Ұлттық идеяны жалпыұлттық идея деп қарауымыз керек

Ұлттық идеяны жалпыұлттық идея деп қарауымыз керек

Сейілбек МҰСАТАЕВ, саяси ғылымдардың докторы:

– Сейілбек Шаяхметұлы, қазіргі уа­қыт­та рухани әлемде ұлттық идея жай­лы мәселе арагідік бой көтеріп қалуда. Осы орайда ұлттық идея ұғымы мен мәні туралы кеңірек әңгімелеп бер­се­ңіз.
– Жалпыұлттық идеяның мәнін түсін­ді­ру­ге келсек, ондағы идея сөзі – грекше дәл­ме-дәл аудармасы көрініп тұрған нәрсе, бей­не, яғни мағына, ой, пікір, маңыз, мән ұғым­дарын білдіретін, түрлі мағынада қол­да­нылатын философиялық термин. Қо­ғам­дағы әрбір адамның өзіндік идеялары, өмірге деген көзқарастары, идеалдары мен құн­ды­лықтар жүйесі бар. Бұлар жиналып келіп, адамның рухани жан дүниесін құрай­ды. Елбасы Н. Назарбаев: «Ұлттық идея – идео­логия жәдігерлерінің ашқан жаңалығы емес, миллиондаған адамдардың өздерінің ұлттық міндеттерін түсінуінің жемісі болып табы­лады», – деп тұжырымдайды. Сол сияқты әр ұлттың да өзіндік идеялары бар. Бұл тұрғыда орыстың ұлы жазушысы         Ф.М. Дос­тоевс­кий­дің «Асқақ идеясыз адам да, ұлт та өмір сүре алмайды» деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады. Бұл – жеке адам­ның рухани өмір сала­сындағы бас бос­тан­ды­ғы аясының кеңеюі, рухани тілектері мен мұқтаж­дық­та­рының артуының көрінісі.
Дәлірек айтсақ, әрбір тарихи даму кезе­ңін­де өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ. Жо­ғары парасатты адамдар тобының сана­сы мен жүрегін жаулап алуда ешбір әлеу­мет­тік идея тиімділігі жағынан ұлттық идея­мен теңдесе алмайды. Оның ұтымды тұстарының құпиясы – адамдардың ұлттық абыройы мен сезімі атынан сөйлеуге қабі­лет­тілігінде. Ал адамдар үшін жәбір­лен­ген намысын ешкімге аяқасты етпей, ақыл-санасымен елін, жерін сүю сезімі жоғары тұ­рар еді. Бұған гитлер­шіл­дердің неміс хал­қының сезімін соғыс отын көсеуге ұтым­ды пайдаланғаны дәлел. Бұдан бір жақты, яғни, ұлттық идея жағымсыз құндылық екен деген ой тумауы тиіс. Ұлттық идеяны әсіре-реакцияшыл күштер де, сон­дай-ақ прог­рес­сивті күштер де өз мүдделеріне сай пай­далануды көздейтіні белгілі. Сондық­тан бұл мәселенің мәні саясаткерлер мен идео­­лог­тардың пайдаланған жалған мұрат­та­рын­да емес, негізгі әңгіме ұлттық идеяның жалпы­адам­заттық құндылықтардың жолын ұста­нуы, басқа халықтар қатынасындағы әділеттік пен ар-ождан бостандығының шы­найы мағынасында болып отыр.
Мәселенің мәні мемлекетті саяси мо­дер­низациялаудан бұрын, сол мо­дер­ни­за­цияға бағытталған белгілі бір саяси идео­ло­гиялық бағыт-бағдар жасалынуы немесе қабыл­да­нуы тиісті боып отыр. Логика заңы бойынша, белгілі бір нүктеге жету үшін ол белгіленуі, анық­талуы тиіс. Сосын барып қоз­ғалыс бас­талмақ. Меніңше, мұндай заң­дылық – әлемнің алдыңғы қатарлы елде­рінде жүзеге асып жатқан, мемлекет билігінің үш тармаққа бөліну принципіне негізделген, құқықты, әлеуметтік, демо­кра­тиялық мем­лекеттің саяси идеологиясы. Мұндай үлгіге ұмтыл­май­тын мемлекет бүгінгі күні әлемде жоқтың қасы. Қазақстан үшін де өзіндік даму жолын іздестірмей, жаңа­ша мемлекетті құру жеміссіз болар еді. Сол үшін де еліміз жаңа мемлекет құру процесінде қандық белгі мен бей-бере­кет­ті­лікке ұрындырушы түрлі принциптерден бас тартып, өз таңдауын саяси, әлеуметтік, ұлтаралық тұ­рақ­тылыққа негізделген прин­цип­терге тоқтатып отыр.
– Осы орайда қазақ ұлтының әдет-ғұ­рып дәстүрлеріне, мәдениетіне, ұлт­тық болмысына негізделген ұлттық иде­яны жаңа мемлекет құруда қажет деп санайсыз ба?
– Қай этностың болмасын, тума мінез-құл­­қы, төл мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрып дәс­түрлері, діні, тілі, ділі ұлттың басқа ұлт­тан өзгешелеу, дара тіршілік кешіп келгенінің айқын көрінісі, ақыл-ой дүниесінің тұрақты қасиеті болып есептеледі. Сондықтан да азаматтық құқықты-демократиялық қоғам дамуының ұлттық жолы үлгісінде этникалық мінез-құлық, ақыл-ой алуан түрлілігі, яғни нақты плюрализм көрінісінің табылуы орынды. Мұндай үлгіде қазақ халқының өмі­­ріндегі төл тума мәдениеті, ділі, тілі, діні, жалпыұлттық ерекшеліктері сырттан кел­­ген мәдениет үлгілерімен ұласып жата­ды.
Аталған этникалық плюрализм – Қазақ­стан­дық жалпыұлттық идеяны қалып­тас­ты­ру­дағы басты қоғамдық идеалымыз. Бұл де­геніңіз, барлық ұлттар мен ұлыстардың, этникалық топтардың, жеке тұлғаның құ­қықтары, теңдігі мен бостандығы негізінде бар­шаға ортақ бірігу принципі сақталғанда ғана жүзеге асу мүмкін болмақ.
Демократиялану мен азаматтық-құқық­ты қоғамға өту кезеңіндегі түрлі ұлт өкіл­дері мекендейтін көпұлтты мем­ле­ке­ті­міз­де ақылға бірлік, яғни, жалпыұлттық идея­ның қалып­та­суы ұзаққа созылатын күрделі процесс. Өйткені ол – саяси, әлеуметтік-эконо­микалық, ұлттық, мәдени, рухани-моральдық салалар­дағы замана талабына сай келетін прициптер мен құндылықтардың үндесуінен туын­дай­тын, қоғамды біріктіруші және алға қарай, ерен істерге бастаушы рухани күш.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, халық­­­тардың мемлекеттік жалпыұлттық идеяға топтасуы – оның құрамындағы түрлі ұлттардың өзіндік жекелеген ерек­ше­лік­те­рін, ұлттық болмысын, тыныс-тіршілігін сақ­тап, Отанын, яғни Қазақстан Респуб­ли­ка­сын көркейтіп дамытуға жұмылған жұ­ды­рықтай бірігіп, атсалысуы деп білемін.
– Көптеген дамыған мемлекеттерде осы үлгіні тиімді пайдалана отырып, де­мократиялық қоғам құрды емес пе? Ал Қазақстан қоғамының дамуындағы ұлт­тық идеяның орны қандай бол­мақ?
– Бұл жерде жай ғана ұлттық идея емес, жал­пыұлттық идея деп нақтылап алған жөн сияқты. Өйткені ұлттық идея деген ұғымның ауқымы тар, ол бір ғана ұлтқа қатысты ұғым, әр ұлттың өзіндік ұлттық идеясы, идеа­лы, арманы, мақсат-мұраты болады. Ал көпэт­нос­ты мемлекеттер үшін аса ма­ңыз­ды міндет құрамындағы түрлі ұлт­тар­дың, ұлыстар мен ұлттық-этникалық топ­тар­дың өкілдерін ел­дің тең құқықты аза­маттары ретінде пат­рио­тизм мен «бір­лік­тегі көптүрлілік» принципіне негізделген жалпыұлттық идеяға біріктіру болып табы­ла­ды. Әсіресе, біздің 130 ұлт өкілдерінен тұ­ратын Қазақстан қоғамына мұндай мә­се­лені тереңінен қараған жөн сияқты. Кеңес Одағы тұсында коммунистік дара идеология «кеңестік халықтарды» біріктіруші әрі бар­шаға ортақ рухани және саяси құндылық ре­тінде танылып келгені мәлім. КСРО ыды­рауы нәтижесінде туындаған тәуелсіз ұл­т­тық мемлекеттер дәстүрлі коммунистік то­та­литарлық үстем идеоло­гия­дан бас тар­тып, демократиялық даму жолына түсуі өз кезегінде әрбір егемен­ді жас мемлекет үшін өз құрамындағы халық­ты ортақ мақсат пен саяси құндылық негізінде топтастыратын жалпыұлттық идея­ны қалыптастыру мәсе­ле­сін күн тәрті­біне қойды. ҚР Конституциясы бойынша, еліміз­де идеологиялық көп­түр­лілік бекітілген, яғни пікірлердің әр алуан­дығы танылады. Сондай-ақ түрлі ұлттық, топ­тық, таптық мүдделердің идеологиялық бей­неленуіне де мүмкіндік туады. Бұл өз кезе­гінде құқықты мемлекеттің негізгі бел­гі­лерінің бірі болып есептелетін көп­пар­тия­лық жүйеге алғышарт болмақ. Ол мем­ле­кет­тік мүддеге қайшы келмесе болғаны. Сондықтан да қазақ­стан­дықтар бір ғана үстем идео­логиядан бас тартып, көз­қа­рас­тар­дың салыстырылуын, идеялардың көп түрлілігін, пікірталасты, кең диа­логты қол­дап отыр. Ең бастысы, бұл ұлттық сана-се­зім мен ойлау үлгісінің жал­пы­адамзаттық-ин­терна­цио­налдық құнды­лық­тармен са­на­мызға сіңіп, дамып, баюына мүмкіндік бе­реді.
Олай болса, Қазақстанның нақты бір бекітілген ресми идеологиясының болмауы оның даму бағыты мен халқын топтас­ты­ра­тын жалпыұлттық идеясы жоқ деген сөз емес. Ондай тоғышар мемлекет адамзат та­ри­хында болған емес және де болмайды да. Өйткені идеология дегеніміз – белгілі бір мақсаттарға сай адамдардың, саяси пар­тиялардың, жалпы қоғамның осы шақ­қа, өткен кезеңге және алдағы келе­шек­ке деген баға беруі теориялық түрде жал­пы­лама тұжырымдалатын көзқарастары мен идея­ла­рының жүйесі. Дәлірек айт­қанда, ол –әр­бір ұрпақтың, қоғамдық қоз­ға­лыс­тар­дың, өнер, әдебиет және тағы басқа да салалар­дың белгілі бір мәселеге қатынасын, көзқа­рас­тары мен мақсатын, мүддесін жинақ­тайтын идеялар жүйесі.
– Әлемдік саяси тәжірибеде жал­пы­ұлттық идеяны қалыптастыруда қан­дай қажетті де пайдалы озық үлгілерді алу­ға болады?
– Құрамында көп түрлі этноәлеуметтік топ­тар кездесетін әрбір мемлекет үшін жал­пыұлттық идеяны қалыптастыру концеп­ция­сының маңызы зор екенін тағы да атап өтер едім. Ал мұндай байырғы ұлтпен қатар, түрлі  ұлттық топтар мен этникалық аз­шы­лық­­тар мекендемейтін, халқы бір тілде сөй­леп, бір ортақ дінге сыйынатын, бір текті ру­хани-мәдени құндылықтарға негізделген әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді ұстанатын, түрлі әлеу­меттік қабаттар мен топтарға жіктел­мейтін мемлекет әлемде жоқтың қасы. Бір жапон философының: «Біз, жапон­дар, бір-бірімізді Жер шарының қай жерін­де кездестірсек те, бір-бірімізді көрген сәтте-ақ тілсіз, сөзсіз түсініп тұра­мыз», – деп жазғаны еске түседі. Ұйым­шыл­дық, ұлттық намыс – жапон мен­та­ли­те­тінің басты ерекшелігі. Жапон ұғымында ата-анаға бағыну әлі күнге сақталған. Әлі күнге дейін жапондардың ұл, қыздары үйлен­генде олардың таңдауына ата-анасы ықпал етеді. Отбасындағы әке беде­ліне сына түспеген. Осынау отбасы үлгісі жапон­дар істейтін компанияларда да сақталған. Әр қызметкер, жұмысшы өзі істейтін компания беделін өз отбасы беде­ліне ба­лай­ды. Әр жапон үшін император бас­қара­тын Жапония беделі әке басқаратын өз от­ба­сы беделімен бірдей. Осыдан келіп 140 миллион жапон бір отбасындай ұйым­шыл. Бүкіл ұлт – бір команда. Жапон­дар­дың та­быс кілті – осында.
Әлемдік тәжірибеде ел халқын ортақ идея­ға ұйыстыру үшін ұлттық-мәдени авто­но­мияға, азаматтардың ұлттық-мәдени бірлестігіне, ұлттық-территориялық авто­но­мия және консоционалды демократияға ұштастыра отырып бір-бірінен ажыратпай қарау керек.
Ұлт саясатына қатысты келесі тұжырым ХХ ғасырдың 60-70 жылдары батыстық сая­си ғылымда белең алған «көп ұлтты мемлекеттегі демократияның болу мүм­кіндігі»  туралы пікірталаста бас­қа­лар­дан оқ бойы озып шыққан Аренд Лейп­харт­тың консоционалды демократия тео­рия­сы болды. Оның пікірінше, әлеуметтік келісім демократиясының принциптерін қолдану этникааралық жанжалдарды рет­теу­дің тиім­ді тетігі ретінде қызмет атқара ала­ды екен. Консоционалды демократия ма­жоритарлы демократияда билікке ара­ласуы қиын топтарға жеңілдік жасаудың арнайы проце­ду­расын ұсынады.
Ол осы көрсетілген модельдер бір-бірі­нен анық, шеті ашылып бөлінген жағдайда және оның әрқайсының саяси ұйымы болса ғана іске жарамды деп есептейді. Алайда консоционалды демократия текетіреске түсуші топтардың бәріне ортақ мықты бір құндылықтары болмаса, қарама-қай­шы­лық­тың тереңдеп, мемлекеттің тал­қан­да­луына әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ әлемдік тәжірибеден ұлта­ра­лық мәселелерді шешудің АҚШ-тық үлгі­сіндегі «балқытатын» немесе «қайнаған қазан» тұжырымы «мен мұндалап» ерекше көз­ге түседі. Саяси өмірде «қайнаған қа­зан» ұғымы XІX ғасырдың орта шенінен бас­тап қолданыла бастады.
«Қайнаған қазан» тұжырымының мәні – эми­гранттарды американдық өмір сал­тына сай бейімдеп, ассимиляциялау болды. Оның идеологиялық негізі –ұлтты азамат­тық деп түсіну немесе француздық модельге сай ұлттар – отандастар. АҚШ-та этникалық топ­тарға арнайы территориялар бөлу мәсе­лесі ешқашан көтерілген емес. Бірақ бұл тұжырымды сол күйінде Қазақ­стан қо­ға­мына ендіруге жарамайды. АҚШ-қа қа­ра­ғанда, Қазақстанның ұлттық құрамы тіп­тен өзгеше қалыптасқан. Сол үшін бізге бас­қа ұлттарды ассимиляциялау, қазақы өмір үрдісіне бейімдеу мақсат емес. Бірақ бұл тұжырымнан азаматтық қоғам прин­ци­пін басшылыққа алуға әбден болады. Яғни этностардың өзіндік ерек­ше­ліктерін сақ­­тай отырып, қазақ­стан­дық азаматтық қо­­ғам құру мақсатында тиімді әрі пай­да­лы.
Осылайша, ұлтаралық мәселелерді ше­шудің тұжырымдарына талдау жасай келе, олардың барлығының да жақсы жақтары мен кемшін тұстарының бар екенін бай­қай­мыз. Осыған сәйкес, стратегиялық шынайы, дұрыс саясат – ол ұлттық мәселені саяси мәнге айналдырмай, барлық этностардың ұлттық-мәдени өзіндігін сақтай отырып, ұлт­тарды отандастар деп түсіну болып табы­лады. Бұл тұрғыда жоғарыда көрсе­тіл­ген тұжырымдардың жекелеген прин­цип­те­рін қазақстандық өмір шынайылығына сай бейімдеп қолданғанымыз абзал. Сон­дық­тан да Қазақстан Республикасы ерекше ұлттық мәселелерді шешуде басқа ұлттар­дың мүдделеріне қайшылық жасамайтын, елді мекендеуші барша халықтың мүд­де­ле­рін ескеруші диалектикалы-праг­ма­ти­ка­лық бағытты таңдап отыр. Бұл ерекшелікті көпұлтты мемлекеттегі қоғамның бірлігі мен тұрақ­тылығын нығайтудағы бастапқы принцип деп айтуымызға болады. Яғни ұлттық азшылықтардың жалпыұлттық ше­шім­дер қабылдаудағы рөлі мен олардың мүдделерінің мемлекеттік деңгейде өкілетті болуына мән беріле бастады. Тіптен конс­ти­туциялық реформа барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан тоғыз депутат Пар­ламент Мәжілісіне сайлануы да қарас­ты­рылған.
– Ресей оқу орындарында «Орыстың ұлттық идеясы» дейтін дәріс оқылады екен. Ал біздің оқу орындарында осы та­қы­рыптың аясында дәрістер оқы­ла­ды ма? Сонымен қатар, қазақтілді баспа­сөз­дегі ұлттық идея тақырыбының жа­зы­луы туралы өз көз­қа­ра­сыңызды айтып өтсеңіз.
– Оқу орындарында ұлттық идея туралы жап­пай оқыту қажет емес сияқты. Оның орны­на патриотизмді, толеранттықты дамы­туға бағытталған қоғамдық шаралар өткізіп тұрған тиімді. Қоғамдық саясаттану, журна­лис­тика, социология, философия және экономика мамандықтары бойынша ұлттық идея туралы арнайы курстар өткізіп, бір жүйе­ге қойсақ, жастардың тәлім-тәр­бие­сіне берер үлкен тағылым болар еді.
Қоғамдағы әрбір азамат пен әрбір тап­тың көкейінен шығатын ортақ «ұлттық идея­ны» айқындау, дайын үлгісін ұсыну саяси-әлеуметтік және экономикалық фак­тор­ларды біріктіретін күрделі міндеттердің бірі­нен саналады. Қазақстан жағдайында ұлттық иеяның мазмұны мен көрнекілік ұғымы қарапайым да ұғынықты болуы ке­рек. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біздің оқу орын­да­рын­да ұлт саясатын қалыптастыруда ерекше маңызды құрал болып саналатын ұлттық идеяны әрбір азаматтың көкірегіне ұялатып, санасына сіңіріп, оқыта білу керек. Мұндай дәрістер жоғары оқу орындарында арагідік өтетіні өкінішті-ақ. Меніңше, бар­лық жоғары оқу орындарында енгізетін кез жет­кен сияқты. Қазақстандық қоғамда қо­ғам­дық сана­ға бағытталған құн­ды­лық­та­р­ды айқын­дау мен оларды сараптау, осы құн­дылық­тар­дың бұқараны шо­ғыр­лан­дыра, рух­тан­дыра, біріктіре алатындай күш, әсер етуін жүзе­ге асыратын билік пен бұқара ара­сын­дағы ықпалды белсенді аралық топтар мен азаматтық институт ме­кемелері жұмыс істесе, сөз жоқ, ұлттық идеяның жүзеге асы­ры­луымен қатар, оның бақыланып, басқара алуымен де түсіндіруге болады.
Ұлттық идея, ұлттық мүдде деген ұғым әу бастан айтылып келе жатқан тақырып. «Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты» деп Байтұрсыновтың айт­қаны – бүгінгі күннің де ақиқаты. Қазақ­стан­ның мемлекеттігінің басты тірегі ұлт­тық идея болса, сол ұлттық идеяны ай­қын­дайтын, бұқаралық сананы жетілдіріп, қо­ғамдық пікір қалыптастыратын құрал бұқаралық ақпарат және коммуникация жолдары саналады.
Қоғам өмірінің бар саласына ақпа­рат­тың тигізер ықпалының артуы ақпараттық қауіп­сіздікті ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлшегіне айналдырды. Әлемдік ауқым­дағы ақпараттық кеңістіктің дамуы Қазақ­стан үшін өзінің ақпараттық ағымын кез кел­ген ақпараттық агрессиядан сенімді қор­ғау міндетін қоюда.
Менің ойымша, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бір бұтағы – қазақстандық патриотизмді қалыптастыру тиіс. Ұлттық этникалық құндылықтар мен абы­рой туралы ой қозғап, отандық мақта­ныш сезімін туғызуға күш салу, болашақ аза­маттық қоғам мен Отанымыз – Қазақ­станның өркениеттілігі үшін үгіт-насихат жүр­гізу – ізгі шаралардың бірі. Осыған орай жағымды қоғамдық пікір қалып­тас­ты­ру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Алай­да пат­рио­тизмді шектен тыс, әсіре на­си­хат­тау санаға кері әсер ететінін де есте ұстауға тиіспіз. Халықты жалықтырмайтын үгіт-насихат әдістерін ұстану керек. Пат­рио­тизм­ді қазақстандық құндылықтар жүйесі ретінде халықтар теңдігі принципі мен жалпы­адам­зат­тық құнды­лық­тармен сіңір­ген анағұрлым жемісті болмақ. Жалпы алған­да, қазақтілді баспасөздің бәрі ұлттық идея­ны насихат­тау­мен айналысады деп айта алмаймыз, себебі ақпараттық нарық сала­сында өзіндік бәсекелестік қалып­тас­қан. Әрбір басылым өзінің маманданған та­қы­рыбын, мақсатты бағытталатын оқыр­ман­дарын айқындап, соған сәйкес мате­риал­дарын дамытады.
– Ұлттық идеяның мемлекеттік сая­сат­пен қатысы, байланысы қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстан мемлекетінің ұлттық идея­сы – қазақ идеясы. Жоғарыда келтірілгендер осы ұлттық идея мен оны іске асыратын даму стратегиясының аясында жүреді. Ғы­лым мен философияның күрделі сала ретінде ұлттық идея мәселелері соңғы екі ғасырда жүйелі түрде зерттеліп келеді. Осы мәселемен Еуро­пада француз ойшылдары жүйелі айна­лысқан. Француз ойшыл­да­ры­ның зерттеп қалыптастырғаны – дәстүрлі батыс қоға­мындағы ұлттық идеяның үлгісі. Шығыс қоғамындағы ұлттық идеяның клас­сикалық үлгісі – жапон идеясы. Ұлттық идея­ның шығыс пен батыстың арасындағы аралас түріне Ресейдегі І Петрдің және Түр­киядағы Кемал Ататүріктің реформалары жата­ды. «Американдық идея» немесе  АҚШ мемлекеті идеясының негізгі ұстанымы – ағылшын тілін қолданыста әлемдегі жетекші тілге айнал­дыру. Сонымен қатар жоғарыда атал­ған ұлттық идеялардың негізінде іске асып жатқан «Азия жолбарыстары», Кана­да­­ның және Скандинавия елдеріндегі ре­фо­р­малардың Қазақстан үшін тиімді жақ­та­ры бар.
Мемлекет саясатының түпкі мақсаты – ұлттық идея мен азаматтық идеяның үйле­сімді бірлігінен жалпыұлттық идеологияның күш-қуаты арқылы елімізді түрлі ұлт өкіл­дерінен құралған біртұтас азаматтық және саяси қауымдастыққа айналдыру.
– Сейілбек Шаяхметұлы, қызықты әңгімеңізге рақмет!

Оқшау ой...
– Қай этностың болмасын, тума мінез-құл­­қы, төл мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрып дәс­түрлері, діні, тілі, ділі ұлттың басқа ұлт­тан өзгешелеу, дара тіршілік кешіп келгенінің айқын көрінісі, ақыл-ой дүниесінің тұрақты қасиеті болып есептеледі. Сон­дық­тан да азаматтық құқықты-демократиялық қоғам да­муы­ның ұлттық жолы үлгісінде этникалық мінез-құлық, ақыл-ой алуан түрлілігі, яғни нақты плюрализм көрінісінің табылуы орын­ды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста