Суицид пен нашақорлық ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп тұр

Суицид пен нашақорлық ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп тұр

Айгүл НӘШКЕНОВА, Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығы суицидология және эпидемиология ғылыми бөлімінің меңгерушісі:

– Сіздің Қазақстандағы суицид мәселелерін көптен бері зерттеп жүргеніңізді білеміз. 90-жылдардың ортасында елімізде суицид құрбандары жылына 5 мыңға жуық болған. Еліміздегі қазіргі жағдай қандай?

– Соңғы 10-15 жылда республикада өз-өзіне қол жұмсаушылар саны артты деп айта алмаймын. Дегенмен, жалпыәлемдік стандартпен салыстырғанда, өте жоғары деңгейде. Қазір әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да суицид пен нашақорлық проблемасы маңызды мәселеге айналып отыр. Себебі бұлар адам санын азайтатындықтан, мемлекетті моральдық және экономикалық жағынан шығынға ұшыратып отыр. 

– Адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауына олардың өмірден түңілуі – басты себеп. Ал өмірден түңілу күйзелісі – кез келген адамның басында, әйтеуір бір, болатын құбылыс. Сана иесінің терең түңіліп, осындай психологиялық жағдайға қарсы тұра алмауына не себеп?

– Өзін-өзі өлтіру ешқашан кездейсоқ әрекет болған емес. Адамның, жалпы, күйзелісі оқшауланған психологиялық қажеттіліктерден туындайды. Өз-өзіне қол жұмсау қадамына барудың себептері өте көп. Оның бастылары – махаббаттағы бақытсыздық, жақын адамының өлімі, жалғыздық, жұмыс барысында туындаған проблемалар. Кейде жазылмайтын ауруға душар болғандар мен материалдық-тұрмыстық қиындыққа ұшырағандар да өз өміріне балта шауып жатады. Тіпті кей жандарға қызмет лауазымының өзгеруі де ықпал етеді. Бірақ жоғарыда айтылған проблемалардың бірі кездескен адамның барлығы бірдей өз өзіне қол жұмсамайды ғой. Неге? Себебі оның өмір сүруіне оң ықпал ететін бірнеше факторлар болады. Ол – тату-тәтті отбасы, махаббат, ата-ана қамқорлығы, дұрыс тәрбие. Жауапкершілікті сезінген адамға осындай құндылық қасиеттер кез келген проблемаларға қарсы тұруға көмектеседі.

– Суицидке бой алдыратындардың басым бөлігі қай жас шамасындағы адамдар және осы проблема еліміздің қай өңірлерінде өршіп тұр?

– Суицид Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан өзге көптеген аймақтарда белең алып отыр. Өз-өзіне қол жұмсайтындардың көпшілігі – жастар мен орта жас шамасындағы тұлғалар. Яғни 20 мен 50 жас аралығындағы адамдар осы қадамға баруға бейім тұрады. Ал суицидтен көз жұмғандарға қарағанда соған ұмтылатындардың саны он есе көп. Олардың басым көпшілігі – жасөспірімдер.

– Адамның өмірден баз кешіп, өзіне қол салуға баруының негізгі себебі психикасының бұзылуынан деп те жатады. Суицидтің белең алуына қарап, жалпы, қоғам психикасының әлсірегенін сезуге болатындай. Бүгінде Қазақстанда жүйке ауруына шалдыққандардың қатары қанша?

– Иә, бізде «ақыл-ойы, жүйкесі зақымданған адамдар ғана өз-өзін өлтіреді» деген түсінік қалыптасып қалған. Ал шындығына келсек, суицид жайлы ой психикасы сыр бергендер арасында емес, дені сау адамдар арасында көптеп кездеседі. Жоғарыда айтып кеттім, психикасы сау адамдар мұндай қадамға өмірден қиыншылық көріп, қысылған кездерде барады. Тіпті суицидке баратын сау адамдардың саны психикалық ауруға шалдыққандардан біршама көп. Жалпы, психикасы ауыратындар саны, нашақорларды есептемегенде, тұрақты. Оның есесіне жүйкесі бұзылғандар саны күн өткен сайын артып келеді. Сол сияқты әлемнің барлық елдеріндегідей бізде де депрессияға шалдығушылар көбейіп келеді.

– Республикада жүйке жүйесі бұзылғандар мен депрессияға шалдыққандарға қолдау көрсететін арнайы мекемелер бар ма? Олар неге осы мәселемен күресуді кешенді түрде қолға алмайды?

– Иә, республика аймақтарында ондай мекемелер бар. Бірақ өте аз. Мұндай медициналық қызмет орындары, әсіресе ауылдық жерлерде жоқтың қасы. Мемлекетімізде   жүйке ауруына шалдықпаған, яғни психикасы енді-енді сыр бере бастағандарды емдеуге бағытталған алғашқы психопрофилактика және психогигиена салаларын дамыту керек. Сөйткенде ғана психикалық бұзылулардың алдын алуға мүмкіндік туады және суицидтің саны да азаяр еді. Ол үшін, ең алдымен, жергілікті жерлердегі емдеу орындарында психотерапевтер мен психологтар санын көбейту қажет. Себебі жүйке ауруына шалдыққандарды түрлі препараттармен емдейтін психиатрларға қарағанда, психотерапевтер сөзбен емдейді. Яғни моральдық жағынан қолдау көрсетеді. Айта кетейін, АҚШ-та 40 мыңнан астам психиатр мен 80 мыңнан астам психотерапевт бар. Тағы 225 мың психолог-маман, арнайы медбикелер  мен әлеуметтік жұмысшылар жұмыс істейді. Яғни психиатрлар мен психотерапевтердің арасалмағы – 1:2. Ал біздің еліміздегі психиатр мен психотерапевтердің арасалмағы – 12:1! Бұл жағынан алғанда, Қазақстанда психотерапевтер өте тапшы екенін көрсетеді. Бүкіл республикада бар болғаны 73 маман бар. Елді мекендердегі пациенттердің басым бөлігі тұрғылықты жерлеріндегі ауруханалардың көмегіне жүгінетіні белгілі. Ал жоғарыда айтылған маманы жоқ аурухана науқастарға қалай көмектеспек?!

– Енді ол үшін не істеу керек?

– Жалпы, емдеу мекемелерінде психотерапевтер мен психологтар кабинеттерін ашып, ал ауруханаларда психотерапевтік бөлімдер жұмысын алға қою керек. Жұртшылықты психотерапевтер қызметімен толық қамтамасыз ету суицидтің алдын алудың кешенді шараларының бірі әрі ең пайдалысы болар еді. Ал психикалық және наркологиялық емдеу орындары республиканың әр аймағында ашылған. Нақты айтсам, отыздан астам қалалық және облыстық психиатриялық ауруханалар мен емханалар бар. Наркологиялық емдеу мекемелерінің саны да дәл осындай. Сонымен қатар бұл мекемелерде 2007 жылы наркологиялық төсек орындары 240-қа көбейді. Алматы қалалық наркологиялық диспансері бұрынғыға қарағанда, 120 адам артық қабылдайды. Алайда басты мәселе емдеу орындарының көптігіне байланысты емес. Жүйкесі   сыр бергендер тек медициналық емдеу ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік оңалтуға да мұқтаж болады. Себебі ауру кезінде көпшілік ортаға үйренген жанның тәртібі бұзылады. Мұндай адам қоғамнан бөлектеніп кететіндіктен, оны көпшілік ортаға қайтып әкелу үшін уақыт қана емес, кешенді әлеуметтік-оңалту шаралары да қажет болады. Міне, сол себепті әлеуметтік-сауықтыру орындарын көптеп ашуымыз керек. Қазіргі уақытта мұндай мекемелер нашақорларды емдеу үшін кей аймақтарда ашылып та жатыр. Ал психикалық ауруға душар болғандарды емдейтін орталықтар жоқ. Менің ойымша, бұған қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр. Себебі оңалту жұмыстары емдеуге қарағанда үлкен қаржыны қажет етеді. Егер жүйкесі сыр бергендерге арналған әлеуметтік-сауықтыру мекемелері ашылса, көптеген науқастарға үлкен септігі тиеді.

– Бір сөзіңізде нашақорлық еліміздегі маңызды проблемаға айналып отыр дедіңіз. Өмірден түңілу, өзіне-өзі қол жұмсау деректері есірткіге әуес адамдар есебінен де көбейіп отыр ғой. Нашақорлықпен күрестің нәтижесі болмай тұрғаны не себептен деп ойлайсыз?

– Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда есірткіге тәуелділер қатары күрт өсті. 2005 жылы әлем бойынша үздіксіз есірткі пайдаланатын 52 миллион адам тіркелген. Бұл ғаламшар тұрғындарының бір пайызын құрайды. Ал биылғы мәліметке сүйенсек, олардың саны бір миллиардқа жетіпті. Біздің еліміз жайлы айтар болсақ, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелділер 3,5 есеге көбейіп отыр. Нашақорлық дертіне шалдыққандардың 2/3 бөлігінің жасы 30-ға да толмайды. Бұл дерттің ушығуына геосаяси және жағрапиялық факторлар кешені ықпал етуде. Біріншіден, Ресей мен Еуропаға тасымалданатын ауғандық және пәкістандық апиын біздің мемлекет арқылы өтетінін білеміз. Сол есірткі заттарының 30 пайызы елімізде қалып қояды. Екіншіден, республиканың оңтүстік аймағындағы көп жерлерде жабайы сора өсіріліп жатыр. Есірткі заттарын заңсыз тасымалдау мен қолдану ауқымы кеңейген сайын тұтынушылар саны да артады емес пе?! Бүгінгі таңда осы қатерлі дерт ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп тұр.

Ел Үкіметі есірткімен күрестің тиімді жолдарын анықтап, сол негізде жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, 1998 жылы «Есірткі және ҚР бақылауына жататын  псиохтропты заттар тізімі туралы» заң қабылданды. Сол сияқты Елбасы бұйрығына сәйкес 2001-2005 және 2006-2014 жылдарға арналған есірткімен күрес стратегиясы шыққан болатын. Бірақ нашақорларды емдеуде біраз жетістіктерге жеттік деп тоқтап қалуға болмайды. Есірткіге тәуелділерді оңалтудағы басым бағыттың бірі – профилактикалық жұмыстар. Сондықтан әр алуан қызметтер мен ведомстволарды (денсаулық сақтау ұйымдары, білім, ғылым, тәртіп сақтау орындары мен ақпараттық ұйымдар) бірігіп жұмыс істеуге ұйымдастыру қажет.

Соңғы екі-үш жылда республикада психиатрлар саны едәуір азайып кетті. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын 925 психиатр болған болса, қазір олардың саны 877-ні құрайды. Қазір маман тапшылығы сезілмегенімен, болашақта мұның үлкен проблемаға айналу қаупі бар. Сондықтан осы мәселенің алдын алу үшін Республикалық психиатрия, психотерапия және наркологиялық ғылыми-тәжірибелік орталығы жағдайды болжап, кадр әлеуетін арттыру мақсатында мониторинг жүргізуді қолға алмақ.

untitled-1110

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста