Шағын мұнай өңдеу зауыттарын еселеп салу арқылы біз мұнай өнімінің сапасын арттыра алмаймыз

Шағын мұнай өңдеу зауыттарын еселеп салу арқылы біз мұнай өнімінің сапасын арттыра алмаймыз

Болат Ақшолақов, мұнай және газ вице-министрі:

– Болат Оралұлы, қазірде әлем бойынша мұнай химиясын дамыту мәселесі өзекті болып тұр. Жалпы, шикі мұнай сатқаннан гөрі, өңделген, қосылған құны жоғары өнім сату мәселесі қай кезде де өзекті. Осыған байланысты министрлік тарапынан  нақты бір жобалар бар ма? Негізінен, біз қазіргі таңда мұнай химиясын жетілдіруде бастапқы кезеңде нені ескеруіміз керек?
– Расымен де, қазірде өркениетті елдердің дені мұнай химиясын дамытуға барынша назар аударуда. Тіптен сол елдердің мұнай химиясын өркендетуге тереңдеп енгені соншалық, қазірде мұ­най қоры аз жинақталған, шикізат ресурстарының көзі мардымсыз елдердің өзі мұнай химиясын жетілдірудің арқа­сын­да біршама оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Біршама елдер мұнайды ең соңғы дайын өнімге дейін жетілдіру барысында тұрмысқа қажетті сапалы дүниелерге; сапасы жоғары жанар-жағармай өніміне; өнеркәсіпке қажетті құндылықтарды тұтынуда. Міне, осындай халықаралық тәжірибелерді електен өткізіп отырған ел ретінде Қазақстан да бүгінде мұнай-химиясын жетілдіруге барынша ықылас танытуда. Әрине, бұл мақсатта мемлекет тарапынан ауқымды жобалар легі жоқ емес, баршылық. Атап айтар болсақ, Мұнай және газ министрлігі мұнай-химиясын жетілдіру жобасы бойынша пы­сықталған және бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жүргізуде... Осы орайда Атырау облысындағы «Интеграцияланған газ-химия кешенін салу» атты ин­нова­циялық жоба жұмысын айрықша атап айту керек.  Жоба бірнеше фазаға бөлін­ген. I фаза – қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндірісін құру; II фа­за – қуаты жылына 800 мың тонна полиэтилен өндірісін құру. Жобаны іске асыру  кезеңінде уақытша 6400 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады (I және II фазалар) және 900 адам тұрақты жұмыс орнымен қамта­масыз етіледі.
Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектерді өндіру кешенін салу жобасы да үлкен ма­ңыз­дылыққа ие. Аталған жоба жылына 133 мың тонна бензол, 496 мың тонна параксилолды өндіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумы өндірісін салу жобасы да жоғары қосылған құнымен өнімді шығару мәселесінде ерекше орын алатынын атап өткім келеді. Аталған жобаны іске асыру жылына 400 мың тонна жол битумдарын өндіруге жол ашады.
Міне, біздің елімізде мұнай-химия­сының дамуын жетілдіруді көздейтін осы іспетті жобалар бар. Ал ендігі кезекте біздің міндетіміз сол жобалардың сауатты жүзеге асуын қадағалап, бақылап, істі шешуші сәтіне дейін жеткізуге күш салу болу керек.
– Жаңағы сіз атап өткен Атырау­да газ-химия кешенін салу; Ақтауда арнайы зауыттар салу тәрізді өндірістер қазірде құрылыс сатысында тұр ма? Жобалар бойынша іске кірісерде қандай да бір қаржылық қиындықтар туындап қалмай ма? Себебі бізде қазір қаншама инновациялық жобалардың жоспарлау кезеңінен аспай тұрғаны жасырын емес...
– Бұл атап отырған  өндірістер бүгінде құрылыс сатысында тұр. Әрине, әр бастаудың өз қиындықтары болады. Елімізде мұнай-химия саласының даму жолында күрделі гидрологиялық және климаттық жағдайлар; негізгі әлемдік нарықтарының қашық болуы; жобалар­дың жоғары қаржы сыйымдылығы сияқ­ты қиындықтары сөзсіз бар.
Дегенмен  барлық аталған жобалар­дың іске асырылуы өз кезегінде эко­номи­каны әртараптандыру арқылы жүзеге асуы керек. Мәселен, біз сөз етіп отырған жобалардың басты мақсаты – өнімді экспорттаудан бөлек, елдің ішкі нарығын түрлі және сапалы мұнай-химия шикіза­тымен қамтамасыз ету. Бұл ретте пласт­мас­садан түрлі өнімдер алу; құры­лыс материалдарын өңдеу; жеңілдетілген материалдардан жасалған косалқы өнер­­кә­сіптік жабдықтарын шығару; медициналық және тұрмыстық мақсат­тағы тауарлар өндіру ісін жетілдіру заман қажеттілігі болып тұр. Бұған қатысты мұндай іспен айналысуға пейіл танытып, осы іске өз үлестерін қосқысы келетін шағын және орта бизнес өкілдеріне де арнайы қолдау жасалмақ. Мұның өзі мұнай өңдейтін шағын кәсіпорындар мен  өндірістер құруға талпынып жүрген отандық бизнестің мүдделілігін арттыруы тиіс.
– Қазірде шағын мұнай өңдеу зауыттарын еселеу арқылы өнім сапасын арттыру жайы жиі қаузалады. Сіз қалай ойлайсыз, ірі және шағын мұнай өңдеу зауыттарын дамыту арқылы біз елдегі мұнай өнімдерінің сапасын жетілдіре аламыз ба?
– Бұл мәселеде «Үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының алатын орны зор. Бағ­дарлама экономиканы әртараптандыру және бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазірде аталған бағдарламаның аясында Қазақ­с­танның үш ірі мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) жаңғырту және қайта жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілуде. Өзіңіз білесіз, Қазақстанда жалпы мұнай өңдеу қуаты 14,2 млн тоннаны құрайтын үш ірі мұнай өңдеу зауыты (Атырау, Шымкент, Павло­дар) жұмыс атқарады. Сонымен қатар жалпы мұнай өңдеу қуаты орта есеппен 1,4 млн тоннаны құрайтын 32 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Бірақ жалпыла­ма айтқанда ішкі нарықты мұнай өнім­де­рімен қамтамасыз ету мәселесінде шағын мұнай өңдеу зауыттарының әсері елеусіз. Себебі олардан шығатын өнім сапасы әлдеқайда төмен болғандықтан еліміз­дегі жанар-жағармай талаптарына сәй­кес шағын МӨЗ өнімдері тұтынушыларға ұсынылмайды. Сондықтан шағын мұнай өңдеу зауыттарын еселеп салу арқылы біз мұнай өнімінің сапасын арттыра алмасымыз анық.
Қазір Қазақстанның мұнай өңдеу мүмкіндіктері негізінен аталған Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарымен байланысты. Сол себепті аталған  үш ірі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде, ақшыл түсті мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайтып, олардың сапасын Евро 4-5 стандарт­та­ры­ның талаптарына сәйкес көтеруге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығын жылына 18-19 млн тоннаға дейін көте­ріп, ішкі нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз етуге жол ашады. Жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары 2015 жылдың аяғына дейін, ал іске қосу 2016 жылға жоспарлануда. 
– Біз мұнай экспорттаушы ел ретінде әлемдегі озық санатқа енетін мемлекеттердің біріміз. Қазіргі Қазақстан мұнайының экспорттық мүмкіндіктеріне тоқтала кетсеңіз...
– Мемлекетіміздің географиялық орналасуы экспорттау немесе тасымалдау мүмкіндіктеріне үлкен жол ашатындығын барлығымыз да білеміз. Мұнай шикіза­тын экспорттау көлемі бойынша Қа­зақстан үшін негізгі экспорттық нарықтар ретінде Еуропалық Одақ пен Қытай мемлекетін атауға болады. Қазіргі кезде жұмыс істейтін мұнай экспорттық бағыт­тарының сипаттамалары мен болашақ жоспарлары жайлы нақтырақ тоқтала кетсек... Мұны былай тізбелеуге болады:
– Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – 2012 жылы 29 млн тонна қа­зақстандық мұнайды тасымалдау жос­пар­лаған. Қазіргі кезде КҚК кеңейту жобасы іске асырылуда. Бұл өз кезегінде жылына 52 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауға мүмкіндік береді. Кеңейту жұмыстарының 1-кезеңінің біту мерзімі – 2012 жыл (33,5 млн.т. қаз. мұнайы), 2-кезең – 2013 жыл (49,3 млн.т. қаз. мұнайы), 3-кезең – 2015 жыл (52 млн.т. қаз. мұнайы).     
– Атырау – Самара құбыры арқылы 2012 жылы 29 млн тонна көлемінде мұнай тасымалдау жоспарлануда. Атал­ған мұнай құбыры біз үшін негізгі мар­шруттардың бірі болып табылады. Бұл ба­ғыт бойынша экспорт көлемін көбейту жоспарда жоқ.
– Қазақстан – Қытай мұнай құбыры – 2012 жылы экспорт көлемі 11 млн тонна деңгейінде болмақ. Болашақта 20 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарда бар. Қазіргі кезде сәйкесінше келісім әзірленуде.
– Ақтау теңіз порты арқылы 2012 жылы 8 млн тонна мұнай жөнелту жос­парда бар.
– Теміржол тасымалдауы резервті транспорт ретінде пайдаланылады, дегенмен бүгінгі күні теміржол арқылы жылына шамамен 7 млн тонна көлемінде мұнай тасымалданады. Әрине, бұл да аз көлем емес. Сондықтан теміржол бағы­ты­ның да маңыздылығы зор. 
Міне, қазіргі уақытта еліміздің мұнай экспортының мүмкіндіктері осындай деңгейде. Болашақта мұнай экспорты көлемін өсіру әрине жоспарда бар...  
– Негізінен, қазірде  «мұнай­ды ауқымды көлемде сыртқа шығара беретін болсақ, Қа­зақстан­дағы мұнай көзі 20-30 жылда бітеді. Қор азаяды» деген пікірлер айтылып қалады. Сіз, мұндай пікірлермен келісесіз бе?
– Рас, бүгінгі күні, республика бо­йын­ша мұнай өндіру көлемі қарқынды түрде өсіп келеді. Мысалы, мұнай өндіру  2008 жылы – 70,6 млн тонна, 2009 жылы – 76,5 млн тонна, 2010 жылы – 79,7млн тонна, ал 2011 жылы 80,06 млн тоннаны құрады. Қазіргі кезде, еліміз бойынша құрлықтағы көмірсутек кен орындары өздерінің ең жоғарғы мұнай өндіру дең­гейіне өтіп жатқандығын атап өту қажет.
Алдағы уақытта, мұнай өндіру көле­мінің ұлғаюы және бұл үрдістің ұзақ мер­зімге жетуі, ең алдымен, игеріліп жатқан кен орындарында мұнай өндіру жұмыс­тарының қарқынымен, барлау сатысында жүрген кен орындарының мұнай өндіру деңгейіне өтуімен, Қашаған кен орнының игерілуімен, сондай-ақ геологиялық бар­лау жұмыстарының нәтижесінде дәлелденген мұнай қорының ұлғаюымен тікелей байланысты.
– Жасыратыны жоқ, еліміздегі ең ірі мұнай кені Қашағандағы «қара алтын» өндірісі де ұзаққа созылып кетті. Министрлік осы бағыттағы жұмыстарды қаншалық бақылап-болжап отыр. Қашаған мұнай кешенінің 2013 жылға игеріле бастайтыны­на кепілдік бере ала ма?
– Қашаған бойынша қазірде бірінші кезеңнен өттік. Ағымдағы жылдың ма­мыр айында Үкімет пен Солтүстік-Каспий жобасы консорциумының арасында реттеу бойынша келісім жасалды. Ком­мерциялық өндіру 2013 жылдың маусым айына дейін жоспарлануда. Жобаның екінші фазасы бойынша Мұнай және газ министрлігі консорциумнан тиісті құжат­тардың енгізілуін тосуда. Қазіргі кезде әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. 
– Бүгінде қайсыбір мамандар тарапынан – «мұнайдан түскен түсім толыққанды халыққа берілгенде елдің әлеуметтік жағдайы анағұрлым жақсарар еді» дегенді жиі айтады. Өз тарапыңыздан мұндай пікірлерге қалай қарайсыз?
– 2011 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның шоғырланған бюджеті (консолидиро­ван­ны бюджет) 8 триллион 746 миллиард теңгені (58,4 миллиард АҚШ доллары), ал бұл соманың ішінде мұнай саласынан түскен табыс 3 трил­лион 800 миллиард теңгені (25,7 мил­лиард АҚШ доллары) құрады. Былайша айтқанда, еліміздің шоғырланған бюд­жетінің шамаман 44 пайызы мұнай сала­сының түсімдерінен құралған. Сонымен қатар Қазақстанның жалпы ұлттық өнімі­нің шамамен 38 пайызын мұнай саласы­ның үлесі құрады. Осы тәрізді көрсеткіш­тер бойынша пайымдасақ, «мұнайдан түскен түсім халыққа берілмейді» деген тұжырым негізсіз деп ойлаймын.
Осыған қатысты менің тағы бір айта­рым, кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «қандай да бір тәуекел заман болса қажет болады. Мұнайдан түскен түсімді Ұлттық қорға да жинаған жөн» деген-ді. Осы істің пайдалы тұсын біз дағдарыс кезінде көрдік. Өзіңіз білесіз, дағдарыс кезінде  экономиканы сауық­тыру, емдеу шараларына біз қаржыны Ұлттық қордан алдық. Егер біз мұнайдан түскен түсімнің белгілі бір бөлігін Ұлттық қорға салып, қор жинап отырмағанда дағдарыс қарапайым халыққа анағұр­лым қатты әсер ететін еді...
– Бірқатар сарапшылар «2015-2020 жылдар Қазақ елінің өркендеу кезеңі болады. Осы жылдар аралығында ел эконо­ми­касы шикізат бұғауын бұзып шығады» деген пікірлерді айтып қалады. Жалпы, әркім өзінше болжайды. Сіз осыған қатысты қандай болжам айтасыз?
– Өздеріңіз білесіздер, экономиканы әртараптандыру мәселесі бүгінгі таңда ел экономикасы дамуының басым бағыт­тарының бірі болып отыр. Экономиканың табиғи ресурстар экспортына тәуелділігін төмендету мақсатын ұстана отырып Қазақстан басшылығы шикізаттық емес секторларды дамыту арқылы экономи­каны әртараптандыруға ұмтылуда. Бұл ретте  Үдемелі индустриялық-иннова­циялық мемлекеттік бағдарламасы басты құрал ретінде пайдаланылмақ. Алдағы уақытта Қазақстанның жаңа индустрия­лық саясаты ұлттық экономиканы шикі­затқа тәуелділіктен арылтып, құны жоға­ры өнім шығаруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және инновациялық техноло­гияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыруға бастайды. Бұ­ған сену керек...

Алашқа айтар датым...
Біз болашақта шикізат өңдеуді дайын өнімге дейін жеткізудің тілін меңгеруді мақсат тұтудамыз. Егер ел экономикасын инновацияға бейімдей отырып, шикізатты дайын өнімге дейін өңдесек, табысымыз еселене түсері анық. Әрине, мойындауымыз керек, қайсыбір салаларда өзіндік проблемалар бар, әйтсе де экономикалық ахуалымыз қарымды. Сондықтан ел болашағының жарқын болатынына сеніммен қарау керек. Себебі бүгінде осы мақсатта ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Көкірегі ояу, көзі ашық қауым мұны жоққа шығара алмайды. Бізде ғылым-білімге, технологиялық біліктілікке, кәсіби мамандардың сапасын арттыруға белсенділік бар. Демек, болашақта экономикалық әлеуетіміз бұдан да қарқынды, қарымды бола түсеріне күмән жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста