Түркі бірлігі идеясы сөз жүзінде ғана тұр

Түркі бірлігі идеясы сөз жүзінде ғана тұр

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымының докторы, профессор:

– Жақында Астанада Мұстафа Кемал Ататүрікке арналып ескерткіш орнатылды. Ал осы уақытқа дейін Алаш арыстарына елордада қойылуға тиіс ескерткіштің кешігуіне не себеп?

– Жалпы, ескерткіш – ұлттың кеңістіктегі рухани бейнесі. Бейне белгілі бір мазмұнға ие болып, тас арқылы қашалып, көз алдыңда тұруы керек. Әркім оны өзінше қабылдайды. Бірақ ескерткіштің басты идеясында өткен оқиғаның болмаса сонда көрініс тапқан тұлғаның ерекше нышаны бадырайып тұру керек. Өз басым Астана қаласында Ататүрікке ескерткіш қойылуын өте заңды деп санаймын. Ол қашанда біздің, исі түркінің тіл, діл және дін бірлігінің символы іспетті. Бұл мәселе жыл өткен сайын, замандар өткен сайын түркі дүниесінің алдына қойылады. Түптің түбінде біз аталған құндылықтар тұтастығына келуіміз қажет. Ататүрікке орнатылған ескерткіш сол майдандағы және олардан да ертерек қимылдаған Алаш идеясының көсемдеріне, Алаш ардагерлеріне де қойылуы керек деп есептеймін.

– Қойылу керектігі айтылып-ақ жүр, бірақ әлі қозғалыс жоқ секілді...

– Бұл жөнінде арнайы шешім де қабылданған, қаулы да бар, жоспар да жасалған. Кезінде жобаларға ақшасы да бөлінген. Бір түсініксіз жағдай, осы идея тылсым иірімге түсіп кетті де, қайтадан шықпай жатыр.

– Яғни кешігіп жатыр ғой?

– Кешікті деп емес, мен бұл идея келмеске, түпке түсіп кетті ме деп ойлаймын. Бұл идеяның атқарылуы немесе Алаш арыстарының туын көкке көтеріп шығу бүгінгі Тәуелсіздігімізге әлдеқандай көлеңкесін түсіретіндей, болмаса біздің Тәуелсіздік идеямызды басқа жаққа бұрып кететіндей, немесе оны Тәуелсіздігімізге деген сеніміміз бен құрметімізге селкеу болатындай сезінеді. Осындай бір жалған идея, жалған күдік, ең бастысы, шынның көзін бояған қылық тек қана Алаш   ардагерлерінің мұраларын немесе оларға деген халық құрметін жүзеге асыруға бөгет жасап келе жатқан жоқ. Сонымен бірге бүгінгі біздің Тәуелсіздігімізге де тұсау салып, нақты дүниені бұлдыр сағымға айналдырып отырған жайы бар. Кейін өзі бұлдыр дүниені «Семейде, Оралда Алаш ардагерлеріне ескерткіш ашылса орынды болар ма еді?» деген әңгімемен тіпті сиырқұйымшақтатып жіберді.

– Ұлт көшбасшысы, ұлт көсемі деген мәселе көтерілуде. Сіздіңше, осы атауға лайық адам қандай қасиетке ие болуы керек және қандай талапқа сай болуы қажет? Тарихта  бұрын болған осы ұғымға лайық адамдардан кімдерді атар едіңіз?

– Ұлт көсемі деп – сол ұлттың тағдырын шешкен адамды айтады. Мен үшін қазақтың ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов, қазақтың ұлттық идеясының атасы – Ахмет Байтұрсынов. Осы екі адам соншалық биік дәрежеге көтерілді. Ал Халел Досмұхамбетов, Мұхаметжан Тынышбаевтар да – ұлт көсемдері. Негізі, мен Алаш ардагерлерінің бәрін де бір идеяның жолында жұмылған жұдырық және ұлт көсемі деп айта аламын. Олардың ұзын саны 50-ге жуық. Осы адамдардың бәрі – Алаш көсемдері. Олардың әр қимылы, әр сөзі қазақтың ұлт-азаттық бостандығы, тәуелсіздігі, өркендеуі, руханияты деген идеяға жұмыс жасады. Басқа ешқандай арман-аңсары болған жоқ.

Мен саясаткер емеспін. Арнайы сауалнама да жүргізіп отырған жоқпын. Әркімнің ұлт басшысына деген көзқарасы әрқандай жағдайда көрініс табуы заңдылық деп санаймын. Ұлт көсемі – жұртты сөзсіз артына ертетін адам. Сол адамға қиянат, күдік, бөгет жасағың келсе, сен  ұлттың сатқыны болып есептелуің керек. Сондай дәрежедегі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ататүріктер – нағыз ұлт көсемі. Тұлға өз еңбегімен өзін мойындаттырады.

– Жақында ғана Елбасы Түркияға барып қайтты. Соңғы кездері түркі жұртының бірлігі, одақтастығы туралы жиі айтылып жүр. Дәл қазіргі күнгі түркі баласының бірлігін қалай сипаттап берер едіңіз?

– Түркі бірлігі идеясы – сонау VI-IX ғасырлардағы «Мәңгілік ел» идеясы арқылы бекіген, аңсарға айналған ұлы идея. Бұл кешегі жыраулар, одан кейінгі жеке хандықтар және XIX ғасырдағы жәдиттік ағым, XX ғасырдың басындағы түрікшілдік бағыт арқылы өз көрінісін тапты. Осы «түрікшіл» деген сөз түркі елдерінен басқасының бәрінде фашизм деген ұғыммен бірдей қабылданады. Оның тарихи себептері де бар шығар, бізді жеккөрінішті еткен де сол термин шығар. Ал өзіміз үшін болмаса біздің ұлылық сипаттамамызды осы сөз сыртқа анықтап бере алмайды. Алайда тіл, діл, дін, күрес бірлігі деген идея түркі халқының алдында мәңгілік тұрады. Егер де бұл идеяға бірікпесе, заманнан заман өткеннен кейінгі түркі мемлекеттерінің өмір сүру мүмкіндігі бар ма, жоқ па, ол сағымға айналып кететін күмән сияқты. Біз Тәуелсіздікке ұмтылғанда, исі түркі елдері жеке мемлекет болып құрылғанда, бір өзгеше сенім болған еді.

– Ол қандай сенім?

– Түркі жұрттары өзара ынтымақтасып, Еуразия кеңістігіндегі үлкен бір күшке, рухани бірлестікке айналамыз деп ойлаған. Оған тікелей Еуропамен септесіп, араласып жатқан Түркия елі мүмкіндік жасайды деп сендік. Өкінішке қарай және тарихта қайталанып тұратын түркі бірлігіне зиян келтіретін кері әсерлердей, біз бас бірлігіне әлі жетпедік. Қайта бұрынғыдан ары ыдырай түстік. Әсіресе, руханият саласындағы бөгеттер мен тосқауылдар, шекаралар және әр түркі мемлекеттерінің жүргізіп отырған ұлттық мақсаттары мен идеялары бірінің мүддесін бірі көздемейтіндей көрінді. Тіпті бәрімізге ортақ, бір Алланың иманы мұсылманшылдыққа баратын жолдарымыздың өзі тарау-тарауға бөлініп бара жатқандай.

– Мұндай берекесіздіктің себебі неде?

– Себебі түркі тектес мемлекеттердің ортақ экономикалық кеңістігі жоқ. Біз қанша жерден түрікшіл болып кетсек те, ортақ экономикалық кеңістік және өзара мүдделестік пен араласқан өнеркәсіпсіз осының барлығы бос сөз күйінде қала береді. Алдымен мүдде бірлігі керек. Жеген нанымыз, ырысымыз ортақ болуы керек. Сол ырыс барлығымызды үлкен геосаясатта тең ұстап, әр мемлекеттің өзінің ерекшеліктері мен осал жерлеріне қарай жұмсалып отыруы керек. Бірақ осыдан он ғасыр, әуелі бері айтқанда, бір ғасыр бұрынғыдай түркі мемлекеттері өзара ынтымақтас болмады. Мысалға, қазір газды түрікмен өз алдына табады. Газ бен алтынды өзбек өз алдына өндіреді. Мұнай саласында Қазақстан өз жолын тапқан. Осы мұнай мәселесінде Әзірбайжан мен Қазақ елі және Түркия үшеуінің мүддесі бірікпей отыр. Ортасына Грузия секілді сына қағылып қойды. Мұның барлығы тегін нәрсе емес. Баку арқылы Түркиямен жалғасатын тікелей құбыр салынатын болғанда, сол кездегі Америка Президенті Билл Клинтонның жетіп келіп, басқа жоба ұсынып жатуында да өзіндік астар бар. Бұл жалғыз біздің қолымыздан келетін шаруа емес. Ал біз сенген, лидерлікке толық сипаттары бар, Батыспен қойындасып кеткен Түркияның өзінде дәл қазір 4-5 қарама-қарсы саяси бағыттар бар.

– Бұлар сырттан ықпал етушілер ме, әлде өз ішіндегі күштер ме?

– Өз ішіндегілер. Олар түрікшілдер, яғни бозғылттар. Ақ партия – діншілдер. Коммунистік партия, сосын жасырын дүлмәлік саясат бар. Дүлмә деген – бізше айтқанда – шалақазақтар. Олардың жүргізіп отырған жұмыстары мен идеясы Түркияның өзіне де және қалған түркі тектес республикаларға да жақсылық емес. Тырнақтың астынан ши жүгірту. Яғни бұл – үлкен массондық тек. Осы қайшылық Түркияны таяу жылдарда тағы да саяси қайшылыққа алып келетін болса мен таңданбаймын.

– Бұл пікірге өзіңіз көз жеткізген соң айтып отырсыз ба, әлде...

– Иә, Түркиядағы қазіргі әскери бағыт сол қауіптің бар екендігіне сендіреді. Түркияға барғанда үлкенді-кішілі, ескілі-жаңалы елді мекендерін аралап, адамдарымен сөйлестім. Сонда осыбір пікір алшақтығы мені алаңдата берген еді. Ал «Бас-басына би болған өңшең қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын» деп Абай айтқандай, біздің бас-басымызға би болғымыз келгені осы түркі бірлігіне нұқсан келтіріп жатыр. Түркі бірлігі болмай, әлем түркі халықтарын жеке-жеке бұтарлап, өз ықпалына алып кетері сөзсіз.

– Бүгінде әлем қандай өркениеттің жетегінде кетіп барады? Батыс өркениеті, Шығыс өркениеті деп жатамыз, сіздіңше, осы екеуінен де өзгеше, жаңа түркілік өркениетті қалыптастыруға негіз бар ма?

– Жаһанданудың негізгі бағдарламасындағы қаперге алынатын және түптің түбінде әлемдік ойдың, дамудың, өркениеттің тоқырауының тоғысы төрт ұлтқа бағышталған. Бірінші – массондық идеяға негізделген ағылшындық, америкалық жаһандану нұсқасы. Бүгінгі ағылшын тілінің басым болуы және  Дүниежүзілік банкке ықпал етіп отырған діни иудейлік бағыт ең соңында жеңеміз деп отыр. Екіншісі – Үндістан. Бұл мемлекеттің діні де, тілі де басым. Үшінші – Қытай. Басқасымен емес, бұл ел сыртқа әскер жұмсамай, жердің бетін информациямен алатын мүмкіндігі бар. Төртіншісі – әр тектес идеяларды біріктірген славяндар. Түптің түбіндегі ықпал ету осы төртеуінің арасында шешіледі. Бұлардың арасында не түркілік, не мұсылмандық, не африкалық идея атымен жоқ. Француздар мен Бельгия, Германия мемлекеттерінің жаһандануға қарсы болып жатқан себебі де осыдан. Бұлар да жаңағы айтқан санаттарға қосылмайды. Әу бастан, ІХ ғасырдан бастап қалыптасқан фашистік, рейхтік одақ дербес қалып қойды. Мәселен, Италия мен Германияның одағы дегендей... Ал біз болсақ әлі түркілік ортақ өркениет немесе бағыт құрғамыз жоқ. Былайша айтқанда, жаһанданудан орын аламыз ба деген сұрақты қоюға да дайындығымыз жоқ. Біздің тең жартымыздың менталитетіміз басқа ұлтқа ауып кеткен. Әуелі бізде түркілік емес, қазақтықтың өзі үлкен қауіпте тұр ғой.

– Тарихшы Гумилевтің уәжі бойынша, пассионарлық дегеніміз – этникалық қауымның белгілі бір кезеңге жеткенде сипаты жақтан өзгеріске түсуі деп білеміз. Қазіргі тілі мен діліне дұрыс келе алмай жатқан қазақ ұлты жақын болашақта мүлде басқа ұлттық болмысты қабылдауы мүмкін бе? Қабылдаса, ол қандай болмақ?

– Қазақтың «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген мақалы бар ғой. Мұны қалай түсінуге болады? Ұлт өзгереді. Біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, ол басқа шаруа. Қазіргі толқынның сөйлеп отырған екеуара тілінен 1991 жылғы қазақ тілінің арасында айырмашылық бар. Тіл өзгерген соң қарым-қатынас, түсінік өзгереді. Түсінік өзгергеннен кейін діл, менталитет өзгереді. «Ассалаумағалейкумның» орнын «сәлеметсіз бе» басады. Оның орнын «сәлем» басады. Ал сәлемді ағылшынша «hello» ығыстырады немесе қытайша «ни хау» қуып шығады. Сәлем өзгергеннен кейін сенің бет-бейнең, қарым-қатынасың, психологияң бәрі өзгерді деген сөз. Басқаны былай қойғанда, 1991 жылғы орыс тілі қазіргі орыс тілі емес. Қазір 1,5 миллиардқа жақын қытай біздің   Еуразия университетінің ішінен Конфуций мектебін ашып, өз тілін үйретіп жатыр. Олар дүниежүзінің барлық елдеріне тілдерін экспортқа шығаруда. 1,5 миллиард қытай «тіліміз құрып барады, қорғаймыз» деп шетелдерге миллиардтаған ақшасын шашып, жұмыс істеп жанталасуда. Неге? Қазақша бір 5 миллионның ар жақ, бер жағында сөйлейтін қазақ «жоқ, біздің тіліміз мәңгілік» деп дарақыланамыз. Бұл қайдан келген дарақылық, бұл қайдан келген сенім? Неге сүйенеміз? Ендеше, миллиард қытай мен француздар, немістер ақымақ па? Біз осыны сезінбейміз. Пассионарлық дегеніміз – осы. Біз түбінде түріктенерміз-ау, түркі жұрты бірігетін болар. Сонда ол қандай әлем болады, келешекке өздерімен бірге қандай дәстүрді алып барады? Бүгінгі қазақ – кешегі, кешегі  қазақ – бүгінгі емес. Мынадай жағдай болғаны бар, көршімнің немересі ауылға барғанда сауылып жатқан сиырды көріп әжесінен: «мына сиыр горшокке отырып жатыр ма?» – деп сұрайды дейді. Осыны айтқан қазақы бала, орыстілді емес. Бір жағынан, оныкі дұрыс та. Өйткені ойлау жүйесі өзгеріп кеткен. Біздің дүниетанымымыз да осылай өзгереді. Себебі біз емшектен, ананың, елдің, жердің емшегінен аузымызды ерте үзіп алдық. Сол уыздың, иіндінің дәмін біз білмейміз. Қазақтың уыз кезінің дәмін, қаймақтанған, иіп тұрған кезінің дәмін татып көрген жоқпыз. Есесіне ұнтақталған, кепкен сүтті езіп ішіп, соны сүт деп қабылдаймыз. Міне, қазақтың болашақтағы өзгеруі тура осындай болады. Осы қалыптағы жасанды, синтетикалық ұлт болуы мүмкін.

– Оның алдына тосқауыл қоя алмаймыз ба?

– Ол үшін біз дәстүрлі мемлекетке көшуіміз керек. Алаш ардагерлерінің мынадай идеясы бойынша, яғни дәстүрге негізделген заңы бар, тәуелсіз ғылымға негізделген оқу процесі бар, ұлттық, демократиялық Жапония секілді мемлекет болуымыз керек. Жердің асты-үсті, аспандағы байлық, одан өндірілген әрбір түйір зат және ішкі-сыртқы кірістің барлығы әуелі осы елге қызмет етуі керек, қалса өзгеге көмектесуіміз керек.

– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Келін мен келіншек атасын, қыздар әкесін, тұлымды немерелер де атасын сыйласа екен. Сонда сыйлы ержігіт, сыйлы ата мен әке Отанын жерге қаратпайды. Осы мүмкіндік берілер болса, біздің талай уақыттан бері қозданып қалған армандарымыз қайтадан жанданады деп ойлаймын. Өйткені кез келген қоғамның мінезін әйел қалыптастырады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста