Құрбандық шалу кезінде адамның ішкі ниеті, шын пейілі, діни бекемдігі, тақуалығы таразыға түседі

Құрбандық шалу кезінде адамның ішкі ниеті, шын пейілі, діни бекемдігі, тақуалығы таразыға түседі

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:

– Жалпы, мұсылман қауым Құрбан айт туралы қандай жағдайларды білуі тиіс?

– Қараша айының 27-сі Құрбан айт мерекесі биыл жұма күніне тұспа-тұс келіп отыр. Әлемдегі 2 миллиард мұсылман осы күні Құрбан айт мерекесін тойлайды. Айт намазы әр жердің жергілікті уақыт ерекшелігіне сай оқылып болған соң, құрбандық шалынады. Алматы уақыты бойынша айт намазы таңғы сағат 8:30-ға сәйкес келіп отыр. Осы айт намазы оқылып болғаннан кейін құрбандық шала беруге болады. Ал айт намазы оқылмай тұрып шалынған малдар құрбандыққа жатпайды. Мешіті жоқ алыс ауылдың тұрғындары айт намазының уақытын білмеген жағдайда күн найза бойы көтерілген мезетте құрбандық шала берулеріне болады. «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни жасаған сауап істері арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу мағынасын білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «шариғат шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбандық шалу мәнінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады. Құрбандық шалар адам мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы тиіс. Нисап мөлшері дегеніміз – 85 грамм алтын, яки соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат. Құрбандық шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек.

– Ал құрбандыққа шалынар малға қатысты қандай жағдайларды ескеру керек?

– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандықтарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – дейді. Бұл Алла ризашылығы үшін шалынған құрбандықтың әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін білдіреді. Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың дені сау, еті және дене мүшелері түгел болуы керек. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың кезінде түсірілген малдың қошқар болуына байланысты көпшілік малдың ұрғашы немесе еркек болуы жөнінде талас туып, түсінбей қалып жатады. Алайда құрбандық малдың еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды болып есептеледі. Сондай-ақ құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы тиіс. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде жасы бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Алла разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қылкөпірден өтерде иесіне көмектеседі екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында өз хадисінде: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар. Өйткені ол – қылкөпірден өтердегі өз көліктерің», – деуі малдың құрбандыққа сай болуына үндесе керек. Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандыққа тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе жеке бір адам өз атынан соя алады. Құрбандық шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған жеңілдік бар. Ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі. Шын мәнінде, Алла пенделерінің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбандық шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің   ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет», – дейді. Бұған қарап құрбандық шалуға ниет етудің өзінің қаншалықты қасиетті екенін білуге болады.

– Құрбандыққа шалынатын малдың барлық етін тарату керек пе?

– Құрбандыққа шалынған мал Жаратушының берген разығы болғандықтан, етін сол отбасы мүшелерімен қоса, басқа адамдар да жейді. Сондықтан шалынған құрбандықтың етінен жеу – мұстахаб, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп. Әбу Ханифаның айтуынша, құрбандықтың етін жеуге де, таратуға да болады. Бұйрық түрі үнемі уәжіптік талап етпейді. Оның ішінде «пақырды тойдырыңдар» деген бұйрық байларға берілмесін деген мағынаны білдірмейді. Өйткені сахабалар     құрбандықтың етін бай, кедей көрші-қолаң мен туыстарына да беретін болған. Бай болсын, кедей болсын Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Еттің бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да таратылады. Екінші бөлігі кедей және мұқтаж жандарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ осыған қарамастан, шалынған малдың етін түгелдей кедей, мұқтаж жандарға таратуына да болады.

– Ал бай адамдарға жоқ-жітіктің атынан құрбандық шалуға бола ма?

– Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған. Жабир арқылы жеткен тағы бір хадисте өзінің және үмбетінен жағдайы келмейтін жандардың атынан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) екі құрбандық шалғандығы айтылады. Сондықтан да жағдайы бар адамдар ертедегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітірсе, сауабы мол болмақ.

– Марқұм болған кісінің атынан да құрбандық шалуға бола ма?

– Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс. Бұл жерде мына мәселелерге де басты мән беру керек. Егер қайтыс болған кісі өз атынан арнайы құрбандық шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Марқұм болған кісінің атынан құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Мұндай құрбандықтың еті толығымен таратылуы тиіс.

– Әйел кісі құрбандық шала ала ма?

– Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі де құрбандық шалуы  уәжіп саналады.

– Құрбандық малды құрбандық иесінің өз қолымен шалуы шарт па?

– Мүмкін болса, құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны жөн. Дегенмен өкілеттілік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалған адам міндетті түрде мұсылман болуы қажет. Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Тағы бір қаперде ұстар жайт – құрбандық шалынатын жердің таза болуы және құрбандық шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару қажет. Құрбандық малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызып, құрбандық шалар алдындағы арнайы аяттарды мал бауыздамай тұрып оқыған абзал. Құрбандық шалар адам малды барынша қинамай бауыздауға көңіл бөлгені жөн. Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.

– Жылда Құрбан айт жақындаған кезден бастап базарлардағы сатылымдағы малдың құны аспандап кетеді. Бұған сіздердің тараптарыңыздан шектеу бар ма?

– Қазір біз нарықтық экономикалық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда нарықтық қоғамдағы бағаға біз әсер ете алмаймыз. Әркім қолында бар малын өздерінше бағалауда. Дегенмен мал сатушылар имандылыққа бет бұрып, Құрбан айтты пайдаланып, құнығып пайда табуға жол бермегені дұрыс екенін ескертіп, олардан сататын малының құнын шектен тыс аспандатып жібермеуін сұраймыз.

– Биыл елімізден қанша адам қажылық парызын өтеп қайтты?

– Еліміздегі жиырмаға жуық фирманың басқаруымен 3 мыңға жуық азамат қажылық сапарын орындап қайтпақ. Алайда нақты қанша адамның биыл Меккеге аяғы тигені анық емес. Қазіргі таңда Сауд Арабиясының төлқұжат бөлімімен біріге отырып, барған-келген адамдардың есеп-қисабын жасап жатырмыз. Нақты санды содан кейін ғана айта аламыз. Тағы бір айта кетер жайт, әрбір мұсылман айт намазы күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, мешітке айт намазына барғаны дұрыс. Айт намазынан шыққаннан кейін келген жолымен үйіне қайта қайтқаннан гөрі, көрші-қолаң, туған-туысты аралап, науқас адамдардың үйін аралап, көңілін сұрап шығудың сауабы зор. Ренжіскен кісілерге қайта табысып, ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу адамдардың бір-біріне деген мейірімділіктерін арттырады.

Малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер:
– екі немесе бір көзінің соқыр болуы;
– бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы;
– екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы;
– тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болуы;
– қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен сынып қалған болуы;
– желін ұшының түсіп қалуы;
– құйрығының жартысы немесе үштен бір бөлігі кесілген болуы;
– жілігі майсыз, ауру болуы;
– жетекке көнбейтін және үйірге қосуға жарамайтындай немесе жем беруі қиын тентек болуы;
– ауру екендігі анық белгілі болуы.

Құрбандыққа шалынған малдың желінбейтін ағзалары:
Еті желінетін малдың жеті мүшесі желінбейді. Ол – харам. Бұлар:
– малдан аққан қан;
– еркектік мүшесі;
– ұрғашылық мүшесі;
– еркек малдың жұмыртқалары;
– еттегі бездер;
– зәр торсығы;
– өт.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа хадистерінде Алла ризалығы үшін шалынған құрбандықтың әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: «Сахабалар Расулымызға:
– Уа, Алланың елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті, - деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».

Неге мұсылман күнтізбесі бойынша, Ораза айт пен Құрбан айттың арасы 70 күн?
 Мұсылман мемлекеттерінің көбі ай күнтізбесімен, яғни (хижра) жыл санауымен өмір сүргендіктен, Ораза айт Шәу-аль айының 1-інен, Құрбан айт Зул-хиджа айының 10-ынан басталғандықтан, осы екі айттың арасын 70 күн құрайды екен. Ал Григориан күнтізбесі бойынша, осы екі ұлық мейрамның арасы 68-72 күн аралығында болуы ықтимал.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста