ҰБТ білім көрсеткіші бола алмайды

ҰБТ білім көрсеткіші бола алмайды

Ернар МӘСӘЛІМ, ҚР білім беру ісінің үздігі:

– Ереке, сізді ұстаз ретінде бі­ле­міз. Алайда соңғы жылдары та­рих­пен ай­налысып, нақтырақ айт­қанда, ма­дия­рлар тарихын зерт­теп жүр­ге­ні­ңізден ха­барымыз бар. Бұл тарих­қа бет бұру ма?
– Соңғы жылдары тарихпен айна­лы­сып жүр­генім рас. Нақты айтқанда, Мажар қып­шақтарының тарихын терең зерттедім. Осы тарихи еңбектерім үшін Будапешт уни­вер­ситеті жанындағы Халықаралық қып­шақ­тану институтының құрметті докторы атан­дым. Мажарлар мені Витези Ренд ә­скери рыцарьлық қауымына мүше етіп қа­был­дап, Мажарстан Президенті Ласло Шайомның арнайы жарлығымен күміс кре­сімен марапаттады. Мен – ең алдымен, ұс­тазбын. Бұл – жүрек қалауы. Білім са­ла­сында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Еңбегім де ескерусіз қалған жоқ. Осы жаңа оқу жылының басында мемлекет тара­пынан білім саласына сіңірген еңбегім үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы ме­даль­мен марапатталдым.
Мектеп – тек білім ошағы ғана емес, ол – тәр­бие ошағы да. Ал бала тәрбиесінде та­рихи сана қалыптастыру – тәрбиенің ажы­рамас бір бөлігі. Сондықтан тарих пен ұстаз­дықты бөліп қарамаймын. Тарихи тұл­ғаға еліктеп өскен бала арманшыл болады. Арманшыл бала алдына мақсат қойып өседі. Ал мақсатқа жетуге талпынған бала­ның тәртіпті, білімге құштар болары хақ.
Мысалы, Кеңес өкіметі тұсында екі баланың бірі «Юрий Гагарин сияқты кос­мо­навт боламын» дейтін. Ал космонавт бо­лу үшін темірдей тәртіп, ұшқыр білім қа­жет. Иә, оның бәрі ғарышкер болмас. Бірақ білімді баланың ертең білікті маман бо­ла­рына ешкімнің де таласы бола қоймас.
Міне, мен де сондай идеологияны іске асыруды мақсат еттім. Ол мақсатыма да жеттім деп ойлаймын. Мадияр халқының ұлы перзенті, түріктанушы ғалым, қазақ тілінің жанашыры Иштван Қоңырдың тұл­ға­сын оқушыларға үлгі еттім. Мектебіміз Ишт­ван Қоңырдың атымен аталады. Қоңырдың құрметіне көптеген кездесулер, іс-шаралар, конференциялар ұйым­дас­тырдық. Оқушылар түркі әлемі жайлы халықаралық конференцияларға қатысып, ғылыми жобалар жазумен де айналысады. И.Қоңырдың туғанына 65 жыл толуына орай төрткіл дүниенің бұрыш-бұрышынан түр­іктанушы, И.Қоңырмен жете таныс ға­лым­дарды мектебімізге қонақ етіп ша­қырдық. Жер-жерден келген атақты ғалым­дардың көзін көріп, әңгімелерін тыңдап, ауызба-ауыз сұхбаттасудан бала­лар­дың алған әсері өлшеусіз. И.Қоңырдың елге, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін, білімділігін мадақ ете отырып, оқушы­лар­дың санасына еліне деген сүйіспеншілікті, білім­ге деген құштарлықты сіңіруге күш-жігерімізді жұмылдырдық. Мұның жемісін де көріп келеміз. Жыл қорытындысы бойын­ша мектебіміз дәйім алдыңғы орын­дардан көрініп келеді.
– Ереке, онда тарих жайлы тоқ­тата тұрып, білім саласына кө­шейік. Еге­мендік алғалы білім са­ла­сында талай реформа қабылданды. Бірақ білім саласы әлі де болса то­лық­тай бір жүйе­ге түсе алмай ке­леді. Жал­пы, қоғамда «білім са­ла­сының бір жүйеге түсе ал­мауы ме­неджменттің әл­сіздігінен» де­ген пікір бар. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Өткен ғасырдың 80-жылдарының ор­та­сынан кейін жүйе бұзылды. Тұрақты жүйе қалыптаспады. Реформаны бірінен соң бірін қабылдадық. Олардың жиі болғаны соншалық – бірінші реформаны игеріп бол­­мас­тан екіншісі қабылданып, мұғалім­дер­дің өзін шатастырды. Дегенмен соңғы жылдары көш ептеп түзеліп келеді. Соңғы қабыл­дан­ған екі құжат: 1. Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сын­дағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­ле­кет­тік бағ­дар­ла­масы; 2. Білім берудің мем­ле­кеттік стан­дар­ты.
Егер осы бағдарламада айтылғандар орын­далатын болса, онда міндетті түрде білім саласында көп ілгерілеу болады. Бағ­дар­­­ла­ма негізінде тек сабақтардың сағат саны ғана өзгеріп қоймай, пәндердің маз­мұны, сапасы да өзгеретін болады. Бұл құ­жат­та мұғалімнің әлуметтік жағдайын кө­теру жайы да сөз болып отыр. «Ұстаз – мектептің жүрегі» деген Ахмет Бай­тұр­сы­нов. Яғни жүрек тоқтаса, тіршілік тоқтайды. Демек, ұстаз болмаса, мектеп, білім бол­май­ды. Қай­сыбір данышпанның да ұстаз­дан тәлім алғаны хақ. Сондықтан ұстаздың әлеуметтік жағдайына аса көңіл бөлу қажет. Бүгінгі таңда мұғалімнің жалақысы қанша екені бәріңізге мәлім. Ал дамыған елдерде ең жала­қысы көп мамандықтың бірі – мұғалім. Мысалы, Финляндияда мұғалім маман­ды­ғын насихаттауға ғана қыруар қаржы жұм­са­лады екен. Біз де мұғалімнің жалақысын көтеріп, әлеуметтік жағдайын дұрыс­та­масақ, ертең опық жейміз. Өйткені қазіргі уа­қытта алдыңғы буын апайлар мен ағай­лар мектептің діңгегі болып тұр. «Ертең­гі күні ол кісілер зейнеткерлікке кет­кен соң мектептің жайы не болмақ?» деген ой мені толғандырады. Олай дейтінім, бүгінгі күні жоғары оқу орнын бітіріп, жұ­мыс сұрап келген жас мамандар ара­сын­да өтініш жаза алмайтындарының бар екеніне өзіміз куә болып жүрміз. Бүгінде мектеп бітір­ген білімді талапкерлер мұғалім ма­ман­дығына бармайды. Таңдаған маман­ды­ғына қолы жет­пей қалғандар не бол­ма­са әйтеуір бір жоғары оқу орнының дип­­ломы керек деген­дер, орысша айт­қан­да, «остаточный принциппен» педагогикаға барады. Оған қоса, кез келген университет, институт, кол­лед­ждер мұғалімдер даяр­лай­­тын болды. Жекеменшік оқу орын­дарына оқу ақысы төленсе болғаны, білім сапасы оларды толғандыра қоймайды. Мұ­ғалім даярлауда аса жауаптылық қажет. Сон­дықтан мұға­лім­дер даярлау құзыретін ар­найы маман­дан­дырылған мемлекеттік оқу орындарына ғана беру керек.
– Ернар мырза, өзіңіз де кеңес дәуі­рінде білім алдыңыз. Сол ке­зең­де мек­тептерде «октябрят», «пио­нер» деген жастар ұйымы бола­тын. Ол ұйым­дардың жастар тәр­бие­сін­дегі орны ерен болған­ды­ғын сіз де жоққа шығар­мас­сыз. Бү­гін­гі таңда мек­тептерге сон­дай ұйым­дар қажет пе?
– Әрине, ол ұйымдардың бала тәрбие­сін­дегі орнын ешкім де жоққа шығармайды. Кеңес өкіметі тараған соң, мектептегі жас­тар ұйымының орны бос қалды. Содан соң біз мектебімізде «Отаншыл» деген жастар ұйымын құрдық. Олардың ұраны – «Білімім мен жігерім Отан үшін!»  Ал ұйымның басты мақсаты – тәрбие, балаларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу. Мұндай ұйымдар әр мек­тепте болуы керек.
– Мектеп жайы сөз болғанда ҰБТ-ға тоқ­тал­май кетуге болмас. Өйткені жыл сайын тестілеу төңірегінде талай тартыс болып жатады. Оған қоса, соңғы жыл­дары мектептің жетістігін ҰБТ қоры­тындысымен таразылайтын болды. ҰБТ көрсеткішінде мұғалімнің рөлі қан­ша­лықты деп ойлайсыз?
– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ҰБТ «социалистік жарыс» болып кетті. Мек­теп­тер ҰБТ-да жоғарғы көрсеткішке жету үшін жанталасады. Өйткені тестілеу қорытындысы мектептің жылдық көр­сет­кі­шіне айналды. Тестілеу қорытындысы – білім көрсеткішінің бірегейі емес, ол білім саласының бір ғана көрсеткіші екені еске­ріл­мейді. Кейбір мектептерде бітіруші сы­нып оқушылары бар күш-жігерін мектеп бағ­дарламасына емес, тестінің сұрақ-жауабын жаттауға жұмсайтын күйге жетті. Тіпті тест сұрақтарын қалай жаттатуға ма­шық­танған ұстаздар пайда бола бастады. Мұн­дай жағдайда білім сапасының екінші орынға ысырылып қалары сөзсіз. Өйткені бала сұрақтың «иә», «жоқ» деген жауабын білуі мүмкін, бірақ нақты мәнін білмейді. Сондықтан ҰБТ білім көрсеткіші бола ал­майды. Ол оқушының толықтай қабілетін аш­пайды. Мәселен, математикаға, фи­зи­ка­ға, химияға, шығарма жазуға баланың қа­білеті қаншалықты екенін тест арқылы анық­тау мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Айталық, баланың шығармашылық қабілеті өте жоғары. Алайда тестілеу нәтижесі бойын­ша математикадан теріс көрсеткіш алып, ҰБТ сертификатын ала алмады. Ал сертификатсыз жоғары оқу орнына түсе алмайды. Осы қаншалықты дұрыс? Міне, сондықтан, менің ойымша, оқушыларға тестілеумен қатар, шығармашылық емти­хан тапсыру арқылы да жоғары оқу орнына түсу құқығын беру керек. Мұғалім маман­ды­ғ­ына қабылдау кезінде әр талапкер таң­да­ған пәнінен шығармашылық емтихан тапсырып, білімін дәлелдеуі керек. Бола­шақ­та мұндай тәжірибені қолданысқа ен­гізу жайы да сөз болып жүр. Жалпы, бұл әлемдік тәжірибеде бар.
Ал мұғалімнің біліктілігі жайлы айтар болсақ, тест қорытындысы бойынша мұға­лім­нің жетістігін саралауға болмайды. Мұғалім балаға білімді меңгеру тәсілін, бағытын көрсетеді. Ал білім алу баланың табиғи қабілетіне де байланысты. Мысалы, бір мұғалімнен дәріс алған бір сыныптың оқушылары әртүрлі көрсеткішке жетеді. Мұны осымен де түсіндіруге болар.
Бірақ бұл – «мұғалімнен жауапкершілікті алып тастау» деген сөз емес.
– Соңғы жылдары ҰБТ көр­сет­кішін тө­мен­детіп алмау мақсатында мектеп басшылығы нашар оқитын оқу­шы­лар­ды тестілеуге жібермей қою фактілері орын алып жатыр. Мектеп бас­шы­лы­ғы­ның осындай іс-әрекетін қалай баға­лайсыз?
– Бұл заң шеңберінде жүзеге асуы ке­рек. Ата-аналармен дұрыс жұмыс жүргізілуі қажет. Мектеп бітірген барлық оқушының жоғары білім алуы шарт емес. Әлем өркениетінде мұндай тәжірибе ешбір елде жоқ. Бүгінгі таңдағы еңбек нарығында сұра­нысқа ие көптеген мамандық бар. Біз әлі де болса нарық заманына бейімделе алмай келеміз. Сұранысқа ие мамандықтар жай­лы ата-аналар мен оқушылар арасында на­сихат жұмыстары жүргізілмейді. Соның сал­­дарынан талай жастар жоғары оқу ор­нын бітіріп, жұмыссыз жүр.
Мен бұл тұрғыда өзім білетін Вен­грия­ның тәжірибесін қолдаймын. Ол елде 8-сыныпты бітірген оқушылар муни­ци­па­ли­тет ар­қылы жаппай емтихан тап­сы­рады. Білі­мін дәлелдеген оқушылар оқуын жал­ғас­­ты­руға мүмкіндік алады да, нашар нә­ти­же көрсеткендері кәсіптік оқуға ба­ра­ды.
– Биылғы жаңа оқу жылының бір жа­ңалығы – мұғалімдерге бірыңғай форма кигізу жайы сөз болуда. Азамат ретінде, мектеп басшысы ретінде осы­ған көзқарасыңыз қа­лай?
– Жалпы, инкубатордан шыққандай етіп, «мұғалімдерге бірыңғай форма кигізу керек» дегенмен келісе алмаймын. Мұны мұ­ғалімдер де құптай қоймас. Әлем өр­ке­ниетінде «дрес код» деген тәжірибе бар. Ол соңғы жылдарда елімізде де көрініс тауып жүр. Мысалы, үлкен фирмаларда, банк­­тер­де киім киюдің өзіндік талаптары бар. Талапқа сай әйелдерге қысқа, ашық-ша­шық киім киюге тыйым салынады. Ер адам­дарға галстук тағып жүру деген сияқ­ты. Бұл дұрыс. Сондықтан мұғалімдерге бір­ыңғай форма емес, қандай да бір та­лаптарға сай киінуді міндеттеу керек деп ойлаймын. Мен мұғалімнің мектепте қалай болса со­лай жүруіне қарсымын.
– Соңғы кездері білім саласында жиі-жиі көтеріліп жүрген мәселе – мектептерде ер мұғалімдердің аздығы. Сіздіңше, мек­теп­те ер мұ­ғалімдердің болуы шарт па? Ер-азаматтарды мұ­ғалім мамандығына қалай тартуға бо­ла­ды? Жалпы, «мұғалімнің қадір-қа­сие­ті төмендеп кетті» деген пікірмен келісесіз бе?
– Жоғарыда айттым, мектеп – білім оша­­ғы ғана емес, тәрбие ошағы да. Ал бала тәрбиесінде ер-азамат пен әйелдің өз орны бар. Сондықтан мектепте ер мұ­ға­лім­нің болуы шарт. Ал ерлерді мектепке тарту үшін мұғалімнің мәртебесін көтеру, әлеу­меттік жағдайын оңалту керек. Ер адам – отбасын асыраушы. Ал бүгінгі күнгі мұға­лім­­нің жалақысы отбасын асырауға жет­кі­ліксіз. Таяуда ғана мектебіміздегі бір ер мұғалім жұмыстан кетуге өтініш берді. Себебі – жалақының аздығы. Оны жұ­мыс­тан босатпау үшін мүмкіндігіміз барынша са­ғатын көбейттік.
Ал мұғалімнің қадір-қасиетін арттыру үшін, біріншіден, қоғамда сондай пікір қалыптастыру қажет. Бұл – мемлекеттің, қоғамның жұмысы. Екіншіден, мұғалім бі­лім­ді де білікті болуы керек. Егер мұғалім білік­сіздігін көрсетсе, әрине, ол оқушының ал­дында сый-құрметін жоғалтады. Сон­дық­тан ұстаз мамандығына қоғамның да, өзіміздің, яғни мұғалімдердің де көзқарасы оң болуы керек.
Мұғалімді ұлықтау қажет. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Ма­ған соғыс май­данында қайтыс болған ша­хит­тің бір там­шы қанынан ұстаздың қала­мынан тамған бір тамшы сия қадірлі» деген екен. Бұл – қа­дім заманнан ұстаздың ұлы­лы­ғын, аса жоғары құрметке ие екендігін көрсетеді.
– Биыл білім сапасын жақсарту мақ­са­тында Алматы қаласындағы аралас мек­теп­тердің бірін қазақ, бірін орыс­тілді мек­теп­терге ауыс­тырып жатқан көрінеді. Алай­да орыс мектептерінің саны – 76, қа­зақ мектептерінің саны 48 бо­ла тұра, оқу­шы­лар саны шамалас. Оған қоса, қазақ ба­ла­ларының саны күн санап өсіп келеді. Осы­ны ескеріп, аралас мектептерді таза қа­зақ мектебі етсе болмас па еді?
– Бізде екі тілді мектеп бар: бірі – қазақ, екін­шісі – орыс. Екеуінің білім мазмұны, мә­дени аясы екі түрлі. Мұндай құбылыс өзге ешбір елде жоқ. Мәселен, Иранда иран­дықтар елдегі халық санының 50 пайызына да жетпейді. Бірақ барлық ұлт өкілдері парсы тілінде оқиды. Сондықтан Қазақстан азаматтары бір ғана мектепке, қазақстандық мектепке баруы керек. Негізгі білім беру жүйесі тек қазақ тілінде жүргізілуі шарт. Ал өзге ұлт балалары ұлттық ерек­ше­лігіне қарай, мысалы, орыстар орыс тілін, та­рихын, әдебиетін қосымша оқысын. Сон­да бір елдің азаматтары тәрбиеленеді. Ұл­ты­на қарамастан, осы елде тұратын аза­мат­тар бір монолитті қоғам құрады. Қазіргі кезде қазақ мектептері мен орыс мек­теп­те­рі­нің арасында алшақтық көп. Иә, орыс мектептері қазақ тілін, тарихын, әдебиетін оқиды, бірақ олар Абайды емес, Пушкинді, Толстойды дәріптейді. Орыс елінің тарихи оқиғаларын оқып тамсанады, сүйсінеді. Орыс батырларын дәріптейді. Тіпті бір орыс сыныбы оқулығының мұқабасында орыс батыры мен қыпшақ батырының найза шан­шысып тұрғаны бейнеленген. Бұдан бала қандай тәрбие алуы мүмкін? Бұл дұрыс емес. Сондықтан біз бірыңғай қазақ­стан­дық мектеп моделін құруымыз керек. Бұл мені көптен толғандырып жүрген ой.
Қазір баласын қазақ мектебіне беретін орыс ата-аналар баршылық. Біздің мек­теп­тің қазақ сыныптарында оқитын орыс балалар саны ептеп артып келеді. Осы орайда мені қынжылтатыны – қазақ азаматтарының баласын орыс мектебіне беруі. Азаматтарымыз құлдық санадан арылса, Отанға деген сүйіспеншілігі, ұлттық рухы жоғары болса екен деймін.
– Ереке, білім жөнінде әңгіме бол­­ғанда, оқулық жайын айтпай ке­туге болмас. Оқулық жетіспеу­ші­лігі, оқу­лық сапасы және әр мектепте әр­түрлі оқулықтармен оқыту жайы көп әңгімеге арқау болып жүр. Бұл ту­ралы не айтасыз? Оқулықтар жа­зуға шетелдік сарапшылар мен ма­ман­дарды шақыруға көзқарасыңыз қа­лай?
– Бүгінгі таңда оқулық жетіспеушілігі мә­се­лесі толықтай шешімін тапты десе бо­ла­тын шығар. Ал сапа мәселесіне келер бол­сақ, бір кездері сапаның сын көтермегені рас. Тіпті мұғалімдер оқулықтың қателерін өздері түзете отырып, пайдаланған уақыт­тар болды. Сол кезеңде орыс мектептері Ресейдің оқулықтарын пайдаланғаны жа­сы­рын емес. «Көш жүре түзеледі» де­мек­ші, бәрі керемет болмаса да, жылдан-жылға жағ­дай оңалып келеді. Министрлік мұны мықтап қолға алып, қадағалап отыр.
Ал оқулық жазуда шетелдік сарапшылар мен мамандардың біліктілігін, тәжірибесін пайдалану артықтық етпес. Әрине, қазақ тілін, әдебиетін, тарихын жазуда шетел ма­ман­дарын араластыруға болмайды. Ал нақты пәндерге келгенде әлемдік озық үл­гі­дегі тәжірибелерді пайдалану қажет деп ойлаймын.

Алашқа айтар датым...
Білім саласындағы ең басты, жедел шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселе – мұғалімдердің сапасы. Ал сапаны көтеру үшін мұғалімнің мәртебесін, әлеуметтік жағдайын, жалақысын тиісті деңгейге көтеру қажет. Мен өзім осы саланың қазанында қайнап жүргендіктен, бүгінгі жас мамандардың біліміне қарным ашады. Бұл – бүгінгі таңдағы білім саласының дерті. Ал бұл дертті дендеп кетпей жатып, тез арада емдеу керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста