Халал мәселесінде өзге жұрт Қазақстанға қарайтын болды
Марат СӘРСЕНБАЕВ, «Халал» комитетінің төрағасы:
– Марат Ағыбайұлы, еліміздегі халал индустриясының аяқ алысы қалай? Ең әуелі, осыдан хабардар етіп өтсеңіз. Бүгінде қанша кәсіпорын өнімдерін халал стандартымен шығарып отыр?
– Бүгінгі таңда, құдайға шүкір, халал индустриясының аяқ алысы жаман емес. Алланың қолдауымен күн өткен сайын дамып келе жатыр. Бүгінде 600-ден астам кәсіпорын өнімдерін «халал» стандартымен шығарып келеді. Оның үстіне халалға өтіп жатқан кәсіпорындар – жай ғана шағын кәсіпорындар емес, халыққа, елге, Отанға үлкен пайда әкеліп жатқан сапасы жоғары өнімдер шығаратын ірі кәсіпорындар.
Бүгінгі таңда ел де адалдың не екенін түсініп келеді. Бұрын халалды шошқаның етінсіз жасалған шұжық деп қана түсінуші еді. Бүгінде халық халал деген шұжық қана емес, ол үлкен индустрия екенін, яғни бүкіл ет, нан, сүт өнімдері, сусындар, тіпті жеңіл өнеркәсіп, білім-ғылым, спорт, туризм, косметика, медицина, парфюмерия, клиника, логистика, банкинг, сақтандыру салаларының да халал жүйесі барын ұғынуда. Ең бастысы, халал өмір сүру салты екенін біле бастады.
Халал индустриясының негізін қалап, жақсы жүргізіп келе жатқан мемлекет – Малайзия. Сондықтан бәріміз Малайзияға қарап бой түзейміз. Бүгінгі таңда Елбасымыз Малайзияның мемлекет басшысымен келісімшартқа отырып, Қазақстанда халал парк, халал хаб жүйесін құруға ниет бұрды. Осы мәселеде Ауыл шаруашылығы мен Индустрия және жаңа технологиялар министрліктеріне қолдан келген көмегімізді беріп жатырмыз. Себебі тәжірибе жағынан елімізде бізге тең келе қоятындар жоқ.
Бүгінде Қазақстан халал қауымдастығының өрісі кеңейіп, ауқымы ұлғайды. Халалдың еуразиялық одағы құрылды. Стандарты мен логотипі бекітілді. Әр мемлекет өз міндеттерін белгілеп алды. Біздің міндетке «Халал» еуразиялық одағының мүшесі болғысы келетін сертификаттау органдарын аккредитациялау кіреді. Сондай-ақ бірыңғай «Халал» логотипі бойынша бірыңғай реестр енгізу мен ғылыми-оқыту орталығын басқару да біздің мойнымызда. Яғни халал сертификатын беретін мемлекеттердің сарапшыларының бәрі енді бізде оқытылатын болады. Оның бас оқытушысы – менмін. Қысқасы, жүйеміз әлемде бәсекеге қабілетті жүйеге айналды. Қаншама мемлекет қазіргі таңда біздің логотиппен жұмыс істегісі келетіндіктерін білдіруде. Күні кеше Қырғызстанның халал жүйесін оқыттық. Енді Бразилия мен Корея да бізден аккредитациялану үшін құжаттарын реттеп жатыр.
Әлемдік халал жүйесінде ІССІ-ІНІ халал бірлігінің халықаралық альянсы деген үлкен жүйе бар. Ол – әлемдік сертификаттау органдарының альянсы. Бұл – Малайзия мемлекеті мен Ислам ынтымақтастық ұйымының бірлесіп құрған алянсы. Бүгінде сол жүйенің де аккредитациясынан өтіп, сертификатын алып келдік. ТМД елдері ішіндегі ІССІ-ІНІ халал бірлігінің халықаралық альянсының стандартын алған мемлекет әзірге біз ғана.
Сондай-ақ кәсіпорындардағы оқыту жүйесін құрдық. Олардың мамандары, технологтері, цех басшылары бізде тегіс оқытылады. Себебі халалға кірген соң, оның жүйесін бес саусақтай білуі тиіс. Біз ешкімді ұлтына қарап бөле-жармаймыз. Тек әлемнің 58 мемлекеті бекіткен фикх жүйесінің стандартында қасапханадағы мал бауыздайтын адам мұсылман болуы керек. Қалған қызметтердің барлығын басқа ұлттың, басқа діннің адамдары істей алады.
– Қоғам арасында «халалға» қатысты кейбір түсініспеушіліктер туындауда. «О заманда бұ заман суды «халал-харам» деп бөлгені несі?» дейтіндерді кездестіріп жатырмыз. Немесе жұмыртқаны халал-харам деп бөлгені қалай деп те түсінбей жатады. Осыны қалай түсіндіріп бересіз?
– Ондайларға өкпелеуге болмайды. Өйткені көп жұрт бүгінде Қытайда тауықсыз, қолдан жұмыртқа істеліп жатқанын біле бермейді. Ол жұмыртқалардың бәрі – химия. Сырты парафин, гипс. Іші де сондай химия. Тек ортасындағы ақуызы ғана шошқаның желатині. Демек, сол жұмыртқаның өзіне бізге Қытай шошқа қосып беріп отыр. Ал ғалымдар ресми стандартта шошқаның желатині де, глицерині де, басқасы да халал емес деп пәтуа берген. Оны айтып отырған себебім, қазіргі күні кейбір ағымдардың өкілдері шошқаның желатині харам емес, себебі оның құрамы өзгерді, анасы өзгерді, мынасы өзгерді деп жүр. Оның ешқандай өзгермейтінін ғылым да генетикалық тұрғыдан дәлелдеп берген. Себебі өртеніп кеткен шошқаның күлінен де оның шошқа екенін ДНК-дан анықтауға болады. Ал негізгі ақпараттың бәрі ДНК-да сақталады.
Осы секілді сиыр етінің пастасы деген де шықты. Ол пастаны шошқаның етіне қосып араластырса, шошқа етінің сиырдың етінен еш айырмашылығы болмай қалады. Бірақ біздің оны анықтайтын арнайы тестіміз бар.
Енді суға келетін болсақ, әлемдік стандарттардың барлығында су және судан жасалатын өнімдердің барлығы сертификатталуы керек деп шешім қабылданған. Мәселен, жасыратыны жоқ, бүгінгі күні судың ыдыстарынан небір діннің символдарын көретін болдық. Оның ішінде пұтқа табынушы, Аллаға серік қосушы діндердің де символдары бар. Ал судың ақпарат сақтаушы, ақпарат тасушы қасиеті бар. Яғни судың ыдысында не тұрса, ол соны бойына сіңіреді. Сыртына «у» деп жазып қойсаң, су у болатынын баяғыда дәлелдеп қойған.
Мәселен, қазақ қасиетті дұғалармен, Құран аяттарымен суға ішірткі жазып, шипа болсын деп ішетін болған. Яғни бұл – Құран ақпаратын суға енгізу деген сөз. Осы секілді біздің халалға өткен су өнімдері өздерінің суларын да аудиомен Құран оқып құйып жабады.
– «Халалға» қатысты соңғы кездері түрлі әңгімелер шыға бастады. «Марат Сәрсенбаев «Халал» стандартын саудалайды екен» деген де пыш-пыштарды құлағымыз шалып қалып жатыр. Мұндай әңгіменің шығуына не себеп? Қазақ «жел болмаса, шөптің басы қозғалмайды» дейді. Бұл қайдан келген «жел»?
– Оған себеп – халал жүйесі дамыды, енді оны әркім билеп кеткісі келеді. Бірақ оны басқарып кете ала ма? Әлемдік жүйеде жүргізе ала ма, ол жүйені біле ме? Мәселе сонда. Мысалы, бүгінгі күні діни қызметкердің өзі халал стандартын дұрыс білмейді. Ал халал стандарт жүйесінің қызметкері дін қызметінен бейхабар деген секілді. Халалдың сыртынан небір сөз айтқандар біздің жұмысты көрген соң тәубесіне келеді деп ойлаймын. Бізді біреулер жамандап жатса, оған біздің ренішіміз жоқ. Ресейдің саясаткері Жириновский: «Жақсы айтса да, жаман айтса да, ол – жарнама» демеп пе еді?
– «Халал» стандартын алған мал сою пункттері мен ет комбинаттарында мал адал бауыздалып жатыр ма, жоқ па, соны бақылайтын жүйе бар ма? Яғни «көзі жоқтың өзі жоқ» деп, малды талапқа сай бауыздамайтындар да кездесетін шығар? Осы жағы бақылана ма? Мүмкін, мал бауыздайтын жерлерді камерамен жабдықтау керек шығар. Онлайн көріп отыратындай...
– Қазір онлайн жүйесін құрумен айналысып жатырмыз. Мәскеудің бір үлкен компаниясымен келісімшарт жасастық. Бұл жүйені бізде жұмыс істейтін Ерғұлан Шметов деген азамат басқаратын болады. Енді халал стандартын алғысы келетін не ұзартқысы келетін мал сою пункттері тегіс онлайн камерамен жабдықталуы тиіс. Бұл – стандарттың бір тармағы. Жақында Мексикаға барғалы отырмын. Онда «Шеведеке» деген жылқы етінің өнімдерін таратудан әлемдік үштікке кіретін үлкен компания халал сертификатын алайын деп жатыр. Оларға да «мал соятын адамдар мұсылман және оқыған болуы керек, сондай-ақ мал бауыздайтын орындар онлайн жүйесіне қосылуы керек» деген талап қоямыз. Литвадағы, өзіміздегі компанияларды да осыған көшіріп жатырмыз. Бұл бізге әлемнің қай нүктесінде мал бауыздалып жатса да, интернет арқылы Қазақстанда отырып бақылауға мүмкіндік береді. Түсірілім жадысы 12 сағатқа жетеді. Күмәнданған адамға камера арқылы көрсетіп, күдігін сейілтіп отырамыз. Алла жазса, бұл жұмыс жақсы жүріп кетсе, жүйені жылдың аяғына дейін іске қосамыз.
– Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барып, «Орбит» сағызын халалға өткізіп келгеніңізді білеміз. Сонда «Орбиттің» басшылары мұсылман болғаны ма? Әлде брендке қызығып, «Халал» стандартын қабылдап отыр ма?
– «Орбит» сағызының басында отырған басшылардың барлығы мұсылман болуы тиіс деген шарт жоқ. Мәселен, Малайзия – 100 пайыз «халал мемлекет». Ал ондағы экономиканың 70 пайызын ұстап отырғандар – қытайлар мен үндістер. Олар мұсылмандар емес, тіпті кітап иелері де емес. Былай келгенде, олар – пұтқа табынушылар. Бірақ олар халал өнім шығарып отыр. Енді «Орбитке» келетін болсақ, сағыз бірінші кезекте денсаулыққа зиян болмауы керек. Екіншіден, құрамында арам заттар, яғни шошқаның желатині, глицерині, бояғыш заттарында жәндіктерден алынатын кармин, кошемин секілді заттар, сосын этил спирті болмауы тиіс. Осының бәрін тексеріп қана халал стандарты беріледі. «Орбит» сағызы бізге ең әуелі барлық қоспаларының толық құрамын жіберді. Оның бәрін біз тексердік. Біздің санитарлық эпидемиологиялық қызмет оның денсаулыққа зиян емесін қуаттады. Осы шешімдерді арқалап, оларға сертификат беруге барсам, олар да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен өздерінің санитарлық эпидемиологиялық қызметінің шешімін шығарып қойыпты. Бұл олардың халал стандартына сай екенін одан сайын қуаттай түсті. Бүгінде «Орбит» мұсылмандардың басым көпшілігі тұтынатын сағызына айналып отыр.
– Жалпы, сағызды халалға өткізу қаншалықты жөн? Себебі сағызды көп шайнасаң, денсаулыққа зиян. Гастрит, асқазан жарасы секілді ауруларды тауып алуың мүмкін. Ал дінде денсаулыққа зиян нәрселердің бәрі адал болмайтынын білеміз. Осы орайда сағыз күмәнділер қатарына жатпай ма? Ал Пайғамбарымыздың «күмәндіден қашыңдар» деген өсиеті бар.
– Адал тамақтың өзін құсқанша жесеңіз, мәкрүх болады. Ал мәкрух деген – харамның інісі. Сондықтан да Пайғамбарымыз тамақ ішкенде үштен бір бөлігін тамаққа, үштен бір бөлігін суға, қалған үштен бір бөлігін ауаға қалдыруды өсиет еткен. Алланың Елшісі: «Мен ақырзаман жақындағанда үмбетімнің қарнын қампитып тоюынан қорқамын», – деген. Осыларды ескере келсек, сағыздың біз барлық қоспаларын халал қылдық, ал оны ұзақ шайнау не шайнамау өзіңізге байланысты. Медицинада Сенака деген ғалым: «Дәрінің мөлшерін сақтамасаң у болады, удың мөлшерін сақтап ішсең дәрі болады» деген екен.
– Жақында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарайтын Техникалық реттеу және метрология комитетінің жанындағы Ұлттық аккредитациялау орталығы бас директорының бірінші орынбасары Серік Құрманғалиев «шошқасыз шұжық болмайды» деп жар салды. Ол кісінің бұлай деуіне қандай негіз бар? Жеке өз басыңыз осы сөзінен кейін Серік Құрманғалиевпен кездестіңіз бе? Жалпы, оның бұл сөзіне қандай уәж айтасыз?
– Мен бұл сөзді естігенде Мәскеуде халықаралық халал көрмесінде жүр едім. Сол жерде мұны маған Ресей мүфтиінің орынбасары келіп айтты. «Марат аға, сіздердің мемлекеттік стандарт жүйеңізде пәленше деген адам «шошқасыз шұжық болмайды» деп айтыпты. Бұл қалай? Барлығымыз сіздерді үлгі етіп отырғанда осылай деп айтуға бола ма?» – деп тұр. Өзім ыңғайсызданып қалдым. Қазіргі күні бұл шұжықты Араб елдері, Малайзия, Индонезия, жалпы, мұсылман елдері шығарып келеді. Сонда олар шошқаның етімен шығарып отыр ма екен? Олардың бәрі шошқасыз шұжық болмайды дегенді сотқа тартса, не болады? Ол халал шұжық шығаратын орындарды тексеріп пе екен? Шошқаны анықтайтын тесті бар ма екен? Ал ондай тест тек біздің лабораторияда ғана бар. Қалғанында бар шығар, бірақ ол ненің гені, ненің еті екенін анықтай алмайды. Сондықтан да ойланған адамға осы жауап та жеткілікті шығар. Менің ойымша, ол бауырымыз ойланбай сөйлеп қалды. Ол жиналысты менсіз өткізіп жіберіпті. Менің кеткенімді аңдып жүрді ме екен, әлде біреулер әдейі солай айтқызды ма, ол бір Аллаға мәлім. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген қазақ. Ондай әңгімелерді байқап айту керек.
– Марат аға, Астанада жақын арада FlyFarm деген жоба жүзеге аспақ. Жоба құс фабрикаларында жүргізіледі. Яғни Американың алып шыбындары арқылы құстың өз саңғырығын құрттатып, өзіне азық қылып береді екен. Бұл жағдайда мұндай құстардың еті мұсылман үшін қалай болады? Бісмілләмен сойылғанның өзінде етін халал деуге келе ме?
– Қазір нәжіспен тамақтандырылған мал харам деген стандарт шықты. Тағы бір мәселе, баяғыда ХХ ғасырдың басында біздің құс фабрикалары «біз 120 күнде жұмыртқаны тауыққа айналдыра аламыз» деп мақтанса, қазір 20-25 күнде айналдыратын болды. Мұны сонда қалай түсінуге болады? Кезінде барлық протеиндерді пайдаланғанның өзінде ең кемі 120 күнде тауық болса, қазір қалайша 20-25 күнде тауық болады?
Шын мәнінде ондай тауықтарға өсу гармонын пайдаланады. Ол – әйелдік гармон. Мұндай тауықтарды көп жеген әйелдерден туған бала көбіне гомосексуалдылыққа ауып тұрады. Мұндай құбылыс соңғы кездері мұсылман мемлекеттерінде де көптеп кездеседі. Сондықтан бұл мәселені де қазір зерделеп-зерттеп жатырмыз.
Тауыққа қатысты тағы бір айта кететін дүние – тауықтың азығында ет-сүйек ұнын пайдаланбау мәселесі. Әлемдік стандартымыз бұған да тыйым салатын шешім шығарып берді. Әйтпесе тауықтар бір-бірінің басын, ішкі құрылысын, ет-сүйегін жеп, ақыр аяғы бір-бірін жейтіндей күйге жеткен еді. Ал бұдан каннибализмдік қасиет адамға да өтеді. Бұл сиырларға да әсер етеді. Оларға да осындай өздерінің сүйек пен етін ұн қылып өткізіп бергеннен сиырлар құтыратын болды. Яғни прион деген инфекциялық вирус сиырдың миын жеп тастайды. Сиырдың құтыруы, жындануы осыдан болады. Ал оның инкубациялық кезеңі 10 жыл екен. Құтырған сиырдың етін жеп қойған адам қай уақытта құтырып шығатынын білмейсің. Ал адамның құтыруы сиырдан да жаман екен. Оны Мәскеу мен Санкт-Петербург ғалымдары дәлелдеп отыр. Демек, бұл мәселеге өте сақтықпен қарауымыз керек. Сол үшін біздің стандарт оған тыйым салды. Қазір біз ет және сүйек ұнын пайдалануға тыйым салып жатырмыз. Бұрын «бисмилләһи Аллаһу әкбар» деп сою басты назарымыз болатын, қазір осындай мәселелерге дейін қарайтын жағдайға жеттік.
Алашқа айтар датым...
Қазақ қазақ болып сақталып қалғысы келсе, жегені, ішкені, кигені, нәпақасы адал болуы тиіс. Сонда ғана бақытқа кенеледі. Сондай-ақ жүректі таза ұстаған жөн. «Жүрек таза болса, адамның өне бойы таза болады» деген Пайғамбарымыздың өсиеті бар. Ол үшін жүрекке құйылатын «төрт бұлақты» таза ұстау керек. Олар: көз, құлақ, тіл, асқазан. Міне, осыларды таза ұстап, арамнан тыятын болса, жүрегіміз тап-таза, жасаған дұға-тілегіміз қабыл, еліміздің болашағы жарқын болады. Ата-бабамыз еш уақытта арам тамақ ішпеген, арам кәсіп қылмаған. Олар «Бақара» сүресінің 168-аятында айтылатын: «Әй, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан», – деген өсиетке берік болған. Себебі ата жауымыз шайтан Адам атамыз бен Хауа анамызды харам жегізу арқылы өзінің соңынан ілестіріп, жұмақтан шығарды.