Жаһандану заманында ақпараттық үстемдік кімнің қолында болса, жеңіс те – соның қоржынында

Әділ Бек ҚАБА, ҚР Парламент Сенаты аппаратының бөлім бастығының орынбасары, белгілі журналист:

– Дүниенің даму қарқыны күшейген сайын ақпарат тарату, сананы жаулау да белсенді жүргізіле бастады. Қазақ­стан­дықтардың, ақпарат кеңістігіндегі журналистердің белсенділігі сол талап­қа сай артты дей аламыз ба?
– Әлемдік үстемдікке ұмтылған ірі дер­жа­валар арасында қып-қызыл ақпараттық майдан жүріп жатқанын жұрт жақсы біледі. Ақпараттық үстемдікке кім ие, сол қоғам­дық пікірдің қожасы екенін білгендіктен, ақпаратты таратудың шекара шектей ал­май­тын сан қилы технологиясы ойлап табыл­ды. Өзінің мәдениеті мен пікірін таңғысы келетін бұл майданда қашып-пысып емес, асып түсіп қана жеңіске жетуге болады. Сонда ғана өз еліңде қоғамдық пікірдің қожасы өзің болуың мүмкін. Ал отандастарымызға келсек, осыдан бес, тіпті екі-үш жыл бұрынғымен салыстырсақ, аза­мат­тардың өз пікірін ортаға салудағы бел­сен­ділігі әжептәуір өскенін байқаймыз. Бұның ең басты қозғаушысы – интернет. Ақпа­раттық агенттіктердің, сайттар мен блог­тардың, интернет газеттердің саны артып, әсіресе әлеуметтік желілердің аза­маттар өміріне дендеп ене бастағаны сон­дай – аз уақыттың ішінде газет-жур­нал­дар­дың қағаз нұсқасын пайдалану кеми бас­тады. Енді олардың тек электрондық нұс­қамен таралуына баса көңіл ауда­ры­латын күн жақын. Десе де қоғамда орын алып жатқан қандай да бір оқиғаға немесе билік бұтақтарының халық тұрмысы, құқығы мен әлеуметтік өміріне қатысты әреке­тіне тез үн қатуда азаматтарда ерекше белсенділік жоқ. Алайда бұл жағдай көп ұзамай күрт өзгеруі мүмкін. Меніңше, ондай белсенділікке жұртты әлеуметтік желі­лерді жаппай пайдалану әкелетін бола­ды. Бүгінгі күнде жастар оның дәмін тата бастады. Қазірше олар желіні музыка тыңдау, кино көру, танысу, жаңа достар табу, бейнебаяндық ақпарат тарату тағы басқа бағыттарда ғана пайдаланып жүр. Егер қандай да бір ерекше оқиға туындай қалса, әлеуметтік желілердегі белсенділік күрт өседі, әрі оны қандай да бір тетіктермен реттеу мүмкін болмайды. Қазіргі жаһан­да­ну заманында ақпараттық үстемдік кімнің қолында болса, жеңіс те соның қор­жы­нында екенін ұмытпауымыз керек. Бұл орайда қазақтілді журналистердің белсен­ділігін арттырудың ерекше маңызы зор. Сондықтан қазақ тіліндегі сайттар мен блогтардың, газеттер мен парақшалардың қатарын өсіруге күш салу маңызды. Екінші нәрсе – сайттар мен пікір талқылауларында, әлеуметтік желілерде аузына келгенін айта­тын әдепсіздіктен, тұрпайылықтан ары­луды насихаттап, әр адамның ішкі мәде­ниеті қалыптасуына қол жеткізбесек, интер­нетті мәдени дамудың емес, тексіздік пен былапыт сөздердің қоқысханасына ай­нал­дырамыз. Бір сөзбен, контент пай­да­ланушының тордағы пікірлесу мәдениетін қалып­тастыру – басты мәселенің бірі. Өйт­кені өмірінің басым бөлігін интернет тұтынумен өткізетін келер ұрпақты сол тор ішіндегі мәдениет тәрбиелейді.
– Қазақ журналистикасын жетілдіру үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, маманданданған жур­на­листикаға аяқ басу қажет. Пікірімді дәйек­тей кетейін. Журналистерге кез келген тақы­рып­қа жазатын әмбебап болу талабын қойып жүрміз. Дұрыс та шығар. Бірақ кез келген журналистің экономика, қаржы, заң, ғылым мен медицинаның сан саласы мен күн санап өзгеріп жататын ақпараттық, басқа да технологияларды меңгеріп алуы, кез келген сала туралы терең зерттелген, бар­лық мәселелерін сауатты көтерген ана­литикалық материал жаза алуы мүмкін бе? Күдігім бар. Журналист робот емес. Мәсе­лен, медицина ғылымының докторы, академиктерінің өзі «медицинаның барлық саласын бес саусақ­тай білемін, адамның кез келген ағзасына ота жасай аламын» деп кеуде қаға алмайды. Қазіргі қарқынды даму заманында қай сала­ны алсаңыз да, ол туралы кешегі біле­тініңіз ертең ескіріп қалады. Тіпті экономика, қаржы, заң, ақпа­рат­тық технология тағы да басқа сала­лардың даму қарқынының жылдамдығы сондай – оған сол саланың озық деген маман­дарының өзі әрең ілесіп отыр. Олар­дың қасында осы салаға тиіп-қашып қалам тербеп жүрген журналист жай ғана диле­тант болып қалары сөзсіз. Оның үстіне белгілі бір саладан терең теориялық білімі, прак­тикалық білігі жоқ журналист проб­ле­маларды көре де алмайды, оны жоюдың жолдарын өз деңгейінде көрсете алуы да неғайбіл. Журналистердің мақа­лалары жал­пылама, үстіртін болып шыға­тыны осыдан. Сондықтан маманданған жур­на­лис­тикаға көшу, яғни белгілі бір салада білім алған, жұмыс істеген адам­дар­дың іші­нен жазуға және аналитикаға қабілеті бар­ларын журналистикаға тартып, оқытып, жур­налистиканың қыр-сырына машық­тан­ды­ру керек.
– Бір тақырыптың, саланың төңі­ре­гін ғана қузалап жазатын журналистер көбейсе, журналистер әмбебаптығынан айы­рылып, саны көбейіп, сапасы кеміп кетпей ме?
– Керісінше, біріншіден, саны азаяды, сапасы артады. Өйткені бір сала туралы тиіп-қашып шатпақтап жазып жүрген он диле­тант журналистің орнын сол істі түп-тамырынан білетін бір маман журналист ауыстырады. Екіншіден, бұрынғыдай жал­пы­лама, бәрін жазатын журналистикадан кететін уақыт жақындап келе жатыр. Неге? Өйткені журналистика тек бүгін қайда не болып жатқанын жылдам жеткізуші, қоғам­­дық пікірді қалыптастырушы мінбер ғана емес. Журналистиканың немесе бұқа­ралық ақпарат құралдарының басты қыз­ме­тінің бірі – халықтың танымын байытып, білім-білігін көтеру. Байқасаңыз, бүгінде әлемде жалпылама жазатын ақпарат көзі­нен гөрі бір тақырыпты індетіп жазатын, маманданған салалық сайттарға, блог­тарға, интернет газеттерге сұраныс күшейіп келеді. Дүниеде адам қызығушылығын туғы­затын қанша нәрсе бар болса, сонша тақырыптық, салалық сайт, блогтардың болуы заңдылық. Мәселен, ер-азамат­тар­ды жеміс ағашын қалай отырғызу, баптау, автокөлікті қалай оңдау, үй тұрғызудың қыр-сырлары тағы да басқа толып жатқан мәсе­лелер қызықтырса, әйелдерді косме­тика, шаш күтімі, жасару жолдары, салмақ тастау деген сияқты қарапайым тақы­рып­тарды көтеретін сайттар қызықтырады. Бас­қаша айтқанда, әркім қызығушылығына қарай өз сайтын тауып оқиды. Қазақстан интернет кеңістігінде сұранысқа қарай ұсыныс болуын қамтамасыз ету үшін де осы маманданған журналистиканы дамыта отырып, алға жылжуға дайын болуымыз керек. Бірнеше мыңдаған оқырманы бар сайттар, интернет газеттер бізде бүгінде де бар. Өкініштісі, елімізде шамамен 9683 сайт тіркелсе, оның 85 пайызы – өзге тілде. Ал бүгінде қазақтілді интернет қолда­ну­шылар саны өскенін, мемлекет құрушы ұлт­тың үлес салмағы жалпы республика хал­қы­ның 65 пайыздан астамын құрайтынын ескерсек, бұл тым аз. Оның үстіне бар сайттардың кейбірі өзіне аудитория тарту үшін өсек-аяң, жөнсіз сынау-мінеу сияқты қарабайыр технологияны қолданып, бедел жинаймын деп абыройынан айырылып қалып жатады. Қолдаушы авторлары аз болған­дықтан, сайтты ойдан-қырдан тер­ме­ленген пираттық дүниелермен толтыруға тырысады. Ондай жолмен келген таны­мал­дық та уақытша. Дұрысы, өз жолын, тақы­ры­бын, аудиториясын тапқан электронды ақпарат құралының автор-қолдаушылары, кері байланыс орнатылған оқырмандары, ең бастысы, өзін де, өзгені де сыйлайтын биік ішкі мәдениеті қалыптасуға тиіс.
– Интернеттік электрондық ақпарат құралдары ішінде бүгінде әлеуметтік желілерді пайдаланудың үлес салмағы арта түсті. Мұның пайдасы мен қаупі тура­лы не айтасыз?
– Пайдасы сол: әлеуметтік желі арқылы ақпарат алмасу тез әрі қолайлы. Мәселен, Facebook, Twitter, LinkedIn, MySpace, Skype, YouTube, on.kz сияқты әлеуметтік желілер іскерлік қарым-қатынасты ұйымдастыру, ақпарат алмасу, музыка тыңдау, кино көру, жаңа достар табу, бейнебаяндық ақпаратты жылдам тарату тағы басқа толып жатқан мақсаттармен құрылған әрі қолданушылар арасында кеңінен танымал. Айта кететін мәселе: көптеген лауазымды азаматтар осы әлеуметтік желілердің қоғамдық пікір қалыптастыруда тигізер әсері қаншалықты орасан боларын бағамдай бермейді. Мәсе­лен, Facebook-тың 750 000 000, Twitter-дің 200 000 000 қолданушысы бар екен. Бұл көрсеткіш күн санап өсіп жатқа­нын ескерсек, осы орасан күшті пайдамызға жаратуға да болады, зардабын шегуіміз де ықтимал. Пайдасы сол: қолданушылары көп әлеуметтік желілер мыңдаған компа­ния­лардың тауарларына жарнама жасап, тұтынушылар санын он есеге ұлғайтыпты. Сөйтіп, әлеуметтік желі арқылы кәсіп­кер­лердің 2011 жылы 5,54 млрд доллар пай­даға кенелуіне жол ашса, 2013 жылы бұл көрсеткіш еселене түседі деген болжам жасалып отыр. Осы тәрізді әлеуметтік желі­лерді тілді, салт-дәстүр мен рухани, мәдени құндылықтарымызды, дінімізді насихат­тау­ға да пайдалануға болар еді.
Ал енді әлеуметтік желілердің қаупіне келсек, оны әлдекімдер арандату, араз­дастыру, тұтастық пен тұрақтылықты бұзу мақсатына пайдаланар болса, тез әрі үлкен көлемді жайлап алатын өртпен пара­пар. Бұған Араб мемлекеттерінде болған толқуларға Facebook әлеуметтік желісінің орасан ықпалы болғаны дәлел. Оның үсті­не әлеуметтік желіні заңмен реттеу немесе қандай да бір тәртіпке салу да – қиын нәрсе.
Басқару тым күрделеніп кеткені сондай – әлеуметтік желіні жасаушы Марк Цукер­берг­тің өзі «Facebook бақылаудан шығып кетті» деп мәлімдегені де осыны меңзейді.
– Ақпараттық қауіпсіздік мықтап қол­ға алынбаса, ел ынтымағына, Тәуел­сіздігімізге қауіп төніп жүрмей ме?
– Бізде ақпараттық кеңістік заңмен реттел­ген және қорғалған. Демократияға, азаматтардың еркін ойлауы мен сөз бостандығына кепілдік бере отырып, ақпараттық қауіпсіздіктің сақталуы да ескеріліп отыр. Бұл орайда біздің елде әжеп­тәуір жұмыстар жасалып жатқанын халық көріп, біліп отыр. Соңғы жылдарда еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында терроризмге, діни экстре­мизм­ге үндейтін бірнеше сайттардың жабы­луы да – осыған дәлел.
– Бас прокуратура бірнеше сайт жабыл­­ғаны туралы мәлімдегені рас, алайда жат діни ағымды ұстанушылар өз пікірінен қайтты, ел тұтастығына еш қауіп жоқ дей ала­мыз ба?
– Мен саясатшы да, ұлттық қауіпсіздікке жауапты маман да емеспін, мынау былай деп баға беруім де дұрыс болмас. Алайда өзімнің азаматтық пайымым тұрғысынан жеке пікірімді ортаға салайын. Жалпы, ел тұтастығына ішкі және сыртқы әсер етуші факторлар барын ескеруіміз керек. Ішкі факторға тоқталайық. Менің түсінігімде мемлекеттік, ұлттық тұтастықтың негізі: жер тұтас­тығы, дін тұтастығы, тіл тұтастығы. Соң­ғысынан бастасақ, бізде тіл тұтастығы бар деп мақтана алмаймыз. Қоғам орыс және қазақтілділер болып екіге бөлініп тұр. Бар үміт – бүгінде балабақша, мектеп қабыр­ғасында жүрген жеткіншектерде. Олардың ұлтына қарамастан, қазақ тілінде еркін сөйлей бастауы қазақ тілі түбінде ұлттық тұтастықтың бір негізі болатынына сендіреді. Тек бүгінгі ұрпақтың қазақша сөй­леуді намыс көретін кеселі жұқпаса болғаны. Ал екінші – дін тұтастығы мәсе­ле­сіне келсек, саясатшылар бұл мәселеде жағдай күрделі екенін аз айтып жүрген жоқ. Елімізде әлемдік дәстүрлі діндерден бөлек неше ондаған секталар мен ағымдар өз жамағаттарын жинап, азаматтарды әр­түр­лі жолдармен өзіне тартуы әлі тыйыл­ған жоқ. Осы уақытқа дейін тек исламның Ханафи мазһабын ұстанып, діни тұтастығы сақталып келген аз ғана қазақтың қандай да бір бөлігі бүгінде өзге діндер мен секталардың, мазһабтардың шылауында жүр. Бұл өте қауіпті. Одан да қауіптісі – олар­дың кейбірінің сайттары бар немесе әлеу­меттік желілер арқылы ақпарат алма­сып, насихат жүргізеді. Күндердің күнінде осы радикалды, экстремистік діни көз­қа­растағы адамдардың қатары көбейгенде ел Тәуел­сіздігіне қарсы әрекеттерге барма­сына, сыртқы күштердің оларды айдап салма­­сына кепілдік бар ма? Міне, дәл осы жағ­дайда, ең басты құндылықтарымыз: мем­лекет­тік, ұлттық және территориялық тұтас­тыққа қауіп төнуі мүмкін. Бұл жағ­дайда елімізді өздеріне саяси, эконо­ми­калық тұрғыдан тәуелді етуді мансұқ еткен, қара ниетін демократия, саяси интеграция деген сиқырлы сөзбен бүркемелеген сыртқы әсер етуші күштер түптамырлары өздерінде жатқан ел ішіндегі секталар мен ағымдарға сүйене отырып, елдің тұтас­тығына нұқсан келтіруі әбден ықтимал. Сон­дықтан ақпараттық қауіпсіздікке ерек­ше көңіл бөлінуі қажет деп ойлаймын.
– Әркімнің сойылын соғатын киллер журналистер туралы не айтасыз?
– Егер журналист шындықты шырқы­ра­тып айтуға ұмтылып, үнемі жаңа ақпарат тауып, оқырманды, көрерменді елітіп отыр­са, бұл – оның шеберлігі. Ал егер біреудің айтағымен ойдан-қырдан жинап берген деректермен қаралауды кәсіпке айналдырса, бұл – өз басының қасіреті. Оның артында белгілі біреулердің мүддесі мен ақша тұр. Алайда арын ақшаға айыр­бастамайтын адал журналистердің қатары басым. Мені әріптестерімнің әлеуметтік жағдайы қынжылтады. Олар бастарын қатерге тігіп, шындық үшін шырылдап, ақи­қатты елге паш етеміз, мемлекетіміздің гүлденуі үшін қызмет етеміз деп қажыр-қайраты мен денсаулығын аямай, ерекше патриотизммен қызмет еткенімен, тұрмыстары тым жұпыны. Көбі үйсіз-күйсіз. Пәтер жалдайды. Журналист мемлекеттік қызметкерге жатпайтындықтан, пәтер берілмейді. Ал журналистер жалданып жұмыс істейтін ірі медиа холдингілер мен акцио­нерлік қоғамдар әлеуметтік пакет­термен қамтамасыз етпейді, үй сатып әпере алмайды. Журналистердің жалақылары тым төмен. Үй сатып алу түгіл, күн көріс­теріне әрең жетеді. Мемлекетіміздің гүлде­нуін ақпарат майданының сарбаздары – журналистерсіз елестету мүмкін емес. Олай болса, Үкімет оларды қолжетімді үймен және басқа да әлеуметтік пакетпен қамтуды қарастыратын бір арнайы бағдарлама қабыл­дап, ол заңмен бекітілсе, журна­листер бүгінгі болмысын тұрмысы билеген шарасыз ахуалдан арылары анық.
– Журналистикада жүргеніңізге ширек ғасыр болыпты, ердің жасы елу­де өткенді өлшемдеп, болашаққа бағ­дар құрып жатқан боларсыз?
– Ширек ғасыр ішінде халық өміріне қатысты талай тақырыпқа қалам сілтедік, әлеуметтік проблеманың тамырын дөп басып, барынша зерделеп, қоғамның назарын аударуға тырыстық. Тілші болып бастап, жауапты хатшы – бас редактордың орынбасары қызметіне дейін атқарған «Лениншіл жас» –«Жас Алаш» мен үшін ең үлкен мектеп болғаны анық. Осы кезеңде елдің басына түскен ауыртпалықты газет бетінде көтеріп, қоғамдағы қордаланып қалған небір түйткілді мәселелерге билік­тің, құқық қорғау, әділет орган­да­рының назарын аударуға тырыстық. Кеңес үкіметі бетін бүркемелеп келген ел тарихындағы ақтаңдақтарға қатысты талай ақиқаттың да бетін ашқан кездер де болды. Кейін «Айқын» газетінің бас редакторының бірін­ші орынбасары ретінде басылымды алғаш­қы күннен бастап шығарып, небір өткір мәселелерді көтердік.
2009 жылдан бері елордамыз Астанада Бас прокуратурада басқарма бастығы қызметін атқардым. Бүгінде Парламент Сена­тында бөлім бастығының орын­баса­рымын. Бір нәрсе анық – қай жерде, қан­дай лауазымда жұмыс істесем де, қала­мыма, сөз құдіретіне адал болдым. Қасиетті қаламнан қол үзгем жоқ. Десе де, журна­листің ерекше бір жақын мәселесі, қаузап, зерделеп жүретін тақырыбы болады. Мен ғасырлардан бері ауызекі таралып келген ел ішіндегі қазақ мифологиясын жинақтай алдым. Ел аузынан жинақтап, қорытып, ғылыми, әдеби өң беріп, 12 жылға жуық уақыт бойы шығарып келген «Мыңнан бір мезет» танымдық басылымы 130 мың тара­­лымдық сұранысты иеленді. Дін, таным тақырыбында ғылыми еңбектерімді, кіта­бымды жаздым. Ең бастысы, халық ауызы­нан жинақталған дүниелерім еліміз­дің рухани өмірін байыта түсетін ұлттық мәдени мұрағатының бір бөлшегі болып саналады. Ұлттық мәдени мұрағатының бір бөлшегі дейтінім «Мыңнан бір мезет» танымдық басылымында жарияланған материалдар қазақ мифологиясының 55 томдығына өзек болды.
– Сіздер «Тіл тас жарады, тас жар­ма­са, бас жарады» деген даналықты ұғынып өскен толқынның қата­ры­нан­сыз­дар ғой, қазіргі журналистердің өз сөзіне жауапкершілігі жоғары дей аламыз ба?
– Жалпы, сөз, қалам деген киелі, құді­ретті нәрсе ғой. Әріптестеріміздің ішінде қалам­ды киелеп, әр сөзіне есеп беріп жүр­гендері де, жармақ беріп жалда­ған­дардың сойылын соғатындарының да бар екенін көріп жүрсіздер. Сөзге жауап­кер­шілікпен қарау адамның тектілігіне, арына, зиялы­лығына да байланысты шығар. Тектінің әр сөзі – ұран, тексіздің әр сөзі – лаң. Алайда журналист қоғамдық пікір қалыптастырушы болған соң, әр сөзіне сақ әрі ішкі мәдениеті жоғары болғаны дұрыс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Мені әріптестерімнің әлеуметтік жағдайы қынжылтады. Олар бастарын қатерге тігіп, шындық үшін шырылдап, ақиқатты елге паш етеміз, мем­ле­ке­тіміздің гүлденуі үшін қызмет етеміз деп қажыр-қайраты мен ден­сау­лығын аямай, ерекше патриотизммен қызмет еткенімен, тұрмыстары тым жұпыны. Көбі үйсіз-күйсіз. Пәтер жалдайды. Журналист мемлекеттік қыз­меткерге жатпайтындықтан, пәтер берілмейді. Ал журналистер жалданып жұмыс істейтін ірі медиа холдингілер мен акционерлік қоғамдар әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етпейді, үй сатып әпере алмайды. Журналистердің жалақылары тым төмен. Үй сатып алу түгіл, күн көрістеріне әрең жетеді. Мемлекетіміздің гүлденуін ақпарат майданының сарбаздары – жур­на­листерсіз елестету мүмкін емес. Олай болса, Үкімет оларды қолжетімді үймен және басқа да әлеуметтік пакетпен қамтуды қарастыратын бір ар­найы бағдарлама қабылдап, ол заңмен бекітілсе, журналистер бүгінгі бол­мысын тұрмысы билеген шарасыз ахуалдан арылары анық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста