Айдар АБУОВ, ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры, философия ғылымының докторы, профессор:
– Әлемдік қауымдастықтың беделді өкілдері, оның ішінде демократияны жыр еткен Еуропа құрлығы қазір біртіндеп мультикультурализмнен бас тартып жатыр. Ол анық. Мәселен, Британия мен Австралияның беделді саясаткерлері, өткен жылы ғана Франция Президенті Николя Саркози, жуырда ғана Германия канцлері Ангела Меркель «мультикультурализм идеясының құрдымға кеткені» жайында мәлімдеме жасағанын білеміз. Демократия мен адам құқығының қорғалуын ұран етіп көтерген елдердің «жарамсыз» деп тани бастаған идеясы бізге керек пе?
– Жалпы, мультикультурализм мәселесі бүгінгі таңдағы Еуропаның жетекші елдерін алаңдатып отырған мәселе екендігі шындық. Оның өзіндік тарихи, әлеуметтік, экономикалық себептері де жеткілікті. Бірақ бұл жерде мына ұстанымды баса айтқым келеді. Демократия мен мультикультурализмді бір-біріне қарсы қоюға да және оны бір мезгілде егіз ұғымдай бірге қарастыруға болмайды. Егер демократияны адам мен азамат құқы мен бостандығы жүзеге асатын саяси институттар, нормалар мен құндылықтар жүйесі ретінде алар болсақ, мультикультурализм идеясы оған жат емес. Дегенмен мұнда таразының екінші басында кез келген мемлекеттің өзіне тән ұлттық ерекшеліктері мен құндылықтарын сақтап қалуға деген мүддесі тұратыны тағы анық. Ал кез келген елдің ұлттық мүддесіне құрметпен қарау керектігіне ешкімнің шек келтірмесі анық.
Мультикультурализмді сынға алушылар осы идеяның жүзеге асу нәтижесінде белгілі бір нақты елде көп ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени қағидалар бұзылып, осының арқасында мигранттардың мәдени дамуының біршама көтерілуі, керісінше сол елдің жоғары мәдениетінің құлдырау сатысына аяқ басуына алып келетін қарама-қайшылықты салдарларға ұрындырады деп санайды. Иә, Еуропаның жетекші елдерінің жекелеген басшылары мультикультурализм идеясының өз елдерінде толық күйрегендігі туралы айтып жүр. Олар бұл жерде Еуропа мигранттардың келуіне қарсы еместігін, бірақ олар еуропалықтардың мәдени құндылықтары мен білім кеңістігін мойындауы керектігін талап етіп отырғандығын алға тартады. Жалпы, бұл мәселеде Еуропа елдерінің алаңдаушылығын түсінуге болады. Еуропа елдері өз дамуында зайырлы мемлекет принципін ұстанатындықтан, «үшінші елдерден» келген мигранттардың өз мәдени, діни ерекшеліктерін қоғамға таңбауын қалайды. Бұл жерде, жасырып не керек, Еуропадағы мультикультурализм идеясына қарсылықтың пайда болуына осы елдердегі ислам дінін ұстанатын халықтардың өмір сүру образы да біршама ықпал етіп отырғанын айта кету керек. Әрине, бұл жерде сырттан ақыл айту артық болар, дегенмен ислам дінін ұстанатын халықтардың тек діннің сыртқы формасына мән бермей, заманға сай білім алып, заманауи өркениетке интеграциялануына баса мән бергені дұрыс секілді.
– Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Елбасы «АҚШ тұрғындары секілді қазақстандықтарды да тіл біріктіруі керек» деген пікір айтты. Ендеше, бұл құрал өзінің ұйыстырушылық функциясын қай уақытта толық атқарады деп ойлайсыз. 10-20 жыл, әлде одан да ары ма?
– Жалпы, қазақ тілін өз мәртебесіне сәйкес қолдану аясын кеңейту мәселесі осы қатардағы біршама түйткілдерді қозғайтыны анық. Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы мемлекеттік тіл ретіндегі өз мәртебесіне лайықты еместігі барлығымызға аян. Дегенмен бұл мәселеге басқа қырынан көз салар болсақ, яғни дәл қазіргі жағдайдағы қазақ тілінің ғылыми, біліми, ақпараттық әлеуеті тұрғысынан қарар болсақ, оны жан-жақты қолдану тұрғысынан кемшіліктер бар екендігі анық. Сондықтан мемлекеттік тіл мәселесін кезең-кезеңмен іске асыра отырып, оның өз мәртебесіне сай лайықты орнын алуын кешенді түрде қамтамасыз етуі – осы саладағы дұрыс қадам тәрізді. Бүгінгі күнде мемлекет бұл салада жүйелі жұмыстар атқарып келе жатыр. Елімізде 2000 жылдан бастап «Мемлекеттік тілді дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылып, оның бірінші кезеңі 2001-2010 жылдар аралығын қамтыса, қазіргі күнде аталған Бағдарламаның 2011-2020 жылдарға арналған кезеңі жұмыс істеуде. Және осы бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді игерген азаматтардың үлес салмағын 90 пайызға жақындату межесі қойылып отыр. Бұл мәселеде Елбасының Үкімет алдына қойған нақты тапсырмалары мен міндеттері тағы бар. Одан бөлек елімізде жүзеге асырылып отырған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шет тіліндегі еңбектерді қазақ тіліне аудару жұмыстары қолға алынып, оңды нәтижелерге қол жеткізілуде. Сондықтан қазақ тілінің алдағы бес-он жылда мәртебесіне сай өз орнын алатынына сенімім мол. Осы жерде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретіндегі шынайы мәртебесіне қондыру, бір мезгілде еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстарды ортақ құндылықтар мен идеологияға біріктіру функциясымен қатар жүруі керек деп санаймын. Қысқаша айтқанда, қазақыландыру процесі өте нәзік саясатты талап етеді және ол атойшылдықты көтермейді.
– Еліміздегі түрлі діни конфессиялардың арасында, дәстүрлі діни конфессиялардың арасында бәсеке бар ма, болуы керек пе?
– Бүгінгі күнде қоғам өміріндегі діннің рөлі айтарлықтай ұлғайды. 2011 жылғы қаңтар айындағы мәлімет бойынша еліміздегі діни бірлестіктердің саны 4479-ға жетті: оның ішінде ислам – 2756, орыс православие шіркеуі – 303, Рим-католик шіркеуі – 87, протестантизм және содан тарайтын ағымдар – 1200-ден астам, иудейлік – 27, ал дәстүрлі емес діни ағымдар – 46.
Діни бірлестіктерге 3377 діни ғимараттар тиесілі: оның ішінде 2416 ислам мешіттері, 269 орыс шіркеуі, 88 католиктер шіркеуі, 6 синагога және 500-ден астам протестанттық және жаңа діни ағымдардың ғибадатханалары бар.
Еліміздің тұрғындарының басым көпшілігі дәстүрлі түрде исламды және православие дінін ұстанатындықтан қоғамда діни тұрақтылық пен рухани ауызбіршілік сақталып отыр. Дегенмен қазіргі күнде осы саладағы тұрақтылықтың өзгеруіне алып баратын алғышарттар біртіндеп қалыптасу үстінде. Айтар болсақ, елімізде дәстүрлі емес діни сенімдердің өсуі көрініс тауып, әртүрлі конфессиялар мен деноминациялардан тұратын шетелдік миссионерлік ұйымдар мен бірлестіктердің іс-қызметтерінің дамуы біршама қарқын ала түсуде. Бұлардың іс-әрекеттері өз кезегінде қоғамдағы дінаралық қатынастардың дамуына ықпал ететін келеңсіз жағдайларды туындатады. Осы ретте оларды екі үлкен топқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші топқа исламдық діни ағымдар мен ілімдерді жатқызуға болады. Олардың еліміздегі басқа діни қауымдастықтардан ерекшелігі – олар тұрғындардың көзқарасы тұрғысынан біршама легитимділікке ие, ал бұл оларға өз көзқарастарын ашық ұстануға және айтарлықтай әлеуметтік базаны жасақтауларына мүмкіндік береді. Олардың іс-әрекеттері негізінен тұрғындардың ұлттық бірегейліктерін жоққа шығаруға, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді сынға алуға бағытталады. Бұған еліміздегі салафи ағымындағы топтардың іс-қызметтері жақсы мысал бола алады.
Екінші топқа елімізде қызмет атқарып отырған шетелдік миссионерлік діни ұйымдар мен бірлестіктердің әрекеттерін жатқызуға болады. Олардың қатарында халық арасында секта деп аталатын діни ұйымдардың әрекеттері тым белсенді екенін айту керек. Олардан келетін қауіптің өзі сонда – олар өз қатарларын жергілікті мұсылман тұрғындармен толықтыруды басты назарға қояды. Осы ретте жоғарыда аталып кеткен дәстүрлі емес діни ағымдардың жүгенсіз қызметтері болашақта экстремизм әлеуеті тұрғысынан еліміздегі діни ауызбіршілік пен татулыққа үлкен қауіп туғызатын әлеуетке ие екендігін айта кету керек. Сондықтан халқымыздың сан ғасырлық дәстүріне жат жекелеген діни бірлестіктер мен ілімдердің Қазақстан аумағында әрекет етуіне тосқауыл болатын бірқатар заңдарды қабылдаудың аса маңызды, қажетті қадам екенін айта кету керек.
– Бір кездері Ислам діні әлемге әл-Фараби, ибн-Сина, Омар Хаям, Ясауи сынды, тағы да басқа ғалым, ғұламаларды сыйлады. Ал неліктен қазіргі дін ондай данышпандарды тудырмайды?
– Иә, сіз айтып отырған мұсылман Шығысынан шыққан ұлы ғалымдарымыз бен ғұламаларымызды мақтан тұтуымыз орынды. Жалпы, ІХ-ХІІІ ғасыр аралығын қамтыған ислам елдеріндегі ғылым, білімнің дамуына еуропалық ғалымдардың өздері «Шығыс Ренессансы» деп лайықты бағасын берген. Тіпті айтар болсақ, осынау өркениеттік құбылыс ежелгі дүниедегі адамзат жетістіктерін жаңа сапада өңдей және жетілдіре отырып, оның еуропалық өркениетке ұштасуын қамтамасыз етті.
Осы жерде орта ғасырдағы ұлы ғұламаларымызды айтқанда олардың энциклопедист ғалымдар болғанын естен шығармау керек. Ол кездегі ғылым қазіргі заманауи ғылымдай сала-салаға бөлініп, терең бойлай қоймаған еді. Сондықтан заманауи қоғамда неге сондай тұлғалар жоқ деген сауалды қойғанда, қазіргі күндегі кез келген ғылым арнайы мамандануды және оны терең зерттеуді қажет ететіндігін ескеру керек. Ал мұндай жағдайда кез келген ғылым тақырыбына қалам тербей беру мүмкін емес және ондай жағдайлар орын алар болса, бұл көзбояушылық болар еді.
– Еліміздегі кейбір фундаменталды дін өкілдеріне қарсы иммунитет қалыптастырудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Еліміздегі фундаменталды исламның өкілдеріне тойтарыс беретін бір ғана ілім бар, ол – Қожа Ахмет Ясауидің ілімі. Қазір елімізде түрлі діни ағымдар, салафиттер көбейіп жатыр. Оған тек туған топырағымызда дамыған қазақы ислам ілімі қарсы тұра алады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың наурыз айында қасиетті Түркістан қаласында болып, үлкен кездесу өткізгені белгілі. Елбасымыз сол кездесудегі сөзінде Қожа Ахмет Ясауи ілімінің қазақ халқының тарихындағы орнын атап көрсетті, бүгінгі Қазақстан үшін де зор маңызы бар екенін айтты. Біз осы бастаманы ары қарай бүкіл ел болып жалғастыруымыз қажет. Ясауи ілімін қайта жаңғыртып, кеңінен насихаттауымыз керек. Біздің елдігіміздің, ұлттығымыздың бастауы осы Ясауи ілімінде жатыр. Қытай халқы үшін Конфуций ілімі қаншалық маңызды болса, Қазақстан үшін Ясауи ілімі де соншалық маңызды.
Қазақ мемлекетінің құрылуындағы Ясауи тұлғасының маңызын Президентіміз Н.Назарбаев: «...Түркістанның жаңа қазақ хандығының астанасына айналуы тек қолайлы географиялық жағдайына ғана байланысты емес еді. Ол сонау XII ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударып алған-ды. Бұл исламдық руханиятта ерекше орын иемденетін айтулы сопылық мектептің негізін салған шайқы, ғұлама ақын, Қожа Ахмет Ясауидің жан-жақты ұстаздық және уағызшылдық қызметінің арқасы еді» деп бағалайды. Түрік мемлекеттерінің саяси әрі мәдени-дүниетанымдық тұрғыдан біртұтас ел ретінде қалыптасуының көш басында түркілік руханият мектебінің іргетасын қалаған ұстаз Қожа Ахмет Ясауи тұрды.
Мемлекетіміздегі дін саласындағы мәселелерді реттеуде, дәстүрлі дініміз – исламды дамытуда Қожа Ахмет Ясауи ілімі идеологиялық тұғырнама рөлін атқара алады. Ясауи ілімі алдағы уақытта ұлтымыздың рухани жаңғыруының негізгі факторына айналары күмәнсіз. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи ілімін кеңінен зерделеп, насихаттап, оны мемлекетіміздің идеологиялық тірегіне айналдыру бағытында нақты іс-шараларды жүзеге асыратын кез жетті.
Саралы сөз:
Егер ұғымның төркініне бойлар болсақ, мультикультурализм – белгілі бір нақты елде өмір сүріп отырған шеттен келген әртүрлі халықтардың өзіндік мәдени ерекшеліктерін сақтау мен дамытуға бағытталған саясат, теория немесе идеология. Бұл идея мәдени дамудың жоғары деңгейіне қол жеткізген заманауи Еуропа елдерінде күні бүгінге дейін жақсы жұмыс атқарып келді. Яғни еуропалық мультикультурализмде «үшінші елдер» аталып кеткен елдерден келген иммигранттардың мәдениеттерін Еуропаның мәдени кеңістігіне енгізуге үлкен назар аударылды. Бұл идеологияға әртүрлі нәсілдер мен тілдерді бір мәдениетке біріктіру идеясын орталық орынға қоятын АҚШ-тағы «балқыту пеші» концепциясын балама ретінде ұсынатындар да бар.