Валюта да мемлекеттің өзіндік ерекшелігін көрсететін рәміздер сияқты маңызға ие

Хайролла ҒАБЖАЛЕЛОВ, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының директоры, теңге авторы:

– Хайролла Мағауияұлы, біз сіздің ата тарих жолында біршама жұмыстар атқарып жатқаныңыз­ды білеміз. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы тарихты қаншалықты зерттеп үлгерді?
– Адам өткен өміріне көз жіберіп «не істедім» деген сұраққа жауап іздегенде өзі ұялмайтындай болуы керек. Ол үшін қо­ғам, өмір сүріп отырған айналаң құрмет­тесе, бекер жүрмегенің. Қазіргі кезде  адамдардың ойлау деңгейі күнкөріс дәрежесінде қалып, еңбегі қарақан басы­нан аспай жатыр. Мұны айтып отырған себебім, ортақ іске – ұлттық руханиятты кө­те­руге келгенде біздің ең зиялы қауымның өзі біріге алмай отыр. Жеке-жеке отырып алып еліміздің ертеңі туралы айтқанда немесе науқандық шараларды ұйымдас­тырғанда олардан өткен «қаһарман» таба алмайсыз. Бұл дегеніңіз – бізде ірілік жоға­лып, қазақ қоғамы ұсақталып барады.  Біз үлкен идеяға, салмақты, салиқалы жұмыс атқаруға біріксек, ұлттық идеология саласында қордаланған мәселелер  шешімін табар еді. Және бір-бірімізді сынамай, кекетіп-мұқатпай бірігуіміз керек. Ел, Отан өзіміздікі, оған әркім өздігінше қызмет етеді.  Ұлт рухания­тының тоқырап, түйіні шешілмей жатқан саласына біраз күш жұмсап жатырмыз. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын құрған­дағы мақсатымыз – осы өскелең ұрпаққа бағыт беру, өз тарихын білуіне, ұлттық дәстүрді бойына сіңі­руіне септігіміз тисе, бос өмір сүрмегеніміз. Жасап жатқан осы және басқа да жұмыс­тарымызға ел ағалары мен ұлт зиялылары ыстық ықыластарын біл­діріп, жақсы лебіз танытып жатады. Яғни қолымдағы азды-көпті маңдай теріммен тапқан қаржымның басын қосып, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы арқылы халқы­мыз­дың тарихын зерттеп, оны кітап етіп шығаруға, ұлттық мүддені  қорғау жолын­да жұмыс жасап жатырмыз.
– Әңгімеміз тарих туралы жақсы басталды. Сіздің елге кеңінен танымал болуыңыз төл валютамыз – теңгенің дүниеге келуімен байланысты. «Теңге» деп ат берудің мәні неде және мұндай ойға қалай келдіңіз?
– Тағы да қайталап айтамын, біз мықты мемлекет болғымыз келсе, үлкен істер атқаруға себепкер болайық. Байқағаным, ойлау деңгейі бүгінгі өмірінен аса алмай­тын адам қауіпті. 1992 жылы өзіміздің ұйымдастыруымызбен топ құрып, ұлттық валюта жасауға кіріскенде біз ешкімнен кеңес не қолдау күтпей, қажыр-қайраты­мызды салып жұмысқа кірісіп кеткенбіз. Ол кезде еліміздегі банктер Тәуелсіздігін енді алған мемлекетіміздің қаржылық саласын­дағы өтпелі кезеңде тұрған. Сол кездегі банктер ұлттық валюта туралы ойлаудан гөрі өздерінің ішкі жұмыстарын жаңа мемлекеттің жағдайына ыңғайластырумен айналысып жатқан. Ұлттық валюта туралы  біздің ұсынысымыз дер кезінде қолдау тауып, теңгенің алғашқы нұсқалары Елба­сы­ның батасын алып, теңгені басып шыға­ру үшін Ұлыбританияға ұшып кеттім. Содан мен 1992-97 жылдар аралығында Ұлыбритания және көптеген шетелде төл валютамыздың заңдық құжаттарын реттес­тіріп жүрдім. Көрмеген-білмеген адамға ақша жасау оңай көрінуі мүмкін. Ол кітап сияқты баспаханада басылатын дүние емес. Валюта да мемлекеттің өзіндік ерек­шелігін көрсететін рәміздер сияқты маңыз­ға ие. Оның өзіне тән технология­ларын оқып-білмей жасап шығару мүмкін емес. Валюта елдің әлемдік деңгейдегі орнын көрсете­тіндіктен, халықаралық ұйымдар мен әлем­дік валютаны қадағалайтын арнайы мамандандырылған мекемелердің алдын­да теңгенің заңдық мәртебесін айқындау үшін қаншама баяндамалар мен келіссөз­дер жүргізілді.
– Тәуелсіздігін енді алған кезде көптеген елге бейтаныс жас мемлекетіміздің валютасы туралы баяндама жасау, келіссөздер жүргізу біраз қиындық тудырған шығар?..
– Әрине, барлық кездесулерді өзімнің ұйымдастыруыма тура келгені жасырын емес. Дегенмен ел сенімі мойнымызда тұрғаннан кейін ауыртпашылықтарға қара­май, жас мемлекеттің валютасын қалыптастыруға және айналысқа енгізу мәселесінде жолыққан кез келген қиын­дық­ты уақытында шешуге тырысып отырдық. Келіссөздер барысында  теңгенің тарихы туралы кеңінен баяндама жасауға келгенде азды-көпті тосылып қалып, со­ның әсерінен елге келіп тарихшы ғалым­дар­мен ақылдасып, кеңес алумен жүрдім. Сол кезде байқағаным, барлығы да КПСС тарихынан қорғап, ғылыми дәреже алға­нымен, орта ғасыр тарихы туралы кеңінен айтып беруге, тереңнен әңгіме қозғауға келгенде кібіртіктеп қалады. Тарихшылар­дың көпшілігіне топырақ шашуға болмас. Дегенмен кеңес­тік ұлтсыздандыру, ата тарихты халықтың жадынан өшіру науқа­нына шын берілген тарихшылар сол үкімет тарихын жақсы біліп, ЖОО-да сабақ беріп, жылына бір-екі ғылыми конференцияға қаты­суы­мен ғана шектеліп отырған. Тарихшыла­рымыздың мұндай халге түсуі – орталық­тың жоспарлы түрде жүргізген арнайы шаруасының нәти­жесі.
– Сол ХХ ғасырда қазақтың басынан қаншама нәубет өтті. Тарихтың ақтаңдақтары енді-енді ашылып, зерттеліп жатыр. Өткен­де Мемлекеттік хатшы М.Тәжин арнайы мәлімдеме жасап, тарих­қа жаңа көзқарас керектігін айтты. Осы ұсыныс қаншалықты көңілге қонымды?
– Мемлекеттік хатшының мәлімдеме­сінен кейін тарихшылардың барлығы қол­дау білдірді.
Тарих елдің ұлттық идеологиясының негізі болғандықтан, қаншама ғасырдан бері атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қаншама асыл қазыналарымыз кейде тарихшылар мен әдебиетшілердің назарынан тыс қа­лып, зерттелмей жатыр. Біздің елді ерек­ше­леп отырған әдеп-ғұрпымыз тарихты зерттеу­дің басы болуы керек.
Мемлекеттік хатшының мұндай мәлім­демесі тың бастама болғаны жасырын емес. Яғни мемлекеттің өзі осы салаға мо­йын бұрып, ықылас танытып отырған шағында оны ел игілігіне дұрыс пайдалана білген жөн.    
– Қарап отырсақ, соңғы жыл­да­ры биліктегі азаматтардың ұлттық құндылықтарға, рухани дүние­лер­ге көңіл бөле бастағанын көреміз.
– Мұның бәрі ұлттық идеологияның негізі болғандықтан, онсыз ел өзінше дербес дами алмайтынына биліктегілердің көзі жетті. Кеш те болса Құдайға шүкір.
– 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін жалпы халықтың аза тұту күніне айналдыру мәселесі жылда сол күні айтылады да қалады. Біздің ел украиндер сияқты батылдыққа бара ала ма?
– 31 мамыр – саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күнін үлкен айтулы күн жасау керектігі туралы ұсыныс сол жерде қалады. Кейіннен бас қосып, осы мәселені көтеруге ауызбіршілік жете бермейтін сияқты немесе араларында ұйымдастырушы азаматтар жоқ. 10-15 тарихшы бірлесіп 31 мамырды жалпыұлт­тық аза тұту күні деп жариялау жөнінде билікке ұсыныс білдірсе, бір нәтиже шығар еді. Жай көзге көрінбегенімен, тарих­шы ғалымдар идеология жағынан өте ықпал­ды топқа жатады. 
ХХ ғасырда қазақ халқының тартқан азабы аз емес. 1916-17 жылдардағы дүрбе­лең, зұлмат, аштық, 1941-45 жыл­дар­дағы соғыс, одан кейінгі ядролық сынақ, тың игеру жұмыстарын жүргізу – барлығы да – қазақты құртуға бағытталған, астарында үлкен саяси мәні бар үрдістер. Осы ақтаң­дақтардың зардабын біз Тәуел­сіздік алған­нан бері тартып келе жатырмыз.
– Онда әңгімені сіз жетекшілік ететін «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының жасап жатқан жұмыстары мен болашақ жоспарларына бұрсақ...
– «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы құрылғаннан бері тарих үшін біршама жұмыстар атқарып үлгерді. Бірнеше ғалымның басын біріктіріп, олардың еңбекақы, іссапарға шығу қаражаттарының барлығын көтеріп отырмын. Мен өзім тарихшы емеспін. Және асып-тасып тұрған кәсіпкер де емеспін. Солай екен деп қара­қан басымның қамын күйттеп отыруды жөн санамаймын.
Өзім әлемнің біраз елінде болған кезімде тарихымызға қатысты  кітаптарды жинастырып жүремін. Олардың саны 5-6 мыңға жетіпті. Соларды аудартып, керекті мағлұматтарын алып және басқа да мұра­ғат­тарды ақтарып, 40 томдық кітап шығар­дық. Енді тағы 10 томдық кітап дайын тұр. Осылардың барлығын өскелең жастар мен келешек ұрпақ үшін жасауымыз ке­рек.
– Мұндай азаматтық жұмыстарыңызды қоғам қалай қабылдап жатыр?
– Әңгімеміздің басында айтып өткен­дей, мен бұл жұмыстарды біреу көрсін не ел танысын деп жасап жатқан жоқпын. Және де ешкімнің мақтауына мұқтаж емес­пін. Тек жасап жатқан осынау істерімізді жоққа шығаруға тырыспаса екен деймін.
Бір ғана айтарым: бүкіл әлемдегі космос, физика, химия, биотехнология салаларындағы озық жетістіктерді еліміз­ге көшіріп әкелуімізге болады. Тек тарихты және ұлттық құндылықтарымыз бен руха­ниятымызды басқа жақтан көшіре алмай­мыз. Ол үшін тарихқа терең мән беріп, ауызбіршілігіміз жақсы болуы керек.
– Жалпы, әлемдік тарихта өте сирек кездесетін балбалтастарды зерттеу мен мәнін ашу елімізде кешеуілдеп келеді. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– «Өткен тарихыңды білмесең, бола­шағың бұлыңғыр» деген екен Лев Гумилев. Мойындау керек, біздің елде дамып өр­кен­деп жатқан салалар бар. Ақсап тұрған саланың бірі рухани құндылықтар мен ұлттық идеология екеніне нақты көзіміз жетті және бұл салада кенжелеп қалудың арты жақсылыққа апармайтынын біліп, идеологияға жауапты тұлғалар нақты әрекеттер жасағаны жөн. Балбалтастарға қатысты айтарым – осы. Себебі бізде көп сала өте тар шеңберде зерттеліп және солай насихатталады.
– Хайролла аға, жақында қоғамды пікірталасымен екіге бөлген латын әліпбиіне көшу мәсе­лесінде сіздің ойыңыз қан­дай?
– Жалпы, тарихтан білетініміздей, жер бетінен бір халықты өте оңай жойып жібе­руге болады. Ол үшін әліпбиін өзгертсең жетіп жатыр. Дегенмен әлемдік талаптар мен заманның ағымын есепке алатын болсақ, күндердің күні латын әліпбиіне көшеріміз хақ. Дегенмен асықпау керек. Қазір бізде қазақ тілінің қолданыс аясының өте тар екенін және техника мен ғылым саласын бағындырып үлгермегенін ескеретін болсақ, бізге латынға көшуге 20-30 жыл қажет. Тарихқа қарап отырсаңыз, қазақ халқы – үш рет әліпби ауыстырған ел. Әрине, оның барлығы отаршыл импе­рияның соқыр саясатының негізінде жергілікті халықтың еркінен тыс жүргізілген шаруа екенін білеміз.
– Сол ата тарихқа қарап отыр­сақ, қазақ халқы жер бетінен жойылып кетумен бетпе-бет келсе де, аман қалып отырған. Осы ғажап құбылысты немен түсіндіресіз?
– Қазақ – жазылмаған ұлы дала кон­цеп­циясы негізінде өмір сүріп келе жатқан халық. Жеті ата, құда-жекжат, ағайын-бауыр, көрші-қолаң, бұдан жоғарғылары – рулық жүйенің өзі қаншама нәубеттерден аман алып қалған. Бұрынғы заман қазіргіге қарағанда айтарлықтай қиын болса да, жесірін әмеңгерлеп, жетімін бауырына басып, баласындай бағып-қаққан. Бұған қоса, той-томалақ, ас-жиындар халықтың жап­пай бір болуына үлкен септігін тигізген. Орыстарда өзінің бабасының кім екенін білмейтіндер бар. Ал біз бабамызға арнап ас беретін болсақ, ұрпақтары шақыруды күтпей-ақ өздері келіп, қолдарынан келген көмегін аямайды.
– Өзіңіз шетелдерде көп боласыз. Басқа халықтардың менталитеті мен ата-бабасынан келе жатқан осындай дәстүрлерін қалай дәріптейді?
– Әрине, әр халықтың өзіндік ерекше­лік­тері мен дәстүрлері бар. Оларды шетел­ге шыққан сапарларымда көріп-біліп жүрмін. Мәселен, мен әлемнің көптеген елінде болғанымда өзіме тән дәстүрім бойынша жергілікті ұлт пен халықтың мен­та­литетін зерттеп жүремін. Байқағаным, әр халықты дастарқан басында сынауға болады екен. Сол кезде оның негізгі ұлттық құпиялары мен өзіндік қасиеттері ашылады. Мейрамхана, кафелеріне барып қарап отырсам, шақырылған қонақ­тар­дың басым көпшілігі ішкен асына өздері есептесіп кетеді. Тіпті әкесі мен баласы бірге тамақтанса да. Ал бізде дастарқан басында қанша адам болса да, біреуі көтереді. Келесі жолы басқасы асқа шақырады. Одан соң оларда үйлену тойы біздегідей 200-300 адамның қатысуымен өтпейді. Тек жігіт пен қыздың ата-аналары және бір-бір достары ғана шақырылады. Одан соң, әдеттегідей әрқайсысы өзінің ішкен-жегеніне ақша төлейді.
– Қалай ойлайсыз, қазіргідей қымбатшылық кезеңде біздегідей ұлан-асыр той жасау және бір-бірімен бәсекеге түсу айтып отырған салт-дәстүрімізді дара­қылыққа ұрындырып жүрмей ме?
– Өткенде бір жерде «қазақтың тойы тіптен көбейіп кетті, оны  қысқартуымыз керек» деген пікірді естідім. Әрине, қазақ – кез келген қуанышына той жасайтын халық. Солай екен деп, қазақтың тойына тосқауыл қояр болсақ, қылдың үстінде тұрған салт-дәстүріміздің көбін жоғалтып аламыз. Бізде осылай шетелге еліктеп, келсін-келмесін салтымызға сын айтатын адамдардың қарасы көбейіп келеді. Іс-тәжірибе алмасуға, білім алуға шетелге барып келген адамдарымыздың санасы әлгіндей болып өзгеріп келіп жатыр.  Сіз тойыңызға 300 адам шақырсаңыз, сыртта және 300 адам тойыңызға шақырту алмағанына реніштерін білдіріп, «құтты болсын» айтып жатады. Ал шетелде есеппен арнайылап шақырады да, апта бұрын белгіленген орында тапжылмай отырып қайтады. Біздің тойды елестетіп көріңізші... Аралас-құралас ойнап-күлу, оның сыртында қаншама салт-жоралғы және ыстық ықылас, тілектер тойшыл қауымды бір-біріне бауырмал ете түседі.
– Ұлттық дүниетаным мен мемлекеттік тілге қатысты қордаланған біраз мәселе туралы әңгімелестік. Қордаланып қалған мәселелер жетерлік екен. Қанша дегенмен болашаққа үлкен үміт артатын халықпыз. Сіздіңше, болашақтағы даму жолымыз қалай болуы керек?
– Тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған еліміздің одан әрі дамуына үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық мінде­тіміз. Кейбір мемлекеттер ғасырлап жететін табысқа Қазақстан аз уақыттың ішінде қол жеткізіп келе жатыр. Мұның барлығы хал­қы­мыздың тұрақтылығы мен толерантты­ғының арқасы. Болашақта ата-бабамыздан қалған осынау байтақ даланы одан әрі дамыта түсу үшін негізгі халық мықты бо­луы керектігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Осы үшін де әрбір қазақ баласы білімді және күннен-күнге дамып келе жатқан жаңа технологияны тез меңгеріп алулары керек. Қазір Қазақстан азамат­тары өмірдің түрлі саласында өзінің дараланған азамат­тарымен мақтанады. Болашақта да осын­дай мақтаныштарымыз көбейе түсетініне сенімім мол.
– Салиқалы сұхбат беріп, ой-пікірі­ңіз­бен бөліскеніңізге көп рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста