Жастар қандай болса, Тәуелсіздігіміздің болашағы сондай болады
Сәбит ДОСАНОВ:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Сәбит аға, жазушылыққа келуіңізді Алаш арыстарымен байланыстыра: «Солар жете алмаған биікті, армандаған асуды алу үшін жазушы болуды мақсат тұттым», – деген екенсіз. Мақсат орындалды ма?
– Өмір − Алла тағаланың адамға берген сыйы және сыны. Ал талант – Алладан келген аманат. Оны арқалап жүрудің өзі оңай емес. Сөз өнері – халықтың шежіресі ғана емес, қоғамның барометрі. Ол аз десеңіз, бағыт берер бағдаршам. Уақыттың күретамырын ұстап, дертін дәл тауып, емдейтін де құдіреті күшті әдебиет. «Көкейден кетпес көркем сөз адамзаттан алыстап бара жатыр» десек, бұл – ащы шындық. Әдебиет жайлы әңгіме тек ұлттық қана емес, әлемдік деңгейде айтылуы тиіс. Сондықтан оқырманның азаюы қаламгердің ғана қайғысы емес, ол − мемлекеттік проблема. Әдебиетті жасайтын жанкештілер − жазушылар. Алаш қайраткерлері, ұлттың ұлы көсемдері қызметтерін осы жазу өнерімен ұштастырып, халықты ағарту бағытына бастаған. Армансыз адам жоқ. Арманның үлкені – халықтың еркіндігі. Біз, міне, Аллаға шүкір, ғасырлар бойы аңсаған арманымызға жеттік. Ол арманның үлкені – жаннан да тәтті Тәуелсіздік. Бұл − ең алдымен төзімді халықтың, кең қолтық қазақ ұлтының еңбегі. Екіншіден, сол ұлтты ұйыстырып, көп ұлттың басын біріктіріп, соғысқа, дауылға, жауынға ұрындырмай отырған Елбасымыздың көреген саясаты деп білемін. Ал енді, әдебиеттің проблемасына келсек, «жақсы шығармалар тумай жатыр, жазушылар өмірден қалып қойды» деген әңгімелер бар. Ол дұрыс емес және білмегеннің әңгімесі. «Білмеген адам у ішеді» дейді. Бірақ бұлай айтқандарға да кінә арта алмаймыз. Өйткені кітап таралымы аз. Мысалы, көркем сөздің көрнекті шебері Мұхтар Мағауин бүкіл өмірін арнаған тарих тақырыбына кірісті. Жазушы Шыңғыс хан туралы туынды жазып жатыр. Меніңше, бұл жеке адам туралы шығарма емес. Ол түркі әлемі, бүкіл дүниежүзілік проблемалар жөнінде, соғыс пен бейбітшілік туралы үлкен философиялық еңбек болады. Одан кейін Дулат Исабеков біздің кенже қалған жанрымыз – драматургияны өрге сүйреп келеді. Оның пьесаларының алды шетелдерде қойылып жүр. Прозада да үлкен сілкіністер бар. Мәселен, Асқар Алтайдың, Нұрғали Ораздың әңгімелері. Бізде осындай дүниелер бар. Ең қиыны, соның бәрі халыққа жетпей жатыр. Неге жетпей жатыр? Оның себебін жаңа айттым, кітап таралымы аз. Кітап дүкендерінің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен. Мемлекеттің бірінші қолға алатын ісінің бірі – осы. Кеңес өкіметі кезінде кітап таратумен үш бірдей үлкен мекеме айналысатын. Қазір барлық мекемелерді қалпына келтіру мүмкін емес, бірақ бір жүйелеп, реттеу керек. Біз «Бабалар сөзі» кітабын шығармақпыз, ол үшін Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов институты керемет жұмыс істеп жатыр. Осындағы азаматтар шаңның арасынан қопарып, халықтың қазынасын жинап, жеткізуде зор еңбек атқаруда. Бір өкініштісі сол, 2 мың, 3 мың данамен ғана шығады, ол ертең іздегеннің бәріне жете бермейді. Үлкен жазушылардың кітабына тапсырысты күні бұрын беріп, таралымды да көбейтсек, ол мемлекетке де пайда. Таралым көбейген сайын, шығару құны да азая түседі. Осы жағынан ашып айтар ащы тұстары бар. Мәселен, өздеріңіз де білесіздер, жазушыларымыз сыпайыласақ – сұраншақ, қаттырақ айтсақ – қайыршы. Өйткені кітабын да шығару керек, отбасын да асырау керек, ал қаламақы жоқ. Ал оның қолынан келер ісі – жазу. Жазған кітабына ақы төлемеу – шындығында, адамның құқығына қол сұғу. Әншілеріміз той жағалап, асаба болып кетті. Ғалымдарымыздың ішінде басқа салада жүргені бар. Байдың асын байғұс қызғанатындай біз емеспіз, бірақ мәселен, айтыс ақындары жарты сағат өлеңін айтады да, көлікке ие болып жатады. Бір айтыскердің баспасөзге берген сұхбатынан: «Айтыстан 16 темір тұлпар міндім», – дегенін оқыдым. Айтыстың керектігін жоққа шығармаймыз. Әйтсе де, еңбекті бағалауда біраз жоба, шек болу керек қой. Ал қазір жұлдыз саналатын жас әншілер жапырақтан да көп. Жас әншілер ауылдан келеді, 2-3 әнмен жарыққа шығады. Ең болмаса жанды дауыспен айтпай-ақ, фонограммамен ән айтуға барады. Олардың төлемақысы ең кемі 2-3 мың доллардан бастап, 10 мыңға дейін кете береді. Бір әншіміз журналистерге берген сұхбатында кейбір жердегі қазақтар бір тойға қызмет көрсеткені үшін көлік мінгізетінін де айтыпты. Міне, әншілеріңіз, айтыс ақындары – әлгіндей. Енді мүшәйра деген бар. Мүшәйраға қатысушы бір өлең жазады да бір көлік мінеді. Бұлардың ішінде ең сорлап қалағандар – ойшылдар, прозашылар, драматургтер. Романды, повесті әдебиеттің алыптары жазған. Ол − әдебиеттің қозғаушы күші. Солар бүгінде көк тиын қаламақы алмайды, кітаптарын өз ақшасына шығарады, өздері таратады. Міне, осының бәрін тепе-теңдікке әкелу керек.
– Жалпы, өнердің жайын материалдық тұрғыдан айтып отырсыз. Осы әңгімеңізді тыңдай отырып, мұның бәрі маған осыдан бес-алты жыл бұрынғы жайтты баяндау сияқты көрінеді. Дәл қазіргі уақытта оң істер көп секілді.
– Ол түйткілдердің оң жағына келген ештеңесі жоқ, сол күйінде тұр. Бір ғана өзгеріс – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен сайын жазушылар жай-жапсарды айтып жүрміз. Президентіміз: «Жазушылардың кітабын іріктеп, мемлекеттік тапсырыспен шығарыңдар», – деп айтады. Әрине, сәл-пәл ілгерілеу бар. Бірақ сонда беретін қаламақысы 400-500 мың теңге. Сосын қолына жүз кітап береді де, «осыны сатып, күніңді көр» дейді. Мәселені бұлайша там-тұмдамай, түбірімен шешу қажет. Кез келген проблеманы түкпірге тықпаламау керек, оны түкпірге тастаған сайын шешер түйіні шатасып, шимайлана береді.
– Мәселен, түбірімен шешу үшін сіздің қандай ұсынысыңыз бар?
– Ең алдымен кітап сататын дүкендерді қалпына келтіруді қолға алған жөн. Кітап сататын дүкендер облыс орталықтарында да болу керек. Бүгінгі таңда бәрі жекеменшік болып кеткен. Екіншіден, алдын ала тапсырыс беру керек. Жоғарыда айтқан «Бабалар сөзіне» тапсырыс деген кең көлемде болар еді. Әр жазушының өзінің оқырманы бар ғой. Мен өз мысалымнан айтайын. Соңғы жылда маған: «Сізді жаңа кітап жазып жатыр деп естиміз, оны қайдан аламыз? Қалай табамыз?» − деп телефон соғушылар, хат жазушылар, кездескенде сұраушылар көп. Қазір халықтың тұрмысы сәл де болса жақсарды. Кітап оқуға біршама бетбұрыс бар. Соған енді мемлекеттің қолдауы керек. Біз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мұнайдың барэлі 9 доллар еді. Қазір 90 долларға жетті. Он есе өсті. Әрине, шектен тыс байығандар көп. Меніңше, байлық дегеніңнің өзі ауру секілді. Осы байлық жинаушылар ақылды, сауатты-ақ жігіттер. Біраз өздеріне шек қойып, жан-жағына қарайламай ма екен?! «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі» дейді. Ақшаға ар-иманын сатып не болмақ?! Сол байлық құмар адамдарға құлаққағыс! Шариғатта да айтылған, байлықты кедей адамдармен бөлісу керек. Игілікті іске жұмсау керек. Мәселен, Құранда былай деп жазылған: «Біле-білсең, шапағаты барларың, Сүйген құлы болары хақ Алланың». Осындай адамдар мүлде жоқ емес, әрине. Олар бар. Бірақ қоғамда ақынның сөзімен айтар болсақ, «Пайғамбар сынды жігіттер бар, мінерге есегі жоқ. Есек секілді жігіттер бар, малының есебі жоқ». Ақымақ адам белгісі аз күндік баққа алданып, басы айналып, көзін шер қаптап кетеді. Адам баласын сынайтын үш-ақ нәрсе деп білемін. Біріншіден, қолында үлкен байлық болу керек. Екіншіден, үлкен билік болу керек. Үшіншіден, үлкен абырой болу керек. Міне, осы үшеуінің алғашқы екеуіне қол жеткізгендер ақылынан адасып, үшіншісінен айырылып қалады. Міне, осы жерде Елбасымызды мысалға айтқым келеді. Нұрекеңнің байлығы да, қолында тұрған билігі де, жер жарған атақ-даңқы мен үлкен абыройы да бар. Кімнің кім екенін біліп, даналығынан адаспай жүр ғой. Дүние қуған, атақ қуған жігіттердің алдында осындай үлгі бар. Атқа мінсе, атасын танымай кетуді қою керек, жан-жағына қарайлау керек. Егер халық болмаса, Президент кімге басшы болады? Ал министр кімге билік жүргізеді? Сол халық болмаса, менің кітабым кімге керек? Көрдіңіз бе, халық – құдай тектес құдірет. Халықпен әрдайым санасу керек.
– Тарихқа қарап, өткенімізге үңілсек, қазақтың қанағатшылдығына дәлел ететін жайттар көп. «Қанағат қарын тойғызар» деген сөз де осы халық аузынан шыққан. Ал бүгін осылай өзгеруімізге не себеп? Әрине, бәрі бірдей сондай күйге түскен жоқ қой, десе де...
– Үлкен қатер – адамды ақыл емес, ақша билеп бара жатқаны. Біз енді феодалдық дәуірден, социализмнен өттік, капитализмге келдік қой. Капитализмнің өзінің үш кезеңі болады деген ғой Маркс. Алғашқы кезеңі – тағы, яғни жабайы капитализм. Сол жабайы капитализмнен экономикамыз шықса да, біздің санамыз шықпай тұр. Қазақ өзі ұраншыл, еліктегіш халық. Өзгенің жақсы нәрсесін емес, өкінішке қарай, жаман жағын тезірек қабылдаймыз. Тойымсыздықтан арылудың бір жолы – әдебиет, сөз өнері. Күннің сәулесі түспейтін жерлер бар. Ол − адамның көкірегі, санасы. Сөз өнері санаға сәулесін түсіре алады.
– Сананы оятып, сәулесін түсіретін сөз болса, сол көркем сөзді түзуші жазушылар жағдайы өзіңіз айтқандай болса, екеуінің арасын қайтіп сабақтастыруға болады?
– Ол сұрағың дұрыс. Жазушылардың айтқанын тыңдайтын құлақ сирек. Бізде әдебиетті бағалайтын, кітап оқитын адамдардың өзі де азайып кетті. Мәселен, Мұқағали Мақатаевтың тойына дайындықты сол облыста әкім боп тұрған кезінде Серік Үмбетов екі жыл бұрын бастады. 80 жылдыққа 800 млн ақша бөлінді. Музейге күрделі жөндеу жасады, қосымша зал салды, жол төселді. Мінекей, осындай нәрселер болу керек. Осындай әрекеттер үлгі болу керек. Бізде бұрын той өткізу қалай болды? Үй тігіледі, конференциялар өтеді. Оны жоққа шығаруға болмайды. Десек те, әр істің соңында белгі қалу керек. Әсіресе, халыққа пайдасы тиер белгі қалу керек. Мен, ақын Қасым Аманжоловқа 10 жасымнан ғашық болып, бүкіл өмір жолымды сол кісіге арнадым. «Ақынның тойы қалай өтер екен?» деп қатты қобалжып жүрдім. Өзімнің денсаулығым нашар болса да, сол тойға бардым. Менің қуанғаным, күдігімнің бәрі жоққа шықты. Қасымның тойы керемет өтті. Біздің зарлап айтып жүрген нәрселеріміз орындалды. Қасым туралы төрт кітап шыққан, екі фильм түсірілген. «Қасым» атты журнал жарық көрді. Биіктігі 8 метрлік ескерткіш қойылды. Қасымның ауылына жол салынды. Осындай болған жөн. Бізде осындайды іліп әкететін басшылар бар. Мысалы, Иманғали Тасмағамбетов. Ол кісіні зиялы қауым бекер мақтамайды. Ол біздің бәріміздің туысымыз емес, ол − бізге рухани туыс. Халықтың қамын ойлайтын адам. Қай жерге басшылық қызметке барса да, көпшіліктің жағдайын жақсарта біледі. Астанада да сондай жұмыстар жасап жатыр. Сосын мына әдебиетті түсінетін, көркем сөзге көңіл қоятын Қайрат Мәми дейтін жігіт бар. Жазушылардың жағдайын сұрап: «Не көмек керек», – деп тұрады. Шіркін-ай, осындай азаматтар көбейсе деп тілеймін.
– Жол, үй, көлік және төлемақыдан басқа жастардың рухын ояту үшін тағы да қандай шаралар жасалуы қажет деп ойлайсыз?
– Оның басы, міне, жасалды. Мәселен, Мұқағали Мақатаевтың тойы өткен кезде бүкіл баспасөз ақынның өлеңдерін насихаттады. Сол туралы материалдар берді, сол арқылы ақынның шығармашылығы халыққа бұрынғыдан да таныс бола түсті. Қасым тойында да солай болды. Қасымның өлеңдерін біреу білсе, екіншісі білмейді дегендей. Өлеңдері ұлттық рухты көтереді. Соған айқын бір мысал. Қасым ақынның сталиндік диктатураның өзінде: «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы! Танимысың сен мені, мен қазақтың баласы». «Біз құл емеспіз, азатпыз», – дейтін сөздері бар. Уақыттан озып жазылған. Осындай шығармаларды көбірек насихаттасақ, халықтың санасына жеткізсек, рухани сілкініс жасалады.
– «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» дейді ғой Қасым Аманжолов. Сіз де Тәуелсіз Қазақ мемлекетіне өзіңіздің бергеніңіз жайлы айтыңызшы.
– Американың бір үлкен қайраткері: «Сен мемлекеттен не алғаныңды емес, мемлекетке не беретініңді айт», – депті. «Кез келген отаншыл адам өзінің Отаны жайлы ойлап оянып, мемлекетін ойлап ұйықтайтын болса, сол елдің ғұмыры ұзақ болады» дейтін тағы бір ақылды сөз бар. Міне, осындай жауапкершілік бәрімізде болу керек. Тәуелсіздік менің шабытыма қанат бітірді. Жалғыз мен емес, көп адамның талантын ашты. «Өтпелі кезең» біз үшін қиын ғана емес, өте бір қызық та қымбат кезең болды. Ол адамдардың қайратын қайрай түсті. Ашылмай жүрген бұлақ көздерін ашты. Адамдарда еркіндік болды. Сондықтан әр салада таланттар ашылды. Ашылған таланттар қанатын кеңге жая бастады. Мен мәселен, осы соңғы 20 жыл ішінде бес роман жаздым. Менің арманым бар еді. ХХ ғасырдың, яғни бір ғасырдың шежіресін төрт ұрпақ арқылы жазу. Мен соны жазып шықтым. Тәуелсіздік болмаса, бұлай еркін қалам сілтей алмайсың. Сосын «Тәуелсіздік толғауы» деп аталатын деректі көсемсөз кітабымды бітірдім. Сонда бастан-аяқ сол Тәуелсіздікке қызмет еткен адамдар, Конституцияны жасаған азаматтар, еңбек адамдары туралы өз ойымша бір қызық кітап жаздым деп ойлаймын. Құдай қаласа, жуырда жарыққа шығады. Жазушының басты құралы – қалам. Ол үшін қаламнан өткен қару жоқ. Менің өмірлік мақсатым, мен өзімнің жаттап алған бір сөзім бар, оны өзгелерге де айтқым келеді. Римнің императоры, әулие Титидің: «О, Жаратқан ием! Бүгін бір жақсылық жасай алмадым. Бір күн өмірім босқа өтті», – дейтін бір сөзі бар. Жүз пайыз жақсы адам болу өте қиын, әрі өте сирек. Данышпандар болған шығар, бірақ жақсы адамның да бір кемшілігі болады. Жаман деген адамның да бір жақсы жақтары болады. Мен үшін адамның бір жақсы көрсеткіші – адамға бір сүйіспеншілікпен қарайтын адам болса, жақсылық жасауға ұмтылатын болса, мен оны адамгершіліктің ең жоғарғы сатысы деп бағалаймын. Қаламның да басты міндеті осында болуы керек. Жалпы, жазушының басты предметі – адам. Ол адамды сүймей тұрып, ол қаламгер ешқашан жақсы туынды жаза алмайды.
– Ал бүгінгі жастар туралы не айтасыз?
– Жастар туралы өзі екіжақты пікірде боласың. Кейде мысалы, кіндігін ашып, көше кезген қыздарды, не болмаса, ішкілікке салынып, бос жүрген ұлдарды көргенде мұңға батасың. Бірақ бәрі олай емес. «Мен жастарға сенемін», – деп Мағжан айтқан сөзге мен де келісіммен қол қоямын. Бүгінгі таңда жастардың мінберіне айналған телеарналық хабарлар бар ғой, сирек болса да. Сонда кілең жастар сөйлейді. Соларды тыңдап отырсаң, әдемі әсерге қаласың. Мен өзі шетелде көп боламын. Сонда шетелдің дипломатиялық корпусында қызмет жасайтын, шеттерінен отаншыл, халыққа жандары ашып тұратын білімді жастар. Еліміздің ертеңі осы жастарға байланысты. Жастар қандай болса, біздің Тәуелсіздігіміздің болашағы солай болады. Сондықтан осындай жастар барда мен елімнің болашағына сенемін.
– Өзіңіз бір сөзіңізде «...ол кездегі үлкендер қандай еді» деп тамсана айтқан едіңіз. «Өздері данышпан, өздері кішіпейіл, өздері қамқоршыл, көмек керек десең, өз ісін тастай салып, саған көмектесуге тырысады» деген екенсіз. Бүгінгінің үлкені өздеріңіз, сонда өздеріңізге өздеріңіздің көңілдеріңіз толмайтын секілді?
– Бәрі салыстыру арқылы болады ғой. Салыстырғанда көңіліміз толмайтыны рас. Мысалы, өткен ғасырдың басындағы зиялылар мен қазіргі зиялылар. Бұрынғы зиялылар ұлт көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай деп жалғасып кете береді. Осы тұлғалардың бәрі халықтың пайдасы үшін жанын да, тәнін де аямады. Түрмеге де түсті. Ал қазіргі зиялылар солардың айтқан сөздерін дәл сол тереңдікте айтпаса да, сол деңгейде айтып жүр. Бірақ қазіргілердің ұлттың мүддесінен оның бала-шағасының, жеке басының мүддесі жоғары болып кететін пендешіліктері бар. Мұның бәрі уақытқа да байланысты болса керек. Бәлкім, сол ғасырдағыдай өте ауыр кезең болса, қазіргі зиялылар да халқы үшін түрмеге түсуге де барар ма еді, кім білсін? Қазір дегенмен басқаша уақыт қой. Мысалы, мен М. Әуезовтің дәрісін тыңдаған жанмын. С. Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиндердің сүйікті шәкірті болдым. Осы кісілердің сөздері де, істері де ірі болатын. Бұл жағынан қарағанда, әлде капитализмнің келгендігі ме, олармен салыстарғанда біз ұсақталып барамыз. Оны мойындау керек. Тіпті таланттардың өзі ұсақталып барады. Театр өнерін мысалға алайық. Театр өнеріндегі ақсақалдар қандай еді?! Елубайларды, Серкелерді айталық. Одан кейінгі Ыдырыстар, Фарида Шәріповалар, Хадиша Бөкеевалар қандай еді десеңізші! Одан кейінгі әртістер маған біртіндеп ұсақталып бара жатқан тәрізді көрінеді. Депутаттарды да мысал үшін айталық. Кезіндегі Сұлтан Сартаев, Олжас Сүлейменов тәрізді қайраткерлер қандай еді?! Ал қазіргі депутаттардың көңілдеріне келмесін, барлығы емес шығар, арасында он шақтысын ғана халық біледі. Халық танып-білмей, депутат т.б. қызметтерге келеді. Ал кеңестік дәуірде Орталық Комитетке жай ғана нұсқаушы болу үшін, ол адам үлкен мектептен өтетін еді. Ал қазір бейнелеп айтсақ, әлдебір адамды аса дайындықсыз бірден ұшаққа отырғызып жібереді де, сосын әлгі адам ұшарын ұшып алып, қалай қонарын білмей, әуеде қалқып жүреді.
– Сәбит аға, соңғы кезде сізді экология тақырыбы қатты қобалжытып жүрген сияқты. Оның ішінде табиғат экологиясы және адам жанының экологиясы дегенді айтып жүрсіз. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз?
– Екі экология бірімен-бірі байланысты. Мына табиғатты емдеу үшін адам жанын да емдеу керек. Осы табиғат экологиясы мені расымен де, қатты алаңдатады. Өйткені Жер – біздің анамыз. Керемет қызық нәрсені айтайын. Мына ғарышта ұрық болмайды екен. Ұрық тек жерде болады. Жердің бір құдіреттілігі осында. Жер-ана деп бекер аталмаған. Өмірі жер сілкінбеген жерлерде қазіргі күні жер сілкіністері болып жатыр. Бұл – табиғаттың адамның жолсыздығына берген жауабы. Мәселен, мұнайды жерден алудың да шегі болу керек. Мұнай дегенің бейнелеп айтқанда қан ғой. Мысалы, адам қанша жерден денсаулығы мықты болса да, оның бастан-аяқ қанын ала берсе не болады? Жерге 5 тонналық бомбалар тастаймыз. Құрғақ жерге су жіберген болады. Содан Жер-ананың тектоникалық құрылыстары бұзылады да, табиғат апаттары орын алады. Қазір азон тесіктері деген ойыншық болып қалды. Меніңше, біздің мына екі салада адамзат үлкен күрес жүргізуі керек Бірінші, зиялы қауым, оның басында қаламгерлер, академиктер, ғалымдар адам жанының экологиясымен күресуі керек. Адам жанын тазарту, қатыгезденіп бара жатқан жандарды мейірімділікке шақыру. Сөздің күші арқылы бұл мәселемен күресуге әбден болады. Екінші бағыттағы күрес – тура мағынада табиғат экологиясын тазарту. Табиғаттың экологиясы бұзылғандығы соншалық, мұның қауіптілігі қазіргі күні әлемдік проблемаға айналды. Менің қолымда билік жоқ, менің даусым жететін болса, бүкіл мемлекеттердің басшыларының басын қосып, экологиялық апаттарды қалай тоқтатамыз деген мәселені шешудің жолдарын қарастыруға шақырар едім. Ең алдымен, соғысты тоқтату керек. Соғыс – күнәһардың ісі. Ойлап қараңыздаршы! Өмірі жаз болмайтын Якутияның өзінде аптап ыстықтар орын алды. Ал қыс болмайтын жерде қар жауып жатыр. Әлсін-әлсін Жер шарының әр бұрышында су тасқындары болып жатыр. Мұның бәрі – Алла тағаланың ескертуі. Адамзаттың осы Алла тағаланың ескертуіне құлақ асқаны керек. «Алла өзіңнің ниетіңе қарай береді» дейтін қазақта сөз бар ғой. Әрбір адам осыған жауапты болуы керек. Отырған орнында осы мәселені насихаттау керек, өз үлесін қосуы керек. Бәрі өзімізге байланысты. Ең алдымен өзіміздің ұлттық жоғымызды түгендеп алайық. Қазақ өзі жоқ іздеген халық. Тарихтан байқасақ, тапқанымыздан гөрі жоғалтқанымыз көп. Есімізді енді жиып, жан-жағымызды түгендей бастадық. Ақтаңдақтарымыз тегіс ашылып болған жоқ. Біреуге жүктей салмау керек. Назым Хикметтің өлең жолдары есіме оралып отыр: «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап. Ол жанбаса лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?». Өмірге келген әр адам жеке өзінің өмірі үшін ғана емес, өзі сүріп отырған қоғамдық ортасы үшін, өзінің қоғамы үшін, өзінің болашақ ұрпағы үшін де жауапты.
– Мына XXI ғасырды біз жаңа заман, технология заманы, жаһандану заманы деп жатамыз. Осы жаңа заманды сіз қаншалықты игерген жансыз?
– Енді жаңа заман технологиясы, техникасына келгенде мен өте артта қалып қойған адаммын. Бүкіл өмірім жазуға арналды. Денсаулығым да нашарлап кетті. Көп уақытым осы денсаулықтың мәселесін реттеуге, қалғаны жазуға кетеді. Өзімнің жазушылық арманым болған «XX ғасыр эпопеясын» жазуға он бес жыл уақытымды арнаған екенмін. Алдыма қойған қазір тағы бір мақсатым бар. Мен ептеп компьютерге отыра бастадым. Көлік жүргізуді білемін. Енді компьютерді толық игермек ойым бар.
– «XX ғасыр эпопеясын» Нобель сыйлығына лайық шығарма деп айтылған пікірлер бар екен. Сіз өзіңіз қандай баға бересіз?
– Мен өзіме-өзім баға бере алмаймын. Нобель сыйлығына лайық туынды деген пікір бірінші рет осы эпопеяның алғашқы томы Мәскеуде жарық көргенде халықаралық конференция барысында айтылған еді. Сонда орыстың білікті, қатал сыншысы Феликс Кузнецов осы романға үлкен баға берді. Өзім сонда «өңім бе, түсім бе?» деген күйде отырдым. Шолоховтың ауқымдылығымен салыстырып, жақсы жағынан пікір айтып, баға берді. Ал содан кейін осыдан төрт-бес жыл бұрын Парижде «Аруана» дейтін кітабым шықты. Соған байланысты Парижде, университетте шығармашылық кешім өтті. Сонда француздың үлкен ақыны да осы пікірді қостап айтты. Кейін қазақтар да айта бастады. Ал өз басым бұл туындым Нобель сыйлығына дайын тұрған, шаппай алатын шығарма деп айта алмаймын. Ал егер шынымен де Нобель сыйлығына ұсынылып жатса, ол тек мен ғана емес, бүкіл қазақ үшін абырой болар еді. Өзімді осы күні әдебиеттің биік шыңына жеттім деп те ойламаймын. Алынбаған шыңдарым көп.
– Ал қазақ әдебиетінде Нобель сыйлығына лайық деп айтатындай шығармалар көп пе, қалай ойлайсыз?
– Көп емес, бірақ жоқ та емес. Ешбір фамилияны атамай-ақ қояйық.
– Біз әдебиетті «XX ғасыр басындағы әдебиет», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиет», «Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі әдебиет», «Кеңес кезеңіндегі әдебиет», «Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет» деп қазақ әдебиетін кезеңдерге бөлеміз ғой. Сол тұрғыдан сөз қозғап көріңізші? Мүмкін, өткен ғасырда жазылған шығармалар, не болмаса қатарластарыңыздың туындылары...
– Әдебиетшілер арасында «өткен ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болды» дейтін пікір бар. Яғни менің құрдастарым келген кездегі орта тұс. Сол сөзде бір шындық бар. Сол кезде әдебиетке жаңа леп әкелуші жаңа толқын келді. «Әуезовке дейінгі әдебиет» және «Әуезовтен кейінгі әдебиет» деп айтуға болады. Біз Әуезовтің деңгейіне әлі де сәл жетпей тұрмыз.
– Елге деген тілегіңізбен бүгінгі сұхбатымызды түйіндесек.
– Менің Алла тағаладан ең үлкен тілегім −Тәуелсіздігіміздің мәңгілігі. Адам жанының экологиясы түзелсе деймін. Табиғи апаттардан аман болсақ деймін. Қоғамда ешбір адам жеке өмір сүріп бақытты бола алмайды. Қоғамың бақытты болса, сен де бақыттысың. Көк байрағымыз мәңгі желбіресін!
– Айтқаныңыз келсін, сұхбатыңызға рақмет!