Совет‑Хан ҒАББАСОВ, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі, академик:
– Совет‑Хан аға, Тәуелсіздік алғалы бері тіл мен дін жайлы толғанбаған, айтпаған, мәселе көтермеген тұлғаларымыз некен-саяқ. Кейде осы екі мәселеден өзге қазақтың бас ауыртуы тиіс проблемалар жоқ па деп ойлайтыным бар... Сіз, мәселен, тілдің де, діннің де қордаланған мәселесін шешудің жолын ұрпақ тәрбиесінен іздейік дегенді айтып жүрсіз. Бұл қаншалықты негізді пікір?
– Өздеріңіз білесіздер, 20 жылдан бері жалпы, «адам тәрбиесінің, ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» жайлы зерттеулер жүргізіп, келелі мәселе көтеріп келемін. Осы уақытқа дейін жалпы, қоғам, адам, ұрпақ тәрбиесі тақырыбында бес монографиялық еңбек жазыппын. Сол еңбектенудің нәтижесінде біздің еліміздегі нөмірі бірінші проблема – қоғам тәрбиесі мен адам тәрбиесі екенін түйсіндім. Мәселен, біз, анықтап айтсам, ұлт ретінде халқымыз да, мемлекетіміз де, қазақтың дәстүрі мен салтын – терең түсіне алмай отырмыз. Барлық олқылық пен кемшілікті һәм жауапкершілікті биліктің мойнына іле салуға құштармыз. Әрине, биліктің де олқылығы бар, халықтың да кем-кетігі мен олқылығы бар. Сондықтан таразы басын тең ұстауымыз қажет. Мысалы, оқыған-тоқығаны мол, ғұлама саналатын, академик атағын алған азаматтарымыздан «Салт-дәстүр деген не?» деп сұрап көріңізші. Көпшілігі салт-дәстүр, ырым-жоралғы дегеннің не екенін жіліктеп бере алмайды. Себебі олар бұл мәселені жарытып білмейді. Әмбебап энциклопедияға сүйенсек, «Дәстүр дегеніміз – жалпы, ұлт па, ұлыс па, қауым болып қабылданған тәртіптің түрлері мен қоғамдық ережелердің жиынтығы» – дейтін анықтама береді. Ендеше ұлтты ұлт ететін, оның қоғамын түзейтін және ұрпағын тәрбиелейтін – дәстүр‑салттың негізіндегі халықтық тағылымы екенін түсінетін мезгіл жетті. Сондықтан әр халық өзінің пәлсапалық сүзгісінен өткізіп, сұрыптай жетілдірген ұлттық дәстүріне терең бойлай алуы керек. Салт-санадан безген, дәстүрден азған халық ассимиляцияға ұшырап, халықтық қасиетінен айырылады. Сол үшін де егер тіл мен діннің проблемасын шешеміз десек, халықтың тектік қасиетіне, дәстүріміз бен салт-санамызға оралуымыз қажет. Өкініштісі сол, Тәуелсіздік алған 22 жылда, біз әлі дәстүр мәселесін жолға қоя алмадық. Оның бірден‑бір дәлелі, не орта мектепте, не жоғары институт пен университеттерде – халық педагогикасы мен ұлттық психология және жүйеленген ұлттық тарих пән ретінде жүрмейді. «Қазақ тарихы» оқулығының сапасы бүгінге дейін даулы. Биліктің көптеген кемшіліктерін жіпке тізіп жүрміз ғой. Ал мынау дәстүр мен салттың және ұлттық сананың мәселесі тікелей халыққа келіп тіреледі. Яғни халықтың кемшілігі.
– Халықтың бұл кемшілігін жоюдың жолдары қандай? Мәселен, сіз айтпақшы, академиктеріміздің өзі дәстүрден хабары жоқ болса, халық қайтпек керек?
– Мұнан шығар бір-ақ жол бар. Біздің мемлекет саналы түрде қазақтың дәстүр‑салтын, қазақтың ұлттық санасын жаңғырту үшін, еліміздегі мектептерде, ЖОО-да үш пәнді енгізуі керек. Ол пәндер: біріншісі – халықтық тағлым, яғни халықтық педагогика, екіншісі – ұлттық психология, үшіншісі – жүйеленген ұлттық тарих. Бізде қазір осы үшеуінің біреуі де жоқ. Журналистер оқулықтағы тарихи қателіктерді көрсетіп, қанша шулағанымен, дұрыс еместігін көрсетіп, қаншама жазғанымен, ештеңе өзгермейді. Себебі бізде жүйеленген ұлттық тарихтың методологиясы жоқ. Егер салауатты, салтанатты халық болғымыз келсе, педагогикамыз бен тарихымыздағы олқылықтарды түзетуіміз керек. Мысалы, бізді «еуроцентризм методологиясы» мәңгүрттендіріп жіберген. Сөйте тұра, әлі күнге дейін еуроцентризмге негізделген педагогиканы оқып жүрміз. Мәселен, бір кездері ол методология бізге қазақтың тарихы, мәдениеті жоқ деп оқытты ғой. Ендеше ұлттық идеология жасамай, көшіміз түзеледі дегенге сенбеймін.
– Аға, біз жалпы, ұлттық идеология, ұлттық идея мәселесін жиі сөз етеміз. Сіздің пікіріңізге қарасам, сол ұлттық идеяны дәстүрден іздеу бар сияқты...
– Өте дұрыс айтып отырсыз. Ұлттық идеологияны айтпастан бұрын мына бір мәселеге назар аудартқым келеді. Бұрынғы жылы «Саясат пен идеология бір ме?» деген мақала жаздым. Қазір қарап отырсам, кеңестік кезеңнің түсінігімен идеологияны саясаттың шекпеніне салып жіберіппіз. Содан болар, қалың бұқара идеология дегенді саясат деп қана ойлайды. Бұл, меніңше, қате түсінік. Саясат өз алдына бөлек ілім. Ол елді, қоғамды басқаруды көздейтін, ішкі және сыртқы саясатты үйлестіреді. Яғни саясат дегеніңіз – өзіндік заңдылықтары, жүйесі бар қоғамды басқаратын ілім. Ал идеология дегеніңіз – қоғам тәрбиесі мен адам тәрбиесін көздейтін мүлдем бөлек ілімнің түрі. Тек ұлттық идеология ғана қоғамдағы – әділет пен тәртіпті, адамдағы – тәрбие мен тәлімді орнықтырып, жетілдіре алады. Сондықтан да идеологияны тек саясаттың шекпеніне салып қарауға болмайды. Идеологияға деген көзқарастың ауқымын кеңейтуіміз қажет.
– Аға, меніңше, бұл екеуін бөліп қарастырғанымызбен, идеологияның тұтқасын бәрібір мемлекет ұстауы қажет сияқты. Осы мәселемен тікелей айналысатын мемлекеттік хатшы, қала берді, әр облыстағы ішкі саясат басқармалары бар. Олар өз әдетінше жұмыс жасап жатыр. Десек те, бір қызық идея айтсам деймін... Жалпы, мемлекеттік идеологияны зиялы қауымның қолына ұстатуға бола ма?
– Біздің бүгінгі саяси басқаруымыз бен түсінігіміз де, әлі күнге кеңестік кезеңнің жүйесінен арыла алған жоқ. Мәселен, бүкіл идеологиялық жұмыстарды ішкі саясат басқармаларына беріп қойғанбыз. Бұл жүйе өзін-өзі ақтады ма? Мәселе – осыда. Менің ойымша, сол ішкі саясат басқармаларын қадағалайтын, олардың жұмыстарын бағалайтын «аппараттық кеңестер» құрылса... Ол кеңеске «көшірме ғалымдарды» емес, нағыз зиялыларды топтастырып, бірлесе жұмыс істесе идеологиялық мәселелер түпкілікті шешімін табар еді. Мұндай кеңес жасақтай алмасақ, сол басқармалардың жанынан арнайы бөлімдер құруға болады. Сол бөлімдер жалпы, қоғам мен адам тәрбиесімен айналысса, яғни идеологиямен астастырылса, ұлттық сананың жетіліп орнығуы үшін, бар күш-жігерін жұмсар еді деп ойлаймын.
– Сіз бір кездері «хандық дәуірде қазақтың ұлттық идеологиясы болған жоқ» деген пікір айтып қалып едіңіз...
– Білесіз бе, қоғамға, ең алдымен, әділет пен тәртіп керек. Ұлттық идеология болмаған елден әділет пен тәртіп іздеу бекершілік. Сол іздеген әділдігіңізді де, тәртібіңізді де таба алмай қалуыңыз мүмкін. Біз унитарлы мемлекетпіз. Унитарлы елде әділеттілік пен тәртіп алдыңғы қатарға шығатыны сөзсіз. Сондықтан да бізге әртүрлі қателіктерге жол беруге болмайды. Бұрынырақта «мың өліп, мың тірілген» қазақ ұлтының жайын қозғап, «Ата-бабаңның қадір‑қасиетін ұқ» деген мақала жазып едім. Сол мақалада ұлттың төрт құбыласын көрсетіп, соның бірі ретінде осы ұлттық идеяға тоқталған болатынмын. Сондықтан да ұлттық идея мәселесін екі ауыз сөзбен тұжырымдай салу оңай емес. Иә, бір кездері «төрт жүз жылдық хандық дәуірде ұлттық идеологиямыз болған жоқ» деген пікір айтқан болатынмын. Бұл жайтты жан-жақты зерттеп көрдім. Байқап қарасам, хандық дәуірде де біздің ұлттық идеологиямыз болмапты. Мысалы, Шыңғыс ханның ұрпағы ақсүйек саналып, қара халықтан бөлінген. Мұндай бөліну салдарынан ұлттық идеология қалыптаспайтыны белгілі. Ұлттық идеологиямыз болмағанын дәлелдейтін себептер жеткілікті. Мен екеуіне ғана тоқталайын. Біріншісі, төрт ғасырға созылған хандық мемлекетте бірде-бір мемлекеттік медресе болмаған. Неге деп ойлайсыз? Қараңғы халықтың сауатты болуы билікке қауіп төндіреді. Қараңғы елді басқару анағұрлым оңай. Осының салдарынан хандық кезеңде ұлттық оқу орны, ұлттық медресеміз болмады. Мұны мойындауымыз қажет. Кейбір зиялылар «молданың оқуы болды ғой» деген уәж айтады. Демек, біздің оқыған зиялыларымыз молданың оқуы мен медресені айыра алмайды деген сөз. Молда діни сауат ашады, дінді түсіндіреді. Ал медреседе кәсіптік деңгейде білім беріледі. Яғни білімнің, мәдениеттің, идеологияның орталығы іспетті. Бұл – бір мысал. Екінші жайт, ол дәуірде еліміз тұрақты әскер ұстамады. Осының салдарынан бір ғана «құба қалмақ» шапқыншылығы 150 жылға созылды. Жау әскері басып кіріп, ауылды шауып, шаңырағын ортасына түсіріп, кемпір-шалды, бала-шағаны зар еңіретіп, кетіп қалады. Ал бас көтерер «хан қолындағы күш» сонан кейін ғана атқа қонады. Егер де сол кезде ұлттық идеологиямыз болса, тұрақты әскеріміз де болар еді. Қазақ халқы үнемі ойда жоқ шапқыншылық пен қырғынға ұшырамас еді.
– Бұл ұлттық тарихымызға деген көзқарасқа сызат түсіруі мүмкін пікір емес пе?
– Тарихта болған оқиғаны, болған жайтты жамап-жасқап, болмаса жасырып қала алмайсыз. Халықтың басынан өткені шын ба? Шын. Ұлттық идеологияға тарих та, ұлттың ілімі де, білімі де кіреді. Сондықтан шындықты өз орнымен айта білгеніміз жөн.
– Әрине, әр нәрсе айтуға оңай ғой, аға! Біраз идея айттық. Кейде осы идеяларды жүзеге асыруда да өзіміз бел сыбана кірісуіміз қажет сияқты болып тұрады.
– Ұлттық дәстүр‑салттың әлсіреуінен, мемлекеттік тілді қорлап отырмыз. Қазір қайда барсаңыз да, қазақтардың өзара орысша сөйлесіп жатқандарын көресіз. Әсіресе қазақтың әйелдері мен қыздары, тіпті ұлттық намыс дегенді ойламайды. Ұлттық идеологиямыз болса, дәстүрді білсек, мұның бірі де болмас еді. Тілмен бұлай ойнауға болмайды. Тіл – бүкіл ұлттың болмыс-бітімі. Жоғарыда айтқан «Ата-бабаңның қадір‑қасиетін ұқ» деген мақаламда, ана тілдің 100 түрлі сипаты мен 10 түрлі қасиетіне тоқталған болатынмын. Идеяны айтып қана қоймай, оның шешілер жолдарына да тоқталғандай едім. 2006 жылдан былтырға дейін «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер одағының төрағасы болдым. Осы одақ 20 шақты, кейіннен 50-ге жуық үкіметтік емес ұйымдарды біріктіріп, бірлесе жұмыс жасадық. Көптеген құзіретті органдарға түрлі хаттар жолдап, ұлттық идея бағытында келелі мәселелерді көтердік. Бірақ біздің елде ұлтық идеологияның жоқтығынан көтерген мәселелеріміз, жасаған жобаларымыз аяғына жетпей қалды. Халық қолдағанымен, кейбір шенділердің қолдауға өрелері жеткен жоқ. Олар баяғы ескі сүрлеумен жүріп, үйреніп қалған. Нәтижесінде, ауылдың ахуалы мен қаланың арасындағы айырмашылық алшақтап барады. Мемлекет құрушы қазақ халқының жағдайы көңіл көншітпейді. Өйткені олардың дені ауылда тұрады. Ал қалаға келсе, жұмыс жоқ.
Мысалы, біз Алматы қалалық білім басқармасымен 56 мектепте ата-аналар оқуын, мастер-кластарын жүргізіп келеміз. Алдымен ұрпаққа тәрбие беретін ата-аналарды тәрбиелеп алуымыз қажет. Сонда көптеген ата-аналар «кеселдің бәрі өзімізде екен» деп мойындап, біздің ісіміздің дұрыстығына көздері жетіп жатты. Яғни жасап жатқан шаруамыздың қорытындысы жаман емес сияқты. Енді осы басталған істі мемлекеттік деңгейде жүргізуіміз керек. Кейде аз ғана дүниеге шүкіршілік жасаймыз. Мәселен, үш жыл бұрын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу орнының ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің қолдауымен «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылды. Осындай жағымды жаңалықтар көп болса, осы бағыттағы жұмыс жанданса, көптеген қордаланған мәселелердің түйінін шеше алар едік.
– Кеңестік кезеңнің идеологиясы мықты болғанын айтып қалдыңыз. Бәлкім, сол идеологиядан да аларымыз бар шығар...
– Ұлттық құндылығымыздың өркендеуі тәрбиеге келіп тіреледі дедік қой. Бір кездері Мағжан сенген «жастарға» менің де сенгім келеді. Сол жастарды, ең алдымен, ата-анасы, сосын қоғамы тәрбиелейді. Сол себепті де өткен тарихтың жақсысын бағалай білген жөн. Мысалы, кеңестік дәуірде қоғам жастарды тәрбиелеу ісін «октябрят», «пионер», «комсомол» деген ұйымдар арқылы жүргізді. Бұл ұйымдар қоғамдық тәрбиеге ерекше ықпал жасап тұрды. Қазір бізге де осындай сатылы мемлекеттік деңгейдегі жастардың бірлестіктері керек. Кеңестік кезеңде жасалған дайын тұрған ережелер бар. Сол ережелерге ұлттық таным тұрғысынан қарап, өзімізге ыңғайлайық. Қоғамдық тәрбие жоғалған елде отбасындағы тәрбие де, мектептегі тәрбие де әлсірейді. Қазір баласына ие бола алмай жүрген отбасылар көп. Сондықтан да бұл мәселеге салғырт қарауға болмайды.
– Аға, сіз айтып отырған қоғамдық тәрбиені қоғамдық идеямен астастыруға бола ма? Қазір көптеген зиялыларымыз, шенеуніктеріміз мемлекеттік тіл дегенде етегі жасқа толады. Бірақ солай бола тұра, балаларын орыс мектебіне береді. Яғни қоғамдық тәрбиеміз тілде бар да, істе жоқ...
– Тәуелсіз мемлекетте баласын орыс мектебіне беру қастандық. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, барлық халық тілді қатынас құралы деп біледі. Ал оның басқа да қырлары бар. Мәселен, ана тілі бал-бөбек кезеңінде, яғни бір жарым жастан үш жасқа дейінгі аралықта ата-бабаның зердесімен байланыстырады екен. 1989 жылы Нобель сыйлығын алған немістің екі ғалымы осыны дәлелдеген. Демек, орыс мектебіне баратын қазақ баласы, осы ата-бабасының табиғи жолмен берілетін зердесінен айырылады деген сөз. Ұлты орыс емес болғандықтан, орыстың да бабалық зердесімен қосылып кете алмайды. Бұл – екінші жайт. Үшіншіден, халықтық менталитетті тіл жасайды. Әр халықтың тіліне қарай менталитеті қалыптасады. Түркі тектес халықтардың әрқайсысының менталитеті әртүрлі. Өзбек, ұйғыр, түріктердің менталитеті бізге келе бермейді. Демек, ол бала ұлттық менталитеттен айырылады. Кезінде Мұхтар Әуезов шабыттануды «мүттағала» деп атапты. Осы мүттағала да тіл арқылы беріледі. Тілді жақсы білетін, жақсы түсінетін адамда мүттағала, яғни шабыт болады. Мысалы, Абай данышпан, әрі кемеңгер. Қарасөз бен өлеңдерін «мүттағаламен» жазған. Яғни табиғи талант тіл арқылы келеді деген сөз. Мінез де тіл арқылы қалыптасады. Рахым, иман, мейірім де тілге бейімделе беріледі. Бүгінгі қолында билігі бар азаматтар балаларын осындай керемет нығметтен айырып жатыр. Мұның бәрін білсек, пендешілікке беріліп, балаларымызға қиянат жасамас едік.
– Мұның бәрі қазақ ұлтының ертеңіне деген сенімсіздіктен туып отырған жоқ па?
– Меніңше, барлық мәселе әр адамның санасына байланысты. Бізде халықтық сана болғанымен, ұлттық сана жоқ. Мысалы, қазір көптеген қазақ жүзге, руға бөлінуге дайын. Ал ертеректегі тарихқа қарасаңыз, қазақ халқында жүзге бөліну болмаған. Қазір ұлттық сананың қалыптаспауынан жүзге бөлініп жүрміз. Руыңды, жеті атаңды білудің әу бастағы миссиясы ‑ текті сақтау үшін қажет болғаны белгілі. Ендеше сол ата-бабаларымыздан мирасталған қан тазалығы мен текті сақтаудағы, табиғи сұрыптау мәселесін рушылдыққа айналдыруға хақымыз бар ма? Мен айтып отырған ұлттық сана көптеген оқыған-тоқығандарымыздың өзінде жоқ. Ұлттық сана болмаса, азаматтық сана да болмайды. Мәселен, мен аралас мектептерге жиі барамын. Орыс мектептерін қазақ балалары толтырып отыр. Бір сыныпта 25 бала болса, соның 20-сы қазақтың баласы. Егер қазақтардың азаматтық санасы оянып, өз баласын қазақ мектебіне берсе, орыс мектептері баяғыда‑ақ жабылып қалар еді.
– Сөздеріңізге қарап отырсам, бізге ұлттық жаңғыру қажет сияқты. Десек те, әңгімеміздің бәрі бір тығырыққа келіп тіреліп жатыр. Мысалы, Махатма Ганди үнділердің азаттыққа қол жеткізуіне ықпал жасап, ұлттың ұлттық жолын айқындай білді. Біздің ұлттық жолымыз қайда? Осы сұраққа жауап беріп көрелікші...
– Бұл мәселе төңірегінде өте көп ойландым. Кез келген халық алдымен қауым, сонан кейін халық болып қалыптасқан. Халық болғаннан соң «Не істеу керек?» деген сұрақ туындайтыны белгілі. Ол сұрақтың аяғы «Мемлекет құру керек» деген жауапқа келіп тіреледі. Ол мемлекет құрылғаннан кейін сол халықтың өркениеті, мәдениеті, тарихы, азаматтық санасы, ұлттық идеясы т.б. барлығының жауапкершілігі мемлекеттің мойнына жүктеледі. Оны жасай алмаған мемлекеттің ертеңі болмақ емес. Мұны жолға қоя алмаған мемлекеттің халықпен байланысы алшақтайды. Мысалы, бүгінгі космополиттер бұқара мен биліктің арасын алшақтатып жіберді. Халықтың ойын мемлекет білетін болса, мемлекет оны ғылымға негіздеп жүйелеуге асығар еді. Бізде осы жайт әлсіз болып отыр. Осы әлсіздігімізді жолға қойсақ, ұлттық жолымызды да табар едік.
– Қазіргі қалыптасқан үрдіске қарасақ, ұлттық идеология, ұлттық идея тек жазушыларға, саясаткерлерге, журналистерге және де зиялы қауымға ғана қажет сияқты болып көрінеді. Басқа сала мамандары неліктен қазақ ұлтының болашағына бас ауыртпай отыр?
– Бізде мұндай кемшіліктер көп. Ол кемшілікті мемлекет қалыптастырып берген идеология ғана жоя алады. Мұның шешу жолын революциядан, түрлі түсті апыр-топыр көтерілістен іздеуге болмайды. Бұл мәселеге жол бермеу де мемлекеттің қолында. Біздің мемлекет өткен тарихты, ерте замандағы, орта ғасырдағы мемлекеттердің жайын жақсы біледі. Жат идеологияға жалтақтақтаған ешбір елдің ертеңі болмағанын да түсінеді деп ойлаймын. Кешегі кеңестік кезең ата-бабаларымыз қалыптастырып берген құндылықтарды өшіріп үлгерді. Мәселен, қазіргі қазақ, қытайлар салық төлеп тұрған ғұндардың тарихын біле ме? Түрік қағанатының тарихын ше? Әлем бұл тарихты біле тұра мойындағысы келмейді. Сол әлемнің сыңаржақ пікірі салдарынан Шыңғыс ханның жасаған жорығын жауыздық деп ұғамыз. Ал, шын мәнінде, Шыңғыс хан Наполеон, Македонский секілді елді қырып-жойған жоқ. Жаулайтын еліне дипломатиялық жолмен елші жіберетін болған. Өз еркімен қосылған тайпалардың қаласына, халқына тиіспеген. Шыңғыс ханның арқасында шығыстағы тайпалар арасындағы бітпес соғыс тоқтады. Еуропадағы, тіпті іргедегі орыстардың княздары арасындағы қақтығыстар, соғыстар біржола бітіп, олардың ел болып, біртұтас мемлекет болуына жол ашылды. Әріге барайық, Аттиланың, яғни Еділ патшаның тарихын білсек, біз бүгінгідей рухы әлсіз ел болмас едік. Еуропа елдерінде Еділ патша жайлы қаншама роман, қаншама драма, қаншама ғылыми дүниелер жазылған. Қазір бәрін жасырып тастаған. Өйткені «еуроцентризм» түркі әлемінің өркениетін жек көреді. Олар барлық өркениетті гректерден, египеттен һәм Еуропадан ғана бастағысы келеді.
– Тағы да тығырыққа келіп тірелдік. Бұл тығырықтардан шығар жол бар ма?
– Бар, әрине. Мысалы, Жапония мемлекеті ұлттық идеологиясын тек жапон ұлтының құндылықтары негізінде қалыптастырған. Сол жапондар «мемлекеттің пайдасын жеке бастың пайдасынан» жоғары қояды. Сондықтан да түрлі ұлттардан, түрлі халықтан құралған Америка Құрама Штаттарын үлгі еткеннен гөрі, Жапониядан үлгі алсақ, біз ұлттық жолымызды табар едік.
Сөз сарасы
Қараңызшы, анау есікте үлкен плакат ілініп тұр. Бұл плакатта қалта ұрыларының суреттері беріліпті. Бәрі қазақтың балалары. Оларды қоғамдық орын, қоғамдық көліктерге іліп, көзтүрткі етіп қойдық. Бұдан біз бірдеме ұтамыз ба? Түрмеде де қазақтың жастары толып кетті. Мұның шешер жолы тек ұлттық тәрбиеге келіп тіреледі. Бірақ біздің бүгінгі ата-аналарымыз дұрыс тәрбие бере алатындай дәрежеде емес. Өйткені олардың өзі салт-сананы жақсы біле бермейді. «Білмеген адам у ішеді» деген сөз бар. Сондықтан да қазақ халқының, қазақ ұлтының қазіргі жағдайын өте ауыр деп ойлаймын. Мұны қолға алып, сөзбен ғана емес, іспен жөнге салуымыз керек.