Ұлттық сана-сезім болмаған жерде педагогика үстемдік таныта алмайды

Ұлттық сана-сезім болмаған жерде педагогика үстемдік таныта алмайды

Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ, педагогика және психология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, профессор:

– Құбығұл аға, ғылым үздіксіз да­ми­тын процесс болғанымен, оның да белгілі бір кезеңдерде өзіндік кеме­ліне жететін шағы бар. Сіз шұғылданып жүр­ген тәрбие мен адамның ішкі жан дүниесінің ерекшеліктері туралы ғы­лым­да бүгінде неге қол жеткіздік, енді қандай міндеттер атқарылуы тиіс?
– Иә, дұрыс айтасыз, психология – адам­ның жан дүниесінің ерекшеліктері туралы ғылым. Оның кіріспейтін саласы жоқ. Өмірде қандай іспен шұғылдансаң да, психология сол істің тұтқасындай қыз­мет­ті атқарып отырады. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алған жоқ. Қазірдің өзінде елімізде 40-тан аса ғылым докторы бар. Бірақ барлығы да осы са­ла­ны дамыту жолында қолайсыз­дық­тар­ды бастан кешірді. Сол мамандар ғылыми жұ­мыстарын қорғау үшін 40 мақаласын бекі­те алмай, қанша сандалды. Мысалы, мен докторлық диссертациямды қорғау үшін 15 жыл уақытымды жұмсадым. Әрине, қазір бір-екі жылда доктор болып шыға келетіндер де бар, талап та өзгерген. Қа­зір­гі заманда сол жұмысыңды қорғау үшін шетелдік, танымал жерлерде мақалала­рың жариялануы керек. Әсіресе PhD-лар­да осындай қатаң тәртіп енгізіліп отыр. Бі­рақ өзгеге жазғызып, оны шетел тіліне аудар­тып жүргендер де жоқ емес. Білуім­ше, төрт-бес беттік материалдың бағасы 500 АҚШ доллары тұрады екен. Ал біздің ғалымдарға мұндай қаржы қайдан кел­сін?! Қорғай алмай әлі жүр. Мұның бар­лы­ғын не үшін айтып отырмын? Себебі бұл сала дамып, бір нәрсеге қол жеткізуі үшін алдымен сол саланың мамандары болуы тиіс. Ал жаңағы айтылған 40 адамның тек екеуі ғана өз уақытында докторлығын қор­ғай алды. Бірінің тақырыбы қазақтың ұлт­тық өнері – айтыстың психологиясы туралы, ал екіншісі қазақтың салт-дәстүрі жайлы. Қарап тұрсаңыз тақырыптың өзі мүлдем бұл саламен байланысы жоқ, мән­сіз, мағынасыз десек те, олар өз жұмыс­та­рын докторлық дәрежеде қорғады. Мұн­дай шикіліктерді айта берсек өте көп, ал енді жетістіктерге тоқталсақ, ол қандай же­тістік? Кітап бар. Тек біреу ғана! Ұлттық психология жайлы қазақ тілінде жазылған кітап бізде біреу ғана, сенесіз бе, жетістігі­міз бе, білмеймін. Қалғаны кілең орыс ті­лінде жазылған. Жалпы психология тура­лы жазып, оны қайта-қайта басып, ақша жа­сап жүргендерді де білеміз. Ал ұлттық психологияны зерттеп жатқандар жоқтың қасы. Диссертация қорғау дегеннің өзі – ғылымды дамытудың бір үлкен көзі. Тіпті біздің елдің ғалымдары түрлі басылым­дарда бірнеше рет «диссертация қорғал­май, ешбір сала дамымайды, Қазақстан­ның ғылымы тоқырауға айналады» деп жар салды. Бұл мәселе тек психологияға ғана қатысты емес. Ал енді ұлттық психо­ло­гияның алдағы уақытта атқаруы тиіс міндеттеріне келсек, біріншіден, биліктің бұл салаға оң көзі керек. Билік деп отырға­нымыз – тікелей Білім және ғылым ми­нис­тр­лігі. Екіншіден, ұлттық идеологияны да­мы­туымыз қажет. Тағы бір мәселе – кадр дайындайтын орындардың жоқтығы. Мы­салы, көршілес елдерде арнайы факульта­тивтер бар. Ал біздің елдегі жоғары оқу орындарында психологияның оқытыла­тыны мүлдем жазылмайды да. Тек Қара­ған­дыдағы университетте «философия және психология» деген бір ғана маңдай­шаны көзімнің шалып қалғаны бар. Пси­хология десе, бірден ойға сап ете қалар елеулі мәселелердің бірі – грант мәселесі. Сенсеңіз, республикамыздың барлық өңі­рін жалпы санағанда бар-жоғы 30 грант осы психология саласына бөлінеді екен. Ал Алматыдағы Қазақ ұлттық университе­тін­де психологияны оқу ақысы – 600 мың теңге. Мұндай ақшаны төлеп, ақылы бө­лім­де оқуды кез келгеннің қалтасы көтер­мейді, балаларымыздың оған мүмкіншілігі жоқ. Сол себепті де бізде психолог маман­дар өте аз. Мысалы, биыл атақты ҚазҰУ-дің психология факультетіне жеті бала ғана түсті. Осыдан-ақ маман тапшы­лы­ғының нендей себептерден туындап жатқанын түсінуге болады. Айта берсек, ұлттық психологтарды даярлауда ақаулар жеткілікті-ақ.
– Бұл саланың мамандары біздің елде тапшы деп отырсыз. Ал сол барын оқытатын отандық ғалымдардың ең­бек­тері бар ма? Мұндай сұрақтың ту­ын­дайтын бірден-бір себебі: психо­логияда қай кезеңде де батыстық тео­рия­лар, Ресей ғылымының тұжырым­дары, тіпті, қазақстандық орыстілді ма­ман­дардың еңбегі үстемдік етіп ке­леді. Бұл салада өзіңіз сияқты отан­дық ғалымдардың еңбегі қаншалықты еленіп жүр?
– Еңбектер бар, бірақ олар еленбей жүр. Оның үстіне студент қауымның да оқу­ға деген құлшынысы, таңдаған маман­дығына деген қызығушылығы тым бәсең. Мемлекет оқу ордаларында білім беретін ұстаздар үшін қыруар қаржы аударады. Ал біздің салада оқып жүргендердің саны тым аз. Тіпті жеті балаға шүкіршілік айта­тын халге жеттік. Себебі кей жерлерде бір-екі студентті оқытатын оқу орындары бар екен. Сондай-ақ білім беру саласына ба­ка­лавр сатысының енуі қиындықтар ту­ды­руда. Неге десеңіз, біріншіден, төрт жыл оқыған студенттің білімі жоғары болып саналмайды. Екіншіден, магистратураны оқуға барлығымыздың шамамыз келе бер­мейді, тағы да сол қымбатшылық мә­се­лесі алдыңды орап шыға келеді. Оқыған күннің өзінде олардың қорғайтын жұмыс­тары ешкімге пайдасы жоқ дүниелер бо­лып қалып жатыр. Ал, негізінде, ма­гистр деген – ғылыми атақ. Әрине, бұл – жеке әң­гіме, бірақ еліміздегі психология мен ұлттық психологияға деген салғырттықтың бұған да әсер етіп жатқаны анық. Ал отан­дық ғалымдардың еңбегіне келсек, шын­ды­ғында, өзіңіз айтып өткендей, психо­ло­гияда батыстық теория мен ресейлік оқы­мыстылардың тұжырымдамалары, бол­маса Қазақстандағы орыстілді мамандар­дың еңбектері үстемдік етіп келеді. Неге? Себебі қазақ тілінде жазатын ғалым­дар­дың еңбектерін қолдау, қолпаштау жоқ. Сон­дықтан ұлттық психологияның зерт­теу­лері некен-саяқ. Бір кездері ғалымдар жиналып, этнопсихология мен этнопеда­го­гиканы зерттейтін орталық ашу жөнінде жоғары жаққа ұсыныс жасадық. Ұсыны­сымыз қабылданып, сол орталықты ашу туралы қаулыға қол қойылды. Бірақ ол мәселе сол жерден үзілді, соңына дейін жеткен жоқ. Бұдан бір түсінгеніміз: бұл өз қаржыңа орталық тұрғызып, жұмыс істей­мін десең болады дегенді білдірді. Бірақ ғалымдардың ол орталықты мемлекеттің қолдауынсыз аша алмайтыны сөзсіз. Мы­салы, Украина, Ресей елдерінде мұндай ар­­найы зерттеу орталықтары ертеде-ақ ашылған, жұмыс істеп жатыр. Олар мем­лекеттің бір құрамдас бөлігі болып есеп­теледі. Жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтары емес, мектептердің өзінде бұл сала мүлдем қарастырылмайды. Әйт­песе бізде оқушыларға арналған оқулық­тар да бар. Мысалы, Ресейде психология пәні 3-сыныптан бастап оқытылса, Өзбек­станда 1-сыныптан басталады. Жарайды, біздің елде психология мектеп бағдарла­масына енгізілмесе, енгізілмей қалған шы­ғар, тіпті сол балалармен жұмыс істейтін психологтар барлық мектепте бар деп ай­та алмаймын. Сарапшы мамандардың ай­туынша, Қазақстан психология саласы­ның дәрежесі жағынан ТМД елдері ішінде ең артта қалып келеді екен. Ал қазіргі қоғам­ның ең басты проблемалары ересектер­мен ғана байланысты емес, керісінше, ба­лалар мен жасөспірімдер арасындағы мә­се­лелер қатары күн санап өсіп жатыр. Бүлдіршіндерге әрдайым психолог ма­ман­дардың көмегі ауадай қажет. Ал жеке пси­хологтардың қызметі қаншалықты қымбат екенін бәріміз білеміз. Мұны не үшін айтып отырмыз? Біздің елде психо­ло­гияны дамытудың барлық мүмкіншілігі бар. Тек бұл салаға деген оң көзқарас қана жетіспей тұр. Демек, өзімізге-өзіміз жіпсіз байлау болып отырмыз.
– Сіздің әңгімеңізден байқағаным, біздің елде психология саласының, оның ішінде ұлттық психологияның ма­мандары тапшы және бірен-саран болса да ғылыми еңбек бар, бірақ оқы­тылмайтынға ұқсайды. Сонымен қатар сіздің қазіргі таңда әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университе­ті­нің жалпы және этникалық психология кафедрасының профессоры екеніңізді білеміз. Ал осы еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы санала­тын ұлттық университеттегі психоло­гия­ның ахуалы қалай? Жеті балаға болса да дәрістер тиісінше жүргізіліп жатыр ма?
– Мәселенің дөп үстінен түскендей бол­дыңыз. Себебі жуырда осы білім оша­ғы­ның басшысына ұсыныс хат жолдаған бо­латынмын. Өзіңіз білесіз, еліміз егемен­дігі мен Тәуелсіздігін алғаннан кейін хал­қы­мыздың рухани мұрасын игеру мәсе­ле­сіне ерекше көңіл бөліне бастады. Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарла­ма­сының жасалуы – осының жақсы ай­ғағы. Қазақ халқының өзіндік рухани мұ­ра­сы ұшан-теңіз, орасан мол. Біз айтып отырған Қазақ ұлттық университетінде де осы салада жүргізіліп жатқан іс-шаралар өте көп. Дей тұрғанмен, рухани тыныс-тіршілікке бір қадам жақын тұрған психо­логия, яғни жантану ғылымының ұлттық ас­тарларына жөнді көңіл бөлінбей келеді. Мәселен, «Қазақтың ұлттық психоло­гия­сы», «Қазақстандағы психология ғылы­мы», «Әл-Фарабидің психологиялық мұ­ра­лары», «Қазақтың салт-дәстүр психоло­гиясы», «Қазақ елін мекендейтін этностар психологиясы», «Қазақ этнопсихоло­гия­сы» және тағы да басқа осы секілді дәріс­тер­дің бағдарламалары мен оқу құрал­дары жазылып, жарыққа шыққанымен, олар жыл сайын кафедра төңірегінде дау-дамай тудырып, тиянақты түрде оқу жос­парына енгізілмей, тіпті элективтік дәрістің циклінен де тыс қалып жүр. Мәселен, ба­ка­лавриаттағы психологтардың оқу жос­парларындағы 69 пәннің біреуі ғана, оның өзі «Әл-Фарабидің психологиялық мұра­лары» элективтік пән ретінде енгізілді де, қалғандарының бәрі қазіргі әлемдік пси­хо­логияға да, қазақ елінің тыныс-тіршілі­гіне де еш қатысы жоқ дүниелер екендігі хақ. Солардың кейбірі: «Нейропсихо­ло­гия», «Психосемантика», «Психология смыс­ла», «SPSS в психологии» тағы да сол сияқ­тылар. Сөйтіп, төрт жылда оқылатын дә­рістердің бір пайызының ғана бізге қатысы бар екен. Психология магистра­ту­ра­сының оқу жоспары да осындай, бір сөзбен айтқанда, оқу жоспары, бағдарла­ма­лары түгелдей Ресей жоғары оқу орын­дарының көшірмесі болып отыр. Ал біздің университеттің психология кафедрасында сегіз ғылым докторы мен 20-ға жуық кан­дидат тұрғанда мұнымыз қалай деген де сұрақ туады. Осыдан-ақ мәселенің мән-жа­йын түсіну қиын емес.
– Енді бүгінгі қоғамның өзекті мәсе­ле­леріне келсек. Тәрбие жайлы айтып өтсеңіз, біздің қоғамға жас ұрпақ тәр­биесі мәселесінде не жетіспей отыр?
– Қоғам, жас ұрпақ тәрбиесі дегенде бірінші орында психология тұрады. Себебі тәрбие дегеннің өзі – тұнып тұрған психо­логия. Адам өзін-өзі танымай, жан дүние­сін білмей жатып, дұрыс тәрбие ала ал­май­ды. Ал егер қазіргі қоғамдағы жас ұр­пақ тәр­биесі мәселесіне не жетіспейді де­сек, жалғыз айтарым, психология жетіс­пей­ді. Өскелең ұрпақтың сана-сезімі өз­гер­ген, заман бір орында тұрып қалмай­ды. Уақыт өтеді, адам өзгереді, қоғамның та­лабы да осыған орай бір қалыбын сақ­та­майды. Мы­салы, педагогикада түрлі жур­налдар бар, оқылып, айтылып жүр. Демек, біз педа­гогика саласында ұлттық көзқа­рас­ты тудыруға атсалысып келеміз. Бірақ ұлт­тық сана-сезім болмаған жерде педа­го­гика ма, басқа ма үстемдік таныта ал­майды.
– Құбығұл аға, бала тәрбиесіне қа­тысты әңгімелесіп отырмыз ғой. Қа­зіргі қоғамдағы педофилия құбы­лы­сы­ның белең алуы жайлы не айтасыз? Екі күннің бірінде осындай қылмыс жайлы естіп, соған бойымыз үйреніп барады. Мәселе қайдан туындады, қа­лай құтылу керек?
– Қоғамда не көп? Проблема көп. Бірақ оның барлығын шешу үшін жалғыз адамның еңбегі, жан айқайы болмаса сол баяғы біз үйренген әдіс – мектептегі ұстаз­дар­ды кінәлау, мұғалімдерді жазалау де­ген түсінік, әрине, қате. Сол проблемалар­дың ең бір сорақысы да, қорқыныштысы да – сіз айтып отырған педофилия. Бірақ педофилияны зерттейтін, емдейтін ғылым мүлдем бөлек. Оның ұлттық психологияға болмаса педагогикаға қатысы жоқ. Бірақ бұлай деген күннің өзінде адами қасиеті жоқ сол педофилдердің есінің дұрыс ем­ес­тігі анық. Бірақ оны медициналық пси­хиатрия қарастырады, бұл – сол сала­ның тақырыбы. Жалпы, өз басым педофи­лия­ны азғындаушылық деп санаймын.
– Халқымыз ерлердің рөлін жоғары қойғанымен, қыздар тәрбиесіне ұл­дардан да айрықша мән берген. Қазір­гі қазақ қыздарының мінез-құлқына қатысты ойыңыз қандай?
– Иә, расында да, қазіргі таңда қоғам­дық мәселе, жас ұрпақ тәрбиесі деген аяда сөз қозғала бастаса, қазіргі заман қызда­ры­ның мінез-құлқына қатысты, қыз ба­ла­лардың психологиясына қатысты айтпай, айналып өту мүмкін емес болды. Әлі ес­імде, осыдан біраз уақыт бұрын бір газет­тің журналисі келіп, дәл осы тақырыпта «қазақ қыздарының психологиясы» деген материал жазыңыз деп қолқа салды. Мен ат-тонымды ала қашып, бас тарттым. Неге дейсіз ғой? Себебі қазіргі қазақ қыздары­ның психологиясы жайлы айту өте қиын, зерттеу мүлдем жоқ. Бірақ бұл тақырып сол басылымда кеңінен талқыланып, мә­селе көтерілгелі жатқандықтан, еріксіз зерт­теуге кірістім. Бір-екі ай уақытымды арнадым. Соңында мақаламды жазып, ішіне сонау Тоғжандардан бастап, қазақ қыз­дарының баяғы теңдессіз қылықтарын келтіріп, «қызға қырық үйден тыю», «қыз­дың жиған жүгіндей» деген сөздерді тағы бір еске салдым. Мектеп жасындағы қыз­дар­дың психологиясы мен олардың бо­йында есейе келе пайда болатын өзгеріс­терді айта келе, эпиграфқа Абайдың «Бі­лек­тей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын. Кәмшат бө­рік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?» деген өлең жол­дарын қолдандым. Кейін қарасам, сол сөздер толығымен алып тасталған, бір сөзі де жоқ. Сұрасам, «аға, қазіргі қыздарға мұндай сөздер жараспайды ғой, оны не қыласыз» деген жауап алдым. Осыдан-ақ қазіргі қыздар мен сол ұлы ақынымыз өмір сүрген замандағы қыздардың арасындағы айырмашылықты және сол айырмашы­лық­тың қаншалықты үлкен екенін түсіне­міз. Сонда біздің қазіргі қыздарға қандай теңеу айтылмақ? Ауылдан қалаға оқу із­деп келген бойжеткендер шаштарын өріп, кіндіктерін жауып-ақ келеді. Бірақ универ­ситет қабырғасында жүріп, еліктеушілік деген жаман қасиетке бой алдырады. Ба­тысты көріп, көйлегінің етегі де, шашы­ның ұзындығы да қысқарады. Болмаса ұзын шашын жалбыратып, екі көзін жауып қоя­ды тағысын тағы. Мұны не үшін айтып отыр­мыз? Себебі біз, ұстаздар қауымы, алдымыздан жүз-жүздеп оқушыны өткізіп, соларға дәріс оқимыз. Дәл алдыңда шашы жалбыраған қызды көріп, аталарымыздың айтып кеткен өсиеттерін еске аламыз. Қа­зақ­та қыз бала шашын жайып жүрме­ген. Кей кездері «қызым-ай, сол Абайды оқы­мап па едің» деп басымды шайқап қала­мын. Қазақ халқында әйел заты күйеуі өмір­ден өтіп, жесір қалғанда ғана шашын жайған. Қазір айтсаң, құлағын түріп тың­дай­тын жан жоқ. Дәріс оқылып біткенше шаш­тарын арттарына жіберіп қойып, сы­нып­тардан шығар-шықпас қайтадан ал­да­рына түсіріп алады. Сонда ол айтқаннан не пайда?!
Қазақтың кереметтігі сол, қыз баланы ерекше тәрбиелеп, құрметтеп, қастерлеп өсірген. Бойжеткен тұрмыс құрып, бөтен үйге келін болып түскенде шай берудің өзінің жеке ережелерін сақтаған, ерекше мән берген. Үйге келген 30-40 адамның ке­се­лерін шатастырып алмай, өзіндік ба­йы­бымен шай ұсынған. Самаурыннан шай құйса да, дыбысын естіртпей, қонақ­тың бетіне тіке қарамай, әдеп сақтаған. Айта берсек, қазақтың қыз баланы тәр­бие­леуде мұндай өсиеті мен қасиеті өте көп болған. Неге біз болған дейміз? Себебі қазіргі заманда мұндай тәрбие беріп, ақылын ай­та­тын адам жоқ. Оның үстіне қыздың пси­хологиясы ұл балалардікінен мүлдем бө­лек. Бұл тақырып соншалықты күрделі бол­са да, айтылып, жазылып жүр, өкініш­ке қарай, еш нәтиже жоқ. Батыста бір жаман әдет пайда болса, ертеңіне үйрене қоятын қазақтың бұл қылығының жақсы­лыққа апармасы анық. Бірақ қыздардың психологиясы – тек қыздардың ғана емес, ұлттың психологиясы. Себебі қыз – ана. Ұлды өмірге әкеліп, жұрттың ертеңін туды­ратын қыздардың психологиясы ұлттық психология мәселесінде де ең бірінші орында тұруы тиіс. Құрсақта жатқан бала­ның болашағы, оның ұлтжандылығы, от­ан­сүйгіштігі, жақсы да жаман қасиеттері еш уақытта жүре пайда болмайды. Ол сол құрсақта бойына сіңіре бастайды. Сол себепті де қоғамдағы басты мәселелерді қарастырмас бұрын алдымен қыздары­мыз­дың психологиясын жөнге келтіріп, оң жолға сілтеме жасауымыз қажет. Айтыл­ған­ның барлығынан қорытынды жасай келе, қазақ қыздарын жаман атты қыла алмаймыз, әрине. Себебі қазіргі заманның қыздары өте белсенді. Қай салада болсын әйел адамдар жұмыс істейді. Әсіресе біз­дің өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздарымыздың басым бөлігі – әйелдер. Сондықтан болашақта ана атана­тын қыз балалардың психология­сына ұлт болып, жұрт болып терең мән беруіміз ке­рек.
– Әңгімеңізге көп рақмет. Ұстаздар күні құтты болсын!

Алашқа айтар датым...
– Елбасымыздың өзі қазақтың психологиясы теңдессіз, керемет, бірақ зерттелмей жатыр деп айтқан болатын. Бірақ «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» демекші, халықтың қолпаштауынсыз, шенеуніктердің қолдауынсыз қалып отырған бұл сала жетімсіреп әлі жүр. Жерін сүйетін, елін сүйетін әрбір қазақ баласы ұлтымыздың ұлы мұраттарға жетуі үшін ұлттық психологияны мықтап қолға алуымыз керектігін түсіне білуі қажет. Себебі Қазақстанның ұлт үшін қызмет ететін салаларының арналары ұлттық психологиясыз тоғыса алмайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста