Жастардың әдебиетке келетін кезеңі өтіп, беретін кезеңі басталды

Темірхан Медетбек, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов әдебиеттегі бір топ жас буынға «жыл құсы» деген баға берген болатын. Ұлы тұл­ға­дан кейін өзіңіз осы салада жүрген қа­зіргі  жастарды «ал­тын­көпір­лік­тер» деп атадыңыз.  Бұл сөздің ма­ғы­насын түсіндіріп өтіңізші.
– Жақында мен жас ақын Маралтай Ра­йым­бекұлының  шығармашылық ке­шін­­де болдым. Осы сияқты жастар әде­биетке кел­генде біздің қоғамда жағдай қан­дай еді? Бұл кез өнердің, мәдениеттің, әде­­биет­тің қараусыз қалған уақыты бо­ла­тын. Егер бейнелеп айтар болсақ, ол осы са­ла­лар­дың  шанағы қаңсып, тиегі ұшып, ішегі үзі­ліп кете жаздағандай сәт­тер­ге толы-тұ­ғын. Осындай қиын­шы­лық­қа қарамастан,  біз­дің жас ақын­да­ры­мыз еңбектеніп,   алға талпына білді.   Олар көшеде жүрсе де, қамқорлық көр­ме­се де, рухани демеудің өзі сарқылып қал­ған кезеңде поэзия атты ұлы жолдың даң­ғыл торабынан кетпеді. Міне, осы айт­қан жағдайларды саралай келе,  мен ар­найы мақала жазып, қазіргі әде­биет­тегі жастарға  «алтынкөпірліктер»  деген баға бердім.  Олар бұл бағамды оң қа­был­дап, ризашылықтарын айтты.   
– Қазіргі жас ақындардың сіз­дің кезіңіздегі жас ақындардан айыр­машылығы бар ма? 
– Әрине, бар. Біздің кезімізде қатал цен­­зу­ра болды. Мәселен, менің «Ше­ка­ра­да­ғы торғайлар» деген өлеңімді билік зиян­ды құбылыс ретінде қабылдады. Оның со­ңы­нан үлкен даулар туды. Ол тура­лы «біз­дің торғайлардың неге арғы беттен жем із­деуі керек, өзімізде жем жетеді» де­­ген сияқты сорақы, айтуға ауыз бар­май­тын пікір­лер өрбіді.  Оған қайтіп күлмейсіз, ке­йі­­мейсіз? Тек мен емес, менің тұсымдағы біраз ақын­дар осы құқайды бастан кешір­ді.  Би­лік  Жарасқанның «Дала» деген өле­ңі­нен Мағ­жанның сарынын іздеді. Одан кейін Кең­ші­лікті қыспаққа алды. Кеңшілікті Ле­нин­нің туылған күнінде «Өгіз» дейтін өлең оқы­ды деп қудалады. Мен тек өзімнің тұс­тас­та­рымды айтып отырмын. Ал біздің ал­ды­мызда цензураның ащы дәмін татқан боз­дақтар қаншама?!  Қа­рау­сыз қалса да, қиын­шы­лық көрсе де, қа­зіргі жастарға ер­кін­дік берілген.  Мен олар­ды «көшенің ақын­дары» деп те айт­қанмын.  Ал біздің ке­зі­міз­де олай айтуға еш­кім­нің батылы ба­ра бермейтін. 
– Нағыз ақындар дүрбелең заманда туылады дейді.  Бүгінгі за­манның   ақындары еркіндікті пай­­да­ланып,   тым жеңіл жазып кет­­кен жоқ па?
– Біздің санамызда ескіліктің сар­қын­ша­ғы қалып қойған.  Негізінен, дүниені бүл­діретін де, қайта жасайтын да – саясат. Біз­дің дербестік алғанымыз да, рухани тә­уел­ді болып отырғанымыз да – осы сая­сат­тың ісі. Ұлы шығармалардың барлығы сая­сат­тың ықпалымен жа­зыл­ған. Махаббат сияқты, бұл да – мәңгілік та­қырып. Сер­ван­тес­ті, Шек­спир­ді, Гете, Бай­ронды алы­ңыз, олар­дың барлығы саяси дүмпулердің, өз­ге­ріс­тердің кезе­ңін­де туылған. Сал­ма­ғы бар еңбектер   тыныш дүниеде ту­май­ды.
Қазіргі  жастардың әдебиетке келетін ке­зеңі өтіп, беретін кезеңі басталды. Се­бе­бі оларда үлкен багаж, жүк бар.  Олар қоғам­да қайыршылардың қаптап кет­ке­нін де,  талан-таражға салынған ел­­­ді де,    жа­ғым­­паз­дарды да көрді. Ашық бо­яуы­­мен көр­­ді.  Бұрынғы кезде жа­­ғым­­паз­дық сияқ­­ты сұмпайы әре­кет­тер жа­сы­рын, тасада жа­са­лынатын. Қа­зір оның бар­лы­ғы ашық жүр­гі­зіледі. Осы­­лар­­ды көріп, олар рухани жүк жи­на­ды. Ен­ді оны қалай пай­да­ланып, қа­лай иге­ру ке­рек – ол өз­де­ріне бай­ла­ныс­ты.  Қа­зіргі жас ақын­дар­ға осыны ғана кө­ріп, бір орын­да қа­лып қоюға болмайды. Олар  іш­тегі бар дү­ние­сін  қорытып, ха­лық­­тың игі­лі­гіне жа­ратуы керек. Тіпті құн­дылық дең­­­гейіне кө­теріп жіберу қажет. 
– Мал табу үшін өлең жазатын ақындар туралы не айтасыз?
– Олар  туралы мен еш нәрсе айтпай­мын. Олар – өздерін-өздері былғап, бүл­­ді­ріп отырған адамдар. Оны ха­лы­қ­тың өзі де жақсы біледі. 
– Біз заң жүзінде тәуелсіздік ал­ғанымызбен, рухани жағынан әлі де дербестігімізді жария ете ал­май  келеміз. Өзіңіз айтқандай, бү­гінде қазақтың тағдыры қыл үс­тінде тұр. Бұдан шығудың  жолы бар ма?
– Одан шығудың жолы – өзіңе-өзің ие бо­лу. Егер әрбір қазақ өзінің ісіне, сөзіне өзі жауап беретін болса, бұл жағ­дай­дан құ­ты­лар еді. Біз жоғарыға қарап, сол жаққа жал­тақтап үйренген халықпыз ғой. Сон­дай-ақ қазақ   «жақсылық ертең бо­лады, бү­гін болады» деген идеямен ке­ле жатыр. Бұл – негізінен, кемшілік. Өр­ге талпынған өрелі ұлттың санасында мұндай кем­шіліктер болмауы керек. Осындай қателіктер біздің ал­ға жыл­жуы­мыз­ға  тұсау болып тұр. Құл­дық пси­хо­ло­гиядан арылатын кез жетті. Құл­дық пси­хология – жоғарыдағы адам не айт­са, соның барлығын орындау деген сөз. Адам ойын тұмшалаған осындай пси­хо­ло­гия­дан арылмай, бізде ештеңе орнына кел­­мейді. Менің айтқым келгені, бұ­рын­ғы­­дай комсомолдың, партияның сар­баз­­да­ры болуды қою керек. Ең бастысы, ха­­лық­тың сарбазы болу қажет. Басты шарт – ұлттың шын мәніндегі перзенттері дең­­ге­йі­не көтерілу.    Әрине, болашақта біз оған да жетерміз. Біз ашаршылықтан да, небір нәу­бет кезеңдерден де  аман қал­ған ха­лық­пыз. Біздің бойымызда, қа­ны­мыз­да ұлт­тық    қасиеттер қайта тү­лей­ді.  Қазір ха­лық осындай өзгерістерді кү­тіп отыр. 
– Қазақта «менен  басқа ақын қалған жоқ, менен артық жа­зу­шы жоқ» дейтін азаматтар бар. Олар­­дың бұл сөздерін қалай қа­был­­дай­сыз?
– «Мен поэзияда мықтымын, ешкімді өзіме шақ келтірмеймін» деген сөздерді айтқан емеспін. Айтпаймын да. Менің өмір­лік ұстанымым – осы. Бірақ мақтауға лайықты адамдарды қолдауға әрқашан да­йынмын. «Болмасаң да, ұқсап бақ» де­ген Абай айтқан сөздерді жоғары ба­ға­лай­мын. Ұлы бабамыздың айтқан сөз­де­рі­мен жүргенді жаным қалайды.  Мен кеу­десін соғып,  көкірек көтеретін адам­дар­ға таңғаламын.  Олар – шын мәнінде өз­дерін құр азаптап, қинап жүрген адам­дар.  Иә, мықты адамдардың көбі өз­де­рін жо­ға­ры санайды. Бірақ оларды мен дұ­рыс қа­был­дай алмаймын. Жазушылар од­а­­ғы­ның екінші хатшысы болып жүр­генде: «Жұрт­тың барлығы – нөмірі бі­рін­ші ақын-жа­зу­шы, мен – нөмірі екін­шімін», – деп ай­та­тынмын. Бұл да – менің не­гізгі ұс­та­ны­мым.
– «Поэзия – жастарға тән  жанр»  дегенге қалай қарайсыз?
– «Абай жазуды кеш бастап,  ерте аяқтаған» деген   әңгімені естігенмін.   Әри­­не, әркім қабілетіне қарай әртүрлі жа­сында жа­зу үстеліне  отырады ғой. Абай қаламды қо­лына кеш алса да, еш­кім­ге қара оз­дыр­май келеді. Оның жаз­ған­дарын әлі күнге де­йін арамыздан ешкім қайталаған жоқ.  Ұлы тұлғаны біз қажетті деңгейде меңгеріп, зерттей ал­май келеміз.   Абайды түгел иге­ру  мүмкін де емес. Оны танып-білдік де­ген­ге қар­сы­мын. Абай кеш жазса да, кемел жаз­ды. Мәселен, Гете жасы 80-нен ас­қан­ша қо­лынан қаламын түсірмеді.   Толстой да қа­ра жерге басы тигенше еңбектенді.   Тек жазып қана қойған жоқ, қайталанбас дү­­ние­лер­ді тудырды. Ақындардың көбі ер­те өліп кеткен. Абайдың өзі 59 жасында қай­­тыс болған. Атақты Пушкин, Бай­­­рон­­дар­­­дың да тағдыры сондай.  Ал кейде үл­­кен ақындар оттан-судан аман  қалып, өле­ңін одан әрі жалғастырады.   Мен  55 жа­сым­да  «Көк түріктер сарыны» деген кі­тап жаздым. Бұл жаңаша бір өріс бол­ды. Оны қазір жұрт жақсы қабылдап жа­тыр. Мен өмір бақи ізденіп келе жатыр­мын, із­де­не де беремін. Әлі де жұмыс іс­тей бермекпін.
– Сынды қалай қабылдай­сыз?
– Біреу мені сынаса да, мен оған өк­пе­­лемей­мін. Тек дұрыс сын болсын.
– Өкініп, мұңаятын кездеріңіз көп бола ма? Мұндай сәттерде кім­ге мұ­ңы­ңызды шағасыз?
– Қиналатын тұстарым болады, әри­не. Бі­рақ ешкімге мұңымды шақпаймын. Жа­­бық­­қан сәттерде жұбайым қасымда жү­ре­ді. «Маған жүлде беріңдер, мені  мына ті­зім­ге қосыңдар, мына тізімнен алып тас­т­аңдар» деп айтқан емеспін.   Біреудің алдында жалпақтап, жалбарын­ған сәт­те­рім де болған жоқ.  Олай болған жағ­дайда да олар менің жағдайымды  ше­ше ал­майды.
– Сіздің түр-келбетіңіз ба­тыр­­ларға келеді. Актер болу, ба­­тыр­лар­дың рөлін сомдау де­ген ой кел­меді ме басыңызға?
– Менің драматургияға ешқандай қа­­ты­сым жоқ.   Киносценарий жазған емес­­пін. Кинода ойнайтын мінезім де, ак­­тер­­лік қа­білетім де жоқ. Мәселен, мен анек­дот  айт­қанда, ешкім күлмейді. Ал он­дай адам­нан киноактер шыға ма (күлді)? Мен Ба­тыр рөлін ойнайтын батыр тұлғалы да емес­пін. Рас,   жас күнімде қайратты бол­ған­мын. Аздап күреспен айналыстым. Со­ның өзінде талайдың тұмсығын бұзып жі­бе­­ретінмін.   Жас күнімде тентек болмадым деп айта алмаймын. 15 күндікке де­йін түс­кен­мін.
– Сіз – әйел сұлулығын, әйел нәзіктігін таң­дай қақтыра жыр­ла­ған ақындардың бі­рісіз. Әйел­дер­дің қоғамдағы ар­тық­шы­лық­та­рын да ақын жүрекпен жеткізе біл­­діңіз.  Алайда қазіргі күні ген­дер­лік саясат де­ген бар.  Сіздің осы сая­сатқа көз­қа­ра­сы­ңыз қалай? Жал­пы, ақындар әйелдерді жыр­ла­ғанда гендерлік саясатты жыр­ла­­май­­тын болар.
– Бұл түсінікті өз басым қолдамаймын. Қазаққа ол сөзді қолданудың қажеті де жоқ. Ұлтымыз ешқашан қыздарын тұм­ша­лап киіндіріп, қараңғы үйде ұстаған емес.  Біз­дің аналарымыз билікті де айтқан, керек кезінде дауға да араласқан. Ел басқарған, жауға қарсы қылыш көтерген   әжелеріміз де болған. Егер әйелдеріміздің ақылы жұрт­тан асып жатса, билікті де, байлықты да қолға ұстай берсін.  Қайткен күнде де қыз­да­рымызға артықшылық беру керек.  Се­бебі қай заманда болсын әйелдер қо­ғам­ның белсенді мүшесі болып келген.  Оны дабыра қылып, саясат деп жатудың қа­жеті жоқ.  Оны мақтап, қолдап жатқан адам­дар­ды түсінбеймін.

Ақын Әбу Сәрсенбаевтың хаттарынан үзінді
14.2.88.
Темірхан ұлым, есен-саумысың? Алдыңғы күні «СҚ»-дан, бүгін «ҚӘ»-ден жаңа өлеңдеріңді оқып, қатты риза болдым. Бұл жолы сенен жаңа бір бетбұрыс, жаңа бір бейнелеу құралдарын аңғардым. «Жұлдыздар мөлтілдеп, үзіліп кеткелі тұрғандай...» Жұмекенге арнауың – терең толғаныстың жемісі. Ол саған маза бермей, үнемі төңірегіңде жүреді де қояды. Жұмекенге талайлар өлең арнады. Әрқайсысы өзінше жақсы. Бірақ та сендегі мынау сезім өзгелерде жоқ. Соңғы шумақта­рың­да ойға, мұңға тереңдеуің де орынды. Ақын аспаны ешқашан да ақ шуақ болып көрген емес!
Сенің өлеңдерің Әбділдаға да қатты ұнапты. Ол саусағын (бармағын) көрсетті. «Мынадай өлеңдер!»
Қош. Хат жаз. Әбу.

19.2.88.
Темірхан ұлым, есен-саумысың? Алдыңғы күні «ҚӘ»-де жарияланған өлеңдеріңе өзімнің де, Әбділданың да сүйсінгендігін жазған едім, кеше облыстық газетте жариялаған мақалаңды алдым. Үлкен рақмет! «Қасиетті махаббат» туралы баспасөз бетінде тұңғыш пікір айтқан өзің болдың. Алмас пен Тұрсын араларындағы қайшылық-тартыстар арқылы сюжетін түгел қамтуға тырысыпсың. Фабулаларына барып, кеңірек толғануға газет көлемі мүмкіндік бермеген шығар...
...Алматыда қазір Қалтайдың «Біз пайғамбар емеспіз» деген трагедиясы жүріп жатыр. Халқымыздың қаралы кезеңі саналатын 1937 жылдың ащы шындығы. Аса ауыр сахнаның көрінісі де (темір тор), музыкасы да жаныңды түршіктіреді. Темір тордың ар жағынан жиі-жиі машина фары көмескі жалтылдайды. Тағы бір азаматты тұтқындап әкелді-ау деп қаласың...
Ауыр, өте ауыр!
Бүгінгі «ҚӘ»-де Тұманбайдың, Исраилдің бір бет өлеңдері шықты.
Қош, сәлеммен Әбу ағаң.

Алашқа айтар датым!
– Қазақтың тағдыры бір тал шашқа ілініп тұр. Біздің рухани тә­уел­сіз бола алмай жатқанымыз жанға батады. Рухсыздық тамыр жа­­йып бара жатыр.  Мұндай құбылыс арамшөп секілді. Арамшөп­тер  құнарсыз жерде де   тамыр жаяды. Оны жұлып тазарту өте қиын. Жұлғанмен, тамыры қалып қояды. Бұрынғы кеңестік мемл­е­кет­тер­дің  ішін­де ең кенжелеп қалғаны – бізбіз.

Ашулы жыр
Қазақ тағдыры
Қазақтың тағдырын
Ойлап қарасаң,
Өз-өзіңнен түршігіп,
Өз-өзіңнен тоңасың:
Оның өткен жолы да,
Бүгінгі жолы да,
Тіпті ертеңгі жолы да –
Тар жол тайғақ кешулі,
Боран мен борасын.
Зорға ашасың
Тарихтың әр бет,
Әрбір парағын,
Өйткені оның
Әр бет, әрбір парағы –
Тонна-тонна
Ап-ауыр
Қайғы мен
Тонна-тонна
Ап-ауыр нала, мұң.

Мына қу тағдыр
Бұл халықты
Балшықтай езіп,
Жүндей түтіп
Жасытқан секілді...
Тіпті оның
Жейтін нанын да
Жаңбырдай сорғалаған
Көз жасына илеп,
Булыққан
Ашу мен ызасына
Ашытқан секілді!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста