Халықтың ұятын ояту үшін тіл полициясын құру керек

Халықтың ұятын ояту үшін тіл полициясын құру керек

Cерік Тұрғынбекұлы, ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты:

– Серік аға, ең ұлық мерекеміздің бірі – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Қазақтың сан ғасырлық арманы болған сол Тәуелсіздік мерекесін қалай тойлап жүрміз? Екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ – Тәуелсіздік сөзінің парқына жете алдық па?
– Қазақстанда, құдайға шүкір, той көп. Мұны жақсы ырымға балау керек. Бірақ сол тойлардың ішіндегі ең ұлығы, дәрежесі жағынан да, деңгейі жағынан да ең биігі Тәуелсіздік күні болуы тиіс-ті. Өйткені біздің күллі тірлігіміз бен 20 жылда қол жет­кізген жетістігіміз осы Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Тәуелсіздіктің арқасында дер­бес ел болдық, әлемге танылдық, Аста­наны салдық. Өз қолымыз өз аузымызға жет­ті. Тіптен кеше әлемді дүр сілкіндірген оқиға – Астана саммитінің өзі Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген дүние деуге бо­лады. Сондықтан Тәуелсіздік күнін жалаң той ретінде ғана өткізбей, саналы ой ре­тін­де қабылдауымыз керек.
Әдетте, көп елдерге қақтығыс, қан­тө­гіс­пен келетін Тәуелсіздік бізге қалай келді? Оны Кеңестер Одағының ыдыра­уы­мен ғана байланыстырсақ, қателесеміз. Тәуелсіздікті өз аяғымен келіп жеткен жетістік деп білсек, оның қадірін ешқашан да ұғына алмаймыз. Ол бізге сәтімен келсе де, қазақ халқының осы жолда қаншама қан төккенін ұмыт­пауы­мыз керек. Қаншама құрбан болды. Басқа қақтығыстарды былай қойғанда, 10 жыл бойы орыс империясына қарсы шап­қан Кенесары көтерілісін қалай ұмытуға болады? Бұдан кейінгі Кейкі, Аманкелді батырдың ұлт-азаттық көтерілісін айтуға бо­лады. Мұның жалғасы ретінде тарих қойнауына кешегі Желтоқсан көтерілісі келіп кірді. Ендеше, бізге Тәуелсіздік бәз біреулер айтып жүргендей, өз аяғымен келген жоқ. Немесе ол алып империяның қателігінен болып қол жеткізе салған дүние емес. Тәуелсіздік – кешегі халықтың асқақ арманы. Алаш арыстарының идеясы.
Ендеше, сол дүниемізді аяқасты етуге еш қақымыз жоқ. Тәуелсіздік күнін той­ла­ғанда, ең алдымен, Абылайдың арманы, кешегі Кенесары көтерілісі, Желтоқсан рухы мұндалап тұруы тиіс. Қазақта батыр көп: осы арман жолында жанын пида еткен Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батырларымыздың аруағы әспеттелуі керек. Батыстан әншілер шақырып, құр даңғаза, әлем-жәлем концеттер өткіз­ген­нен гөрі тәуелсіз елдің асыл мұраттарын жыр­ласақ, әлдеқайда әсерлі болар ма еді?
Түркістанға оралған қасиетті қара қазан­ның қақпағы қайда? Қақпақсыз қазан­ның дәм-тұзы көрінгенге жем болып кете бермей ме? Кенесары бабамыздың Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада қалған басы қайда? Тәуелсіздігіміздің жалы күді­рейіп, жеке ел болған егемендігіміздің ең­сесі бұдан әрі көтерілсін десек, елорда төріне жат қолында қалған баба­ла­ры­мыздың басын әкеліп қоюымыз қажет.
– Бұл сұрағым алдыңғы сұрақпен үндес болғалы тұр. Біз сонау Алаш арыстары армандаған күнге жете алдық па? Олар армандаған Тәуелсіздік қандай еді?
– Ол күнге, әрине, жеттік. Енді сол Тәуел­сіздігімізді әр мұсылман Құранды қо­лына алып қастерлегендей қастерлеуіміз ке­рек. Алаш арыстары сол кездің өзінде қы­лы­шын қайраған империяның айба­ры­нан қаймықпай, қаншама құнды дүние­лер­ді жүзеге асырмақ болды. Ол құн­ды­лық­тардың ішінде Алаш арыстарына қазақ­тың қамы бәрінен биік тұрды. Қандай жұ­мыс жасаса да, ұлттық мұратты басты мақ­сат етіп қойды.
Кейін империя саясаты өзгені тұн­шық­тыра бастағанда екінші сортты ел болып шыға келдік. Оның тілі де, діні де, бетке-ұстар қаймағы да құрдымға кете жаздады. Өзге халыққа, өгей басшыға табынтып қой­ды. Осы құлдық санадан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Өйткені озбыр саясат Алаш арыстарының айбатын тұн­шық­тыр­ғаннан кейін былайғы жұрт өзгенің ық­палында кеттік. Осыдан болар, Тәуел­сіздік деген сөздің қасиетіне бойлай алмадық. Еліміз осы сөздің мәнін енді-енді түсініп келе жатқан секілді.
– Тәуелсіздік күні Жаңа жылдың тасасында қалып барады. Бұған не себеп? Оны Жаңа жылдың тасасынан қалай алып шығуға болады?
– Орынды сұрақ. Жетпіс жыл бойы Кеңес өкіметінің ең сүйікті мейрамы болған Жаңа жылды әлі де тұғырынан түсірмей, алаулатып-жалаулатып жүрміз. Тіптен әрбір отбасының Жаңа жыл түнін сағат тықылымен тағатсыздана күтіп, шыныаяқ соғыстыру дәстүрін де тәуелсіз еліміз тәрк ете алмай отыр. Дұрыс-ақ! Орта тойда «орта толсын» дейтін қазақпыз. Алайда оның еліміздің ең басты тойы – Тәуелсіздік күніне селкеу түсірмеуі керек еді. Желтоқсан айы басталысымен-ақ, еліміздің бас қала­сынан бастап мерекелік алаңда мерекелік шырша бой көтеріп, жарқ-жұрқ етіп мен­мұндалап тұрады. Ертеңгі Тәуелсіздік тойы иек астында тұрғанда келесі айда келетін Жаңа жылға бүгіннен бастап дайындық басталады. Осы тойды Тәуелсіздік күнін тойлап алғаннан кейін қолға алсақ та бола­ды ғой...
Жаңа жылды ешкім де орнынан тай­қытып жібере алмайды. Оның есесіне ұлық ме­рекемізді тең тойлап, терең толғап тұғы­рына бекіте түсу басты міндетіміз емес пе? Ендеше, ұлық күнімізді ысырып қойып, ел-жұрт болып Жаңа жылды тойлайық не бол­маса Тәуелсіздік мейрамының қадір-қасиетін ойлайық.
– Бүгінде ұлтқа қатысты мәселе қозғасақ, мемлекеттік тілге соқпай өте алмаймыз. Тілді дамыту үшін не істеу керек? Өткенде отырыстардың бірінде тіл полициясын құру керек деп қалдыңыз. Бұдан басқа жол жоқ па? Жалпы, тілді дамыту жолында атқарылып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма?
– Әсет Найманбаев ағамыздың бір өлеңі бар еді: «Ақында менен сорлы жан бар ма екен, бір сөзі баспа орнына беріл­меген», – деген. Меніңше, қазақтың бүгінгі халі осы секілді. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл бол­са да, тіл байғұс көкпарға түскен көк серке секілді додаға түседі де жатады. Біздің тілге қосқан үлесімізден гөрі «оны қалай дамытамыз?» деген дау-дамай, тал­қы-тартысымыз көп. Оны несіне қақ­па­қыл­ға сала береміз? Қаражат болса, қи­сап­сыз бөлініп жатыр. Ол қаржыны босқа шаш­қан­ша, ғалымдар мен жазушылардың, жур­налистердің тіл туралы жазған еңбек­тері­нің қаламақысына бермей ме?
Тілді орыстардың өзі ынталанып үйреніп жатқанда, тіл білмейтін намыссыз қазақ­тарды орынтақ беріп несіне тайраңдатып қоя­мыз? Тілін білмеген қазақтар керек болса тілін де, ділін де, тіпті жерін де сатып жібе­руі мүмкін ғой? Қазақ басылымдары оқыл­майды. Керек болса, Астанада қазақ басылымдарын сататын «Алты Алаш» дүң­гіршегі екі-ақ жерде бар. Керісінше, Ресей­дің кірме басылымдарын кез келген жерде сатып жатады. Осыдан соң тілдің жағдайы қайдан оңалады? Меніңше, тілді «былай үйре­теміз» деп құр даурыққанша, кешегі келмеске кетті деп жүрген жүйенің амал­дарын пайдаланған жөн. Өйткені өткеннің бәріне үрке қарауға болмайды. Соның бірінде «орыс тілін білмесең, саған барлық жерден есік жабық» деген емеурін бар болатын. Бізде қазақ тілін білмесең – намыс емес. Қызметке тұру үшін намыс емес, та­ныс керек.
Тіл білмейтіндер де әкім бола береді. Олардың өз тілі бар. Ол – «жемқорлық» тілі. Мұндайларды тек «қашан ұсталып қалғанша орнымнан түсіп қалмасам болды» деген ой ғана мазалайды. Сол се­бепті тілді дамытып, халықтың ұятын ояту үшін қаржы полициясы секілді тіл поли­ция­сын құру керек. Себебі біз бүгінде қорық­қа­нымыздан ғана адам сыйлайтын халге жеттік. Не болса да ақшамен ғана есеп­тейтін халге келдік. Дәл осы кезде тілбұзар мекемелерге айып салса, тілбұзар басшыға шара қолданса, біраз тәртіп орнар еді. Осыдан басқа амал қалмады деп жүйе жасауымыз қажет. Көшедегі қазақ тілді жарнамалардың барлығы жарымжан. Бұрын қаланы «ң» мен «н-ны» ажырата алмай­тын басшылар басқарды. Ендігілеріне не жорық?
Осының бәрі жауапсыздықтан, талап­сыздық пен тәртіптің, қадағалаудың жоқ­ты­ғынан болып отыр. Өткенде тілді тал­қы­лауға арналған жиында Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қазақша «көп сөз – боқ сөз» деп қағазға қарамай, қазақша айт­қа­ны­на мәз болып қалдық. Сол айтпақшы, тіл­ді боқ сөзден арылту үшін енді тәртіпке жүгінуіміз қажет.
– Жыл санап емес, апта санап алыптарша өсіп келе жатқан Астананың өзі неге тұрады? Елордамыз көз алдыңызда көркеюде. Жалпы, елордадағы рухани ахуалды қалай бағалайсыз?
– Мен үшін ең басты тақырып Тәуелсіздік болса, одан кейінгі айшықты тақырыбым – Астана. Астана, өзің айтқандай, менің көз алдымда өсті. Осында тұрғаныма да 12-13 жылдай уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында мен Астананың қилы кезеңдеріне куә болдым. 10 жылдай Астанадағы Сәкен Сей­фуллин мұражайын басқара жүріп, не­бір елеулі іс-шаралардан тыс қалған емес­пін.
Мен қаланың ең шарықтаған шағын қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің бас­қар­ған уақытымен байланыстырамын. Жа­сыратыны жоқ, ол қаланың қиын-қыстау кезін­де келді. Сөйте тұра, талантты басшы елор­даны биікке сүйреп келеді.
– Жетістікті жырлаған жақсы-ақ, бірақ мәдениеттің ордасы болуы тиіс елордамызда Алаш арыстарының бірде-біреуіне арналған ескерткіш жоқ. Бұл туралы не дейсіз?
– Ол рас! Оны талай мәрте көтердім де. Астанада аспанмен таласқан үйлер көп болғанымен, Алаш арыстарына орнатылған ескерткіш жоқ деуге болады. Әрине, Есіл жағасында Кенесары ескерткіші тұр. Абайға да орнатылған ескерткіш ауыз толтырарлық. Тәуелсіздік монументі, Керей мен Жәнібекке арналған ескерткіштің өзі неге тұрады? Ат үстіндегі Бөгенбай батырдың ескерткіші де Аста­на айбынын келтіріп тұр. Алайда со­лар­дың ішінде Алаш идеясын көтерген қай­­раткерлерге бірде-бір орын бұйыр­мап­ты.
«Астананы Есілдің бойы, Ақмола жерін­де болса» деген ойды алғаш Әлихан Бөкей­ханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дула­тов арман еткен. Кейіннен Сәкен Сей­фуллин де Қазақ елінің астанасы туралы талас-тартыста осы жерді көздегені белгілі. Одан кейін осы пікірді кеңестік жүйе кезінде Қаныш Сәтбаев жалғастырды. «Астанаға лайық бірден-бір мекен – Ақмола облысы» деп ойып тұрып айтып кеткен осылар еді ғой. Астана алдымен мәдени ошақтарымен құнды болады. Өйткені халық көп шоғыр­ланатын жер, мектептер, университеттер ашы­лып жатыр. Дегенмен мәдени ошақтар тым аз. Осы Алаш арыстарына арналған бір­де-бір ескерткіштің жоқтығы жаныма қатты батады. Онжылдық мерейтой қар­са­ңында сый жасаудан бәсекеге түскен әкім­дер Алаш арыстарына арнап ескерткіш орна­туды ескермеді. Тіпті елордада Алаш арыстары атындағы аллея болса да артық етпес еді. Астана – Алаш арыстарының ар­маны болған, Алаш арыстарының арма­ны­нан бой көтерген қала.
– Сіз Астанаға келгелі бері бірнеше рет Конгресс-Холлда кештер өткіздіңіз. Соңғы кешіңізге «Аспанның асты – Астана» деген айдар тақтыңыз. Сондай-ақ «Есімің сенің – Елорда» деген бірыңғай Астана туралы өлеңдер жинағын жүйелеп жатқаныңызды естіп жатырмыз. Қалың қазаққа белгілі ақын, қаламгер ретінде алдағы шығармашылық жоспарларыңыз туралы оқырмандарды хабардар ете кетсеңіз...
– Жас жылдарымызда желіп-жортып жүріп көп уақытымызды қызық- думанға қор етіп жіберіппіз. Енді, міне, пайғамбар жасынан асып, егде тарта бастаған шағы­мызда уақытты қамтып қалу үшін жанталаса жұмыс істегің келеді. Алайда «ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, қайда той, қай­да жиын қалғың келмейді. Сөйте тұра, соңғы жылдары шағын өлеңдерден гөрі көлемді дастандарға ауысып бара жатыр­мын. Бұл ниетім жеміссіз де емес. «Кейкі батыр» дастаны, «Алаш», «Махамбет және Жәңгір хан» дастандарым Мемлекеттік сый­лық алды. Ұзақ жыл Сәкен Сейфуллин мұра­жайын басқарып, біраз зерттеп-зерделегенімнің нәтижесінде «Сәкен – сұңқар» деген дастан жаздым. Ол тіпті кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсыныл­ған болатын. Өтпей қалса да өкпем жоқ. Со­дан өзімді қамшылап, «Ахмет – Іңкәр» деген Байтұрсынұлының жастық шағы, боз­бала махаббаты жайлы дастанға кірісіп кеттім.
Жалпы, поэма-дастандарым екі бағыт­та: ғашықтық және батырлық болып келеді. Батырлық-дастан циклынан қазақтың ғарышкер батыры Тоқтар Әубәкіров туралы «Ғарыш – қазақ» деген дастан бітіріп, оны рес­­публикалық басылымдардың біразы жа­рия­лап та үлгерді. Ал ғашықтық дас­тан­да­­рынан Сәкен сері Жүнісовтің алғы сөзі­мен, ол кісінің көзі тірі кезінде «Ақан сері – Бал­қадиша» дастаны дүниеге келген болатын. Тиражы аз – 2000 дана бол­ған­дықтан, өз қолымда бір данасы да қал­мап­ты. Оқырмандар табан астында талап әкет­ті.
Жақында «Балуан Шолақ – Ғалия» деген дастан жазып бітірдім. Алла жазса, оқыр­мандарымен қауышып қалар күн де алыс емес секілді. «Фолиант» баспасының ұсынысымен «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша «Торғай» деректі кітабын жазып жатырмын. Екі рет Орынбор, Қазан, Уфа, Троицк қалаларына барып, мұрағатты ақтардым. Көптеген тарихи құндылықтарға қол жеткіздім. Амандық болса, алдағы көктемде оқырмандардың қолына тигізсем деген ниет бар.
Мұның сыртында драмалық шығар­ма­лар­ға да бой ұрып қоятыным бар. Қазақстан театрлары бір-бірлеп қойып жатыр. Бұған да тәубе деймін. Ал өлеңдерімнің негізгі тақырыбы – қып-қызыл саясат, халық тағ­ды­ры, ұлт қамы дегендей.
– Әңгімеңізге рахмет.

ТОСЫН ОЙ
«Астананы Есілдің бойы, Ақмола жерінде болса» деген ойды алғаш болып Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов арман етіп көтерген. Кейіннен Сәкен Сейфуллин де Қазақ елінің астанасы туралы талас-тартыста осы жерді көздегені белгілі. Одан кейін осы пікірді Кеңес Одағы кезінде Қаныш Сәтбаев жалғастырды. «Астанаға лайық бірден-бір мекен Ақмола облысы» деп ойып тұрып айтып кеткен. Сөйтіп келіп орнаған Астанада Алаш арыстарына арналған бірде-бір ескерткіштің жоқтығы жаныма қатты батады.

ТОСЫН ДЕРЕК
Тарихи жәдігерлердің ішінде Сәкен Сейфуллин Совнаркомның төрағасы болып келген соң шығарған ең бірінші бұйрығы бар. Бұйрық әлі де маңыздылығын жоймаған. Сәкеннің «Совнарком» орынтағына отырған соң алғашқы бұйрығы – «Бүкіл ісқағаздар қазақ тілінде жүргізілсін» деп шығарылыпты. Ордалы жыланның ішінде отырып осындай ерлікке бару – тек асыл арыстардың ғана қолынан келетін жайт.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста