Түрмеден бүгін шығып, ертең қайта түрмеге түсетіндер халықтың табысымен күн көруде

Түрмеден бүгін шығып, ертең қайта түрмеге түсетіндер халықтың табысымен күн көруде

Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:

– Қазақстан Республикасында жүзеге асып жатқан қылмыстық атқару жүйесін  реформалау үдерісі қандай нәтиже берді?
– Сөз басын Бас прокурор А.Дауылбаев­тың мәлімдемесінен бастағанды жөн көріп отырмын. Бір сөзінде «бізде бас бостанды­ғынан айырылған адамдар саны әлі де болса жоғары, яғни 100 мың адамға 316 сотталғаннан келеді», – деп атап өткен еді.
Шынымен де,  халықаралық стандарт­тар бойынша 100 мың адамға шамамен 150 сотталғаннан келген жағдайда ғана біз қылмыстық әділдік жүйесі дұрыс ұйымдастырылды деп айта аламыз. Қоғам үшін ең өзекті мәселе деп мен ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар мен рецидив қылмыскерлер санының көптігін айтар едім.  Жазасын өтеп жатқандардың 95 пайызы осы топқа жататындар. Сондықтан да қылмыстық атқару жүйесін реформа­лауды тек жалғастырып қана қоймай, оның аясын бұрынғысынан да кеңейте түскен дұрыс.
Реформа не берді дейсіз ғой? Тәуелсіз­дік алған жылдардан бері айтсақ, жазаның балама түрлерін арттырып, қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру мақсатымен елімізде 70 шақты заң қабылданыпты. Жеті рақымшылық шарасы жасалып, нәти­жесінде 12 жыл ішінде сотталғандар санын төрт есеге азайтыппыз.
Қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мемлекет ішіндегі мемлекет іспеттес. Ондағы басқару жүйесіне қатаң бақылау керек. Соңғы жылдары Қылмыстық атқару жүйесі қолдан-қолға өтіп, жұмыстарынан береке кетіп қалды. Менің ойымша, олардың ІІМ құзырында болғандары дұрыс. Өйткені ІІМ-де күш те мығым, ре­зерв те жеткілікті, ҚАЖК-ны қадағалайтын кадр де бар, тәжірибе де мол.
Оқшаулау мекемелерінде қамауда отырғандарға қылмыскер деп қарағаны­мыз дұрыс емес, оларды тек шалыс басқан адамдар деп таныған жөн. Сонда ғана біз олардың қатарға қайта қосылуына ықпал етеміз. Ол үшін бірінші кезекте қамауда отырғандармен жұмыс істейтін кадрдың өзі білімді, білікті болғаны дұрыс.
Біздің елде қазір 94 түрме мен тергеу изоляторлары бар. Оның алтауы – әйел­дер­дікі. Негізі, еліміз егемендігін алған жылдарға дейін сотталғандар саны өте көп болды. Нақтырақ айтсам, әлем бойынша АҚШ, Ресейден кейінгі үшінші орында тұрғанбыз. Қазір азайды. Сөйтіп, үшінші орын­нан 31-ші орынға түстік. Осының барлығы жоғарыда айтып өткенімдей, жазаның балама түрлерін пайдаланудың, ізгілен­дірудің және бірнеше рақымшылық жаса­ғанның нәтижесі.
Қазақстан кезінде КСРО елдерінің арасында сотталғандардың зонасы «міндетін» атқарған-ды.  КСРО-да жылына 700 мың адам сотталса, соның 100 мың­дайы Қазақстандағы еңбекпен түзеу мекемелерінде отырды. Аса қауіпті деген рецидив қылмыскерлер осы Қазақстан түрмелерінде жатты. Лагерьлердің түр-түрі болды. Сотталғандар  санының көп бол­ған­дығы қай қоғамға да кері әсерін тигіз­бей қоймайды. 1975 жылдан 2000 жылға дейін әрбір 35-ші қазақстандықтың өмір­баянына дақ түсіп, қылмыскер атануы соның салдарынан болса керек.
Негізі, қазіргі жағдайда мәз емес, қан­ша реформа жасалса да, сотталғандар са­нын анау айтқандай азайта алмай отыр­мыз. Қазір түрмелерде 63 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Біздегі жағдай­ды Орталық Азия елдерімен салыс­тырсақ,  адам соттаудан оқ бойы озық келеді екенбіз. Мысалы, Қырғыз елінде сотталу­шы­лар саны біздегіден үш есе аз. Тәжік­стан­да тіптен төмен, ондағы түрмелерде әрбір 100 мың адамның 109-ы қамауда. Айрықша тоқталып айта кетпегім, Қазақ­станда қылмыскерлердің жазасын өтеу мерзімі орташа есеппен айтсақ, шамамен сегіз-тоғыз жылды құрайды екен, ал пси­хо­­логтардың пайымынша, адамды қамау­да ұстап, дұрыс жолға салу үшін бес жыл­дай оқшауласа да жеткілікті көрінеді. 
– Пенитенциарлық жүйені қаржыландыру жылдан-жылға артып келеді деп жатады. Алайда ҚАЖМ-ға бөлініп жатқан сол қомақты сомаға кеп тірелетін мәселе де көп. Біріншіден, сотталғандарға жұмсалынып жатқан ақша экономикамызға айтарлықтай шығын келтіруде. Ондай болса, қылмыс жасаған­дар­дың барлығын бірдей түрмеге тоғыта бермей, жазаның балама түрлерін бұрынғыдан да артты­рып, бұл үдерісті жеделдету керек шығар. Екінші бір шетін мәселе: мемлекеттік бюджет ақшасы мақсатты түрде жұмсалып жатыр деп сенімді түрде айта аламыз ба?
– Сотталғандардың көптігі мемле­кет­тің экономикасына едәуір шығын келті­ретіні рас. Мысалы,  соңғы төрт жыл­дың ішінде қылмыстық атқару жүйесі мекеме­лерін қаржыландыру 54 пайызға өсіпті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 320 миллион долларға дейін жеткен көрінеді. Сонда бір адамға жылына 580 мың теңгеден тиген. Енді мына пара­доксқа қараңыз: бір адам он мың теңгенің затын ұрлап, үш жылға сотталған. Ал сол бір адамға Үкімет үш жылда 1 млн 700 мың теңге шығындан­бақ­шы. Міне, үкімет­тің, үкіметтің деймін-ау, қарапайым халық­тың ырыздығы қалай ысырап болып жа­тыр.
ҚАЖМ-ға бөлініп жатқан қаржы тұтастай діттеген жеріне жетіп жатыр ма, шынымды айтсам, ол жағы маған беймә­лім. Ақшаның мақсатсыз жұмсалып жат­қан­дығы турасында бірлі-жарымды ақпараттарды құлағымыз шалып қалады. Бұл ақшадан да пайда тапқысы келетіндер жоқ емес. Сондықтан да прокурорлық қадағалауды мейлінше күшейту керек. Өйткені бөлініп жатқан қаржы қыруар. Оны айтасыз, білімге, денсаулыққа тиесілі ақша талан-таражға түсіп жатқанда, сотталғандарға деген бюджеттен еш шашау шықпайтынына сене қою қиындау.
Қазіргі Ата Заңымызға сәйкес, адам еңбек етуге міндетті емес, еңбек етуге құқылы, болғаны – сол. Ал КСРО кезінде еңбек бірінші кезекте тұратын. Тіпті жұмыс істемейтін жан болмайтын. Әуелі десеңіз, бос жүргендерді жер аударып, жазаға тартатын. Сол принцип түрмелерде де қалыптасып, ол қатты бақыланды. Түрме­лер­дің «еңбекпен түзеу колониялары» деп аталуларының себебі сол еді. «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген ұран далада да, қалада да, азаматтық қоғамда да, оқшау­лау орындарында да үстемдік құр­ды.
Өткен ғасырдың 60-80 жылдары еңбекпен түзеу мекемелері жүйесінің өзіндік әлеуеті зор өндірістері болған.  Жабық типтегі еңбекпен түзеу колониялары өз шығынын өзі ақтау принципі негізінде қызмет еткенін баршасы жақсы біледі. Сотталғандар әсіресе құрылыс саласына көп тартылды. Кейінгі жылдары «кеңес үкіметі сотталушылар санының азаймауына мүдделі болды» деп жатты, бәлкім, ол рас та шығар. Өйткені еңбекпен түзеу мекемелері КСРО экономикасын көтерудің негізгі бір механизмі саналған-ды.
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, азды­рар адам баласын» деп Абай тауып айтқан. Қазір түрмедегілер тамақ ішеді де жатады. Мұндайда адам түзелуші ме еді?! Ондай ортадан қандай адам шығады?! Осы жағына Үкімет айрықша назар аудар­маса болмайды.  Ақыры жұмыспен қамти алмайды екенбіз, олай болса оларға маман­дық алып шығатындай кәсіптік білім беру керек. Қазіргі түрмеде отырғандардың басым бөлігі рецидив қылмыскерлер мен аса ауыр қылмыс жасағандар екенін жоға­рыда айттым. Олардың арасында түрме­ден шыққан соң да түрмеге қайта бару үшін әдейі қылмыс жасайтындар бар. 43 пайы­зы – екі немесе үш реттен бас бос­тандығынан айыру жазасын өтеп жатқан­­­­дар. Өйткені колонияда тамағы дайын, төсегі бар. Сондықтан да осындай қылмыс­кер­лер­дің санын азайтудың алдын алудың  жолдарын қарастыру қажет. Оның бірден-бір жолы, менің ойымша, кәсіптік білім беру. Бостан­дыққа шыққанда әйтеуір бір жұмыс тауып, күнін көретін жағдайға жетсе, түрмеден өздері де қашар еді ғой. Үкімет сотталған­дардың барлығын жұмыс­қа тартып, олар­ға бөлінген әлгі 580 мың теңгені қайтаруды ойлайтын кез келді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасының негiзгi түйiнi осы – бос жүргендерді жұмыспен қамту. Тәуелсiз Қазақстанның алға қойып отырған мақсаты – өзiн-өзi барлық игiлiк­тер­мен қамтамасыз ете алатын, әлеуметтiк әдiлдiктi сақтайтын, еңбек мәртебесiн жоғары ұстайтын ерiктi қоғам құру.
Азаматтық қоғамда қылмыстың алдын алу үшін ең бірінші кезекте  жұмыссыздық­пен күресу керек. Әйтпесе қанша реформа жаса, мейлі ол біз күткендей нәтиже бермейді. Статистикалық мәліметтер келтіре кетейін: 2003 жылы 50 мыңнан астам адам жазаға кесілсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 26 300-ге жуықтаған. Қылмыс­тық заңнаманы ізгілендіру саясаты мен рақымшылық жасау нәтижесінде соттал­ғандардың санын 2012 жылы 15 пайызға қысқартуға қол жеткізіппіз. Алайда бұл қылмыс азайды деген сөз емес. 2003 жылы 118 485 қылмыс тіркелсе, ол 2011 жылы 206 801-ге жеткен. Өткен жылғы көрсеткіш ойлантпай қоймайды: ол 288 мыңды құраған. Осының барлығы, менің ойымша, елдегі жұмыссыздықтың салда­ры­нан деп ойлаймын. Елбасы Н.Назарбаев­тың халық­ты жұмыспен қамту мәселесіне айрықша мән беруінің бір себебі осы болса керек. Елдегі жұмыссыздықты азайтпаса болмай­ды. Қоғамның құқықтық сауатын арттыру керек. Құқықтық мәдениет пен  құқықтық сана-сезімін жетілдіруге тиіспіз. Ең басты­сы, жемқорлықпен күресті күшейту қажет. Жемқорлық бар жерде еңбексіз баю деген бар. Еңбексіз баю, сайып келгенде, тапқа бөлуге әкеп соқтырады. Осының барлығы түрлі қайшылықтарды туындата­ды.
– Сыбайлас жемқорлыққа барғандарды бас бостандығынан айырмай, оларға жасаған қылмысына қарай айыппұл төлету мәселесі көтеріліп жүр. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қылмыстың ең ауыр түрінің бірі – бұл. Оның зардабы мемлекет үшін де, қоғам үшін де орасан. Егер 2005 жылы анықтал­ған сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша келтірілген зиян сомасы 379 мил­лион теңгені ғана құраса, 2010 жылы осы көрсеткіш 6,8 миллиард теңгеге дейін өскен. Мәселен, 2005 – 2010 жылдар ке­зе­ңінде Қазақстан Республикасын­да  10929 сыбайлас жемқорлық қылмыс анықтал­ды. Егер 2005 жылы экономикалық қыл­мыс­тар саны 1505-ді құраса, 2010 жылы  ол 1911-ге жеткен, яғни 27 пайызға өскен. Бұл бер жағы ғана, шын мәнінде,  сыбайлас жемқорлық салдарынан еліміз жүздеген  миллиард доллар көлемін­де шығынға батып жатыр.
Сыбайлас жемқорлық кез келген мем­ле­кет үшін экономикалық қана емес, ұлт­тық қауіпсіздікке де қатер төндіруде.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес халықаралық қауымдастықтың ортақ ісіне айналған. Дегенмен де оларды соттағаннан гөрі өз басым, егер қылмыскер мемлекетке келтірген шығынды толық қайтарса, жасаған қылмысын мойындаса, онда бас бостандығынан айырғаннан гөрі айыппұл төлеткен тиімді болатын шығар деп ойлаймын.
– Жуырда қылмыстық сот төрелігін және  жазаны өтеу жүйесін өзгерту жөніндегі бірегей бастама болып табылатын «Түрме орнына – пробация мен электронды білезік» атты тұңғыш халықаралық форум болып өтті. Форум қылмыстық жазалауды орындау жүйесін жаңғырту және оған алдыңғы қатарлы иннова­ция­лар­ды енгізуге бағытталған жобаны жүзеге асыру аясында өткізілді. Мұндай тапсырманы Елбасы құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен болған бір мәжілісте жүктегені белгілі. Электронды білезікке сіздің көзқарасыңыз?
– Шетелде кеңінен қолданылып жүрген электронды бақылау құралын пайдалану­дың  үш формасы бар: үкімдік, пенитен­циар­лық және пенитенциарлық аядағы үлгісі. Оқырмандарға түсінікті болу үшін әрқайсысына қысқаша тоқтала кетейін: үкімдік – шартты түрде соттал­ғандарға арналған, пенитенциарлық – бас бостан­ды­ғынан айрылған адамның түзелуі үшін психологпен жұмыс істеген кезінде қолда­нылады, осы тұста айта кетейін, егер оқ­шау­ланған ортада бір ғана психолог жұ­мыс істеген кезде, пробация­ның мұндай түрі тиімділігін көрсете алмайды, пенитен­циарлық аядағы үлгі мерзімінен бұрын бо­сап, әкімшілік қадаға­лау бекітіліп жүр­генде пайдаланылады. 
Бұл бағытта біздің елімізде де бірқатар шаралар қолға алынып жатқан көрінеді. Бүгінгі күні Бас прокуратура мен ІІМ бірле­сіп арнайы екі жоба дайындап жатыр. Оның біріншісі – пробация институты мен электронды бақылау құралдарын кеңінен пайдалануға бағытталса, екіншісі соттал­ған­дарды жұмыспен қамту жүйесін жаңғыртуға негізделген. Жалпы, пробация тәжірибесі біздің елге де енгізіле бастады. Білуімше, өткен жылы алты мыңға жуық шарт­ты сотталғанның екі мыңына элект­рон­­ды білезік салынған болатын. Әрине, алғашқы кезде сынақ ретінде пайдала­нылды. Мұндай тәжірибе 60-тан астам мемлекетте бар. Сол елдер қатарына қосы­ла­мыз деп Қазақстан да үлкен дайын­дық­тар жүргізіп жатыр. Өз басым жазаның бұл түрін онша қолдай қоймаймын. Өйткені бұл адам құқын шектеу деп санаймын және ондай білезік киіп жүрген адамға қоғам күдікпен қарайтын болады. Әрине, оның жақсы жағы – құзырлы орындардың бақылауына тиімді. Алайда бірден қол­дануға болмайды. Бірте-бірте келу керек. Біздің менталитетке жат мұндай тәжірибені қоғам қалай қабылдар екен? Қоғамның пікірімен де санасқан жөн деп ойлаймын.
– Міне, бірер жыл болды, қамаудан босап шыққандарды әлеуметтік бейімдеу бұрынғыдай пенитенциарлық жүйенің мінде­тін­де емес, жергілікті әкімшілік­тер­дің құзырында. Алайда заңгер-сарапшылар оның оң нәтиже бермей отырғандығын айтып қынжылуда. Сіздің ойыңыз?
– Түрмеден шыққандарды әлеуметтік бейімдеуді жергілікті әкімшіліктерге жүк­тел­генін қолдаймын. Өйткені темір  тордан кеше ғана шыққан адамның бос­тан­дықта да күш құрылымдары қызметкер­лерінің бақылауында болуы кері әсерін тигізуі мүмкін.
Мамандардың, сарапшылардың алаң­дайтындай жөндері бар. Өйткені ондай дағдарыс орындары әзірге екі-ақ өңірде бар, яғни Шымкент пен Павлодарда. Ал жаза өтеп шыққандарды бейімдеуді ҚАЖК-інен әкімшіліктерге өту туралы қау­лы 2011 жылы шыққан-ды. Енді қараңыз, екі жылдан астам уақыт өтті, үдеріс тым баяу жүріп жатыр. Егер сотталғандар мен олар жасаған қылмысты азайтамыз десек, ең алдымен, түрмеден босап шыққандар­ды бейімдеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, оны мейлінше жақсартуымыз керек.   Білуімше, өткен жылы бас бос­тан­дығынан айыру орындарынан 13 мың адам боса­тыл­са, соның тек 30 пайызы ғана жұ­мыс­пен қамтылған. Әр облыста бұрын сотты бол­ғандарды жұмыс тауып беріп, мекен­жай­мен қамтамасыз ететін дағдарыс орталық­тарын көптеп ашу қажет деп ой­лай­мын. Тіпті менің ойымша, әрбір жергі­лікті әкімшіліктерге түзеу мекемесінен шығатын адамдардың санына қарай оларды жұ­мыс­пен қамту үшін квота бөлу қарастырыл­са, тіптен жақсы болар еді. Әрине, олар тұрмақ, мына азаматтық қоғамдағы адамдарға жұмыс табылмай жүргенде оларды жарылқап қайтеміз дейтіндер бар, алайда мынаны ұмытпаған абзал: түрме­ден бүгін шығып, ертең қайта түрмеге түсетіндер халықтың табысымен күн көруде. Олардың санын азайту мемлекет пен халықтың өзіне тиімді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста