермен келіп, біраз бөгеліп қалдық. Оның себебі – танкілеріміздің бірі байқаусызда мешіттің бір қабырғасын құлатып кетіпті. Жергілікті жердің әкімі мен молдасы маған келіп жолығып, арамызда әңгіме болды. Ол кезде мен  штабтың бастығымын. Уақытша батальон командирінің орнында жүргенмін.
– Сендер біздің қасиетті үйіміздің қабырғасын бұздыңдар, – деп әлгілер реніштерін білдірді.
– Біз де мұсылманбыз. Танкіде отырған солдаттар да – мұсылман жігіттері. Бірақ бейбіт кез емес қой, бұл – абайсызда болған іс, – дедім мен.
– Мұсылманша не білесің? – деп сұрады олар.
Мен білгенімше, «бісмілләхи рахиманир рахим, лә иләһә иллә Аллаһ» деп айтып шықтым.
– Мұсылман екенсің, – десті.
Сосын мешітті жөндейміз деп, уәде бердім. Тіпті дәрет ала алатынымызды да көрсеттік. Жүзі жылыған молда «мешітті жөндеуге дәретін алып, мұсылман балалары келсін» дегенді айтты.
Сөйтіп, мәселе мұсылманшылық жолмен шешілді.
Мен оларға соғысуға келмегенімізді, сол елдің шақыртуымен келгенімізді, ниетіміздің дұрыстығын айттым. «Енді сендерге тыныштық бермей жатқандар болса, солардан сіздерді қорғаймыз», – дедім.
Сонымен ауылдың ақсақалдары жиналып, үлкен әңгіме болды. Жергілікті тұрғындармен осылай дін арқылы жақындасып кеттік. Кейін мен олардан «қай жерге мина қойылды», «қай жерден қанша дұшпан өтейін деп жатыр» деген сынды мәліметтерді біліп отырдым. Соның арқасында көптеген сарбаздарымыз аман қалды. Батальонда шығын аз болды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста