Болат Ақшолақов, мұнай және газ вице-министрі:
– Болат Оралұлы, қазірде әлем бойынша мұнай химиясын дамыту мәселесі өзекті болып тұр. Жалпы, шикі мұнай сатқаннан гөрі, өңделген, қосылған құны жоғары өнім сату мәселесі қай кезде де өзекті. Осыған байланысты министрлік тарапынан нақты бір жобалар бар ма? Негізінен, біз қазіргі таңда мұнай химиясын жетілдіруде бастапқы кезеңде нені ескеруіміз керек?
– Расымен де, қазірде өркениетті елдердің дені мұнай химиясын дамытуға барынша назар аударуда. Тіптен сол елдердің мұнай химиясын өркендетуге тереңдеп енгені соншалық, қазірде мұнай қоры аз жинақталған, шикізат ресурстарының көзі мардымсыз елдердің өзі мұнай химиясын жетілдірудің арқасында біршама оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Біршама елдер мұнайды ең соңғы дайын өнімге дейін жетілдіру барысында тұрмысқа қажетті сапалы дүниелерге; сапасы жоғары жанар-жағармай өніміне; өнеркәсіпке қажетті құндылықтарды тұтынуда. Міне, осындай халықаралық тәжірибелерді електен өткізіп отырған ел ретінде Қазақстан да бүгінде мұнай-химиясын жетілдіруге барынша ықылас танытуда. Әрине, бұл мақсатта мемлекет тарапынан ауқымды жобалар легі жоқ емес, баршылық. Атап айтар болсақ, Мұнай және газ министрлігі мұнай-химиясын жетілдіру жобасы бойынша пысықталған және бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жүргізуде... Осы орайда Атырау облысындағы «Интеграцияланған газ-химия кешенін салу» атты инновациялық жоба жұмысын айрықша атап айту керек. Жоба бірнеше фазаға бөлінген. I фаза – қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндірісін құру; II фаза – қуаты жылына 800 мың тонна полиэтилен өндірісін құру. Жобаны іске асыру кезеңінде уақытша 6400 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады (I және II фазалар) және 900 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектерді өндіру кешенін салу жобасы да үлкен маңыздылыққа ие. Аталған жоба жылына 133 мың тонна бензол, 496 мың тонна параксилолды өндіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумы өндірісін салу жобасы да жоғары қосылған құнымен өнімді шығару мәселесінде ерекше орын алатынын атап өткім келеді. Аталған жобаны іске асыру жылына 400 мың тонна жол битумдарын өндіруге жол ашады.
Міне, біздің елімізде мұнай-химиясының дамуын жетілдіруді көздейтін осы іспетті жобалар бар. Ал ендігі кезекте біздің міндетіміз сол жобалардың сауатты жүзеге асуын қадағалап, бақылап, істі шешуші сәтіне дейін жеткізуге күш салу болу керек.
– Жаңағы сіз атап өткен Атырауда газ-химия кешенін салу; Ақтауда арнайы зауыттар салу тәрізді өндірістер қазірде құрылыс сатысында тұр ма? Жобалар бойынша іске кірісерде қандай да бір қаржылық қиындықтар туындап қалмай ма? Себебі бізде қазір қаншама инновациялық жобалардың жоспарлау кезеңінен аспай тұрғаны жасырын емес...
– Бұл атап отырған өндірістер бүгінде құрылыс сатысында тұр. Әрине, әр бастаудың өз қиындықтары болады. Елімізде мұнай-химия саласының даму жолында күрделі гидрологиялық және климаттық жағдайлар; негізгі әлемдік нарықтарының қашық болуы; жобалардың жоғары қаржы сыйымдылығы сияқты қиындықтары сөзсіз бар.
Дегенмен барлық аталған жобалардың іске асырылуы өз кезегінде экономиканы әртараптандыру арқылы жүзеге асуы керек. Мәселен, біз сөз етіп отырған жобалардың басты мақсаты – өнімді экспорттаудан бөлек, елдің ішкі нарығын түрлі және сапалы мұнай-химия шикізатымен қамтамасыз ету. Бұл ретте пластмассадан түрлі өнімдер алу; құрылыс материалдарын өңдеу; жеңілдетілген материалдардан жасалған косалқы өнеркәсіптік жабдықтарын шығару; медициналық және тұрмыстық мақсаттағы тауарлар өндіру ісін жетілдіру заман қажеттілігі болып тұр. Бұған қатысты мұндай іспен айналысуға пейіл танытып, осы іске өз үлестерін қосқысы келетін шағын және орта бизнес өкілдеріне де арнайы қолдау жасалмақ. Мұның өзі мұнай өңдейтін шағын кәсіпорындар мен өндірістер құруға талпынып жүрген отандық бизнестің мүдделілігін арттыруы тиіс.
– Қазірде шағын мұнай өңдеу зауыттарын еселеу арқылы өнім сапасын арттыру жайы жиі қаузалады. Сіз қалай ойлайсыз, ірі және шағын мұнай өңдеу зауыттарын дамыту арқылы біз елдегі мұнай өнімдерінің сапасын жетілдіре аламыз ба?
– Бұл мәселеде «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының алатын орны зор. Бағдарлама экономиканы әртараптандыру және бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазірде аталған бағдарламаның аясында Қазақстанның үш ірі мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өзіңіз білесіз, Қазақстанда жалпы мұнай өңдеу қуаты 14,2 млн тоннаны құрайтын үш ірі мұнай өңдеу зауыты (Атырау, Шымкент, Павлодар) жұмыс атқарады. Сонымен қатар жалпы мұнай өңдеу қуаты орта есеппен 1,4 млн тоннаны құрайтын 32 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Бірақ жалпылама айтқанда ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесінде шағын мұнай өңдеу зауыттарының әсері елеусіз. Себебі олардан шығатын өнім сапасы әлдеқайда төмен болғандықтан еліміздегі жанар-жағармай талаптарына сәйкес шағын МӨЗ өнімдері тұтынушыларға ұсынылмайды. Сондықтан шағын мұнай өңдеу зауыттарын еселеп салу арқылы біз мұнай өнімінің сапасын арттыра алмасымыз анық.
Қазір Қазақстанның мұнай өңдеу мүмкіндіктері негізінен аталған Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарымен байланысты. Сол себепті аталған үш ірі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде, ақшыл түсті мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайтып, олардың сапасын Евро 4-5 стандарттарының талаптарына сәйкес көтеруге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығын жылына 18-19 млн тоннаға дейін көтеріп, ішкі нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз етуге жол ашады. Жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары 2015 жылдың аяғына дейін, ал іске қосу 2016 жылға жоспарлануда.
– Біз мұнай экспорттаушы ел ретінде әлемдегі озық санатқа енетін мемлекеттердің біріміз. Қазіргі Қазақстан мұнайының экспорттық мүмкіндіктеріне тоқтала кетсеңіз...
– Мемлекетіміздің географиялық орналасуы экспорттау немесе тасымалдау мүмкіндіктеріне үлкен жол ашатындығын барлығымыз да білеміз. Мұнай шикізатын экспорттау көлемі бойынша Қазақстан үшін негізгі экспорттық нарықтар ретінде Еуропалық Одақ пен Қытай мемлекетін атауға болады. Қазіргі кезде жұмыс істейтін мұнай экспорттық бағыттарының сипаттамалары мен болашақ жоспарлары жайлы нақтырақ тоқтала кетсек... Мұны былай тізбелеуге болады:
– Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – 2012 жылы 29 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдау жоспарлаған. Қазіргі кезде КҚК кеңейту жобасы іске асырылуда. Бұл өз кезегінде жылына 52 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауға мүмкіндік береді. Кеңейту жұмыстарының 1-кезеңінің біту мерзімі – 2012 жыл (33,5 млн.т. қаз. мұнайы), 2-кезең – 2013 жыл (49,3 млн.т. қаз. мұнайы), 3-кезең – 2015 жыл (52 млн.т. қаз. мұнайы).
– Атырау – Самара құбыры арқылы 2012 жылы 29 млн тонна көлемінде мұнай тасымалдау жоспарлануда. Аталған мұнай құбыры біз үшін негізгі маршруттардың бірі болып табылады. Бұл бағыт бойынша экспорт көлемін көбейту жоспарда жоқ.
– Қазақстан – Қытай мұнай құбыры – 2012 жылы экспорт көлемі 11 млн тонна деңгейінде болмақ. Болашақта 20 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарда бар. Қазіргі кезде сәйкесінше келісім әзірленуде.
– Ақтау теңіз порты арқылы 2012 жылы 8 млн тонна мұнай жөнелту жоспарда бар.
– Теміржол тасымалдауы резервті транспорт ретінде пайдаланылады, дегенмен бүгінгі күні теміржол арқылы жылына шамамен 7 млн тонна көлемінде мұнай тасымалданады. Әрине, бұл да аз көлем емес. Сондықтан теміржол бағытының да маңыздылығы зор.
Міне, қазіргі уақытта еліміздің мұнай экспортының мүмкіндіктері осындай деңгейде. Болашақта мұнай экспорты көлемін өсіру әрине жоспарда бар...
– Негізінен, қазірде «мұнайды ауқымды көлемде сыртқа шығара беретін болсақ, Қазақстандағы мұнай көзі 20-30 жылда бітеді. Қор азаяды» деген пікірлер айтылып қалады. Сіз, мұндай пікірлермен келісесіз бе?
– Рас, бүгінгі күні, республика бойынша мұнай өндіру көлемі қарқынды түрде өсіп келеді. Мысалы, мұнай өндіру 2008 жылы – 70,6 млн тонна, 2009 жылы – 76,5 млн тонна, 2010 жылы – 79,7млн тонна, ал 2011 жылы 80,06 млн тоннаны құрады. Қазіргі кезде, еліміз бойынша құрлықтағы көмірсутек кен орындары өздерінің ең жоғарғы мұнай өндіру деңгейіне өтіп жатқандығын атап өту қажет.
Алдағы уақытта, мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы және бұл үрдістің ұзақ мерзімге жетуі, ең алдымен, игеріліп жатқан кен орындарында мұнай өндіру жұмыстарының қарқынымен, барлау сатысында жүрген кен орындарының мұнай өндіру деңгейіне өтуімен, Қашаған кен орнының игерілуімен, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде дәлелденген мұнай қорының ұлғаюымен тікелей байланысты.
– Жасыратыны жоқ, еліміздегі ең ірі мұнай кені Қашағандағы «қара алтын» өндірісі де ұзаққа созылып кетті. Министрлік осы бағыттағы жұмыстарды қаншалық бақылап-болжап отыр. Қашаған мұнай кешенінің 2013 жылға игеріле бастайтынына кепілдік бере ала ма?
– Қашаған бойынша қазірде бірінші кезеңнен өттік. Ағымдағы жылдың мамыр айында Үкімет пен Солтүстік-Каспий жобасы консорциумының арасында реттеу бойынша келісім жасалды. Коммерциялық өндіру 2013 жылдың маусым айына дейін жоспарлануда. Жобаның екінші фазасы бойынша Мұнай және газ министрлігі консорциумнан тиісті құжаттардың енгізілуін тосуда. Қазіргі кезде әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
– Бүгінде қайсыбір мамандар тарапынан – «мұнайдан түскен түсім толыққанды халыққа берілгенде елдің әлеуметтік жағдайы анағұрлым жақсарар еді» дегенді жиі айтады. Өз тарапыңыздан мұндай пікірлерге қалай қарайсыз?
– 2011 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның шоғырланған бюджеті (консолидированны бюджет) 8 триллион 746 миллиард теңгені (58,4 миллиард АҚШ доллары), ал бұл соманың ішінде мұнай саласынан түскен табыс 3 триллион 800 миллиард теңгені (25,7 миллиард АҚШ доллары) құрады. Былайша айтқанда, еліміздің шоғырланған бюджетінің шамаман 44 пайызы мұнай саласының түсімдерінен құралған. Сонымен қатар Қазақстанның жалпы ұлттық өнімінің шамамен 38 пайызын мұнай саласының үлесі құрады. Осы тәрізді көрсеткіштер бойынша пайымдасақ, «мұнайдан түскен түсім халыққа берілмейді» деген тұжырым негізсіз деп ойлаймын.
Осыған қатысты менің тағы бір айтарым, кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «қандай да бір тәуекел заман болса қажет болады. Мұнайдан түскен түсімді Ұлттық қорға да жинаған жөн» деген-ді. Осы істің пайдалы тұсын біз дағдарыс кезінде көрдік. Өзіңіз білесіз, дағдарыс кезінде экономиканы сауықтыру, емдеу шараларына біз қаржыны Ұлттық қордан алдық. Егер біз мұнайдан түскен түсімнің белгілі бір бөлігін Ұлттық қорға салып, қор жинап отырмағанда дағдарыс қарапайым халыққа анағұрлым қатты әсер ететін еді...
– Бірқатар сарапшылар «2015-2020 жылдар Қазақ елінің өркендеу кезеңі болады. Осы жылдар аралығында ел экономикасы шикізат бұғауын бұзып шығады» деген пікірлерді айтып қалады. Жалпы, әркім өзінше болжайды. Сіз осыған қатысты қандай болжам айтасыз?
– Өздеріңіз білесіздер, экономиканы әртараптандыру мәселесі бүгінгі таңда ел экономикасы дамуының басым бағыттарының бірі болып отыр. Экономиканың табиғи ресурстар экспортына тәуелділігін төмендету мақсатын ұстана отырып Қазақстан басшылығы шикізаттық емес секторларды дамыту арқылы экономиканы әртараптандыруға ұмтылуда. Бұл ретте Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы басты құрал ретінде пайдаланылмақ. Алдағы уақытта Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты ұлттық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, құны жоғары өнім шығаруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және инновациялық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыруға бастайды. Бұған сену керек...
Алашқа айтар датым...
Біз болашақта шикізат өңдеуді дайын өнімге дейін жеткізудің тілін меңгеруді мақсат тұтудамыз. Егер ел экономикасын инновацияға бейімдей отырып, шикізатты дайын өнімге дейін өңдесек, табысымыз еселене түсері анық. Әрине, мойындауымыз керек, қайсыбір салаларда өзіндік проблемалар бар, әйтсе де экономикалық ахуалымыз қарымды. Сондықтан ел болашағының жарқын болатынына сеніммен қарау керек. Себебі бүгінде осы мақсатта ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Көкірегі ояу, көзі ашық қауым мұны жоққа шығара алмайды. Бізде ғылым-білімге, технологиялық біліктілікке, кәсіби мамандардың сапасын арттыруға белсенділік бар. Демек, болашақта экономикалық әлеуетіміз бұдан да қарқынды, қарымды бола түсеріне күмән жоқ.