Тұралаған қаржы институттары мен қалжыраған қорларға ақша құюмен дағдарыс тоқтамайды

Тұралаған қаржы институттары мен қалжыраған қорларға ақша құюмен дағдарыс тоқтамайды

Ғалым Байназаров, экономист-қаржыгер, қоғам қайраткері:

– Ғалым Байназарұлы, өзіңізді қа­рапайым халық азаттықтың алғашқы жылдарынан жақсы біледі. Экономика саласында елеулі еңбегіңізбен де ел-жұрт етене таныс. Қазіргі экономикалық ахуал жайлы қандай пікірдесіз?
– АҚШ-тағы қаржылық тұрақсыздық және экономиканың өсім баяулығы, жұ­мыссыздықтың белең алып, оның өрбуі – бүгінгі таңда барлық қаржы институттарын алаңдатып отырған ең негізгі мәселе. Тіпті бүгінгі күні түйіні шешілмеген, мерзімі белгісіз беймәлім құбылыс деп айтсақ ар­тық болмас. Америка бүкіл дүниежүзіне тарайтын тауар және қызмет түрінің 25 пайызын пайдаланады. Өзіңіз есептей беріңіз, дүниежүзінің төрттен бір бөлігінде осындай келеңсіз жағдай орын алған соң, басқа мемлекеттерге ол әсер етпей қой­майды. Себебі барлық жағдай доллардың құндылығына байланысты. Осы жағдай бірте-бірте Еуропаға жетті. Одан кейін батпандай салмағын бізге де, яғни ТМД елдері мен Азияға да артуы заңдылық еді. Біз (экономикамыз) бұл ахуалды күтпедік, білмедік деп айтуымыз ағаттық болар. Әрине, біздің алтын валюталы қорымыз болды. Ұлттық қорымыз болды. Солай бола тұра, бұл дағдарыс бізге оңайға соққан жоқ. Біз шикізат шығарушы мемлекет болған­дықтан, экономиканың даму үрдісі АҚШ, Еуропа секілді алпауыт елдердің сұраны­сына, сол елдердің экономикалық жағ­дай­ларына, әлемдік нарықтардағы баға тер­бе­лістеріне тығыз байланысты болған соң, бірден әсерін тигізді. 2008 жылдың екінші жартысынан бастап әлемдегі жағдай рецес­сияға ұласып, тоқырау етек ала бастады, бір сөзбен айтқанда, дағдарыс қалыпты жағдайдан дамуды баяулатып көп елдерді құлдырауға әкелді. Еуропа мен Америка кері кете бастады. Ал ең қиын кезең жалпы әлем жұртшылығы үшін 2008-2009 жылдар болды. Осыған байланысты біздің үкімет ұлт­тық қордан 10 млрд теңге көлемінде қаржы институттарына, соның ішінде біздегі үш банкке қаржылай көмегін көрсетіп, сақтап қала алды. Осы тәсіл дүние­жү­зілік дағдарыстан шығудың жалғыз мо­делі болды. Бұл жағдайды шешудің тү­бегейлі жолы емес. Тұралап тұрған қаржы институт­тары мен қалжыраған қорларға ақша құю­мен дағдарыс тоқтамайды. Сон­дықтан ол әлі біраз уақыт жалғасын табуы мүмкін. Осы дағдарыстан бөлек, экономика ғылымында кейінгі 15-20 жыл аралығында көрнекті жа­ңалықтар ашылмай, нарықтық жүйенің тео­риялық негізін жетілдіру бағытында да тоқы­раудың белең алып отырғанын дәйек ретінде келтіруге әбден болады. Бұл мәсе­лемен ешкім айналыспайды деп ойлау, әрине, қателік. Ғалымдар әртүрлі жолды қарастырып жатыр. Бірақ табан тірейтін, ай­налып келгенде, дағдарыссыз даму жолын көрсетіп немесе оның алдын алар әдіс­темелерін жасап, ғылыми жаңалықтар ұсынып отырған ешкім жоқ.
– Қаржы дағдарысы басталған кезде жаһанды қызықты деректерімен қарық қылуға құмар Forbes журналында әлем­­ді дағдарыстан құтқаратын ең үздік 50 экономистің жобасы жарық көрген еді. Ол жобалар жайлы не айтарыңыз бар?
– Оның барлығы – ауызша айтыла беретін әңгіме. Себебі аталмыш басылым тек өзінің рейтингісі үшін ғана жұмыс жа­сайды. Мен былай айтар едім, қазіргі дағ­дарыс тек қана экономика немесе қаржы сек­тор­ларында ғана емес, жоғарыда айт­қанымыздай, дағдарыс экономика ғы­лымында болып тұр. Өйткені әлем нарықтық экономика, жоспарлы экономика, яки ара­лас экономика үлгісін ғана біледі. Қа­лып­тасқан жүйелерден басқа әзірге ешкім еш­қандай тың жол көрсетуге қауқарсыз. Ал әлемнің ден қойған бағыты – нарықтық экономика. Мұның ғылыми негізі, теория­лық нанымдары дәл қазір тұралап тұр. Кез келген экономист, тіпті ол Нобель сый­лығының иегері болсын, біздің ендігі жүретін жолымыз мынау болуы керек дегенді нақты айта алмай келеді. Себебі оның астарында алыпсатарлық жатыр. Мәселен, сатушы қым­батқа өткізгісі келсе, алушы арзан алғысы келеді. Бұл – ешқашан жойылмайтын қайшылықтар. Егер біз дәл осы бағытқа бас шұлғып кете беретін болсақ, келешекте әлем жұртшылығы бұдан үлкен тығырыққа жолығуы әбден мүмкін. Бір ғана мысал, 2009 жылы Америка конгресіндегі эконо­мист мамандардың зерттеу нәтижесіне сүйенер болсақ, 2007 жылдан бастап 2009 жылдың бірінші жартысы аралығында Аме­рика халқының жоғалтқан қаражаты 14 трлн долларды құраған. Бұл – ақылға сый­майтын жағдай. Осындай деректерді бас­шы­лыққа алған әлемдік саясаттанушы­лар қалыптасқан демократиялық басқару үлгісінде де кемшіліктер өте көп дегенді алға тартуда. Өйткені нарықтық экономикада, жоғарыда айтып өткендей, әлеуметтік әділдік жоқ. Ұлттық табысты бөлудегі әлеу­меттік әділетсіздік жойылмай, қайсыбір де­мократия модельдері, саяси-экономика­лық басқару жүйелері баянды болмақ емес. Бүкіл адамзат қоғамының даму тарихы – мұның куәсі. Болашақта осы бағыттарда кеңінен зерттеу жұмыстарын жүргізу – негіз­гі парызымыздың бірі.
– Біреудің қалтасынан шыққан шығын екінші біреудің пайдасы екені даусыз. Бірақ қаржы дағдарысы кезінде әлемдегі миллионерлердің активтері азайған жоқ, керісінше, жекелеген адам­дардың пассивтері көбейіп жатыр. Қаржы алпауыттарына бұл дағдарыс әсер етпей ме сонда? Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Дұрыс айтасың! Қазіргі таңда мил­лионерлер мен миллиардерлердің жағдайы нақты экономикадан алшақ. Өзің білесің, қазір дүниежүзінде «электронды немесе виртуалды экономика» деген ұғым бар. Мысалы, қазір мұнайдың бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты емес. Ақша ағымының жүру жолына байланысты. Ол дегеніміз – өндірушілердің емес, инвестор­лардың таңдауына тікелей қатысты. Мұны ырыққа көндіріп, бір орталыққа бағындыру бүгінгі күні мүмкін емес. Қазіргі қалыптасқан нарықтық экономиканың ең негізгі дерті де осында. 70-жылдардың ортасынан, 80-жыл­­дардың басынан бастап электронды сауда пайда болды. Сол кезден бастап қа­лыптасқан экономикамен қатар виртуал­ды экономика дами бастады. Виртуалды экономиканың нақты экономикамен салыс­тырғандағы пайдасы төрт-бес есе, кей жағдайда 10 есеге дейін артық болады. Менің айтып отырғаным – биржа. Валюта­лық биржа, тауар және алтын қоры бир­жасы, құнды қағаздар биржасы. Бұлардың ішінде ең қуаттысы – балама қаржы инструменттері бир­жа­лары. Бір сөзбен айтқанда, электрон­дық сауда дегеніміз, ол – онлайн ре­жимінде сату жүйесі. Бұл жүйенің табысты болуының мынадай құпиясы бар: Тауарға тапсырыс беруші тауарды ешқандай дел­далсыз алады. Бірақ жеткізуші тауардың ақшасын жолда бірнеше рет айналымға салып, содан көретін табыс есебінен өздері­нің активтерін еселей түседі. Сондықтан бұл жүйе әлі талай адамды байытады. Бұлар – еркін инвесторлар. Мысалы, нарықта мұ­най­ға сұраныс азайып бара жатса, инвес­торлар өздерінің қо­лындағы қаражатын алтынға ауыстыра салады. Содан кейін алтын құнының өсуін күтеді де, алтын бағасы шарықтау шегіне жеткен кезде оны да өз уақытында тастап, пайдасын тағы көбейтіп алады. Экономи­каның бұл фор­ма­сында бір сектордың әлсіреуі екінші сек­торды нығайтуға әсер етеді. Ал миллио­нерлер ешқашан әлсіз сектормен жұмыс істемейді. Сол себепті олардың табысы бірден төмендемейді. Олардың жұмыс істеу тәсілі мынадай: Мысалы, Америка құлды­райтын болса, Қытайға инвестиция салады. Қытай әлсірегенде басқа жерге деген сияқты. Осы мәселеге қатысты қазір бүкіл әлемде экономиканы басқару моделін өз­герту қолға алынып жатыр. Негізі, мемле­кетті құрайтын халық. Халқы кедей мемлекет ешқашан бай болмайды. Бұған бүгінгі күні бүкіл дүниежүзінің көзі жетті. Осындай себептерді басшылыққа ала отырып, табысты реттеуді басқару реттеуші жүйелер алдындағы ең керекті нысан болып отыр.
– Әлемдегі экономикалық зерттеу­лер­ге көз жүгіртер болсақ, инвесторлар бірінші және екінші деңгейдегі деп екіге бөлінеді екен. Бірінші деңгейдегі инвес­торлар мемлекет кепілдік берген жо­баларға салым салады, ал екінші дең­гейдегі инвесторлар тақырға отыру қаупі бола тұра, қаражатын өзі қалаған жобаларға салады екен. Сонымен бірге статистикалық деректерде, өзіңіз айтып отырғандай, дәл қазіргі кезде екінші деңгейдегі инвесторлардың салымы көз ілеспес жылдамдықпен артып жатыр. Осыған қатысты, ақша ағынын бағын­дыру тақырыбында көптеген кітаптар жазып жүрген инвестор-жазушы Роберт Киосаки: «Нарықтық экономика жағ­дайында адамдарды жұмыс табуға емес, кәсіптің көзін табуға үйрету ма­ңызды», – деген екен. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
– Өте дұрыс. Ол кәсіпті игергеннен кейін, жұмыс істейді деген сөз. Мұның арасында көзге оғаш көрінетін қайшылық жоқ. Бұл жолды осы дағдарыстан шығудың негізгі бағ­дары деп айта алмаймын. Жұмыс та болуы керек, кәсіп те қажет, кәсіпті игеретін лайықты адамның да болуы – заңдылық. Жаңағы айтып отырған виртуалды эконо­мика да түпнегізін сол нақтылы экономи­кадан алады. Сондықтан нақтылы эконо­мика сүріне бастағанда, виртуалды эко­­но­мика да жанталаса бастайды. Бірақ олардың шығындары байқалмайды. Көп жағдайда шығын мүлде болмайды. Сол себепті біз экономика ғылымына жаңалық алып келуіміз қажет. Ол бірақ социализмге қайта оралу деген сөз емес. Ал жаңағы өзің айтып отырған инвесторлар салым жүйелері арқылы ғана ерекшеленеді. Экономистер инвесторларды «қауіпті», «қауіпсіз» деп екіге бөледі. Бірінші деңгейдегілер – үкімет­пен тікелей жұмыс істейтін инвесторлар, яғни салым салудың кепілді тұстарын іздейтіндер. Бір сөзбен айтқанда, үкіметке облигация есебінен ақша береді. Мұндай жағдайда бюджет тұрақтылау болады. Оның да нарықтағы күші үлкен және сонысымен онша ауытқуға ұшырамайды. Бірақ бұл жерде ескеретін мынадай жайт бар: Егер бюджет шығыны тым көбейіп кететін болса, сәйкесінше тапшылық та көбейеді. Бірақ оны реттеудің қолданыста сыннан өткен түрлі құралдары баршылық. Сондықтан бұл көп салымшы үшін қауіпсіз. Ал екінші деңгейдегі инвесторлар – вир­туалды экономиканың ең алып ойыншы­лары. Олар – электронды алаңды меншіктеп алғандар. Сондықтан олар – қисапсыз қаржыға иелік ететіндер. Дүние­жүзіндегі экономиканың кілті, көн­сеңіз де, көнбесеңіз де, солардың қолында. Осыған орай, қазіргі таңда жаһандық нарық жүйесі үстемдік жүргізетін кеңістікте, түптеп келгенде, барлық мәселені қаражат ағынының таңдау бағыты, оны реттеуші инвесторлар шешеді. «Инвестиция» ұғымы қазір жұрт ойлағандай белгілі бір жоспар жасап, соған ақша салу емес. Ол сөздің мағынасы түбегейлі өз­герген. Егер бажайлап қарайтын болсақ, несиенің де табиғаты – осы инвестиция. Осылайша қазіргі эконо­ми­каның даму-дамымауы инвестор­лардың таңдауына байланысты. Олар ақшаны қай елге, қандай салаға құяды, сол жердің мұртын балта шаппайды. Бұдан шығатын қорытынды, бүгінгі әлемдік экономика ке­ңістігінде кейбір орташа деңгейдегі елдердің эконо­микалық күш-қуатынан тысқары, беймәлім жағдай қалыптасқан. Беймәлім болатын себебі дүниежүзінің экономикалық хал-ахуалы көп жағдайда басқарушы билік­тердің қолында емес, еркін инвесторлардың қолында.
– Ал енді біздің елдегі инвестор­лардың жағдайы және олардың ел экономи­касына әсері қандай, үлес салмағы қаншалықты?
– Біздің өзіміздің ішкі институционалдық инвесторларды айтатын болсақ, бірінші орында зейнетақы қорлары тұр. Көптеген тілші: «Біздің зейнетақы қорларымыз ел экономикасына жұмыс істемейді» деген әңгімені жиі айтады. Шындығында олай емес. Мен мұны үстірт берілген баға деп есеп­тер едім. Егер статистикалық деректерге жүгінер болсақ, біздің зейнетақы қорлары­мыздың кемінде 60-70%-ы ел экономи­ка­сына жұмыс істеп тұр. Қор нарығында шы­ғып жатқан үкіметтің құнды қағаздары бар, облигациялары бар, Ұлттық банктің нота­лары бар, акциялар нарығы бар. Осылар­дың барлығына ақша салып отырған отан­дық зейнетақы қорлары екенін естен шығар­мауымыз керек. Ал енді бұлардың шетелдің құнды қағаздарына салып жатқан қаражатының көлемі барлық инвестиция­сының 10-12 пайызынан аспайды. Осыны білмейтін адамдар «Мұны неге нақты жобаларға салмаймыз?» дегенді алға тар­тады. Шындығында шетелдік құнды қа­ғаздардан табатын табыс деңгейі инфляция­дан төмен. Кейінгі бес-алты жылдан бері бұлар минусқа шығып келе жатыр. Сондықтан мұны «Неге көбірек қаражат беретін «Қазмұнайгаз» секілді индустриал­дық жобаларға бермейміз?» деген сұрақтар туындайды. Беруге болады, әрине. Бірақ біздің қазіргі экономика әлі өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Сол себепті мұнда қа­уіп-қатер көп. Зейнетақы қорларындағы қа­ражатты мұндай қауіпті жобаларға бір мезетте аудара салу қиын. Бірақ көрші Қы­тайдың тәжірибесіне қарасақ, теміржол мен автомобиль жолдарын зейнетақы қор­ларының ақшасын мемлекеттің кепіл­дігіне қою арқылы салып жатыр. Сол сияқты бізге де мемлекет кепілдік беретін болса, зей­нетақы қорларындағы қаражатты арнаулы жобаларға салуға болады. Зейнетақы қорындағы ақша халықтың ақшасы бол­ған­дықтан, оны есепсіз жұмсауға ешқандай қақымыз жоқ.
– Кейінгі кездері ортақ валюта ту­ралы әңгіме жиі көтеріліп жүр. Кедендік одақ аясында ортақ валюта қабыл­дайтындай алғышарттар бізде бар ма?
– Дәл қазір Еуропаның жүріп келе жатқан жолы көзімізге тайға таңба бас­қандай көрініп тұр. Көптеген кемшілігі бар. Қалай дегенде де Еуропа – бір сенімдегі, бір нанымдағы, ділі бір, ғасырлар бойы бір-бірімен біте қайнасып кеткен және бір-бірінен тарайтын мемлекеттер жиынтығы. Бірақ экономикасы әртүрлі. Бұларда Аме­рикадағыдай қуатты басқару орталығы қалыптаспаған. Ортақ үкіметі болмаған­дықтан, валюталық одақ жасағанымен, саяси одақ құра алмай отыр. Ортақ ақша болған жерде бір орталықтан басқарылатын үкімет те болуы керек. Олай балмаса, ортақ валюта өз қызметін толық атқара алмайды. Ортақ валюта негізінде саяси одаққа бірігетін болса, әрбір елдің саяи бостандығы жойылады деген сөз. Соған тұтас мемлекет­тілікті құрбан ету керек болады. Оған халық бара ма, бармай ма, бұл – даулы мәселе. Себебі ол жекелеген мемлекет басшы­лары­ның қолындағы дүние емес. Оны түптеп кел­генде халық шешеді. Сондықтан бұл бірден шешіле қоятын мәселе емес. Біз осын­дай кемшіліктерді біле тұрып, ортақ валютаға дедектеп жүгіре бермеуіміз керек. Әлі де жан-жақты ойлануымыз қажет. Жеті рет өлшеп, бір кесетін жағдай біз үшін. Себебі былтырғы Белоруссиядағы инфляцияның деңгейі 40 пайыздан асып, әлемдегі 200 елдің соңына тұрақтады. Мұндай инфля­цияның деңгейі еш жерде болған емес. Бірден-бір өнер­кәсібі дамыған ел бола тұра, Белоруссияда осыған дейін жұмыс­сыздық мәселесі болмаған. Бірақ қазіргі таңда Ресей, Белоруссия, Қазақстан мемлекеттерін қатар салыстырар болсақ, олардың экономикалық құрылымдары, басқару жүйелері, тіпті даму қарқындары да әртүрлі. Соған сәйкес, валюталарының долларға немесе еркін айналымдағы ақша бағам­дарына шаққан­дағы көрсеткіштері де әр алуан деңгейде. Экономикалық күш-қуаты бір-бірімен сәйкеспейді. Сондықтан ортақ валютадан халық зардап шекпес үшін осы алғышарттар теңесу керек. Ал ол қашан болатыны бел­гісіз. Нақты мына күні осы талаптардың барлығы бір ізге түседі деп ешкім кесіп-пі­шіп айта алмайды. Мысалы, жақында ғана Медведев: «Қайткенде де біз ортақ валю­таны екі-үш жылдың ішінде енгіземіз», – деді. Алайда саясаткерлер айтқан нәрсенің барлығы орындала бермейді. Сол себепті мұндай даулы мәселені саясаттың күшімен бағындыруға ұмтылу – басты қателік. Жо­ғарыда айтылған деңгейлер теңесу үшін уақыт қажет. Бұл – тізеге басуға келмейтін жағдай.
– Сөз соңында тағы бір сұрақ. Са­рапшы маман ретінде ұлттық эконо­микамыздың калориті болатын мына бағыт деп қандай салаларға басымдық берер едіңіз?
– Біздің ең негізгі байлығымыз егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы болуы керек. Сөз арасында мынадай деректі назарларыңызға ұсынғым келеді. Әлемдегі тағам көлемінің қоры халықтың өсу дең­гейінің жылдамдығынан әлдеқайда алшақ қалып қойған. Деректерге көз жүгір­тер болсақ, күніне 900 млн адам аштық жағ­дайында дұрыс тамақ ішпесе, 1 млрд 200 млн адамның құнарлы тамақ жеуге қауқары жоқ. Бұл көрсеткіштер адам саны өскен сайын көбейеді деген сөз. Бұрын, 90-жыл­дары, 34 млн га жер жыртылса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 22-24 млн га түсіп кеткен. Сонда 10 млн гектарға жуық ауыл шаруа­шылық өнімін беретін жарамды жер игеріл­мей бос жатыр. Сондықтан ауыл шаруа­шылығының бізге бергенінен берері мол. Тек соны ұтымды пайдалана білу керек.
Біздің қазақтың мән бермейтін тағы бір мәселесі – шағын және орта бизнес. Елба­сымыз әр сөйлеген сөзінде осы мәселені үнемі ескертіп келеді. Біздің өнеркәсіп саласын осы уақытқа дейін көтеріп келген – кешегі өндірістік ғасырда жемісін берген темір, көмір, газ, мұнай секілді ауыр өнеркәсіп сегменті. Бірақ ауыр өнеркәсіптің де дәурені өтті. Біздің нарықтық экономикаға араласқан 22 жылда шағын және орта бизнестің салмағы жалпы ішкі өнімде 20 пайыздан аспай тұр. Бұл үлкен жетістік деп айта алмаймын. Келешекте ауыл шаруа­шылығын дамытудан кейінгі өзекті мәсе­ленің бірі – осы шағын және орта бизнесті дамыту. Мысалы, дамыған елдерді алатын болсақ, Германияда жалпы ішкі өнімнің 60-70 пайызын шағын және орта бизнес береді. Біз бұл тұрғыда төрт-бес есе артта қалып келеміз. Ал көрші Өзбекстандағы шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлес салмағы 40 пайызға жетті. Шағын және орта бизнес болашақта экономиканы дамытатын негізгі күш мазмұнына ие болатынына ешкім шек келтірмейді.
– Алтын уақытыңызды бөлгеніңізге, тұшымды әңгімеңізге көп рақмет. Ісіңіз алға баса берсін!

Алашқа айтар датым...
Егін шаруашылығы мен мал шауашылығы біздің сарқылмас байлығымыз болуы керек. Мысалы, қазір мұнай мен газға сұраныс жылдам өскенімен, ол да мәңгілік емес. Мал басының санынан біз 90-жылдардағы көрсеткіштен аса алмай отырмыз. 90-жылдары бізде 36 млн қой болған. Ал қазір 17-18 млн төңірегінде жүрміз. Сол себепті алдағы ең ауқымды жұмыстардың бірі осы біздің жерімізді жеткілікті деңгейде пайдалану. Болашақта ауыл шаруашылығын дамыту басты мәселе болмаса, күн сайын өсіп келе жатқан әлем халқының қажеттіліктеріне жауап бере алмай қалуымыз мүмкін.

Алашқа айтар тілегім...
90-жылдардың басында қазақты саудаға икемі жоқ халық деп айтушылар жиі кездесетін. Уақыт өте келе бұл пікірдің қате екені өзінен-өзі дәлелденді. Сондықтан мен осы нәрсені ескере отырып, жалпы, қазақ халқы сауданы әлі де толығырақ, тереңірек меңгерсе екен деймін. Халқымыздың таланты, бейімділігі, ынтымақсүйгіштігі әлі-ақ талай шыңға шығарады. Екінші мәселе, біздің жеріміз үлкен. Қазба байлығын халық санына шаққанда әлемдегі ең бірінші орынды аламыз. Осы байтақ жерді қазақ барынша игеріп, қазынасын қалағанынша пайдаланса деймін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста