Заң нақты талап қойылып, орындалған кезде ғана өміршең күшке ие болады

Заң нақты талап қойылып, орындалған кезде ғана өміршең күшке ие болады

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, сенатор:

– Әлем саяси-экономикалық интеграциямен бірге мәдени тұрғыдағы интеграцияға да ұмтылуда. Бұл бір елдің бір елге, күштінің әлсізге рухани үстемдігін күшейте түспей ме?

– Қазір үшінші мыңжылдық басталып кетті. Әр заманның қоғамға қояр өз талабы болатыны белгілі. Бүгінгі әлемдік жағдай басқа елдермен тығыз байланысты қажет етуде. Және сол байланыс аясында өз деңгейімізді таныта білуіміз де керек. Ал өзімізді өзгелерге танытудағы басты құндылығымыз ұлтқа тән мәдениетіміз болмақ. Біздің қазақ екенімізді жалпақ жұртқа әйгілейтін де – ұлттық салт-дәстүріміз, болмысымыз. Ата-бабаларымыздың қандай мәдениет үлгісін жасағанын, ұлттық өнеріміздің өміршең күшке ие екенін басқаларға сезіндіре білуіміз тиіс. Сондықтан оны сақтаумен бірге ары қарай дамыту да біздің басты міндетіміз болуы шарт. Ал мәдени тұрғыдағы интеграцияны қалай түсінуге болады? Жалпы, адамзатқа ортақ өнер бар. Мәселен, классикалық музыка саласын алайық. Ондағы симфониялық жанр, опера жанры, камера жанры – барлығымызға ортақ өнер саласы. Оларды біз міндетті түрде әлемдік жетістік ретінде танимыз. Және оны өз өнерімізді ілгерілетуде пайдаланамыз. Мен өзім музыкант ретінде айтсам, консерваторияда әлемнің мәдениеті қабылдаған гармонияны оқыдық. Музыка теориясы мен полифониядан дәріс алдық. Өйткені біз дамыған елдердің әлем музыкасындағы ортақ қазынаға айналған дүниелерін үйрену арқылы, солардан тәжірибе қабылдау арқылы кейін өз шығармаларымызды жаздық. Бұл үрдіс музыка ғана емес, барлық салада солай болуы тиіс. Өз-өзімізбен ғана шектеліп, томаға-тұйық тірлік кешу заман талабына қарсы келгенмен бірдей. Әлемде өзіндік орны бар ақын-жазушы, суретші, композиторлардың өнері барлық адамға ортақ. Мәселен, біз Густав Климтті австралиялық суретші екен деп мойындамасақ, болмаса Пикассоның жазған суреттерін қабылдамасақ, жаһандық мәдениет нәрінен баз кешкенмен бірдей боламыз. Сол секілді Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын қалай қабылдамауға болады. Бір халықтың, елдің дара таланты тудырған шынайы шығармалары басқа ұлт пен ұлысқа ешқашан үстемдік көрсетпейді. Айталық, бауырлас қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов қазақтар туралы қандай ғажап дүниелер жазды. Ол бізге үстемдігін көрсетті ме? Жоқ.

– Сонда мәдениет пен өнер арқылы ешқандай үстемдік орнатуға жол жоқ қой?

– Мынадай бір мәселені айтпай кетуге болмас. Жалпы, өте кең таралған поп-музыка секілді өнер саласы бар. Біз өзімізді осындай бағыттардан қорғай да білгеніміз дұрыс. Осындай танымал музыка жанрында өз орындаушыларымызды қолдап-қостап, солардың жақсы деңгейде танылуына көмектесуіміз қажет. Әсіресе ән саласында. Қазақтың әндері өзге елдің әндерінен артық болмаса, кем емес. Мұны мен талай рет айтып та жүрмін. Кезінде Астана қаласы әкімінің орынбасары болып жүргенде, қазақ әндерін басқа елдің әншілерінің орындауында үлкен байқау да өткіздік. Ондағы мақсат қазақ әндерін басқаларға насихаттау болды. Бұның бәрінде үлкен мән жатыр. Таң империясы кезінде қытайдың бір ғұламасы «басқа мемлекетті жаулап алғың келсе, ең алдымен, сол елдің музыкалық жүйесін құртуың керек» деген екен. Біз кеңес құрамында болған кездегі, ең алдымен, қираған сала осы халық арасына кең таралған музыка болды. Өзгеге бет бұру «Битлз» тобы дәурендеп тұрған заманынан бастау алды. Содан кейін-ақ жастарымыз басқа ел әуеніне ден қойып, өзіміздікін онша көп тыңдамауға көшті десек артық емес. Өйткені батыстан келген музыкалар озық болды да, жастарды баурап әкетті. Қазір тәуелсіз ел болған уақытта ол қателіктерді қайталамауға тиіспіз. Сондықтан ән-музыка бағытындағы телевизиялық хабарлардың тартымды да мағыналы болуына ерекше мән беруіміз керек. Бұл – идеологияны дәріптейтін ең өтімді құралдардың бірі.

– «Битлз» демекші, Алматыдағы Көктөбеде осы топтың мүшелерінің құрметіне олардың мүсіндері орнатылғаны мәлім. Бұған наразы адамдар да жоқ емес. Сіздіңше, бұл басқаларды ұлықтап, өзімізден биік қою емес пе?

– Әрине, біз көп нәрседен сақтануға, өзгенің өнерін орынды-орынсыз жарнамалап, соған жалбақтай беруден қашуға тиіспіз. Дегенмен жер бетінде өмір сүріп жатқан соң, бәрінен аулақ қашам деу де қисынсыз болары анық. «Битлз» бәрібір «Битлз» болып қалады. Олар аты аңызға айналған орындаушылар болды. Бұл топтың әндерін тек Ұлыбританияда ғана емес, бүкіл дүниежүзі таныған, әлі де мойындайды, орындайды. Біздің аға-апаларымыз бен құрдастарымыз, інілеріміз, қысқасы, ұлтымыздың көптеген өкілдері олардың әндерін тыңдап өсті. Сол арқылы музыканың сазды әсеріне бөленді. Оны ешкім де жасыра алмайды. Мен композитор ретінде «Битлздың» осынша деңгейге көтерілгеніне таңғаламын. Керемет талант иесі болған олар музыка саласында өздерінің өшпес іздерін қалдырды. Ал біздің азаматтардың өз еркімен құрмет көрсетіп, оларға  өз қаражатымен мүсіндерін қойғаны ерсі қылық   деп айтуға келмейді деп ойлаймын. Осындай жағдайларда шектен тыс өзімшілдік көрсеткеннен гөрі, кей нәрсеге кеңірек қарағанымыз да артық болмас. Мүмкін, «Битлз» секілді биік деңгейге ұмтылған жастар бізден де шығып, әлемді аузына қарататын шығар. Неге бізге соған ұмтылмасқа. Бұл, бір жағынан, жастарды талаптандыруға, соған жетуге, намысын жануға қажет те шығар.

– Сенаттың Әлеуметтік мәдени даму комитетінде аталған салаларға қатысты көптеген заңдар пысықталатыны белгілі. Еліміздің мәдени өміріне серпін беруде жетіспей жатқан немесе қабылданса да, орындалуы жеткіліксіз заңдық нормалар бар ма?

– Қабылданған заңдарда кемшіліктер болуы мүмкін. Бірақ өте сәтті, қоғам үшін маңызы зор кейбір заңдарымыз орындалу жағынан ақсап жатады. Заң тек нақты талап қойылып, орындалған кезде ғана өміршең күшке ие болады. Өйтпегенде ол жай қағаз түрінде қалып қоюы мүмкін. Заң нормаларының қоғам үшін ұтымды жұмыс істеуіне барлығымыз атсалысуымыз керек. Онымен тек Парламент қана айналысады деген ой болмағаны дұрыс. Біз көп айта беретін батыс елдерінің бір артықшылығы – олар қабылданған заңмен өмір сүреді. Біз де осы дәстүрге үйренуіміз қажет.

– Заңдардың  атқарылуы барысында өзіңіздің көзіңіз шалған кемістіктер болды ма?

– Заң нормаларының тиісті деңгейде атқарылмайтыны айтылып та жүр. Мәселен, мен жақында ғана әлдебір шараның аясында қаладағы бір мейрамханада болдым. Мұны неге айтып отырмын. Өздеріңізге белгілі былтырғы жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексі қабылданып, ол бойынша қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынды. Бірақ әлгі мейрамханада отырған қонақтар түтінін будақтатып, темекіні тартып отыр. Бейне бір заң қабылданғанынан мүлде бейхабар жандар секілді. Мен дереу сол жердің қожайынын шақырып алдым. Өзі басқа ұлттың, басқа мемлекеттің азаматы екен. «Мұныңыз не? Заңымызды неге сыйламайсыз?» – дедім. Әрине, мен Сенаттың депутаты болғасын сөзімді өткізіп, заң нормасының орындалуын сақтауды талап еттім. Ал соны күнделікті қадағалап, заңның орындалуын жүзеге асыратын атқарушы билік бар емес пе?! Олар сол үшін қызмет етіп, сол үшін жалақы алып отырғанын ұмытпауы шарт. Мен сәл тектеусіз кетсе қоғамдық орындарда бірден көзге түсетін заң нормалары туралы айтып отырмын. Бұл заң темекі тартпайтын адамдардың құқын қорғау үшін және қоғамдық орында жайлы орта қалыптастыру ниетінде қабылданған. Ал өзгенің құқын аяққа таптап, мемлекет тарапынан қабылданған заңды көзге ілмеу – мәдениетсіздіктің көрінісі. Негізі, мемлекет пен халықтың игілігіне жарайтын көптеген ұтымды заңдар қабылданып жатыр, бірақ соны лайықты атқара білуіміз қажет.

– Сіздердің комитетте «Мәдениет туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралғанын білеміз. Оның кейбір өзгеріске түсетін нормалары туралы айта кетсеңіз?

– Жақында ғана осы заң жобасы жайында Сенат пен Мәжілістегі келісім комиссиясының жиналысын өткіздік. Көп жайларды талқыладық. Кең тараған саланың бірі кино туралы айтсам, 2012 жылдан бастап Қазақстанда көрсетілетін шетел фильмдерінің бәрі бірінші кезекте қазақ тілінде дубляж жасалып көрсетілетін болады. Қазақ тілінде дубляж  жасалмаған кинолардың көрсетілуіне рұқсат жоқ.

– Өзіңіз қатардағы көрермен ретінде қазіргі шетелдік киноларға қазақ тілінде жасалған дубляждың сапасына қандай баға берер едіңіз?

– Негізі, бұл саланы дамытуымыз керек. Жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін міндетті түрде дубляж жасау жұмыстарына қомақты қаржы бөлінеді. Бұл жерде Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасын атқаруға бөлінген ақша пайдаланылатын болады. Осы кинолар тек кинотеатрда ғана емес, теледидар арқылы әр отбасында көрсетілетіндіктен, оның дубляжы неғұрлым жақсы болса, фильмдердің қабылдануы да соғұрлым сәтті болмақ. Ал бүгінгі дубляжға келсек, оған мардымды қаражат берілмейтіндіктен, жетім қыздың тойы секілді жұпыны болатыны белгілі. Бәрі ақшаға байланысты. Мәселен, шетелдік мультфильмдердегі кейіпкерлерінің дауысын  ең мықты голлибудтық жұлдыздар дыбыстайды. Тіпті олардың қатарында Анжелина Джоли, Бред Питт, Ричард Гир сынды әйгілі кино саңлақтары бар. Өйткені оларға жақсы еңбекақы төленеді. Сол секілді біздің театрлар мен кино саласындағы мықты әртістерімізді шақырып, жақсы ақша төлесек, олар да жұмысына ынтамен кірісіп, фильмдерге де сапалы дубляж жасалар еді.

– Қазақстандықтар көбінесе орыс тілінде дубляж жасалған шетелдік мультфильмдерді, фильмдерді көретіні белгілі. Қазақшаны менсінбеушілік орыстардың да сол кино картиналарға мықты дубляж жасай білетіндігінен секілді?

– Орыстарда бұл сала бұрыннан дамыған. Кеңес Одағы кезінде «Мосфильм» алдыңғы қатарлы киностудия болды. Сондықтан олардың тәжірибелері мол және дубляж жасауға мықты әртістерді тартады. Біз дубляжды көп жасаған жоқпыз. Кезінде бәрі орыс тілінде болды. Аударма аз еді. Енді-енді қимылдап жатырмыз. Меніңше, бұл олқылықтардың бәрі жүре келе түзелетініне сенімдімін.

– Егер осы бастаманың бәрі шетелдік «кинодағыдай болса», орысшамен ауызданатын сәбилеріміздің ықыласын ана тілдеріне аударуға себі тие ме?

– Міндетті түрде. Күні бойы жұмыста болатын ата-ана бала тәрбиесіне онша көп уақыт бөле алмауы мүмкін. Ал жұмыс істемесе, кіріс болмайтыны белгілі жағдай. Сол үшін баланың  жанында болып, онымен ұдайы әңгімелесіп тұруға уақыты жоқ. Жарайды, бала қазақ мектебіне барды делік, бірақ онда да үзілісте бәрібір орысша сөйлеседі. Ал үйге келгесін қолы босап, теледидарды ашқан бала өздеріне арналған бағдарламаны, мультфильмді көргісі келеді. Бірақ ондай арналардың дені күні-түні орысша сайрайды. Басқа арналар да сондай. Ал біздің телеарналардың сапасы әлі шикі. Тіпті көрерменді тартпайды десем, қателеспеймін. Қазақ тілінде тартымды, танымдық, қызықты хабарлардың деңгейі, ұтымдылығы аздау. Мына бір нақты мысалды айта кеткен жөн шығар, осы өткен жаңа жылда мен немереммен бірге болдым. Ол өзі ана тіліне судай, қазақ мектебінде оқиды. Бұл жағынан мін таба алмайсыз. Немерем екеуміз сәл әңгімелескен соң, ол теледидарды көргісі келіп қосып еді «Discovery» арнасынан жануарлар туралы жақсы бір деректі фильм көрсетіп жатыр екен. Немерем қызығып, соны көруге кірісті. Бірақ көрсетілім орыс тілінде. «Айналайын, оған қарама» деп қалай айтасың?! Өйткені ол бала үшін қызықты, үлкен-кіші аңдардың тыныс-тіршілігін тартымды түрде көрсетіп жатыр. Ақыры баламыз соны көріп отырып ұйықтады. Мұны мен қарапайым мысал ретінде айтып отырмын. Өкінішке қарай, біздегі телеарналарды шикі салалардың қатарына жатқызуға тура келеді. Көргісі келген көрермендерді тарта алмайды. Астана, Алматы секілді үлкен қалаларда негізгі телеарналардың таратылу сапасы жақсы. Ал қаладан ұзап шықсаңыз, жеке үйлердің бәрі спутниктегі арналарды қойып алған. Жүз доллар төлеп, тәрелкені қояды, ары қарай тегін, отыз тоғыз арнаны көреді. Оның отыз жетісі орысша, қалған екеуі түрікменше. Байқадыңыз ба, сонда бұлар қай елдің азаматтары?! Телеарна деген – үлкен идеология. Бұл сенен сұрамай есігіңнен кіріп, төріңе бір-ақ шығады. Тілі де басқа, жаңалығы да, танымдық дүниелері де басқа. Сол арқылы сіз басқа елде өмір сүресіз. Ақпараттық тәуелсіздігімізге, қауіпсіздігімізге қатысты бұл тақырыпты мен Сенаттың отырысында мәселе ретінде көтердім. Қынжылтарлығы – біз жаңағы көрерменге «мынаны қарамаңдар» деп заңмен шектеу қоя алмаймыз. Сондықтан олардың алдын орап, ұтымды дүниелер жасауымыз керек.

– Оның қандай ыңғайлы жолдары бар болуы мүмкін?

– Ресейдің барлық жасанды жер серіктері біздің Байқоңырдан ұшатыны мәлім. Осыны пайдаланып, біз оларға сөзімізді өткізе білуіміз тиіс. Яғни жер серіктері арқылы өз арналарымызды кеңінен таратуға мүмкіндік алуға ұмтылуымыз қажет. Мәселен, үш-төрт арна неге қазақша болмасқа?! Біздің телекомпаниялардың жұмысында әлі де үздік тәжірибе мен ұтымды бағыт-бағдар жетіспейді. Бұл салаға дарынды жас мамандарды көптеп тарту да басқаларға тәуелділіктен құтқарады деп санаймын.

– Өзіңіз айтып отырған дарынды жас мамандардың білім алатын негізгі ортасының бірі – мектеп қабырғасы. Бірақ қоғамда қазақ мектептерінің деңгейін орыстілді мектептерден төмен қоятын ұғым бар. Мұндай көзқараспен келісесіз бе?
– Бұл жөнінде жақында менің Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттермен болған кездесуімде талқыланды. Негізі, біздің қазақ мектептеріне жазылатын оқулықтардың аздап кемшіліктері бар. Кезінде бәріміз Кеңес Одағында даярланған оқулықтармен білім алдық. Кейін Тәуелсіздік қолға тиген соң, барлық салаға реформа жасаймыз деп, қайта оқулықтар жаздық. Бірақ онымыз бұрынғы оқулықтардан аса алмай қалды. Шынын айтқанда, пайда табудың ғана көзіне айналып кетті. Негізі, ешқандай идеологияға қатыссыз таза ғылым санатындағы математика, химия, физика, алгебра т.б оқулықтарды дамыған елдердегі озық оқу құралдарын пайдалана отырып, соларды қазақшаға аудару арқылы жасау керек шығар. Ал тарих пен мәдениетімізге, жеріміз бен елімізге қатысты оқулықтарды міндетті түрде өзіміз жазуымыз шарт. Сосын оқытушыларға қатысты да талап қатаң болғаны жөн. Мен осы Астана қаласы әкімінің орынбасары болып жүрген кезімде, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін аттестациядан өткіздік. Сонда 400-ден астам ұстаздың 85 пайыздайы өте алған жоқ. Тіл мен әдебиет саласына қатысы жоқ мамандық иелері сабақ өтіп жүрген. Кейін олар бірігіп, менің үстімнен арыз жазды. Соның нәтижесінде маған адам құқын қорғайтын ұйымдардың өкілдері келіп, әлек салды. Сосын мен оларға: «Жарайды, мен оқытушылардың құқын бұзған болайын, ал оларға мемлекеттік тілдің құқын бұзуға кім рұқсат берді?» – деп сұрақ қойдым. Олар ештеңе дей алмай қалды. Келесі жылы мен аттестацияны  тағы  өткіздім. Әлгі  ұстаздардың көбі жақсы деңгейге жетіп қалғаны байқалды. Көрдіңіз бе, талап болған жерде сапа жақсарады. Мен олардың құқын бұзған жоқпын, керісінше, талап қою арқылы білім саласындағы өз бағытын айқындап алуға шақырдым. Кәсіби мамандығын жетілдіре түсуге жол аштым. Менің кезінде мектепте неміс тілін қалай оқығанымыз әлі есімнен кетпейді. Мұғалім бірде бар, бірде жоқ, әйтеуір шала-шарпы дәріс өтілген формасы ғана жасалатын. Дене тәрбиесі сабағы да солай өтілуші еді. Кейінгі кезде мектептерде қазақ тілін де осы тәсілмен бергендер болды. Қазір де жағдай өзгерген жоқ шығар, бәлкім. Сондықтан білім беру ісінде үлкен жауапкершілік болғаны дұрыс. Қазақ мектептерін бітірген небір танымал адамдар, елге белгілі қайраткер азаматтар бар. Өз басым қазақтілді оқу орындарында, жалпы, кемістік бар дей алмаймын. Десе де, талап пен жауапкершілікті күшейте түсу артықтық етпейді.

 Өз басыңызға қатысты сұрақ. Өнер жолындағы шығармашылық келбетіңіз сенатор үстелінің тасасында қалып қойған жоқ па?

– Жоқ. Мен ешқашанда өнер саласындағы адам екенімді ұмытқан емеспін. Осыдан екі жыл бұрын Астана мен Алматыда, содан кейін Мәскеуде авторлық кештерімді өткіздім. Шындығында, Ресей астанасындағы халықпен жүздесу айтарлықтай болды. Оны мәскеуліктер де айтты. Қазіргі жағдайға оралсам, жақында ғана елордадағы Күләш Байсейітова атындағы Опера және балет театрында авторлық кешім өтті. Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысына да барып, елмен жүздесіп қайттым. Шығармалар жазып жатырмын. Күнделікті жұмыстан босаған соң, тек  қана  музыкамен  айналысамын. Менің ойымша, музыка – құдайдың адамзатқа сыйлаған ең бір керемет ғажап тартуы. Ол – құдайдың тілі. Сол арқылы басқа адамдармен сөйлесесің. Оның нәсіліне, ұлтына қарамай тіл табысасың. Ол үшін аудармашының да қажеті жоқ. Жақсы музыка жазсаң, Абай атамыз айтпақшы, «әсем ән мен тәтті күй, құлақтан кіріп бойыңды алады».

Саралы сөз
Қазір мен 18-20 қазан аралығында Астанада өтетін дүниежүзілік мәдени-рухани форумға дайындық жұмыстарына тығыз араласып жатырмын. Бұл басқосуға әлемдегі мәдени-рухани салада үздік жетістіктерімен көзге түскен тұлғаларды шақырмақшымыз. Бұйыртса, 50-60 мемлекеттен өкілдер келеді. Бұл, жалпы, еліміз үшін үлкен серпіліс беретін жиын болады деп ойлаймын. Бүгінгі күні мемлекетіміздің басты жетістігі – ұлтаралық келісім мен дінаралық түсіністікті орнатып, бейбітшілікті сақтап отыруымыз. Бұл жиын – адамның адами қасиетін ашып көрсететін форум. Яғни адамзат өмірінің рухани мәні басқа салалардан мүлдем биік екенін көрсету. Қаражат жинап, мал-дүниеге ғана ұмтылу, шынын айтқанда, өмірдің уақыттық, алдамшы ғана көрінісі. Адамзаттың мәңгілік құнды қазынасы, сарқылмас байлығы мәдени-рухани өмірімен ғана сабақтасып жатыр.

Әңгімелескен Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, Астана

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста