Ұстаздың мәртебесі тек қана жалақының өсуімен өлшенбейді
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР білім және ғылым министрі:
– Бақытжан Тұрсынұлы, әңгімемізді білім саласындағы тіл мәселесінен бастасақ. Өйткені тіл аясын кеңейту тікелей білім саласына байланысты. Осы орайда Елбасының Жарлығымен бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасында мектептегі білімге мейлінше мән беріліп, 2020 жылы оны бітірген түлектердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиістігі көзделген. Мұндай міндет үдесінен шығу үшін министрлік қандай шаралар атқарып жатыр?
– Расында да, мемлекеттік тілді дамытуға қазақ тілінде білім беретін ұйымдар желісінің кеңеюі үлкен рөл атқарады. Бұл орайда алдымен Тәуелсіздігімізді алған жылдардан кейінгі кезеңде білім жүйесінде болған елеулі серпілісті ауызға аламыз. Нақты көрсеткішпен сөзімізді жүйелесек, қазақ тілінде білім беретін мектептер қатары соңғы 20 жылда үздіксіз өсуде. Мысалы, олардың саны 1990-1991 оқу жылымен салыстырғанда 1062 ұйымға, соның ішінде соңғы 10 жылда 285 мектепке артты. Жалпы, қазіргі кезде барлық мектептің 79,5 пайызын құрайтын қазақ және аралас 5931 мектеп қазақ тілінде білім береді. Осыған орай қазақ тілінде оқитын балалар саны Тәуелсіздік жылдарында, яғни 1990-1991 оқу жылынан бері 600 мыңнан астам адамға өсіпті. Бұл барлық мектеп оқушыларының 63,8 пайызын құрайды. Қазақ балаларының 86,1 пайызы, сондай-ақ 31 мыңнан астам басқа ұлт баласы қазақ тілінде білім алуда. Пәннің білім беру сапасын көтеруге оқу жүктемесі ауқымының да әсері болатындықтан, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектептердегі қазақ тілінің сағаты әр сыныпта екі сағатқа көбейтіліп, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің апталық жүктемесі бес-алты сағатқа жеткізілді. Мінеки, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айқындаған тіл саясатындағы алға қойылған міндеттер осындай ауқымды әрі кешенді шаралармен шешімін таппақ. Мұндай игі істерді алға қарай да дамытып, мазмұнын байыта түспекпіз. Бұдан бөлек, қазақ тілі 2008 жылдан бастап Ұлттық тестілеу бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілгенін білесіздер. Еліміздің орыс, өзбек, ұйғыр, тәжіктілді мектептердегі мемлекеттік тіл пәнін деңгейлеп оқыту мәселесі де жүзеге асып жатыр. Жалпы, оқушылардың білім деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жас ұрпақтың қазақ тілін мемлекеттік білім беру стандарты талаптарына сай меңгеруіне игі ықпал етері анық.
Сонымен қатар кейде орыс тілінде оқытатын мектептерде оқушылар мемлекеттік тілді білмейді деген жалпылама ұшқары пікірге ұрынып жататынымыз да шындық. Шынтуайтында, олай емес. Өйткені барлық оқу пәндері сияқты оқушылар қазақ тілін де өздерінің қабілет-бейімдеріне қарай әртүрлі дәрежеде меңгереді. Орыс тілінде оқытатын мектептерде оқитын орыс және басқа ұлт өкілдері қатарында мемлекеттік тілді жетік меңгерген, пән олимпиадасында, конкурстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген, тіпті болашақ мамандықтарын қазақ тілімен байланыстырған оқушылар аз емес және қоғамдағы игі ықпалға сәйкес олардың саны да соңғы уақытта қаулап өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс.
Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мұғалімдердің даярлық деңгейін арттыру, жаңа технологиялармен таныстыру, білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндеттерді талқылау, озық тәжірибелерді тарату мақсатында жыл сайын қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар-кеңестер, конкурстар өткізіліп келеді. 2011 жылғы қарашада Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті базасында «Тәуелсіздік және қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тарихи сабақтастығы» тақырыбында еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес ұйымдастырылған болатын.
– Білім саласындағы бүгінгі күннің өзекті мәселесі не деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, кез келген елдің болашағы білім беру жүйесінің және зиялылар қауымының деңгейіне байланысты болатыны анық. Олай болса білім беру жүйесін тиімді құра білген ұлттың еңсесі биік, абыройы да жоғары болмақ. Сонымен қатар бүгінгі жаһанданған әлем бізден келешек ұрпағымыздың ғаламдық білім жарысында бәсекеге қабілетті болғанын талап етеді. Өйткені ұлтты ұшпаққа шығаратын маңызды сала – білім мен ғылым. Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан–2030» стратегиясын қамтыған Жолдауында: «Жастарды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей жақсы меңгеретін болады. Олар осы арқылы және өзінің бейбіт әрі қарқынды дамыған, бүкіл әлемге танымал елінің патриоты болады», – дегені баршамызға мәлім. Елбасының осындай алға қойған зор міндеттерін іске асырушылар – әрине, жастар, келешек ұрпақ. Сондықтан да, менің пайымымша, білім саласында ғана емес, барлық бағытта да бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – жастардың ақыл-ой әлеуетін барынша дамыту, ұлттық сезімдерін ояту, патриоттық рухты қалыптастыру. Бұған біздің министрлік жіті мән беріп келеді. Әсіресе былтырғы жылғы «Отбасы, мектеп, қоғам – игілікті болашақ үшін бірге!» тақырыбында өткен педагогикалық форум мен тамыз кеңестерінде де тәрбие мәселесі кеңінен талқыланды. Демек, ұстаз, отбасы, қоғам арасында өзара тығыз ынтымақтастық орнаған жағдайда ғана білімді де білікті ұрпақты тәрбиелей алатынымыз сөзсіз. Бұл өз кезегінде баршаның мойнына үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі.
– Оқулық сапасына қатысты қоғам арасында айтылып жатқан сындарға қалай қарайсыз? Әртүрлі мектептердің бірдей сыныптарындағы оқушылар оқулығында айтарлықтай айырмашылық бар. Сапалы оқулықтың бірыңғай стандарттарын енгізуге не кедергі?
– Рас, ел Тәуелсіздігінен бері көтеріліп, өзектіге айналып отырған басты мәселенің бірі – оқулық сапасы. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі оқулықтар мен оқу әдебиеттерін әзірлеудегі әлемдік тәжірибеге талдау жасай отырып, осыдан бір жарым жылдай бұрын мектеп оқулықтарын әзірлеудің және басып шығарудың жаңа ережесін бекіткен болатын. Жаңа ережеге сәйкес, оқулық әзірлеу үшін оның құрамына ғалымдар, әдіскерлер және бейіні бойынша педагог практиктер кіретін авторлар ұжымы құрылып, оқу әдебиеттерін қазіргі заманғы дәлелденген ғылыми негіздемелер негізінде стандартқа және оқу бағдарламаларына сәйкес әзірлеуі қажет етіледі. Әзірлеуші білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескерулері, материалды берудің тиімді әдістерін қолдануы қажет. Сонымен қатар шығарушыларға өз оқулығын әр төрт жыл сайын пысықтап отыру міндеті жүктеледі. Аталған ереже бойынша оқулықтардың макеттері екі кезеңдік: «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының және құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, ғалымдар, мұғалімдер, әдіскерлер кіретін Республикалық кеңестің сараптамасынан өткізіледі. Осы сараптамалардың қорытындыларынан оң нәтиже алған оқулықтар ғана жалпы білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылады. Сондықтан да министрлік оқулық сапасын алдағы уақытта да жіті бақылап, қадағалайтын болады.
– Ұлттық бірыңғай тестіге қатысты бірқатар өзгерістер болатыны туралы баспасөзде айтылып жатыр. Мән-жайды ашып айтсаңыз?
– 2011-2012 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тесті бұрынғы формат бойынша өткізіледі. Дегенмен министрлік тарапынан тесті өткізудің ережесін жетілдіруге және оның мазмұнын арттыруға бұрынғыдан да қатаң талап қойылады. Тест тапсырмаларының сапасына қатысты да бірқатар жұмыстарды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Айта берсе, мәселе баршылық. Мәселен, қазіргі кезде мектеп оқушыларын тек ҰБТ тапсыратын пәндер бойынша ғана дайындап, басқа пәндерге көп көңіл бөлінбей келеді. Білім беру ұйымдарының көбі түлектерді тестіге дайындағанда осындай біржақтылыққа ұрынуда. Мектепте жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес, барлық пәндер бойынша талаптар бірдей орындалуы қажет. Сондықтан да осындай күрмеулі мәселелерді жүйелі түрде шешуді қарастыру қажет. Осы ретте болуы мүмкін шешімге келсек, бұл – тестілеуді өз алдына бөлек екі кезеңге бөлу. Оның біреуі орта мектеп курсы үшін қорытынды аттестаттауға бағдарланған ұлттық тестілеу болса, екіншісі жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандары болады. Бұған сәйкес, екінші кезеңнен жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген бітірушілер ғана өтетін болады. Мұндай жағдайда тест тапсыру жоғары оқу орындары мен жекелеген мамандықтардың ерекшеліктерін ескереді. Бұл үшін мүмкіндіктер Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған, яғни 12 жылдық білім беру жүйесіне көшумен бірге іске асырылатын болады. Аталған форматты енгізу арқылы, біріншіден, тестілеудің бірінші кезеңінде қорытынды аттестаттау кезінде және екінші кезеңде мамандықтарға байланысты блоктар бойынша өткізілетін түсу емтихандарына арналған тестілеуге қатысу үшін мектепте барынша көп пәндерді оқып, дайындалуға мүмкіндік береді. Ал бұл әрекетіміз арқылы біз тек тестілеуге қатысты пәндерді ғана оқытудан арылып, керісінше, мектепте оқытылатын басқа да пәндердің мәртебесін көтеретін боламыз. Екіншіден, жоғары оқу орнына түсу үшін мамандықтарды таңдау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашамыз. Үшіншіден, жоғары оқу орнына түсу жөніндегі тестілеуді сапалы өткізуді және жоғары оқу орнына түсу үшін сапалы іріктеуді (неғұрлым дайындалған талапкерлерді) қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз. Әрине, бұл бүгін ғана байқалып отырған құбылыс емес. Министрлік жанындағы арнайы жұмыс тобы аталған форматты 2008 жылдан бастап талқылап келеді. Жалпы, жұртшылықтың ой-пікірлері мен көзқарас-ұстанымдары дұрыс. Ендеше, қандай да бір өзгерістер болып жатса, оның баршасы қоғам үдесінен туындаған талаптарды орындауға, жүйені әлемдік өркениетпен ықпалдастыруға бағытталады деп айтқым келеді.
– Білім беру сапасы педагог кадрлар әлеуетіне тікелей байланысты десек, елімізде білікті педагогтердің қартаюына, мамандардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендігіне байланысты да проблемалар баршылық. Ендеше, жастарды осы мамандыққа тартудың негізгі идеясы қандай? Ұстаздың беделін көтере түсуге не жетпей жатыр?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында: «Біз мұғалім мәртебесі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз», – деп атап көрсеткен болатын. Осы бағытта біршама жұмыстар атқарып жатырмыз. Мәселен, «Білім туралы» Заңға педагог мәртебесі туралы жеке тарау енгізілді. Аталған тарауда «мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін жағдай жасайды» деп анық жазылды. Заңның осы тарауын орындау мақсатында қазіргі кезде педагогтерге көтерме ақы беру, тұрғын үй алу үшін ұзақ мерзімге жеңіл несие беру, барлық мұғалімдерді тегін медициналық тексеруден өткізу, білім беру гранттарын тағайындау, ауылдық жерлерде коммуналдық шығынды өтеу үшін жылына бір рет қаражат бөлу, жалақыға 25 пайыз үстеме ақы төлеу мәселелері шешіліп жатыр. 2005 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы, оның ішінде мұғалімдердің жалақысы 32%-ға, 2007 жылы 30%-ға, 2009 жылы 25%-ға, 2010 жылдың 1 сәуірінен 25%-ға, 2011 жылдың 1 шілдесінен 30%-ға өсті. 2011 жылдың 1 қыркүйегінен мұғалімдердің біліктілік санаттары үшін үстеме жалақы қосылды. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға 70 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу үшін несие берілуде.
Педагогтің мәртебесін жоғарылату Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі болып отыр. Педагог мәртебесін жоғарылату барысында 2013 жылдан бастап ваучерлік жүйе арқылы педагогтің біліктілігін арттыру; бейіндік мектеп үшін педагог-магистрлерді дайындау жүйесін жетілдіру; 2015 жылы жалақыға қосымша үстемақы қосу, мұғалім жалақысын экономикадағы орташа деңгейдегі жалақы мөлшеріне жеткізу; «Болашақ» бағдарламасы арқылы ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді дайындау қарастырылған. Жалпы, былтырғы жаңа оқу жылынан бастап жоғары санаттағы мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері біліктілік санатына қарап, қызметтік жалақысынан 100 пайыз қосымша ақы алады. Бұған қоса, еңбекақы төлеудің жаңа үлгісі – біліктілік санатына және нәтижеге бағытталған еңбекақы төлеу тетігін енгізуді көздеп отырмыз.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, ұстаздың мәртебесі тек қана жалақының өсуімен өлшенбейді. Ұстаздың мәртебесін жоғары деңгейге көтеру үшін ұстазға қоғам, ата-ана, оқушы тарапынан қошемет көрсетіліп, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау жасалуы шарт деп білемін. Бұл үшін педагог кәсібін, озық тәжірибе және үздік педагогтердің жетістіктерін белсенді насихаттауды дұрыс жолға қою керек. Министрлік осы бағыттағы шараларға баса дем беруді ойластырып жатыр. Мәселен, былтыр математика мұғалімдерінің I съезі, информатика мұғалімдерінің «Алтын диск» конкурсы, «Талантты мұғалім – қабілетті балаларға» атты VI республикалық олимпиада, «Отбасы, мектеп, қоғам – игілікті болашақ үшін бірге!» тақырыбында республикалық педагогикалық форум, «Тәуелсіздік және қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тарихи сабақтастығы» атты қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің республикалық семинар-кеңесі, «Құрметтейік ұстазды!» атты шаралар – осының дәлелі.
Келелі тағы бір мәселе – оқушыны біліммен сусындататын ұстаздың өзінің білім сапасы. Сондықтан да педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін түпкілікті қайта қарастырудамыз. Назарбаев зияткерлік мектептері жанынан құрылып жатқан Педагогикалық шеберлік орталығы мен «Ұлттық педагогтердің біліктілік арттыру орталығы» холдингі осы жүйені жаңғыртудың негізгі тұғыры болмақ. Ол барлық облыстық біліктілік арттыру орталықтарын және Қазақстандағы жетекші бес педагогикалық жоғары оқу орнындағы орталықтарды біріктіретін болады. Жалпы, мұғалімдерді қайта даярлауда ваучерлік-модульдік жүйенің маңызы зор. Осы жүйе шеңберінде мұғалімдерге біліктілікті арттыру курсынан өтудің орнын және уақытын таңдау мүмкіндігі туып отыр. Одан басқа, біз жаңа формация педагогтерін даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды халықаралық «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде іске асырамыз. Бұл, әсіресе, жас ұстаздар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Осының бәрі Елбасымыздың мұғалімдерге, жалпы білім беру жүйесіне деген ерекше ықыласының нәтижесі екені сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым
Ертеңгі елдің тұтқасы – бүгінгі ұрпаққа сапалы білім беріп, адамгершілік жағынан тәрбиелеуде жұмылып еңбек еткен жөн. Әсіресе қоғам дамуын тұлға дамуымен барынша тығыз байланыстырып отырған қазіргі Қазақстан Республикасы жағдайында бұл аса өткір мәселелердің біріне айналып отыр. Білім беру жүйесі білімді тереңдетуге бағытталған ұмтылысын сақтай отырып, өзінің басым бағдарын жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне аудара бастады. Демек, бұл – заман талабы. Әлемнің оқыту технологиялары жоғары дамыған елдерінің (Жапония, Германия, Голландия) тәжірибесіне назар аударсақ, түпкі мақсаты – баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру, яғни бірінші орында баланың білім, білігі мен дағдысы емес, жеке тұлғаның білім алу арқылы дамуын қояды. Бұл мәселені мәдениетті, шығармашыл, жаңашыл, инновациялық тұрғыда ойлап, қызмет жасай білетін ұстаз бен келелі тәлім-тәрбие беретін ата-ана ғана мүлтіксіз атқара алады.