Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық жоғарғы мектеп академиясының құрметті академигі, филология ғылымының докторы, профессор:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Тұрсынбек аға, әңгімені жаһандану мәселесінен бастасақ...
– Жаһандану – оңай дүние емес. Оның үстіне, қазақ сияқты аз елге тіпті қиындау. Шығысымызда қытай, солтүстігімізде орыс, оңтүстігімізде парсылар т.с.с. отырған уақытта біз дүниежүзінде жүріп жатқан қоғамдық үрдістерден қалыс қала алмаймыз. Оған еріксіз тартыламыз, бізді өзінің орбитасына алады. Бірақ сол орбитаға түсердің алдында «соған барарда өзіміздің қайнауымыз керек пе, жоқ болмаса бізді зорлап, біреу апару керек пе?» деген сауал туындайды. Көп жағдайда қазақтың менталитеті үш ғасыр бойы отаршылдық, құлдық психологияда болғаннан ба, біз елпілдеп, алдына түсе жөнелетін әдетіміз бар. Соның нәтижесінде біз ұлттық менталитетімізді жоғалтып алу қаупін туғызатынымызды сезіне бермейтін секілдіміз. Оған дәлел, кеңестік жүйе құлағаннан кейін қазақтың орыстануы тіпті күшейіп кетті.
– Олай болуға не себеп болды?
– 50-жылдардан былай қарай, Кеңес Одағы құлағанша, біздің оқушыларымыздың басым көпшілігі қыздар болды. 75-80 пайызға дейін қазақтың қыздары оқыды. Қазір мемлекеттік қызметте 60 пайыз қазақтың қыздары отыр. Қазақ қыздарының білім-ғылымды игергеніне қарсы емеспін. Бірақ солардың барлығы шүлдірлеп орысша сөйлеп кетті ғой. Қазір өздерінен туған балаларды да, үйінде жүрген ата-анасын да, «әлгі келіншек» орысшаға айналдырып жатыр. Мәселен, 1870 жылы Ресейдің оқу ағарту комиссариаты «Бұратана халықтардың ерлерін емес, қыздарын оқытқан бізге пайдалы. Олар ертең әйел болып, бала тапқанда орыстың рухын сеуіп отырады. Сондықтан осыған назар аударыңдар!» деген тапсырма берген. Соны біз кеңес заманында жасадық. Қазір соның нәтижесін көріп отырмыз. Мен басқа біреулерді кінәламаймын.
1956 жылы қазақ тілінің жағдайы қиындап бара жатқанын, мынау тың жерлерді игеруге байланысты 700-дей мектеп жабылғанын айтып, біз материал жазғанбыз. Марқұм Рахманқұл Бердібаев және Партия тарихы институтында қызмет істеп жүрген сегіз жігітті ұйымдастырып, әрқайсымыз сол Орталық партия комитетінің атынан қол қойғанбыз. Соған байланысты Орталық партия комитеті 1956 жылы 10 желтоқсанда қаулы алып, бізді «Жас ұлтшылдар, қазіргі болып жатқан құбылыстарды түсінбейтін оңбағандар» деп, 1957 жылдың 29 қаңтары күні «Казахстанская правда» газеті әлгі «Социалистік Қазақстан» газетіндегі материалды аударған болып, 31 қаңтар күні «О дальнейшем развитии культуры казахского народа» деп мақала жазған. «Біз қазақ мектептерін қысқартып, жойып жатқанымыз жоқ, ірілендіріп жатырмыз» дейтін сөздер айтты. Сонда ауылында бір орысы жоқ болса да орыс мектептері ашылды. Соның нәтижесінде біздің қыз-қырқындарымыздың барлығы оқып, білім алды. Тағы да қайталап айтамын, қыздардың білім алғанына еш қарсылығым жоқ. Бірақ мынау ұл балалар үтір, нүкте дейтіндерді, я болмаса дұрыс жазу дегендердің көбіне салғырт қарайтын мінездері бар ғой, конкурсқа түскен уақытында ешбір қыздармен жарыса алмайды. Қыздар кәдімгі ықтиятты қылып жазып береді, ұлдар әйтеуір шимайлай салады, жаздым, болды деп сонымен кетеді. Соның нәтижесінде ұлдар оқуға түсе алмайды. Бұрынырақ бір сұхбатымда айтқанмын:«Баяғыда қыздарды оқытатын арнайы мектептер болушы еді, енді ұлдарды оқыту үшін квота берейік. 50 пайызын ұлдарға, 50 пайызын қыздарға...» Мұны айтып, шырылдап отырған себебім, қыздардың алған білім-ғылымы көбіне жаялықпен бірге жуылып кетеді. Ол тілесін, мейлі, тілемесін бала-шаға болғаннан кейін, ол тіршілікке араласпай тұра алмайды ғой. Сондықтан осындай жағдайда ұлттың ұлттық қасиеттерінің жоғалып бара жатқанының бір себебі – біздің қыздардың шетінен, 80 пайызға дейін шүлдірлеп кеткендігінен. Қазір мемлекетте гендерлік саясат дейтін бар. Құдайға тәубе, қазақ қыздарының жетілгені жетілді, биліктің барлық саласында отыр. Бірақ осының бәрі келіп, біздің ұлттық менталитетімізге кері әсерін тигізіп жатыр. Оның үстіне, олар көп нәрсеге қызыққыш қой. Шетелге барып келеді деген сияқты...
– Кешегі кеңес кезеңінде көп нәрселердің бағыты бұрыстарымен қатар дұрысы да болды ғой. Мәселен, білім жүйесі...
– Кеңестік оқу жүйесі керемет болды. Жан-жақты білім бере алатын. Ал қазір біз бакалавр, магистратура дегенді алып келдік. Бакалаврда оқитындары – 4 жыл. Осы жылда университетті жартылай бітіріп шыққан болады. Толық білім ала алмайды, оның білімі – магистратурада. Оған екі жыл пысық, беске оқыған балалар оқуы керек. Сонда қазір нансаң да, нанбасаң да біз сабақ беріп жүрміз ғой, ылғи қыздар, әдебиеттану саласын, журналистиканы басып бара жатыр. Мен қызғанып отырған жоқпын. Жарайды, тең-құрбыңнан қалма, қызмет қыл. Бірақ ертең бала-шағаңды не істейсің? Қалай тәрбиелейсің?
Түрмені алайық. Басым пайызы – қазақ балалары. Ананың жылы алақанын, қағу-соғуды естімеген балалардан тарамданып жатыр. Ал мынау жаһандану процесінде осындай жағдайлардың бізге берер пайдасы аз. Сондықтан жаһандау да ғылым-білімге айналып бара жатыр. «Анау Абайымыз бір наркотик тартқан көрінеді, арақ ішкен екен», я болмаса тағы басқа деп жазып жүргендер бар. Осындай бейауыздыққа барып жүрген «орыстілді қазақ балалары». Орысша ойлап, көп жағдайда Еуропадан келген нәрселердің барлығын қасиетті, тамаша, ал өзімізден туындаған нәрселердің барлығы жаман, жетілмеген нәрсе ретінде қарайды. Оның үстіне орыс ағайындар, «қайтсек, біз қазақтарды өзіміздің дінімізге қаратамыз» деп жан салуда. Саясаттанушы Әзімбай Ғали бір кездері қазақша білетін кадрларды өркендетіп, қызметке қою жөнінде ой айтқан еді. Ұлты орыс, ұйғыр, неміс болғаны емес, оның тіл білетіні – басты міндет. Солар қызмет істесін! Қазір телевизияда өзге ұлттың талай қыз-қырқындары жүр ғой, қазақшалары тап-таза.
– Ұрпақ болашағы, ұлттық болмыс, рухани байлық, діл, дін туралы жеке-жеке келсеңіз де, тұтастырсаңыз да бірімен-бірі тығыз байланысты. Бірінен екіншісіне аттап өту мүмкін емес. Мәселен, қазақ тілін алайық…
– Біз «Қазақстанда қазақ тілін жүзеге асырамыз» дегелі қаш-а-а-н... Мен соның басы-қасында болған адаммын. 1989 жылы І съезіміз өткенде «Ана тілі қоғамы» дегенді менің ұсынысым бойынша үш рет дауысқа салып, «Қазақ тілі қоғамы» деп өзгерттік... Бүгінгі таңда Қазақстанда қорлық көріп отырған тіл қайсысы? Егер мүшкілдік қазақ тілінде десек, осылай аталуы керектігін айттым, тіпті Әбділдә Тәжібаев төрде отырған адамдардың қысымынан ба «ең болмаса, Қазақ ССР-нің тілі деп атайық» деген болатын. Қазақ деген сөзді сақтап қалу керек қой оған. «Ана тілі» деген кімнің тілі? Орыстың тілі ме, қазақтың тілі ме? Ондай дерексіз атаудың бізге керегі жоқ! Сондықтан қазақтың тілі болсын!» деп зорлықпен үш рет дауысқа салып өткізгенбіз.«Қазақ тілі» қоғамын Өмірзақ Айтбайұлы басқарады. Оған дейін Әбдуәлі Қайдар жетекшілік етті. Енді бұл жерде саясаттан қашып кете алмайсың. Оны да айту керек. Сол кезде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, депутаттардың алдында керемет патриоттық сөздер айтып келді. Шіркін-ай, осындай азаматымыздың болғаны қандай жақсы! Келгеннен кейін қазақ тілі заңы қабылданатын болды. Біз қазақ тіліне мемлекеттік статус талап еттік. «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын! Орыс тілі қазақ тілімен қатар, яғни «на ряду» деген сөзді айтқанбыз. «Русский язык будет применятся с государственным языком на ряду». Бірақ «на ряду» емес, «на равне» деп түзеттірді. Сол кезден бастап қазақ тілі «сорлы» тілге айналды... Өз елінде, өз жерінде отырып тілін игере алмай, өз тілінде сөйлей алмай отыру, не масқара? Осындайға келгенде ұлттық намыс болу керек емес пе? Тілді, елді қадірлеу керек. Бізде осы жағынан келгенде, намыс өліп қалған ба деп қорқамын. Бізде қазір ұлттық саясат жоқтың қасы. Ұлттық намысты сақтамай, еш уақытта біз ел болып кете алмаймыз. Қазірдің өзінде қазақтың 60 пайызы қазақша дұрыс білмейді. Мысалы, Парламентте, Үкіметте басынан аяғына дейін бір рет болса да таза қазақша сөйлеп шығуға болар ма еді?! Сонда түсіне алмай отырған 15 шақты шала қазағы бар, орысы бар, бәрі «не деп жатыр?» деп отырғандардан сұрамай ма? Олар сонда қазақша үйренуге талпынбай ма? Бір өкініштісі, бізде олай емес. «Сәлеметсіздер ме, аман-есенсіздер ме?» деп сәлемдесіп алады да, негізгі мәселелердің барлығын орысша айтады. Аяғында кеп «Жарайды, қош сау болыңдар!» деп қазақша қоштасады. Ол – ұлттық мақсатты, я болмаса ұлттық менталитетті көркейтудің амалы емес. Достық керек! Бір-бірімізді құшақтауымыз керек. Бірақ бұл бір ғана ұлттың тарапынан болмауы тиіс. Ол үшін қазақ халқының тілі де, өзі де құрбандыққа шалынбағанын қалаймын. Шындығына келсек, «ҚАЗАҚСТАН» дегеннің өзінде шатақ бар. Дұрысы ҚАЗАҚ мемлекеті ғой. «СТАН» дегені – Отан деген сөз. «Республика» деген де сол мағынаны береді. Осыны «ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ» десек неміз кетеді? Арғы түбін білген-білмегені белгісіз, алғаш Мұрат Әуезов: «Қазақстан Республикасы деп атайық!» деп айтқан. Енді бұл аздай, қазақ ұлтын қойып, «Қазақстан ұлтын жасайық!» деген де болды. Сонда біздің көздеген мақсатымыз неде? Бізді қайда апаруды ойлап жүр? Мен осыны түсінбеймін...
– Қазақ әдебиетінде өзін де, өзгеге де елді танытқан алыптармен араластыңыз. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тарихымен таныссыз. Бүгінгі тәуелсіздіктің келуін көзіңізбен көрдіңіз. Алыс-жақын шетелдерде болғаныңыз тағы бар. Қазақ елі батыстан немесе шығыстан заман талабымен алмасулар жасауы қажет-ақ шығар. Бірақ барлығы бірдей үлгі бола ала ма? Айталық, АҚШ.
– Америка бізге үлгі бола алмайды. Олар жетісіп отырған жоқ. Америка – қырық құрамды ел. АҚШ мықты болса, дүниежүзіндегі барлық ғұлама-білгіштерді ақшаға жалдап, өз жұмыстарын істетпес еді. Шындығына келсек, негізгі халқының 60-70 пайызы хатты оқып, қол қоюды ғана біледі. Одан басқаны олар қажет етпейді. Осындай елді бізге үлгі ету – миға сыйымсыз. Мен Францияда, Германияда, Польшада болдым. Француздар ағылшындармен көрші тұрады ғой. Сөйте тұра ағылшынша бір сөз қосып сөйлесе, олар айып салады. «Міндетті түрде таза французша сөйле!» дейді. Егер біз тілден айырылсақ – рухтан айырыламыз. Рухтан айырылғаннан кейін өмір сүруіңнің мән-маңызы «бес тиын». Әйтеуір, қарынның тоқтығы болды. Сондықтан ұлттық менталитет, ұлттық идея жүзеге аспай, Қазақстанның іргелі ел болуы екіталай. Байлықпен бәріне жетуге болады. Бірақ «тіліңмен, мәдениетіңмен» жетпегеннен кейін оның керегі шамалы. Ең өкініштісі, біздің санамыз баяғы құлдық санадан арылмаған. Қай газетте екенін білмеймін, «Құлдық психологиядан шыға алмай, қалып бара жатырмыз» дегенді ашық айтқанмын. Айтпасқа шара жоқ! Міне, қазір біздің елді өтірік жұтып барады. Бұл ешқашан жақсылыққа апармайды...
– Адамды алға жетелейтін үміт қой. Үмітсіздіктің иесін көпшілік жақсы біледі. Ендігі әңгіме тектілік, зиялылыққа ауысып, сонымен аяқтасақ.
– Зиялылық – адами пиғыл. Ол үшін міндетті түрде ғылым кандидаты, профессор, академик болу шарт емес. Әрине, білімсіз еш нәрсе болмайды. Бірақ зиялылық жоғарғы білім алуды қажет етпейді. Қазақтың бұрынғы өткен зиялылары, кешегі Жамбылдың аузынан шыққан сөздер, я болмаса басқа тұлғалардың қалдырып кеткен өсиеттері зиялылықтың қандай болу керектігін анық көрсетеді. Зиялылықтың дәлелі ретінде бір ғана мысал келтірейін: қазақ даласына орыс отаршылдары келгенше не түрме, не құлып болмаған. Сонда қазақтың ұрысы, қарысы, телісі, тентегі, бұзығы болмаған ба? Әрине болған, бірақ соның бәрін сөзбен тоқтатқан. Сол себепті де «Сөз – қазақтың кіндігі» деген түйін жасаймыз. Зиялылықты қалтадағы құжатқа қарап айырмау керек. Зиялы – көкірегі ояу, саналы, ел-жұрттың сөзін әділ шешетін адами қасиеттері мен іс-әрекетінен өзгеше өнеге есіп тұратын адам.
Мен мына Армения, Грузия елдерінде болдым. Айтыс- тартыс оларда да жүріп жатады. Бірақ сырт көзге тұтас өзінің елдігін, бірлігін көрсетеді. Шаруасы да, интеллигенті де, шенеунігі де тек армянның жоғын жоқтап, ұлтының сөзін сөйлеп тұрады. Ал біздің қазақтар Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп бөлініп алғанбыз. Қазақ ұлты деген ұғымға жете алмай жатырмыз. Баяғыда Нұрымбек Жангелді деген Орталық партия комитетінің хатшысы болған. Сол кісі: «Біз әлі ұлт болып қалыптасып, жетілмеген халықпыз» дегенде біз қатты намыстанғанбыз. «Бұл да бір жағынудың формасы ғой» – деп. Сөйтсек, ол шындық екен. Біз 50 елдің қатарынан көрінгіміз келеді, әрине көрінеміз деп ойлаймын. Алайда алдымен еліміздегі зиялылардың, төрелердің, жерлестеріміздің қазақ халқы жайындағы ойларын, пікірін түзетіп, бір қазақ бар қазақтың жоғын жоқтайтын дәрежеге жетсе, тарих алдында үлкен абыройға ие болар едік. Осы шараларды үкімет жағынан қарастырса бас қатырар көп шаруалар өз жөніне түсер ме еді!? Адалдық жағына есе берсек деймін. Қазақтың зиялылары, жалпы интеллигенция естерін жиып, көрінгеннің қолшоқпарына айналып, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып шыға келу секілді індет-әдеттен арылса деймін. Пендешілігін тыйып, тек қана өз шығар төбесінің биік болғанын, бала-шағасының ғана аман болуын ойламай, тұтас халықтың бүтіндігін, рухани жетілу мақсатында қызмет етсе, тәуелсіз елдің ғұмыры ұзара береді. Ел аман, жұрт тыныш болсын.
Алашқа айтар датым...
Ертеде қазақтар ақсақалдарға барып жүгінетін. Ал бүгін ше? Ақсақалдарымыз төрелерге айналып кетті. Көп нәрсені бүлдіріп алған секілдіміз. Шындығында, зиялылық-білімділікке, ақыл-сананың кеңдігіне, көңілдің тазалығына негізделетін ұғым. Қазіргі доктор-академиктердің ішінде зиялылық сипаттан ада адамдар бар: «Мен жақсы көрінсем, жақсы атты болсам, менің ұрпағым кемтарлық көрмесе, солар ел алдында жарқырап жүру үшін мен аузымды бақсам, білгенімді жұртқа таратпай, сығымдап қана өз пайдама асырсам» – дейтін адам зиялылықтың түбіне ор қазады. Қазақ халқының мінезінде сыншылдық көзқарас басым. Бірінің ісін бірі ұнататын кезі өте аз. Осы жағдай ауызбіршілігімізге зиянын тигізіп жатыр.