Халал мәселесінде өзге жұрт Қазақстанға қарайтын болды

Халал мәселесінде өзге жұрт Қазақстанға қарайтын болды

Марат СӘРСЕНБАЕВ, «Халал» комитетінің төрағасы:

– Марат Ағыбайұлы, еліміздегі халал индустриясының аяқ алысы қа­лай? Ең әуелі, осыдан хабардар етіп өт­сеңіз. Бүгінде қанша кәсіпорын өнім­дерін халал стандартымен шығарып отыр?
– Бүгінгі таңда, құдайға шүкір, халал ин­дустриясының аяқ алысы жаман емес. Алланың қолдауымен күн өткен сайын дамып келе жатыр. Бүгінде 600-ден астам кәсіпорын өнімдерін «халал» стан­дар­ты­мен шығарып келеді. Оның үстіне халалға өтіп жатқан кәсіпорындар – жай ғана шағын кәсіпорындар емес, халыққа, елге, Отанға үлкен пайда әкеліп жатқан сапасы жоғары өнімдер шығаратын ірі кәсіп­орын­дар.
Бүгінгі таңда ел де адалдың не екенін түсініп келеді. Бұрын халалды шошқаның етінсіз жасалған шұжық деп қана түсінуші еді. Бүгінде халық халал деген шұжық қана емес, ол үлкен индустрия екенін, яғни бүкіл ет, нан, сүт өнімдері, сусындар, тіпті жеңіл өнеркәсіп, білім-ғылым, спорт, туризм, косметика, медицина, пар­фю­ме­рия, клиника, логистика, банкинг, сақ­тан­ды­ру салаларының да халал жүйесі барын ұғынуда. Ең бастысы, халал өмір сүру салты екенін біле бастады.
Халал индустриясының негізін қалап, жақсы жүргізіп келе жатқан мемлекет – Малайзия. Сондықтан бәріміз Малайзияға қарап бой түзейміз. Бүгінгі таңда Ел­ба­сы­мыз Малайзияның мемлекет басшысымен келісімшартқа отырып, Қазақстанда халал парк, халал хаб жүйесін құруға ниет бұр­ды. Осы мәселеде Ауыл шаруашылығы мен Индустрия және жаңа технологиялар министрліктеріне қолдан келген кө­ме­гімізді беріп жатырмыз. Себебі тәжірибе жағынан елімізде бізге тең келе қоятындар жоқ.
Бүгінде Қазақстан халал қауым­дас­ты­ғының өрісі кеңейіп, ауқымы ұлғайды. Халалдың еуразиялық одағы құрылды. Стандарты мен логотипі бекітілді. Әр мем­лекет өз міндеттерін белгілеп алды. Біздің міндетке «Халал» еуразиялық ода­ғының мүшесі болғысы келетін серти­фикаттау органдарын аккредитациялау кіреді. Сондай-ақ бірыңғай «Халал» логотипі бойынша бірыңғай реестр енгізу мен ғылыми-оқыту орталығын басқару да біз­дің мойнымызда. Яғни халал сертификатын беретін мемлекеттердің сарапшыларының бәрі енді бізде оқытылатын болады. Оның бас оқытушысы – менмін. Қысқасы, жүйе­міз әлемде бәсекеге қабілетті жүйеге айналды. Қаншама мемлекет қазіргі таңда біздің логотиппен жұмыс істегісі келе­тін­дік­терін білдіруде. Күні кеше Қырғызстанның халал жүйесін оқыттық. Енді Бразилия мен Корея да бізден аккредитациялану үшін құжаттарын реттеп жатыр.
Әлемдік халал жүйесінде ІССІ-ІНІ халал бірлігінің халықаралық альянсы деген үлкен жүйе бар. Ол – әлемдік серти­фи­каттау органдарының альянсы. Бұл – Малайзия мемлекеті мен Ислам ынты­мақ­тастық ұйымының бірлесіп құрған алянсы. Бүгінде сол жүйенің де аккредитациясынан өтіп, сертификатын алып келдік. ТМД елде­рі ішіндегі ІССІ-ІНІ халал бірлігінің халықаралық альянсының стандартын алған мемлекет әзірге біз ғана.
Сондай-ақ кәсіпорындардағы оқыту жүйесін құрдық. Олардың мамандары, технологтері, цех басшылары бізде тегіс оқытылады. Себебі халалға кірген соң, оның жүйесін бес саусақтай білуі тиіс. Біз ешкімді ұлтына қарап бөле-жармаймыз. Тек әлемнің 58 мемлекеті бекіткен фикх жүйесінің стандартында қасапханадағы мал бауыздайтын адам мұсылман болуы керек. Қалған қызметтердің барлығын басқа ұлттың, басқа діннің адамдары істей алады.
– Қоғам арасында «халалға» қа­тыс­ты кейбір түсініспеушіліктер туын­дауда. «О заманда бұ заман суды «халал-харам» деп бөлгені несі?» дейтіндерді кездестіріп жатырмыз. Немесе жұмыртқаны халал-харам деп бөлгені қалай деп те түсінбей жатады. Осыны қалай түсіндіріп бересіз?
– Ондайларға өкпелеуге болмайды. Өйткені көп жұрт бүгінде Қытайда тауық­сыз, қолдан жұмыртқа істеліп жатқанын біле бермейді. Ол жұмыртқалардың бәрі – химия. Сырты парафин, гипс. Іші де сон­дай химия. Тек ортасындағы ақуызы ғана шошқаның желатині. Демек, сол жұ­мыр­т­қа­ның өзіне бізге Қытай шошқа қосып беріп отыр. Ал ғалымдар ресми стандартта шошқаның желатині де, глицерині де, басқасы да халал емес деп пәтуа берген. Оны айтып отырған себебім, қазіргі күні кейбір ағымдардың өкілдері шошқаның желатині харам емес, себебі оның құрамы өзгерді, анасы өзгерді, мынасы өзгерді деп жүр. Оның ешқандай өзгермейтінін ғылым да генетикалық тұрғыдан дәлелдеп берген. Себебі өртеніп кеткен шошқаның күлінен де оның шошқа екенін ДНК-дан анықтауға болады. Ал негізгі ақпараттың бәрі ДНК-да сақталады.
Осы секілді сиыр етінің пастасы деген де шықты. Ол пастаны шошқаның етіне қосып араластырса, шошқа етінің сиыр­дың етінен еш айырмашылығы болмай қалады. Бірақ біздің оны анықтайтын арнайы тестіміз бар.
Енді суға келетін болсақ, әлемдік стан­дарттардың барлығында су және судан жасалатын өнімдердің барлығы серти­фи­катталуы керек деп шешім қабылданған. Мәселен, жасыратыны жоқ, бүгінгі күні судың ыдыстарынан небір діннің сим­вол­дарын көретін болдық. Оның ішінде пұтқа табынушы, Аллаға серік қосушы діндердің де символдары бар. Ал судың ақпарат сақтаушы, ақпарат тасушы қасиеті бар. Яғни судың ыдысында не тұрса, ол соны бойына сіңіреді. Сыртына «у» деп жазып қойсаң, су у болатынын баяғыда дәлелдеп қойған.
Мәселен, қазақ қасиетті дұғалармен, Құран аяттарымен суға ішірткі жазып, шипа болсын деп ішетін болған. Яғни бұл – Құран ақпаратын суға енгізу деген сөз. Осы секілді біздің халалға өткен су өнімдері өздерінің суларын да аудиомен Құран оқып құйып жабады.
– «Халалға» қатысты соңғы кездері түрлі әңгімелер шыға бастады. «Марат Сәр­сенбаев «Халал» стандартын сау­да­лайды екен» деген де пыш-пыш­тарды құлағымыз шалып қалып жа­тыр. Мұндай әңгіменің шығуына не себеп? Қазақ «жел болмаса, шөптің басы қозғалмайды» дейді. Бұл қайдан келген «жел»?
– Оған себеп – халал жүйесі дамыды, енді оны әркім билеп кеткісі келеді. Бірақ оны басқарып кете ала ма? Әлемдік жүйе­де жүргізе ала ма, ол жүйені біле ме? Мәселе сонда. Мысалы, бүгінгі күні діни қызметкердің өзі халал стандартын дұрыс білмейді. Ал халал стандарт жүйесінің қызметкері дін қызметінен бейхабар деген секілді. Халалдың сыртынан небір сөз айт­қандар біздің жұмысты көрген соң тәу­бесіне келеді деп ойлаймын. Бізді біреулер жамандап жатса, оған біздің ренішіміз жоқ. Ресейдің саясаткері Жириновский: «Жақ­сы айтса да, жаман айтса да, ол – жарнама» демеп пе еді?
– «Халал» стандартын алған мал сою пункттері мен ет комбинаттарында мал адал бауыздалып жатыр ма, жоқ па, соны бақылайтын жүйе бар ма? Яғ­ни «көзі жоқтың өзі жоқ» деп, малды талапқа сай бауыздамайтындар да кездесетін шығар? Осы жағы бақылана ма? Мүмкін, мал бауыздайтын жер­лер­ді камерамен жабдықтау керек шығар. Онлайн көріп отыратындай...
– Қазір онлайн жүйесін құрумен ай­налысып жатырмыз. Мәскеудің бір үлкен компаниясымен келісімшарт жасастық. Бұл жүйені бізде жұмыс істейтін Ерғұлан Шметов деген азамат басқаратын болады. Енді халал стандартын алғысы келетін не ұзартқысы келетін мал сою пункттері тегіс онлайн камерамен жабдықталуы тиіс. Бұл – стандарттың бір тармағы. Жақында Мек­сикаға барғалы отырмын. Онда «Ше­ве­деке» деген жылқы етінің өнімдерін тара­тудан әлемдік үштікке кіретін үлкен компания халал сертификатын алайын деп жатыр. Оларға да «мал соятын адамдар мұсылман және оқыған болуы керек, сондай-ақ мал бауыздайтын орындар онлайн жүйесіне қосылуы керек» деген талап қоямыз. Литвадағы, өзіміздегі ком­панияларды да осыған көшіріп жатырмыз. Бұл бізге әлемнің қай нүктесінде мал бауыздалып жатса да, интернет арқылы Қазақстанда отырып бақылауға мүмкіндік береді. Түсірілім жадысы 12 сағатқа жете­ді. Күмәнданған адамға камера арқылы көрсетіп, күдігін сейілтіп отырамыз. Алла жазса, бұл жұмыс жақсы жүріп кетсе, жүйені жылдың аяғына дейін іске қосамыз.
 – Ресейдің Санкт-Петербург қала­сына барып, «Орбит» сағызын халалға өткізіп келгеніңізді білеміз. Сонда «Ор­биттің» басшылары мұсылман бол­ғаны ма? Әлде брендке қызығып, «Ха­лал» стандартын қабылдап отыр ма?
– «Орбит» сағызының басында отыр­ған басшылардың барлығы мұсылман бо­луы тиіс деген шарт жоқ. Мәселен, Малайзия – 100 пайыз «халал мемлекет». Ал ондағы экономиканың 70 пайызын ұстап отырғандар – қытайлар мен үндістер. Олар мұсылмандар емес, тіпті кітап иелері де емес. Былай келгенде, олар – пұтқа табынушылар. Бірақ олар халал өнім шығарып отыр. Енді «Орбитке» келетін болсақ, сағыз бірінші кезекте денсаулыққа зиян болмауы керек. Екіншіден, құрамында арам заттар, яғни шошқаның желатині, глицерині, бояғыш заттарында жәндік­терден алынатын кармин, кошемин секілді заттар, сосын этил спирті болмауы тиіс. Осы­ның бәрін тексеріп қана халал стандарты беріледі. «Орбит» сағызы бізге ең әуелі барлық қоспаларының толық құрамын жіберді. Оның бәрін біз тексердік. Біздің санитарлық эпидемиологиялық қызмет оның денсаулыққа зиян емесін қуаттады. Осы шешімдерді арқалап, оларға сертификат беруге барсам, олар да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен өздерінің санитарлық эпидемиологиялық қызметінің шешімін шығарып қойыпты. Бұл олардың халал стандартына сай екенін одан сайын қуаттай түсті. Бүгінде «Орбит» мұсылмандардың басым көпшілігі тұтынатын сағызына айналып отыр.
– Жалпы, сағызды халалға өткізу қаншалықты жөн? Себебі сағызды көп шайнасаң, денсаулыққа зиян. Гастрит, асқазан жарасы секілді ауруларды тауып алуың мүмкін. Ал дінде ден­сау­лық­қа зиян нәрселердің бәрі адал болмайтынын білеміз. Осы орайда сағыз күмәнділер қатарына жатпай ма? Ал Пайғам­ба­рымыздың «күмән­ді­ден қашыңдар» деген өсиеті бар.
– Адал тамақтың өзін құсқанша жесеңіз, мәкрүх болады. Ал мәкрух деген – харамның інісі. Сондықтан да Пайғам­барымыз тамақ ішкенде үштен бір бөлігін тамаққа, үштен бір бөлігін суға, қалған үштен бір бөлігін ауаға қалдыруды өсиет еткен. Алланың Елшісі: «Мен ақырзаман жақындағанда үмбетімнің қарнын қам­питып тоюынан қорқамын», – деген. Осы­ларды ескере келсек, сағыздың біз барлық қоспаларын халал қылдық, ал оны ұзақ шайнау не шайнамау өзіңізге байланысты. Медицинада Сенака деген ғалым: «Дәрінің мөлшерін сақтамасаң у болады, удың мөлшерін сақтап ішсең дәрі болады» деген екен.
– Жақында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарай­тын Техникалық реттеу және мет­ро­логия комитетінің жанындағы Ұлттық аккредитациялау орталығы бас дирек­торының бірінші орынбасары Серік Құрманғалиев «шошқасыз шұ­жық болмайды» деп жар салды. Ол кісінің бұлай деуіне қандай негіз бар? Жеке өз басыңыз осы сөзінен кейін Серік Құр­манғалиевпен кездестіңіз бе? Жал­пы, оның бұл сөзіне қандай уәж айтасыз?
– Мен бұл сөзді естігенде Мәскеуде халықаралық халал көрмесінде жүр едім. Сол жерде мұны маған Ресей мүфтиінің орынбасары келіп айтты. «Марат аға, сіздердің мемлекеттік стандарт жүйеңізде пәленше деген адам «шошқасыз шұжық болмайды» деп айтыпты. Бұл қалай? Барлығымыз сіздерді үлгі етіп отырғанда осылай деп айтуға бола ма?» – деп тұр. Өзім ыңғайсызданып қалдым. Қазіргі күні бұл шұжықты Араб елдері, Малайзия, Индонезия, жалпы, мұсылман елдері шығарып келеді. Сонда олар шошқаның етімен шығарып отыр ма екен? Олардың бәрі шошқасыз шұжық болмайды дегенді сотқа тартса, не болады? Ол халал шұжық шығаратын орындарды тексеріп пе екен? Шошқаны анықтайтын тесті бар ма екен? Ал ондай тест тек біздің лабораторияда ғана бар. Қалғанында бар шығар, бірақ ол ненің гені, ненің еті екенін анықтай алмайды. Сондықтан да ойланған адамға осы жауап та жеткілікті шығар. Менің ойымша, ол бауырымыз ойланбай сөйлеп қалды. Ол жиналысты менсіз өткізіп жібе­ріпті. Менің кеткенімді аңдып жүрді ме екен, әлде біреулер әдейі солай айтқызды ма, ол бір Аллаға мәлім. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген қазақ. Ондай әңгімелерді байқап айту керек.
– Марат аға, Астанада жақын арада FlyFarm деген жоба жүзеге аспақ. Жоба құс фабрикаларында жүргізіледі. Яғни Американың алып шыбындары арқы­лы құстың өз саңғырығын құрт­та­тып, өзіне азық қылып береді екен. Бұл жағдайда мұндай құстардың еті мұсылман үшін қалай болады? Бісміл­ләмен сойылғанның өзінде етін халал деуге келе ме?
– Қазір нәжіспен тамақтандырылған мал харам деген стандарт шықты. Тағы бір мәселе, баяғыда ХХ ғасырдың басында біздің құс фабрикалары «біз 120 күнде жұмыртқаны тауыққа айналдыра аламыз» деп мақтанса, қазір 20-25 күнде айнал­дыратын болды. Мұны сонда қалай түсі­нуге болады? Кезінде барлық протеиндерді пайдаланғанның өзінде ең кемі 120 күнде тауық болса, қазір қалайша 20-25 күнде тауық болады?
 Шын мәнінде ондай тауықтарға өсу гармонын пайдаланады. Ол – әйелдік гармон. Мұндай тауықтарды көп жеген әйелдерден туған бала көбіне гомо­сек­суал­­дылыққа ауып тұрады. Мұндай құбы­лыс соңғы кездері мұсылман мем­лекет­терінде де көптеп кездеседі. Сон­дық­тан бұл мәселені де қазір зерделеп-зерттеп жатырмыз.
Тауыққа қатысты тағы бір айта кететін дүние – тауықтың азығында ет-сүйек ұнын пайдаланбау мәселесі. Әлемдік стан­дар­тымыз бұған да тыйым салатын шешім шығарып берді. Әйтпесе тауықтар бір-бірінің басын, ішкі құрылысын, ет-сүйегін жеп, ақыр аяғы бір-бірін жейтіндей күйге жеткен еді. Ал бұдан каннибализмдік қасиет адамға да өтеді. Бұл сиырларға да әсер етеді. Оларға да осындай өздерінің сүйек пен етін ұн қылып өткізіп бергеннен сиырлар құтыратын болды. Яғни прион деген инфекциялық вирус сиырдың миын жеп тастайды. Сиырдың құтыруы, жын­да­нуы осыдан болады. Ал оның инку­ба­циялық кезеңі 10 жыл екен. Құтырған сиыр­дың етін жеп қойған адам қай уақытта құтырып шығатынын білмейсің. Ал адам­ның құтыруы сиырдан да жаман екен. Оны Мәскеу мен Санкт-Петербург ғалым­дары дәлелдеп отыр. Демек, бұл мәселеге өте сақтықпен қарауымыз керек. Сол үшін біздің стандарт оған тыйым салды. Қазір біз ет және сүйек ұнын пайдалануға тыйым салып жатырмыз. Бұрын «бисмилләһи Аллаһу әкбар» деп сою басты назарымыз болатын, қазір осындай мәселелерге дейін қарайтын жағдайға жеттік.

Алашқа айтар датым...
Қазақ қазақ болып сақталып қалғысы келсе, жегені, ішкені, кигені, нәпақасы адал болуы тиіс. Сонда ғана бақытқа кенеледі. Сондай-ақ жүректі таза ұстаған жөн. «Жүрек таза болса, адамның өне бойы таза болады» деген Пайғамбарымыздың өсиеті бар. Ол үшін жүрекке құйылатын «төрт бұлақты» таза ұстау керек. Олар: көз, құлақ, тіл, асқазан. Міне, осыларды таза ұстап, арамнан тыятын болса, жүрегіміз тап-таза, жасаған дұға-тілегіміз қабыл, еліміздің болашағы жарқын болады. Ата-бабамыз еш уақытта арам тамақ ішпеген, арам кәсіп қылмаған. Олар «Бақара» сүресінің 168-аятында айтылатын: «Әй, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан», – деген өсиетке берік болған. Себебі ата жауымыз шайтан Адам атамыз бен Хауа анамызды харам жегізу арқылы өзінің соңынан ілестіріп, жұмақтан шығарды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста