Сұрапыл соғыста қазақ жауынгерлерінің ерен ерліктері еленбей қалды

Сұрапыл соғыста қазақ жауынгерлерінің ерен ерліктері еленбей қалды

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Әз аға, алдымен келіп жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын! Сіздердің денсаулықтарыңызға қуат берсін, қан майданда от кешкен жанқиярлық ерлік шежірелеріңіз Тәуелсіз ұрпаққа рух берсін! Үш-төрт ұрпақ ауысса да, соғыс жаңғырығы жадымыздан өшпейді. «Аңыз бен ақиқатты» оқып өскен ұрпақпыз. Сол сұрапыл соғыс жылдарына шегініс жасасақ. Соғыс туралы аз жазылған жоқ. Дегенмен Ұлы Отан соғысының қалтарыста қалған тұстарына үңілгіміз, соғыстың айтылмай жүрген шындығын естігіміз келеді. Қан майданда жауға атойлап шапқан қазақ жауынгерлерінің ішінде кімнің ерліктері ескерусіз қалды деп айтар едіңіз?

– 1941 жылдың аяқ жағында Алматы қаласында 18-19 жастағы қазақ жастарынан 100-ұлттық атқыштар бригадасы құрылып, біз алғаш рет Калинин майданында фашистермен соғыстық. Фашистік немістермен сол кескілескен шайқастарда Молодой Туд кентін, Великие Луки, Невель қалаларын азат етуге қатыстық. Бригадада барлығы 5000 адам едік, соғыстан барлығы 500-ақ адам елге оралды, оның көпшілігі жаралы еді. Біздің бригадамыз 1941 жылдың аяғында тағы бір бригадамен қосылып, 1-атқыштар дивизиясы болып құрылды. Сол дивизияның құрамында жүріп, біз, алдымен, Брест, Варшава, Торн, Данциг қалаларын жаудан босатып, Германияның Висмар қаласында соғысты аяқтадық. Соғыста қазақ жауынгерлері керемет ерлік көрсетті. Сол ерліктердің бір мысалын айтайын. Молодой Туд кентін азат ету ұрысында артиллерист Қажым Көшеков деген ағамыз ерлікпен қаза тапты. Ол кісі бұрынғы «Лениншіл жас» газетінің редакторы еді. Сол ұрыста жараланып жатып, жанындағы майдандастарына:«Жігіттер, қорықпаңдар, соғысыңдар, шегінбеңдер, алға!», – деп жатып, жан тапсырыпты. Мен артиллериспін, 76 миллиметрлік зеңбіректің командирі болдым. Біздің артиллерия алдыңғы шептен 2-3 шақырым артта тұрамыз да, алдыңғы шептегі батарея командирлері  және барлаушылардан телефонмен жеткен  команда  бойынша жауды атқылаймыз. Кешке қарай алдыңғы шептен «Қажым ағамыз қайтыс болды» деген қаралы хабар келді. Қажым ағамызды өте жақсы көруші едік.

Ержүрек Қажым зеңбірек взводының командирі болатын. Великие Лукидегі жойқын ұрыста сол Қажымның бірінші расчетындағы зеңбірек командирі, аға сержант Рымбек Байсейітов бастаған взвод жаудың сегіз танкін жойды. (Ол кісі соғыстан кейін республикамыздың қаржы министрі болған). Қоршауда қалған немістер Великие Лукиді қайтарып алуға бар танкісін төкті ғой, жаудың танкілерінің бетін қайтаруға барлық күш-қуат жұмылдырылды. Алғы шептегі Рымбек Байсейітов Көшековтің шәкірті, бірінші орудияның командирі взвод командирінің орынбасары болып есептеледі, сол Көшековтің взводы фашистердің сегіз танкісін жойды. Оның үшеуін жойған Мырзаби Елтайұлы Ерназаров деген жігіт болатын. Арамыздағы сондай тамаша азамат бұрын Қазақстан үкіметін басқарған Елтай Ерназаровтың ұлы еді. Оның наводчигі Айбатов Қалел деген жігіт еді. Рымбек Байсейітов расчетындағы наводчик Әбдірахман Бимурзин мен оның көмекшісі Мұқан Омарбаевтың бірінші зеңбірегі жаудың бес танкісін жойды. Ұлы Отан соғысында бір взводтың сегіз танкіні құртуы үлкен ерлік болатын. Бірақ осы ерлерге Кеңес  Одағының Батыры атағы берілмеді. Олардан аз танк жойған адамдарға Кеңес Одағы Батыры атағы беріліп жатты. Кейінірек «Кеңес Одағының Батырлары» деген кітап шықты ғой, соны алып қарасақ, бір-екі танк жойып, КСРО Батыры атағын алғандар бар екен. Небәрі Мырзаби Ерназаров пен Әбдірахман Бимурзинге «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежесін ғана берді. Рымбек Байсейітовке  екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін берді ғой деймін. Шын мәнінде, олар Батыр атағын алуға әбден лайық азаматтар еді, ала алмады.

Одан басқа біздің бригадада ерекше ерлік көрсеткендердің бірі Ыбырайым Сүлейменов деген снайперіміз болды. Ыбырайым Сүлейменов винтовкамен ең алғаш 239 немістің көзін жойды. Жалғыз винтовкамен соншама фашистің көзін жою деген үлкен ерлік еді. Оған да КСРО Батыры атағы берілмеді. Одан кейін ол ең ақырғы Невель түбіндегі соғыста тағы да 70 фашистің көзін жойып, барлығы 300-дей жауды жайратып, ерлікпен қаза тапты. Мінеки, осындай есіл ерлерге сол күйі атақ берілмей қалды. Қазір Жеңістің 65 жылдығына байланысты біраз жұмыстар атқарылып, Жамбыл облысының азаматтары өз жерінен шыққан Батырдың осы мәселесін көтеріп жатыр. Тек әйтеуір Мәншүк қана Батыр атағын алды.

– Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бір құрамада соғыстыңыз. Хас батыр қыз Мәншүк Мәметова қандай адам еді?

– Біздің бригадада болған Мәншүк орта бойлы, тығыршықтай бітімді, қағілез қыз болатын. Мәншүкпен бірнеше рет кездестім. Бірде 1943 жылы 5 мамыр баспасөз күніне орай бригаданың штабында болған жиналысқа шақырылдық. Осы жиналыста Мәншүкті екінші рет көрдім. Сол жиналыстан он шақты адам топтанып қайтып келе жатыр едік. Ғажайып бір көгал жерге келгенде Мәншүк: «Әй, жігіттер, тоқтаңдаршы, мына көгалдың үстіне жайғасып отырып, қазақтың керемет бір әнін шырқайықшы. Қазақтың әні мынау орыс ормандарының ішін жаңғыртып, оның жапырақтарын дірілдетсін. Біздің үніміз осы орыс орманында қалсын», – деді.

 Бәріміз малдас құрып отыра қалдық. Мәншүк арқасындағы автоматын қолына алып, домбыраға ұқсатып шертіп: «Ұшады қараторғай қанат қағып, Астына қанатының маржан тағып...», – деп «Қараторғай» әнін шырқады. Бәріміздің көзіміздің алдына өзіміздің ауылымыз, ауылымыздың үстінде қаз-қатар ұшып жүретін қараторғайлар елестеді. Кемпір-шал, әйел, бала-шаға «менің ұлым қайда екен», «менің әкем қайда екен», «менің жарым қайда екен» деп тұрғандай әсер қалдырды. Содан кезекпен әндер айтылды. Бір қаруын – винтовка, екінші қаруын домбыра етіп, жанынан тастамайтын, бригаданың көркемөнерпаздар үйірмесін басқарған Смағұл Көшекбаев деген жақсы азаматымыз бар еді. Ол да қазақ күйлерін төкті-ай келіп...

Осылай бір жасап қалғаннан кейін Мәншүк тұрып: «Сен қай жылғысың?» – деп әрқайсымыздан сұрады. «Жиырма екінші жылғымыз», – деп жамырай жауап бердік. Бәріміз де жиырма екінші жылғы құрдастар екенбіз. Сонда Мәншүк: «Ой, жан құрбыларым-ай, бәріміз де құрдас екенбіз ғой, соғыста жауды жеңіп, аман-есен елге қайтсақ-ау, Алатауды көрсек-ау, Алматыға барсақ-ау! Егер Алматыдан үй тимесе, Алатаудың етегінде лашықта тұрсам да, өзімді бақытты сезінер едім», – деп тебіренді.

«Жан құрбым» деген – қазақта сирек айтылатын ең тәтті сөз, қызға, жақын досына ғана айтылатын жылы сөз. Ол сөз соғыс кезінде ешкімнің аузына түсе бермейді. Соғыс кезінде «раз-два», «огонь!» деген командалық сөздер ғана естиміз. Мәншүктің осы тамаша айтқан сөздерін қолма-қол блокнотыма түртіп алған едім.

Мәншүк 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын азат ету ұрысында қаза тапты. Мәншүктің  денесі Невельге әкелініп қойылды. Біздің бригаданың командирінің орынбасары, подполковник Әбілқайыр Баймолдин деген Мәскеу әскери академиясын бітірген, сондай керемет, келісті кісі бар еді. Сол кісі Невельді азат еткеннен кейін қаланың коменданты болды. Сол кісі қалалық советтің бұйрығын шығартып, бір күнде қаза тапқан Мәншүк пен Ыбырайымға екі көшенің атын бергізді.
Қыршынынан қиылған Мәншүк отбасын құрып, ұрпақ көре алмаса да, соғыстан кейінгі бүкіл ұрпақтың анасы, қазақ ұландарының Ұлы әжесі болып қала бермек.

– Сол сұрапыл соғыста ең шиеленіскен шайқастар қай жерлерде болды?

– Ең жойқын шайқастар, ең алғаш Молодой Туд деген шағын қалашықты алу кезінде қатты қырғын болды. Бригадамыз осы өте ауыр ұрыстардан қансырап шықты. Бригада  деген дивизия, корпусқа қарағанда, шағын құрама ғой, оны қолбала сияқты бір жерден екінші жерге жөнелтіп, қай жерде тесік болса, сол жерге тыға салады. Сол себепті бригаданың құрамы қатты қырғынға ұшырады.

– Осы соғыс кезінде екі адамға бір қару берді, қару жетіспеген жауынгерлер бір-бірінің өлуін күтіп отырды, сарбаздарды араққа әбден тойдырып барып, шабуылға шығарды деген әңгімелер рас па?

– Бұл – бос, өтірік сөз. Соғыста қару жеткілікті болды. Тыл еңбеккерлеріне рақмет! Олар болмаса, бізге жауды жеңу жоқ еді. Ал қару жағынан ешқандай кемшілік болған жоқ. Ондай өтіріктерді қайдан шығарып алғандарын білмеймін бұлардың...

– Қазақтай жанқиярлық ерлік көрсеткен халық кемде-кем. Қазақтың қаншама есіл ерлері қан майданда ұрпақ үшін шейіт болды. Бірақ осы қазақтан шыққан генералдар, ірі әскери қолбасшылар аз көрінеді. Неге?

– Қазақтан шыққан жалғыз-ақ генерал болды, ол – генерал-майор Шәкір Жексенбаев деген кісі. Одан басқа генерал шенін алған ешкім жоқ.

– Ал награда беруде, әскери атақ алу  жағынан  қазақтарды  шетқақпайлау деген байқалған жоқ па?

– Қазақты шетқақпайлау дегенде жаңағы айтып отырғанымдай, бригаданы кішкентай қолбалаға ұқсатып, майданның ана шетінен мына шетіне дейін жүгіртіп отырды. Қанды шайқас болған Великие Луки қаласын қорғауда жауынгерлердің, артиллеристердің ерліктері ескерілмей қалды. Аталғанда тек қана «Отан соғысы» орденін берді. Олар нағыз Кеңес Одағының Батырлары еді. Мінеки, ең өкініштісі осы болды. Оның үстіне, жалпы, қазақтардың Ұлы Отан соғысында ерлігі ересен болды. Оны мынадан көруге болады. Ұлы Отан соғысында КСРО Батырларынан саны жағынан бірінші – орыстар, екінші орында – украиндар, үшінші орында – белорустар, төртінші орында еврейлер тұрды. Бесінші орынды қазақтар иеленді. Басқа ұлт өкілдерінің бәрі қазақтан кейін тұрды. Бірақ барлық ержүрек адамдардың бағасы емес бұл. КСРО Батыры атағын алуға лайықты көп адамдар атаусыз қалды. Ол туралы Александр Верг деген ағылшын жазушысы кітап жазып, сол кітабында қазақтардың ерлігін ерекше атап көрсетті.

– Бауыржан Момышұлы, генерал Панфилов туралы сол майданда жүргенде-ақ естіген шығарсыз?

– Бауыржанның атын 1943 жылы естідім. «Знамя»  журналының 5-6-нөмірлерінде Александр Бек деген жазушының «Панфиловшылар алғы шепте» деген повесі басылды. Соны оқығаннан кейін Бауыржан Момышұлы деген батальон командирі бар екенін, оның қолбасшылық керемет қасиеттерін сол кітаптан көріп, мен қатты разы болдым. Батальон командирі Баукеңнің қарамағында 700 адам бар, мен зеңбірек командирімін, қарамағымда жеті адам бар. Мен де Баукең сияқты рухымды асқақтатып, дәрежемді көтеруім керек, жауынгерлеріме көмектесуім керек дедім. Өзіме тиесілі сыйақыларымды солдаттарыма бөліп беріп отырдым. Бауыржан Момышұлын Кеңес Одағына ең алғаш танытқан – Александр Киривицский деген кісі. Ол кісі панфиловшылардың соғысқан жерлерін көріп, Бауыржан Момышұлына жолығады. Ол туралы «Красная звезда» газетіне мақала жариялайды. Осыны көрген соң, Александр Бек Бауыржан Момышұлын іздеп барып, сонау  Холмда отырған жерінде кездеседі. Сөйтіп, «Волоколамск тас жолы» деген кітап дүниеге келеді. Александр Киривицский Баукеңді ең алғаш КСРО-ға, Қызыл Армияға танытқан болса, ал Александр Бек бүкіл дүниежүзіне танытты. Содан кейін Әзілхан Нұршайықов деген біреу Баукеңді қазақ халқына кеңінен танытты. Баукең  мұрасын көз қарашығындай сақтап, Баукеңнің рухын жүрекке сіңіру үшін жұмыстарын жалғастырып жүрген Зейнеп Ахметова, Бақытжан Момышұлы, Мамытбек Қалдыбаев, Ким Серікбай, Оралжан Масатбаев, Мекемтас Мырзахметұлының жасап жүрген еңбектері үлкен. Баукеңнің қырық томдық еңбегін жинап берген Мекемтас Мырзахметовтің еңбегі ересен! Кешегі генерал, маршалдар Голиков, Жуков, Василевскийлер артында бір-бірден ғана кітап қалдырды. Ал Баукең мұрасы –40 кітап!

– Биыл Бауыржан Момышұлы атамыздың 100 жылдығы келіп жатыр. Сол кісімен ондаған жылдар етене араласып, сұхбат құру бақытына ие болған жансыз. Сол кісі туралы айтылмай қалған естеліктеріңізді бөліссеңіз. Ол кісімен болған әңгімелердің кейбірінің магнитофоннан хатқа басылмай қалғандары бар дедіңіз. Баукеңнің біз білмейтін, бізге жұмбақ қырларын айтып берсеңіз...

– Баукең туралы жазбалар негізінен қағазға басылып, жарияланды. Әлі хатқа түспей жатыр деген себебім, Баукең туралы 40 томдық енді шығайын деп жатыр. Орыс шовинизмінің салдарынан Баукеңе КСРО Батыры атағы, генерал шені берілмей қалды. Ал ол кісі генерал болуға лайық еді, тіпті И.Баграмян сияқты маршал да бола алатын еді. Бірақ Баукеңнің тік, тура мінезі үшін оны шовинистік басшылық ұнатпады. Әскери академияны үздік бітіргендерді корпус командирі немесе дивизия командирі қылып жібереді. Әскери академияны үздік бітірген Баукеңді сонау Сібірдегі бригада командирінің орынбасары етіп жіберді. Бұл барып тұрған шовинистік көзқарас еді, Баукеңнің білімін, біліктілігін, дәрежесін көра алмаушылық еді. Баукеңнің екі рет КСРО Батырына ұсынылғанын білемін. Алғаш рет Панфилов тірі кезінде ұсынған еді. Бірақ соғыс кезінде штабқа бомба түсіп, ол құжаттар өртеніп кетті. Содан жоғарыға жіберілмей қалды. Екінші рет Панфилов қайтыс болғаннан кейін дивизияның бұрынғы штаб бастығы, полковник Серебряков деген кісі ұсынды. Ұсыныс Мәскеуге келіп түскеннен кейін Мәскеу Қазақстан басшылығынан «осы кісі Батыр атағын алуға лайық па, жоқ па?» деген мінездеме сұрайды. Бұған сол кездегі Қазақстан басшылары Н.Оңдасынов пен Ж.Шаяхметов қарсы болып, атақ берілмей қалған. Кейін Н.Оңдасынов марқұм кешірім сұрап, Баукеңнің үйіне келген. Ол кісі Баукеңе өзінің «Арабша-қазақша сөздік» және «Парсыша-қазақша сөздік» деген екі кітабын сыйға әкелдім дейді. Сонда Баукең шкафтан Нерудің үлкен екі кітабын әкеліп, жаңағы кітапшалардың үстінен бастырады. Содан кейін Баукең: «Сіз айдауда болдыңыз ба, тұтқында болдыңыз ба?» – деп сұрайды. Н.Оңдасынов: «Жоқ, құдай сақтасын», – дейді. Сонда Баукең: «Бұл үлкен екі кітапты Үндістан басшысы түрмеде отырып, айдауда жүріп жазған. Ал сіз мемлекет басшысы болғаннан кейін сөздік сияқты өзіңізге бейтаныс іспен шұғылданбай, халықтың тарихына байланысты осындай үлкен еңбектер қалдыруыңыз керек еді ғой. Ағылшындарда Черчилль деген ұзақ жыл ел басқарған премьер-министр болды. Сол кісі отставкаға шыққан соң, он жыл бойы өле-өлгенше құжаттардың негізінде, өзінің білгенінше ағылшын тарихы қамтылған 10 том мемуар жазып қалдырған. Сіздің де сөйтуіңіз керек еді», – деп сөзін түйеді. Осыны маған Баукеңнің өзі айтқан. Соңында Оңдасынов: «Сені Батыр атағына ұсынған кезде біз қарсы болып едік. Сенен кешірім сұрайын деп келіп едім», – деп сөзін аяқтайды. Баукең қолын бір-ақ сілтеп: «Бұл – өткен іс. Өткен іске өкінбеймін», – дейді. Бұл тарауды цензура «Ақиқат пен аңыз» кітабынан өшіріп тастаған. Артынан ол  тарау «Жұлдыз» журналына басылғанда, Түркістан жақтағы Оңдасынов ағамыздың туыстары, Шерхан Мұртаза сияқты кейбір азаматтар «Баукең олай айтпауы керек еді, дұрыс емес» деп ойбайлап, газетке жазып жатты. Жақында Бауыржан Момышұлы туралы кино түсіріп жүрген белгілі кинорежиссер Қалила Омаров Жуалы ауданына барып, Баукеңнің Әбілда деген інісінің баласымен кездесіпті. Оның қолында Оңдасыновтың Баукеңе келіп кешірім сұрағаны туралы ресми хат қалған екен. Оны Халила Омаровқа көрсетіп, оқытыпты.

Соғыста жүргенде он жеті дәптер күнделік жазыппын. Оларды қазір компьютерге бастырып жатырмын. Одан басқа ХХ ғасырдағы көрнекті қазақ азаматтары Қонаевтан бастап, Әуезов, Мұқанов, Тәжібаев, Сәтбаев тағы басқа 113 азамат туралы естеліктер бар. Оны кітап қылып жариялауға тағы да қаражат қолбайлау болып тұр.

 – Жалпы, Сталинге кейінгі буынның көзқарасы жақсы емес. Елбасымыз өткенде «Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындыларын қайта қарамаймыз» деп кесіп айтқан болатын. Фашизмді тізе бүктірген Жеңіс алыстаған сайын асқақтай берері, оның тарихы әлі де зерттелетіні анық. Бірақ Балтық бойы елдері, Украина Ұлы Отан соғысына жаңаша көзқарас қалыптастырып жатыр. Эстония 2007 жылы Қола солдат ескерткішін тұғырынан алып тастады. Бұған ардагер ретінде не айтасыз?

– Елбасының айтқаны өте дұрыс. Соғыс тарихын қозғамаймыз, жазылған тарих сол күйінде қалуы керек. Ал Эстония, Литва, Латвияны қазақ халқына үлгі етіп ұсына алмаймын.

 – Әңгімеңізге рақмет.

Ардагерден бір тілек
Жазған еңбектерімді кітап етіп, көзімнің тірісінде халықтың қолына тапсырып кеткім келеді. Кейін балалар ие бола алмай қала ма деп қауіптенемін. Оған Үкімет қасыма жалақылы хатшы берсе, ол кітаптарды шығаруға демеуші табылса, құба-құп болар еді. Соғыс ардагері ретінде мемлекеттен артымда мұражай етіп қалдыратын жаңа пәтер алсам, астымда мінетін меншікті машинам болса деп қиялданамын.
Менің мұным ауыз әдебиетінде айтылатын кедей аңшының алдында бұғып жатқан қоянға мылтығын кезеп тұрып: «Осы қоянды атып алсам, терісін илеп сатып, қатын алсам, қатыным ұл тапса, ұлым тентектік жасағанда «тәйт!» деп қойсам» деп ойланып тұрғанда, «тәйт!» деген дыбысынан жатқан қоян ата кеп жөнеліп, аңғал аңшы аңқиып қалған екен» деген әзіл-шыны аралас әңгімеге де ұқсайды, әрине.
Ал бірақ бұл ұсақ ойларым орындалмаса да, өкінішім жоқ. Осынша жасқа келіп, өмірдің қызығын да, қиянатын да көргенімді қанағат етемін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста