Шын намыс ақшаға сатылмайды, сатып та ала алмайсың

Шын намыс ақшаға сатылмайды, сатып та ала алмайсың

 Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi, режиссер:

– Сіз Асқар Тоқпанов, Шәкен Айманов сынды қазақтың театр және кино саласына серпіліс алып келген мықты режиссерлердің көзін көріп, тіпті өнер жолында солардан сабақ алдыңыз. Жүрегі қазақ деп соққан бұл кісілердің туындыларынан ұлттық бояудың иісі аңқиды. Қазір өзіңіз сол кісілердің орнын басып, режиссер болдыңыз. Ендеше Айманов, Тоқпановтардың кезіндегі қазақ режиссурасы мен қазіргі режиссураны салыстырасыз ба? Қазақ режиссурасы қазір қандай бағытқа бет алды?

– Мен ең алғаш консерваторияда оқып жүргенде режиссер Әзірбайжан Мәмбетов «Қобыланды» қойылымын қойды, біз сол қойылымның тұсаукесерінің көпшілік сахнасына шықтық. Сол жерде тұңғыш рет «е, режиссер деген осы екен ғой» деп ойладым. Таңертең кірген репетициядан түннің бір уағында әбден сілең қатып, әрең шығасың. Ол кісі күн демей, түн демей сахнаға жанын салып, көпшілік сахнасының өзін шығару үшін соншама дайындық жүргізетін. Қазір ондай қайда?! Қазақ театр өнерінің ең шарықтау шегі сол Әзірбайжан Мәмбетовтің тұсында болды. Қазіргі менен үлкені бар, кішісі бар, жалпы қазақ режиссерлері бәріміз сол Мәмбетовтің қойған шығармаларын көріп өстік. Содан соң мен Ғ.Мүсірепов театрында актер болып жүргенімде Мен дон Ук деген кәріс режиссері келді бізге. Жаңашыл, экспериментті, авангард режиссер еді. Біз басқаша режиссураның да болуы мүмкін екенін сол кісі арқылы білдік. Қазір енді шекара ашық, әлеммен еркін байланыс жасаудамыз. Не көргіңіз келеді, интернетте бәрі тұр. Тіпті ақшаңыз болса, қалаған спектакліңді шетелге барып, көріп келуге де болады. Сондықтан да қазір жүртты «ой, осы Әуезов театрында, не болмаса Лермонтовта сұмдық премьера болайын деп жатыр екен» деп бұрынғыдай таңғалдыра алмайсыз. Қазір заман басқа, сондықтан басқа режиссура керек, басқа актерлік шеберлік, басқа опералық әнші, басқа балет керек. Негізгі іргетасы сол, бірақ көрсету формалары мүлдем жаңаша сипатта болуы керек. Себебі Тәуелсіздік алғалы 90-жылдары туылған балалар қазір 20-ға келіп, оң-солын түсінетін азамат болды. Олар 1990 жылы туса, 1995 жылы бес жастарында компьютер келді. Артынан интернет келді. Алты-жеті жастағы бала компьютерге отырып, алдымен ойнап көрді, кейін интернетті меңгерді де, оның керемет мықты мүмкіндіктерін біліп, кітап оқуды, кино көруді, театрға баруды керек етпей қойды. Себебі алдында одан әлдеқайда қызық әлем есігін ашып тұр ғой. Қалағанын үйден шықпай-ақ сол жерден тауып алады. Соны білген бала бізге қарайды, амал жоқ, мектеп қуып әкелген соң онда да. Сөйткен кезде сахнаға қазақ актеры шығып, оның интернетіндегі кереметінен әлдеқайда төмен ойнаса, екінші рет оны тіпті өлтірсеңіз де театр табалдырығын аттамайды, онымен қоймай «қойшы, менің халқымның жүрісі әлі мынау» деп намыстанатын да болады. Ал ол мына маған, режиссерге тіпті ауыр тимей ме? Сондықтан мен намысқа тырысып, әлгі интернеттен әлемді бақылап отырған баланы қалайда театрға мойын бұрғызамын деп жаңаша форма, жаңа тәсіл іздеймін. Бұрынғыдай қазір сөздің емес, қимыл-әрекеттің, шапшаңдықтың заманы. Ақыл айтатын заман өткен. Бұл екі-үш сағат қойылымның қазір ешкімге керегі жоқ, оны көріп отыруға қазір ешкімнің төзімі жетпейді де. Қазір 10-15-ақ минутта кереметтің көкесін танытарлық туынды жасап шығаруға болады. Осыдан келіп менде жанталас пайда болады. Жанталасқанда менде режиссерлік шеберлік пайда болады, мен міндетті түрде бір жаңалық табамын. Менің актерлерім ән де айта алады, билей алады, пластикалық қимылдарға да шебер, паузамен де жүреді, көп ақыл айтпайды, секіргенде тура үйдің төбесіне жетеді. Мен сондай актер дайындап, сондай спектакль қоямын. Менің спектаклім жалғыз қазақ үшін ғана емес. Ағылшын, кәріс, қытай да, басқа да оны көргенде аудармашысыз түсінуі керек.

– Яғни өнердің тіліне қызмет етемін дейсіз ғой?

– Иә, соныма қарап жұрт кейде мені «жаңашыл бағыттағы режиссер» дейді. Ол әрине, жақсы. Бірақ оған тоқмейілситін мен емес, керісінше, ол маған жүк артады. Мені жаңашыл дегеннен кейін, мен соған қашанда лайық болуым керек. Себебі бүгінгі жаңашылдық ертең-ақ ескіге айналады. Сол себепті бір спектакльді қойып жатып, екіншісі ойымда тұрады. Міндетті түрде солай етпесең болмайды, үлгірмейсің. Уақыттың алдын алу керек, егер жаңашыл болып қалам десең. Кеш қалуға болмайды, әйтпесе ешкімге керек болмай қаласың. Тірі жүріп, керексіз болғаннан өлген артық. «Ой, мен кезінде  керемет нәрсе жасап едім» деп артқа қарағанша, алға қарай ұмтылу керек.

– Негізі, «заманына қарай заңы» дегендей, әр кезең көрерменінің өз дәуіріне сай талғамы да ерекше болады. Сіздің көзқарасыңыз бойынша, қазіргі көрермен қандай дүниені қажет етеді? Бүгінгінің кейіпкері кім өзі?

– «Мынадай адамға ұқсасам» деп «герой» іздеу, ол біздің заманда қалып қойған нәрсе сияқты. Біз Сәкен Сейфуллин, не болмаса Ғани Мұратбаев, Бауыржан Момышұлы десе, солар жайлы спектакль шығыпты десе жанымыз қалмай, жетіп баратынбыз көруге... Қазір, меніңше, жастар оны ойламайды. Қазақтың бір тұлғасын пір тұтып, сондай болмаса да ұқсап бағуды қазіргі жастар, әй қайдам, ойламайды-ау... Шәкірт тәрбиелеп жүрмін, жастардың арасында жүрмін, ондай бір құлшыныс пен құштарлықты байқамадым.

– Ал олай болса, мұндай қоғамда театр көрерменіне не беруі керек? Әлде кейіпкерсіз де туынды жасау мүмкін бе?

– Мен бұл сұраққа жауап беру үшін сәл әріден бастайын. Бұрын кеңес заманында пьесалар бірінен соң бірі бұрқырата жазылып жататын. Кез келген драматургтен шығармасын алдын ала барып, сұрап оқи алатынсың. Қазір мүлдем олай емес. Меніңше, сіздің қойған сұрағыңыз сол драматургтерді де толғандыруы керек. Қазіргі қоғамға не керек, көрерменнің не көргісі келеді деп қоғамның тамырын басып, тынысын тексеру алдымен шығарманы жазатын жазушы, драматургты ойландырса, онда шынында жақсы дүниелер өмірге келер еді. Мүмкін, қазір өзі сондай бір өліара шақ шығар? Енді бір 10-15 жылдан кейін жұрт өзіне жаңа кейіпкер табар... Меніңше, қазақ драматургиясы енді пайда болған, театр енді ғана қалыптасып келе жатқан ХХ ғасыр басында дәл осындай дағдарыс болған секілді. Сол кезде біздің жазушыларымыз қазаққа жақын кейіпкер, қаһарман іздеп шарқ ұрды. Сөйтті де ел аузындағы аңыздарды тірілтіп, қағаз бетіне, сонан соң кәдімгі тірі образдарға айналдырды. Сонда қанша ғасыр бұрынғы Қыз Жібекті, Баян сұлуды, Еңлік-Кебекті тірідей көрген қазақ шынында қайран қалды. Осындай формацияны біз дәл осы кезде де өткеруге тиіс болған секілдіміз.

– Біз қазіргі қазақты қалай сомдап жүрміз, қалай сомдауымыз керек?

– Егер осы сұрақтың жауабын білсек, сұмдық керемет драматургиялар жазып, теңдессіз спектакль қояр едік қой. Бүгінде бүкіләлемдік театр қайраткерлері, өнер тарландары бас қосқан жерде талқыланатын басты мәселе – осы. Елбасымыз да «бүгінгіні неге сипаттамайсыңдар, неге бүгінгі қазақтың бейнесін жасамайсыңдар?» дейді. Жалпы, былай қарасаңыз, батырлық ерлік жасайтындар жоқ секілді. Ылғи бір «қалай байысам?», «қалай еткенде бала-шағам коттеджде тұрып, бас-басымызға көлік мініп аламыз» деп жүрген біреу. Одан қандай ерлік, қандай батырлық іздейсің? Біздің студент кезімізде КазГУ, КазПИ бар ма, сондағы достарымызбен бірге қойылымдарға бірге барып, шыққан соң оны бірге талқылап, тіпті поэзия да оқитынбыз. Қазір бүкіл жатақхана бойынша бір студент өлең оқи ма? Жоқ, оқымайды, себебі бүгінде мектепте де, жоғары оқу орнында да оқушылар мен студенттер реферат тапсырады. Ал реферат деген не? Бес параққа жазасың, оны принтерден басып шығарасың да, апарып тапсырасың. Оны не оқушы, не оқытушы оқымайды да. Осы да білім бе? Осындай бәрі оңай, ештеңеден қиналмаған кезеңде кім батыр бола қойсын?

– Соңғы кезде елімізде театрлар көптеп ашылып жатыр. Біріншіден, олардың барлығына баратын көрермен бар ма? Екіншіден, театрлардың жұмыс сапасын арттыратын өзара бәсеке бар ма? Жалпы, қазақ театрлары бәсекеге қабілетті ме?

– Ешқандай да бәсеке жоқ. Әр облыстың өз театры бар. Қала берді соларға маман даярлайтын сол облыстағы жоғары оқу орындарының бірінен актер шеберлігі сыныбын ашып алған. Олардың мүмкіндігі әрине, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясымен теңесе алмайды. Мысалы, мұнда әр студентке бір-бір ұстаз күніне қырық минуттан әннен дәріс береді. Күнде 1,5-2 сағат сахна қозғалысы жүрсе, оның сыртында би сабағы тағы бар. Бұл пәндерден кәдімгі жоғарғы деңгейдегі өнер саласының мамандары сабақ береді. Ал облыстарда мұндай мүмкіндік бар деп айта алмаймын. Бірақ соны бітірген балалар облыстық театрларға актер болып барады. Содан кейін онда қандай деңгей болуы мүмкін? Бұл – бір, екіншіден, мен облыстарға барғанымда міндетті түрде театрға соғамын. Онда да жақсы, бірақ әттең бағы жанбай жүрген актерлер бар. Себебі олардың еңбегін насихаттап, көрсетіп жатқан БАҚ жоқ, сондықтан сол облыс деңгейінде қалып қояды. Қоятын репертуарлары да санаулы ғана. Ал Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік  академиялық театрында бір айда 27-30 спектакль қойылады. Күнде мың орындық толады. Ал облыста бір айда соның тең жартысы, тіпті үштен бірі қойыла ма, қойылмай ма? Кейде фестивальдерге келгенде сол облыс театрларын байқайсың. Бірақ әлі де болса мына Алматы, Астана қалаларындағы театрлардың деңгейі әлдеқайда жоғары да, облыстар біршама төмендеу. Ал бірақ жалпы жағдайға келгенде, театр баяғы дағдарыс кезеңінен кеткен, қазір Үкімет жеткілікті деңгейде ақша бөледі. Соның арқасында жақсы қойылымдар қойылады, гастрольдерге шығып тұрамыз.

– Жалпы, театрдың жағдайы жаман емес делік, бірақ соның ішіне еніп, актерлер мен режиссерлердің мәртебесі деген мәселеге үңілейікші. Қазір оларды жұрт құрметтей ме? Көрермен көзінен «о, бәлен актер не бәлен режиссир келе жатыр» деген қуанышты, ризалықты байқайсыздар ма?

 – Жоқ. Бұрын «әртіс» десе, жұрт ішкен асын жерге қоятын. Біз Досхан Жолжақсынов, Лидия Кәденова, мен және Ғазиза Әбдінәбиева төртеуміз бірге өстік, бір буынның өкілдеріміз. Төртеуміз қатар бір жылдардың кумирі болдық. Қойылымды ойнаған күні спектакль біткен соң көруге келген жұрт тарқамай күтіп тұрады. Кейде ондай қаумалаған жұрттан жалығып «ой, қазір маза бермейді» деп әдейі іште кідіріп, кешірек шығасың. Сонда да күтіп тұрады ғой. Автограф алады, танысады, суретке түседі. Тіпті соңында «жүріңіздер, кеттік, біздің жатақханаға» дейді, бәлсінбей ересің де жүре бересің. Себебі ол кезде халықтың жүрегі сондай таза, мысқалдай жамандық ойламайды, ұрып-соғып кету деген жоқ. Сосын сенесің. Қазірде ондай дәурен көзден бұлбұл ұшты ғой. Тек біздің, яғни аға буынға ғана емес, қазір жалпы жұрттың театрға, өнер адамдарына деген ондай бір ынтызарлығы, құрметі жоғалған. Осыдан үш-төрт жыл бұрын мені ел ұйықтар кезде Қазақ радиосының түнгі эфиріне қонаққа шақырды. Барғанша «осы түн жарымда бізді кім тыңдар дейсің?» деген оймен барғаным рас. Тікелей эфирде сөйлей бастадық, ананы-мына айтып отырғанбыз, бір уақытта телефонмен біреу хабарласты. Қосып едік, ар жағынан біреу жылап тұр: «Нұрқанат, сен де жас, мен де жас едік қой. Есіңде ме, бәлен жылы, бәлен спектакльде осындай бір рөл ойнағаныңда біз осылай жылап едік» деп, менің көңілімді босатып жіберді. Өзім таңғалдым. Сондай қоңыраулар легі хабар біткенше толастамады. Тіпті осыдан үш-төрт жыл бұрын жағдай солай болатын, қазір мүлдем басқа.

– Өзіңіз сомдаған қандай рөл, қай кейіпкеріңізді сағынасыз?

– Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» атты шығармасында Сәкеннің прототипі Еркебұлан деген басты кейіпкер бар. Мен соны ойнадым. Бұл 70-жылдар болатын, онда Сәкеннің інісі Мәжит Сейфуллин тірі еді. Премьераға сол кісі, тағы да Сәкеннің туыстары түгел келді. Қойылымда Еркебұланның түрмеде қамалып азапталып, соққыға жығылып жатып өлең оқитыны бар. Рөлге еніп кеткенім соншалық, әлгі жерде өлең оқитын кезде булыққаннан тамағыма өксік тығылып, сөйлей алмай қалсам бола ма. Көмейімнен сөз шықпайды, есесіне екі көзімнен жас домалай берді. Актерлер маған қарап аңтарылып қалыпты. Бір уақытта зал жылады. Қойшы әйтеуір спектакль бітті. Мәжит, Сәкеннің туғандары сахнаға шығып, Мәжит аға еңкілдей жылап, мені қаусыра құшақтаған күйі көтеріп алды. Үлкен ақсақал актерлер келді. Қапан аға «айналайын, мен Сәкенмен бірге жүрдім ғой, тура айнымайсың, осылай сөйлеуші еді» деді. Ол кезде тағы бір таңғаларлығы Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды классик жазушылар, тіпті мәдениет министрінің өзі театрда жаңа қойылымның тұсаукесері болса, ешқайсысы да билет сұрамай, өздері алдын ала билет сатып алып, келіп көретін. Сол кездегі әртістерді қанаттандыратын да сол болса керек, өңшең мықтылар, сыйлы-құрметті ақсақалдардың алдында ұятқа қалмайын деп тырысатын болуы керек. «Өмірімде өзім бір көруді армандайтын жазушылар мені тамашалап отыр ғой, мен қалай ойнайды екенмін?» деген қобалжу қамшылап, шабытыңа қанат бітіреді. Сондай-ақ «бір театрға жас актер келіпті» десе, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев сияқты театрдағы үлкен ақсақалдар түгел барып, әлгі актердің ойынын тамашалайтын. Егер жақсы ойнасаң, «әй бір жақсы талант келіпті театрға» деп жүрген жерінде айтып жүретін. Газетке жазады. Сосын тағы бір есімде қалған рөлім – «Отырар ертең қирайды» атты Бек Бодықов деген жазушының драмасындағы Мініс атты Отырарды қорғау жолында өлетін жас батыр. Сосын Оралхан Бөкей марқұм боларының алдында «Атау кере» деген повесть жазды. Әлгі кітап әлі күнге дейін менің жастығымның астынан бір сәтке қалған емес. Жап-жаңа етіп сатып алған кітабым мен қартайған сайын бірге ескіріп барады. Кейде қарап отырып бірдеңені аңсайсың, не аңсап тұрғаныңды да білмейсің, бір тірек керек боп тұрады. Кейде өзіңнен-өзің жылағың келсе, кейде еріксіз қуанғың келеді. Сондайда әлгі кітапты қолға алып, жан дүнием бір рахаттанады. Жатқа білем, сонда да қайта оқудан еш жалықпаймын. Сөйтіп жүріп «мынаны спектакль етіп қойсам, ойнасам» деген ой туды. Содан бір күні шешілдім де Оралханға қарай тартып отырдым. Оралхан ол тұста «Қазақ әдебиетінде» бас редактор болатын. Барсам орнында отыр екен. Кіріп барып ем, таңғалып, қуанып қалды. Бірден төтесіне көштім. «Ореке, білесің ғой менің көп ешкімге келе бермейтінімді, бірақ мені осы жолы саған бір нәрсе айдап алып келді. Бір жылдан асты сенің «Атау керең» менің жастық кітабыма айналды. Сол мені қинап, ақыры өзіңе келіп тұрмын» дей бергенім сол еді, Оралханның көзінде ерекше ұшқын пайда болды да, орнынан атып тұрып: «ей, біліп ем, осылай біреудің түбі келіп, қолқа саларын» деді. «Не істейік?» деді. Сосын өзімнің ол шығарманы сахналамақ ойым барын жайып салдым. Сөйтіп ем, «жоқ тұра тұр, кино жасайық» деді. Кино емес, театрға спектакль қоюды ойлап келген мен не дерімді білмей тұрып қалдым. «Әй, бұл қатқан кино болады» деді сосын өзі. Сол кездегі іс-әрекетін көрсеңіз қанат біткендей бөлме ішін шыр көбелек айналып, жаныма келеді де қос алақанын сарт еткізіп ұрады, әйтеуір байыз тауып отыра алмай кетті. Сосын «әттең-ай, дәл қазір қолдың тимей тұрғаны, Индияға кетіп бара жатыр едім. Ертең ұшам. Қап, сәл ертерек келуің керек еді. Мейлі, енді Индиядан келген соң бір жетіден кейін қолыңа дайын пьеса ұсынамын, кейін бірақ кино қояйық» деді. Жарайды деп келістік. Қоштасып шығып бара жатыр едім, тоқтатып алды да тартпасын ашып «көптен бері жазып қойып, ешкімге бермей жүр едім, соны саған берейін, ал дағы мен келгенше оқып шық» деді. Әлгісі Шыңғыс хан туралы пьеса екен. «Мұны мен қалай жаздым дейсің ғой? Бір кездері қызметтен шығып, бір тиын ақшасыз қалдым. Содан кейін бір үміт жетелеп, Мәдениет министрлігінің репертуар бөліміне бардым. Ондағылар «бірдеңе жазып беріңіз, ақшасын төлейміз» деді. Ақша сондай қат болғандықтан, «Шыңғыс ханды» өте асығыс жазып шықтым. Бірақ кейін «қой, жұрттан ұят болар» деп қайтып алдым да, түзетіп қойып ем, мен келгенше оқып шық» деді. Сол кеткеннен Оралхан оралмады, мәңгіге қош айтысып тұрғанымды сонда сезсемші... Пьеса менде қалды. Ал «Атау керені» ақыры Мұхамедия Ахмет төре деген азамат инсценировка жазып берді де, мен соны Балалар мен жастар театрында қайсыбір жылдары қойдым.

Алашқа айтар датым...
– Жалпы, пенде болған соң жанбағыс та керек, баспана да, көлік те – бәрі де қажет. Бірақ ең алдымен елімізге, бір-бірімізге жанашырлықпен қарап, ұлттық намыс дегенді бәрінен биік ұстауымыз шарт! Әйтпесе бүгінде бәрі алым-берімге, сатылымға айналды. Ал шын намыс ақшаға сатылмайды, сатып та ала алмайсың, сатылымға сала алмайсың. Намыс сені ешқашан қиянатқа итермейді, жаман атқа қалдырмайды. Аяғыңды абайлап басасың. Ол біздің қыздарымызға да, ұлдарымызға да өте қажет. Біздің қыздарымыз қазір өзінің қыз балаға тән табиғатын жоғалтып барады. Гендерлік саясат деген шықты. Ал біздің әжелеріміз аталарымызды сол гендерлік саясатсыз-ақ тапты ғой?! Сол қарапайым күйінде-ақ біздің тұқымымызды таратып, ұрпақ тектілігін сақтап, бізді адам қылды, ел қылды. Өзінің намысын білген қызды ешкім басына алмайды, ешкім оған қол көтермейді, қыз бала тек намысымен ғана өзгеге өзін сыйлата алады. Ертең ана болатынын, ұрпақ тарататынын, бір шаңырақтың иесі, бір елдің ұйытқысы болатынын қыз бала ешқашан жадынан шығармаса, оны күйеу де алады, жақсы жерге де барады, байиды да, атақты да болады. Шаш-кірпікті бояп, езуіне темекі қыстырып, орыс болғанынан, ағылшын болғанынан не ұтады? Өз халқынан артық ел жоқ. Біз – сұлумыз, біз – тектіміз, бізде ерлік бар. Осыны жоғалтпау керек!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста